Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі



бет26/44
Дата16.06.2016
өлшемі3.05 Mb.
#139602
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   44

3. Өтінішхат осы Кодекстің 99-бабында белгіленген тәртіппен қарастырылады және шешіледі, оның негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам іс бойынша маңызы бар мән-жайларды анықтау туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуға құқылы емес. Мұндай жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу қажеттігін мойындай отырып, тергеу әрекеттерін жүргізуді қайта бастау және өтінішхатты қанағаттандыру туралы қаулы шығарады, бұл ретте процеске басқа қатысушылардың қылмыстық iс материалдарымен танысуының жалғасуы өтінішхатты шешуге және ол қанағаттандырылған жағдайда, бұл тергеу әрекеттерiн жүргiзуге кедергі болмайды.

4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қосымша тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін тергеу әрекеттерінің аяқталғаны туралы қайтадан жариялайды және қылмыстық іс материалдарымен бұрын танысқан процеске қатысушыларға қосымша тергеу әрекеттерінің материалдарымен не олардың өтінуі бойынша қылмыстық істің материалдарымен осы тарауда белгіленген тиісті қатысушылар құқықтарының шегінде танысу құқығы мүмкіндігін түсіндіреді.

5. Мәлімделген өтінішхаттарды қанағаттандырудан толық немесе ішінара бас тартылған жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тиісті қаулы шығарады, оның көшірмесін өтінішхатты мәлімдеген адамның жеке өзіне бір тәулік ішінде табыс етеді немесе оған байланыстың қолжетімді құралдары арқылы жібереді.

6. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қылмыстық іс бойынша өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуына өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулының көшірмесі алынған кезден бастап үш тәулік ішінде прокурорға шағым жасауға болады.

7. Прокурор шағымды шешкенге дейiн қылмыстық iс сотқа жiберiлмеуге тиiс. Прокурордың өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуға берілген шағымды қабылдамауы осы өтінішхатты сотта мәлімдеуге кедергі болмайды.

38-тарау. АЙЫПТАУ АКТІСІН ЖАСАУ ЖӘНЕ

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТІ ПРОКУРОРҒА ЖІБЕРУ


298-бап. Айыптау актісін жасау
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысқаннан және олардың өтінішхаттарын шешкеннен кейін айыптау актісін жасайды.

2. Егер адамға бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген болса, олардың әрқайсысын сипаттау уақыт бойынша басқалардан ерте жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтан бастап, хронологиялық тәртіппен жүзеге асырылады.

299-бап. Айыптау актісінің мазмұны
1. Айыптау актісі кіріспе, сипаттау-уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.

2. Кіріспе бөлікте:

1) айыптау актісі жасалған уақыт және орын;

2) айыптау актісін жасаған адамның лауазымы, тегі және аты-жөні;

3) күдіктінің тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні, айы, жылы және туған жері көрсетіледі.

3. Сипаттау-уәждеу бөлігінде:

1) қылмыстық құқық бұзушылықтың оқиғасы, жасалған уақыты, орны, оның тәсілі, себебі, салдары, саралануы және өзге де мән-жайлар;

2) жәбірленуші, оған келтірілген зиянның сипаты мен мөлшері туралы мәліметтер;

3) қылмыстық құқық бұзушылық жасау жолымен алынған мүлік туралы мәліметтер;

4) күдіктінің жауаптылығын ауырлататын және жеңілдететін мән-жайлар;

5) күдікті туралы мәліметтер (азаматтығы, отбасылық жағдайы, айналысатын кәсібі, білімі, тұрғылықты жері, сотталғандығының бар-жоғы), оны сипаттаушы өзге де деректер, оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасы;

6) адамды айыптау үшін негіз болып табылатын мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің тізбесі;

7) алкоголдік, нашақорлық немесе өзге де тәуелділіктен емдеуді қолданудың алғышарттары болып табылатын мән-жайлар туралы мәліметтер баяндалады.

4. Айыптау актісінің қарар бөлігінде күдіктінің тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), оған жасады деп айып тағылып отырған іс-әрекет сараланатын қылмыстық заңның нақты бабы, бабының бөлігі және тармағы және айыптау актісін бекіту туралы мәселені шешу үшін қылмыстық істі прокурорға жіберу және қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберу туралы көрсетіледі.

5. Айыптау актісіне оны жасаған адам қол қояды.

6. Адам қылмыстық заңның әртүрлі баптарында, бөліктерінде немесе тармақтарында көзделген бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деп айыпталған кезде айыптау актісінде осы қылмыстық құқық бұзушылықтардың әрқайсысы жеке-жеке сараланып көрсетілуге тиіс.

Бір қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп бірнеше адам айыпталған кезде айыптау актісінде қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы күдіктінің әрқайсысына қатысты көрсетіледі.

7. Айыптау актісіне сот отырысына шақырылуға жататын адамдардың тізімі қоса беріледі. Тізімде адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), оның процестік жағдайы, тұрғылықты жері көрсетіледі, оның айғақтары берілген қылмыстық іс парағының және томының нөміріне сілтеме жасалады.

Тізім екі бөліктен: күдікті және қорғаушы атаған адамдардың тізімінен (қорғау тізімінен) және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жасаған тізімнен (айыптау тізімінен) тұруға тиіс.

Тізім мөрленген конвертке салынып, қылмыстық іске қоса тігіледі.

Айыптау актісіне анықтама қоса беріледі, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі, бұлтартпау шарасы, күдіктіні күзетпен ұстау мерзімі, қолда бар заттай дәлелдемелер және оларды сақтау орны, азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету және сот үкімін орындау үшін қолданылған шаралар, айыпталушыдан өндіріп алынуға жататын процестік шығындар мен сомалар, мәлімделген талап қою көрсетіледі.
300-бап. Айыптау актісін және қылмыстық істі прокурорға жіберу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам айыптау актісін жасағаннан кейін оны қылмыстық іспен бірге прокурорға жібереді.

2. Күдікті күзетілуде болған жағдайда, қылмыстық істің материалдарына оның жеке басын куәландыратын құжат қоса беріледі. Қалған жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам куәландырған көшірме қоса тігіледі.

3. Шетелдік не азаматтығы жоқ адам болып табылатын күдіктіде оның жеке басын куәландыратын құжат болмаған жағдайда, материалдарға айрықша жағдайларда өзге құжат қоса берілуі мүмкін.

Ескертпе. Осы бапта:

1) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;

2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі;

3) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат;

4) азаматтығы жоқ адамның куәлігі;

5) Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты;

6) Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты;

7) босқын куәлігі;

8) теңізшінің жеке куәлігі;

9) шетелдік паспорт;

10) жүргізушінің куәлігі;

11) қайтып оралуға арналған куәлік;

12) жеке куәлік алуға жасы толмаған адамның туу туралы куәлігі;

13) туу туралы актілік жазба;

14) әскери билет жеке басты куәландыратын құжаттар болып танылады.

          
39-тарау. АЙЫПТАУ АКТІСІМЕН БІРГЕ КЕЛІП ТҮСКЕН

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС БОЙЫНША ПРОКУРОРДЫҢ ШЕШІМІ


301-бап. Айыптау актісімен бірге келіп түскен қылмыстық істі

зерделеу кезінде прокурор шешетін мәселелер


1. Прокурор айыптау актісімен бірге келіп түскен қылмыстық істі зерделейді және мыналарды:

1) іс-әрекеттiң орын алғанын-алмағанын және іс-әрекет қылмыстық құқық бұзушылық құрамын қамтитынын-қамтымайтынын;

2) iсте оны тоқтатуға әкеп соғатын мән-жайлардың бар-жоғын;

3) күдіктінің іс-әрекетi дұрыс сараланғанын-сараланбағанын;

4) адамға тағылып отырған іс-әрекеттің істе бар дәлелдемелермен расталғанын-расталмағанын;

5) адамның анықталған қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттердің барлығы бойынша күдікті деп танылғанын-танылмағанын;

6) іс бойынша өздеріне қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы дәлелдемелер алынған барлық адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін шаралардың қабылданғанын-қабылданбағанын;

7) бұлтартпау шарасының дұрыс таңдалғанын-таңдалмағанын және істе оны өзгертуге не оның күшін жоюға негіздердің бар-жоғын;

8) азаматтық талап қоюды және мүлікті ықтимал тәркілеуді қамтамасыз ету шараларының қабылданғанын-қабылданбағанын;

9) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде қылмыстық-процестік заңды елеулі бұзушылықтарға жол берілгенін-берілмегенін;

10) қылмыстық қудалау органының процестік шығындар сомаларын және соттың оларды өндіріп алуын қамтамасыз ету үшін өзге де сомаларды анықтау шараларын қабылдағанын-қабылдамағанын;

11) процестік келісім жасасу үшін негіздердің бар-жоғын тексереді.


302-бап. Айыптау актісімен бірге келіп түскен қылмыстық іс

бойынша прокурордың шешімі
1. Қылмыстық іс материалдарын зерделеу нәтижелері бойынша прокурор мынадай әрекеттердің бірін жүргізеді:

1) айыптау актісін бекітеді;

2) жаңа айыптау актісін жасайды;

3) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға қылмыстық істі қосымша тергеу жүргізу үшін жібереді;

4) осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер бойынша қылмыстық істі толық көлемде немесе оның бір бөлігін қысқартады;

5) өз қалауы немесе қорғаушы тараптың өтінішхаты бойынша процестік келісім жасасу туралы мәселені шешеді;

6) қорғаушы куәлардың тiзiмiн қоспағанда, сотқа шақырылуға жататын адамдардың тiзiмiн толықтырады немесе қысқартады.

2. Прокурор осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекеттерді:

1) сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеруде аяқталған қылмыстық істер бойынша – үш тәулік;

2) жалпы тәртіппен тергелген қылмыстық істер бойынша – он тәулік ішінде жүзеге асырады.


303-бап. Прокурордың бұлтартпау шарасы туралы шешімі
1. Осы Кодекстің 302-бабының бірінші бөлігінде санамаланған мәселелерді шешкен кезде прокурор күдіктіге қатысты бұрын таңдалған бұлтартпау шарасының күшін уәжді қаулымен жоюға немесе оны өзгертуге не, егер ондай қолданылмаған болса, бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы.

2. Егер прокурор күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының күшін жою, оны өзгерту не таңдау қажет деп ойласа, ол тиісінше осы Кодекстің 146, 147 және 153-баптарын басшылыққа алады.


304-бап. Айыптау актісін табыс ету
1. Прокурор айыптау актісінің айыпталушыға табыс етілуін қамтамасыз етеді, оның алынғаны туралы қолхат іске қоса тігіледі.

2. Айыпталушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болған және прокуратура органдарына келуден жалтарған жағдайларда, прокурор айыптау актісін айыпталушыға қолжетімді байланыс құралдары арқылы жібереді.

Қажет болған жағдайда, прокурор қылмыстық істі сотқа жіберу туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпыға бірдей қолжетімді телекоммуникациялық желілерде жариялауды ұйымдастырады.

3. Айыптау актісінің көшірмесі айыпталушының қорғаушысына, жәбірленушіге және оның заңды өкіліне табыс етіледі не көрсетілген адамдарға қолжетімді байланыс құралдары арқылы жіберіледі.

4. Егер айыпталушы не жәбірленуші сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүзеге асырылған сот ісін жүргізудің таңдалған тілін білмесе, айыптау актісі олар білетін тілде табыс етіледі.
305-бап. Айыпталушыны сотқа беру және қылмыстық істі

сотқа жіберу


1. Осы Кодекстің 304-бабында көзделген әрекеттер жасалған соң прокурор өзінің қаулысымен айыпталушыны сотқа береді және қылмыстық iстi соттылығы бойынша сотқа жібереді.

2. Егер айыпталушы күзетілуде болса, прокурор күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысын қылмыстық істің сотқа жіберілгені және айыпталушының сотқа берілгендігі туралы хабардар етеді.

3. Процеске қатысушылардан істі сотқа жiбергеннен кейін келіп түскен өтiнiшхаттар мен шағымдар тiкелей сотқа жолданады.

7-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРДІҢ СОТТЫЛЫҒЫ.

БІРІНШІ САТЫДАҒЫ СОТТА ІС ЖҮРГІЗУ
40-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРДІҢ СОТТЫЛЫҒЫ
306-бап. Аудандық және оған теңестірілген соттың соттылығына

жататын қылмыстық істер


1. Аудандық және оларға теңестірілген соттар бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.

2. Мамандандырылған соттардың соттылығына жатқызылған қылмыстық істерді қоспағанда, барлық қылмыстық істер, егер олардың соттылығы осы Кодексте көзделген жағдайларда өзгертілмеген болса, аудандық және оған теңестірілген соттың соттылығына жатады.

3. Аудандық және оларға теңестірілген соттар (тергеу судьясы) қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамдардың, жедел-іздестіру қызметінің, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын прокурордың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жасалған шағымдарды қарайды, осы Кодексте көзделген жағдайларда процестік әрекеттерді санкциялайды.

4. Үкімді орындау сатысында аудандық және оларға теңестірілген соттар өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.

5. Осы Кодексте көзделген жағдайларда аудандық және оларға теңестірілген соттар өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
307-бап. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі

мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына

жататын қылмыстық істер
1. Мамандандырылған ауданаралық сот бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді, оның соттылығына:

1) қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың және гарнизонның әскери сотының соттылығына жатқызылған істерді қоспағанда, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы;

2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106 (екінші бөлігінің 11) тармағында), 107 (екінші бөлігінің 8) тармағында), 122 (бірінші және екінші бөліктерінде), 124 (бірінші және екінші бөліктерінде), 132 (бірінші және екінші бөліктерінде), 133, 134, 135 (бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде), 136, 137, 138, 139 (балаларды асырауға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау бөлігінде), 140, 141, 142, 143 және 144-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық істер жатады.

2. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар үкімді орындау сатысында өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.

3. Осы Кодексте көзделген жағдайларда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.

4. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына жататын қылмыстық іс осы Кодекстің 317-бабында көзделген жағдайларда жалпы юрисдикция сотының қарауына берілуі мүмкін.


308-бап. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған

ауданаралық соттың соттылығына жататын

қылмыстық істер
1. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.

2. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың соттылығына жатқызылған істерді қоспағанда, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың соттылығына аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер жатады.

3. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар үкімді орындау сатысында өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.

4. Осы Кодексте көзделген жағдайларда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.


309-бап. Қылмыстық істердің қылмыстық істер жөніндегі

мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың және

гарнизондардың әскери соттарының соттылығына жатуы
1. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар және гарнизондардың әскери соттары бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.

2. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың соттауына:

1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 18-тарауында көзделген аса ауыр әскери қылмыстар туралы;

2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлерде және әскери құралымдарда шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер, әскери жиындардан өту кезінде запастағы азаматтар, өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты немесе осы бөлімдер, құрамалар және мекемелер орналасқан жерде әскери бөлімдердің, құрамалардың және мекемелердің азаматтық персоналының адамдары жасаған басқа да аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер жатады.

3. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың соттылығына жататын істерді қоспағанда, гарнизондардың әскери соттарының соттылығына:

1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 18-тарауында көзделген әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы;

2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлерде және әскери құралымдарда шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер, әскери жиындардан өту кезінде запастағы азаматтар, өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты немесе осы бөлімдер, құрамалар және мекемелер орналасқан жерде әскери бөлімдердің, құрамалардың, мекемелердің азаматтық персоналының адамдары жасаған басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық істер жатады.

4. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар және гарнизондардың әскери соттары үкімді орындау сатысында өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.

5. Осы Кодексте көзделген жағдайларда мамандандырылған ауданаралық әскери соттар мен гарнизондардың әскери соттары өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
310-бап. Облыстық және оған теңестірілген соттың соттылығына

жататын қылмыстық істер


1. Облыстық және оған теңестірілген сот апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.

2. Облыстық және оған теңестірілген сот аудандық және оларға теңестірілген соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, сондай-ақ қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне және қаулыларына берілген апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.

3. Облыстық және оған теңестірілген сот бірінші сатыдағы соттар шығарған, заңды күшіне енген үкімдер мен қаулылар апелляциялық сатыларда қаралғаннан кейін оларға берілген кассациялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді, сондай-ақ аппеляциялық сатыдағы үкімдер мен қаулыларды кассациялық тәртіппен қарайды.

4. Облыстық және оларға теңестірілген соттар қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында тергеу судьясының қаулыларына шағымдарды, наразылықтарды қарайды.

5. Үкімді орындау сатысында облыстық және оған теңестірілген соттар бірінші сатыдағы соттардың осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қараған кезде шығарған қаулыларына берілген жекеше шағымдарды, наразылықтарды апелляциялық тәртіппен қарайды.

6. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, облыстық және оған теңестірілген соттар өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.


311-бап. Әскери соттың соттылығына жататын істер
1. Әскери сот апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.

2. Әскери сот гарнизондардың әскери соттарының, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың заңды күшіне енбеген, оның ішінде осы Кодекстің 475, 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қараған кезде шығарған үкімдері мен қаулыларына берілген апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.

3. Әскери сот гарнизондардың соттары, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар шығарған, заңды күшіне енген үкімдер мен қаулылар апелляциялық сатыда қаралғаннан кейін – оларға берілген, сондай-ақ Әскери соттың апелляциялық сатысының үкімдері мен қаулыларына берілген кассациялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді кассациялық тәртіппен қарайды.

4. Әскери сот осы Кодексте көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.

312-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану

туралы істерді қарау


Қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті есі дұрыс емес күйде жасаған не оны жасағаннан кейін жүйке ауруымен ауырған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді осы Кодекстің 306, 307, 308 және 309-баптарында белгіленген соттылыққа сәйкес бірінші сатыдағы сот қарайды.
313-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының соттылығына

жататын қылмыстық істер


1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты:

1) істерді кассациялық сатыда қарағаннан кейін ғана бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың үкімдеріне, қаулыларына;

2) кассациялық сатыдағы соттардың қаулыларына тараптардың өтінішхаттары мен прокурордың наразылықтарын қылмыстық істер бойынша қадағалау соты алқасында қарайтын жоғары сот сатысы ретінде әрекет етеді.

2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқасы өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.


314-бап. Қылмыстық iстердiң аумақтық тұрғыдағы соттылығы
1. Қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жердегi сотта қаралуға жатады.

2. Егер қылмыстық құқық бұзушылық бiр соттың қызметі жерiнде басталып, басқа соттың қызметі жерiнде аяқталса, iс тергеп-тексеру аяқталған жердегi соттың соттылығына жатады.

3. Егер қылмыстық құқық бұзушылық Қазақстан Республикасынан тысқары жерде жасалса немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жердi анықтау мүмкiн болмаса немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар әртүрлi жерде жасалса, iстi тергеп-тексеру аяқталған жердегi сот қарайды.

Айыптау актісі жасалған немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін істі сотқа жіберу туралы қаулы шығарылған жер тергеп-тексеру аяқталған жер болып табылады.

315-бап. Қылмыстық істерді біріктіру кезінде соттылықты айқындау
Бір адамды немесе адамдар тобын бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыптау кезінде, олардың ең болмағанда біреуі аса ауыр қылмыс санатына жататын болса, істі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарайды, ал осы Кодекстің 309-бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот қарайды.

Аса ауыр санатқа жатпайтын қылмыстық құқық бұзушылық сыбайластық арқылы жасалған жағдайда және істі жеке іс жүргізуге бөліп шығару мүмкін болмаған кезде істерді:

егер сыбайластардың арасында әскери қызметші болмаса, сыбайластардың ең болмағанда біреуі кәмелетке толмаған адам болып табылатын істерді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот;

сыбайластардың ең болмағанда біреуі әскери қызметші немесе осы Кодекстің 309-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағында көрсетілген басқа адам болып табылатын істерді гарнизонның әскери соты қарайды.


316-бап. Iстi iс жүргiзуге қабылдаған соттың қылмыстық істi

соттылығы бойынша беруі


1. Егер сот келiп түскен iстiң өзінің соттылығына жатпайтынын анықтаса, онда iстi соттылығы бойынша жiбередi.

2. Егер басты сот отырысында осы Кодекстiң 314-бабында көзделген iстердiң аумақтық тұрғыдағы соттылығы қағидаларының бұзылғаны анықталса, онда сот iстi процестiң барлық қатысушыларының келiсуімен өзiнiң iс жүргiзуiнде қалдыруға құқылы.

3. Егер істің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың немесе гарнизонның әскери сотының соттылығына жататыны анықталса, ол барлық жағдайларда соттылығы бойынша жіберілуге жатады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   44




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет