Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі



бет1/4
Дата17.07.2016
өлшемі324.5 Kb.
#205049
  1   2   3   4




№ исх: 8-5/175 от: 13.08.2013

жоба

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі
Осы Кодекс кәсiпкерлiктi мемлекеттік реттеуге байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi, Қазақстан Республикасындағы кәсiпкерлiктiң еркiндiгiн қамтамасыз ететiн құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк жағдайлар мен кепiлдiктерді айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) бизнес-инкубатор – шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қалыптасуы кезеңінде өндірістік үй-жайлар, жабдық беру, ұйымдық, құқықтық, қаржылық, консалтингтік және ақпараттық қызметтер көрсету жолымен оларды қолдау үшін құрылатын заңды тұлға;

2) бизнестің әлеуметтік жауаптылығы – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салаларда қоғамды дамытуға қосқан ерікті үлесі;

3) дара кәсіпкер – дара кәсіпкерлікті заңды тұлға құрмастан жүзеге асыратын және осы Кодекстің 12-бабының 3 және 6-тармақтарында көрсетілген критерийлерге сай келетін Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман;

4) дара кәсіпкерлік – жеке тұлғалардың кіріс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерінің меншігіне негізделген және жеке тұлғалардың атынан олардың тәуекелі үшін және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметі;

5) жеке кәсіпкерлік – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кіріс алуға бағытталған, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне негізделген және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің атынан, олардың тәуекелімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметі;

7) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау – Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін жеке кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, қолайлы құқықтық, экономикалық жағдайлар жасау жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені;

8) кәсіпкерлік инфрақұрылымы – кәсіпкерліктің жұмыс істеуі мен дамуының жалпы шарттарын қамтамасыз ететін, құрылатын немесе жұмыс істеп тұрған ұйымдар кешені;

9) жеке кәсіпкерлік субъектілері – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;

10) кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігі – кәсіпкерлік субъектілері өздерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын, заңды мүдделерін білдіру және қорғау мақсаттарында құратын коммерциялық емес ұйым;

11) кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеу – кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестерде кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін білдіруге белгіленген критерийлерге кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің сәйкестігін тиісті мемлекеттік органдардың тануы;

12) жылдық орташа табыс – соңғы үш жылдағы жиынтық жылдық табыстардың немесе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлік субъектілері табыстарының үшке бөлінген сомасы;

13) индустриялық аймақ – коммуникациялармен қамтамасыз етілген, мемлекет жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өнеркәсіп объектілерін орналастыру және пайдалану үшін Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен беретін ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жер;

14) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган – жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

15) кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес (бұдан әрі – сараптамалық кеңес) – орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы және өкілді органдар жанынан:

жеке кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен және мүдделі коммерциялық емес ұйымдардан сараптамалық қорытындылар алу;

кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрылатын консультативтік-кеңесші орган;

16) шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтары – оқытуды, ақпараттық қамтамасыз етуді, консультациялық және маркетингтік қызметтер көрсетуді, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларына экономикалық және технологиялық сараптама жүргізуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

17) кәсіпкерлік – мүлікті пайдалану, тауарлар сату, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету арқылы жүйелі түрде таза кіріс алуға бағытталған, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлік) не шаруашылық жүргізу құқығына немесе жедел басқаруға (мемлекеттік кәсіпкерлік) негізделген жеке және заңды тұлғалардың бастамашылық, кәсіпкердің атынан, оның тәуекелімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын қызметі;

18) мемлекеттік-жеке меншік әріптестік – әлеуметтік инфрақұрылым және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін қаржыландыру, құру, реконструкциялау және (немесе) пайдалануға бағытталған мемлекет пен жеке кәсіпкерлік субъектілері арасындағы ынтымақтастық нысаны;

19) мемлекеттік кәсіпкерлік – жүйелі түрде кіріс алуға бағытталған, мемлекеттік меншік нысанына негізделген және шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың атынан шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында олардың тәуекелімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын мемлекеттік кәсіпорындардың бастамашылық қызметі;

20) мемлекеттік кәсіпкерлік субъектілері – шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар;

21) жария функциялар берілген субъектілер – Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы заңдарында айқындаған жағдайларда бір немесе бірнеше жария функцияларды орындау шарттарымен жіберілетін заңды тұлғалар;

22) өзін-өзі реттеу – кәсіпкерлікті жүзеге асыру, тауарлар мен қызметтер көрсетуді арттыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық жағдайлар жасауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасында кәсіпкерлердің мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған кәсіпкерлік қызмет субъектілерін дербес және бастамашылық қызметі;

23) кәсіпкерлердің өзін-өзі реттеу ұйымы – өзін-өзі реттеу мақсаттарында кәсіпкерлік субъектілерін біріктіретін, ерікті мүшелікке негізделген коммерциялық емес ұйым;

24) жария функциялар – Қазақстан Республикасының Үкіметі кәсіпкерлік субъектісіне қоғамдық қатынастардың белгілі саласында қызметті жүзеге асыруы үшін бөлетін функциялар.
2-бап. Қазақстан Республикасының кәсiпкерлiкті мемлекеттік реттеу туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Кодекс және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері айқындайды.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодексте көзделгендерден өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3. Кәсiпкерлiктiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыру ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.


3-бап. Кәсiпкерлiктi құқықтық реттеу шектерi

1. Кәсiпкерлiк Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негiздер бойынша ғана шектелуi мүмкiн.

2. Жеке кәсiпкерлiктi шектеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiң айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша ғана орын алуы мүмкiн.

3. Мемлекеттiк органдардың жеке алынған жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң артықшылық жағдайын белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлер қабылдауына тыйым салынады.


4-бап. Кәсiпкерлiктi мемлекеттiк реттеудiң мақсаттары мен қағидаттары

1. Кәсiпкерлiктi мемлекеттiк реттеудiң негiзгi мақсаттары кәсiпкерлiктi дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау, мемлекеттiң мүдделерi мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау болып табылады.

2. Кәсiпкерлiктi мемлекеттiк реттеудiң негiзгi қағидаттары:

жеке кәсiпкерлiк еркiндiгiнің кепiлдiгі (Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрлерін жүзеге асыруға рұқсат берілген) және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету (жеке кәсiпкерлiк еркiндiгi қағидаты);

кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға барлық кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң теңдiгi (кәсiпкерлiк субъектілерінің теңдiгi қағидаты);

кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң меншiгіне қол сұғылмауы және оны қорғау кепiлдiгi (меншiкке қол сұғылмауы қағидаты);

кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының Конституциясы мен оған сәйкес қабылданған нормативтiк құқықтық актiлерінің шегінде іс-әрекет етуі (заңдылық қағидаты);

шағын кәсiпкерлiктiң дамуын қолдау мен оның басымдығын қоса алғанда, кәсiпкерлiк қызметтi ынталандыру (кәсiпкерлiк қызметтi ынталандыру қағидаты);

кәсiпкерлiктiң мүдделерiн қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерінiң жобаларына, халықаралық шарттары мен өзге де міндеттемелерінің мәтіндеріне сараптама жасауға кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қатысуы болып табылады.
5-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу ерекшелiктерi

1. Орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасын сараптамалық қорытынды алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде түсіндірме жазбаны міндетті түрде тіркей отырып, сарапшылық кеңестер арқылы кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жібереді.

Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптамалық қорытынды ұсыну үшін мемлекеттік органдар белгілейтін мерзім Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне жоба келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен аз болмауға тиіс.

2. Кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына түсiндiрме жазба нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзуге байланысты кәсiпкерлiк субъектiлерi шығындарының азаюын және (немесе) көбеюiн растайтын есептеу нәтижелерiн қамтуға тиiс.

3. Осы бапта және осы Кодекстің 6-8 баптарында көзделген талаптар жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлерді қабылдаудың міндетті шарттары болып табылады.
6-бап. Нормативтiк құқықтық актiлер жобалары бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілердің сараптамалық қорытындылары

1. Сараптамалық қорытындылар Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және кәсiпкерлiк субъектiлерінің аккредиттелген бiрлестiктерi мүшелерiнiң біртұтас пiкiрiн бiлдiредi, ұсыным сипатында болады және оларды қабылдағанға дейiн, оның ішінде осы жобаны мүдделi мемлекеттiк органдармен келесі әрбiр келiсу кезінде нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына мiндеттi қосымша болып табылады.

Сараптамалық қорытындылар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.

2. Сараптамалық қорытындыларды мемлекеттiк органдар белгiлеген мерзiмде:

республикалық деңгейде – Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлері палатасы, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiктерiнiң одағы (қауымдастығы), республикалық салааралық, салалық қауымдастар (одақтар), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiнің республикалық бiрлестiктері;

облыстық деңгейде – Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың кәсіпкерлері палаталары (бұдан әрі – Өңірлік палаталар), жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің республикалық бiрлестiктерiнiң филиалдары, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің облыстық бiрлестiктерi, шағын, орта және (немесе) ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiнің облыстық бiрлестiктері;

қалалық аудандық деңгейде – Қалалардағы өңірлік палаталардың филиалдары, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық бірлестіктері филиалдары, жеке кәсіпкерлік субъектілердің облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктері, шағын, орта және (немесе) ірі кәсiпкерлiктің облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктері ұсынады.

3. Мемлекеттiк орган сараптамалық қорытындымен келiскен кезде нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына тиiстi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi.

Мемлекеттiк орган сараптамалық қорытындымен келiспеген жағдайда кәсiпкерлiк субъектiлерінің аккредиттелген бiрлестiктеріне, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келiспеу себептерi негiзделген жауап жiбередi. Мұндай негізделген жауаптар нормативтiк құқықтық акт қабылдағанға дейiн оның жобасына мiндеттi қосымша болып табылады.

Кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертулері бар бір сараптамалық қорытынды ұсынған және сараптамалық кеңестің мүшесі сарапшылық кеңестің отырысын өткізуді талап еткен жағдайларда осындай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады.

Бұл ретте сарапшылық кеңестің отырыстары сарапшылық кеңес мүшелерін тікелей шақыру арқылы не нақты уақыт режимінде интернет-конференция өткізу арқылы өткізілуі мүмкін.
7-бап. Нормативтiк құқықтық актi жобасын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау (тарату)

1. Кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары оларды тиісті органда немесе сарапшылық кеңестiң отырысында қарағанға дейін, интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) тиіс.

2. Мемлекеттік орган жарияланған (таратылған) нормативтiк құқықтық актiнің жобасына түскен ескертулер мен ұсыныстарды жинақтайды және сарапшылық кеңеспен келісім бойынша нормативтiк құқықтық актiнің жобасына түзетулер енгізеді.
8-бап. Кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгізу тәртібі

Кәсiпкерлiк мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзу мерзiмдерi Қазақстан Республикасының заңдарында  белгiленетiн талаптарға байланысты кәсiпкерлiк субъектiсiне қызметтi жүзеге асыруға дайындауға қажет мерзiмдерді негiзге алына отырып белгiленуі тиiс.

Нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданысқа енгiзiлу тәртiбi мен мерзiмдерi кәсiпкерлiк субъектiлерiне залал келтiрмеуге тиiс.
9-бап. Кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын халықаралық шарттарды әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері

Халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеу және қабылдау кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниет білдірген, кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын халықаралық шарттары бойынша осы Кодекстің 5-8-баптарында көзделген талаптар сақталады.




10-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлік субъектілердің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуы

1. Орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасын тартады.

2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы уәкілетті органның тапсырысы бойынша шарттық негізде нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауды жүзеге асыра алады.

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік субъектілердің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерге қоғамдық мониторинг жүргізеді.


2-тарау. КӘСІПКЕРЛIК СУБЪЕКТIЛЕРI ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫС IСТЕУ ЖАҒДАЙЛАРЫ
11-бап. Кәсiпкерлiк субъектiлерi

1. Кәсiпкерлiк субъектiсi болып табылатын заңды тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген ұйымдық-құқықтық нысанда құрылуы мүмкін.

2. Кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда жария функциялар берілуі мүмкін.
12-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің санаттары

1. Жұмыскерлердің жылдық орташа санына және жылдық орташа табысына байланысты жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi мынадай санаттарға:

шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне;

орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне;

iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жатады.

2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн осы баптың 1-тармағында көрсетілген санаттарға жатқызу:

мемлекеттік статистика;

мемлекеттік қолдау көрсету;

Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де нормаларын қолдану мақсаттары үшін пайдаланылады.

Мемлекеттік статистика мақсаттары үшін жұмыскерлердің жылдық орташа санының критерийі ғана пайдаланылады.

Мемлекеттік қолдау көрсету және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де нормаларын қолдану мақсаттары үшін екі критерий: жұмыскерлердің жылдық орташа саны және жылдық орташа табысы пайдаланылады.

Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау мақсаттарында оны көрсету үшін өзге де критерийлер көзделуі мүмкін.

3. Жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны жүз адамнан аспайтын және жылдық орташа табысы республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған үш жүз мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын дара кәсiпкерлер және жеке кәсiпкерлiкті жүзеге асыратын заңды тұлғалар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылады.

Жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны он бес адамнан аспайтын және жылдық орташа табысы республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған үш жүз мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын, дара кәсiпкерлер және жеке кәсiпкерлiкті жүзеге асыратын заңды тұлғалар микрокәсiпкерлiк (шағын кәсіпкерліктің кіші санаты ретінде) субъектiлерi болып табылады.

4. Мемлекеттік қолдау және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де нормаларын қолдану мақсаттары үшін:

есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымымен байланысты қызметтi;

акцизделетiн өнiмдi өндiрудi және (немесе) көтерме саудада өткізуді;

астық қабылдау пункттерiнде астық сақтау жөнiндегi қызметтi;

лотереялар өткiзудi;

ойын бизнесі саласындағы қызметтi;

мұнайды, газды, электр және жылу энергиясын өндiру мен беру жөнiндегi қызметтi;

радиоактивтi материалдардың айналымымен байланысты қызметтi;

банк қызметiн (не банк операцияларының жекелеген түрлерiн) және сақтандыру нарығындағы қызметтi (сақтандыру агентiнiң қызметiнен басқа);

аудиторлық қызметтi;

бағалы қағаздар нарығындағы кәсiби қызметтi;

кредиттiк бюролардың қызметін;

күзет қызметiн;

азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымымен байланысты қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып танылмайды.

Осы тармақта көрсетілген қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар - орта кәсіпкерлік субъектілеріне, ал осы баптың
7-тармағында белгіленген критерийлерге сай келген жағдайда ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатады.

Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ойын бизнесі салығын, тіркелген салықты және бірыңғай жер салығын төлеушілер болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін жұмыскерлердің саны бойынша критерий пайдаланылады.

5. Кәсiпкерлiк субъектiлерi жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны аталған субъект филиалдарының, өкiлдiктерi мен басқа да оқшауланған бөлiмшелерiнiң жұмыскерлерiн, сондай-ақ дара кәсіпкердің өзін қоса алғанда, барлық жұмыскерлер ескерiле отырып айқындалады.

6. Осы баптың 3 және 7-тармақтарына сәйкес шағын және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын дара кәсiпкерлер және жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын заңды тұлғалар орта кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылады.

7. Жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын және мынадай критерийлердің біреуіне немесе екеуіне сай келетін: жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны екi жүз елу адамнан асатын және (немесе) жылдық орташа табысы республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған үш миллион еселенген айлық есептiк көрсеткiштен асатын заңды тұлғалар iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылады.
13-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі

1. Кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы деректерді пайдалану үшін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді.

2. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі – кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы мәліметтерді қамтитын электрондық дерек қор.

3. Кәсіпкерлік субъектісінің санаты туралы ақпарат мүдделі тұлғаларға, оның ішінде мемлекеттік органдарға жұмыста пайдалану үшін электрондық анықтама нысанында беріледі.

4. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
14-бап. Кәсіпкерлік нысандары

1. Жеке және мемлекеттік кәсіпкерлік Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік нысандары болып табылады.

2. Мемлекеттік кәсіпкерлік шаруашылық жүргізу немесе мемлекеттік кәсіпорынды жедел басқару құқығына негізделген.

3. Жеке кәсіпкерлік жеке тұлғалар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншік құқығына негізделген.


15-бап. Кәсіпкерліктің түрлері

1. Шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын мемлекеттік кәсіпкерліктің ұйымдық-құқықтық нысаны болып табылады. Мемлекеттік кәсіпорын республикалық және коммуналдық болуы мүмкін.

2. Мемлекет кәсіпкерлік қызметке акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарына қатысу арқылы да қатысады.

3. Жеке кәсіпкерліктің екі түрі болуы мүмкін: мемлекеттік емес заңды тұлғалардың кәсіпкерлігі және заңды тұлға құрмаған жеке тұлғалардың кәсіпкерлігі (дара кәсіпкерлік).

4. Мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке кәсіпкерлігі өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде табыс (пайда) алуды көздейтін коммерциялық заңды тұлғалар құру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Шаруашылық серіктестігі, акционерлік қоғам және өндірістік кооператив қана мемлекеттік емес коммериялық заңды тұлғалардың ұйымдық-құқықтық нысандары болуы мүмкін.
16-бап. Дара кәсiпкерлiк

1. Дара кәсiпкерлiк өзiндiк немесе бiрлескен кәсiпкерлiк түрiнде жүзеге асырылады.

2. Өзiндiк кәсiпкерлiктi бiр жеке тұлға өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлiк негiзiнде, сондай-ақ мүлiктi пайдалануға және (немесе) оған билiк етуге жол беретiн өзге де құқыққа орай дербес жүзеге асырады.

3. Бiрлескен кәсiпкерлiктi жеке тұлғалар (дара кәсiпкерлер) тобы өздерiне ортақ меншiк құқығымен тиесiлi мүлiктің негiзiнде, сондай-ақ мүлiктi бiрлесiп пайдалануға және (немесе) оған билiк етуге жол беретiн өзге де құқыққа орай жүзеге асырады.


17-бап. Дара кәсiпкерлiктің түрлері мен нысандары

1. Некеде тұрған жеке адам өзіндік кәсiпкерлiктi жұбайын көрсетпей-ақ кәсiпкер ретiнде жүзеге асырған кезде кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға жұбайының келiсiмi талап етiлмейдi.

Өзіндік кәсiпкерлiктi жүзеге асыру үшiн жеке адам жұбайлардың ортақ мүлкін пайдаланған жағдайларда, мұндай пайдалануға, егер заңдарда немесе неке шартында не жұбайлар арасындағы өзге келiсiммен көзделмеген болса екiншi жұбайдың келiсiмi қажет.

2. Бiрлескен кәсiпкерлiк кезiнде жеке кәсiпкерлiкпен байланысты барлық мәмiлелер бiрлескен кәсiпкерлiктiң барлық қатысушыларының атынан жасалады, ал құқықтар мен мiндеттер олардың атынан алынады және жүзеге асырылады.

3. Бiрлескен кәсiпкерлiктiң нысандары:

1) ерлі-зайыптылардың бiрлескен ортақ меншiгiнің негiзiнде жүзеге асырылатын ерлi-зайыптылар кәсiпкерлiгi;

2) шаруа немесе фермер қожалығының бiрлескен ортақ меншiгi немесе жекешелендiрiлген тұрғын үй-жайға бiрлескен ортақ меншiк негiзiнде жүзеге асырылатын отбасылық кәсiпкерлiк;

3) жеке кәсiпкерлiк ортақ үлестiк меншiк негiзiнде жүзеге асырылатын жай серiктестiк болып табылады.

4. Жұбайлардың кәсiпкерлiктi жүзеге асыруы кезiнде жұбайлардың атынан жұбайлардың бiрi екiншiсiнiң дара кәсiпкерлiкті тiркеуі кезiнде расталуы мүмкiн келiсiмiмен немесе дара кәсiпкердiң қызметi мемлекеттік тіркеусiз жүзеге асыратын жағдайларда жазбаша білдiрілетін және нотариалды куәландырылатын келiсiмiмен iскерлiк айналымға түсе алады.

Жұбайлардың бiрiнiң екiншiсiнiң өздерінің атынан iскерлiк айналымға түсуiне келiсiмi болмағанда iскерлiк айналымға түсетін жұбайлардың бipi кәсіпкерлік қызметтi өзіндік кәсiпкерлiк түрiнде жүзеге асырады деп болжанады.

5. Жай серiктестiк нысанын пайдаланатын дара кәсiпкерлiк Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет