Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының



Дата03.07.2016
өлшемі150.23 Kb.


Қазақстан Республикасының

Ұлттық Банкі Басқармасының

____ жылғы __ _________

№ ___ қаулысымен бекітілген

Қазақстан Республикасында электрондық ақшаны

шығару, пайдалану және өтеу ережесі


1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Ақша төлемі мен аударымы туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу тәртібін, сондай-ақ эмитенттерге және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптарды айқындайды.

2. Осы Ережеде «Ақша төлемі мен аударымы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабында көзделген, сондай-ақ төмендегідей ұғымдар пайдаланылады:



1) қауіпсіздік рәсімі – электрондық ақша иелерінің электрондық ақшаны пайдалануға құқықтарын растауға және электрондық ақшаны пайдалану кезінде жіберілетін және алынатын электрондық хабарламалардың мазмұнындағы қателерді және/немесе өзгерістерді анықтауға арналған ұйымдастыру шараларының және ақпарат қорғау бағдарламалық-техникалық құралдарының кешені;

2) электрондық ақшамен айырбастау операциялары – бір эмитент шығарған электрондық ақшаны басқа электрондық ақша жүйесінің қатысушысы болып табылатын басқа эмитенттің электрондық ақшасына айырбастау жөніндегі операциялар;



3) электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелері – электрондық ақшаны шығаруға, сатуға, сатып алуға, өтеуге негіз болатын және оларды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып электрондық ақша жүйесінде пайдалана отырып операциялар жүзеге асырылатын ережелер; 

4) электрондық әмиян – микропроцессор (чип), дербес компьютердің бағдарламалық қамтамасыз етуі, электрондық ақша бар және/немесе оған қол жеткізуді қамтамасыз ететін өзге бағдарламалық-техникалық қондырғы;

5) электрондық әмиянды оқшаулау – электрондық ақша иесінің электрондық әмиянында сақтаулы электрондық ақшаны пайдалануға толықтай немесе уақытша тыйым салу.
2-тарау. Электрондық ақшаны шығару
3. Электрондық ақшаны шығаруды электрондық ақша эмитенті (бұдан әрі - эмитент) жеке тұлғалардан және электрондық ақша эмитенттерінің агенттерінен (бұдан әрі - агент) олармен жасалған шарттарға және электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелеріне сәйкес қабылданған ақша сомасы шегінде жүзге асырады.

4. Эмитент электрондық ақшаны шығару жөніндегі қызметті бастаған сәттен бастап он күнтізбелік күн ішінде бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша хабарлайды және мынадай құжаттар мен мәліметтерді ұсынады:

1) эмитенттің басқару органы немесе электрондық ақша жүйесінің иесі бекіткен электрондық ақша жүйесінің ішкі ережесі;

2) электрондық ақша эмитентінің электрондық ақша жүйесіндегі мәртебесін растайтын құжаттар (егер эмитент электрондық ақша жүйесінің иесі және операторы болып табылмаған жағдайда);

3) электрондық ақша иелерімен шарттардың үлгі нысандары;

4) қауіпсіздіктің және электрондық ақша жүйесінде ақпаратты рұқсатсыз пайдаланудан қорғаудың бекітілген рәсімдері туралы растау;

5) электрондық ақша жүйесі туралы:

- электрондық ақша жүйесінің атауынан;

- электрондық ақша жүйесі операторының және/немесе иесінің атауынан;

- электрондық әмиян (электрондық ақша тасымалдаушы) түрінен;

- электрондық ақша жүйесі қатысушыларының арасындағы шарттық өзара қарым-қатынастар схемасынан;

- электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру кезіндегі ақша және ақпарат ағындарының схемасынан;

- электрондық ақша жүйесінің операторымен өзара іс-қимыл регламентінен (егер эмитент жүйенің операторы болып табылмаса);

- электрондық ақша жүйесінде қолданылатын тәуекелдерді басқару әдістерінен тұратын негізгі сипаттамалардың және мәліметтердің сипаты;

6) мыналардан:

- ақпарат өңдеу бағдарламалық-техникалық құралдары құрамының, телекоммуникацияның және пайдаланылатын байланыс арналарының сипатынан;

- электрондық аақша жүйесіндегі бағдарламалық қамтамасыз етуді және ақпаратты рұқсатсыз пайдаланудан қорғаудың ұйымдастыру, аппараттық-бағдарламалық және басқа да тәсілдері туралы негізгі мәліметтерден тұратын бағдарламалық-техникалық құралдардың сипаттамалары туралы анықтама.

5. Жеке тұлғалардың және агенттердің электрондық ақшаны сатып алуы қолма-қол ақша жарнасы не ақшаны қолма-қол жасалмайтын тәртіппен эмитенттің тиісті шотына аудару арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

6. Эмитент немесе оның уәкілетті тұлғасы электрондық ақшаны шығарған кезде электрондық ақша иесін операцияларды жүзеге асыру тәртібі және тәуекелдер, шағымдарды беру тәсілдері және оларды қарау тәртібі, сондай-ақ электрондық ақшаны пайдалана отырып операциялар жүзеге асырған кезде алынатын комиссиялық сыйақылардың түрлері мен мөлшерлері туралы ақпаратпен таныстырады.

Көрсетілген ақпарат электрондық ақша иесіне олар сатып алынған сәтке дейін беріледі.

7. Электрондық ақшаны шығарған кезде электрондық ақша иесіне жеке тұлғаның немесе электрондық ақша агентінің сатып алу фактісін растайтын түбіртек немесе өзге құжат (бұдан әрі - түбіртек) беріледі.

Электрондық ақшаны шығару кезінде берілетін түбіртектің нысаны және беру тәсілдері осы Ереженің 8-тармағында белгіленген талаптар ескеріле отырып, тиісті шарттарда және/немесе электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелерінде белгіленеді.

8. Электрондық ақша шығару кезінде берілетін түбіртек мынадай міндетті деректемелерден тұруы тиіс:

1) эмитенттің БСН қоса алғанда, оның атауы және деректемелері;

2) операция жасалған уақыты мен күні;

3) электрондық ақша иесінен қабылданған ақша немесе келіп түскен төлемдер сомасы;

4) шығарылған электрондық ақша сомасы;

5) түбіртектің реттік нөмірі;

6) электрондық ақша иесін-жеке тұлғаны сәйкестендіруші және/немесе оның электрондық әмиянының деректемелері;

7) комиссиялық сыйақы мөлшері (комиссия алынған жағдайда).

Түбіртекте эмитент белгілеген қосымша деректемелер болуы мүмкін.

9. Электрондық ақша жұмсауға берілетін немесе электрондық ақша иесінің пайдалануындағы электрондық әмиянға электрондық ақша салынған не онда қол жетімді сома туралы ақпарат көрсетілген сәттен бастап оны эмитент айналысқа шығарған деп саналады.

10. Эмитент жеке тұлғаға электрондық ақша шығаруға бас тартудан құқылы. Бұл ретте эмитент электрондық ақша шығарудан бас тартылған жеке тұлғаның талап етуі бойынша жеке тұлға өтініш жасаған сәттен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей бас тартудың жазбаша негіздемесін ұсынады.

11. Эмитент «Ақша төлемі мен аударымы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 36-1-бабының 6-тармағында белгіленген жағдайларда өзінің агенттері электрондық ақшаны шығарған және сатқан кезде электрондық ақша иелерін сәйкестендіруді қамтамасыз етеді және жүзеге асырады.

12. Эмитент электрондық ақша иелерінен келіп түсетін ақшаның жеке есебін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 3 қаулысымен бекітілген Екінші деңгейдегі банктердегі, ипотекалық ұйымдардағы және «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамындағы бухгалтерлік есептің үлгі шот жоспарына сәйкес электрондық ақшамен операциялар бойынша ақшаны есепке алуға арналған тиісті баланстық шотта жүргізеді.

Эмитент өзі шығарған электрондық ақшаның жалпы сомасының электрондық ақша иелерінен қабылданған ақшаның жалпы сомасына сәйкестігін бақылауды және жүзеге асырады және қамтамасыз етеді.

13. «Ақша төлемі мен аударымы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және осы Ережеде белгіленген талаптар сақталған жағдайда Қазақстан Республикасының резидент емес агенттерімен жасалған шарттардың негізінде эмитент шығарған электрондық ақшаны Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде таратуға жол беріледі.

14. Агенттің сатылатын электрондық ақшаға айырбастап тиісті ақша сомасын алғандығын растап берген құжаты немесе электрондық ақшаны жеке тұлғаға сату фактісін сөзсіз растайтын өзге куәлік жеке тұлға үшін агенттен электрондық ақша сатып алуға растама бола алады.

Эмитент агенттің электрондық ақшаны сату немесе сатып алу кезінде тиісті ақша сомасының енгізілуін немесе жеке тұлғаға берілуін растайтын тиісті құжатты (түбіртекті) электрондық ақша иесіне беруді қамтамасыз етеді.

15. Эмитент агентпен жасалатын шартта:

1) агенттің электрондық ақшаны сату тәртібіне және шарттарына;

2) агенттің электрондық ақшаны сатып алу тәртібіне және талаптарына;

3) электрондық ақшаны сату және сатып алу кезінде ақпарат алмасу режиміне және тәртібіне;

4) ақпарат конфиденциалдылығын қамтамасыз ету талаптарына және оны сақтамағаны үшін жауапкершілікті белгілеуге;

5) агенттің жеке тұлғалардан қабылдаған қолма-қол ақшаны оның банк шоттарына аудару тәртібіне және шарттарына қойылатын талаптарды көздейді.

16. Эмитент агенттің қаржылық жағдайына және оны электрондық ақшамен операцияларды жүзеге асырған кезде пайдаланатын бағдарламалық-техникалық құралдарға талаптар белгілеуге құқылы.

17. Агенттердің қолма-қол ақшаны қабылдау жөніндегі операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін электрондық терминалдар, қолма-қол ақшаны қабылдау пункттері және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге тәсілдер арқылы электрондық ақшаны сатуына жол беріледі.

18. Банк болып табылмайтын агенттердің жеке тұлғаларға электрондық ақшаны сатуы кезінде қабылдаған қолма-қол ақша эмитент пен агент арасындағы шарттар көзделген тәртіппен және мерзімдерде олардың банк шоттарына аударылуы тиіс.

19. «Ақша төлемі мен аударымы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және осы Ережеде белгіленген талаптарды сақтауына бақылау эмитентке жүктеледі.

20. Электрондық ақшаны сатып алу кезіндегі жеке тұлғаның эмитентке немесе агентке беретін ақша сомасы электрондық әмиян және эмитенттің немесе агенттің электрондық ақшаны тиісінше шығару немесе сату кезінде көрсететін қосымша қызметтерінің құнын төлеу жөніндегі тиісті сомаға ұлғайтылуы мүмкін.

21. Электрондық ақшамен операциялар бухгалтерлік есепте Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес көрсетіледі.

22. Екінші деңгейдегі банктер Қазақстан Республикасының резидент емес – эмитенттерінің агенттері функцияларын орындаған кезде Қазақстан Республикасының резидент еместері шығарған, шетел валютасында номинирленген электрондық ақшаны Қазақстан Республикасының аумағында сатуға құқылы.

23. Эмитент электрондық ақша жүйесі операторының өзіне жүктелген, оның ішінде өз атынан берілген функцияларды электрондық ақша жүйесінің операторымен жасалған шарт негізінде сақтауын бақылауды қамтамасыз етеді және жүзеге асырады.

24. Эмитент өзі шығарған электрондық ақшаны басқа эмитент шығарған электрондық ақшаға айырбастау операцияларын жүзеге асыруға, сондай-ақ агенттермен олардың электрондық ақшамен айырбастау операцияларын жүзеге асыруына шарттар жасауға құқылы.

25. Жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және заңды тұлғаларға тиесілі электрондық ақшаның болуы және сомасы туралы, сондай-ақ электрондық ақшаны пайдалана отырып жүргізілген операциялар туралы мәліметтерді эмитент электрондық ақша иесіне, кез келген үшінші тұлғаға Қазақстан Республикасының заңнамасындағы талаптарға сәйкес ресімделген электрондық ақша иесінің жазбаша келісімі негізінде, сондай-ақ осындай мәліметтерді алуға уәкілетті мемлекеттік органдарға және лауазымды тұлғаларға банк құпиясына жататын мәліметтерді ұсыну үшін «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабында белгіленген тәртіппен және жағдайларда береді.
3-тарау. Электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру тәртібі
26. Электрондық ақшаны оның иелері - жеке тұлғалар азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемдерді жүзеге асыру, сондай-ақ олардың эмитенттері белгілеген талаптармен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де операцияларды жүргізу үшін пайдаланады.

27. Электрондық ақшаны пайдалана отырып жүргізілетін операцияларды операциялар жүзеге асырылатын электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелеріне және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жасалған шарттардың талаптарына сәйкес электрондық ақша жүйесіне қатысушылар жүзеге асырады.

28. Электрондық ақшаны пайдалана отырып жүргізілетін төлем электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелерінде не электрондық ақша жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарда белгіленген рұқсатсыз пайдаланудан қорғау рәсімдері сақталған кезде электрондық ақша иесінің – жеке тұлғаның басқа тұлғаға оны электрондық әмиянды пайдалана отырып беруі арқылы жүзеге асырылады.

29. Электрондық ақшаны пайдалана отырып төлемді жүзеге асырғаннан кейін оның иесіне – жеке тұлғаға электрондық хабарлама не қағаз тасымалдауыш нысандағы электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру фактісін растайтын сауда чегі (бұдан әрі – сауда чегі) беріледі.

Сауда чегінде мынадай деректемелер болуы тиіс:

- төлем сомасы;

- төлемді жасау уақыты мен күні;

- жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның атауы (коды) және ЖСН, БСН;

- чектің реттік нөмірі;

- транзакция коды немесе төлемді электрондық жүйеде сәйкестендіретін басқа код;

- электрондық ақша иесін-жеке тұлғаны сәйкестендіруші және/немесе оның электрондық әмиянының деректемелері.

Сауда чегінде қосымша деректемелер болуы мүмкін.

30. Электрондық ақшаны беру бір жүйе шеңберінде бір, сол сияқты бірнеше эмитенттердің электрондық ақшаларының иелері болып табылатын электрондық ақша жүйесінің қатысушылары арасында жүзеге асырылуы мүмкін.

31. Электрондық ақшаны пайдалану кезінде бір операцияның ең көп сомасы сәйкестендірілген және сәйкестендірілмеген ақша иелеріне қатысы бойынша «Ақша төлемi мен аударымы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-2-бабының 4-тармағында белгіленген сомадан аспауы тиіс.

32. Эмитент не жүйенің операторы электрондық ақша иесін оған электрондық ақша иесімен жасалған шартта белгіленген тәртіппен тиісті хабарлама жібере отырып, электрондық ақшаны пайдалана отырып жасалған әр операция туралы хабардар етеді.

33. Эмитент электрондық ақша иелерін – жеке тұлғаларды оларды электрондық ақшамен операцияларды жасауды жүзеге асыру кезінде сәйкестендірілген және сәйкестендірілмеген ретінде айқындау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

34. Эмитент «Ақша төлемі мен аударымы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген сәйкестендірілмеген электрондық ақша иелеріне арналған электрондық ақшаны шығару және пайдалану сомасы бойынша шектеулердің сақталуына бақылау жасауды қамтамасыз етеді және жүзеге асырады.

35. Эмитент Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қайшы келмейтін өзі шығарған электрондық ақшаны пайдалана отырып жүзеге асырылатын операциялардың түрлері мен сомасына шектеулер белгілеуге құқылы.

36. Жеке тұлға электрондық ақшаны пайдалана отырып сатып алынған тауарлар мен қызметтерден бас тартқан жағдайда, жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға төлем жасаушы жеке тұлғаның электрондық әмиянына электрондық ақшаны қайтаруды не оған электрондық ақшаны пайдаланбай электрондық ақшаның сомасына баламалы құнын өтеуді жүзеге асыруы мүмкін. Мұндай төлемді жүзеге асыру тәсілі, тәртібі және мерзімдері электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелерінде белгіленеді.

37. Электрондық ақшаны пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыруға байланысты электрондық ақша жүйелеріне қатысушылар арасындағы шағым-талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасында және олардың арасында жасалған шарттарда белгіленген тәртіппен шешіледі.

Эмитент электрондық ақша иесінің өтінішін, оның ішінде электрондық ақшаны пайдалану кезінде даулардың туындауына байланысты өтініштерді қарайды, сондай-ақ егер эмитент пен электрондық ақша иесі арасында жасалған шартта өзгеше мерзім көзделмесе, электрондық ақша иесіне өтініштерді қарау нәтижелері туралы олардың келіп түскен күнінен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде ақпарат алуына мүмкіндік береді.

38. Электрондық ақша иесінің сұратуы бойынша эмитент оған өздерінің арасында жасалған шартта көзделген нысанда және мерзімде электрондық ақшаны пайдалана отырып жүзеге асырылған операциялар туралы ақпараты бар үзінді көшірмені береді.


4-тарау. Электрондық ақшаны өтеу


39. Электрондық ақша иесі өтеуге ұсынған кезде эмитент оған қолма-қол ақшаны беру жолымен не электрондық ақша иесінің банк шотына ақша аудару жолымен электрондық ақшаны өтейді. Электрондық ақшаны өтеуге беру тәсілі электрондық ақша иесі мен эмитент арасында жасалған шартпен және/немесе электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелерімен белгіленеді.

40. Электрондық ақшаны электрондық ақша иесіне беруге жататын тиісті ақша сомасын оның банк шотына енгізген не оған қолма-қол ақша берген сәттен бастап олардың эмитенттері өтеген деп саналады.

41. Жеке кәсіпкер және/немесе заңды тұлға жеке тұлғадан өздері сатқан тауарлар (қызметтер) үшін ақы ретінде электрондық ақшаны алған кезде эмитент оларды өтеуді «Ақша төлемi мен аударымы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-2-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімде өтеуді жүзеге асырады.

42. Электрондық ақшаны өтеу кезінде электрондық ақшаны өтеуге ұсынған электрондық ақша иесіне берілетін ақша сомасы өтеуге ұсынылған электрондық ақша сомасына сәйкес келуі тиіс.

5-тарау. Электрондық әмиянды оқшаулау

43. Эмитент электрондық ақша иесінің электрондық әмиянын:

1) электрондық ақша иесінен хабарлама алған, оның ішінде электрондық әмиянды жоғалтқан, ұрлатқан немесе рұқсатсыз пайдаланған;

2) электрондық ақша иесі эмитентпен жасалған шартта көзделген өз міндеттемелерін орындамаған;

3) электрондық ақшаны пайдаланудың белгіленген талаптары мен шарттарын бұза отырып операциялар жасаған;

4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негіздер бойынша электрондық ақша иесінің электрондық ақшасына тыйым салынған жағдайларда;

5) олардың арасында жасалған шартта көзделген өзге де негіздер бойынша оқшаулауға құқылы.

Электрондық ақша иесінің электрондық әмиянын оқшаулау талаптары мен мерзімдері шартта көзделуі мүмкін.

44. Электрондық ақша иесінің электрондық әмиянын оқшаулау электрондық ақшамен жасалған операциялар бойынша электрондық әмиянды оқшаулауға дейін туындаған оның міндеттемелерін және эмитенттің міндеттемелерін тоқтатпайды.

45. Электрондық ақшаны қате жіберу анықталған, электрондық әмиян жоғалған, ұрланған немесе рұқсатсыз пайдаланылған кезде электрондық ақша иесі бұл жайлы эмитентті дереу хабардар етеді.

46. Эмитентті электрондық әмиянның жоғалуы, ұрлануы немесе рұқсатсыз пайдаланылуы туралы хабардар ету тәсілдері эмитент пен электрондық ақша иесі арасында жасалған шартпен және/немесе электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелерімен белгіленеді. Электрондық әмиянның жоғалуы, ұрлануы немесе рұқсатсыз пайдаланылуы туралы хабарлама оны эмитент немесе осындай хабарламаны алуға құқығы бар электрондық ақша жүйесінің өзге қатысушы алған сәттен бастап күшіне енеді.

6-тарау. Электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуіне қойылатын жалпы талаптар


47. Электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуін эмитент не эмитентпен жасалған шарт негізінде электрондық ақша жүйесінің операторы функцияларын орындайтын өзге ұйым қамтамасыз етеді.

48. Электрондық ақша жүйесінде пайдаланылатын бағдарламалық-техникалық құралдарға рұқсатсыз кірудің алдын алу құралдары мен шаралары, қорғаудың ұйымдық шараларын және бағдарламалық-техникалық құралдарын қоса, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес ақпаратты қорғау деңгейін және оның конфиденциалдылығын сақтауды қамтамасыз етуі тиіс.

49. Электрондық ақша жүйесінде пайдаланылатын қауіпсіздік және ақпаратты қорғау рәсімдері электрондық ақшаны шығарудың, пайдаланудың және өтеудің барлық кезеңдерінде ақпаратты үздіксіз қорғауды қамтамасыз етуі, оның ішінде:


  1. операцияларды жасау кезінде электрондық ақшаны пайдалануға оның иесінің құқығын шынайы белгілеуі;

  2. электрондық ақшаны пайдалану кезінде жасалатын электрондық хабарламалардың мазмұнындағы бұрмаланушылықтардың және/немесе өзгерістердің болуын анықтауы;

  3. ақпаратқа рұқсатсыз кіруден қорғауды қамтамасыз етуі және осы ақпараттың тұтастығын қамтамасыз етуі;

  4. электрондық ақшаны пайдалануға байланысты оқиғаларды тергеу кезінде дәлелді базаны қамтамасыз етуі тиіс.

50. Эмитент не жүйенің операторы электрондық әмиян иелерінің электрондық әмиянындағы электрондық ақшаның қалдығы және олардың электрондық ақшамен жасаған операциялары туралы ақпаратты тұрақты есепке алуды жүзеге асырады.

51. Эмитент электрондық ақша жүйесіне қатысушылар арасындағы электрондық ақшаны пайдалана отырып жасалатын барлық операцияларды тіркеуді, сондай-ақ оның тұтастығы мен өзгермеуін сақтай отырып қалыптастырылған, жіберілген немесе алынған форматта электрондық ақшаны пайдалану кезінде қалыптастырылатын ақпаратты кемінде бес жыл сақтауды қамтамасыз етеді.


7-тарау. Қорытынды ережелер
52. Эмитент Ұлттық Банкке өзі шығарған электрондық ақша және оларды пайдалана отырып жүзеге асырылған операциялар туралы мәліметтерді береді. Осы мәліметтерді беру нысаны мен мерзімін Ұлттық Банк белгілейді.

53. Эмитент Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес анықтау, сондай-ақ алаяқтықтың алдын алу және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдар мақсатында электрондық ақша жүйесінде ұйымдық және рәсімдік іс-шараларды қамтамасыз ету және ендіру бойынша шаралар қабылдайды.

54. Осы ереженің талаптарын бұзған эмитенттерге Қазақстан Республикасының банк заңнамасында көзделген ықпал ету шаралары қолданылады.

55. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасына және жасалған шарттарға сәйкес шешіледі.



Қосымша





Электрондық ақшаны шығарудың басталғаны туралы

ХАБАРЛАМА

_____________________________________________ 20___жылғы «____»

(эмитент банктің атауы)

______________ бастап _________________________ электрондық ақшасының

(жүйенің атауы)

шығарыла бастағаны туралы хабарлайды.


Банктің лауазымдық тұлғасы ____________ __________________

(қолы, мөрі) (Аты-жөні)




Каталог: cont
cont -> Мазмұны мамандық бойынша түсу емтиханының мақсаттары мен міндеттері
cont -> Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты «Сот кабинеті»
cont -> Қазақстан Республикасының резидент емес заңды тұлғалары (филиалдар мен өкілдіктер) үшін Банкке ақпарат берудің қажеттігі және бсн алу бойынша жадынама
cont -> Акционерлік қоғамның акционерлерінің құқықтары туралы
cont -> Сұрақ: Акционерлік қоғам қызметіне қатысты ақпаратты қалай алуға болады? Қоғам акционер үшін қандай құжаттар тізбесін және қандай ақпаратты бере алады? Жауап
cont -> «Қазпочта» АҚ АҚпараттық саясаты бекітілді
cont -> Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми әдістемелік кеңесінің 2012 ж мәжілісінің
cont -> Справка тоо «Қазақ энциклопедиясы» включен в Перечень объектов организаций республиканской собственности, подлежащих приватизации
cont -> Конкурс красоты «Миссис Стройкомплекс 2014»


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет