Қазақстан Республикасының ұлттық құқығы мен халықаралық құқықтың арақатынасы (басымдылықтың қалыптасу мәселелері). Астана: ЕҰу рбб, 2010. 300 б


Ратификацияланбаған халықаралық шарттар



бет6/17
Дата25.02.2016
өлшемі1.51 Mb.
#21953
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

Ратификацияланбаған халықаралық шарттар біз ұсынған иерархияда заңнан кейін тұрып, заңға сәйкес актілердің тобын бастайды. «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар туралы» 2005 жылы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңының 20-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының қолданыстағы әрбiр халықаралық шартын Қазақстан Республикасының мiндеттi және адал орындауына жатады, Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдайды. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттiк органдары өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша қабылданған мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етедi, осындай халықаралық шарттардан туындайтын Қазақстан Республикасына тиесiлi құқықтардың жүзеге асуын және халықаралық шарттарға басқа да қатысушылардың өз мiндеттемелерiн орындауын қадағалайды.

Алайда бұл шарттар Қазақстан Республикасы заңдарының алдында үстемдігі жоқ, олардың басқа да ұлттық нормативтік – құқықтық актілер алдында үстемдігі болуы мүмкін және олардың осындай заңды күші Қазақстан Республикасында да, Ресей Федерациясында да мойындалады. Сонымен, Ресей Федерациясы Жоғарғы Соты Пленумының 2003 жылы 10 қазандағы «Жалпы юрисдикциялық соттардың халықаралық құқықтың жалпыға танымал нормалары мен қағидаларын және Ресей Федерациясының халықаралық шарттарын қолдануы туралы» №5 Қаулысы ратификацияланған және ратификацияланбаған халықаралық шарттарының арақатынасы мәселесін шешті, онда «Ресей Федерациясында әрекет етуші халықаралық шарт ережелері, егер олардың міндеттілігіне федералдық заң нысанында келісім берілген болса, олардың Ресей Федерациясы заңдарына қатысты үстемдігі бар. Ресей Федерациясында әрекет етуші халықаралық шарт ережелері, егер олардың міндеттілігіне федералдық заң нысанында емес келісім берілген болса, олардың Ресей Федерациясының осы шартты жасаған мемлекеттік органдары шығарған заңға сәйкес нормативтік актілеріне қатысты үстемдігі бар (Ресей Федерациясы Конституциясының 15-бабының 4-бөлігі, 90, 113-баптар)»/35/.

Қазақстанда бұл саладағы заң бұл ретте екі жаққа бөлінбеген, сондықтан Конституциялық Кеңестің немесе Жоғарғы Соттың Факультативті түсіндіруі керек емес. Алайда, Қазақстан Республикасы 2005 жылы 30 маусымда қайтадан қабылдаған «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар туралы» Заңының 20 бабының 2 тармағында келесі жағдай қарастырылған: «Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының Қазақстан Республикасының заңдарымен қайшылығы жағдайында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары өзгертiлуi, олардың қолданылуы тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы тиiс», ойлап қарасақ, жоғарыда айтылған мемлекеттік органдардан қосымша нақтылау талап етіледі. Жоқ дегенде, бұл тармақ ратификацияланбаған халықаралық шарттарға қатысты болуы тиіс, себебі, ратификациялау жаңа заң шығару немесе ұлттық заңға тиісті өзгертулер мен қосымшаларды енгізуді меңзейді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік Қаулыларының заңдылық табиғатына келсек, бірнеше жұмыстар бар, олардың арасында С.Ф. Ударцевтың /36/, Е.Б. Әбдірасуловтың /37/, К.А. Мәмидің және Ж.Н. Баишевтың /38/ мақалаларын айтуға болады. Мақалаларда 1998 жылы 24 наурыздағы «Нормативтік – құқықтық актілер туралы» Заңында Жоғары Соттың нормативтік Қаулыларының «иерархиядан тыс» орналастырылуы «нормативтік – құқықтық актілер нормативтік-құқықтық актілер жүйесіне кірмейді дегенді білдірмейді..., ол тек Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының ерекше заңды күшінің дәлелі ғана... Ол Жоғары Сот үшін ең бастысы Конституциялық норма мен заңдар екенін анықтайды» деп дәлелденген. Жоғарыда аталған ғалымдардың ойына қосыла отырып, атап көрсетсек, Қазақстан Республикасы Конституциясының 81 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық, жергілікті және басқа да соттарда қаралатын өзге де iстер жөнiндегi жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген iс жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады, сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер берiп отырады. Жоғары Сот сот практикасында заңнаманы қолдану мәселесіне бойынша түсініктеме беретін нормативтік қаулылар қабылдайды. «Заңнама» түсінігіне Конституция мен заңдармен кейбір заңға сәйкес актілер де кіретіндігіне қарамастан, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын біз бірден кодекстер мен заңдардан кейін қойдық. Бұл «Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады.» деген Конституцияның 77 бабына байланысты, ал 1997 ж 6 наурыздағы ҚР Конституциялық Кеңесінің «ҚР Конституциясының 4 бабы 1 тармағын; 14 бабының 1 тармағын, 77 бабы 3 тармағының 3) тармақшасын, 79 бабының 1 тармағын және 83 бабының 1 тармағын ресми түсіндіру» Қаулысында (18.06.04ж өзгертілген) «Соттарға заңды (оның нормаларын) қолдану мәселелері бойынша түсіндіру, сот өндірісіндегі субъектілердің жүріс тұрыс ережелерін қалыптастыратын Жоғары Соттың нормативтік қаулысы республиканың барлық соттарына міндетті және сот тәжірибесінде заңнама нормаларын, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Конституциясын қолдану мәселелеріне қатысты ғана шығарылады».


2.3. Қазақстан Республикасында халықаралық құқық нормаларын имплементациялаудағы басымдықтар

Халықаралық шарттарға қосылу және ұлттық құқыққа халықаралық құқық нормаларын имплементациялаудағы кезектегі басымдықтар мемлекет ішілік қажеттіліктермен ғана байланысты емес, сонымен қатар әлемде болып жатқан әр түрлі үрдістермен байланысты, сондықтан бұл процесс үнемі қозғалыста. Басымдықтар жеткілікті деңгейде тұрақты да, ауыспалы да болуы мүмкін – ол мемлекет алдындағы немесе әлемдік қауымдастық алдындағы мәселелерді шешу көлеміне (ауқымына) байланысты. Осыған байланысты олардың шешімі тек теориялық емес, тәжірибелік маңызы бар сұрақтар туындайды. Оларға біздің зерттеп отырған тақырыбымызға тікелей қатысы бар келесі сұрақтар жатқызуға болады:

-халықаралық құқық пен ұлттық заңдар арақатынасының белгілі бір бағыттарындағы басымдықтарды кім анықтайды;

-1990 жылдан бастап Қазақстанның ұлттық заңдарының халықаралық құқықпен өзара әрекетінде қандай басым бағыттар бар;

Бірінші сұраққа байланысты атап көрсетсек, біздің елде мемлекет пен құқықтың дамуының негізгі бағыттары туралы шешімдер саяси, экономикалық және басқа да мақсаттарға лайықтылыққа тәуелді объективтік және субъективтік сипаттағы факторларға негізделіп қабылданады. Республика халықаралық шартты мойындаған жағдайда оны қамтамасыз етуге қатысты сұрақтар туындайтындығы да маңызды рөл атқарады: халықаралық құқық нормасын іске асыру әдетте ұлттық нормативтік-құқықтық актілерді, мемлекет атынан мүдделі министрліктер мен басқа да органдардың ұйымдастырушылық шараларды дайындау мен қабылдауды, сондай-ақ біраз материалдық мен қаражат шығынын талап етеді.

Сондықтан халықаралық құқық пен ұлттық құқық арақатынасындағы басымдықты анықтау үшін әр елде әдетте мемлекет басшысы ғана иеленетін бірыңғай саяси күш-жігер керек. Тек қана сол халықаралық шартқа деген қатынас деңгейін, бірізділігін, сонымен бірге оларды қабылдау басымдылығын айқындайды. Егер де дамыған елдер тәжірибесіне сүйенсек, көбінесе сыртқы қатынастардағы басымдықтарды айқындау негізінде ең бастысы елдің мүддесі жатыр. Бұл пікірді адамзаттың ұзақ дамуы дәлелдейді, әсіресе заманауи американдық зерттеуші. Дж. Гинзбургтің жұмысында аталып көрсетілген. Ол АҚШ-тың халықаралық және ішкі құқығының өзара әрекеттесуі туралы ойлана келе былай деп жазады: «Президентті халықаралық құқық мүддесі үшін жоғары өнегелі күресуші деп айту өте артық болар, себебі ол ішкі саяси көзқарастарды ысырып қойып, өзінің шетелдік әріптестерімен белгілі бір басқа көзқарасты қолдап жүрсе... мемлекеттен жоғары өлшем үшін жергілікті тұрғыдан қараудан бас тартуы саяси сипаттағы прагматикалық көзқарастармен анықталады: нақты жағдайда қақтығыстан қашу мен шиеленіс әлсірету, белгілі бір мемлекетпен жақындасу мақсатына жету, құқықты сыйлау тактикалық дивидент әкелетін мәміле жасау» /39, 86 б./.

Қазақстан да бұл тізімде жоқ емес. Конституцияның 40 бабына сәйкес мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға болып табылады және Конституцияның 44 бабының 11 тармағына сәйкес келiссөздер жүргiзедi және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды; бекiту грамоталарына қол қояды; өзiнiң жанында тiркелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және өзге де өкiлдерiнiң сенiм грамоталары мен керi шақырып алу грамоталарын қабылдайды

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі көптеген халықаралық шарттар қабылдаған алғашқы жылдары ҚР Президентінің бұл саладағы рөлі әсіресе таптырмайтын еді. Қазақстан белгенді түрде көптеген халықаралық ұйымдарға қосылды. Бұл бір шектен екінші шекке -дербес жасалған халықаралық шарттардың болмауынан бастап олардың санының көп болуына, тіпті аса көп болуына ауысқан белгілі маятник феноменін тудырды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2001 жылы Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында халықаралық шарттарды ратификациялау проблемаларын бөліп көрсетті. Ол кезде ратификацияланған халықаралық шарттардың саны 350 еді, тағы 50 шақтысына заң актілерін қабылдау арқылы қосылды. Ал жалпы Тәуелсіздік алған жылдары қабылданған нормативтік-құқықтық актілер саны бір мың шамалас болатын. Президент бірқатар сұрақтар қойды: тым көп халықаралық міндеттемелерді өз мойнымызға алып отырған жоқпыз ба? Барлығы Қазақстан мүддесіне жауап береді ме? Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес өзіндік ұлттық заңнаманы дамытуға бөгет келтірмейді ме? Осыған байланысты қабылдаған міндеттемелер мен шарттарды түгендеу қажет.

Президент осы Жолдауында өз сұрактарына жауап берді. Ол мынаны бөліп көрсетті: «Бізді заң күші үстем болатын ел, саяси және әлеуметтік әділет пен экономикалық еркіндік іргетасына негізделген Қазақстанды құрудың үлкен міндеттері күтіп тұр».

Шынында да, дәл осы тек бізге емес, әлемдегі басқа да серіктестерге қажет. Қазақстанда лайықты болашаққа сенімді жылжыту кепілі осында. Сондықтан қанша халықаралық шарт жасауымыз керек деген сұраққа жауап, біздің ойымызша жалпы мынадай, әлемдік қауымдастықта біздің мемлекеттің тиімді өмір сүруін және Заң күші үстем болатын құқықтық мемлекет құруды қамтамасыз ету үшін қанша халықаралық шарт керек болса, сонша болу керек. Бұл үшін Қазақстан Республикасы адамзаттың ортақ міндеттерін шешуге қатысып, сонымен қатар әлемдік қауымдастық мойындаған халықаралық құқық нормалары мен қағидалары деңгейінде ұлттық құқықтарды жетілдіруді жүзеге асыруы қажет.

1991 жылдан кейін әлемдік, аумақтық және ұлттық дамудың объективті жағдайы Республиканың ұлттық құқығына халықаралық құқық нормаларын имплементациялаудағы басымдықты анықтауда ең алдымен, Қазақстан Республикасы үшін күшінде қалған бұрынғы Кеңес Одағының міндеттемелерін ескере отырып, екіншіден, әлемдік қауымдастық шешуі тиіс жаһандық сұрақтарды, үшіншіден, елдің саяси және әлеуметтік экономикалық даму ерекшелігі тұрғысынан жүргізілуге алып келді. Сөз егер әлемдік қауымдастық пен елдің мүдделері бір біріне сай келсе, онда республиканың халықаралық құқықтық қызметінің жекелеген бағыттарындағы «жетістіктер» туралы, ал егер сай келмесе кейбір бағыттардағы «тоқыраушылық» жөнінде болып отыр.

Егеменді Қазақстан ұлттық құқығының халықаралық құқықпен он жалдан астам өзара әрекеттесуінің қазіргі басымдықтары ретінде үш негізгі бағытты бөліп көрсетуге болады. Олар:



  • Қазақстанның КСРО-ның кейбір халықаралық шарттарының құқықмирасқоры болуы;

  • Елдің барлық адамзаттың қазіргі заманғы қауіптермен (ядролық қаруды таратпау, лаңкестік, наркотизм, экологиялық мәселелерді шешу және т.б.) күресуіне қатысуы;

  • Құқықтық мемлекет құру, азаматтық қоғам қалыптастыру және осыған байланысты ұлттық құқықты жетілдіру, оны халықаралық құқықтың жалпыға танымал нормалары мен қағидаларына сәйкестендіру;

Бірінші басымдықтағы бағытты қарай отырып, құқықмирасқорлық мәселесіне жеткілікті заң әдебиеттері арналғанын айтамыз. Атап айтсақ, мысалы, А.А. Поповтың «Халықаралық құқықтағы құқықмирасқорлық және КСРО құрылуы» диссертациясы фактілік және заңды мирасқорлық мәселесіне арналған. Сондықтан біз Қазақстанның құқықмирасқорлығының посткеңестік шындығына тоқталамыз, себебі құқықмирасқорлығы өзінің сипаты бойынша барлық мемлекеттік аумақтық өзгерістерге ортақ құқықтық процесс болып табылады, оған бұрынғы КСРО-ның ыдырауы жатады. Бұл жағдайдың заңдық негізі болып 1978 жылғы мемлекеттердің халықаралық шарттарға қатысты құқықмирасқорлығы туралы Вена Конвенциясы (бұдан ары – Конвенция) табылады.

Құқыққалдырушы мемлекет ыдыраған жағдайда оның халықаралық шарттары, егер олардың мақсаттары мен мазмұнына қайшы келмесе ары құқыққабылдаушы мемлекет аумағында қарай қолдана береді.

Талданып отырған Конвенцияда «мемлекеттердің құқықмирасқорлығы» термині «белгілі бір аумақтағы халықаралық қатынастар үшін жауапкершілік көтеруде бір мемлекетті екінші мемлекеттің ауыстыру» деп түсіндірілген. Ары қарай Конвенцияда былай делінген: «ештеңе де мемлекеттің және халықтың өзінің табиғи байлығы мен ресурстарына деген айрықша егемендігін айқындайтын халықаралық құқық қағидаларын қозғамайды». Ал жаңа тәуелсіз мемлекеттерге қатысты Конвенцияның 16 бабы, олар ешқандай шарттың күшін сақтауға міндетті емес, немесе шартқа қатысты мемлекеттердің құқықмирасқорлығы кезінде осы аумақта күшінде болған факт үшін ғана қатысушысы бола алады деп бекіткен.

Бұл өте маңызды жағдай барлық посткеңестік республикалар үшін де өзекті болды, себебі Кеңес Одағы құлағаннан кейін шарттарға қатысты құқықмирасқорлығы мәселесін тәуелсіз республикалар бірден көтерді. Әлемдік саясатта «Жана Тәуелсіз Мемлекет» (ЖТМ) термині кең қолданылуы да кездейсоқ емес. Мемлекеттердің халықаралық шарттарға қатысты құқықмирасқорлығы туралы Вена Конвенциясы бойынша «құқыққабылдаушы мемлекет деген аумағы мемлекеттердің құқықмирасқорлығы сәтінде құқыққалдырушы мемлекеттің аумағы болған мемлекет»

1992 жылы 6 шілдедегі «Бұрынғы КСРО-ның ортақ мүддені білдіретін шарттарына қатысты құқықмирасқорлығы мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумда» ТМД-ға мүше мемлекеттер, бұрынғы КСРО-ның халықаралық шарттарының басқа елдермен қатынасты тұрақтандыру және әрі қарай дамытудағы рөлін мойындай отырып, бұрынғы КСРО-ның ортақ мүддені білдіретін шарттарына қатысты құқықмирасқорлығы мәселелерін шешуге ортақ келуді анықтады. Бұл құжатта бұрынғы КСРО мемлекеттерінің барлық дерлік көпжақты халықаралық шарттары Достастықтағы барлық мемлекеттер үшін бірдей ортақ мүддені білдіретіндігі айтылды. Сонымен бірге бұл құжаттар Достастыққа қатысушы мемлекеттердің қандайда бір бірлескен шешімдер, іс әрекеттер қабылдауын талап етпейді және шартқа қатысу мәселесін, әрбір шарттың сипаты мен мазмұнын ескере отырып халықаралық құқық нормаларына сәйкес Достастыққа мүше әр мемлекет дербес шешеді. Кейбір екіжакты шарттар Достастыққа мүше барлық мемлекеттердің мүддесін қозғайды.

Оған мысалы, шекара және оның режимі жайлы шарттар жатады. Ондай шарттар халықаралық құқық бойынша өз күшінде қалуы тиіс және онда тек Достастыққа мүше елдердің ішінен оған мүше емес елдермен шекараласатын мемлекеттері қатыса алады. Мұның маңыздысы Достастыққа мүше тиісті мемлекеттер бұл шарттарға өздерінің қатысатындықтарын нақтылауы тиіс. Сонымен, Қазақстан Республикасының шекаралық саясаты бұрынғы КСРО-ға қатысты жарияланған құқықмирасқорлығы негізінде жүзеге асырылады, өйткені «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Заңның 2 бабында былай делінген: «бұрынғы КСРО жөнiнде жарияланған құқылық мирасқорлықты негiзге ала отырып, осы Заң қолданысқа енгiзiлген кезiнде қолданылып келген халықаралық шарттармен, соның iшiнде Қазақстан Республикасының және КСР Одағының бұрынғы республикалары болған басқа да мемлекеттердiң әкiмшiлiктiк-аумақтық межеленуi туралы актiлерде белгiленген өз Мемлекеттiк шекарасының өтуiн қуаттайды». Қазақстан-Қытай шекарасын реттеу кезінде Кеңес Одағы – Қытай келіссөздері негізге алынды және бұл 1990 жылдары құжаттарда бекітілді, ол Қазақстанның Ресеймен, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен шекара мәселесі ҚазКСР мен КСРО-ның басқа да республикаларымен шекара туралы актілері негізінде реттелді.

КСРО-ның шарттарына қатысты құқықмирасқорлығына байланысты белгілі бір сұрақ туындағанда қатысушы мемлекеттер мүдделі мемлекеттер арасында кеңесу жүргізуге келісілген. Бірақ мұндай кеңесулер кезінде немесе басқа да әрекеттер кезінде ТМД мемлекеттерінің әрқайсысының шартқа дербес қатысуға шешім қабылдау мүмкіндігіне, егер мұндай шешім халықаралық құқық нормаларына сай қабылданған болса кедергі жасалмауы тиіс. Осындай уағдаластықтар нәтижесінде егемен Қазақстанның алғашқы жылдарында белсенді дамыған ұлттық құқықпен қатар бұрынғы КСРО-ның құқық нормалары, Кеңес Одағы қатысқан кейбір халықаралық шарттардың нормалары әрекет етті. Бұл реже Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды күшіне енгізу тәртібі туралы» Қаулыда бекітілді. Осы құжаттың 2 тармағында «алдағы уақытта Қазақстан Республикасы тиісті заңнамалық және басқа да нормативтік құқықтық актілерді қабылдағанға дейін оның аумағында КСРО заңнамасы мен КСРО мойындаған халықаралық құқық нормалары Қазақстан Республикасының осы заңына, басқа да заңнамалық және нормативтік актілеріне қайшы келмейтін бөлікте қолданылады» делінген.

Алайда, 1991 жылы Қазақстан егемендік алғаннан кейін көптеген КСРО халықаралық шарттары іске аспай қалды, бірақ ресми түрде ол айтылған жоқ (мысалы: 1966 жылғы адам құқықтары туралы Пактілер). Тек жеке жағдайларда ғана заң шығарушы кейбір харықаралық – құқықтық құжаттардың Қазақстан Республикасы аумағында қызметін тоқтату туралы құжаттар қабылдап отырды. Мысалы, 1994 жылы 3 қарашада (1993 жылы 28 қаңтардағы бірінші Конституциядан қабылданғаннан кейін) Қазақстан Республикасы Жоғары Кенесінің «Қазақстан Республикасы аумағында бұрынғы КСРО Үкіметінің басқа мемлекеттердің Үкіметтерімен жасасқан табысқа қосарлы салық салуды болдырмау туралы Конвенцияларының қолданылмайтындығы туралы» Қаулысы шықты. Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі бұл халықаралық шарттарды Қазақстан Республикасының жаңа саяси және экономикалық жағдайларына жауап бермейді, шетелдік инвестицияларды тартуда Қазақстан Республикасының мүддесін қорғамайды және кейбір бөліктері ішкі салық заңдарына қайшы келеді деп шешіп, олар 1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы аумағында әрекет етуін тоқтатты.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңда ұлттық құқықтық нормалардың халықаралық құқықтан басымдығы бекітілген болатын. Қазақстан, Ресей Федерациясына қарағанда, КРСО-ның халықаралық және басқа да міндеттемелерінің толық құқықмирасқоры ретінде өзін мойындамады, алайда кей жағдайларда кезінде КСРО бекіткен халықаралық шарттарды Қазақстан ратификациялаған кезде саясаткерлер құқықмирасқорлығы туралы айтқан болатын. Сондыктан құқықмирасқорлығын фактілік және заңдық деп бөлу әділетті. Ғалымдар фактілікке белгілі бір фактіге байланысты мемлекеттердің құқықмирасқорлығы туған жағдайларды, ал заңдыққа – құқыққалдырушы мемлекеттің барлық құқықтары мен міндеттері құқыққабылдаушы мемлекетке беруін немесе өтуін айтады.

Біздің көзқарасымыз бойынша, Қазақстан 1991 жылы егемендік ала салысымен, бұрынғы Қазақ КСР-ның аумағында әрекет еткен халықаралық шарттарды жоятын, шектейтін немесе мойындайтын нормативтік – құқықтық актілер қабылдауы керек еді.

Кей жағдайда Қазақстан Республикасы бұрынғы Кеңес Одағы қатысушысы болған кейбір халықаралық келісімдерді ратификациялады. Мысалы, Қазақстан 1992 жылы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Қаулысымен 1991 жылы 31 шілдеде Мәскеуде қол қойылған стратегиялық басқыншылық қаруларды шектеу мен қысқарту туралы КСРО мен АҚШ арасындағы келісімді 1992 жылы 23 мамырда Лиссабонда қабылданған Хаттамасымен қоса ратификациялады.

Біздің елдің құқықмирасқорлығының объектісі болып КСРО кезінде қабылданған, бірақ одақтас мемлекет ретінде бұрынғы ҚазКСР құзіретіне ғана жататын халықаралық құқықтар мен міндеттер табылды. Кейде кейбір шарттарды тәуелсіздік алғаннан кейін қолдану керек болады. Ол үшін Қазақстан мен КСРО қатысқан шарттың келесі тарабы болған мемлекеттің оны нақтылауы қажет. Мысалы, 1994 жылы Қазақстан мен Жапония шарттар мен келісімдер туралы Вербальдық Нотамен алмасты. Бұл Нота бойынша Жапония Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындағаннан кейін бұрынғы КСРО мен Жапония арасында жасалған келісімдер Қазақстан мен Жапония арасында шарттарда көзделген мерзімдерде өз күшін сақтайды.

Сонымен бірге, Нотада көрсетілгендей, кейбір келісімдер мен халықаралық шарттар Қазақстан мен Жапония арасында қолданылмаған және қолданылмайды, себебі бұл шарттар мазмұны жағынан Қазақстан мен Жапония арасында қолданылуы мүмкін емес (бұлар мысалы, Жапония мен КСРО арасындағы теңіз апатына ұшыраған адамдарды құтқаруда ынтымақтастық туралы Келісімді жүзеге асыру туралы алмасу ноталарын өзгерту туралы алмасу Нотасы (1987 жылы 28 тамыздағы); Жапония мен КСРО Үкіметтері арасындағы балық өнеркәсібіне байланысты операцияларды жүргізу бойынша Келісім (1975 жылы 7 маусымдағы); Пароходтардың тұрақты рейстерін ашу туралы Алмасу хаттары (1957 жылы 6 желтоқсандағы); КСРО-ның алыс Шығыс елдерінің орман ресурстарын даярлау туралы экспорт пен импорт жайлы КСРО мен Жапония арасындағы алмасу хаттары (1968 жылы 14 тамыздағы) және т.б)

Осы жерде сонымен бірге Қазақстан мен Жапония арасында қолданылатын қабылданған кейбір келісімдерге (мысалы, КСРО мен Жапония арасындағы ғылыми – техникалық ынтымақтастық туралы Келісім (1973 жылы 10 қазандағы); КСРО мен Жапония Үкіметтерінің арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімі (1991 жылы 18 сәуірдегі); КСРО мен Жапония Үкіметтерінің арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім (1991 жылы 18 сәуірдегі); КСРО мен Жапония Үкіметтерінің арасындағы мәдениет байланыстар туралы Келісім (1986 жылы 31 мамырдағы) және т.б.) Жапония жағынан да, Қазақстан Республикасының жағынан да бұл шарттарды жүзеге асыруға ешқандай шаралар жасалмаған. Осыған байланысты көрсетілген шарттар мен басқа да халықаралық келісімдер белгілі бір тиісті бірлескен әрекеттер жасалғаннан кейін ғана қолданылады.

Сонымен Қазақстан Кеңес Одағының фактілік және заңдық жағынан ішінара құқықмирасқорлығына ие, ал халықаралық шарттар оның құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл егемендіктің алғашқы жылдарында қатты байқалатын.

Қазір Қазақстан Республикасы дербес халықаралық құқықтық саясат жүргізуде, бірақ бұрынғы КСРО республикаларының фактілік және заңдық құқықмирасқорлығы бұрынғы державаны жалғастырушы Ресей Федерациясымен тығыз байланыста аймақтық ынтымақтастықтың дамуына ықпал етуде. Сондықтан, біздің көзқарасымыз бойынша, құқықмирасқорлығы–мемлекет тарихындағы қысқа уақыттық кезең емес. Керісінше, құқыққалдырушы мемлекет құлағаннан кейін де осы аумақта мемлекеттілік қалыптасқанын, жаңа тәуелсіз мемлекеттің әлемдік қауымдастық алдында тәуелсіздік алғанға дейін қалыптасқан міндеттемелерін куәландыратын эволюциялық дамудың маңызды құрамдас бөлігі. Бұл міндеттерді біздің еліміз, халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидалары мен нормаларының, сонымен қатар, жаңа көпжақты және екіжақты шарттар негізінде әлемдік қауымдастықпен ынтымақтастығын дамыта отырып, жеткілікті деңгейде жүзеге асыруда.

Жылдам қарқынмен өзгеріп отырған әлем адамзаттың алдына жаңа мәселелерді шешуді қоюда, кейде ол шешімдерге бір елдің емес, барлық адамзаттың жер бетінде тіршілік етуі байланысты. Бүкіл әлемдік қауымдастық үшін қазіргі кезде неғұрлым өзекті мәселе болып ядролық қаруды таратудың алдын алу мен бар ядролық қару арсеналына бақылау орнату, лаңкестікті алдын алу және таралуы мәселесін шешу, есірткінің таралуымен күресу табылады.

Сондыктан егеменді Қазақстанның ұлттық құқығының халықаралық құқықпен өзара әрекеттесуінің екінші басым бағыты ретінде біз еліміздің адамзатпен бірге қазіргі заманауи маңызды сұрақтарды шешуге қатысуын көрсетеміз. Бұл өз еркімен мойнына халықаралық міндеттемелерді алуынан көрінеді, бірақ кейде мүдделі мемлекеттер немесе халықаралық ұйымдар тарапынан тиісті саладағы халықаралық шарттарды ратификациялау немесе басқа да жолмен қосылу туралы тікелей өтініш айтылады.

КСРО кезінде Республикамыздың халықаралық құқықтық саласында компетенциясы тек декларация сипатында ғана болды. Алайда КСРО құлағаннан кейін де Қазақстан Республикасы аумағында қалып, оның меншігіне айналған, халықаралық шарттардың объектілері болатын объектілер (полигондар, әскери – өнеркәсіптік кешендер) кей жағдайларда Республиканы Кеңес Одағының құқықмирасқоры ретінде өзін санауына құқық береді. Мысалы, «1972 жылы 26 мамырдағы КСРО мен АҚШ арасындағы ракетаға қарсы қорғаныс жүйелерін шектеу туралы Шартқа байланысты уағдаластықтар туралы Меморандумда (Қазақстан Республикасы 1998 жылы 19 маусымда ратификациялаған) былай делінген: «төменде осы меморандумның мақсаттары үшін КСРО-ның құқықмирасқорлары мемлекеттері деп аталған Белорусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Украина және Америка Құрама Штаттары...».

КСРО құлағаннан кейін Қазақстан ядролық қарудың көп бөлігіне ие мемлекет болып қалды (ядролық қару жағынан әлемде 4-орында болды, оның ядролық қаруының саны Франция мен Ұлыбританияның ядролық қаруларының жалпы санынан асатын). Еліміздің аумағында 1400 ядролық соғыс қарулары бар СС – 18 атты 104 ракета, ядролық соғыс қарулы 240 қанатты ракеталары бар 40 стратегиялық бомбалауыштар болды. Әлемдік қауымдастық ядролық қарудың таратылмауына мүдделі болды және Қазақстан ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа қол қоюға дайындала бастады, ол үшін көптеген шаралар өткізіп, бірнеше халықаралық шарттарға қол қойды:

- 1992 жылы 6 шілдеде Достастық мүше – мемлекеттер (Грузия мен Молдавадан басқа) «Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа Достастыққа мүше мемлекеттердің қатысуы туралы» шешім қабылдады. Онда олар өздерін КСРО-ның құқықмирасқоры мемлекеттері ретінде бұрыңғы КСРО қабылдаған «Ядролық қаруды таратпау туралы Шарттың» қатысушысы болып Ресей Федерациясының қала беруін қолдады. Осы шешім негізінде Ресей осы шарттың депозитарийі қызметін де жалғастыра беретін болды. Ал қалған мемлекеттер «Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа» ядролық қаруы жоқ мемлекеттер ретінде қатысатындықтарын жариялады.

- 1993 жылы Қазақстан ядросыз мемлекет мәртебесін иеленетіндігі, ядролық қаруды кезең-кезеңмен бөлшектейтіндігі, шығаратындығы және жоятындығы туралы саяси шешім қабылдады.

- 1993 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің «1968 жылдың 1 шілдесінде Лондон, Вашингтон және Мәскеу қалаларында қабылданған Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа қосылу туралы» № 2593 – ХІІ Қаулысы қабылданып, Қазақстан оған ядросыз мемлекет ретінде кірді.

- 1993 жылы 13 желтоқсанында Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында «Құрлықаралық баллистикалық ракеталарды шахталық ұшыру құрылымдарын жою, апат зардаптарын жою мен ядролық қарудың таралуын болдыртпауға қатысты Келісім» жасалды. Осыған байланысты Америка Құрама Штаттары Қазақстан Республикасына ядролық қаруды жою мен ядролық қарудың таралуын болдыртпауға қатысты әр түрлі мақсаттарға жетуіне көмектесетіндігі айтылды. Соның ішінде құрлықаралық баллистикалық ракеталарды шахталық ұшыру құрылымдарын жою, Қазақстан Республикасынан ядролық қарудың, сонымен бірге осы қаруға қатысты технологиялардың, материалдық техникалық құралдар мен білімнің таралуына қарсы тексеру шараларын орнатуға, Қазақстан Республикасынан жою мақсатында ядролық қарудың шығарылуы кезінде болуы мүмкін апаттың зардаптарын жоюға және Қазақстан Республикасының аумағында бар басқа да стратегиялық басып алу қаруларын жоюға көмектесу бар.

- 1994 жылы 28 наурызда Мәскеу қаласында Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасында Қазақстан Республикасының аумағында уақытша орналасқан Стратегиялық ядролық қүштер туралы келісім жасалды.

- 1994 жылы «1968 жылы 1 шілде қабылданған Ядролық қаруды таратпау туралы Шарт» ратификацияланды. Бұған Қазақстан Республикасы ҚР Жоғары Кеңесінің 1993 жылы 13 желтоқсандағы № 2593-ХІІ Қаулысына сәйкес ядролық қаруға ие емес мемлекет ретінде қосылды.

- 1994 жылы 26 шілдеде Алматы қаласында Қазақстан Республикасы мен Атомдық энергия бойынша Халықаралық Агенттік арасында 1994 жылы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасы Президентінің №2344 Жарлығымен ядролық қаруды таратпау туралы шарттың ратификациялануына байланысты кепілдіктер қолдану туралы Келісім жасалды. Ол бойынша Қазақстан кепілдікке жататын барлық ядролық материалдардың есебін жүргізу мен бақылау құрып, оны жүргізуге міндеттенді. Ал Агенттік өз кезегінде, Қазақстанның ядролық материалдарды бейбіт пайдаланудан ядролық қару жасауға ауысып кетпеуін бақылау мақсатында бұл жүйесін тексеру мүмкіндігіне ие болу үшін бұл кепілдіктерді қолданады. Агенттіктің тексеруі Келісімде айтылған процедураларға сәйкес Агенттік жүргізетін өлшемдер мен байқаудан тұрады.

- 1994 жылы 5 желтоқсанда Ресей Федерациясы, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Королдігі және Америка Құрама Штаттары Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа қосылуына байланысты Қауіпсіздік кепілі туралы Меморандум қабылдады және онда ЕҚЫК Қорытынды Актісінің қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін, егемендігін және мемлекеттік шекарасын сыйлайтындықтары және Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қарсы күш қолдану қаупін туғызбайтындықтары туралы міндеттенді.

Кейін әлемде болып жатқан саяси процесстер мен елдің қабылдаған халықаралық міндеттемелері талап еткен, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі қатаң ұстанымын бекітетін бірнеше құжаттар пайда болды:

1997 жылы 18 қарашада Вашингтонда Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында ядролық энергияны бейбіт мақсатта қолдану саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды, оны Қазақстан Республикасы 1999 жылы 13 шілдеде № 420-1 Заңмен ратификациялады.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Америка Құрама Штаттары Елшілігі арасында 1993 жылы 13 желтоқсанда жасалған Құрлықаралық баллистикалық ракеталарды шахталық ұшыру құрылымдарын жою, апат зардаптарын жою мен ядролық қарудың таралуын болдыртпауға қатысты Келісімнің мерзімін ұзарту мәселесі бойынша нота алмасу нысанында Келісім жасалды, бұл Келісімді Қазақстан Республикасы 2002 жылы ратификациялады.

Айта кететін жайт бұл құжатта Қазақстандағы АҚШ елшісі «Егер Қазақстан Үкіметі осы Шарт бойынша өзінің қазіргі халықаралық міндеттемелерін орындау үшін ұлттық заңнама бойынша қосымша шаралар енгізу керек деп тапса, біз Қазақстан Республикасының тез арада осы шараларды қабылдауын өте өтінеміз. Сонымен қатар ұлттық заңнаманың кез келген талаптары Қазақстан Үкіметінің осы Шарт бойынша халықаралық міндеттемелеріне өз әсерін тигізбейді, бұл міндеттемелерді орындамау Шарт бойынша көмек көрсетуді тоқтата тұруға немесе тоқтатуға алып келеді» деп тікелей мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы АҚШ Елшілігіне ішкі заңнама бойынша және Қазақстан Республикасында Келісім күшіне енуінің барлық қажетті процедураларын сақтау үшін Қазақстан жағы тиісті ішкімемлекеттік процедуралар жүргізуі керек деп жауап берді.

2001 жылы 14 желтоқсанда Ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы Шарт (ары қарай ЯСЖТШ) ратификациялады. Бұл құжатқа қол қойған мемлекеттер саны әлемдік үш ядролық державаны – Франция, Ресей және Ұлы Британияны қосқанда 160 болғанына қарамастан, Қазақстан бұл құжатты ратификациялаған 77-мемлекет болды. Ратификациялауды тездетуге БҰҰ Бас Хатшысы Кофи Аннанның Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевқа ратификациялауды тездетуге шақырып, тікелей өтініш жасауы себеп болды.

Мына фактіге көңіл аударуға болады, Қазақстанның ұлттық заңнамасында сол кездің өзінде ядролық сынаққа тыйым салуға қатысты тиісті нормативтік құқықтық акт – 1990 жылы 30 қарашада қабылданған ҚазКСР Жоғары Кеңесінің «Семей облысындағы ядролық полигон туралы» Қаулысы болды. КСРО кезінде қабылданғанына қарамастан құжатта «одақтас үкіметтің көп жылғы ядролық сынақ нәтижесінде адамдар өміріне келтірілген залалдарды өтеу бойынша, республика халқының полигонда қызмет ететін контингентпен шиеленіске түсуі нәтижесінде болуы мүмкін күтпеген жағымсыз салдарға қатысты шаралар қабылдамауы... Аталғандарды ескере отырып, ҚазКСР егемендігі туралы Декларация қабылдануына байланысты КазКСР Жоғары Кеңесі қаулы етеді: Семей облысы мен КазКСР аумағындағы басқа да сынақ полигондарында ядролық қару мен басқа да жаппай қырып жою қаруларының барлық түрлерін сынауға тыйым салу». Қазір Ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы Шартты ратификациялаған сәттен бастап, БҰҰ бақылау органдары Қазақстанның Шарт ережелерін бұзуға қатысты әрекеттерін болдырмау үшін тиісті инспекциялар мен басқа да шарттан туындайтын әрекеттер жүргізуге құқылы.

1997 жылы 18 қарашада Шарт ережелерін тиімді орындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы Шарт Ұйымының (ары қарай ЯСЖТШҰ) Дайындық комиссиясы арасында Қазақстанда ядролық сынақты сейсмикалық мониторинг станциясын орнату және экплуатациялау туралы Келісім жасалды. Осы Келісімге сәйкес Қазақстан Республикасында станциялар (Мақаншыда негізгі жүйенің сейсмикалық станциясы, Бурабай, Ақтөбе, Курчатовта көмекші сейсмикалық станциялар, Ақтөбеде инфрадыбыстық станция) орнату басталды. Олар ЯСЖТШ орындауды бақылау бойынша мониторингтің Халықаралық жүйесіне (ары қарай МХЖ) енді.

Негізгі жүйенің сейсмикалық станцияның (әлемде саны 50) алғашқы, неғұрлым маңыздыларының қатарына Мақаншы станциясы жатқызылды. Оның салуды Уақытша Техникалық Хатшылық қаржыландырып, 2000 жылы маусымда салынып бітті.

ЯСЖТШ аясында ядролық сынақтарды өткізуге бақылау әдістемесін дамыту мен көрсетумен байланысты жобаларды жүзеге асыру:



  • тұрақты әлемді сақтау мақсатында ЯСЖТШ бақылау технологияларын дамытуға ат салысады;

  • мүше мемлекеттердің үкіметтеріне өздерінің ядролық сынаққа тыйым салу стратегиясын ұстанатындықтарын, бұрынғы қорғаныс кешендерін бейбіт мақсатта пайдалануға болатындығын көрсету арқылы ЯСЖТШ бақылау саласында алғашқы орындарда болуға мүмкіндік береді;

  • арнайы жер асты шахталары мен құрылғыларын салуға қаражат жұмсамай-ақ ЯСЖТШ қолдау үшін кең ауқымды калибрлі және басқа да тәжірибелер жүргізуге мүмкіндік береді;

Қазақстан Республикасының ЯСЖТШ қосылуы осы Шарт бойынша негізгі міндеттемелерді орындаумен қатар БҰҰ жарнасы шкаласы бойынша жылына 50000 АҚШ доллары шамасында жыл сайынғы жарна төлеуін қарастырады.

2001-2002 жылдары ЯСЖТШ Факультативтіларына сәйкес МХЖ енген Қазақстандық станцияларды салу мен модернизациялау жұмыстары жалғасты. Олардың ішінде:

-МХЖ көмекші станцияларына қойылатын талаптарға сәйкес Курчатов сейсмикалық топтары мен Ақтөбе Станциясын модернизациялау;

-МХЖ негізгі станцияларына қойылатын талаптарға сәйкес Бурабай сейсмикалық топтарын модернизациялау (негізгі станцияларға қосалқы ретінде);

-Ақтөбеде инфрадыбыстық станция салу;

-МХЖ негізгі станциясы ретінде Мақаншы станциясын сертификациялау;

-Станцияларда және Алматыдағы мәліметтер Орталығына Ұлттық және Халықаралық Орталықтарға мәліметтер жинап жіберу үшін спутниктік құрылғылар орнату;

Қазақстан қабылдаған, қосылған құжаттардың толық емес бұл тізімі Қазақстан қарусыздандыру процесіне белсене қатысатындығын, ядролық қаруды жою мен ядросыз ел деген мәртебесін бекіту саласындағы халықаралық құқықтық міндеттемелерін орындап отырғанын көрсетеді.

ХХ ғасырдың аяғында адамзат жарылыс құралдарын пайдалану арқылы іске асырылып жатқан лаңкестік әрекеттердің белең алуына және бар халықаралық құқықтың көпжақты ережелерінде бұл мәселе толық қарастырлмағанына алаңдаушылық білдірді. Сондықтан БҰҰ деңгейінде лаңкестікпен күрес бойынша бірнеше құжаттар қабылдады. 1994 жылы 9 желтоқсандағы Бас Ассамблеяның «Халықаралық лаңкестікті жою бойынша шаралар туралы Декларация» атты 49/60 Қарарының Қосымшасында былай делінген: «Біріккен Ұлттар Ұйымының мүше мемлекеттері лаңкестіктің барлық актілерін, әдістері мен практикасын қай жерде іске асқанына қарамастан, қылмыстық әрекет кінәлайтындықтарын және ешқандай ақтауға жатпайтындығын салтанатты түрде жариялайды. Ондай актілер ішінде мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық қатынастар мен мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін актілер де бар. 1996 жылы 17 желтоқсандағы Бас Ассамблеяның 51/210 Қарары мен оның Қосымшасындағы Декларация Халықаралық лаңкестікті жою бойынша шаралар туралы Декларацияны толықтырды.

Осы халықаралық құқықтық құжаттың негізгі ережелері Қазақстанның ұлттық заңнамасына енгізілді. 1997 жылы 16 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің «Қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстар» атты 9 тарауында лаңкестік үшін өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазаларына дейін қарастырылған баптар бар. 233 бапта лаңкестікке анықтама берілген: «Жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза болуы, елеулi мүлiктiк зиян келтiру не қоғамға қауiптi өзге де зардаптардың туындау қаупiн төндiретiн өзге де iс-әрекеттер жасау, егер осы iс-әрекеттер қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру не Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiм қабылдауына ықпал ету мақсатында жасалса, сондай-ақ аталған iс-әрекеттердi дәл сол мақсатта жасаймын деп қорқыту»

Өзін құқықтық деп жариялаған мемлекетте лаңкестік үшін мұндай қатал жаза жекелеген адамның ғана емес, бүкіл адамзаттың құқығын қорғау идеясына негізделген халықаралық құқық талаптарына сай келеді.

Лаңкестік мәселесі 2001 жылы 11 қыркүйекте Америка Құрама Штаттарының Вашингтон, Нью-Йорк, Пенсильвания қалаларында болған лаңкестік актілерден кейін бүкіл адамзатқа қарсы жаңа қарқынмен белең алды. Әлемдік қауымдастық бұған жауабы тез арада болды. Әлемнің көпшілік мемлекеттері лаңкестікті айыптады, ал Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі 2001 жылы 28 қыркүйекте 1373(2001) Қарарын қабылдады, онда лаңкестік актілерді айыптап, бұдан былай мұндай актілерді болдырмайтындығы туралы шешімін жариялады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының VII тарауына сәйкес БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мемлекеттерді мынадай негізгі әрекеттерді жасауға міндеттеді:

олардың аумағында немесе сол мемлекеттердің азаматтары лаңкестік әрекеттер жасауға қасақана қаржы бергені немесе жинағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу;

лаңкестік актілер жасамақшы болған немесе жасаған, немесе лаңкестік әрекеттерді жасауға қатысқан, немесе көмектескен тұлғалар мен ұйымдардың қаржылық активтерін, экономикалық ресурстарын дереу жауып тастау;

өз азаматтарына немесе өз аумағындағы басқа да тұлғалар мен ұйымдарға актілер жасамақшы болған немесе жасаған тұлғалардың мүддесі үшін қаржылық активтер мен экономикалық ресурстарды беруіне тыйым салу;

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі барлық мемлекеттерді 1999 жылы 9 желтоқсанда қабылданған лаңкестікті қаржыландырумен күрес туралы Конвенциямен қоса лаңкестікмен күрес туралы тиісті халықаралық конвенциялар мен хаттамалардың қатысушылары болуға үндеді;

лаңкестікке қатысты тиісті халықаралық конвенциялар мен хаттамаларды, Қауіпсіздік Кеңесінің 1269 (1999) и 1368 (2001) Қарарларын толық жүзеге асыру және бұл саладағы ынтымақтастықты және басқа ережелер қатарын кеңейту.

1371 (2001) қарардың 6-параграфы негізінде қарарды орындау мониторингі үшін Қауіпсіздік Кеңесінің Комитеті құрылды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі лаңкестікпен күрес жөніндегі Комитеті қарарды оны қабылдағаннан кейін 90 күннен кешіктірмей орындау үшін жасалған қадамдарға қатысты баяндамаларды ұсыну жөніндегі жетекші қағидаларды қабылдады. Осындай баяндамаларды ұсынған кезде мемлекеттер 1371 (2001) қарарының тиісті ережелеріне сілтеме жасай отырып, қолданылған заңнамалық және әкімшілік шаралар немесе осы шешімді орындауға көмектесетін шараларды, сонымен қатар шешіммен көзделген салаларда қолданылған басқа күш салуларды көрсетуге тиіс.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2001 жылы 28 қыркүйектегі 1373 қарарын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі 2001 жылы 15 желтоқсанда «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2001 жылы 28 қыркүйектегі 1373 қарарын орындау жөніндегі шаралар туралы» №1644 Қаулы қабылдады. Бұл қаулыда Үкімет Орталық атқарушы органдарға (тоғыз министрлік тізім көрсетілді) және өзге мемлекеттік органдарға (Ұлттық қауіпсіздік комитеті; Бас Прокуратура; Ұлттық Банк; Қазақстан Республикасы қаржы полициясының Агенттігі) БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарары ережелерін орындау шараларын қолдану туралы; мемлекеттердің БҰҰ ҚК қарарын жүзеге асыру туралы баяндамаларды дайындау мен ұсынуға қатысты лаңкестікпен күрес жөніндегі БҰҰ ҚК Комитетінің жетекші қағидалары негізінде жұмысты өткізу және 2001 жылы 20 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жұмыстың нәтижелері жөніндегі ақпаратты ұсыну туралы тапсырма берді. Кейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі БҰҰ ҚК лаңкестікпен күрес жөніндегі комитетіне БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарары ережелерін орындау барысы туралы баяндаманы дайындауы тиіс.

Қазақстан Республикасы бірқатар халықаралық-құқықтық құжаттарға қосылды. 2002 жылы 2 қазанда қабылданған №347-ІІ Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Лаңкестікті қаржыландырумен күрес туралы Халықаралық Конвенцияға (2000 жылы 20 қаңтар, Нью-Йорк қ.); 2002 жылғы 4 шілдедегі №334-ІІ Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бомбалы лаңкестікпен күрес туралы Халықаралық Конвенцияға (1998 жылы 12 қаңтар, Нью-Йорк қ.) қосылды.

Лаңкестік көрінісімен соқтығысқан елдердің тәжірибесі бомбалы лаңкестік ең жиі жасалынатын қылмыс болып табылатынын көрсетеді. Конвенцияның 2-бабының 1тармағына сәйкес «егер кез келген тұлға заңсыз және қасақана қоғамдық жерде, мемлекеттік немесе үкіметтік объекті, қоғамдық көлік жүйесі немесе инфрақұрылым объекті орындарында өлім не зақым келтіру ниетімен немесе осы объектіні, жүйені, орынды қирату мақсатымен (егер бұл қирату үлкен экономикалық залал келтіретін болса) жарылғыш немесе өзге өлтіретін құрылғыны әкелетін, орнататын, жаратын болса осы Конвенцияның мағынасы бойынша қылмыс жасайды». Ұйымдастырушы, басқарушы, бірге қатысушы, немесе өзге де 1-тармақта көрсетілген қылмыстардың кез келгенін жасауға тырысатын тұлға қылмыс жасаған болып танылған.

Әрбір мүше-мемлекет халықтың, тұлғалар тобының немесе нақты тұлғалардың арасында террор жағдайын жасауға бағытталған қылмыстық әрекеттер ешқандай жағдайда да ешқандай саяси, философиялық, идеологиялық, нәсілдік, этникалық, діни немесе басқа да ұқсас түсініктер бойынша ақталуға жатпайтынын және олар ауырлық дәрежесіне сәйкес жаза қолдануды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолдануға міндеттенді.

Мүше-мемлекеттер Конвенцияның 2-бабында көрcетiлген қылмыстарға қатысты тергеумен, қылмыстық қудалаумен немесе ұстап берумен байланысты бір-біріне максималды көмек көрсетуі тиіс. Соның ішінде құқықтық көмек туралы бар кез келген шарттар немесе уағдаластықтарға сәйкес тергеуге қатысты дәлелдемелерді беруге көмектесу бар. Осындай келісімдер немесе шарттар болмаса, мүше-мемлекеттер өздерінің ішкі заңнамаларына сәйкес бір-біріне көмек көрсетеді.

Конвенцияның ережелері мүше-мемлекеттерге осы Конвенция бойынша өз міндеттемелерін егеменді теңдік және аумақтық тұтастық қағидаларына және басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидасына сай орындауды белгілейді. Осы Конвенция мүше-мемлекеттерге басқа мүше-мемлекеттің аумағында оның ішкі заңнамасына сәйкес билік құзыретіне кіретін функциялар мен юрисдикцияларды жүзеге асыру құқығын бермейді.

Бұл халықаралық-құқықтық актінің басқа халықаралық шарттармен салыстырғанда басым мағынасы осы Конвенцияның 9-бабының 5-тармағы көрсетеді: «2-бапта көрсетілген қылмыстарға байланысты мүше-мемлекеттер арасындағы ұстап беру туралы барлық шарттар мен келісімдердің ережелері мүше-мемлекеттер арасындағы қатынастарда осы Конвенциямен үйлеспейтін дәрежеде өзгертілген болып саналады».

Қазақстан барлық деңгейлерде, яғни ұлттық, аймақтық – ТМД деңгейінде лаңкестікпен күреске белсенді түрде кірісті.Лаңкестікпен күрес бойынша мемлекеттен жоғары органдар қатары қатысады (ТМД мүше-мемлекеттерінің ішкі істер министрлер Кеңесі; ТМД мүше-мемлекеттерінің қауіпсіздік органдар мен арнаулы қызметтердің басқарушылар Кеңесі; ТМД мүше-мемлекеттерінің қорғаныс министрлер Кеңесі; Шекаралық әскерлердің қолбасшылар Кеңесі; ТМД мүше-мемлекеттерінің Бас прокурорларының үйлестіруші кеңесі; ТМД мүше-мемлекеттерінің антитеррорлық орталығы); ШЫҰ-да Аймақтық антитеррорлық құрылым құрылды және т.б. Осы бағыттағы жұмысты және заңнаманың үздіксіз жетілдіруі лаңкестікпен күрес күрделілігімен, өте жасырын және болжап болмайтын құбылыспен байланысты.

Өзінің варварлық ұсқынын лаңкестік 2004 жылы қыркүйектің басында Ресейдің солтүстік Осетиялық Беслан қаласында, нәтижесінде 380 астам жазықсыз бала, оның ішінде өзінің бірінші Білім күні мейрамына келген 6-7 жастағы бірінші сынып оқушылары, олардың ата-аналары мен мұғалімдері қаза тапқан, жүздеген мектеп оқушылары жарақат алған, террористтер лаңкестер тобы мектепті басып алған кезде айрықша қорқынышпен көрсеткен. Осы теракт бүкіл адамзатты лаңкестікпен күресудің жаңа нысандары мен тәсілдерін іздеуге итермеледі. Халықаралық қауымдастық пен әр мемлекет қызметінің бұл бағыты, өкінішке орай, жақын болашақта ең өзекті және маңызды қызметтердің бірі болады.

Қазіргі кездегі адамзаттың ең қауіпті мәселелерінің бірі нашақорлықтың кең таралуы болды. БҰҰ жүйесінде наркобизнес пен нашақорлықпен күрес саласындағы көптеген халықаралық органдары бар. Ол 1946 жылы құрылған есірткі құралдары жөніндегі БҰҰ Комиссиясы; 1968 жылы құрылған есірткілерге бақылау жөніндегі Халықаралық комитет және т.б. Есірткілерге бақылауды жүзеге асыру саласындағы БҰҰ бүкіл қызметін 1990 жылы негізі салынған Есірткілерге Халықаралық Бақылау туралы БҰҰ Бағдарламасы үйлестіреді, оның өкілдігі Қазақстанда бар. Осы арқылы Қазақстан өзінің халықаралық міндеттемелерін орындауын тиісті органдар бақылауын жасауын мүмкіндік берді.

Есірткілерге бақылау жасау саласындағы БҰҰ саясаты Ауғанстан айналасында «қауіпсіздік белдеуін» құрудан тұрады. Бұл «белдеу» бірнеше қабаттан тұрады. Қазақстан осы «қауіпсіздік белдеуінің» екінші қабатына кіреді. Қазақстан Республикасына құқықтық базаның дамуы мен жетілдіру түрінде ғылыми-теориялық жағынан да, наркобизнеспен күресуді тікелей жүргізетін құқық қорғау органдарын бірқатар құрылғымен қамтамасыз ету, техникалық және басқа да жәрдем беру түрінде материалдық жағынан да көмек көрсетіледі. Осыдан прокурорлық органдар мен ішкі істер органдарының тәжірибесінде халықаралық құқық нормаларын қолданумен байланысты сұрақтар елеулі көрініс табады.

Мұндай органдардың өз құзіретіндегі (беру туралы келісімдер, құқықтық көмек және т.б) халықаралық келісімдерді қолдануына жасалған талдаудан, бұндай келісімдерді олай тікелей қолданады және ондай қолданыс үшін құқықтық база кеңейіп келеді деген қорытындыға келеміз.

Қазақстан нашақорлықпен күрес туралы барлық құжаттарды ратификациялады: Есірткі құралдары туралы 1961 жылғы Бірыңғай конвенция; Жүйкеге әсер ететін заттар туралы 1971 жылғы Конвенция; 1988 жылдың 20 желтоқсанындағы БҰҰ есірткі заттары және жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз саудаға енгізу туралы Вена Конвенциясы. Бұл тек мемлекет ішіндегі мәселелермен ғана байланысты емес, онымен қоса біздің ел арқылы өтетін наркотрафиктің күрт көбеюіне әлемдік қауымдастық аса алаңдаушылық білдіріп отыр. Есірткі туралы қазақстандық заңнама күн санап жетіліп келеді. ҚР Қылмыстық Кодексі (260 бап) есірткі заттарын не жүйкеге әсер ететін заттарды ұрлау және тартып алуға жасы 14-ке толғандардан бастап қылмыстық жауапкершілік тағайындайды. ҚР Қылмыстық Кодексі 54 бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікті ауырлату жағдайларына басқаларымен қатар алкоголь, есірткі немесе токсикомандық мастық күйінде қылмыс жасау жатады. ҚР Қылмыстық Кодексінің көптеген баптары (132, 250, 259-266 баптар) есірткімен байланысты қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жазалардың көптеген түрлерін қарастырады (15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін).

1998 жылы 10 шілдеде Қазақстан Республикасының «Есірткі заттары, жүйкеге әсер ететін заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен оны шектен тыс пайдалануға қарсы шаралар туралы» Заңы қабылданды. Бұл заң еліміздегі есірткі саласын мемлекеттік бақылайтын жүйені реттейді. Үкіметтің №186 Қаулысында БҰҰ 1961, 1971 және 1988 жылдардағы есірткіні бақылау туралы Конвенцияларының барлық талаптарына сәйкес келетін есірткі заттары, жүйкеге әсер ететін заттар және прекурсорлардың тізімі бекітілді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында есірткі заттарын және жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз айналымға енгізуді тиімді халықаралық және мемлекетаралық бақылауға алуда жақсы құқықтық база жасақталған.

2002 жылы 20 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының құқықтық саясат Тұжырымдамасында айтылғандай, Қазақстанның таяудағы онжылдыққа арналған халықаралық шарттық құқықтық саясаты ҚР экономикалық тиімділігі мен мақсатқа лайықтылығын ескере отырып, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын оңтайландыруға және Қазақстанды интеграциялық процестерге қатыстыруға бағытталу керек. Бұл мақсатта халықаралық келісімдерді жасаудың өте жақсы ойластырылған деңгейі болу тиіс және халыққа белгілі бір саяси және экономикалық пайда әкелетіндеріне ұдайы назар аудару керек.

Қазақстан Республикасы Президенті 2009 жылдың 24 тамызында №858 Жарлығымен бекіткен 2010-2020 жылдар аралығындағы Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты Тұжырымдамасында бұл ұсыныс нақты сипатқа ие болды: «Ұлттық заңнаманы қабылдаған халықаралық міндеттер мен халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жолындағы жұмыстарды тоқтатпау керек. Оған қоса бұл жұмысты атқарғанда мемлекеттің дамуындағы ішкі қажеттіліктер мен дамудағы басым бағыттарды ұстану қажет».

Мемлекеттің ішкі саясатын жүзеге асыру мақсатында мемлекетаралық шарттарды жасауда, халықаралық ұйымдарға мүше болуда ойластырылған және ұйымдасқан шешім қабылдау, оларды жүктемес бұрын әкімшілік-экономикалық, саяси-құқықтық және басқа да салдарларды болжауға қатысты күрделі жұмыс атқару қажет.

Халықаралық аренадағы Қазақстанның ұлттық мүдделерін қанағаттандыру үшін, сонымен қатар қауіпсіз және тұрақты Орталық Азияны қалыптастыру, аймақтың тартымдылығын арттыру мақсатында халықаралық құқықтық институттар және ұйымдарды белсенді қолдану керек.

Қазіргі заман шындығы көптеген проблемалар тудыруда, солардың бірі «түрлі түсті революция». Посткеңестік кеңістікте бұл құбылыстың көрінуі экономикалық артта қалу мен биліктің әлсіздігіне байланысты.

Осы «түрлі түсті революциядан» өткен бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің қазіргі жағдайы олардың дамысы алға жылжу емес, керісінше, тежелуде екенін көрсетті.

Бұған әсер етуші факторлардың бірі - осыған мүдделі шет елдердің болуы. Мысалы, 2005 жылдың наурызында АҚШ-та шет елдердегі демократиялық қозғалыстарды қолдауға қатысты «Демократияны қолдау туралы Акт» аталатын заң жобасы қабылданды, оны конгресстің талқылауына екі негізгі саяси партия өкілдері – республикалық Дж.Маккейн және демократ Дж. Либерман енгізді. Бұл заң жобасы АҚШ бюджетінен екі жыл бойы «шет елдердегі демократияны қолдауға» қосымша 300 млн$ бөлуді қарастырады. Оған қоса АҚШ мемлекетінің мемлекеттік департаменті жанынан демократиялық қозғалыстарды бойынша басқарма және шет елдердегі АҚШ өкілдіктері жанынан «аймақтық демократиялық орталықтар» құру көзделген. Жобаны жасаушылардың ойы бойынша мұндай құрылымдар Вашингтонға нақты мемлекеттердегі демократиялық күштермен қарым-қатынас жасауға көмектесіп, оларға америкалық көмекті нақтыландырады. «Кавказ бен Орта Азияда адамдар өзгерісті күтуде және өзгеріс болады», - деп Вашингтондағы Халықаралық республикалық институтта Ақ Үй басшысы жариялады. Тек соңғы 3 жылда Вашингтон 4,6 млрд АҚШ долларын барлық әлем бойынша демократиялық өзгерістерді қолдау бойынша бағдарламаларға бөлді /41/.

Оған деген жауап ретінде Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік коммерциялық емес ұйымдар жұмысы туралы» және «Коммерциялық емес ұйымдар мәселелеріне қатысты Қазақстан Республикасы заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын бекітті. Бұл актілер мұндай ұйымдар жұмысының ашықтығын талап етеді, депутаттардың ойынша, бұл сырттан болатын төңкерістердің трансплантациясына саналы жауап болып табылады. Бірақ Конституциялық Кеңес заң жобаларын Конституцияға сай емес деп тапты /42/, енді Үкімет пен депутаттардың жаңа заң жобасын Мәжіліске енгізуге мүмкіндігі бар. Ол жоба халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың құқықтарын қамтамасыз етумен қатар, жалпы мемлекеттік қажеттіліктерге де жауап беретін болу керек.

Осылайша, Қазақстан Республикасының ұлттық құқығында халықаралық құқықты жүзеге асырудағы басымдықты мемлекет басшылығы, мемлекет басшысының саяси еркі жаһандық мәселелер, аймақтық ынтымақтастық, ел мүддесін қорғау сияқты көптеген факторлар негізінде айқындайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет