Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік үлгілерінің мемлекеттік тізілімі мен өнеркәсіптік үлгіге қорғау құжатын беру барысындағы талаптар



Дата17.07.2016
өлшемі64 Kb.
#205771
Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік үлгілерінің

мемлекеттік тізілімі мен өнеркәсіптік үлгіге қорғау құжатын беру барысындағы талаптар
Қазіргі таңда индустриалды-инновациялық өндірістің дамуына байланысты бұйымның, тауардың сыртқы түрінің маңызы арта түсуде. Ұлттық және халықаралық сауданы ырықтандыру жағдайында бәсекелестіктің күшеюі бұйымның сыртқы түріне жоғары талаптар қойылатынын көрсетуде. Бұйымның сыртқы үлгісін (дизайн) айқындайтын өнеркәсіптік немесе майдагерлік қолөнер өндірісінің көркемдік-конструкторлық шешімі – өнеркәсіптік үлгі болып табылады. Өнеркәсіптік үлгі бүгінгі таңда кең таралып келе жатқан өнеркәсіптік меншік объектілерінің бірі болып табылады.

Осыған орай, өнеркәсіптік үлгілер, оларға қойылатын талаптар және оларды құқықтық қорғау мәселесіне тоқталсақ:

Қазақстан Республикасында өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн жасауға, құқықтық қорғау мен пайдалануға байланысты мүлiктiк, сондай-ақ, оларға байланысты жеке мүлiктiк емес қатынастар Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 10 шілдедегі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген, 1999 жылғы 16 шілдедегі № 427 «Патент Заңымен» (одан әрі – Патент заңы) реттеледі.

Сондай-ақ, өнеркәсiптік үлгiге өтiнiмдi жасау, ресiмдеу және қарау, мәлiметтердi Қазақстан Республикасының өнеркәсiптік үлгiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзу, сондай-ақ, қорғау құжатын беру Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 24 ақпандағы № 91 бұйрығымен бекітілген жаңа Ережеге сәйкес реттелетінін атап өту қажет.

Патент заңына сәйкес өнеркәсіптік меншік объектілеріне, соның ішінде өнеркәсіп үлгілеріне берілген өтініштерді қабылдау, олар бойынша сараптама жүргізу, қорғалатын объектілердің мемлекеттік тізілімдерін жүргізу, берілген қорғау құжаттары туралы мәліметтерді жариялау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМҚК құзыретіне жатады.

Өнеркәсіптік үлгі – бұйымның сыртқы түрінің шешімі. Бұйым ретінде өзінің сыртқы түрін сақтап қалуға қабілетті және визуалды қабылдана алатын адамның қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған түрлі заттарды атауға болады. Бұйымның – өнеркәсіптік үлгісінің сыртқы түрінің шешімі – көркемдік–конструкторлық сипатқа ие, яғни, бұйымның сыртқы түрінде көркемдік және конструкторлық элементтер үйлесуі қажет.

Патент заңының 8-бабының 1-тармағына сәйкес, бұйымның сыртқы түрiн айқындайтын көркемдiк-конструкторлық шешiм өнеркәсiптiк үлгiге жатады. Егер өнеркәсiптiк үлгi жаңа әрі бiрегей болса оған құқықтық қорғау берiледi.

Аталған Заңның 5-бабына сәйкес, өнеркәсіптік үлгі құқығы патентпен қорғалады. Өнеркәсiптiк үлгiге патент өтiнiмге ресми сараптама және мәнi бойынша сараптама жүргiзiлгеннен кейiн берiледi.

Өнеркәсіптік үлгі ретінде мыналарды тіркеуге болады:

- қаптаманың дизайны (жұмсақ қаптаманың сыртқы түрі, бөтелке формасы);

- жапсырмалар (этикеткалар);

- бұйымның дизайны (мысалы, жиһаз, зергерлік бұйым, ыдыстың)

- сайттың дизайны (интерфейс);

- шрифттер;

- интерьер дизайны;

- агрегаттар мен машиналар дизайны.

Өнеркәсіптік үлгілерді оған ұқсас зияткерлік меншік объектілерінің басқа түрлерінен, мысалы пайдалы модель немесе көлемді тауар белгілерінен ажырата білу қажет. Өнеркәсіптік үлгі мен пайдалы модель мәселені шешу сипаты бойынша ажыратылады. Егер өнеркәсіптік үлгі мәселені бұйым түрінің сипатын көркемдік және конструкторлық құралдар көмегімен шешсе, пайдалы модель құрылымның конструкторлық орындауына жататын тек техникалық шешім болып табылады. Осылайша, пайдалы модель патенті құрылымның сыртқы түрін емес, конструкторлық элементтердің болуымен, олардың байланысы, элементтердің параметрлері, орындалған материалдарымен сипатталатын техникалық мәнін қорғайды.

Кейбір бұйымдар тең дәрежеде өнеркәсіптік үлгі немесе пайдалы модель ретінде де танылуы мүмкін. Мысалы, автомобильдің техникалық шешімі пайдалы модель патентімен, ал сол автомобильдің сыртқы түрі өнеркәсіптік үлгі патентімен қорғалуы мүмкін.

Сонымен қатар кейбір бұйымдар көлемді тауар белгісі, өнеркәсіптік үлгі ретінде де танылуы мүмкін (мысалы, бірегей бөтелке). Бұл жағдайда бұйым өнеркәсіптік меншіктің түрлі объектілері ретінде кейбір ерекшеліктермен бірдей қорғалуы мүмкін.

Бұйымның сыртқы түрі тұтынушыны қызықтырып, тартымды етіп, сатып алушының қандай да бір таңдау жасауына мүмкіндік туғызады. Өнеркәсіптік үлгілер компанияларға өнімді басқа бәсекелестерінің өнімдерінен ажыратып, өз өнімінің беделін нығайтуға әсер етеді.

Өз кезегінде, өнеркәсіптік үлгі өнімнің нысаны, оюлары, суреттері, сызықтары, түсі сияқты көлемді бөліктерден тұрады. Осыған орай, өнеркәсіптік үлгілерді қорғауды қамтамасыз етудің маңызы зор.

Мынадай шешiмдер:

1) бұйымдардың тек қана техникалық мiндеттерiне негiзделсе;

2) сәулет объектiлерiнiң (шағын сәулет нысандарын қоспағанда), өнеркәсiптiк, гидротехникалық және басқа да тұрақты ғимараттардың;

3) сұйық, газ түрiндегi, сусыма немесе сол сияқты заттардан тұратын тұрақсыз нысандағы объектілердiң;

4) қоғамдық мүдделерге, адамгершiлiк пен мораль принциптерiне қайшы келетiн бұйымдардың шешiмдерi өнеркәсiптiк үлгiлер болып танылмайды.

Өнеркәсiптік үлгiге патент беруге өтiнiмде:

1) өнеркәсiптік үлгi авторлары және атына патент сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген патент беру туралы өтiнiш;

2) мәлiмделген үлгi (үлгiлер) туралы толық егжей-тегжейлi түсiнiк беретiн бұйымның (бұйымдардың) немесе макеттiң кескiнi бейнеленген қайта жасауға жарамды жиынтығы;

3) өнеркәсiп үлгiсiнiң елеулi белгiлерiнiң тiзбесiн қамтитын сипаттамасы;

4) өкiлдер арқылы iс жүргiзген жағдайда - сенiмхат болуға тиiс.

Сонымен қатар, өнеркәсiп үлгiсі өтiнiміне белгiленген мөлшерде ақы төленгенiн растайтын және оның мөлшерi кемiтiлуiне арналған негiздеменi растайтын құжаттар қоса тіркелуі қажет, олар өтiнiммен бiрге немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде табыс етiлуi тиіс. Тиiстi төлемдер енгiзiлген жағдайда, бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ екi айдан аспауы керек.

Егер, төлемақы жасалғаны жөнiндегi құжаттар белгiленген мерзiмде тапсырылмаса, өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.

Өнеркәсіптік үлгіге патент, өтінімге ресми сараптама және мәні бойынша сараптама жүргізілгеннен кейін оң шешім қабылдаған жағдайда ғана беріледі.

Өнеркәсiптiк үлгiге берілетін патент, өтiнiм берiлген күннен бастап он бес жыл бойы күшiн сақтайды, патент иеленушiнiң өтiнiшi бойынша оның қолданылу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол бес жылдан аспауы керек.

Патент өнеркәсiптiк меншiк объектiсiне басымдықты, авторлықты және ерекше құқықты куәландырады.

Өнеркәсiптiк үлгiге патентпен берiлетiн құқық қорғау көлемi бұйымның (макеттiң) кескiндерiнде ұсынылған және өнеркәсiптiк үлгiнiң елеулi белгiлерiнiң тiзбесiнде келтiрiлген оның елеулi белгiлерiнiң жиынтығымен анықталады.

Қорғау құжатын алу құқығы, өтiнiмдi тiркеуден туындайтын құқықтар, қорғау құжатын иелену құқығы және қорғау құжатынан туындайтын құқықтар тұтас немесе iшiнара басқа адамға берiлуi мүмкiн.

Патент заңына сәйкес мемлекет құпия деп таныған өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне құқықтық қорғау берiлмейдi. Өнеркәсiптiк меншiктiң құпия объектiлерiн пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

Мемлекеттік тізілім Қазақстан Республикасындағы өнеркәсіптік үлгілер туралы мәліметтерді қамтитын жазбалардың құрылымдық жиынтығын білдіреді.

Аталған мәліметтерге мыналар жатады: қорғау құжатының нөмірі (патент), өтінімнің тіркеу нөмірі, өтінімнің берілген күні, өнеркәсiптiк үлгiнiң халықаралық сыныптамасының индекс(тер)i (ӨҮХС), басымдық күні, өнеркәсіптік үлгінің атауы, патент иеленушісі, автордың деректері және Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік үлгісінің мемлекеттік тізіліміндегі тіркеу күні.

Өтiнiш берушi сараптама жасау ұйымына патент беруге және жариялауға дайындағаны үшiн тиiстi төлемдi, сондай-ақ, мемлекеттiк баж салығын төлегенiн растайтын құжатты ұсынғаннан кейін, сараптама ұйымы өнеркәсіп үлгіні Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік үлгілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізеді.

Уәкiлеттi орган патенттi беру туралы мәлiметтердi бюллетеньге жариялай отырып, патент иеленушiге тиiстi қорғау құжатын бередi.

Атына патент сұраған тұлғалар бірнешеу болған жағдайда, оларға бір ғана патент беріледі.

Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiнiң патент иеленушi болып табылмайтын авторына уәкiлеттi орган оның авторлығын растайтын ресми куәлiк бередi.

Патент заңының 9-бабына сәйкес өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн шығармашылық еңбегiмен жасаған жеке адам оның авторы деп танылады.

Егер өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн жасауға бiрнеше жеке адам қатысса, олардың бәрi оның авторы (қосалқы авторы) болып есептеледi. Қосалқы авторлардың тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртiбi олардың арасындағы келiсiммен белгiленедi.

Өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн жасауға өзінің шығармашылық үлесін қоспаған, авторға тек техникалық, ұйымдық немесе материалдық көмек көрсеткен немесе оған құқықты ресiмдеуге және оны пайдалануға ғана жәрдемдескен жеке адам автор деп танылмайды.

Сараптама жасау ұйымы өтiнiм берiлген күннен бастап өнеркәсiптiк үлгiге патент беру туралы мәлiметтер он екi ай өткен соң бюллетеньде жариялайды. Өтiнiм берушi мәлiметтердi көрсетiлген мерзiмнен ерте жариялауға мүмкіндігі бар, ол үшін белгілі қолдаухатты сараптама жасау ұйымына жібереді.

Сол сияқты, Патент заңының 5,30,31-баптарына сәйкес қорғау құжаттарының мерзімін ұзарту, мерзімінен бұрын тоқтату, қайта қалпына келтіру іс-әрекеттері, осы патентке енгізілген өзгерістер туралы мәліметтер Қосымша түрінде жеке парақта келтіріледі.

Сонымен қатар, өнеркәсіптік үлгінің мемлекеттік тізіліміне қорғау құжатының сот шешімі немесе Аппеляциялық комиссияның шешімін бекіту туралы уәкілетті органның бұйрығы негізінде толық немесе ішінара жарамсыз деп танылу туралы тиісті мәліметтер енгізіледі.

Қорғау құжаттарының құқықтық мәртебесінің өзгеруі туралы барлық мәліметтер Қазақстан Республикасының мемлекеттік тізілімнің тиісті кітаптарына енгізіледі. Мемлекеттік тізілімнен қорғау құжаттарының құқықтық мәртебесі көрсетіле отырып үзінді көшірме беріледі.

Өнеркәсіптік үлгілерді қорғау - көркемдік өнерді өнеркәсіп пен өндірісте, сондай-ақ, өнердің дәстүрлі салалары мен көркемдік кәсіпті жандандырып, экономикалық дамуға мүмкіндік туғызады. Ал бұл коммерциялық жұмыстың жандануына, ұлттық және отандық өнімді экспорттауға септігін тигізеді.

Осыған орай, жылдан жылға елдер арасында сауда-экономикалық қатынастар нығайған жағдайда ұлттық өндірушілер (шығарушылар) үшін өз тауарларын (өнімдерін) басқа елдерге экспорттауда олардың сыртқы түрінің құқықтық қорғалуының маңызы зор. Өнеркәсіптік үлгіні қорғау кез келген дизайнердің немесе өндіруші фирманың іскерлік стратегиясының маңызды бөлігі болуы қажет. Өнеркәсіптік үлгіні тіркеу жолымен қорғау арқылы оның иесі басқа тұлғалар тарапынан заңсыз көшіруге кедергі болатын айрықша құқыққа ие болады.

Статистикаға көз жүгіртетін болсақ, елімізде 2010 жылы өндірістік үлгілерге 260 қорғау құжаттары берілсе, оның ішінде 151 – ұлттық, 109 – шетелдік өтініш берушілер болып табылады. Ал, 2011 жылы 270 қорғау құжаттары берілсе, оның ішінде 142 – ұлттық, 128 - шетелдік өтініш берушілер болған. Яғни, 2011 жылы қорғау құжаттарының берілуі, алдыңғы көрсеткіштерге қарағанда арта түскенін байқауға болады.

Баяндалғандар негізінде, экономика шарықтап дамып жатқан заманда өнеркәсіптік үлгілердің қоғам өмірінде алатын орны ерекше екендігін атап өту қажет. Өнімнің сыртқы түрін жаңарту, өзгерту арқылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері, отандық өнім өндірушілер бизнес саласында зор табыстарға жетеді. Мысалы, кез келген бұйымның, айталық сағат, қалам, киім үлгілері, дизайны өзгеріп, эстетикалық тартымдылығы, әдемілігі артса, оларды сатып алуға сұраныс та артатыны сөзсіз.



Қосымша ақпарат ретінде айта кетсек: өнеркәсіптік үлгіге сараптама жасайтын ұйым, көрсетілетін қызметтер мен жұмыстар үшін төленетін төлемдер тәртібі, олардың прейскурантта белгіленген бағасы (тарифтері) және республикалық бюджетке түсетін мемлекеттік бажды төлеу тәртібі туралы мәліметтер сараптама ұйымының www.kazpatent.kz веб-сайтында орналасқан.


Қолданылған материалдар:

  1. Қазақстан Республикасының Патент Заңы;

  2. Өнеркәсiп үлгiсiне өтiнiмдi жасау, ресiмдеу және қарау, мәлiметтердi Қазақстан Республикасының өнеркәсiптiк үлгiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзу, сондай-ақ қорғау құжатын беру ережесі;

  3. Ұлттық зияткерлік меншік институтының жылдық есебі, 2010-2011жж.;

  4. Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясы;

  5. В.Е. Китайский «Основы патентной экспертизы», ОАО ИНИЦ «Патент», 2007г., Москва.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет