Дене жаттығуларының мазмұны мен формасы Дене жаттығулары мазмұны жағынан да, формасы жағынан да бір-бірінен ерекшеленеді. Мазмұнға дене жаттығуларына енетін әрекеттерді, сондай-ақ жаттығулардың барысында организмге тарайтын және оның дене тәрбиесімен айналысушыларға тигізетін әсерін анықтайтын процестерді (психикалық, физиологиялық, биохимиялық, биомеханикалық т.б.) жатқызады. Дене жаттығуларын орындау (еркін қозғалыстарды) қимыл-қозғалыстардың қандай болатындығын шамалаумен, көңіл аударумен, ойланумен, ерік күштерімен, эмоциямен, тағы басқа да психикалық процестермен байланысты. Түрлі дене жаттығуларын орындау кезінде организмнің жүрек-қан тамырлары, тыныс алу және басқа жүйелерінің жұмысында әртүрлі өзгерістер болады. Осындай ілгерілеушіліктер организмінің қызмет ету мүмкіндіктерін тиісті дәрежеде өзгертеді және массаның ұлғаюы мен органдар құрылымының дамуына алып келеді. Дене жаттығулары мазмұнын педагогикалық көзқарас тұрғысынан қарай отырып, олардың білім беру-тәрбиелеу міндеттерін іске асыру үшін маңызын анықтау (қимыл-қозғалыстық іскерліктер мен дағдылар, дене қасиеттерін дамыту т. б.) маңызды. Дене жаттығуларының формасы оның ішкі және сыртқы құрылымын көрсетеді. Ішкі құрылым белгілі бір жаттығуды орындап жатқан кезде организмдегі әртүрлі процестердің өзара байланысымен сипатталады. Сыртқы құрылым - форма көрінісі, ол қозғалыстың кеңістіктік, мезгілдік, динамикалық параметрлерінің арақатынасымен сипатталады. Дене жаттығуларының мазмұны мен формасы өзара байланысты. Мазмұн формаға қатысты жетекші рөл атқарады, мысалы, жүгіру шапшаңдығы артқанда адамның ұзындығы және дененің еңкею бұрышы өзгереді. Бірақ форма да мазмұнға әсер етеді: мәселен, алысқа лақтыруда құлаш сермеуді дұрыс орындау дене қасиеттерінің көрініс беруіне әсерін тигізеді (лақтыру қашықтығы артады, мұның өзі бұлшық ет күшінің өзгергендігін дәлелдейді).
Дене жаттығулары техникасы - бұл қозғалыстарды орындау тәсілдері, олардың көмегімен қимыл-қозғалыстық міндеттер шешіледі. Дене жаттығуларының техникасы дегеніміз ізденістің, ғылыми анализдің және спортшының қимылды орындау әдісін практика жүзінде тексеруден өткен нақтылы нәтижелері. Техника деген түсінік педагогикалық немесе биомеханикалық тұрғыдан түсіндірілуге тиісті. Педагогикалық тұрғыдан дене жаттығуларының техникасы деп қимыл қозғалысты орындаудың ең тиімді әдісін айтады. Тиімділік адам организміне ең қолайлы әсерінен (мысалы, тұлғаны дамытуға, шынықтыруға қажет бұлшық ет топтарына әсер ету) және қимылдың нәтижесінен (мысалы, карғу қашықтығымен) көрінеді. Бірдей қимылдарды әртүрлі әдіспен де орындауға болады, бірақ оның ең қолайлысын ғана орындау техникасы деп атайды. Мысалы, әртүрлі әдіспен жүзуге болады (кроль, брасс т.б.) бірақ кейбіреулер классикалық әдісті игермей-ақ жүзе алады. Бұл жағдайда біз «жүзу техникасын игермеген» дейміз. Стандартты техника дегеніміз – шынығушылардың ең қолайлы негізде керекті кимылды орындауын көрсететін техника. Стандартты техника қимыл негізін көп өзгерістерге ұшыратпайды және орындалатын жаттығулардың кейбір злементтерін орындауда ауытқу мүмкіншіліктерін жоққа шығармайды. Техниканың жекелілігі екі бағытта жүзеге асырылады: жалпы адам тұлғасының және адамдардың жеке тобының дене дайындығына байланысты стандартты техника деңгейінде өзгеру енгізетін кездегі типтік жекелілік жолымен немесе адамның жеке ерекшеліктерін ескеретін дербес жекелілік жолымен жүзеге асырылады. Дене жаттығулары техникасы өзгеріп, жетіліп отырады. Жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылу, дене тәрбиесімен айналысушылардың дене әзірлігін жақсарту, қозғалыстың биохимиялық заңдылықтарын ашу, неғұрлым жетілдірілген спорт жабдықтарын қолдану техниканы жетілдіруге, жаттығулардың жаңа формаларын жасауға әкеледі. Дене жаттығуларын орындау (техникасы) әдістерінің тиімділігін бағалау критерийі сыртқы форма (конькимен мәнерлеп сырғанау) сандық нәтиже (секіру, жүгіру т. б.) немесе қимыл-қозғалыстық міндеттерді орындау (нысанаға тигізу) болып табылады. Дене жаттығулары техникасында буындар мен бөлшектерді анықтайтын негізді бөлек алып қарайды. Техника негізі - бұл қимыл-қозғалыстық міндеттерді шешу үшін қажетті жаттығудың басты элементтері. Техника негіздерінің белгілі бір элементтері болмаған кезде жаттығу орындалмайды немесе бұзылып орындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |