Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру қағидалары



Дата17.06.2016
өлшемі144.18 Kb.
#141326
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2016 жылғы 21 тамыздағы
№ 840 қаулысымен   
бекітілген

Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында
заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру қағидалары

1. Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Құқықтық актiлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Регламентiне (бұдан әрi – Үкiмет Регламентi) сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен заңнамалық актілер жобаларын әзiрлеуге жауапты мемлекеттік органдарда (бұдан әрі – мемлекеттік органдар) заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру тәртiбiн айқындайды.

2. Мемлекеттік органдардың заң жобалау жұмысын жүзеге асыруы мынадай кезеңдерді:

Бюджет кодексін іске асыру үшін әзірленетін заңнамалық актілер жобаларын қоспағанда, заңнамалық акт жобасының тұжырымдама жобасын даярлауды;

Заң жобалары тұжырымдамаларының жобаларын және нормативтік құқықтық актілердің жобаларын ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыру және жария талқылау қағидаларына сәйкес заң жобасы тұжырымдамасының жобасын жария талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыруды;

реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізуді немесе жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асыруды көздейтін заң жобасы тұжырымдамасының жобасын реттеушілік әсерге талдау жүргізуді;

кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобасы тұжырымдамасының жобасын, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және Ұлттық палатаға сараптамалық қорытынды алу үшін жіберуді;

заң жобасы тұжырымдамасының жобасын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне алдын ала қорытынды алу үшін жіберуді;

заң жобасы тұжырымдамасының жобасын Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) отырысында қарауды;

Комиссия отырысында тиісті жоба тұжырымдамасы мақұлданған жағдайда заңнамалық акт жобасын әзірлеу бойынша жұмыс тобын құруды;

реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізуді немесе жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асыруды көздейтін заңнамалық акт жобасын реттеушілік әсерге талдау жүргізуді;

заңнамалық акт жобасын, сондай-ақ, егер тиісті заңнамалық актіде заңға тәуелді актіні қабылдау көзделсе, оның жобасын әзірлеуді;

заңнамалық акт жобасына ғылыми сараптама жүргiзуді;

Заң жобалары тұжырымдамаларының жобаларын және нормативтік құқықтық актілердің жобаларын ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыру және жария талқылау қағидаларына сәйкес заңнамалық акт жобасын жария талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыруды;

кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заңнамалық акт жобасын, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және Ұлттық палатаға сараптамалық қорытынды алу үшін міндетті түрде түсіндірме жазбаны қоса бере отырып жіберуді;

«Қоғамдық кеңестер туралы» Заңда мемлекеттік органда қоғамдық кеңес құру көзделмеген жағдайды қоспағанда, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін қозғайтын заңнамалық акт жобасын қоғамдық кеңестерге ұсынымдар алу үшін жіберуді;

заңнамалық акт жобасын Үкімет Регламентіне сәйкес мүдделі мемлекеттік органдармен келісуді;

заңнамалық акт жобасын пысықтау кезінде тұжырымдамалық өзгерістер енгізілген жағдайда қосымша ғылыми сараптама жүргізуді;

заңнамалық акт жобасын Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзу және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентіне сәйкес қарауды;

заңнамалық акт жобасын Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісіне енгізуді;

заңнамалық акт жобаларын Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарында қарау кезінде ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз етуді қамтиды.

Жоғарыда көрсетiлген кезеңдердiң әрқайсысында заң жобалау қызметiн жүзеге асыру мемлекеттік органның заң қызметiнiң басшысымен келiсiлуi тиiс.

3. Заң жобасы тұжырымдамасының жобасын дайындау Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауының ережелері, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының нормативтік қаулылары, мемлекеттік бағдарламалар және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен бағдарламалар, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары, Үкімет шешімдері, нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингінің нәтижелері, Қазақстан Республикасының заңнамасын тиісті салаларда және қоғамдық өмірдің салаларында қолдану практикасы, қолданыстағы заңнаманың проблемалары бойынша жүргізілетін ғылыми-практикалық конференциялардың, семинарлардың, кеңестердің материалдары, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, үкіметтік емес ұйымдар ұсынатын материалдар, бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпарат ескеріле отырып жүзеге асырылады.

Заң жобасы тұжырымдамасының жобасын мемлекеттік органдар қажет болған кезде ғылыми-зерттеу ұйымдарын, ғылымның тиісті салаларындағы ғалымдарды, білімнің тиісті салаларындағы мамандарды тарта отырып дайындайды.

Заң жобасы тұжырымдамасының жобасын дайындау кезінде мемлекеттік орган:

құқықтық реттеудің тиісті саласындағы қолданыстағы заңнаманы талдауы, қолданыстағы құқықтық тетіктер тиімділігінің жеткіліксіздігі себептерін айқындауы (олар болған кезде), заңнамалық актілерге жүргізілген құқықтық мониторингінің нәтижелерін есепке алуы, ұқсас құқықтық қатынастарды реттейтін актілердің көп болуын, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы дұрыс қолданбау себептерін анықтауы;

экономикалық, әлеуметтік, статистикалық және өзге де қажетті ақпаратты зерттеуі, қорытындылауы және талдауы, заңнамалық актіні қабылдаудың болжалды әлеуметтік, қаржылық-экономикалық, экологиялық, құқықтық және өзге де салдардың, актінің қабылдауына байланысты белгілі саладағы қоғамдық қатынастар дамуының мүмкін беталыстары мен нұсқаларының зерттеуін жүргізуі;

қажетті қаржылық-экономикалық есептеулерді жүргізуі;

шетелдік тәжірибені зерттеуі, салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізуі қажет.

Заң жобасы тұжырымдамасының жобасы осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысаны бойынша ресімделеді.

Заңнамалық актіні қабылдау қажеттілігін куәландыратын дәлелдерді баяндау нақты, теріс құбылыстар мен процестердің жеткілікті түрде жетілдірілмеген қолданыстағы заңнамамен байланысын жан-жақты белгілейтін болуға тиіс. Дәлелдер ретінде бар жағдайлардың қысқаша мән-жайын көрсете отырып, практикадағы үлгілерді, заңнамалық актілердің нормаларын қолданудың дұрыстығы туралы пікірлерді, қорытындылар мен ұсыныстарды келтіру қажет.

Әлеуметтік салдарды болжаған кезде заңнамалық актіні қабылдаудың жалпы қоғамның дамуына, сол сияқты оның жекелеген әлеуметтік топтарына, өмірдің деңгейі мен сапасын арттыруға мүмкін болатын әсерді: білім беру және халықтың жұмыспен қамтылуы деңгейіне, қоғамның әлеуметтік құрылымына, денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділікке, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, азаматтық қоғам институттарының дамуына ықпалды және басқа да салдарды талдау жүргізіледі.

Қаржылық-экономикалық салдарды болжаған кезде заңнамалық актіні қабылдаумен байланысты мыналар:

республикалық және жергілікті бюджеттің тікелей және жанама шығыстары;

құқық қолданушылардың және заңнамалық акті нормаларын іске асырудың өзге де субъектілерінің шығыстары;

республикалық және жергілікті бюджеттің кірістері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың кірістері;

өзге де шығыстар мен кірістер, сондай-ақ өзге де экономикалық әсер (бәсекенің дамуына әсер, кредит ресурстарының қолжетімділігі, жаңа жұмыс орындарын құру және басқа да салдар) бағаланады.

Экологиялық салдарды болжау шеңберінде заңнамалық актіні қабылдау нәтижесінде қоршаған ортаға болатын әсер етудің бағыты, сипаты мен дәрежесі бағаланады.

Құқықтық салдарды болжаған кезде келешек заңнамалық актінің қаралып отырған саладағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің бар тетігіне ықпалы, атап айтқанда, заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтардың, тиімсіз және декларативті нормалардың болуы, құқықтар мен міндеттерді іске асыру тетігінің болмауы бағаланады.

Мемлекеттік бюджеттен болжалды қаржылық шығындар туралы ақпаратқа тиісті қаржылық есептеулер қоса берілуге тиіс.

Салдарды болжаған кезде келешек заңнамалық актінің мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының нысаналы индикаторларына, көрсеткіштеріне, тәуекелдеріне ықпалы бағаланады.

4. Заң жобасы тұжырымдамасының дайындалған жобасы Комиссия мүшелеріне және мүдделі мемлекеттік органдарға жіберу, сондай-ақ тұжырымдама жобасы бойынша алдын ала қорытынды алу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жіберіледі.

Егер заңнамалық актінің жобасын жаңа редакцияда әзірлеу көзделсе, онда Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне тұжырымдама жобасымен бірге жаңа редакциядағы заңнамалық акт жобасының алдын ала мәтіні енгізіледі.

Заң жобасы тұжырымдамасының жобасы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне түскен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде Комиссияның барлық мүшелеріне, кәсіпкерлік бойынша уәкілетті органға және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға жіберіледі.

Комиссия мүшелері мен мүдделі мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшылығының тапсырмасымен түскен шұғыл мәселелерді қоспағанда, 7 жұмыс күні ішінде өз ескертулері мен ұсыныстары болған жағдайда оларды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің атына береді, ал кәсіпкерлік бойынша уәкілетті орган реттеушілік әсерге талдау жасау қажеттігі немесе кажет еместігі туралы қорытындыны ұсынады.

Заң жобасы тұжырымдамасының жобасы бойынша Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне оны енгізген кезден бастап 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі осы Қағидалардың 5-тармағында белгіленген талаптарға заң жобасының тұжырымдамасы жобасының сәйкестігін көрсететін алдын ала қорытынды дайындайды. Заң жобасы тұжырымдамасының жобасы көрсетілген тармақтың талаптарына сәйкес келмеген кезде әзірлеуші оны пысықтауды қамтамасыз етуге тиіс.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің заң жобасы тұжырымдамасының жобасы бойынша алдын ала қорытындыға Комиссия мүшелері мен мүдделі мемлекеттік органдардың ескертулері мен ұсыныстары қоса беріледі.

5. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Комиссия мүшелері мен мүдделі мемлекеттік органдардың ескертулері мен ұсыныстарын ескеріле отырып пысықталған заң жобасы тұжырымдамасының жобасын Комиссия отырысына шығарады. Егер мемлекеттік орган Комиссия мүшелерінің, мүдделі мемлекеттік органдардың ескертулерімен және ұсыныстарымен келіспесе, онда тиісті ескертулер мен ұсыныстар Комиссия отырысында талқылануға жатады.

Комиссия отырысында заң жобасы тұжырымдамасының жобасымен бірге Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің алдын ала қорытындысы қаралады.

Комиссия:



  1. қолданыстағы заңнамада реттеліп қойған құқықтық қатынастарды регламенттеуді көздейтін;

  2. құқықтың негіз қалаушы қағидаттарына қайшы келетін;

  3. реттеу нысанасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 3-тармағында көрсетілген қоғамдық қатынастарға сәйкес келмейтін;

  4. реттеушілік әсерге талдау жүргізілмеген, бірақ оны жүргізу қажеттігі туралы уәкілетті органның қорытындысы бар заң жобасының тұжырымдамаларын мақұлдай алмайды.

6. Мемлекеттік органдар заңнамалық актілердің жобаларын және заң шығармашылық жұмыстың Тұжырымдамалық жоспарын Қазақстан Республикасы Үкіметінің заңнамалық жұмыстарының ағымдағы жоспарын орындау үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша жоспардан тыс тәртіпте Комиссия отырысында тиісті заң жобасының тұжырымдамасы мақұлданған жағдайда әзірлейді.

Егер мемлекеттік орган заңнамалық актілердің жобасын әзірлеуге бюджеттік қаражаттар мен гранттар есебінен тапсырыс берсе, онда мемлекеттік орган тиісті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің жобасын қалыптастыру кезеңінде заңнамалық актілердің жобасын әзірлеуге бірмезгілде бюджеттік өтінім бере отырып, оны әзірлеудің мақсатқа сәйкестігі мәніне Комиссия қорытындысын береді.

7. Заңнамалық актілердің жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган заңнамалық актілер жобасын дайындау бойынша жұмыс тобын құрады. Заңнамалық актілер жобасын дайындауда жобаны дайындаушы мемлекеттік органның заң бөлімшелерінің қызметкерлері міндетті түрде қатысуы тиіс.

Заңнамалық актілер жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына «Қазақстан Республикасы Заңнама институты» мемлекеттік мекемесінің, белгілі бір құқық саласының ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депуттаттары және олармен келісу бойынша ғылымның тиісті салаларының ғалымдары тартылады.

8. Заңнамалық актілердің жобасы Комиссия мақұлдаған оның тұжырымдамасына қатаң сәйкестікпен әзірленуге тиіс.

9. Мемлекеттік органдар мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге енгізетін мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған заң жобалары мынадай материалдарды қамтуы тиіс:

1) заңнамалық актілердің жобасын;

2) заңнамалық актілердің жобасын Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне енгізу туралы Үкіметтің қаулы жобасын;

3) Үкімет Регламентінің талаптарына сәйкес дайындалған Үкімет қаулысының жобасына түсіндірме жазбаны;

4) заңнамалық актілердің жобасы мақсаттарының, міндеттері мен негізгі ережелерінің жан-жақты сипаттамасымен бірге жобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесі бар заңнамалық актілер жобасына түсіндірме жазба жобасын;

5) қабылданатын Заңның қолданылуының ықтимал экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, экологиялық салдарының болжамдарын.

Қабылданатын Заңның әлеуметтік және экономикалық салдарын бағалау мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Қабылданатын заң жобаларының қолданылуының әлеуметтік-экономикалық салдарын бағалау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырылады;

6) егер заңнамалық актілер жобасын іске асыру республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық Қорының түсімдерін қысқартуға немесе шығыстарын ұлғайтуға әкеп соқтыратын болса, қаржы-экономикалық есептемелерді;

7) заңнамалық актілер жобасының мүдделі органдармен келісу парағын;

8) заңнамалық актілер жобасының ғылыми сараптамасы нәтижелері бойынша қорытындыны; Заңнамалық актілер жобасын әзірлеуші ғылыми сараптаманың қорытындысымен келіспеген жағдайда, тиісті қорытындымен келіспеу себептеріне жазбаша дәлелді негіздер келтіруге тиіс;

9) қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін заңнамалық актілердің жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесімен, бұрынғы және жаңа редакциядағы баптардың салыстырмалы кестесі беріледі.

10) егер заңнамалық актілердің жобасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесін қозғайтын жағдайда, заңнамалық актілердің жобасына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындысы қоса беріледі. Әзірлеуші сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің дәлелденген жазбаша негіздемелерін келтіруге тиіс. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің қорытындысы оларды белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда берілмейді.

11) егер заңнамалық актілердің жобасы азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты болған жағдайда, оған қоғамдық кеңестің ұсынымдары беріледі, егер заңнамалық актілердің жобасы азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты болған жағдайда, мемлекеттік органда қоғамдық кеңесті құруда «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңда көзделмеген жағдайларды қоспағанда, оған қоғамдық кеңестің ұсынымдары беріледі. Әзірлеуші қоғамдық кеңестің ұсынымдарымен келіспеген жағдайда, ұсынымдармен келіспеу себептерінің жазбаша негіздемелерін келтіруге тиіс. Қоғамдық кеңестің ұсынымдары оларды белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда берілмейді;

12) Үкімет Регламентінің қосымшасына сәйкес нысан бойынша анықтама парақты;

13) республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық Қорының түсімдерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін заңнамалық актілер жобасына қатысты Республикалық бюджеттік комиссиясының оң шешімінің көшірмесін;

14) тиісті заңнамалық актілердің қабылдануына байланысты өзгертілуі немесе күші жойылды деп танылуға жататын заңнамалық актілердің тізбесін;

15) егер Қазақстан Республикасы заңының қолданылуын қамтамасыз ету үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдау қажет болса, заң жобасын іске асыру үшін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын (егер мұндай қажеттілік болмаса, бұл ілеспе хатта көрсетіледі).

Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган заңға тәуелді актінің тиісті жобасын сұратады және жоғарыда көрсетілген барлық материалдармен бір мезгілде енгізеді;

16) заң жобасын (заң жобаларын) бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде Интернет желісінде талқылау және оны (оларды) пысықтау кезінде қоғамдық пікірді ескеру нәтижелері туралы анықтаманы;

17) Заң жобалары тұжырымдамаларының және нормативтік құқықтық актілердің жобаларын ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыру және жария талқылау қағидаларына қосымшасында көрсетілген нысан бойынша заңнамалық актілер жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы есеп.

Заңнамалық актілер жобасын Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігіне қарауға және келісуге енгізетін кезде, бірмезгілде тұжырымдама жобасын және заңнамалық актілердің жобасы мәтінін әзірлеуге Қазақстан Республикасы Заңнамалық институты» мемлекеттік мекемесінің қатысқанын растайтын қорытынды енгізіледі.

10. Заңнамалық актілер жобасын мемлекеттiк органдармен келiсу, заң жобасын Үкiметтiң қарауына енгiзу тәртiбiн Үкiметтiң Регламентi белгiлейдi.

Заңнамалық актілер жобасын келісу тәртібін мемлекеттік органдар, заңнамалық актілер жобасын Үкіметтің қарауына енгізу Үкіметтің Регламентінде айқындалады.

11. Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі мемлекеттік органдардың заң жобалық жұмыстарына жалпы бақылау мен үйлестіруді, сондай-ақ осы қызметке әдістемелік басшылықты жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру қағидаларына қосымша



Әзірленетін заң жобалары бойынша тұжырымдама нысаны

1. Заң жобасының атауы.

2. Заң жобасын әзiрлеу қажеттiлiгiнiң негiздемесі.

3. Заң жобасын қабылдау мақсаттары.

4. Заң жобасын реттеу мәнi.

5. Заң жобасының құрылымы.

6. Тиісті салада заңнамалық актілерге құқықтық мониторинг жүргізудің нәтижелері .

7. Заң жобасын қабылдаған жадайда болжанып отырған құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдар

8. Басқа заңнамалық актілерді әзiрленетiн заң жобасымен бiр мезгiлде (кейiннен) сәйкестікке келтiру қажеттiлiгi.

9. Заң жобасы мәнiнiң өзге де нормативтiк құқықтық актілермен регламенттелуі.



10. Қаралатын мәселе бойынша шетелдiк тәжiрибенiң бар болуы.

11. Заң жобасын iске асыруға байланысты болжанып отырған қаржылық шығындар.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет