Қазақстан республикасының



бет1/5
Дата25.02.2016
өлшемі1.01 Mb.
#22210
  1   2   3   4   5





Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

отырысында мақұлданған

(2013 жылғы 28 тамыздағы

№ 33 хаттама)



ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

2014 – 2018 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН

ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ

ДАМУ БОЛЖАМЫ

1. Экономика дамуының ішкі және сыртқы шарттары




    1. 2012 – 2013 жылдары елдің әлеуметтік-экономикалық даму үрдістері

Қазақстан экономикасы 2012 жылы еуроаймақ елдерінің борыш проблемаларының ушығуына, АҚШ-та сақталып отырған жоғары жұмыссыздық деңгейіне және Қытай экономикасының баяулауына негізделген әлемдік экономикадағы ұлғайып келе жатқан дағдарыс құбылыстарының ықпалымен дамыды.

Қолайсыз сыртқы экономикалық конъюнктураға қарамастан, отандық экономика 5,0% өсу қарқынына қол жеткізді. Есептік деректер бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 12 118,9 АҚШ долларын құрады, бұл 2011 жылғы көрсеткіштен 6,7%-ға жоғары. 2012 жылы экономикалық өсудің негізгі факторлары тұтынушылық сұраныстың жақсаруы және қызметтер өндірісінің қарқынды өсуі болды.

Есептік деректерге сәйкес ЖІӨ-нің өсуіне үй шаруашылықтарының соңғы тұтыну шығыстары өсімінің жоғары қарқыны – 11,1% (үлесі 4,8 п.т.), мемлекеттік басқару органдары – 11,4% (үлесі 0,9 п.т.), сондай-ақ инвестициялар – 3,3% (үлесі 0,8 п.т.) болды.

Тұтынушылық белсенділіктің ұлғаюымен қатар қызметтер саласының көрсеткіштері жақсарды. Өсу саудада (14,6%), тұру және тамақтану бойынша қызметтерде (11,2%), ақпарат және байланыста (20,5%), қаржылық және сақтандыру қызметінде (11,7%), сондай-ақ әкімшілендіру және қосымша қызмет көрсету саласында (11,8%) байқалды.

Бұдан басқа, 2012 жылы тұрақты өсу 2011 жылғы өсудің қолайлы үрдісін сақтаған денсаулық сақтау, білім беру, өнер, ойын-сауық және демалыс сияқты әлеуметтік салалар аясында байқалды.

Сонымен бірге, 2012 жылы дамыған елдердің ішкі теңгерімсіздігіне негізделген қолайсыз сыртқы экономикалық жағдайлар экспортқа бағдарланған салалардың даму серпінінің бәсеңдеуіне әсер етті.

Өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі шамалы (1,5%) өсті, тау-кен өнеркәсібі тауарларын өндіру 2011 жылғы деңгеймен салыстырғанда бар болғаны 0,4%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 3,0%-ды құрады.

Тау-кен және өңдеу өнеркәсібіндегі елеусіз өсу қарқыны нәтижесінде ЖІӨ өсіміне жалпы өнеркәсіптің үлесі бар болғаны 0,5 %-ды құрады.

Тауарлар өндірісі өсуінің баяулауына қарамастан, өңдеу салаларының арасында сусындар өндірісінде (16,2%), былғары және оған қатысты өнімдер өндірісінде (20,8%), өзге де металл емес минералдық өнім өндірісінде (10,7%), сондай-ақ машина жасауда (16,5%) өсім байқалды. Бұдан басқа, қолайлы және тұрақты өсу қарқыны (5,0%-дан кем емес) темекі, тоқыма, ағаштан және тоздан жасалған бұйымдар, киім, сондай-ақ фармацевтика өнімдері өндірісінде жалғасты.

2012 жылы ЖІӨ-нің өсуіне теріс әсер еткен қолайсыз фактор табиғи-климаттық жағдайлар болды. Бүкіл Қазақстан аумағындағы ұзаққа созылған құрғақшылық өсімдік шаруашылығының 27,6% құлдырауына әкелді, бұл нәтижесінде мал шаруашылығындағы көрсеткіштерге де әсер етті: құлдырау 3,8% құрады. Жалпы ауыл шаруашылық өнімдерінің өндірісі 17,4%-ға төмендеді.

Тұтыну бағаларының индексі 2012 жыл бойы бірқалыпты болды және өзгерістердің маусымдық үрдісін сақтады. 2012 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі жылдық мәнде (2012 жылдың желтоқсаны 2011 жылдың желтоқсанына) 6,0%-ды құрады, бұл 2011 жылдың деңгейінен 1,4%-ға төмен. 2012 жылы инфляцияға ең көп үлесті ақылы қызметтер бағаларының өсуі (9,3%) қамтамасыз етті. Азық-түлік тауарларына бағалардың өсуі 5,3%, азық-түлік емес тауарларға – 3,5%-ды құрады.

Инфляцияның бәсеңдеуі әлеуметтік көрсеткіштерге қолайлы әсер етті. 2012 жылғы қаңтар-желтоқсандағы нақты еңбекақының өсуі өткен жылдың тиісті кезеңіне қатысты 7,2% деңгейінде қалыптасты.

Сыртқы экономикалық конъюнктураның тұрақсыздығына және мұнайға әлемдік бағалардың жоғары құбылмалылығына қарамастан, 2012 жылы сыртқы сауда теңгерімі оң тренд көрсетті. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің есептік деректеріне сәйкес сыртқы сауда айналымының көлемі 2012 жылы 141,0 млрд. АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 92,1 млрд. АҚШ доллары, импорт – 48,9 млрд. АҚШ доллары. Экспорт 2011 жылдың көлеміне қарағанда 5,2%-ға, импорт сәйкесінше 20,2%-ға ұлғайды. Импорттың экспорт көлемінен озық өсуі 2012 жылдың ортасында экспорттық бағалардың едәуір төмендеуіне, сондай-ақ мұнай өндіру көлемінің шамалы төмендеуіне негізделді.

Еңбекақы және инвестициялық кірістер бойынша капиталдың өсіп келе жатқан таза ағымы 2012 жылы импорттың экспорт көлемінен озық өсу қарқынының қолайсыз үрдісін ішінара жойды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша 2012 жылдың қорытындысы бойынша капиталды таза әкелу 3,1 млрд. АҚШ долларын құрады, 2011 жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіш 0,6 млрд. АҚШ доллары деңгейінде болған. Осылайша, Қазақстанның 2012 жылғы ағымдағы шоты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша 6,1 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде профицитпен қалыптасты.

Экспорттық түсім өсуінің бәсеңдеуі 2012 жылы өсу қарқыны қолайлы үрдісті көрсеткен мемлекеттік бюджеттің кірістілігіне әсер еткен жоқ. Есептік деректер бойынша мемлекеттік бюджеттің кірістері 5813 млрд. теңгені құрады, бұл 2011 жылдың ұқсас көрсеткішінен 8,2% жоғары, ал шығындар 6 269,0 млрд. теңгені құрады, яғни алдыңғы жылдан 15,6 пайыздық тармаққа жоғары.

Қазақстан экономикасы дамуының оң серпіні аясында қаржы секторы да 2012 жылы қолайлы трендпен сипатталды. Банк секторының жеке капиталының жеткіліктілігін ұлғайтумен (1,7%) қатар екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – ЕДБ) жалпы сыртқы борышы 2012 жылы 2011 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 7%-ға қысқарды. Бұдан басқа, 2012 жылы банк секторының өзге оң тренді ЕДБ кірістілігі болды, ол 2013 жылдың 1 қаңтарында 214,6 млрд. теңгені құрады, ал 2012 жылдың 1 қаңтарында ол теріс болды.

Экономиканың тұрақты өсуі еңбек нарығындағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді. Есептік деректер бойынша 2011 жылғы 5,4%-бен салыстырғанда 2012 жылы жұмыссыздық экономикалық белсенді халыққа шаққанда 5,3%-ға дейін қысқарды.

Еуроаймақта жалғасқан рецессия, нарығы қалыптасып келе жатқан елдердегі әлсіз өсу және АҚШ экономикасының күтілгенге қарағанда баяу жоғарылауына байланысты 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында ел экономикасы әлемдік экономиканың белгісіз дамуы жағдайында дамуын жалғастырды.

Сыртқы экономикалық конъюнктураның тұрақсыздығына қарамастан, ел экономикасы 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрақты және қарқынды дамыды. Алдын ала бағалаулар бойынша Қазақстанның ЖІӨ 5,1%-ға өскен, бұл жалпы алғанда болжамдық деректерге сәйкес келеді.

2012 жылы сияқты экономика өсуінің негізгі факторы ағымдағы жылғы алғашқы алты айда ішкі тұтынудың өсуі болды. Тұтынушылық белсенділіктің ұлғаюына халық кірістерінің және еңбекақының үдемелі өсуі, сондай-ақ жұмыссыздықтың қолайлы деңгейі әсер етті. 2013 жылғы қаңтар-маусымда жан басына шаққандағы атаулы ақшалай кіріс 323,3 мың теңгені құрады және атаулы мәнде 8,7%-ға өсті. Халықтың нақты кірістері кезең ішінде 2,1%-ға, нақты еңбекақы 0,5%-ға өссе, маусымдағы жұмыссыздық деңгейі 5,2%-ды құрады.

Тұтынушылық сұраныстың өсуі байқалады: 2013 жылғы қаңтар-маусымда бөлшек тауар айналымы нақты мәнде өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 12,4%-ға өсті.

Отандық экономика дамуының серпініне оң әсер еткен өзге маңызды фактор негізгі капиталға инвестициялар болды, ол 2013 жылғы қаңтар-маусымда 7,9%-ға өсті.

Қолайлы үрдістер тұтыну нарығында байқалады, оның баға конъюнктурасы болжанған дәліз шегінде орналасқан. Сонымен, тұтыну бағаларының индексі 2012 жылғы желтоқсанға қарағанда маусымда 2,7%-ды құрады және өткен жылдың деңгейінде сақталды; жылдық мәнде инфляция 5,9%-ды құрады.

Елдің ЖІӨ өсуіне қолайлы әсер еткен оң фактор қызметтер өндірісінің серпінді дамуы болды, экономиканың бұл сегментіндегі өсу 2012 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 7,4%-ды құрады. Бөлшек саудадан басқа қызметтер өндірісінің өсуі көлік-коммуникация (7,0%), ақпарат және байланыс (14,6%) салалары, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласындағы (5,9%) қызметтер көлемінің едәуір ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

Елдің халықаралық резервтері жыл басынан 4,1%-ға өсіп, 89,6 млрд. АҚШ долларына жетті. Оның ішінде, елдің жалпы халықаралық резервтері 26,1 млрд. АҚШ долларын құрады және алтын бағасының төмендеуі есебінен жыл басынан бастап 7,6%-ға азайды. Ұлттық қордың активтері 75,6 млрд. астам АҚШ долларын құрады және 9,3% өсті, оның ішінде шетелдік валютада 63,5 млрд. АҚШ долларын құрады және жыл басынан бері 9,8%-ға өсті.

Кредит берудің жалпы көлемі маусымда ағымдағы жылдың басымен салыстырғанда 5,9%-ға өсті және 10,5 трлн. теңгені құрады. Ұзақ мерзімді кредиттер көлемінің 1,5%-ға өсуі байқалады. Жыл басынан депозиттердің жалпы көлемі 11,8%-ға өсті және 10,1 трлн. теңгеден асты.

Банк секторының несие портфелінің жағдайы жақсарды. Сонымен, 2013 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі жыл басындағы 36,7%-ға қарағанда жалпы несие портфелінің көлемінен 35,0%-ға дейін төмендеген.

Инвестициялық және іскерлік белсенділік 2012 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік бюджетке салық түсімдерінің 11,3%-ға өсуін қамтамасыз етті. Бірінші жартыжылдыққа арналған жоспардың орындалу пайызы 104,5%-ды құрады.

Экспорттың едәуір төмендеуіне және импорттың елеулі ұлғаюына қарамастан, 2013 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ағымдағы шоттың оң сальдосы 1,9 млрд. АҚШ долларын құрады.

2013 жылдың бірінші жартыжылдығында экономиканың нақты секторы қалыпты қарқынмен өсті. Өнеркәсіптің өсуі 1,8%-ды құрады, тау-кен өнеркәсібі 2,2%-ға, өңдеу өнеркәсібі 1,8%-ға өсті.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі де өсудің елеусіз қарқынын көрсетуде (1,4%), бірақ маусымдылықтың және қалыптасқан қолайлы климаттық жағдайларға байланысты 2013 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының НКИ 110,5% деңгейінде бағаланады.

Ағымдағы жылы ЖІӨ нақты мәнде, бағалау бойынша, өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 6,0% деңгейінде қалыптасады. ЖІӨ өсімінің негізгі факторлары 2013 жылы ішкі сұраныс: түпкі тұтыну және жалпы жинақтау болады. 2013 жылы түпкі тұтыну шамамен 8,5%-ға, негізгі капиталдың жалпы жинақталуы 8,0%-ға өседі.
1.2 Дамудың сыртқы шарттары
Дүниежүзілік Банктің болжамдарына сәйкес әлемдік экономика 2013 – 2015 жылдары 3,1-ден 4,1%-ға дейінгі қарқында өседі. Кейінгі 2016 – 2018 жылдары өсу қарқыны дамыған елдердегі дағдарыс құбылыстарының ұзақтығына және дамыған елдер үкіметтерінің дамудағы жинақталған құрылымдық теңгерімсіздіктерді жою бойынша қабылдап жатқан шараларының тиімділігіне тәуелді болады.

Көптеген халықаралық ұйымдар өз болжамдарын төмендеу жағына қарай қайта қарады. Әлемдік экономиканың негізгі проблемалары мыналар болып қалады: Еуроаймақтағы шиеленістің күшеюі, қаржылық жағдайлардың нашарлауы, сондай-ақ жұмыссыздық деңгейі мен өсудің төмендеу тәуекелдерінің ұлғаюы.



Еуроаймақ тәуекелдері. Орта мерзімді перспективада әлемдік экономиканың дамуына Еуроаймақ экономикасы теріс әсер етеді. ЕО жекелеген елдеріндегі егеменді борыштарға қызмет көрсету проблемаларының пайда болуына байланысты Еуроаймақтың бұл тәуекелдері сыртқы егеменді міндеттемелерге қызмет көрсету құнының күрт жоғарылауы жағдайында ушығуы мүмкін, бұл нәтижесінде өңірдің банк жүйесіне теріс әсер етеді.

Еуроаймақта рецессия жалғасуда. 2013 жылдың бірінші тоқсанында Еуроаймақ ЖІӨ 0,2%-ға қысқарды, бірақ экономиканы ықшамдау 2012 жылдың ұқсас тоқсанымен салыстырғанда елеусіз болды, ол кезде теріс қарқын 0,6%-ды құраған болатын. Еуроаймақ ЖІӨ қысқару серпінінің төмендеуіне қарамастан, халықаралық сарапшылардың бағалаулары бойынша, Еуроаймақтағы рецессиялық процестер ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады.

Сондай-ақ Еуроодақтың еңбек нарығындағы жағдай да күрделі болып қалуда, мамырда жұмыссыздық деңгейі 12,1%-ды құрады (2013 жылғы сәуірде 12,2%). Жастар арасындағы жұмыссыздық 23,8%-ды құрады.

Дүниежүзілік Банктің болжамдары бойынша 2013 жылы Еуроаймақтың экономикасы рецессияға ұшырайды, ол ЖІӨ-ні 0,6%-ға қысқартады, 2014 – 2015 жылдары әлсіз қалпына келу және тиісінше 0,9-1,5% өсу күтілуде.



АҚШ тәуекелдері. Алдын ала деректер бойынша 2013 жылдың бірінші тоқсанында АҚШ ЖІӨ 1,8%-ды құрады. Алайда, америка экономикасының қолайлы ұлғаюына қарамастан, өсудің оң серпініне кедергі келтіруі мүмкін тәуекелдер бар.

Бүгінгі күні АҚШ экономикасындағы негізгі тәуекелдер сандық жұмсартудың үшінші бағдарламасының (QE3) аяқталуына байланысты.

Халықаралық беделді ұйымдар осы жылдың күзінде QE3 ықтимал аяқталуына байланысты инвесторлар мен банктердің компаниялардың болжамдарын, инвестициялық шешімдерін және теңгерімдік парақтарын қайта қарауларына байланысты әлемдік нарықта құбылмалылықтың ұлғаюын болжап отыр.

Америка экономикасына теріс әсер ететін өзге келеңсіз фактор АҚШ-тағы салыстырмалы түрде жоғары жұмыссыздық деңгейі болып табылады. АҚШ Еңбек статистикасы бюросының деректеріне сәйкес 2013 жылғы маусымда жұмыссыздық деңгейі 7,6%-ды құрады. Дегенмен, АҚШ еңбек нарығында оң трендтер де байқалады, өйткені жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға өтінімдер саны ағымдағы жылғы шілденің бірінші аптасында соңғы төрт айдағы рекордтық төмен мәнге дейін төмендеді.

АҚШ экономикасындағы қосымша тәуекелдер АҚШ мемлекеттік борышының және салықтардың «шегіне» қатысты белгісіздіктің ұлғаюына байланысты туындайды.

АҚШ ЖІӨ-нің өсуі Дүниежүзілік Банктің болжамдары бойынша 2013 жылы 2,0%-ды, 2014 – 2015 жылдары тиісінше 2,8-3,0%-ды құрайды.



Ресей тәуекелдері. 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында Ресей Федерациясы экономикасының өсімі елеусіз қарқынды көрсетуде. Ресей Экономикалық даму министрлігінің алдын ала бағалаулары бойынша ЖІӨ өсімі 1,7% деңгейінде қалыптасты.

Ресей экономикасы үшін негізгі тәуекелдер көбінесе әлемдік экономика өсуінің бәсеңдеуімен, әлемдік тауар нарықтарындағы сұраныс пен бағаның төмендеуімен, сондай-ақ құнды қағаздар бағаларын белгілеумен, капиталдың ағылуымен және алтын валюта резервінің (АВР) төмендеуімен байланысты.

Ресей экономикасы үшін елеулі тәуекел негізгі капиталға инвестициялардың теріс үрдісі болып табылады. 1 жартыжылдықта инвестициялық белсенділіктің төмендеуі 1,4%-ды құрады. Аталған күрделі жағдай ЖІӨ басқа компоненттеріне теріс әсер етіп, орта мерзімді перспективада ЖІӨ өсуін едәуір бәсеңдетуі мүмкін.

Жалпы алғанда, халықаралық ұйымдардың болжамдары бойынша орта мерзімді перспективада Ресей экономикасы 2,3-3,9% шегінде дамиды.



Қытай тәуекелдері. Қытай ЖІӨ өсу қарқыны 2013 жылдың бірінші тоқсанында 7,7%-ды құрады. Елдің өнеркәсіп салаларының негізгі капиталына инвестициялар көлемінің қысқаруы байқалуда. Бұл көрсеткіш ағымдағы жылғы 1 маусымда жылдық мәнде 17,8%-ға өскен, бұл 2004 жылдан бастап ең төменгі көрсеткіш болып табылады.

Қытай өнімдері экспорты көрсеткіштерінің болжамды мәннен ауытқуы әлемдік экономиканың дамуына теріс ықпал етеді. Сыртқы сауданың көрсеткіштері елеусіз құлдырауды көрсетуде. Жалпы экспорт 2013 жылғы қаңтар-наурызда 18,4%-ға өссе, қаңтар-мамырда бұл көрсеткіш тек 13,5%-ға өсті.

Бүгінгі күні Қытайда экономиканы кері теңгерімдеу тәуекелі бар. Осы саясатпен Қытай билігі инвестициялардан ішкі тұтынудың рөлін ұлғайтуға тырысуда. Алайда көптеген халықаралық сарапшылар ішкі тұтыну инвестицияларын қысқартудан болған олқылықтарды толтыруға жағдайы жоқ және осылайша, қытай экономикасының өсу қарқынын бәсеңдетеді деп санайды.

Қытай ЖІӨ өсуі Дүниежүзілік Банктің болжамдары бойынша 2013 жылы 7,7%-ды, 2014 – 2015 жылдары тиісінше 8,0 – 7,9%-ды құрайды.



Дамушы елдер тәуекелдері. Дамушы елдерде сыртқы жағдайлардың нашарлауы мен ішкі сұраныстың әлсіреуіне байланысты экономика өсуінің төмендеуі күтілуде. Негізгі тәуекел экономикасы дамыған елдер тарапынан сұраныстың төмендеуі болып табылады.

Экономикасы дамып келе жатқан елдердің осалдығы алдыңғы дағдарыс сәтінен бері біршама өсті. Бұл бюджет тапшылығының сақталған көлемімен байланысты, олар алдыңғы дағдарыс кезінде өскен болатын. Жаңа дағдарыс басталған жағдайда дамушы елдер жеке және мемлекеттік секторларда экономикалық белсенділікті қолдау үшін бюджет ресурстарының аз көлеміне ие.



Тауар нарықтарындағы бағалар. Әлемдік нарықтардағы бағалар серпінін талдау тауар биржаларындағы баға конъюнктурасын қалыптастырудың іргелі факторлары төмендеу үрдісін бейнелейтінін және соның салдарынан тауар топтарының негізгі түрлеріне бағалардың үдемелі төмендеуі байқалатынын көрсетеді. Сонымен, 2011 жылдан бері астық пен металдардың әлемдік бағаларының тұрақты төмендеуі байқалады, 2012 жылдың ортасынан мұнай мен бағалы металдар бағаларының серпіні елеулі төмендеуді көрсетуде.

Халықаралық ұйымдардың болжамдары бойынша, жақын перспективада мыс бағаларынан басқа, металл бағасының шамалы жоғарылауы болжанады. Сонымен қатар, астық пен алтынның әлемдік бағалары 2012 жылы қалыптасқан шамалы төмендеу трендін жалғастырады деп болжанып отыр.


2. Дамудың сценарийлік нұсқалары
Әлемдік экономиканың даму үрдісінің өзгеруіне, мұнайдың әлемдік бағаларының деңгейіне және әлемдік қаржы нарығындағы жағдайға байланысты дамудың ықтимал үш сценарийі қаралды.

1-сурет




Оптимистік сценарий әлемдік экономиканың 2014 – 2018 жылдары қарқынды дамуын, Еуроаймақ елдерінің борыш проблемаларының шешілуін, АҚШ-тағы және басқа да дамыған елдердегі экономикалық белсенділікті жақсарту бойынша жоспарланған шаралардың табысты іске асырылуын, жеке сектордың сұранысын және дамушы елдерден импортты қалпына келтіруді тұспалдайды. Әлемдік экономиканың өсімі бұл сценарийде дағдарысқа дейінгі 4,1-4,5% қарқынға сәйкес келеді.

Дамыған елдердің де, дамушы елдердің де тарапынан өсіп келе жатқан сұраныспен нығайтылған шикізат тауарларының бағалары жеткілікті жоғары деңгейде болады. 2014 – 2018 жылдары оптимистік сценарийде мұнайдың әлемдік бағалары, бағалау бойынша, бір барреліне 110 АҚШ доллары деңгейінде болады.



Базалық сценарий 2014 – 2018 жылдары әлемдік экономиканың баяу, бірақ үдемелі өсімін болжайды. Әлемдік ЖІӨ өсімі 2014 жылы 3,8%-дан 2018 жылы 4,3%-ға дейін жылдамдайды. Мұнай бағасы, бағалау бойынша, 90 АҚШ доллары деңгейінде болады, болжамдық кезеңде металдар бағасының өсуі күтіледі.

Сценарий АҚШ тұтынушылық белсенділікті және жұмыссыздық көрсеткіштерін жақсартуға, сондай-ақ экономикалық өсудің және америка нарығына тәуелді елдерге тауар өткізудің локомотиві болып қалуға қол жеткізетінін болжайды. Еуро аймағында еңбек нарығындағы проблемаларды шешу, сондай-ақ проблемалы елдердің борышын қайта қаржыландыруды қолдау жөніндегі іс-шаралар бойынша қажетті шаралар қабылданады, бұл монетарлық одақтың бүтіндігін сақтауға, өсу траекториясына шығуға және проблемалы елдер бюджеттерінің жағдайын түсімдер өсуінің де, шығыстарды қысқартудың да салдары ретінде қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

2-сурет



Пессимистік сценарий Еуроаймақтағы борышқа қызмет көрсету құнының күрт өсуімен егеменді борыш дағдарысының тереңдеуімен сипатталады. Қаражат болмауының нәтижесінде банк дағдарысының еуропалық және жаһандық банк жүйелеріне таралу тәуекелі іске асуда. Дамыған елдердегі өсудің шектеулі мүмкіндіктері дамушы әлем, ең алдымен Қытай мен Үндістан экономикаларының біраз салқындауына әкеледі. 2014 – 2018 жылдары әлемдік экономиканың өсуі 2,8-3,4%-дан аспайды.

Бұл сценарийде әлемдік экономика кезекті рецессияның шегінде теңгерімделетін болады. Ең шиеленіскен проблема жұмыссыздықтың жоғары болуы, табыстың төмендігі және нәтижесінде жиынтық сұранысты көбейтудің іргелі факторларының болмауы болып қалады.

2014 жылы мұнай бағасы бір барреліне 80 долларға дейін төмендейді және 2018 жылға дейін осы деңгейде тұрақталады.

Жыл басынан бастап ел экономикасының қалыптасқан даму үрдісін және әлемдік экономикадағы жағдайды есепке ала отырып болжамды қалыптастыру кезінде параметрлері ағымдағы болжамнан аз ғана ауытқу мүмкіндігімен анағұрлым ықтимал болып табылатын базалық нұсқа негізге алынды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет