Қазақстан Республикасының Заңы


-бап. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама



бет3/3
Дата22.02.2016
өлшемі161.5 Kb.
#141
1   2   3
21-бап. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама

1. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларды талдамалық бағалауды дайындау мақсатында сараптама қорытындыларының тәуелсізділігі, объективтілігі, біліктілігі, кешенділігі, дәйектілігі, толықтығы және негізділігі қағидаттары бойынша жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға жататын ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы шетелдік және қазақстандық білікті сарапшылар жүргізеді.

3. Ғылыми-техникалық сараптама жүргізуге сарапшыларды тарту үшін шетел сарапшыларының дерекқоры құрылады, олардың кандидатураларын шетелдік жетекші университеттер, ғылыми-зерттеу мекемелері, ұлттық ғылым академиялары мен ғылыми қоғамдастықтар ұсынады.

Сарапшыларды іріктеу олардың мамандануына және жобаның ерекшеліктеріне сәйкес жүргізіледі.

4. Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларды бағалауға тартылған ғалымдар, сарапшылар, оның ішінде шетелдіктер сараптамаға ұсынылған материалдардың құпиялылығын сақтауға және коммерциялық құпияны сақтауды қамтамасыз етуге міндетті.



 

22-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы есептерді мемлекеттік есепке алу

1. Іске асырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы есептерді мемлекеттік есепке алу ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық ресурсын қалыптастыру және Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық әлеуеті серпініне мониторинг жүргізу мақсатында жүзеге асырылады.

2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды және олардың орындалуы жөніндегі есептерді мемлекеттік есепке алуға ұсынуға міндетті.

3. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы есептердің мемлекеттік есепке алуға ұсынылуын бақылауды уәкілетті орган мен салалық уәкілетті органдар жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың орындалуы жөніндегі есептер уәкілетті орган мен салалық уәкілетті органдардың интернет-ресурстарында орналастырылуға тиіс.

5. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды және олардың орындалуы жөніндегі есептерді мемлекеттік есепке алуды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

 

23-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу

1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеуді уәкілетті орган олардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.

2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаларды аккредиттеу оларға қойылатын ең төменгі қажетті талаптарды белгілей отырып, хабарландыру сипатында болады.



 

 

6-тарау. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыру



 

24-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыру

1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыру мемлекеттік бюджеттен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырылады.

2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру мынадай нысандарда жүзеге асырылады:

1) базалық қаржыландыру;

2) гранттық қаржыландыру;

3) бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру.

3. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін қаржыландыру ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тәртібінде белгіленген ретпен және шарттармен бір мезгілде әртүрлі қаржыландыру нысандары бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

4. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларды немесе бағдарламаларды іске асыруға арналған шартты ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі уәкілетті органмен немесе салалық уәкілетті органмен олар іске асырылатын бүкіл мерзімге, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге жасасады.



 

25-бап. Базалық қаржыландыру

1. Базалық қаржыландыру уәкілетті органда аккредиттелген және салалық уәкілетті орган айқындаған, олар үшін басым бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған мемлекеттік тапсырманы және мемлекеттік тапсырысты орындайтын мемлекеттік ғылыми ұйымдарға және мемлекеттік ғылыми ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдарға, мемлекеттік жоғары оқу орындарына, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары оқу орындарына, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде тиесілі жоғары оқу орындарына бөлінеді.

2. Базалық қаржыландыру ғылыми инфрақұрылымды және мүлікті, оның ішінде ғимараттарды, жабдықтар мен материалдарды ағымдағы қамтамасыз етуге, әкімшілік және қызмет көрсету персоналының еңбекақысын төлеуге, сондай-ақ мемлекеттік ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік жоғары оқу орындарының, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары оқу орындарының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде тиесілі жоғары оқу орындарының ғылыми-техникалық қызметін ақпараттық сүйемелдеуге арналған базалық қаржыландыру нормалары бойынша шығыстарды қамтиды.

3. Базалық қаржыландыру субьектілері болып табылатын ұйымдар тізбесін уәкілетті орган салалық уәкілетті органдардың ұсыныстары негізінде қалыптастырады және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

 

26-бап. Гранттық қаржыландыру

1. Гранттық қаржыландыру ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейін, ғылыми ұйымдар мен олардың ұжымдарының, сондай-ақ ғалымдардың ғылыми-техникалық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізуге бөлінеді.

2. Гранттық қаржыландырудың негізгі бағыттары мен көлемін ұлттық ғылыми кеңестердің ұсынымдары негізінде Жоғары ғылыми-техникалық комиссия Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың басым бағыттарына сәйкес бекітеді және олар белгіленген тәртіппен Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жатады.

3. Гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субьектілері және дербес білім беру ұйымдары мен олардың ұйымдары тең шарттармен қатысуға құқылы.

4. Гранттық қаржыландыруға арналған конкурсты уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган мерзімді баспасөз басылымы арқылы жариялайды және ол конкурс жариялаған уәкілетті органның немесе салалық уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылуға тиіс.

5. Гранттық қаржыландыруға қатысуға өтінімдерді ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері конкурс жариялаған уәкілетті органға немесе салалық уәкілетті органға береді.

6. Гранттық қаржыландыру туралы шешімдерді ұлттық ғылыми кеңес шығарады және конкурс жариялаған уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган бекітеді.

7. Гранттық қаржыландыруды конкурс жариялаған уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган не Қазақстан Республикасының Үкіметі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыруды жүзеге асыруға уәкілеттік берген өзге тұлға (орган) жүзеге асырады.

8. Гранттық қаржыландыруға арналған конкурс нәтижелері мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануға және конкурс жариялаған уәкілетті органның немесе салалық уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылуға тиіс.



 

27-бап. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру

1. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру стратегиялық маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуге бағытталған және конкурстық негізде немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша конкурстан тыс рәсімдер арқылы жүзеге асырылады.

2. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсқа ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субьектілері, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдары мен олардың ұйымдары қатысуға, оның ішінде қоса атқарушы ретінде қатысуға құқылы.

3. Нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыруға арналған конкурсты уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган мерзімді баспасөз басылымдарында жариялайды және ол конкурс жариялаған уәкілетті органның немесе салалық уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылуға тиіс.

4. Ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруға өтінімдерді уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті органдар тиісті ұлттық ғылыми кеңестің қарауы үшін Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығына жолдайды.

5. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға конкурс жариялаған уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруға өтінімдерді ұлттық ғылыми кеңестердің шешімдерімен бірге Жоғары ғылыми-техникалық комиссияға жолдайды.

6. Жоғары ғылыми-техникалық комиссия мақұлдаған ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларға өтінімдер белгіленген тәртіппен Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жатады.

7. Нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыруға арналған конкурс жеңімпаздары ұлттық ғылыми кеңестердің шешімі негізінде айқындалады және оларды конкурс жариялаған уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган бекітеді.

8. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды конкурс жариялаған уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган не Қазақстан Республикасының Үкіметі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыруды жүзеге асыруға уәкілеттік берген өзге де тұлға (орган) жүзеге асырады.

9. Конкурс нәтижелері бойынша уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша бас ұйымды айқындай алады.

10. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсының нәтижелері мерзімді баспасөз басылымдарында жариялануға және конкурс жариялаған уәкілетті органның немесе салалық уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылуға тиіс.



 

 

7-тарау. Ғылымды дамытуды экономикалық ынталандыру және халықаралық ынтымақтастық



 

28-бап. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру

1. Мемлекет ұлттық ғылыми инновациялық жүйені дамытуды экономикалық ынталандыруға, ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік-жеке әріптестікті дамытуға, экономиканың басым секторларында технологияларды коммерцияландыруды қаржыландыруға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кепілдік береді.

2. Мемлекеттік ғылыми ұйымдарға, мемлекеттік жоғары оқу орындарына, оның ішінде өзге де тұлғалармен бірлесіп, қызметі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін практикада қолдану (коммерцияландыру) болып табылатын ұйымдар құруға рұқсат етіледі.

3. Мемлекеттік ғылыми ұйымдар, мемлекеттік жоғары оқу орындары ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымның жарғылық капиталына салым ретінде мемлекеттік органдардың келісімінсіз зияткерлік меншік құқығын ғана енгізе алады.



Мемлекеттік ғылыми ұйымдар, мемлекеттік жоғары оқу орындары зияткерлік меншікке мүліктік құқықтарға билік етуді уәкілетті мемлекеттік органның - олардың мүліктері иесінің келісімінсіз жүзеге асырады.

4. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымды құру туралы хабарламаны оның құрылтайшылары мемлекеттік тіркелген кезден бастап күнтізбелік жеті күннен кешіктірмей, тиісті салалық уәкілетті органға жолдайды.

5. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің басқа да субъектілері ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымның жарғылық капиталына салым ретінде зияткерлік меншік құқықтарымен қатар өзге мүлікті де енгізе алады.

6. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымның жарғылық капиталына салым ретінде енгізілетін зияткерлік меншік құқығын бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

7. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы акцияларды (қатысу үлестерін) басқару Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

8. Мемлекеттік бюджеттен жүзеге асырылатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері алған зияткерлік меншік құқығы, егер олар мен зияткерлік меншік объектісі авторының (авторларының) арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ғылыми ұйымдарға тиесілі.

9. Мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар не мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәліметтерді қамтитын зияткерлік меншік объектілерін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды шектеуге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда, шекте және тәртіппен жол беріледі.

 

29-бап. Халықаралық ынтымақтастық

1. Халықаралық ынтымақтастық тиісті халықаралық шарттардың, халықаралық ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың негізінде, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік ғылыми және өзге де ұйымдар арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастықты орнату мен кеңейтуге жәрдемдесетін нысанда жүзеге асырылады.

2. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субьектілері халықаралық ғылыми, ғылыми-техникалық ұйымдар мен бірлестіктерге кіруге, халықаралық ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға, шет мемлекеттердің ғылыми, ғылыми-техникалық жобалары мен бағдарламаларына қатысуға құқылы.

3. Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген тәртіппен шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды тұлғалардың қатысуымен ғылыми ұйымдар мен ғылыми орталықтар құрылуы мүмкін.

4. Ғылым мен техника саласына салынатын шетелдік инвестициялар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және нысандарда жүзеге асырылады.

5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық нәтижелердің, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық өнімдердің Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге берілуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

 

 

8-тарау. Қорытынды ережелер



 

30-бап. Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

 

31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі



1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

2. «Ғылым туралы» 2001 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 15-16, 226-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 15, 92-құжат; 2007 ж., № 20, 152-құжат) күші жойылды деп танылсын.

 

 

Қазақстан Республикасының

Президенті

 

Н. НАЗАРБАЕВ

 

Астана, Ақорда, 2011 жылғы ақпанның 18-і.

407-IV

 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет