Қазақстан Республикасынормативтік құқықтық актілерініңақпараттық-құқықтық жүйесі



бет1/14
Дата05.07.2016
өлшемі321.41 Kb.
#180219
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Қазақстан Республикасынормативтік құқықтық актілерініңақпараттық-құқықтық жүйесі

Республикалық құқықтық 
ақпарат орталығы

  • ҚАЗ

  • РУС

  • ENG

  • Негізгі

  • Іздеу

  • Ресми жариялау

  • "БҰҰ" құжаттары

  • Таңдалған

  • Кабинет

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ КОДЕКСI

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен қолданысқа енгізілді



  • Мәтін

  • Ресми жарияланым

  • Ақпарат

  • Өзгерістер тарихы

  • Сілтемелер

  • Екі тілде

  • Көшіру

  • Қағазға шығару

Жинақталған:

  • МАЗМҰНЫ

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. ҚР 1999.11.04 N 472 Заңымен енгізілген өзгерістер 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.


      Ескерту. Мәтiнде "бөлiм" деген сөздiң алдындағы "I - IІІ" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 3" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР 2004.12.20 N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).

Жалпы бөлім

1 бөлiм. Жалпы ережелер

1-тарау. Азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеу

      1-бап. Азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастар

      1. Азаматтық заңдармен тауар-ақша қатынастары және қатысушылардың теңдiгiне негiзделген өзге де мүлiктiк қатынастар, сондай-ақ мүлiктiк қатынастарға байланысты мүлiктiк емес жеке қатынастар реттеледi. Азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастардың қатысушылары азаматтар, заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер болып табылады. 


      2. Мүлiктiк қатынастарға байланысы жоқ мүлiктiк емес жеке қатынастар азаматтық заңдармен реттеледi, өйткенi олар заң құжаттарында өзгеше көзделмеген, не мүлiктiк емес жеке қатынастар мәнiнен туындамайды. 
      3. Осы баптың 1-тармағында аталған белгiлерге сай келетiн отбасылық, еңбек қатынастары мен табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау жөнiндегi қатынастарға азаматтық заңдар бұл қатынастар тиiсiнше отбасылықеңбекзаңдарымен, табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау туралы заңдармен реттелмеген жағдайларда қолданылады. 
      4. Заң құжаттарында көзделген реттердi қоспағанда, бiр тараптың екiншiсiне әкiмшiлiк немесе өзге де билiк жағынан бағынуына негiзделген мүлiктiк қатынастарға, соның iшiнде салық жөнiндегi және басқа бюджеттiк қатынастарға азаматтық заңдар қолданылмайды.

      2-бап. Азаматтық заңдардың негiзгi бастаулары

      1. Азаматтық заңдар өздерi реттейтiн қатынастарға қатысушылардың теңдiгiн, меншiкке қол сұқпаушылықты, шарт еркiндiгiн, жеке iстерге кiмнiң болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтындығын, азаматтық құқықтарды кедергiсiз жүзеге асыру, нұқсан келтiрiлген құқықтардың қалпына келтiрiлуiн, оларды соттың қорғауын қамтамасыз ету қажеттiгiн тануға негiзделедi. 
      2. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiнiң азаматтық құқықтарына өз еркiмен және өз мүддесiн көздей отырып ие болады және оларды жүзеге асырады, сондай-ақ егер заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, құқықтарынан бас тартады. Олар шарт негiзiнде өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн анықтауда және оның заңнамаға қайшы келмейтін кез келген талаптарын белгiлеуде ерiктi. 
      3. Тауарлар, қызмет және ақша Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында емiн-еркiн орын ауыстырып және айналысқа түсiп отырады. Егер қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау, табиғат пен мәдени қазыналарды сақтау үшiн қажет болса, заң құжаттарына сәйкес тауарлар мен қызметтiң орын ауыстыруына шектеулер енгiзiледi. 
      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1997.07.11 N 154, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      3-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары      



      1. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен, Қазақстан Республикасының оған сәйкес қабылданған өзге де заңдарынан, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлықтарынан, Парламенттiң қаулыларынан, Парламенттiң Сенаты мен Мәжiлiсiнiң қаулыларынан (заң актiлерiнен), сондай-ақ осы Кодекстiң 1-бабының 1,2-тармақтарында аталған қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтарынан, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларынан тұрады. 
      2. Осы Кодекстiң 1-бабының 3-тармағында аталғандарды қоспағанда, азаматтық құқықтың Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде қамтылған нормалары осы Кодекстiң ережелерiне қайшы келген жағдайда осы Кодекстiң ережелерi қолданылады, Қазақстан Республикасының заңдарында қамтылған және осы Кодекстiң нормаларына қайшы келетiн азаматтық құқық нормалары Кодекске тиiстi өзгерiстер енгiзiлгеннен кейiн ғана қолданылады.
      Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының негізгі бастауларына қайшы келмейді.
      3. Банктер мен астық қабылдау кәсiпорындарының құрылуына, қайта ұйымдастырылуына, банкроттығына және таратылуына, банк қызметiн бақылау мен оны аудиторлық тексеруге, астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн бақылауға, банк операцияларының жекелеген түрлерiн лицензиялауға, банктерді қайта құрылымдауға, астық қабылдау кәсiпорындарының қойма куәлiктерiмен операцияларды жүзеге асыруға байланысты қатынастар банк қызметiн және астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн реттейтiн заң актiлерiне қайшы келмейтiн бөлiгiнде осы Кодекспен реттеледi. 
      Банктер мен олардың клиенттерi арасындағы қатынастар, сондай-ақ клиенттер арасындағы банк арқылы қатынастар азаматтық заңдармен осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiп бойынша реттеледi. 
      4. Азаматтық қатынастар, егер әдеттегi құқықтар, соның iшiнде iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтар Қазақстан Республикасы аумағында қолданылып жүрген азаматтық заңдарға қайшы келмесе, солармен реттелуi мүмкiн. 
      5. Министрлiктер және өзге де орталық атқарушы органдар, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, осы Кодексте және өзге де азаматтық заң актiлерiнде көзделген жағдайлар мен шектерде азаматтық қатынастарды реттейтiн актiлер шығара алады. 
      6. Азаматтар мен заңды тұлғалардың осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң құжаттарында белгiленген құқықтарын мемлекеттiк басқару органдары мен жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың құжаттары шектей алмайды. Мұндай құжаттар қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және қолданылмауға тиiс. 
      7. Егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, шетелдiк жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық заңдарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшiн қандай құқықтар мен мiндеттер көзделсе, нақ сондай құқықтарға ие болуға қақылы және сондай мiндеттердi орындауға мiндеттi. 
      8. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, аталған шарттың ережелерi қолданылады. Халықаралық шарттан оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлгеннен басқа жағдайларда, азаматтық қатынастарға Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар тiкелей қолданылады. 
      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентiнiң 1995.08.31 N 2447 заң күші бар Жарлығымен, ҚР 1998.03.02 N 211,2001.01.15 N 141, 2009.04.29 N 154-IV, 2009.07.11 N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      4-бап. Азаматтық заңдардың уақытқа қарай қолданылуы

      1. Азаматтық заң құжаттарының керi күшi болмайды және өздерi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған қатынастарға қолданылады. Азаматтық заң құжаттарының заңдық күшi өздерi күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастарға бұл оларда тiкелей көзделген реттерде қолданылады. 
      2. Азаматтық заң құжаттары күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастар бойынша ол өзi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған құқықтар мен мiндеттерге қолданылады. Азаматтық заң құжаттары күшiне енгiзiлгенге дейiн жасалған шарт бойынша тараптардың қатынастары осы Кодекстiң 383-бабына сәйкес реттеледi.

      5-бап. Азаматтық заңдардың ұқсастығына қарай қолданылуы

      1. Осы Кодекстiң 1-бабындағы 1 және 2-тармақтарда көзделген қатынастар заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен тiкелей реттелмеген және оларға қолдануға келетiн әдет-ғұрып болмаған жағдайларда, мұндай қатынастарға, олардың мәнiне қайшы келмейтiн болғандықтан, азаматтық заңдардың ұқсас қатынастарды реттейтiн қалыптары қолданылады (заң ұқсастығы). 
      2. Аталған жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкiн болмаса, тараптардың құқықтары мен мiндеттерi азаматтық заңдардың жалпы негiздерi мен мәнi және адалдық, парасаттылық пен әдiлеттiлiк талаптары негiзге алына отырып белгiленедi (құқық ұқсастығы).

      6-бап. Азаматтық заң қалыптарының түсiнiлуi

      1. Азаматтық заң қалыптары оларда айтылған сөздердiң дәлме-дәл мәнiне сәйкес түсiнiлуге тиiс. Заң қалыптарының текстiнде қолданылған сөздердi әртүрлi түсiну мүмкiн болған жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерiне және азаматтық заңдардың осы тарауда, ең алдымен оның 2-бабында баяндалған негiзгi қағидаттарына сай келетiн түсiнiкке басымдық берiледi. 
      2. Азаматтық заң қалыптарының дәл мағынасын анықтау кезiнде, егер бұл осы баптың 1-тармағында баяндалған талаптарды бұрмаламайтын болса, ол күшiне енгiзiлген кездегi тарихи жағдайларды және оның сот тәжiрибесiндегi түсiнiлуiн ескеру қажет.

      7-бап. Азаматтық құқықтар мен мiндеттердiң пайда болу 


              негiздерi

      Азаматтық құқықтар мен мiндеттер заңдарда көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өйткенi ол әрекеттер азаматтық заңдарда көрсетiлмегенiмен, олардың жалпы негiздерi мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туғызады. 


      Осыған сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер: 
      1) заңдарда көзделген шарттар мен өзге де мәмiлелерден, сондай-ақ заңдарда көзделмегенiмен, оларға қайшы келмейтiн мәмiлелерден; 
      2) заңдарға сәйкес азаматтық-құқықтық жағдайларды туғызатын әкiмшiлiк құжаттардан; 
      3) азаматтық құқықтар мен мiндеттер белгiлеген сот шешiмiнен; 
      4) заң құжаттарында тыйым салынбаған негiздер бойынша мүлiктi жасау немесе иемдену нәтижесiнде; 
      5) өнертабыстар, өнеркәсiптiк үлгiлер, ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын және интеллектуалдық қызметтiң өзге де нәтижелерiн жасау нәтижесiнде; 
      6) басқа жаққа зиян келтiру салдарынан, сол сияқты басқа жақ есебiнен мүлiктi негiзсiз сатып алу немесе жинау (негiзсiз баю) салдарынан; 
      7) азаматтар мен заңды тұлғалардың өзге де әрекеттерi салдарынан; 
      8) заңдар азаматтық-құқықтық жағдайлар басталуын байланыстыратын оқиғалар салдарынан пайда болады.

      8-бап. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру

      1. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген азаматтық құқықтарды, соның iшiнде өздерiн қорғау құқығын өз қалауынша пайдаланады. 
      2. Азаматтар мен заңды тұлғаларға тиесілі құқықтардың жүзеге асырылмауы, заңнамалық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл құқықтардың тоқтатылуына әкеп соқпайды.
      3. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру басқа құқық субъектiлерiнiң құқықтарын және заңдармен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға, айналадағы ортаға зиян келтiрмеуге тиiс. 
      4. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс. 
      Бұл мiндеттi шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды. Азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы көзделедi. 
      5. Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа жаққа зиян келтiруге, құқықты басқа түрлерде қиянат жасап пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi. 
      Осы баптың 3-5-тармақтарында көзделген талаптарды орындамаған жағдайда сот ол адамның тиiстi құқығын қорғаудан бас тарта алады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      9-бап. Азаматтық құқықтарды қорғау

      1. Азаматтық құқықтарды қорғауды сот, төрелiк немесе аралық сот: құқықтарды мойындату; құқық бұзылғанға дейiнгi болған жағдайды қалпына келтiру; құқықты бұзатын немесе оның бұзылу қаупiн туғызатын әрекеттерге тыйым салу; мiндеттi заттай орындатуға ұйғарым шығару; залалдарды, төленетiн айыпты өндiртiп алу; мәмiленi жарамсыз деп тану; моральдық зиянның өтемiн төлету; құқық қатынастарын тоқтату немесе өзгерту; мемлекеттiк басқару органының немесе жергiлiктi өкiлдi не атқарушы органның заңдарға сәйкес келмейтiн құжатын жарамсыз немесе орындауға жатпайды деп тану; азаматтың немесе заңды тұлғаның құқыққа ие болуына немесе оны жүзеге асыруына кедергi жасағаны үшiн мемлекеттiк органнан немесе лауазымды адамнан айыппұл өндiртiп алу арқылы, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген өзге де әдiстермен жүзеге асырады. 
      2. Бұзылған құқықты қорғау үшiн өкiмет билiгi немесе басқару органына өтiнiш жасау, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, құқық қорғау туралы талап қойып сотқа жолдануға кедергi жасамайды. 
      3. Заң құжаттарында арнайы көзделген реттерде азаматтық құқықтарды қорғау құқығы бұзылған адамның тiкелей iс жүзiндегi немесе заңдық әрекеттерiмен жүзеге асырылуы мүмкiн (өзiн-өзi қорғау). 
      4. Құқығы бұзылған адам, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзiне келтiрiлген залалдың толық өтелуiн талап ете алады. 
      Құқығы бұзылған адам жасаған немесе жасауға тиiстi шығыстар, оның мүлкiнiң жоғалуы немесе зақымдануы (нақты нұқсан), сондай-ақ сол адамның құқығы бұзылмаған болса, дағдылы айналым жағдайында оның алуына болатын, бiрақ алынбай қалған табыстары (айрылып қалған пайда) залалдар деп түсiнiледi. 
      5. Мемлекеттiк өкiмет билiгi органының, өзге де мемлекеттiк органның заңдарға сай келмейтiн құжат шығаруы, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының әрекетi (әрекетсiздiгi) салдарынан азаматқа немесе заңды тұлғаға келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасы немесе тиiсiнше әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс өтеуге тиiс. 
      6. Егер тәртiп бұзудың құқықтық салдарының пайда болуы тәртiп бұзушының кiнәсiне байланысты болса, заң құжаттарында өзгеше көзделгеннен басқа жағдайларда, ол кiнәлi деп ұйғарылады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10-бап. Кәсiпкерлер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау



      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      1. Кәсiпкерлiк - меншiк түрлерiне қарамастан, азаматтар мен заңды тұлғалардың, тауарларға (жұмысқа, қызметке) сұранымды қанағаттандыру арқылы таза табыс табуға бағытталған, жеке меншiк құқығына (жеке кәсiпкерлiк) не мемлекеттiк кәсiпорынды шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығына (мемлекеттiк кәсiпкерлiк) негiзделген ынталы қызметi. Кәсiпкерлiк қызмет кәсiпкердiң атынан, оның тәуекел етуiмен және мүлiктiк жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылады. 
      2. Мемлекет кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне кепiлдiк бередi және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз етедi. 
      3. Заңдарда тыйым салынбаған қызметтi жүзеге асырушы кәсiпкерлердiң құқықтары: 
      1) кәсiпкерлiк қызметтi, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген рұқсаттардан және хабарламалардан басқа, қандай да бір рұқсаттар алмай не хабарламаларды жібермей жүзеге асыру мүмкiндiгi арқылы;
      2) экономиканың барлық салаларындағы кәсiпкерлiктiң барлық түрiн бiр ғана тiркеушi органда тiркеудiң барынша қарапайым өз бетiмен жүргiзетiн тәртiбiмен; 
      3) кәсiпкерлiк қызметке мемлекеттiк органдар жүргiзетiн тексерулердi заң құжаттарымен шектеу арқылы; 
      4) кәсiпкерлiк қызметтi заң құжаттарында көзделген негiз бойынша шығарылған сот шешiмi бойынша ғана ерiксiз тоқтату арқылы; 
      5) жеке кәсiпкерлiк үшiн тыйым салынған, экспорт немесе импорт үшiн тыйым салынған немесе шек қойылған жұмыс, тауарлардың түрлерi мен қызмет тiзбесiн заң құжаттарында белгiлеу арқылы; 
      6) мемлекеттiк органдарды, лауазымды адамдарды, сондай-ақ өзге де жақтар мен ұйымдарды кәсiпкерлердiң қызметiне заңсыз кедергi жасағаны үшiн олардың алдындағы заңдарда белгiленген мүлiктiк жауапкершiлiкке тарту арқылы; 
      6-1) атқарушы бақылау және қадағалау органдарына кәсiпкерлiк субъектiлерiмен осы органдардың функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау мәнiнде шарттық қатынастарға кiруге тыйым салу арқылы; 
      7) заңдарда көзделген өзге де амалдармен қорғалады. 
      4. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін белгілеу адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, меншікті қорғау, ұлттық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қызметтің немесе әрекеттің (операцияның) қауіптілік деңгейіне қарай «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен жүргізіледі.
      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өнімге қойылатын талаптар, сәйкестікті міндетті растау жөніндегі талаптар мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайларда, рұқсат беру тәртібі белгіленеді.
      5. Коммерциялық (кәсiпкерлiк) құпия заңмен қорғалады. Коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтердi анықтау тәртiбi, оның қорғау құралдары, сондай-ақ коммерциялық құпия құрамына енбейтiн мәлiметтер тiзбесi заңдарда белгiленедi
      6. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау осы Кодексте немесе өзге де  заң құжаттарында көзделген құралдармен қамтамасыз етiледi. 
      Әрбiр тұтынушының, атап айтқанда: 
      - тауарлар сатып алу, жұмыс пен қызметтi пайдалану үшiн еркiн шарт жасасуға; 
      - тауарлардың (жұмыстың, қызметтiң) тиiсiнше сапалы және қауiпсiз болуына; 
      - тауарлар (жұмыс, қызмет) жөнiнде толық және анық мәлiмет алуға; 
      - тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарына бiрiгуге құқығы бар. 
      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентiнiң 1996.01.27 N 2835 Жарлығымен, ҚР 1997.07.11 N 154, 1998.07.10 N 283, 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      11-бап. Кәсiпкерлiк еркiндiгiн пайдаланып қиянат 


               жасауға жол бермеу

      1. Заңды бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға, негiзсiз артықшылықтар алуға, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасауға бағытталған монополистiк және қандай болса да басқа қызметке жол берiлмейдi. 


      2. Заң құжаттарында көзделген реттердi қоспағанда, кәсiпкерлердiң азаматтық құқықтарды бәсекелестiктi шектеу мақсатында пайдалануына, соның iшiнде: 
      1) кәсiпкерлердiң рыноктағы өздерiнiң үстем жағдайын пайдаланып, атап айтқанда, тауар тапшылығын жасау немесе бағаны көтеру үшiн тауар өндiрудi шектеу немесе тоқтатып тастау, не айналыстан алып тастау арқылы қиянат жасауына; 
      2) ұқсас кәсiпкерлiк қызмет жүргiзушi адамдардың баға, рыноктарды бөлiсу, басқа кәсiпкерлердi аластау туралы және бәсекелестiктi едәуiр шектейтiн өзге де жағдайлар туралы келiсiмдер жасасуына және оларды орындауына; 
      3) ұқсас кәсiпкерлiк қызмет жүргiзушi адамның және тұтынушылардың заңды мүдделерiне қысым көрсетуге бағытталған терiс пиғылды әрекеттер жасауына (терiс пиғылды бәсекелестiк), атап айтқанда, тұтынушыларды басқа кәсiпкердiң тауар дайындаушысы, дайындау мақсаты, әдiсi мен орны, сапасы және өзге де қасиеттерi жөнiнен шатастыру арқылы, тауарларды жарнамалық және өзге де ақпаратта әдепсiздiкпен салыстыру, бөтен тауардың сыртқы безендiрiлуiн көшiрiп алу арқылы және басқа да әдiстермен шатастыруына жол берiлмейдi. 
      Терiс пиғылды бәсекелестiкке қарсы күрес жөнiндегi шаралар заң құжаттарымен белгiленедi.

2-тарау. Азаматтық құқықтардың субъектілері

  Параграф 1. Қазақстан Республикасының азаматтары 
және басқа жеке тұлғалар

      12-бап. Жеке тұлға ұғымы

      Қазақстан Республикасының азаматтары, басқа мемлекеттердiң азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар жеке тұлғалар болып ұғынылады. Егер осы Кодексте басқаша белгiленбесе, бұл тараудың ережелерi барлық жеке тұлғаларға қолданылады.

      13-бап. Азаматтардың құқық қабiлеттiлiгi

      1. Азаматтық құқыққа ие болып, мiндет атқару қабiлетi (азаматтық құқық қабiлеттiлiгi) барлық азаматтарға бiрдей деп танылады. 
      2. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгi ол туған кезден басталып қайтыс болған соң тоқтатылады.

      14-бап. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгiнiң 


               негiзгi мазмұны

      Азаматтың Қазақстан Республикасы шегiнде де, одан тыс жерлерде де мүлiктi, соның iшiнде шетел валютасын меншiктенуге; мүлiктi мұраға алып, мұраға қалдыруға; республика аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жер таңдауға; республикадан тыс жерлерге еркiн шығып кетуге және оның аумағына қайтып оралуға; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналысуға; дербес өзi немесе басқа азаматтармен және заңды тұлғалармен бiрiгiп заңды тұлғалар құру; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген мәмiле жасасып, мiндеттемелерге қатысу; өнертабыстарға, ғылым, әдебиет және өнер шығармаларына, интеллектуалдық қызметтiң өзге де туындыларына интеллектуалдық меншiк құқығы болуға; материалдық және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқығы болады; басқа да мүлiктiк және жеке құқықтары болады.

      15-бап. Азаматтың есiмi

      1. Азамат тегi мен есiмiн, сондай-ақ қалауы бойынша - әкесiнiң атын қоса отырып, өз атымен құқықтар мен мiндеттер алады және оларды жүзеге асырады. 


      2. Заңдар бойынша азаматтардың жасырын түрде құқықтар иеленiп, мiндеттердi жүзеге асыратын жағдайлары немесе бүркеншiк ат (ойдан шығарылған есiмдi) пайдаланатын реттерi көзделуi мүмкiн. 
      3. Азаматтың туған кезде берiлген есiмi, сондай-ақ есiмiн өзгерту азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы заңдардабелгiленген тәртiп бойынша тiркелуге тиiс. 
      4. Азамат өз есiмiн заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша өзгертуге құқылы. Есiмiн өзгерту оның бұрынғы есiмiн, жасырын немесе бүркеншiк атпен алған құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатуға немесе өзгертуге негiз болмайды. 
      5. Азамат өзiнiң борышқорлары мен несие берушiлерiне өз есiмiн өзгерткенi туралы хабарлау үшiн қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi және бұл адамдарда оның есiмi өзгертiлгендiгi туралы мәлiметтер болмауынан туған ықтимал зардаптарға тәуекел етедi. 
      6. Есiмiн өзгерткен азамат өзiнiң бұрынғы есiмiне ресiмделген құжаттарға тиiстi өзгерiстер енгiзiлуiн талап етуге құқылы. 
      7. Басқа бiр адамның есiмiмен құқықтар мен мiндеттер иеленуге жол берiлмейдi.
      8. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, азамат өз есiмi оның келiсiмiнсiз пайдаланылған жағдайда, оған тыйым салынуын талап етуге құқылы.
      9. Азаматтың есiмiн заңсыз пайдалану нәтижесiнде оған келтiрiлген зиян осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес өтелуге тиiс.
      Азаматтың есiмi оның абыройына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн әдiстермен немесе сондай нысанда бұрмаланған не пайдаланылған жағдайда осы Кодекстiң 143-бабында көзделген ережелер қолданылады. 
      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 225; 21.05.2013 № 95-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      16-бап. Азаматтың тұрғылықты жерi және заңды мекенжайы

      1. Азамат тұрақты немесе көбiнесе тұратын елдi мекен оның тұрғылықты жерi деп танылады. S990005
      2. Он төрт жасқа толмаған адамдардың (жас балалардың) немесе қорғаншылықтағы азаматтардың тұрғылықты жерi олардың заңды өкілдерінің тұрғылықты жерi болып танылады. 
      3. Азаматтың жеке және заңды тұлғалармен, сондай-ақ мемлекетпен қарым-қатынастарында пайдаланатын заңды мекенжайы болады. 
      Азаматтың тiркелген жерi оның заңды мекенжайы болып танылады. 
      Азаматтарды тiркеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.
      4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, азаматтың тұрғылықты жерi және заңды мекенжайы туралы ақпарат оның келiсiмiнсiз пайдаланылған жағдайда, оған тыйым салынуын талап етуге құқылы.
      Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 224, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.05.2013 № 95-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      17-бап. Азаматтардың әрекет қабiлеттiлiгi

      1. Азаматтың өз әрекеттерiмен азаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзi үшiн азаматтық мiндеттер жасап, оларды орындауға қабiлеттiлiгi (азаматтық әрекет қабiлеттiлiгi) кәмелетке толғанда, яғни он сегiз жасқа толғаннан кейiн толық көлемiнде пайда болады. 
      2. Заң құжаттарында он сегiз жасқа жеткенге дейiн некелесуге рұқсат етiлетiн жағдайда, он сегiз жасқа толмаған азамат некеге тұрған кезден бастап толық көлемiнде әрекет қабiлеттiлiгiне ие болады. 
      3. Егер заң құжаттарында өзгеше белгiленбесе, барлық азаматтардың әрекет қабiлеттiлiгi тең болады.

      18-бап. Құқық қабiлеттiлiгi мен әрекет қабiлеттiлiгiнен 


               айыруға және оларды шектеуге жол бермеу

      1. Заң құжаттарында көзделген реттер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмнiң де құқық қабiлеттiлiгi мен әрекет қабiлеттiлiгiн шектеуге болмайды. 


      2. Азаматтардың құқық қабiлеттiлiгi мен әрекет қабiлеттiлiгiн шектеудiң заң құжаттарында белгiленген шарттары мен тәртiбiнiң немесе олардың кәсiпкерлiк не өзге де қызметпен айналысу құқығының сақталмауы тиiстi шектеудi белгiлеген мемлекеттiк немесе өзге де органның құжатын жарамсыз деп тануға әкелiп соқтырады. 
      3. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгiнен немесе әрекет қабiлеттiлiгiнен толық немесе iшiнара бас тартуы және құқық қабiлеттiлiгiн немесе әрекет қабiлеттiлiгiн шектеуге бағытталған басқа да мәмiлелер жарамсыз болады, бұған мұндай мәмiлелерге заң құжаттарында рұқсат берiлген реттер қосылмайды.

      19-бап. Азаматтардың кәсiпкерлiк қызметi

      1. Азаматтар, осы Кодексте және өзге заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда заңды тұлға құрмай-ақ кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқылы. 
      2. Дара кәсiпкерлердi мемлекеттiк тiркеу дара кәсiпкер ретiнде есепке қоюды білдіреді.
      3. Азаматтардың заңды тұлға құрмай-ақ жүзеге асырылатын кәсiпкерлiк қызметiне, егер заңдардан немесе құқықтық қатынастар мәнiнен өзгеше нәрсе туындамайтын болса, тиiсiнше осы Кодекстiң коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғалардың қызметiн реттейтiн ережелерi қолданылады.
      4. Мынадай шарттардың бiрiне сәйкес келетiн: 
      1) жалданбалы қызметкерлердiң еңбегiн тұрақты негiзде пайдаланатын; 
      2) кәсiпкерлiк қызметтен салық заңдарына сәйкес есептелген, осы баптың 4-1-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде жеке тұлғалар үшiн белгiленген жиынтық жылдық табыстың салық салынбайтын мөлшерiнен артық жиынтық жылдық табыс табатын жеке кәсiпкерлер мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатады. 
      Мемлекеттік тiркеусiз аталған жеке кәсiпкерлердiң қызметiне тыйым салынады. 
      4-1. Қызметкерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдаланбайтын жеке тұлға Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мынадай табыстарды алу кезінде дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы: 
      1) төлем көзінен салық салынатын табыс; 
      2) мүліктік табыс; 
      3) өзге де табыстар. 
      5. Егер дара кәсіпкер лицензиялануға жататын қызметті жүзеге асырса, оның осындай қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы болуы міндетті.
      Лицензия Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен беріледі.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі дара кәсіпкерлерге лицензиялар берудің оңайлатылған тәртібін белгілеуге құқылы.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.02 N 144-I, 2001.12.24 N 276, 2008.12.10 N 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.06.30 № 297-IV (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.12.26 N 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      20-бап. Азаматтың мүлiктiк жауапкершiлiгi

      1. Азамат өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi бүкiл мүлiкпен жауап бередi, бұған заң құжаттарына сәйкес ақы өндiрiп алуға болмайтын мүлiктер кiрмейдi. 
      2. Азаматтардың ақы өндiрiп алуға болмайтын мүлкiнiң тiзбесi Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiмен белгiленедi.

      21-бап. Жеке кәсiпкердiң банкроттығы

      1. Дара кәсiпкердiң дәрменсiздiгi (осы Кодекстiң 52-бабы) оны банкрот деп тануға негiз болып табылады.
      2. Дара кәсіпкердің банкроттығы Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген қағидалар бойынша ерiктi немесе мәжбүрлi түрде танылады. Дара кәсiпкер банкрот деп танылған кезден бастап оны дара кәсiпкер ретiнде тiркеудiң күшi жойылады.
      3. Дара кәсiпкерге банкроттық рәсiмдерiн қолданған кезде оның кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес мiндеттемелер бойынша кредиторлары, егер осындай мiндеттемелер бойынша орындау мерзiмi басталған болса, өз талаптарын қоюға да құқылы. Көрсетілген кредиторлардың осындай тәртiппен мәлiмделмеген талаптары, сондай-ақ мүліктік массадан толық көлемде қанағаттандырылмаған талаптар күшiн сақтап қалады және банкроттық рәсiмдері аяқталғаннан кейiн жеке тұлға ретiнде борышкерге өндiрiп алынуға қойылуы мүмкiн. Бұл талаптардың мөлшерi борышкердiң банкроттығы процесiнде алынған қанағаттандыру сомасына азайтылады.
      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.03.2014 N 177-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      22-бап. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi 


               кәмелетке толмағандардың әрекет қабiлеттiлiгi

      1. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар мәмiлелердi олардың заңды өкілдерінің келiсiмiмен жасайды. Мұндай келiсiмнiң нысаны заңдарда кәмелетке толмағандар жасайтын мәмiле үшiн белгiленген нысанға сай келуге тиiс. 


      2. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар өздерiнiң табысына, стипендиясына, өзге де кiрiстерiне және өздерi жасаған интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне өз бетiнше билiк етуге, сондай-ақ тұрмыстық ұсақ мәмiлелер жасасуға құқылы. 
      РҚАО-ның ескертпесі!
      3-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      3. Жеткiлiктi негiздер болған жағдайда қорғаншылық және қамқоршылық органы кәмелетке толмаған адамның өз табысына, стипендиясына, өзге де кiрiстерiне және өзi жасаған интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне өз бетiнше билiк ету құқығын шектеуi немесе ол құқықтан айыруы мүмкiн. 
      4. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар осы баптың ережелерiне сәйкес өздерi жасаған мәмiлелер бойынша дербес жауапты болады және өздерiнiң әрекеттерiнен келтiрiлген зиян үшiн осы Кодекстiң ережелерi бойынша жауап бередi.
      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      22-1-бап. Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке 


                 қабiлеттi деп жариялау (эмансипация)

      1. Жасы он алтыға жеткен кәмелетке толмаған адам, егер ол еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн болса немесе оның заңды өкілдерінің келiсiмiмен кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын болса, толығымен әрекетке қабiлеттi деп жариялануы мүмкiн. 


      2. Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабiлеттi деп жариялау (эмансипация) оның заңды өкілдерінің келiсiмiмен қорғаншы және қамқоршы органның шешiмi бойынша не ондай келiсiм болмаған жағдайда соттың шешiмi бойынша жүргiзiледi. 
      3. Эмансипацияланған кәмелетке толмаған адам, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес ие болу үшiн жас шектеуi белгiленген құқықтар мен мiндеттердi қоспағанда, азаматтық құқықтарға ие болады және мiндеттердi (оның iшiнде өзiнiң зиян келтiруi салдарынан туындаған мiндеттемелер бойынша) мойнына алады. 
      Заңды өкілдер эмансипацияланған кәмелетке толмаған адамның мiндеттемелерi бойынша жауапты болмайды. 
      Ескерту. Кодекс 21-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.01.12 N 225 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      23-бап. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандардың 


               (жас балалардың) әрекет қабiлеттiлiгi

      1. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар (жас балалар) үшiн мәмiлелердi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың атынан заңды өкілдері жасайды. 


      2. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар (жас балалар) өздерiнiң жасына лайықты, жасай салып орындалатын тұрмыстық ұсақ мәмiлелердi өз бетiнше жасауға құқылы.
      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

     24-бап. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының 


              кәмелетке толмағандардың мәмiле жасауына және 
              кәмелетке толмағандар үшiн мәмiле жасауға 
              келiсiмi

      Заң құжаттарында кәмелетке толмағандардың мәмiле жасауына және кәмелетке толмағандар үшiн мәмiле жасауға қорғаншылық және қамқоршылық органының алдын ала келiсiмi талап етiлетiн жағдайлар белгiленуi мүмкiн. қараңыз.P100140

      25-бап. Кәмелетке толмағандардың банкiлерге салымдар 
               салу және салымдарға билiк ету құқығы

      1. Кәмелетке толмағандар банкiлерге салымдар салуға және өздерi салған салымдарға дербес билiк етуге құқылы. 


      2. Он төрт жасқа толмаған кәмелетке толмағандардың (жас балалардың) атына басқа бiреудiң салған салымдарына олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкiлдерi билiк етедi, ал он төрт жасқа толған кәмелетке толмағандар өздерiнiң атына басқа бiреу салған салымдарға өз бетiнше билiк етедi.
      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      26-бап. Азаматты әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп тану

      1. Жүйке ауруы немесе ақыл-есiнiң кемдiгi салдарынан өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе не iстегенiн бiлмейтiн азаматты сот әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп тануы мүмкiн, соған байланысты оған қорғаншылық белгiленедi. 
      2. Әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп танылған азаматтың атынан мәмiлелердi оның қорғаншысы жасайды. қараңыз.K090193
      3. Әрекет қабiлеттiлiгi жоқ адам сауығып кеткен немесе денсаулығы едәуiр жақсарған жағдайда сот оны әрекет қабiлеттiлiгi бар деп таниды, бұдан кейiн одан қорғаншылық алынады.

      27-бап. Азаматтың әрекет қабiлеттiлiгiн шектеу

      1. Спирт iшiмдiктерiне немесе есiрткi заттарға салыну салдарынан өзiнiң отбасын материалдық жағынан ауыр жағдайға ұшыратқан азаматтың әрекет қабiлеттiлiгiн сот Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiнде белгiленген тәртiп бойынша шектеуi мүмкiн. Оған қамқоршылық белгiленедi. Ол тұрмыстық ұсақ мәмiлелердi өз бетiнше жасауға құқылы. Басқа мәмiлелер жасауды, сондай-ақ табысын, зейнетақысын және өзге де кiрiстерiн алуды және оларға билiк етудi ол тек қамқоршысының келiсiмiмен ғана жүзеге асыра алады. 
      2. Азамат спирт iшiмдiктерiне немесе есiрткi заттарға және нашақорлыққа салынуды тоқтатқан жағдайда сот оның әрекет қабiлеттiлiгiне қойылған шектеудiң күшiн жояды. Сот шешiмiнiң негiзiнде азаматқа белгiленген қамқоршылықтың күшi жойылады.

      28-бап. Азаматты хабар-ошарсыз кеттi деп тану

      1. Егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы бiр жыл бойы деректер болмаса, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны хабар-ошарсыз кеттi деп тануы мүмкiн. 
      2. Хабар-ошарсыз кеткен азамат туралы соңғы деректер алынған күндi анықтау мүмкiн болмаған жағдайда жоқ адам туралы соңғы деректер алынған айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнi, ал бұл айды анықтау мүмкiн болмаған жағдайда келесi жылғы бiрiншi қаңтар хабар-ошарсыз кетудiң басталған күнi деп есептеледi.

      29-бап. Хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкiн сақтау

      1. Хабар-ошарсыз кеттi деп танылған адамның мүлкiне сот шешiмiнiң негiзiнде қорғаншылық белгiленедi. Осы мүлiктен хабар-ошарсыз кеткен адам асырауға мiндеттi адамдарды асырауға қаражат берiледi және хабар-ошарсыз кеткен адамның салықтар мен басқа да мiндеттемелер бойынша берешегi өтеледi. 
      2. Мүдделi адамдардың арызы бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органы мүлiктi сақтау және басқару үшiн хабар-ошарсыз кеткен адамның тұрған жерi туралы соңғы деректер алынған күннен бастап бiр жыл өткенге дейiн де қорғаншы тағайындай алады.

      30-бап. Хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы шешiмнiң 


               күшiн жою

      Хабар-ошарсыз кеттi деп танылған адам келген немесе оның тұрған жерi белгiлi болған жағдайда сот оны хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы және оның мүлкiне қорғаншылық белгiлеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.

      31-бап. Азаматты өлдi деп жариялау

      1. Егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы үш жыл бойы деректер болмаса, ал егер ол өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда алты ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны өлдi деп жариялауы мүмкiн. 


      2. Соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз жоғалып кеткен әскери қызметшi немесе өзге адам соғыс қимылдары аяқталған күннен бастап кемiнде екi жыл өткеннен кейiн өлдi деп жариялануы мүмкiн. 
      3. Өлдi деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күні өлдi деп жарияланған адамның өлген күнi болып есептеледi. Өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адам өлдi деп жарияланған реттерде сот бұл адамның шамамен қаза тапқан күнiн оның өлген күнi деп тануы мүмкiн. 
      4. Адамды өлдi деп жариялау туралы заңды күшiне енген сот шешiмiнiң негiзiнде азаматтық хал актiлерiн жазу кiтаптарына оның өлгенi туралы жазба жасалады. Бұл жазбаның нәтижелерi де нақты өлiм туралы жазбаның нәтижелерi сияқты болады.

      32-бап. Өлдi деп жарияланған адамның тiрi оралуынан 


               туындайтын жағдайлар

      1. Өлдi деп жарияланған адам тiрi оралған немесе оның тұрған жерi белгiлi болған жағдайда сот тиiстi шешiмнiң күшiн жояды. 


      2. Азамат өзiнiң қай уақытта оралғанына қарамастан, кез келген адамнан азамат өлдi деп жарияланғаннан кейiн сол адамға тегiн көшiп, сақталып қалған мүлкiн қайтарып берудi талап ете алады. 
      3. Егер өлдi деп жарияланған адамның мүлкiн оның заңды мұрагерi үшiншi бiр адамдарға берiп, олар мүлiктiң сатып алу бағасын адам тiрi оралған кезге дейiн толық төлемеген болса, төленбеген соманы талап ету құқығы тiрi оралған адамға көшедi.
      4. Өлдi деп жарияланған азаматтың мүлкi ақысы төленетiн мәмiле бойынша өзiне көшкен адамдар оған бұл мүлiктi қайтаруға, ал оларда мүлiк жоқ болған жағдайда, егер мүлiктi алған кезде олар өлдi деп жарияланған азаматтың тiрi екендiгiн бiлгенi дәлелденсе, мүлiктiң құнын өтеуге мiндеттi. 
      5. Мүлiктi иелiктен шығарушы адам өлдi деп жарияланған адамның мүлiктi иелiктен шығару кезiнде тiрi екендiгiн бiлген болса, мүлiктi қайтарып беру немесе оның құнын өтеу мiндетiн мүлiктi алушымен бiрге мойнына алады. 
      6. Егер өлдi деп жарияланған адамның мүлкi мұрагерлiк құқық бойынша мемлекетке өтiп, сатылып кеткен болса, адамды өлдi деп жариялау туралы шешiмнiң күшi жойылғаннан кейiн оған мүлiктiң құн төленетiн күнгi нарықтық бағасы ескерiле отырып, оны сатудан түскен сома қайтарылады.

Параграф 2. Заңды тұлғалар

      Ескерту. III, IV, V бөлiктер V, VI, VII бөлiктер болып есептелдi - ҚР 1998.05.10 N 282 Заңымен.

  I. Жалпы ережелер

      33-бап. Заңды тұлға ұғымы

      1. Меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкi бар және сол мүлiкпен өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады. 


      Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиiс. 
      2. Заңды тұлғаның өз атауы жазылған мөрi болады. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл талап жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.
      Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

      34-бап. Заңды тұлғалардың түрлерi мен нысандары

      1. Өз қызметiнiң негiзгi мақсаты ретiнде табысын келтiрудi көздейтiн (коммерциялық ұйым) не мұндай мақсат ретiнде пайда келтiре алмайтын және алынған таза табысын қатысушыларына үлестiрмейтiн (коммерциялық емес ұйым) ұйым заңды тұлға бола алады. 
      2. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттiк кәсiпорын, шаруашылық серiктестiк, акционерлiк қоғам, өндiрiстiк кооператив нысандарында ғана құрылуы мүмкiн. 
      3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қор, діни бірлестік нысанында және заңнамалық актілерде көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкін.
      Коммерциялық емес ұйым кәсiпкерлiк қызметпен өзiнiң жарғылық мақсаттарына сай келуiне қарай ғана айналыса алады. 
      3-1. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлға тек қана мемлекеттiк мекеме нысанында құрылуы мүмкiн. 
      4. Заңды тұлғалар бiрлестiк құра алады (осы Кодекстiң 110-бабы). 
      5. Заңды тұлға осы Кодекстiң, заңды тұлғалар нысандарының әрқайсысы туралы Заңның, өзге де заң құжаттары мен құрылтай құжаттарының негiзiнде жұмыс iстейдi. 
      Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 N 154, 1998.03.02 N 211, 1998.07.10 N 282, 1998.12.16 N 320, 2007.01.12 N 225, 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      35-бап. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi

      1. Заңды тұлғаның азаматтық құқықтары болып, өз қызметiне байланысты мiндеттердi осы Кодекске сәйкес мойнына алуы мүмкiн. Мемлекеттiк кәсiпорындарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың азаматтық құқықтары болуы және заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрiн жүзеге асыру үшiн қажеттi азаматтық мiндеттердi атқаруы мүмкiн. 
       Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асырушы заңды тұлғалар үшiн басқа қызметпен айналысу мүмкiндiгi болмауы немесе шектелуi мүмкiн. 
      Заңды тұлға тiзбесi заң актiлерiнде белгiленетiн жекелеген қызмет түрлерiмен лицензия негiзiнде ғана айналыса алады. 
      2. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi ол құрылған кезде пайда болады және оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады. Айналысу үшiн рұқсат алу қажет болатын қызмет саласында заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi осындай рұқсатты алған кезден бастап пайда болады және ол алып қойылған, қолданыс мерзiмi өткен немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылған кезде тоқтатылады.
      3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлғаның (мемлекеттiк мекеме) құқық қабiлеттiлiгi осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен белгiленедi. 
      Ескерту. 35-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02 N 211, 1998.12.16 N 320; 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      36-бап. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздерi құрған 


               заңды тұлғалардың мүлкiне құқықтары

      1. Заңды тұлғаның оқшау мүлкiне қатысты оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) мiндеттемелiк және заттық құқықтары болуы мүмкiн. 


      2. Мүлкiне өз қатысушылары (құрылтайшылары) мiндеттемелiк құқықтарын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық серiктестiктер, акционерлiк қоғам мен кооперативтер жатады. 
      3. Мүлкiне өз құрылтайшылары меншiк құқығын немесе өзге де заттық құқығын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық жүргiзушi құқығында немесе оралымды басқару құқығында мүлкi бар ұйымдар жатады. 
      4. Мүлкiне олардың құрылтайшылары (қатысушылары) мүлiктiк құқықтарын сақтамайтын заңды тұлғаларға қоғамдық бiрлестiктер, қорлар және дiни бiрлестiктер жатады.
      5. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздерi құрған өзге ұйымдық-құқықтық нысандардағы заңды тұлғалардың мүлкiне құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде айқындалады. 
      Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.07.10 N 282, 2007.01.12 N 225, 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      37-бап. Заңды тұлғаның органдары

      1. Заңды тұлға заң құжаттары мен құрылтай құжаттарына сәйкес жұмыс iстейтiн өз органдары арқылы ғана азаматтық құқықтарға ие болып, өзiне мiндеттер қабылдайды. 
      2. Заңды тұлға органдарының түрлерi, тағайындалу немесе сайлану тәртiбi және олардың өкiлеттiгi заңнамалық актілер мен құрылтай құжаттарында белгiленедi. 
      Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 N 211, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      38-бап. Заңды тұлғаның атауы

      1. Заңды тұлғаның оны басқа заңды тұлғалардан айыруға мүмкiндiк беретiн өз атауы болады. 
      Заңды тұлғаның атауы оның қалай аталатынын және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсетудi қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша мағлұматты қамтуы мүмкiн. 
      Заңды тұлғаның атауы оның құрылтай құжаттарында көрсетiледi. 
      Заңды тұлғаның атауында заң талаптарына немесе қоғамдық мораль қалыптарына қайшы келетiн аттарды, егер жеке адамдардың есiмдерi қатысушылардың есiмдерiне сәйкес келмесе не қатысушылар бұл адамдардың есiмiн пайдалануға олардан (олардың мұрагерлерiнен) рұқсат алмаса, олардың есiмдерiн пайдалануға жол берiлмейдi.       
      2. Заңды тұлға белгілі бір атаумен Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгізіледі.
      Заңды тұлғаның атауы Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғалардың атауын толық немесе оның елеулі бөлігінде қайталамауға тиіс.
      Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның атауы заңды тұлға тіркелгеннен кейін оның фирмалық атауы болып табылады.
      Заңды тұлғаның фирмалық атауды тек қана өзі пайдалануға құқығы бар. Бөтен бір фирмалық атауды заңсыз пайдаланатын тұлға фирмалық атаудың құқық иесінің талап етуі бойынша мұндай атауды пайдалануды тоқтатуға және келтірілген залалдың орнын толтыруға міндетті.
      Заңды тұлғаның фирмалық атауды пайдалануға байланысты құқықтары мен міндеттері заңнамада айқындалады.
      3. Алынып тасталды - ҚР 2001.12.24 N 276 Заңымен.
      4. Мемлекеттiк органдар болып табылмайтын заңды тұлғалардың фирмалық атауларында, қызмет көрсету таңбаларында, тауар таңбаларында, Қазақстан Республикасының заң актілерiнде, Президентi мен Үкiметi актiлерiнде белгiленген Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының ресми атауларына сiлтемелердi пайдалануға тыйым салынады. 
      Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15 N 30, 1998.03.02 N 211, 1999.07.16 N 440, 2001.12.24 N 276, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      39-бап. Заңды тұлғаның тұрған жерi

      1. Заңды тұлғаның тұрақты жұмыс iстейтiн органы тұрған жер оның тұрған жерi болып танылады. 
      2. Заңды тұлғаның тұрған жерi оның құрылтай құжаттарында почталық толық мекен-жайы жазылып, көрсетiледi. 
      3. Үшiншi тұлғалармен қарым-қатынастарда заңды тұлға нақты мекенжайының Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiміне енгiзiлген мекенжайына сәйкес келмейтiнiне сiлтеме жасауға құқылы емес. Бұл ретте, үшiншi тұлғалар заңды тұлғаға почталық және өзге де хат-хабарды Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген мекенжайына да, нақты мекенжайына да жіберуге құқылы.
      Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 N 211, 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      40-бап. Заңды тұлғаның құрылтайшылары

      1. Заңды тұлғаны бiр немесе бiрнеше құрылтайшы құруы мүмкiн. 
      2. Мүлiктi меншiктенушiлер не олар уәкiлдiк берген органдар немесе жақтар, ал заң құжаттарында арнайы көзделген реттерде өзге де заңды тұлғалар заңды тұлғаның құрылтайшылары бола алады. Бұл орайда, мүлiктi шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығымен иеленетiн заңды тұлғалар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, меншiк иесiнiң немесе ол уәкiлдiк берген органның келiсiмiмен басқа заңды тұлғалардың құрылтайшылары бола алады. 
      3. Заңды тұлғаның құрылтайшылары, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы заңды тұлғаның құрылтайшылары болып табылмайтын оның басқа қатысушыларынан қандай да бiр артықшылықтарға ие бола алмайды. 
      Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.05.16 N 416, 2011.02.18 N 408-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      41-бап. Заңды тұлғаның құрылтай құжаттары



      1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, заңды тұлға өз қызметiн жарғысы және құрылтай шарты негiзiнде, немесе eгep заңды тұлғаны бiр тұлға құрған болса, жарғысы және заңды тұлға құру туралы жазбаша түрде ресiмделген шешiмi (жалғыз құрылтайшының шешiмi) негiзiнде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда, коммерциялық ұйым болып табылмайтын заңды тұлға ұйымдардың осы түрi жөнiндегi жалпы ережелер негiзiнде iс-әрекет жасай алады. 
      Шағын, орта және ірі кәсiпкерлiк субъектiсi болып табылатын заңды тұлға өз қызметiн Қазақстан Республикасының Үкiметi мазмұнын белгiлейтiн үлгi жарғының негiзiнде жүзеге асыра алады. 
      2. Заңды тұлғаның құрылтай шарты жасалады, ал жарғысын құрылтайшылары бекiтедi. Егер коммерциялық ұйымның құрылтайшысы бiр адам болса, құрылтай шарты жасалмайды. 
      3. Коммерциялық емес ұйым мен мемлекеттiк кәсiпорынның құрылтай құжаттарында заңды тұлға қызметiнiң мәнi мен мақсаты белгiленуге тиiс. 
      Шаруашылық серiктестiгi, акционерлiк қоғамы мен өндiрiстiк кооперативтiң құрылтай құжаттарында олардың қызметiнiң мәнi мен мақсаттары көзделуi мүмкiн. 
      4. Құрылтай шартында тараптар (құрылтайшылар) заңды тұлға құруға мiндеттенедi, оны құру жөнiндегi бiрлескен қызмет тәртiбiн, оның меншiгiне (оралымды басқаруына) өз мүлкiн беру және оның қызметiне қатысу ережелерiн белгiлейдi. Егер осы Кодексте немесе заңды тұлғалардың жекелеген түрлерi туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шартта құрылтайшылар арасында таза табысты бөлудiң, заңды тұлға қызметiн басқарудың, оның құрамынан құрылтайшылардың шығуының шарттары мен тәртiбi де белгiленедi және оның жарғысы бекiтiледi. 
      Құрылтай шартына құрылтайшылардың келiсуi бойынша басқа да ережелер енгiзiлуi мүмкiн. 
      4-1. Жалғыз құрылтайшының шешiмi мүлiктердi меншiкке беру (шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару) шарттарын және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де шешiмдердi қамтуға тиiс. 
      Жалғыз құрылтайшының - заңды тұлғаның шешiмiн Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы заңды тұлғаның жарғысына сәйкес оның осындай шешiм қабылдауға құқығы бар органдары қабылдайды. 
      5. Заңды тұлғаның жарғысында: онда оның атауы, тұрғылықты орны, оның органдарын құру тәртiбi және олардың құзыретi, оның қызметiн қайта құру және жою ережелерi белгiленедi. 
      Егер заңды тұлғаны бiр адам құрса, онда оның жарғысында мүлiктi құру және кiрiстердi бөлу тәртiбi де белгiленедi. 
      Жарғыда Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкiн. 
      6. Бiр заңды тұлғаның құрылтай шарты мен жарғысы арасында қайшылықтар болған жағдайда: 
      1) егер олар құрылтайшылардың iшкi қатынастарына қатысты болса, құрылтай шартының; 
      2) егер олардың қолданылуы заңды тұлғаның үшiншi тұлғалармен қатынастарында маңызы болса, жарғының ережелерi қолдануға тиiс. 
      7. Барлық мүдделi адамдар заңды тұлғаның жарғысымен танысуға құқылы. 
      Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15 N 30, 1997.06.19 N 132, 1997.07.11 N 154, 1998.03.02 N 211, 1998.04.22 N 221, 1998.07.10 N 282, 2003.05.16 N 416, 2007.01.12 N 225, 2008.07.04 N 54-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.08 N 225-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      42-бап. Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және 



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет