8) майсыздандырылған оттегi жабдығын пайдалануға;
9) барозалда тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды, майларды, сондай-ақ жанғыш, оның iшiнде таңып байлау материалдарын сақтауға;
10) барозалдағы оттегi концентрациясының 23 % артық артуына жол беруге;
11) бароаппаратта баробөлiмдi және бароаппаратты тексерудiң бекiтiлген актiсi болмаған кезде емдеу сеанстарын жүргiзуге;
12) бароаппаратты рұқсат етiлген кернеуден артық желiге қосуға;
13) пайдалануды өрт сөндiрудiң алғашқы құралдарынсыз жүзеге асыруға жол берiлмейдi.
Дәрiханалар мен дәрiхана қоймаларын ұстау тәртiбi
221. Басқа мақсаттағы ғимараттардағы дәрiханаларда тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтар саны 100 килограмнан аспайтындай етiп қабылданады.
222. Дәрiханаларда сақталатын оттегi толтырылған баллонның саны екеуден аспайды және олар арнайы орынға тiгiнен тұрғызылған күйде тұрады, сонымен бiрге, қамытпен немесе басқа да құралмен тығыз бекiтiледi.
223. Дәрiхана қоймаларында:
1) транзиттi электр кәбілдерi өтетiн үй-жайларда, сондай-ақ газ коммуникациялары мен май сiңген аппаратуралар бар үй-жайларда сақтауға;
2) өнiмдi үйiп-төгiп сақтауға және оны жылу берудiң тығыз радиаторлары мен құбырларына жинауға;
3) материалдарды тiкелей қоймаларда ашуға және буып-түюге;
4) сумен реакцияға түсетiн сiлтiлi металдар және басқа заттар сақталатын қоймалық үй-жайларға дымқыл немесе ылғалды киiммен және аяқ-киiммен кiруге жол берiлмейдi.
224. Қалқа артында тек ылғалды ауадан немесе судан шiрiмейтiн, қызбайтын және тұтанбайтын химиялық заттарды сақтауға болады.
225. Қоймалық және дәрiхана қоймасы үй-жайларындағы материалдық құндылықтар қатаң түрде ассортиментке сәйкес сақталады, бұл ретте тез тұтанатын сұйықтықтарды басқа материалдармен бiрге сақтауға жол берiлмейдi.
226. Пластмасса бұйымдары желдетiлетiн, қараңғы, құрғақ үй-жайда бөлме температурасында, жылу беру жүйелерiнен кемiнде 1 метр қашықтықта сақталады. Үй-жай ашық оттан, ұшпалы заттардың буларынан шектеледi.
227. Дәрiхана қоймаларында және басқа жерлерде өрт немесе жану туындаған кезде тиiстi бөлiмшелердiң басшылары өртке қарсы қызмет жұмысшылары келген кезде улы және жарылыс қаупi бар заттардың бар-жоғы және сақтау орындары туралы хабарланады.
228. Өрт қауiпті және тез тұтанатын сұйықтықтары бар баллондар арнайы лайықталған көтермелерде немесе ұстайтын саптары ақаусыз себеттерде екеулеп тасымалданады. Үлкен бөтелкелерi бар себеттердi, жәшiктердi немесе көтермелердi (салмағы 20 килограммнан асатын), сондай-ақ қатты ыдысқа салынған заттарды тек дөңгелектерi жұмсақ жүретiн арнайы арбаларға салынады.
229. От қауiптi және жарылыс қауiптi дәрi-дәрмек құралдары бiртектiлiк қағидасы бойынша және олардың физикалық-химиялық және өрт қауiптi қасиеттерiне және орау сипатына сәйкес сақталуы тиiс.
230. От қауiптi және жарылыс қауiптi дәрi-дәрмек құралдарын сақтауға арналған үй-жайлар жанбайтын және төзiмдi стеллаждармен және тұғырлармен қамтамасыз етiледi.
231. Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды енi кемiнде 0,7 метр және биiктiгi кемiнде 1,2 метр есiктерi бар жапсарлас жанбайтын шкафтарда сақтауға болады.
232. От қауiптi және жарылыс қауiптi заттар қоймаларының үй-жайларының есiктерi ғимараттан шығу бағыты бойынша ашылады.
233. 100 килограмнан астам мөлшердегi тез тұтанатын сұйықтықтар бөлек тұрған ғимаратта шыны немесе металл ыдыста өзге топтардағы от қауiптi заттарды сақтау үй-жайларынан оқшау сақталады.
234. Медициналық ұйымдардың өндiрiстiк үй-жайларында тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды жалпы мөлшерi 3 килограмнан аспайтындай етiп жылыту аспаптары мен шығу жолдарынан қашықта арнайы металл жәшiкте сақталады.
235. От қауiптi және жарылыс қауiптi заттар сақталатын үй-жайларда сыртынан, сондай-ақ осы үй-жайлардың iшiнен есiктерiнде айқын көрiнетiн «От қауiптi», «Жарылыс қауiптi», «Темекi шегуге жол берiлмейдi», «Өрт шыққан жағдайда 101 немесе 112 телефонына қоңырау соғу қажет» деген жазулар iлiнедi.
236. От қауiптi және жарылыс қауiптi заттар сақталатын әр үй-жайға кiру жолының жанында «Өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн жауапты (жауапты адамның аты-жөнi)» деген жазуы бар тақта iлiнедi. Жауапты адам қалған от қауiптi және жарылыс қауiптi заттарды жинау және жұмыс күнi соңында өзге де шаралар жүргiзу мақсатымен күн сайын үй-жайға тексерiс жүргiзiледi.
237. Тез тұтанатын сұйықтықтарды сақтауға арналған контейнерлер сұйықтықтардың булануынан алдын алу үшiн тығыз жабылатын қақпағы бар шыныдан немесе металдан дайындалады. Тез тұтанатын және жанғыш заттарды ашық контейнерлерде және өзге де материалдардан дайындалған контейнерлерде сақтауға жол берiлмейдi.
238. Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтары бар бөтелкелер, баллондар мен өзге де үлкен сыйымдылықтар соққыдан сақтайтын ыдыста немесе баллон аударғыштарда бiр қатарда сақталады. Жұмыс орындарында бұл заттар ауысым қажеттiлiгiнен аспайтын мөлшерде тығыз жабылған контейнерлерде сақталады.
239. Тез тұтанатын және жанғыш сұйық дәрi-дәрмек құралдарын:
1) толықтай толтырылған контейнерде сақтауға жол берiлмейдi. Толтыру деңгейi көлемнiң 90 пайызынан аспайтындай етiп қарастырылуы тиiс. Көп мөлшердегi спирттер көлемнiң 95 пайызынан аспайтындай етіп толтырылатын металл сыйымдылықтарда сақталады;
2) минералды қышқылдармен (күкiрт, азот және өзге де қышқылдармен), сығылған және сұйылтылған газдармен, тез жанғыш заттармен, сондай-ақ органикалық заттармен жарылыс қауiптi қоспалар беретiн (хлорат калийi, перманганат калийi) бейорганикалық тұздармен сақтауға жол берiлмейдi.
240. Жанғыш және жарылыс қауiптi дәрi-дәрмек құралдары қабырғасы қалың, тығыз жабылатын контейнерлерде (бөтелкелерде, банкаларда, барабандарда) сақталады, қажет болған жағдайда тығындау құралдарына парафин құйылады.
Тұрғын үй және қоғамдық ғимараттар мен биiк қабатты
құрылыстарды ұстау тәртiбi
241. Түтiнге қарсы қорғау, өрт автоматикасы жүйелерi, авариялық жарықтандыру, iшкi өртке қарсы су құбыры, авариялық лифтiлер жүйелi түрде тексерiледi және үнемі жарамды күйде ұсталады.
242. Объектiлердiң орталық диспетчерлiк бекеттерiне шығарылған өрттен қорғау жүйелерiн басқару қондырғылары мен бақылау аспаптары жарамды күйде ұсталады және қызметке түскен кезде кезекшi персонал тексередi.
243. Өрт кезiнде қосылатын өрттен қорғау жүйелерiнiң iске қосу құрылғыларында олардың мақсаты мен iске қосу тәртiбi туралы тақтайша iлiнедi.
244. Табиғи жарықтандыруы жоқ эвакуциялау жолдары электр жарығымен үнемі жарықтандырылады, сондай-ақ жарықтың светодиодтан іске қосылу мүмкiндiгi көзделеді.
245. Автоматты өрт сөндiру қондырғыларына, өрт дабылына, түтiнге қарсы қорғау жүйелерiне, iшкi өртке қарсы су құбырының сорғы станцияларына техникалық қызмет көрсетудi бiлiктi мамандар жүзеге асырады.
246. Түтiнге қарсы қорғау жүйесiне кiретiн есiктер жарамды өздiгiнен жабылатын құрылғылармен және тығыздағыш төсемшелермен жабдықталады.
247. Түтiнге қарсы қорғау жүйесiмен, автоматты өрт сөндiру қондырғысымен және iшкi өртке қарсы су құбырымен жабдықталған ғимараттарда мерзiм сайын осы жүйелердiң автоматты түрде ауыстырып қосудың, электр энергиясымен қоректендiрудiң резервтiк ендiрмесiне авариялық және эвакуациялық жарықтандырудың жарамдылығы және жұмыс iстеуi тексерiледi.
248. Түтiнге қарсы қорғау жүйелерi мен iшкi өртке қарсы су құбырын пайдалануды ғимаратты пайдаланатын ұйым жүзеге асырады, ал штат санында осы жүйелерге қызмет көрсету саласындағы мамандар болмаған жағдайда, жүйелерге қызмет көрсетуге шарт бойынша мамандандырылған ұйымдар тартылады.
249. Автоматты түтiнге қарсы қорғау жүйелерiне техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын ұйым бақылау-сынау сынақтарын (жүйелердi жұмысқа қосу) орындай отырып, жүйелерге техникалық қызмет көрсетуге және орындалған жұмыстарды арнайы журналда белгiлеу арқылы ағымдағы және күрделi жөндеулер жүргiзiледi.
250. Лифт шахталарына ауа жеткiзудi көздейтiн түтiннен қорғау жүйесiмен жабдықталған ғимараттарда өрт болған жағдайда, жолаушы лифттерi дереу түсiрiлiп, төменгi қабатта болуы тиiс. Лифтілердiң үй-жайында авариялық жарықтандыру көзделеді.
251. Өрттен қорғау жүйелерi мерзiм сайын жұмыс қабiлеттiлiгiне тексерiледi. Күн сайынғы тексерiстер жүргiзу кезiнде өрттен қорғау жүйелерiн қолмен iске қосу түймелерiнiң көмегiмен қысқа мерзiмге (3-5 мин) жұмысқа қосылады, бұл ретте сорғы және арынды желдеткiштердiң жұмыс iстеуi, түтiн клапандарының ашылуы, өрт дабылы құрылғыларының iске қосылуы бақыланады.
252. Ай сайынғы ағымдық жөндеу кезiнде электрмен қоректендiру желiлерiнiң қалқандары мен тiзбектерi, ажыратқыш аппараттардың жарамдылығы, қабатты түтiн клапандарының электр жетектерi мен желдеткiш жапқыштарының, iшкi өртке қарсы сумен жабдықтау жүйелерiнiң, өрт сорғыларының iске қосу аппараттарының, қабаттардағы ойық шкафтардағы өрт сөндiретiн құрал-жабдықтардың (крандардың, өрт түтіктерiнiң, оқпандардың) жұмысқа жарамдылығы тексерiлуi, сондай-ақ өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесiн сынап iске қосу және ажырату жүргiзiледi.
253. Түтiннен қорғау жүйесiне қызмет көрсету үшiн ұйым басшысы желдеткiш торлардың, клапандардың, атқарушы тетiктер мен өзге де құрылғылардың тазалығын бақылайтын адамдарды тағайындайды.
254. Биiк қабатты ғимараттарда:
1) өрт шыққан жағдайда автосатыларды немесе иінді көтергіштерді орнатуға арналған алаңдарға әр түрлi жабдық, автокөлiк қоюға, үймелеуге;
2) түтiнге қарсы қорғау жүйесiн қабылдағаннан кейiн жүйемен басқару қалқанын токтан ажыратуға;
3) өрттен қорғау жүйесiн iске қосқанға дейiн жаңадан салынған ғимаратқа адамдарды орналастыруға;
4) тұйық қалқаларда және түтiнденбейтiн саты торларын үй-жайлардан, өту жолдарынан, жертөле үй-жайларынан бөлетiн қабырғаларда есiк ойықтарын орнатуға;
5) балкондар мен лоджияларда эвакуациялау есiктерiн, люктердi, сондай-ақ аралас секцияларға адамдардың өтуiне арналған өткелдердi және эвакуациялау сатыларына шығу жолдарын жиһазбен, жабдықпен тас қылып бекiтуге, үймелеуге;
6) автоматты өрт хабарлағыштарын бояуға, түсқағаздармен желiмдеуге;
7) ортақ дәлiздерде түтiн жоюға кедергi келтiретiн қалқаларды орнатуға;
8) балкондар мен лоджиялардың қоршауларын жанғыш материалдармен қаптауға;
9) түтiнденбейтiн саты торларын шынылауға немесе жалюзиi мен әуе аймақтарын бекiтуге;
10) өздiгiнен жабылатын есiктердi кәдiмгi шынымен (бекемделген немесе шыңдалған) шынылауға жол берiлмейдi.
Әлеуметтiк қызмет көрсету ұйымдарын ұстау тәртiбi
255. Заттар мен материалдарды сақтау (қаттап жинау) оларды сақтаудың үйлесімділігін өрт сөндiру құралдарының бiркелкiлiгiн ескере отырып, жүзеге асырылады.
256. Ғимараттардағы барлық үй-жайлар таза ұсталады. Қағаздарға және басқа да жанғыш қалдықтарға арналған себеттер мен жәшiктер үнемi тазартылады.
257. Әлеуметтiк қызмет көрсету ұйымдарында жанғанда уыттылығы жоғары өнiмдер шығаруы мүмкiн полимерлi материалдар қолданылып жасалған жиһаз бен жабдықты пайдалануға жол берiлмейдi.
258. Темекi шегуге бөлiнген орындар тиiстi белгiлермен белгiленiп, жанбайтын материалдан жасалған, үштен бiр бөлiгiнен кем емес көлемде сумен толтырылған урналармен (күл салғыштармен) жабдықталады және алғашқы өрт сөндiру құралдарымен (өрт сөндiргiш немесе құмы бар жәшiк) қамтамасыз етiледi. Үй-жайларында темекi шегуге арналған орындарды орналастырған кезде олардың iшiндегi қоршау конструкцияларын (едендер, қабырғалар мен жабындарды) өңдеу жанбайтын материалдардан жасалады. Темекi шегуге арналған орындарда жұмсақ жиһаз қоюға жол берiлмейдi.
259. Ғимараттардың iшiнде су құбырларын, кәріз құбырлары мен жылыту жүйелерiн жылыту үшiн ашық от пен қыздырылған заттарды қолдануға жол берiлмейдi.
260. Әлеуметтiк қызмет көрсету ұйымдарының қызметтiк үй-жайларында тұрмыстық электр аспаптарын (тоңазытқыштарды, қысқа толқынды пештердi, электр жылытқыштарын, электр шәйнектерiн) орнатуға және пайдалануға жол берiлмейдi.
261. Тамақты тек осы мақсаттарға арнайы бөлiнген және жабдықталған жерлерде ғана дайындауға (ысытуға) болады. Бұл ретте тұрмыстық қажеттiлiкке арналған электр жылытқыш аспаптарын автоматты өшiру құралдарынсыз қолдануға жол берiлмейдi.
262. Үй-жайларды жарықтандыру үшiн керосиндi шамдар мен шырақтарды қолдануға жол берiлмейдi.
263. Электрмен жылыту құралдарын, үстел шамдарын, радиоқабылдағыштарды, теледидарларды, тоңазытқыштарды, шаң сорғыларды тек дұрыс штепсельдi розеткалар арқылы ғана желiге қосылады.
264. Жатын бөлмелерде, ойнайтын бөлмелерде және қызмет көрсетiлетiн тұлғалар болатын басқа да үй-жайларда үтiктердi, электр плиталарын және басқа да электрмен жылытқыш құралдарды пайдалануға жол берiлмейдi.
265. Киiмдердi үтiктеу тек осы мақсатқа бөлiнген арнайы жабдықталған үй-жайларда ғана жүргiзiледi. Үтiктеудi ақаусыз термо реттегiштер мен жарықтанатын iске қосу индикаторлары бар үтiктермен орындауға рұқсат етiледi. Үтiктер жанбайтын материалдардан жасалған тұғырықтарда орнатылады.
266. Жұмыс аяқталғаннан кейiн кезекшi жарықтандырудан, автоматты өрт сөндiру қондырғыларының электрмен қоректендiру көздерiнен, дабыл және түтiн жою жүйелерiнен, сондай-ақ технологиялық процестің шарттары бойынша тәулiк бойы жұмыс iстеуi тиiс электр қондырғыларын қоспағанда, барлық электр қондырғылары ажыратылады.
267. Әлеуметтiк қызмет көрсету мекемелерiнде қызмет көрсету персоналының тәулiк бойы кезекшiлiгi ұйымдастырылады. Кезекшiнiң қолында үнемi эвакуациялық шығу орындарының есiктерiндегi барлық құлыптардың кiлттерi жиынтығы болуы тиiс. Кiлттердiң басқа жиынтығы кезекшiнiң бөлмесiнде сақталады. Екi жиынтықта да әрбiр кiлттiң тиiстi құлыпқа жататыны туралы жазуы болады.
268. Қоғамдық ғимараттардың түнгi кезекшiлерi телефон орнатылған үй-жайларда болады және қол электр фонарьларымен қамтамасыз етiледi. Дәлiздерде, холлдарда және басқа да эвакуациялау жолдарына кереуеттер орналастыруға жол берiлмейдi.
Ғибадат үйлерін ұстау тәртiбi
269. Шам қойғыштар, шырақтар және ашық от қолданылатын жарықтандыру жабдығы жанбайтын табандарға орнатылады.
270. Ырымдар мен салттарды жүргiзу үшiн:
1) жану тобы Г1-Г4 материалдарынан жасалған көлденең қоршау құрылымдарынан 0,7 метр;
2) жану тобы Г1-Г4 материалдарынан жасалған тiк қоршау құрылымдарынан 0,5 метр;
3) басқа жанғыш материалдардан 0,5 метр қашықтықта ашық от көздерiн пайдалануға жол берiлмейдi.
271. Зауытта шығарылмаған және өндiрушiнiң паспорты жоқ шамдарды пайдалануға жол берiлмейдi.
272. Шыны құтылары бұзылған, ашық от қолданылатын шамдарды пайдалануға, сондай-ақ оларды толтыру үшiн тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдалануға жол берiлмейдi.
273. Лампадаларды, шамдарды және ұқсас құралдарды толтыруға арналған жанғыш сұйықтықтар сыйымдылығы 2 литрден аспайтын, жабық, сынбайтын ыдыста металл шкафтарда сақталады.
274. Лампадалар мен шамдарға жанғыш сұйықтықтар құрылымында ернеулерi қарастырылған, тұғырында жанбайтын материалдан жасалған сынбайтын ыдыстан құйылады. Лампадалар мен шамдарды толтырғаннан кейiн сыйымдылықтың тұғыры мен сыртқы бетi жанбайтын техникалық жуу құралдарымен төгiлiп қалған жанғыш сұйықтықтардың қалдықтарынан тазартылады.
275. Лампадалар мен шамдарға жанғыш сұйықтықтарды толтырып құю тек тұтату көздерi болмаған жағдайда, ал электрмен жылыту құралдары қосылып тұрғанда, олардан кемiнде 1 метр қашықтықта жүзеге асырылады.
276. Пештердi тұтату салттар мен ырымдарды жүргiзу басталғанға дейiн екi сағат бұрын аяқталады.
277. Ғибадат үйлерінде от жұмыстарын жүргiзуге (пеш жағу, дәнекерлеу және от жұмыстарының басқа да түрлерi), салттар мен ырымдарды жүргiзу кезiнде жанғыш сұйықтықтарды толтырып құюға жол берiлмейдi.
278. Эвакуациялау жолдары бос болып ұсталады және үймеленбейдi.
279. Салттар мен ырымдарды жүргiзу кезiнде эвакуациялау жолдарын құлыптармен және басқа да бекiту құрылғыларымен жауып қоюға жол берiлмейдi.
280. Құлшылық жасайтын залдардың сыйымдылығы бiр адамға арналған үй-жайдың ауданы және эвакуациялау жолдарының өткiзу қабiлеттiлiгi негiзiнде шектеледi.
281. Келушiлердiң қозғалысын қиылыс және қарсы ағын болмайтындай етiп ұйымдастырылады.
282. Ғибадат үйлерінен және адамдар жаппай болатын басқа да үй-жайлардың эвакуациялық шығу орындарының белгiлерi дұрыс жағдайда және салт ырымдарды жүргiзу кезiнде қосылып тұрады.
283. Адамдар жаппай болатын ғибадат құрылыстары қызмет етушiлер санына тең көлемде дұрыс тыныс алу органдарын қорғау жеке құралдарымен қамтамасыз етiледi.
284. Ғибадат үйлерінде электр энергиясы ажыратылған жағдайға электр фонарьлары көзделеді және оларды сақтау орны анықталады.
285. Телефон аппараттарының жанында көрiнетiн жерлерде ең жақын орналасқан өрт сөндiру бөлiмiн шақыру нөмiрi, сондай-ақ «101» және «112» телефон нөмiрлерi көрсетiлген тақтайшалар iлiнедi.
286. Әрбiр қабаттың көзге түсетiн жерлерiнде саты торларына шығатын және салттар мен ырымдар жүргiзуге арналған үй-жайларға кiретiн жерлердiң жанында өрт болған жағдайда адамдар мен материалдық құндылықтарды эвакуациялаудың әр қабаттық жоспарлары iлiнедi, адамдар мен материалдық құндылықтарды эвакуациялау және өрт болған жағдайда жасайтын басқа да iс-қимылдарды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету персоналы мен күзеттiң мiндеттерi белгiленедi. Өрттiң шыққаны және адамдарды эвакуациялау туралы хабарлағышты iске қосу тәртiбiн ғибадат үйінің өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жауапты адам анықтайды.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен уақытша ұстау
изоляторларын ұстау тәртібі
287. Қылмыстық-атқару жүйелері мекемелерінің аумағында өрт қалқандары:
1) кезекші бөлімнің қасындағы тұрғын аймақта сотталғандар үшін қол жетпейтін жерде не сотталғандардың кіруі шектелген орында;
2) әр өндірістік ғимараттағы өнеркәсіп аймағында;
3) қазандықта, шаруашылық ауласы аумағында;
4) айыппұл изоляторында (тәртіптік блокта);
5) көліктік бақылау-өткізу пунктінде (бақылау алаңында, шлюзде) жабдықталады.
Сотталғандар мен тергеуге қамауға алынған адамдарға қолжетімді орындарда өрт қалқандары балтамен, багормен, күрекпен, сүйменмен, ілмекпен, қайшымен, айырмен, басқа да шаншып-кесетін және шабатын заттармен жарақталмайды.
288. Сотталғандарды ұстауға арналған жатақханаларда, сотталғандардың еркін жүруіне болатын өндірістік және басқа үй-жайларда өрт крандары мен өрт сөндіргіштер заңсыз ашудан қорғалған шкафта жабдықталады (орнатылады). Қылмыстық-атқару жүйесі (бұдан әрі – ҚАЖ) камераларында және уақытша ұстау изоляторларында (бұдан әрі – УҰИ) алғашқы өрт сөндіру құралдары орнатылмайды.
289. ҚАЖ мекемелердің өндірістік, шаруашылық және тұрғын аймақтарының қоршауы мен УҰИ қоршаулары өрт сөндіру автомобильдерінің өтуіне арналған қақпалармен жабдықталады.
290. ҚАЖ және УҰИ аумағында өртке қарсы сумен жабдықтау желілері немесе табиғи су көздері болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 16 қаңтардағы № 14 қаулысымен бекітілген «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентіне (бұдан әрі – «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламенті) сәйкес сыртқы өртке қарсы сумен қамтамасыз етудің қажетті шығынына есептелген сыйымдылықпен өрт сөндіру су қоймаларын орнатуды қарастыру қажет. Объектiден 200 м радиуста табиғи немесе табиғи су көздерi болған кезде оларға жылдың кез келген мезгiлiнде су жинау және өрт автомобилiн орнату және су алу үшін кемінде 12х12 м көлемi бар қатты жабынды алаңқайы (пирс) бар кiреберiс орнатылуы керек.
291. Тұрғын аймақ ғимараттарының, құрылыстары мен үй-жайларының жертөлелiк, цокольдық қабаттарында және шатыр үй-жайларында, сондай-ақ медициналық бөлімде шеберханаларды, қоймаларды, қызметтік, тұрғын және тұрмыстық үй-жайларды (оның ішінде діни салттарды жасауға арналған) орналастыруға жол берілмейді. Тұрғын және тәртіптік блоктарда, ұзақ кездесу үй-жайларының блоктарында жарылыс қауiптi және өрт қауiптi заттар мен материалдар пайдаланатын немесе сақталатын әртүрлi өндірістік және қойма үй-жайларын орналастыруға тыйым салынады.
292. Тұрғын және тәртіптік блоктарда діни салттарды өткізуге арналған үй-жайларды орналастыру кезінде осы үй-жайларды 1-типтiк өртке қарсы қабырғалармен бөлу және әр жерде орналасқан кемінде екі эвакуациялық шығу жолдарымен жабдықтау қажет. Шам қойғыштар, шырақтар және басқа да ашық от қолданылатын жарықтандыру жабдығы жанбайтын табандарға орнатылады.
293. ҚАЖ мекемелерінің тергеуге қамалғандар мен сотталғандарды, УҰИ күдіктілер мен айыпталушыларды ұстау камераларынан басқа, адамдар жаппай жиналатын ғимараттар мен үй-жайлардан эвакуациялық шығу жолдарының есіктері кілтсіз ішінен ашу мүмкіндігін қамтамасыз етуі қажет және дабылын кезекшілік бөлімге шығарып, есікті заңсыз ашқанда іске қосылатын күзет дабылымымен жабдықталады.
3. Өнеркәсiп кәсiпорындарын ұстау тәртiбi
Жалпы ережелер
294. Әрбiр кәсiпорында технологиялық процестерде қолданылатын заттар мен материалдардың өрт қауiптiлiгі көрсеткiштерi туралы мәлiмет болуы қажет, ал ғимараттар мен үй-жайлар үшiн «Өрт қауiпсiздiгiне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентiне сәйкес жарылыс және өрт қауiптiлiгi бойынша санаттар белгiленедi.
Өрт қаупi және жарылу қаупi бар материалдармен жұмыс iстеген кезде таңбалау және бумаларда немесе iлеспе құжаттарда көрсетiлген ескертпе жазуларының талаптары сақталады.
295. Бiр-бiрiмен өзара әрекеттескенде тұтану, жарылу немесе жанғыш және уытты газдар (қоспалар) пайда болатын заттар мен материалдарды бiрге пайдалануға, сақтауға және тасымалдауға (егер технологиялық регламентте көзделмесе) жол берiлмейдi.
296. Жабдықты жоспарлы-алдын ала жөндеу мен профилактикалық тексеру белгiленген және жобада, технологиялық регламентте немесе объект (цех) нұсқаулықтарында көзделген мерзiмдерде жүргiзiледi.
297. Сору құрылғыларының (шкафтардың, сырлау, кептiру камераларының), аппараттар мен құбыр өткiзгiштерiнiң конструкциясы өрт қауiптi шөгiндiлердiң жиналуын болдырмайтындай және оларды өрт қауiпсiз әдiстермен тазарту мүмкiндiгiн қамтамасыз ететіндей етіп көзделеді. Тазарту жұмыстары кәсіпорын басшысы бекіткен кестеге сәйкес жүргiзiледi.
298. Технологиялық жабдықта, құбыр жолдарында және басқа да жерлерде статикалық электрден қорғау жүйелерiнiң ұшқын сөндіргіштер, ұшқын тұтқыштар, от тоқтататын, отқа бөгет жасайтын, шаң мен металл тұтқыш және жарылысқа қарсы құрылғылары жұмыс жағдайында ұсталады.
299. Жабдықты, бұйымдар мен бөлшектердi жууға және майдан тазартуға жанбайтын техникалық жуу құралдары, сондай-ақ өрт жағынан қауiпсiз қондырғылар мен әдiстер қолданылады.
300. Құбыр жолдарында қатып қалған мұнай өнiмiн, мұзды, кристалл гидратты және басқа да тығындарды жылыту ыстық сумен, бумен және басқа да қауiпсiз әдiстермен жүргiзiледi. Бұл мақсаттарда ашық отты қолдануға жол берiлмейдi.
301. Резервуарлардан (сыйымдылықтардан) тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтардың үлгiлерiн алу және деңгейдi өлшеу күндiзгi уақытта соққан кезде ұшқын шығуды болдырмайтын құралдармен жүргiзiледi. Аталған операцияларды найзағай жарқылдап тұрған кезде, сондай-ақ өнiмдi тартып ағызу және тартып шығару кезiнде орындауға болмайды.
Осындай сұйықтықтарды резервуарларға (сыйымдылықтарға) «құламалы ағыспен» беруге жол берiлмейдi. Резервуарды толтыру және босату жылдамдығы тыныс алу клапандарының (желдеткiш келтеқұбырларының) резервуарларында орнатылған жалпы өткiзу қабiлеттiлiгiнен аспауға тиiс.
302. Шаң жинайтын камералар мен циклондардың есiктерi мен люктерi оларды пайдалану кезiнде жабық күйде ұсталуы тиіс. Камералар мен циклондардан жиналған жанғыш қалдықтар уақтылы жойылады.
303. Өндiрiстiк ғимараттарды, кәсiпорындардың аумақтарындағы қоймаларды тұру үшiн пайдалануға, сондай-ақ өндiрiстiк шеберханалардың қоймаларында орналастыруға жол берiлмейдi.
Достарыңызбен бөлісу: |