ҚазақстандағЫ Ұлтаралық Қарым-қатынас мәселесі



Дата25.02.2016
өлшемі48.5 Kb.
#21233
ӘОҚ 323.1 (574) «1980/1990»
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘСЕЛЕСІ

(1980-ж. соңы мен 1990-ж. басы)
Қаленова Т.С.
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
Астана қаласы
1991 жылы 10 желтоқсанда өткен Жоғарғы Кеңестің мәжілісінде сөйлеген сөзінде Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мен Қазақстан территориясында біздің қазақ ұлты жанданатын, мұндағы барлық ұлттар мен ұлыстар өзін еркін сезіне алатын жоғары деңгейде дамыған полиэтникалық өркениет құра алатындығымызға сенемін», [1] - деп мәлімдеген болатын. Шынымен де, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев әрдайым мемлекетімізде ұлтаралық және дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға, елімізде тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау ісіне жіті көңіл бөліп келеді. Алайда, тәуелсіздік қарсаңында Қазақстанда береке мен бірлікті сақтап қалу оңайға түскен жоқ. Бұл кезде алдымен 1989 жылы «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Тіл туралы» Заңының қабылдануы, одан «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация жобасының жасалуы елдегі кейбір өзге ұлттардың қарсылығын туындатқан болатын. Мәселен, «ҚазКСР Тіл туралы» Заңының қабылдануы республиканың шығыс аймағында тұратын орыс ұлты өкілдерінің үлкен дау-дамайын тудырған.

Мұрағат құжаттарына жүгінетін болсақ, сол кезде Шығыс Қазақстан облысының орыс тілді тұрғындарының қатысуымен ірі өнеркәсіп орындары, ұйымдар мен облыс мекемелері, соның ішінде, «Үлбі металлургия зауыты», автокөлік кәсіпорындары, ғылыми-зерттеу институттары мен медициналық мекемелерде жиналыстар өткізіліп, онда «ҚазКСР Тіл туралы» Заңына өзгертулер енгізу туралы бірқатар талаптар қойылған. Атап көрсеткенде, олар: аталған Заңға қазақ тілімен қатар орыс тілін де мемлекеттік тіл ретінде енгізу, осы Заңды жүзеге асыру туралы Үкімет бағдарламасының, яғни барлық азаматтардың мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін міндетті түрде үйрену, мамандардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау үшін аттестациялау жүргізу туралы бөлімдердің күшін жою және т.б. [2]. Сондай-ақ, олар Қазақ КСР-інің КСРО құрамынан шығу туралы шешімді «байырғы ұлттың» пікірі ескеріле отырып қабылданатыны туралы айтылатын Мемлекеттік егемендік туралы Декларация жобасының 11 бөлімшесіне қатысты өздерінің ерекше наразылықтарын білдірді [2, 35]. Бұл арада аталмыш облыс территориясында орыс ұлтының бірнеше ұрпақтары өмір сүріп келе жатқандығы алға тартылды. Әрі бұл наразылықтар 1990 жылғы 25-26 қыркүйекте республикалық, одақтық көлемдегі депутаттардың қатысуымен өткен Өскемен, Үлбі, Октябрь қалалық және аудандық Кеңестері халық депутаттарының біріккен сессияларында қарастырылған. Мәжілісте Өскемен қалалық және аудандық Кеңесі мен КСРО Жоғарғы Кеңесінің 28 халық депутатымен Өскеменде және іргелес территорияларда ұлттық аудан құру туралы ұсыныс жасалынған болатын [2, 35]. Мұндай келеңсіз жағдайдың орын алуына аталған облыста басқа ұлт өкілдерінің басым болуы әсер етті.

Шын мәнінде кеңестік кезеңде Кеңестер Одағының барлық аймағында орыстардың үлес салмағын көбейтіп, байырғы халық­тардың үлес салмағын азайту саяса­ты жүргізілгені белгілі. Мысалы үшін, 1989 жылғы санақ бойынша байырғы халықтың саны Арменияда — 93,3; Әзірбайжанда- 82,6; Ресейде — 73,6; Беларусьте — 78,1; Украинада — 72,8; Түркіменстанда — 71,8; Грузияда — 70,2; Өзбекстанда — 68,7; Молдовада — 64,4; Тәжікстанда — 62,2; Эстонияда — 61,7; Қырғыз­станда — 52,4; Латвияда — 52,1; Қазақ­станда — 39,7 пайызды ғана құрады[3].

Тоқсаныншы жылдар басында Батыс Қазақстан облысында да ұлтаралық қарым-қатынас мәселесі аса шиеленісті еді. Орал казактары 1991 жылы маусым-шілде айларында Оралда Бүкілодақтық казак атамандары съезін өткізіп, казак әскерлерінің Ресей патшалығына адал қызмет етуінің 400 жылдық мерейтойын атап өтпек болған-тын. Бұл іс-шараның өткізілуіне Орал қалалық казак тарихи-мәдени қоғамының көшбасшылары мен елдегі казактар Одағы мұрындық болды. Олардың түпкі мақсаты- бұрынғы Орал казак әскерлеріне іргелес болған жерлерді, атап айтқанда, Орал, Атырау, Ақтөбе және Орынбор облыстары территорияларының бір бөліктері қайта біріктіріліп, Орал казактары қолына өтуі, сонымен қатар, аталған қоғамға аймақтық деген мәртебе қоса берілуі тиіс болатын [4]. Орал казактары өз мақсаттарына жету үшін кезінде «Орал казактары жерлері» Қырғыз (Қазақ) АКСР-і құрамына берілуіне негіз болған 1920-1922 жж. Кеңес билігі Декретінің күшін жоюды жоспарлады [4, 36]. Әрине, Орал казактарының осындай ұлттар арасында іріткі салу сепаратистік пиғылдағы әрекеті жергілікті ұлт тарапынан үлкен наразылық тудырды.

Көрсетілген жылдың 16 желтоқсанында республикалық «Азат» азаматтық козғалысы мен «Егеменді Қазақстан» газеті редакциясы мүшелерінің қатысуымен наразылық митингісі өткізіледі. Митингіде қабылданған қарарда келесідей талаптар қойылды:

Біріншіден, 400 жылдық секілді «мерейтойларды» өткізу казак сепаратистерінің ашықтан-ашық империяны аңсауы деп бағалансын. Олардың қазіргі іс-әрекеттері егеменді Қазақстанның тәуелсіздігіне қол сұғу деп танылсын.

Екіншіден, 1991 жылдың қазан айында «Орал өңірі халықтарының күні» деген айдармен өткізілетін мерекеге тыйым салынсын. Өйткені оның астарында Орал казактарының патшаға қызмет етуінің 400 жылдығын атап өтуді жалғастыру ұғымы жатыр.

Үшіншіден, қазақ мемлекетінің заңымен республика территориясында патша заманындағы казактардың әскери формасын киіп жүруге тыйым салынсын.

Төртіншіден, казак қауымына араға іріткі салушы әлеуметтік топ, басқыншылықты көксейтін әскери құрама ретінде тыйым салудың мемлекеттік актілері қабылдансын.

Бесіншіден, отаршылдықты насихаттап, ұлтаралық қатынастарды ушықтыратын казактардың қоғамдық және әскериленген ұйымдары таратылсын.

Алтыншыдан, Қазақстан парламенті «казак» деген ұлттық атауы емес, ол царизмнің басқыншылық мақсаттарына жан-тәнімен қызмет еткен әскери сословие екендігі жөнінде заң актісін қабылдасын... [5].

Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев осындай түйткілді мәселенің мән-жайын түсіндіріп РКФСР басшылығы атына ресми хат жолдаған болатын. Хатта «Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияға сәйкес республикада барлық ұлт өкілдеріне мемлекеттік билік органдары мен басқармалар уәкілдігіне ұмтылуға нақты мүмкіндіктер жасалып, қолдау көрсетіліп отырғандығын, сонымен қатар, әрбір ұлттық қауымға мәдени орталықтар, діни және басқа да ассоциация құруға құқық берілгендігі баса көрсетілді. Сондай-ақ, бұл хатта Қазақстанда қоғамдық-саяси жағдайдың шиеленісуіне Орал казактары басым бөлігінің автономистік және сепаратистік пиғылды әрекеттері жайында айтылып, бұған қатысты нақты фактілер келтірілген. Орал казактарының арандатушылық әрекеттері Мәскеу, Самара, Волгоград және Орынбордағы жайықтық казактар мен Дон, Кубань казактарының айдап салуымен ұйымдастырылып отырғандығы, бұлардың белсенді қатысуымен Орал казактары Одағының құрылғандығы, олардың Орал сағасынан бастап Каспий теңізіне дейінгі территорияларды казак әскерінің бұрынғы жерлері ретінде қайта қалпына келтіру туралы мақсатының тек қана Орал облысындағы бірнеше ұлтты тұрғындардың ғана емес, барша Қазақстан халқының наразылығын тудырғандығы баяндалады. Осыған байланысты, Н. Ә. Назарбаев Қазақ КСР-і және РКФСР арасындағы Шарттың 1,6 бабына сәйкес Ресей мемлекет басшысынан:



  • Орал казактарын конфронтация мен сепаратизмге айдап салып

отырған республикаға іргелес РКФСР облыстары мен басқа да аймақтарындағы казак қоғамдық құрамаларының Қазақстанның ішкі істеріне араласудан арашалауды;

  • Ресейде (Орынбор облысында) тіркеліп, басылып шығатын, бірақ

Қазақстанда Орал казактарының жеке өкілдерінің сепаратистік, экстремистік идеяларын насихаттау үшін таратылатын Орал казактары қоғамының «Орал хабаршысы» газеті мәселесін қарастыруды сұраған болатын [6]. Ал 1991 жылы 30 мамырда республикалық актив жиналысында сөйлеген сөзінде Н. Ә. Назарбаев ел бірлігін бұзуға бағытталған Орал казактары әрекеттеріне қатысты келгенде Республикааралық шарттарда және мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда қол сұғылмайды деп танылған республикалар арасындағы шекаралардың өзгертілуіне ешқашанда жол берілмейтінін және Қазақстан территориясында казактардың патша режиміне қызмет етуінің жылдығын мерекелеудің қандайына болсын, казак бөлімдерінің құрылуына жол берлмейтінін мәлімдеген. Өз тарапынан сол уақыттағы РКФСР Президенті Б. Н. Ельцин 1991 жылы 17 тамызда Алматыда өткен баспасөз конференциясында казактардың әлдебір территориялық көз алартушылығына жол бермеу керектігін айта келіп, казактар мерекесінің шекарасын Ресейдің түкпіріне қарай жылжытуға тырысатыны туралы уәде бергенімен [7], Орал казактары өз дегендеріне жету үшін барынша әрекеттеніп қалған еді. Егер Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев дер кезінде бұл мәселені мемлекетаралық деңгейде шешу туралы мәселе қоймағанда бұл оқиға да сол кездегі Таулы Карабақтағыдай қан төгіспен аяқталары анық еді.

Бүгінде Елбасының тікелей басшылығымен саяси ішкі тұрақтылықты, ұлтаралық және дінаралық келісімді, мемлекеттілікті, аймақтық, жалпы бүкіләлемдік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында жасалған алғашқы бастамалар қазақ жұртын барша әлемге танытты. Десек те, елімізде осындай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманды орнатуда талай қиыншылықтар болғандығына жоғарыда келтірілген мысалдар дәлел. Сондықтан елімізде ұлтаралық келісім мен татулықты берік орнықтыру ісі- барша қазақстандықтар үшін ортақ міндет демекпіз.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты (алда- ҚР ПМ). 7- қор.- 1-т.-420-іс. 321 п.

  2. ҚР ПМ. 7-қор.- 140 «е»-т.- 80-іс. 34-п.

  3. Кекілбай Ә. Ұлтты ұлы мұраттар алға жетелейді// «Егемен

Қазақстан», 2006 жылғы 11 шілде.

  1. ҚР ПМ. 7-қор.- 140 «е»-т.- 88-іс. 35-п.

  2. Демократиялық күштер митингісі // «Егеменді Қазақстан», 1991

жылғы 17 қыркүйек.

  1. ҚР ПМ. 7 қор. 1-т.- 618-іс.-114-115 пп.

  2. Президенттер не деп еді? // «Егеменді Қазақстан», 1991 жылғы

17 қыркүйек.

«Тәуелсіз Қазақстан – біздің тағдырымыз» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік

университеті, Семей, 2011 ж. 4-6 желтоқсан

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет