Қазақстандағы салалық баспалар: кеше және бүгін



Дата25.02.2016
өлшемі134.45 Kb.
Қазақстандағы салалық баспалар: кеше және бүгін

1929 жылғы қаулыдан кейін жер-жерлерде сауат ашу курстары мен үйірмелер ашылды. Олардың жұмыстары жөнінде Бегалыұлы деген автор “Жаршы” журналында былай деп жазады: “Жергілікті комитеттер декабрьге шейін мардымды жұмыс қылған жоқ. Кіндік комитеттің жіберген нұсқауларын орындау былай тұрсын, ашып оқушы да болмаған. Орындардағы жаңа әліпби қозғалысын жергілікті комитеттер басқара алмаған. Ұйым-үйірмелерге дұрыс нұсқау беріп, оларды ұйымдастыра алмаған. Тұңғыш қазақ жаңа әліпбишілер конференциясынан соң, Қазақстан Орталық Кеңес комитеті жаңа әліпті үкімет әлібі етіп алғаннан кейін жергілікті комитеттер сілкінді, ұйқысы ашылды. Жұмыстар жандана бастады” [51, 13б.].

Жергілікті комитеттерге қарағанда оқу орындары мен мектептер жанынан ашылған үйірмелердің жұмысы анағұрлым ілгері, аз да болса нәтижелі болды. Кейбір ауыл мектептері жанынан жергілікті халық өздері бастап жаңа әліпби үйірмелерін ашты. Олар жөнінде “Орал округі (6 ауданда 38 қара шаруа, 12-сі әйел)” Жаңа әліпби комитетінің үйірмесін ашып, жаңа әліпті үйренуге кіріскен. Бөрілі ауданы (2 ауылдың қара шаруалары 7 жылдық мектеп жанынан) Жаңа әліпби комитетінің үйірмесін ашып, жаңа әліпті үйренуді қолға алды” [51, 14 б.] – деп жазады Бегалыұлы.

Жаңа әліпбиді жүзеге асыруда мектептер белсенділік танытты. Өз бетімен-ақ барлық сынып оқушыларын жаңа әріппен сауаттандыруды қызу қолға алды. Мектептерге жаңа әріп сабағын кіргізу ісіне жаңа әліпби қоғамының мүшелері ат салысты. “Жаңа әліп жұмысында жаңа әліпби қоғамының мүшелері комсомолдардың да белсенділігі жоқ емес. Олар Жаңа әліпби қоғамының үйірмелерінде жоқ қара шаруалардың сауатын ашатын көрінеді. Мектептер, оқушылар және комсомолдар қолдан келетін жұмыстан аянып отырған жоқ” [51, 14 б.] – деп мәлімдейді Бегалыұлы мақаласында.

1929 жылдың ақпан-наурыз айларында Қызылжарда жұмысшылар мен кеңсе қызметкерлері үшін 80 кісілік 2 курс, Қостанайда – 1 курс, Қызылордада – 2 курс және ақша қызметкерлерін даярлайтын 20 кісілік бір курс ашылған.Үлкен елді мекендер үшін аталған курстар теңіздің тамшысындай ғана шара екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен, жаңа әліпті ресми енгізгеннен кейінгі алғашқы айлардағы қозғалыс қарқыны осындай екенін айтқымыз келеді.

Қаңтардағы қаулыдан кейін, ақпан айының бесінші жұлдызында Қазақстан комиссарлар кеңесі Өлкелік белсенділер мәжілісін шақырды. Бұл мәжілісте жаңа әліпті жүзеге асыру жолында Орталық Кеңес комитетінің ІV-сессиясының қарарларын жүзеге асыру шаралары қарастырылды. Мәжіліске халық комиссарлары, олардың орынбасарлары, түрлі шаруа коллективтері мен әлеуметтік ұйымдардың басшылары, газет-журнал редакторлары, баспа өкілдері қатысты.

Белсенділер мәжілісі мынадай қаулылар қабылдады:

1. Қазірде жаңа әліпті Республиканың күнделікті тұрмысына ендіруді шұғылдатуда дұрыс әдіс қолданудың маңызы өте күшті. Сол үшін жаңа әріпті іске асыруға ерекше зер салынсын.

2. Ең қиыны мемлекет орындары мен әлеуметтік ұйымдарды ұйқысынан серпілту. Жаңа әліпке көшу жұмысын көңілдегідей етіп ілгері қамтуға үлкен кедергі – бізде қолынан қызмет келетіндер тым аз. Сондықтан қаланың сауатсыздығын жоюымыз тиіс. Бұл мәселеге түрлі мемлекеттік орындар назарын аударсын. Әлеуметтік орындарда отырған қалалық белсенділер бұл күнге дейін жаңа әліпке салқын қарап келді.Ендігі жерде бұл жойылсын.

Жоғарыда айтылған тілектерді орындау жолында:

– Қала белсенділері екі ай ішінде сауатсыздығын жойсын;

– Тиісті орындар мұны бақылап тұрсын;

– Жаңағы мерзім ішінде жаңа әліпті үйреніп алмаған мекеме, ұйым бастықтары әзірден бастап газетке жазылсын;

– Бұдан былай белсенділер жәй хаттарын жаңа әліппен жазсын;

– Мекеме, ұйымдардың меңгерушілері бірте-бірте қағазға жаңа әліппен қол қоятын болсын [52].

1929 жылдың сәуір айынан бастап қатынас қағаздары, өтініштер, барлық мекемелерде тек жаңа әліппен алынатын болды. Халық комиссарлар кеңесі арқылы түрлі ұйымдар мен мекемелерге екі жеті ішінде жаңа әліпті іске асыру жолындағы жұмыс жоспарларын Орталық Жаңа Әліп Комитетіне бекіттіру міндеті жүктелді. Орталық Қазақ жаңа әліп комитетінің жылдық жұмыс жоспары жасалды. Кітап бастырып тарату жоспары қайта қаралып комитет Наркомпрос және Қазақ Мемлекет баспасы арқылы 1928-1929 жылдарда басылатын оқу құралдары мен басқа кітаптардың тізімі бекітілді. Аталған жоспар бойынша жаңа әліпбимен 44 оқу құралы, 54 басқа кітаптар басылып шықпақ болып Қазақ Мемелекет Баспасымен шарт жасалды.

“Жаңа әліпби қоғамы” және “Жойылсын сауатсыздық” қоғамы бірлесіп 1928-1929 оқу жылында арабша сауаты барлардан 60000 адамды жаңа әліппен сауаттандырамыз деген міндетті мойындарына алды [53]. Орталық Жаңа Әліпби комитеті мамыр айында емле мәселесін шешу мақсатында оқытушыларға, тіл мамандарына ашық хат жазды. Қаладағы жаңа әліппен сауатсыздарды 2 айдың ішінде жойып, ауылдағы “мәдениет майданына аттанамыз” деп ұрандатты.

Қазақ баспасөзінде әліпби мәселесі ауық-ауық көтеріліп, дамыл-дамыл пікірталас тудырғанын жоғарыда тоқталдық. Кезінде патшалы Ресей қол астына қараған халықтардың хат мәдениетін кирилл әліпбиіне көшіруге бар күшін салып баққан еді. Империяның бұл көздеген мүддесін Кеңес үкіметі небәрі 6-7 жылдың ішінде жүзеге асырды. Қазақ баспасөзіндегі Кеңес үкіметінің түркі халықтарын латын таңбаларына көшіру мәселесі көтерілген тұстағы қазақ зиялыларынң пікірталасы жайлы алғашқы тарауда кеңінен айтылды. Сол тұстаға мерзімді басылымдар әліпби мәселесі төңірегіндегі пікірталасқа кеңінен орын бергенінің куәсі болдық. Проблемалық мақалалар арқылы пікірталас тудыруды, оқырмандарды қызу пікірталасқа тарту бүгінгі баспасөзімізде сирек көрініс беріп жүр. Баспасөздегі ашық пікірталаста мәселенің дұрыс-бұрысы анықталып, ақиқаты ашылары анық. Сондай-ақ, оқырман қызығушылығын тудыратын, оқырман тартатын қыры тағы бар.

Дегенмен, "түгел сөздің түбін бір" санаған қазақ қаламгерлерінің басты мақсаты – шешендігімен немесе ділмарлығымен танылу емес, пікірталас арқылы мәселенің дұрыс-бұрысын, ақ-қарасын айыру.

Бір есептен баспасөз бетіндегі пікірталастан айтыстың белгілері де нышан беріп қалады. Мәселен, ертедегі араб, үнді ақындарының поэзиясында бір-бірімен хат арқылы байланысып, жазбаша түрде сөз қағыстырған. Бұл тұрасында белгілі ғалым Ө. Күмісбаев “Омеядтар тұсында өмір кешкен арабтың Джарир, әл-Фараздак, әл-Ахтал деген үш шайыр – панегрестері елу жылға жақын уақыт бір-бірімен поэтикалық полемикаға түсіп өткен. Бұлар бір-бірінсіз тұра алмаған" [54, 101 б.], – деп жазады.

Қазақ баспасөзіндегі пікірталас жөнінде зерттеуші Қ. Сақ өзінің "Ұлттық сана ұйытқысы" атты еңбегінде былай дейді:

“Пікірталастан шындық туады демекші, оның прогрессивтік мәні де жоқ емес. Соның нәтижесінде ғасыр басындағы қазақ даласының көкейтесті де күрделі мәселелерінің тұңғыш рет пердесі түріліп, жұртқа баян болуына қол жеткізіледі. Ол өз кезегінде қазақ қоғамын қалың ұйқысынан түртіп оятып, ұлттық сананың бой түзеуіне аз әсер етпегені даусыз. Сонымен бірге оның қазақ журналистикасының дамуына да әсерін тигізіп, оған жаңа леп, жаңа тыныс, жаңа түр ала келгенін де бөлек айтуға тиістіміз. Ұлттық баспасөзіміз осыдан бастап журналистиканың жауынгер жанры фелетон, айтыс (полемика) секілді түрлерімен байытылды” [46, 110 б.].

Жалпы қазақ баспасөзі өз кезеңінің, өз дәуірінің келелі мәселелерін көтеруде, оны шешуде өз тұғырынан тайған емес. Қашанда “дәуір үні”, “өмір айнасы” бола білгені ақиқат.

1920-1929 жылдары Кеңес үкіметінің елімізді араб таңбаларынан латынға көшіру мәселесіне орай туындаған пікірталас аяғына қарай, яғни 1927 жылы Қызылорда қаласында Қазақ мемлекеттік баспасынан «Әліпби айтысы» атты жинақ 5000 данамен жарық көрді. Басылымның «Кітапша мәні» деп аталатын кіріспесінде латын әліпбиіне көшу мәселесінің көтерілуі, соған орай қазақ зиялыларының арасында пікірталастың туындау себептері сөз болады. Аталмыш пікірталас барысындағы қазақ оқығандарының әртүрлі көзқарастарын топтастырып, оқырманға ұсынылып отырғандығы айтылады. Жинақта Байділдаұлы Әбдірахманның латын әрпін алуды жақтаған баяндамасы, Байтұрсынұлы Ахметтің араб әліппесін жақтаған баяндамасы, Байтұрсынұлы Ахметтің баяндамасына қарсы Шонанұлы Телжанның латын әліппесін жақтап сөйлеген сөзі, сондай-ақ, Ахметұлы Ильяс, Омарұлы Елдес, Ермекұлы Әлімхан, Бұралқыұлы Мұстафа, Байтасұлы Абдулла, Барқыұлы Жанәлі сынды қайраткерлердің пікірлері енгізілген.

Жаңа әліпбиді мерзімді басылымдар арқылы жұртшылыққа насихаттау, таныстыру бағытында Орталық Жаңа Әліпби комитеті 1929 жылы қаңтар айында “Жаршы” журналын шығарды. Белгілі баспасөз зерттеушісі, профессор Темірбек Қожакеев өзінің “Жыл құстары” атты еңбегінде 1929 жылы халыққа жаңа әліппені насихаттап, араб әліппесінің қиындығына көз жеткізу үшін “Жаршы” журналы шығарылды” [32, 17 б.], – деп жазады.

“Жаршы” журналының алғашқы санының редакторлары І. Қабылұлы, Ш. Тоқжігітұлы, Ә. Байділдаұлы сынды қаламгерлер болды. Басылымның алғашқы бетінде жаңа әліпби туралы Үкімет қаулысы ұсынылған. Келесі бетінде қаламгер-журналист Шәймерден Тоқжігітұлының “Қазақстанда жаңа әліпби төңкерісі” тақырыпты бас мақаласы ұсынылған. Мақала “Күншығыс елдерінің латын әліппесіне көшуі төңкерісшілдік мәні бар жұмыстың бірі дегенді Ленин айтқан деп қазіргі латын жұмысына бас-көз болып жүрген Самат ағай Ағамалыұлы қарт екі сөзінің бірінде айтып қоймайды” деп басталады. Бұдан әрі қарай автор Қазақстанда әліпби төңкерісінің басқа республикаларға қарағанда кешеуілдеп қалғандығын айтады. Оның себептерін төмендегідей түсіндіреді: “Қазақстан басқа жерлерге қарағанда елінің жерінің айрықша өзгешеліктері, Қазақстан жаңа жұртшылығының бұдан да гөрі ірірек жұмыстан қолы тимегендігі, қазақ арасында ескі оқығандардың не дәуір кері тартпаға салып бөгегендігі сияқты себептер болды” [55, 2 б.].

Автор латын әрпіне көшу мәселесі 1926-1927 жылдан бастап қызу қолға алынғандығын айтады. Оның мәлімдеуінше, 1929 жылға дейін латыншылдардың жетпіске жуық қоғамдары мен ұйымдары құрылып, олардың мүшелерінің саны 4026 адамға жеткен. Осы ұйым мүшелері арқылы қалың көпшілік арасына жаңа әліпбиді насихаттау шаралары жүзеге асты. Сонымен қатар 1927 жылдан бастап Орталық Комитет пен Оқу комиссариатының қолға алуымен оқытушылардың даярлық мектептерінен 1163 адам, оқу инспекторларын дайындайтын курстан 128 адам, кеңес қызметкерлерін дайындайтын курстан 362 адам, наборщиктер, әріп тізушілер, баспахана қызметкерлерін дайындайтын курстан 45 адам, жалпы мектептерден 574 адам, өнер-білім мектептерінен 2646 адам жаңа әліппен сауат ашып шыққан. Мақалада 1927-1929 жылдарда жалпы тиражы 81500 данамен он шақты оқулықтармен әліппелер жарық көргенін айта келіп, мынадай деректер келтіреді: “Балалар үшін 4 кітап 20 баспа табақпен 55 мың дана болып шықты. Жаңа әліппенің Жалпы Одақтық Орталық Комитетінен алғанымыз 50164 сом еді. Бұл орнымен жұмсалып отыр. Енді алдымыздағы жылға сұрап отырғанымыз 321 мың сом ақша” [33, 3 б.].

Публицистикалық туындыда жазылып отырған жайдың ауқымдылығын көрсетіп отыру, нақты деректермен негіздеп отырудың маңызды зор. Сондықтан да кез-келген мақалада міндетті түрде деректер келтіру арқылы қаламгер ойын дәлелдеп, дәйектеп отырады. Құр жалаң цифрды тізбелей беру ешнәрсе бермейді. Ол басқа мәліметтермен салыстыра баяндалу арқылы мән-маңызға ие болды. Журналистикада цифрлы материал әдетте әлдебір оқиғаны немесе құбылысты нақтылау үшін пайдаланылады. Бұл ойымыз баспасөз зерттеушісі Н.Г. Левинтовтың “Цифрлы материал дәлелдеу құралы ғана емес, сонымен қатар құбылыстың сандық жағын зерттеу арқылы және сандық өзгерістердің сапалық өзгерістерге ауысуы ықпалымен шындықты танудың қуатты құралы” деген тұжырымына дөп келеді [56, 3 б.].

Мақала қорытындысында Тоқжігітұлы Қазақстан Орталық Атқару комитетінің желтоқсан айында болған ІV-сессиясында “Жаңа әліпби – мемлекет әліпбиі” деген заң шыққанын ескерте отырып, көпшілікті жаңа әліпті іске асыруда ат салысуға шақырады. Сөз соңында ”Жамау-жасқау арап таңбаларының күні бітті. Арабшылдардың да қарқыны баяулайын деді. Сөз жоқ олар әлі де болса да біткен жоқ. Сондықтан олармен де күресе отырып, ендігі жұмыста іске тірек керек” [55, 4 б.] – деп ойын тұжырымдайды.

Бір әріптен екінші әріпке көшкенде халық жаппай сауатсыздыққа енеді. Мұғалімдердің өздері жаңа әліппен қайта сауат ашады. Бұрын хат таныған адамдар да сауатсыздар қатарына кіріп, қайтадан сауат ашуға мәжбүр болады. Бір қаріпті тастап екінші қаріпке көшу мәдени-рухани тұрғыдан да, саяси-экономикалық тұрғыдан да пайдасыз шара. 30-жылдардағы халықтың әлеуметтік жағдайын ескерсек, тиімсіз әрекет екенін ұғу қиын емес. Сол тұстағы баспасөз беттерінен “арабшылдарды”, яғни алаштың зиялы азаматтарын “ескішілдер, керітартпаға салушылар, молдалардың шашбауын көтерушілер” деп айыптау жиі кездеседі. Кеңес үкіметінің түркі халықтарының арасындағы рухани тұтастықты жою, халықты қалыптасқан жазба мұрасынан айыру арқылы өткенін санасынан өшіру мақсатымен “мәдени төңкеріс” ұйымдастырып отырғанын “арабшылдар” жақсы түсінді. Олар үзілді-кесілді қарсы болды. Осы көзқарастары үшін оларды қазақ зиялыларының екінші бір тобы яғни “латыншылдар” “жерден алып жерге салулары” орынсыз дер едік. Латыншылдардың көпшілігінің мақалалары ұраншылдық сарында, науқаншылдық бағытта жазылған.

“Жаршы” журналын Орталық Жаңа Әліпби комитетінің латын таңбаларын насихаттау, жаңа әліппені елді сауаттандыру мақсатында шығарғандығы жоғарыда айтылды. Жаңа әліпби төңкерісі Қазақстанда ғана емес кеңес одағының құрамындағы шығыс-түрік елдерінде түгелдей жүзеге асырылды. “Жаршы” журналында Кеңес одағының құрамындағы ұлт республикаларындағы жаңа әліпби төңкерісі жайлы мағлұмат беру мақсатында “Жаңа әліпби қозғалысы” атты мақала жарық көріпті. Автор мақала соңына “Әкім” деп қол қойған. Мақалада шығыс-түрік елдеріндегі жаңа әліпби қозғалысына төмендегідей баға береді.

“Шығыс-түрік жаңа әліп таласы 1926 жылдың басында-ақ біткен. Бакуде 1926 жылы мартта болған Одақтағы жалпы түрік сиезі жаңа әліпбиді жүзеге асыруға тура жол ашқан еді” [57, 4 б.]. Автордың пікірі орынды. Жаңа әліпбиді жүзеге асыруда алдыңғы шепте Әзербайжан елі болды. Жаңа әліп кіндік комитетінің төрағасы Самат Ағамалыұлы Лениннің қабылдауында болғандығын, Ленин бұл мәселені “Күншығыс елдерінің латын әліппесіне көшуі төңкерісшілдік мәні бар жұмыстың бірі” деп бағалағандығын айтып, жаңа әліпті қызу нәсихаттады. Самат Ағамалыұлы Әзербайжанда ғана емес, ұлт республикаларының бәрінде латын қаріптерінің қолдау табуына бел шешіп, білек сыбанып кіріскен. Латыншыл Телжан Шонанұлы ол туралы былай деп жазады: “1922 жыл Әзірбайжанда жаңа әліп кіруге С. Ағамалыұлы бастық болды. Түрік білімпаздары сиезін шақыруда да Ағамалыұлы басшылық етті. Одақтық жаңа әліпби комитетін құруда С. Ағамалыұлы басшылық етіп, өлгенше комитеттің төрағасы болып келді. Араб әліппесін жойып, жаңа әліппенің өрісі кеңуде С. Ағамалыұлының қызметі зор болды. Арабшылдардың салт-сана қорғанын бұзуға Самат аға белсене кірісті” [58].

Ұлт республикаларынан тысқары Ресей құрамасындағы түрік елдерінде жаңа әліпби оңайлықпен жүзеге аса қоймады. Оқыған көзі ашық азаматтар тарапынан қарсылықтар болды. Қарапайым халық арасынан да қолдау таппады. “Жаңа әліпби қозғалысы” [57, 5 б.] деген мақалада автор іс барысын былайша суреттейді: “Ұлт республикаларынан тысқары Ресей құрамасындағы түрік елдері жаңа әліпби ісінде артта қалған еді. Еңбекшілер ынтасына көп уақыттан бері жол аша алмауда еді. Қазірде ол кетіпті. Үстіміздегі жыл июнь айынан бастап іс жандануға бет қойған көрінеді”. Автордың “іс жандануға бет қойған көрінеді” деуінің себебі бар. 1928 жылы 23-мамырда Ресей Оқу комиссариаты қаулы шығарды. Қаулыда Ресей комиссарлар кеңесі “Жаңа түрік әліпбиі аз ұлттарға ұлт әліпбиі деп бекітілсін” деп көрсетілді. Сондай-ақ, “… бастауыш мектептер мен басқа да білім беру мекемелеріне 1928-1929 оқу жылынан бастап жаңа әліпби кіргізілсін” деген шешім қабылданды. Жергілікті оқу комиссариаттарына бұл іске ерекше қаржы белгілеін тапсырды. “Жаңа әліпби қозғалысы” деген мақалада: “Қаулы іске аса бастаған көрінеді. Оқу комиссариаты осы жылға арнап 352 мың сом ақша шығарыпты” [57, 6 б.] деп жазады.

Автор деректеріне сүйене отырып, басқа да республикалардағы жаңа әліпби төңкерісінің жүзеге асуына тоқталар болсақ, Әзербайжаннан кейін күшті қимылдаған ел Өзбекстан болды. 1928-1929 оқу жылында өзбек мектептерінің бәрінде де оқу жаңа әліпбиге көшкен. Осы оқу жылында 270 баспа табақ, 196 мың данамен 45 кітап шыққан. Мектептердің бәрі де оқулықпен қамтамасыз етілді. 1928 жылдың қаңтар айынан бастап жаңа әліппен “АІОҢGЬ” деген айлық көркем-әдебиет журналы шыға бастаған. Бірінші тамыздан бастап “Қызыл таңба” деген газет жарық көрген. Өзбекстанға қарағанда Түркменстанда жаңа әліпке көшу ісі шабан жүрді. Мұғалімдердің өздері жаңа әліпбимен жарым-жартылай ғана сауаттанды. 1928-1929 оқу жылында жаңа әліп қала мектептері мен интернаттарда ғана оқытылды. Шалғай аудандардағы сауат ашу мектептеріне жаңа әліп жете қоймады. Бастауыш мектеп оқулықтары мен орыс-түрікмен сөздігі ғана жарық көрді. Жаңа әліпбимен “Қызыл жол” [57, 6 б.] деген айлық журнал шығарылды.

Башқұртстанда түрлі техникум және жоғарғы оқу орындары мен мектептерде жаңа әліпби бір пән болып кіргізілді. Төрт жүзге тарта мұғалім ерекше ашылған жаңа әліпби курстарында сауат ашып шыққан. 26 баспа табақпен 35 оқулықтар мен әліппелер шығарды.

Қырғыстанда 1928-1929 оқу жылында мектеп біткеннің бәрі жаңа әліпбиге көшті. Мектеп оқулықтарын тегіс жаңа әліпбимен шығаруды қолға алды. Жаңа әліпбиде “Жаңа мәдениет” деген айлық журнал жарық көрді.

Түркияда жаңа әліпби мәселесі жөніндегі пікірталас 1927 жылдың күзінен басталды. 1928 жылы бірінші қарашада жиылған Ұлт құрылтайы “Түрікше араб әліпбиі қалып, жаңа түрік әліпбиі алынсын” деген қаулы шығарды. Аталған құрылтайда 1929 жылдың 1- қаңтарынан бастап газет-журналдардың бәрі түгелімен жаңа әліпбиге көшсін деген шешім қабылданды. Сондай-ақ “1929 жылдың бірінші маусымынан бастап түрік мемлекетінде араб әліпбиімен жазу мүлде тоқтатылсын” [57, 6 б.] деген үкім шығарды. Латын таңбаларының түркі елдерінде сол кездегі латыншылдар айтқандай “халықтың қолдаумен, ықылас білдіруімен” емес, қатаң қаулылар мен үрейлі үкімдер арқылы жүзеге асқанын байқау қиын емес. Сол тұстағы баспасөздің көпшілігі Қазақстан Орталық комитеті ІVсессиясының қаулысын насихаттады. Әрине, мұндай шаралар үшін сол тұстағы баспасөзді айыптаудан аулақпыз. Әліпби ауысқан тұста жаппай сауатсыздыққа түскен халыққа қара танытамыз деп жарғақ құлақтары жастыққа тимеген қайраткерлердің еңбегін жоққа шығаруға болмайды. “Жаршы” журналы жаңа әліпті насихаттап қана қоймай, халықтың сауат ашуына, хат тануына ұйытқы болды. Әр санының алғашқы бетіне араб және латын таңбаларындағы әліпбиді қатар беріп отырумен қатар, жаңа әліпби сабағын тұрақты жүргізіп отырды. Жаңа әліпби сабағының орысшасын да, қазақшасын да белгілі қаламгер Телжан Шонанұлы жүргізді. Дәрісте жаңа әліппен таныстырып қана қоймай, грамматикалық ережелер беріліп, мысалдар келтіріледі.

Журналда “Жаңа әліпби қозғалысы” деген айдар аясында “Шығыс түрік елдерінде”, “Өзбекстанда”, “Түркменстанда”, “Башқұртстанда”, “Қырғызстанда”, “Әзербайжанда” сынды тақырыпшаларда кеңес одағының құрамындағы елдердегі жаңа әліпбидің жүзеге асу барысынан мағлұмат беріліп тұрды.



Басылымда Бейімбет Майлиннің “Бір-екі-үш, жаңа әліпке түс” [59, 8 б.], Ильяс Жансүгіровтың “Толғау” [59, 13 б.] деген өлеңдері жарық көрген. “Күлкі-сықақ бөлімі” айдарымен берілген бетте диалогқа құрылған сатиралық шағын өлеңдер жарияланған. Журналдың 1929 жылғы № 2-3 сандарында “Әзіл-ысқақ” [59,12 б.] деген айдармен латыншылдар жайлы сатиралық шарж жарық көріпті.

“Латын деп Әбдірақман бақыруда, // Лапылдап көпті соған шақыруда. // Мықшиған Илъястың түрін қара, // Ой қылды қай имекті қатыруға. // Әдетке, дінге, пірге қарамастан, // Жақтаған жаңалықты қара бастан. // Ұзынды-қысқалы боп Мұқтар-Телжан, // Сыпырып арап әрпін әріп ашқан. // Шәймерден қалғандарын күреп жатқан, // Жүсіпбек тәшке арбаға тиеп жатқан. // Қазан түп дәйекшісін бір жайлы ғып, // Бір демдеп шайға иегін сүйеп жатқан”, – деп, латыншылдар жөніндегі әзіл-оспақ басылым бетінде осылай көрініс берген. “Жаршы” журналы жаңа әліпті уағыздап қана қоймай, оқырманды ғылым-білім жаңалықтарынан құлағдар етіп отырған. Журнал “Өнер-білім” деген тұрақты айдармен “Иісшіл ит”, “Марка сататын машина”, “Құс үркіткіш машина”, “Артымен ұшатын аэроплан” [59, 17 б.] секілді тақырыпшаларда оқырманға ғылым-техника жаңалықтарынан мағлұмат беріп отырды.
Каталог: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> МҰстафа шоқай –ТҮркі әлемінің алыбы
Annotations -> Қазақстан республикасының
Annotations -> Алматы, 2012 Сейфуллин Ж. Т., Сейтхамзина Г. Ж. Қазақстанның жер кадастры
Annotations -> Кіріспе «Өмірдің өзегі – адамның өзі. Өмірді, өнерді жасайтын тағы да адам. Әрине, бұл соншалықты тың тұжырым да емес, уақыт көрігінде қорытылып, тіршілік толқынында суарылған қағида. Талант иесін өмірдің
Annotations -> Оқулықнама Аңдатпа
Annotations -> «Жетісу» газеті, 18 мамыр, 2013 ж. Алдаспандай жарқылдағАН, АҚСҰҢҚардай саңҚылдағАН…
Annotations -> Есенгүл КӘПҚызы, «Мінбер kz» ұлттық интернет газетінің Бас редакторы
Annotations -> Нұржанова Шарипа, Мұқанова Гүлнәр журналист, pr-маманы және бұҚаралық AҚпараттық ҚҰралдары
Annotations -> Сейфуллин ж. Т., Сейтхамзина г. Ж., Нюсупова г. Н


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет