Қазақстандағы туристік сала дамуындағы рекреациялық ресурстардың РӨЛІ



Дата29.06.2016
өлшемі47 Kb.
#165732
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУРИСТІК САЛА ДАМУЫНДАҒЫ РЕКРЕАЦИЯЛЫҚ РЕСУРСТАРДЫҢ РӨЛІ
Акишева Е.К.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Астана қ., Қазақстан Республикасы

e-mail: akisheva_erkesh@mail.ru mailto:trusheva@mail.ru


Бүгінгі таңда туризм экономиканың ең жоғары кірісті және үдемелі дамитын салаларының бірі. Туризм еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетумен қатар, өлкеміздің абырой-беделін арттыруға, жұртшылықтың білім-танымының жоғарылауына, ақпарат таратудың жаңа түрлерін енгізуге ықпал етеді. Туризмнің дамуының жоғары қарқыны, валютаның зор түсімдері экономиканың әртүрлі секторларына белсенді әсер етеді, бұл туристік индустрияның қалыптасуына көмек береді. Туристік индустрия туризм жүйесінің бір жағын құраса, туризм жүйесінің екінші жағы – туристік ресурстар. Туристік рекреациялық ресурстар дегеніміз табиғи, тарихи, әлеуметтік-мәдени объектілер, туристік көрсету объектілері, сонымен қатар, туристердің рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға, олардың физикалық және рухани күштерін қайта қалпына келтіру үшін көмек беруге қабілеті бар басқа да объектілер.

Туристік-рекреациялық ресурстар – туристердің рухани, рекреациялық қажеттілігін қанағаттандыратын, күш-жігерін қалпына келтіріп, сергітетін табиғи (теңіз, көл, өзен жағалауы) және антропогендік (тарихи-архитектуралық көрікті жерлер) нысандар. Туристік-рекреациялық ресурстар қатарына: курортты немесе емдік демалыс (минералды су, тау баурайы, орман іші, теңіз жағалауы), сауықтыру (ландшафты климат жағдайлары, қолайлы жыл мезгілдері, суға түсу маусымы), спорттық-альпинистік (тау тізбегі, қия жарлар, шатқалдар немесе шөлді-шөлейтті, халық сирек орналасқан жерлерге) және экскурсия-туристік (тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштер, табиғаттың көрікті орындары, этнографиялық нысандар, мұражайлар, бірегей таңқаларлық техникалық құрылыстар) нысандар жатады [3].

ДТҰ – ның ұсыныстарын ескере отырып жүргізілген талдау мен қазіргі тәжірибенің негізінде, қазақстандық турөнімнің екі базалық құрамдас бөлігін баса көрсетуге болады: Жібек жолы бойындағы мәдени туризм (зиярат ету және дәстүрлі) және онымен тығыз байланысты экооқиғалы туризм (сафари, рафтинг, орнитологиялық, треккинг, аңшылық, балықшылық). Бұл ретте эко-оқиғалы туризм үшін Жібек жолы бағытымен өтетін ресурстары бар аймақтарды: Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарын атап өткен орынды.

Көрсетілген басымдықтарға сәйкес бірінші кезекте игерілетін мынадай аудандар мен тірек орталықтары анықталды:

1. Іле (Алматы, Түрген, Есік, Талғар, Қаскелең, Ұзынағаш, Қапшағай.);

2. Солтүстік Тянь-Шань (Кеген, Нарынқол, Жалаңаш, Шонжы, Көлжат.);

3. Жаркент-Талдықорған (Жаркент, Көктал, Басши, Текелі, Талдықорған, Жаркент-Арасан курорты);

4. Балқаш (Балқаш көлі, Балқаш өңірі.);

5. Солтүстік Жоңғар (Достық,Алакөл көлінің маңы, Лепсі, Лепсі өзенінің маңы, Жарбұлақ, Көктұма, Сарқант, Арасан-Қапал курорты);

6. Жамбыл (Тараз, Мерке, Мойынқұм ауданы);

7. Түркістан (Түркістан, Тұрбат, Отырар, Шәуілдір, Баба-ата, Кентау, Шаян);

8. Сайрам-Шымкент (Шымкент, Сайрам, Арыс, Шардара, Сарыағаш, Ленгер, Ванновка);

9. Жоғары Бұқтырма (Қатон-Қарағай, Беріл, Рахманов бұлақтары курорты, Марқакөл көлінің маңы);

10. Маңғыстау (Фетисово, Ақтау, Ералиев-Құрық).

Л.Н. Багрова, Н.В. Багров, В.С. Преображенскийлердің (1977) анықтамасы бойынша, «табиғи-рекреациялық ресурстар – бұл рекреациялық іс-әрекеттер үшін комфорттық қасиеттерге толы, белгілі бір уақыттарда демалыс және сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыруға болатын табиғи және табиғи-техникалық геожүйелер, денелер мен табиғаттың құбылыстары». «Әлеуметтік-экономикалық рекреациялық ресурстарға» тарихи-мәдениет объектілері және құбылыстар жатады. Бұл ресурстар бір жағынан материалдық және рухани болып жіктелсе, екінші жағынан қозғалатын және қозғалмайтын болып жіктеледі [2].

Табиғи кешендер туристік рекреациялық ресурстар класына мынадай үлгі бойынша өте алады:

1) Табиғи кешендер жаратылыс бойынша өмір сүре береді, бірақ туристік сұраныс болмаса, ресурстық сипаттама ала алмайды;

2) Туристік сұраныстың болуы табиғи кешендерді тексеріп бағалауды қажет етеді;

3) Қоғамдық қажеттіліктің арқасында өте бағалы табиғи кешендер ресурстарға айналады;

4) Туристтік сұраныстардың көбеюінің арқасында нашар табиғи кешендер де өңдеуден өткізіліп, туристік ресурстар класына енгізіле бастайды.

Туристік рекреациялық ресурстардың маңызды сипаттамалары төмендегідей:

1. ТРЖ –нің потенциалдық сыйымдылығын анықтайтын қордың мөлшері;

2. Ресурстардың таралу ауданы

3. Пайдалануға болатын кезең

4. Көптеген ресурс түрлерінің территориялық тұрғыдан қозғалмай жатуы, рекреациялық инфрақұрылым мен ағымдарды өзіне шоғырландырып тартуына себепші;

5. Ақша капиталының аз жұмсалуы және пайдалануға кететін шығындардың тым жоғары болмауы инфрақұрылымды жылдам құруға және әлеуметтік-экономикалық нәтижелер алуға болатындығы, сондай-ақ ресурстардың кейбір түрлерін өзінше қолдануға болатындығы;

6. Табиғатты тиімді пайдалану нормаларын сақтай отырып, культивация және сапасы жоғары жабдықтарды пайдалану арқылы туристік-рекреациялық ресурстарды көптеп пайдалану мүмкіншілігі.

Туристік-рекреациялық ресурстар территориялық туризмді ұйымдас-тыруды, туристік аудандар мен орталықтарды құруға, оларды мамандандыруға және экономикалық жағына әсерін тигізеді.

Туризмнің зерттеулері өткізілген бірталай елдерде, оның ішінде Кеңес Одағында рекреациялық география мен туризм географиясы ұғымдарының түсіндірілуінде осындай екіталайлық кездеседі. Мысалы, туризм географиясы атауы кездесетін жұмыстарда (Е.А. Котляров, 1978; И.И. Пирожник, 1985) бұл ұғым шын мәнінде рекреациялық географияға жатады.

Әлемдегі туризм зерттеулерінде туристік ресурстар мен туристік қозғалыстың шоғырлануы арасындағы тәуелділікке ерекше назар аударылады. Осындай тәуелділік нәтижесінде кеңістікте біршама өзгерістер пайда болады, ал осындай өзгерістер географиялық зерттеулерде орын табуы қажет. Туристік кеңістіктер «бет-әлпеті» мен олардың жіктелуін зерттеуде де географияның рөлі жоғары.

«Рекреациялық іс-әрекет» пен «туристік іс-әрекет» анықтамалары қос мағыналы. Бір жағынан, бұл анықтамалар адам мен халық топтарының іс-әрекеттерін түсіндіріп тұрса, олармен рекреациялық шаралар, шаралар циклдері ұғымдары байланысты. Ал екіншіден, бұл ұғымдар қоғамның халықтың демалыс қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған іс-әрекеттерін (бұл демалыс ұйымдастырушылардың іс-әрекеті деп аталады) қамтиды.

Негізгі категория ретінде «іс-әрекет» категориясын қолдансақ, рекреациялық (туристік) іс-әрекет іліміне кеңістік пен уақыт қос ұғымдарын енгізуіміз қажет. Біріншіден, қандай да іс-әрекет болмасын, кеңістік пен уақытта іске асырылады, екіншіден, осындай іс-әрекетте уақыт пен кеңістіктің ерекше түрлері қалыптасады – әлеуметтік уақыт бөлігі болып табы-латын рекреациялық уақыт және рекреациялық кеңістік – әлеуметтік кеңістіктің бір бөлігі. Әрине, уақыт пен кеңістікті бөліп көрсету – бұл зерттеу тәсілі, шын мағынадағы рекреациялық (туристік) іс-әрекет біртұтас «кеңістік-уақытта» өтеді. Өкінішке орай, әзірше рекреациялық «кеңістік-уақыттың» зерттеу стратегиясы анық емес. Сондықтан аталған пәндердің нысанасы жөнінде айтсақ, біз тек рекреациялық кеңістік немесе ойкуменаның рекреациялық шағын жүйесі туралы айтамыз.

Рекреациялық кеңістік – рекреациялық іс-әрекетті ұйымдастыруымен байланысатын әлеуметтік және мәдени кеңістіктің бөлігі. Және де әлеуметтік кеңістік яғни адамдар іс-әрекетінің кеңістігі рекреациялық кеңістік ретінде қарастырылуы мүмкін (мысалы, өндірістік кәсіпорындарының өзі де қысқа мерзімді демалыс немесе туризм орындары болуы мүмкін). Алайда рекреация кеңістіктің басты функцияларының бірі болатын, оны ұйымдастыратын кеңістік алқаптары болып бөлінуі мүмкін. Рекреациялық кеңістік жеке және әлеуметтік кеңістікті кеңейтеді, ел аймақтары мен әлемнің мәдени құндылықтарын қамтиды, мәдени түйісудің ерекше кеңістігі болып табылады.

Туристік кеңістік рекреациялық кеңістікпен ұласады, себебі, біріншіден, туризм – рекреацияның бір бөлігі, екіншіден, туристік іс-әрекет рекреациялық іс-әрекет сияқты белгілі бір кеңістік пен уақытта іске асады.

Осыдан мынадай қорытынды жасауға болады: рекреациялық география мен туризм географиясының зерттеу объектісіне ойкуменаның рекреациялық шағын жүйесі жатады. Ал екеуінің зерттеу пәндері «рекреация» мен «туризм» анықтамалары тең болмағандықтан әр түрлі болып келеді. Рекреациялық географияның пәніне халықтың рекреациялық әрекетінің аумақтық ұйымдастырылуы, ал туризм географиясының пәніне туристік әрекетінің аумақтық ұйымдастырылуы жатады. Ал осы пәндердің әрқайсысы өз саласының іс-әрекетінің аумақтық ұйымдастырылуын ТРЖ арқылы зерттейді [1].

«Демалыс» және «экскурсия» дегеніміз рекреациялық іс-әрекеттің бір бөлігі болып, рекреациялық географияның зерттеу шеңберіне кіреді. Ал туризм географиясына тек адам іс-әрекетінің бір түрі ретіндегі туризм кіреді. Адамның қандай да болсын іс-әрекеті кеңістік пен уақытта іске асырылады, бірақ туристік іс-әрекет ерекше географиялық сипатына ие. Тіпті туристік іс-әрекет кеңістік пен уақыттың ерекше түрлерін – туристік кеңістік пен туристік уақытты қалыптастырады деп айтсақ қате болмас.

Туризм де рекреацияның бір бөлігі болса да, өзінің бұқаралық сипатына байланысты рекреациялық іс-әрекеттен бөлек ерекшеленеді.


Әдебиеттер

1 Герасимов И.П., Преображенский В.С. Основы теории рекреационной географии. – М.: Рекреация, 2006. – 221с.



2 Ердаулетов С.Р. Туризм географиясы: тарихы теориясы қолдану әдісі практикасы – Алматы.: Атамура, 2009.- 336б.

3 Мироненко Н.С.,Твердохлебов И.Т. Рекреационная география. - М.: Рекреация, 2006. – 207c.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет