Партияның Х съезі (8 наурыз, 1921 ж.) көтерілісшілерді айыптағанмен, экономикалық саясатты өзгертуге мәжбүр болды. Съезд шаруашылық мүддені іске қосудың жаңа жүйесін жасаудың шараларын белгіледі, яғни «соғыс коммунизм» саясатынан жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылдады. Партияның Х съезінде қабылданған жаңа экономикалық саясаттың мәні неде? Кеңес үкіметі мемлекеттің қолында ірі өндіріс орындарын, банкті қалдырып, жеке капиталды өндіріске ендіруге рұқсат берді. Мемлекеттік жерлер, кішігірім мемлекеттік кәсіпорындар белгілі мерізімге жеке шетел ұйымдары мен тұлғаларға жалға беріледі. Сауда бостандығы жүзеге асырылады, яғни мемлекеттің бақылауымен жеке саудаға рұқсат беріледі. Сауда негізінен ауыл мен қаланың ортасындағы негізгі байланыс көзіне айналуға тиіс болды. Сонымен қатар мемлекеттік және кооперативтік сауда да дамуы тиіс болды. Жеке ауыл шаруашылық қожалықтарына, жеке меншіктегі кішігірім кәсіпорын иелеріне жалдамалы еңбекті пайдалануға рұқсат беріледі. Еңбекке деген міндеткерлік және еңбек армиялары жойылады. Өндіріс орындарын жұмысшы күшімен қамтамасыз ету еңбек биржалары арқылы жүзеге асырылатын болады. Елдегі ақша жүйесін нығайту, ақысыз қызмет көрсетуді жою, еңбекке ақшалай жалақы төлеу міндеттелді. Жаңа экономикалық саясаттың аясында қабылданған міндеттердің ішіндегі ең маңыздысы – азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен алмастыру туралы шешім болды. Азық-түлік салғырты кезінде шаруа қожалықтары өндірілген өнімнің өзін қамтамасыз етуге 133 қажетті үлесінен артығын мемлекетке тапсыруға міндетті еді. Азық-түлік салығының ендірілуі, яғни белгіленген мөлшердегі ғана салықты өтеуге байланысты, олар өндірілген өнімнің артығын өз еркімен пайдалану құқығына ие болды. Бұл ендірілген салық жүйесіндегі өзгеріс өндіруші шаруа қожалықтарына өте қолайлы болды. Себебі, олар өндірілген өнімнің белгілі мөлшерін ғана мемлекетке тапсырып, қалған өнімді сатуға немесе өзінің басқа қажеттерін өтеуге мүмкіндік алды. Осыған байланысты енді шаруа қожалықтары егістік көлемін ұлғайтуға, сөйтіп өнімді көп өндіруге, яғни еңбек өнімділігін арттыруға ынталы болды. Енді осы жаңа экономикалық саясаттың қазақ өлкесінде ендірілу әдістері мен жолдарын қарастырып көрейік. РКФСР ХКК-нің арнайы декреті бойынша бірыңғай азықтүлік салығы мал шаруашылығымен айналысатын аудандарға да ендірілді. Қазақстан ауылы мен деревнясында жаңа экономикалық саясаттың алғашқы азық-түлік салығы науқаны өте қиын жағдайда жүргізілді. Оның себебі ЖЭС ендірілген жылы да партия, кеңес және азықтүлік органдары азық-түлік салғырты саясатын жалғастырды да, ол бойынша дайындалған өнімдерді Орталыққа жіберу жөніндегі Еңбек және Қорғаныс кеңесінің тапсырмасын орындаумен айнылысты. Мысалы, көшпелі мал шаруашылығы аудандарында алғашқы бірыңғай азық-түлік салығы 131,9% көлемінде орындалды. Бұл әрине соғыс коммунизм саясатының әрі қарай жалғасуы болды. Сөз жүзінде ЖЭС ендірілгенімен Кеңес үкіметі іс жүзінде баяғы қарқынмен экономикаға өзінің бақылауын жүргізуді тоқтатпады. Бірнеше ай бойы мемлекет қала мен деревня арасындағы айырбасты кооперация арқылы бақыламақ болды. 1921 жылы 7-ші сәуірде мемлекет өзінің арнайы декретімен кооперацияға фабрика – зауыттық өнімдерді ауыл шаруашылық өнімдеріне айырбастауды міндетті тапсырма етіп берді. Бірақ бұл мәселені жүзеге асыру өте қиын болды. Оның себебі мемлекеттің бақылауымен жүргізіліп отырған тауар айырбасы жеке саудамен жарысқа түсе алмады. Оның үстіне мемлекеттік тауар айырбасы ЖЭС-тың принциптеріне сай келмеді, яғни сауда бостандығына кедергі келтірді. Мұндай жағдай халықтың жаңадан ендірілген шаруашылық саясатына деген сенімсіздігін тудырды. Жоғарыдағы аталған кемшіліктер біртіндеп азық-түлік салығы саясатының кең ендірілуі барысында жойыла бастады. 1924-1925 жылдары ауыл шаруашылық салығынан КазАКСР-ң бүкіл шаруашылығының 32,7%-і босатылса, 1925-26 жылдары – 33,8% босатылған еді. Әсіресе, 1924-1925 жылдары мал өсіруші шаруашылықтың 72%-ке жуығы алым-салықтан босатылды. Көшпелі жеке қазақ шаруашылықтарына 3-5 жылдық мерізімдерге жеңілдіктерге негізделген несиелер берілді. Сонымен қатар мемлекет тарапынан ауылшаруашылық машиналары мен құралдарын сатып алуға негізделген несиелер де белгіленді. Осының бәрі ұсақ товар өндірушінің материалдық құштарлығын арттырды, оның өз шаруашылығындағы қорларына иелік ету еркіндігін күшейтті. ЖЭС-тің аясында нарықтық қатнастардың күшеюі сауданың дамуына ықпал етті. Ал ол болса ақшаның тұрақтануына әсерін тигізді. Осы жағдайға байланысты ЖЭС-тің алғашқы кезінде ендірілген салықтың натуралды түрін партияның ХІІ съезі (1923 ж. сәуір) ақшалай түрде де өтеуге мүмкіндік берумен алмастырды. Ал 1924 жылы салықты өтеудің тек ақшалай түріне толық көшірілді. Осы жылы ақпан айында Кеңес үкіметі ақша реформасын жүргізіп, кеңестік ортақ жаңа ақша өлшемі тұрақты сомды енгізді. Осы жағдайлар Қазақстанда жәрмеңкелік сауданың кең өрістеуіне жол ашты. 1926 жылы Қазақстанда 128 жәрмеңке жұмыс істеді. Бұл кездегі ірі жәрмеңкелер қатарына – Ойыл, Қоянды, Қарқара, Темір, Көкшетау, Атбасар жәрмеңкелерін жатқызуға болады. Осы кездегі жәрмеңке саудасының жалпы айналымы 20–23 млн. сомды құрады. Сондай-ақ, осы өркендей бастаған жәрмеңкелік сауда да ауыл шаруашылығының дамуына ықпалын тигізді. Қазақстанда 1921-22 жылдары ЖЭС аясында жүргізілген шаралардың бірі жер-су реформасы болды. Реформаның негізгі міндеті 1920 жылы құрылған ҚАКСР-нің территориясында қазақ жерлерін біріктіру болды. Патшалық биліктің жүргізген саясаты 134 нәтижесінде Қазақстанда жер мәселесі өте күрделі мәселелердің біріне айналған еді. Осыған байланысты қазақ автономиясы құрамында жер саясатын жүргізуші жетекші орган – Жер комитеті құрылды. Ол қазақ автономиясы аясында қазақ жерлерін біріктіру мақсатымен 1921 жылы 7 ақпанда декрет қабылдады. Қазақ АКСР-нің Жер комитеті қабылдаған бұл декрет бойынша кезінде көш-қон қорына (переселенческий фонд) тартып алынып, пайдаланылмай тұрған Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстарындағы бос жатқан жерлер, олардың 1917 жылға дейін алынғанына қарамастан қазақтарға қайтарылады. 1921 жылы 19 сәуірде Жер комитеті кезінде патша үкіметінің Сібір және Орал казак әскерлерінің тартып алған жерлерін қазақтарға қайтару туралы шешім қабылдады. Осы декретке сай қазақтар Ертіс өзені бойында 177 мың, Орал өзені жағалауында 208 мың десятинадан астам жерлерді қайтаруға тиіс болды. 1922 жылы 26 тамызда Федералды Жер комитеті мен БОАК-ті “Қазақстанда негізгі еңбекпен жерді пайдалану туралы” заң қабылдады. Ол заң 31 тамызда күшіне енді. Бұл заң бойынша әркімнің өз жерінде қалуға және ол жерді пайдалануға құқығы болды. Жер заңға сәйкес құжатталған жағдайда ғана оны пайдаланушы сол жердің иесі болады. Ал даулы жерлерге заңға негізделген съездің немесе жер органдарының шешімі қажет болды. Алайда осы негізгі заңнан соң 1922 жылы 30 қазанда Кеңес үкіметі Ресей территориясын түгел қамтыған “Жер кодексін” қабылдады. Осы кезден бастап жер туралы бүкіл мәселенің бәрі мемлекеттің идеологиялық құндылықтарына негізделген құқыққа ие болы. Бұл кодекс бойынша жермен тұрғылықты халық қамтамасыз етілуі керек болды. Сонымен бірге автономияларға қосымша ұсыныстар мен негіздемелер жасауға рұқсат етілді. Бұл кодекс отрықшы-егіншілікпен айналысатын аудандарды қамтыды да, көшпелі аудандар мүлде кірмей қалды. Соның салдарынан қазақ қоғамы мүлде жермен қамтамасыз етілмеді. Кеңес үкіметі патшалық үкіметтің жер мәселесіндегі отарлық саясатын жойғысы келгенмен, іс жүзінде жерді пайдалануды таптық тұрғыдан шешті. Соның нәтижесінде жергілікті қазақ халқы мен қоныс аударушылардың құқығы теңестірілді. Оның үстіне патша үкіметі кезінде жерге орналасқан басқа ұлт өкілдері ол жерден айырылғысы келмей үлкен қарсылық көрсетті. Сонымен қатар олар өз иеліктеріндегі жердің межеленбеуін, яғни шекараларының айқындалмауын пайдаланып, жаңа жерлерді тартып алды. Осы жағдайлар жер және жерге орналастыру мәселесін шешуді өте қиындатқанымен, жаңа экономикалық саясат шеңберінде азық-түлік салғыртының азық-түлік салығымен алмастырылуы 3-4 жыл ішінде қазақ ауылы мен деревнясын дағдарыстан шығара бастады. 1925 ж. егістік жердің көлемі 3 млн. гектар болса, 1928 жылы 4 млн. гектарға жетті, яғни бұл 1913 жылдың (4,4 млн. га) деңгейіне жеткендігін көрсетеді. 1925 ж. 92 млн. пұт астық жиналса, 1927 ж. астықтың жалпы түсімі 1,4 млн. пұтты құрады. 1925 ж. мал саны 1922 ж. салыстырғанда екі есе өссе, 1925-1928 ж. аралығында жыл сайын 5%-ке артып отырды. Қазақстанның өнеркәсібі саласында да едәуір өзгерістер болды. Қазақстан халық шаруашылығы орталық кеңесі (ВСНХ) сегіз (Балық, Тері, Илецктұз, Павлодартұз, Батысалтын, Ақжалалтын, Сексеул, Спирт) трестерді және сантонин зауыты мен Қарғалы шұға комбинатын біріктірді. Губерниялық кеңестің құзырына жергілікті деңгейдегі өндірістер бағынды. Олардың көбі арендаға берілді. Сонымен бірге Қазақстанның көптеген өндіріс орындарын одақтың қорғанысына қажетті, оның мүддесін дүниежүзілік рынокта қорғайды деген желеумен бүкілодақтық деңгейдегі трестерге біріктірді. КазАКСР-де одақтық деңгейдегі Ембімұнай, Алтайполиметал, Атбасцветмет сияқты трестер құрылды. Олар республика бюджетіне белгілі мөлшерде ғана қаржы бөліп тұрды. Ал қалған табыстардың бәрі орталықтың иелігінде болды. Мұндай жоғарғы дәрежеде өндірістерді орталықтандыру саясаты кейін де үстем болды. Сөйтіп, Кеңес үкіметінің елдің өнеркәсібін қалпына келтіру мақсатында жүргізілген шаралары кейін республика экономикасына орталықтың үстемдігінің мейілінше күш алуына әкелді. Өндіріс орындарын орталықтанған трестерге біріктіру сонымен бірге өндіргіш күштерді региондарға орналастыруда кемшіліктерге жол ашты, яғни Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімге шикізаттық сипатын айқындады. 135 ЖЭС аясында Республиканың халық шаруашылығында болған өзгерістер елдің дағдарыстан шыққанын, экономикалық дамуда жаңа үрдістің кең етек жайғанын көрсетеді. Елдің шаруашылық жүйесі нарықтық экономика қатынасына біртіндеп енді. Өлкенің экономикасы көпукладты сипатқа ие бола бастады, яғни әртүрлі меншік түрлерінің қатар өмір сүру мүмкіндігі пайда болды. Меншіктің әртүрлі түрлерінің қалыптасуы, олардың арасындағы бәсекелестік пен ұдайы өндірістегі бірін-бір толықтыруы халық шаруашылығының алға даму бағытын айқындады. Большевиктер таптық мүддені қорғау принциптерінен ажырамаса да, жаңа экономикалық саясат аясында мемлекеттің экономикаға араласуы шектелді. Мемлекет белгілі мөлшерде ғана көпукладты ұдайы өндірісті кредит, салық жүйелері арқылы ғана реттеп отырды. Экономикалық өмірдің нақты дамуын қамтамасыз ететін мұндай саясат өте орынды еді. Алайда ірі өнеркәсіп саласын мемлекеттік монополизациялау нәтижесінде олар өз өнімдерін тұтынушыларға (әсіресе аграрлық сектордағы жеке тұтынушыларға) өте жоғары бағамен ұсынды. Партия және үкімет шешімдері ауыл шаруашылық кооперацияның ЖЭС жағдайындағы жаңа ролін анықтағанына қарамастан, оны бақылап отыруға мемлекет мүдделі болды, соның нәтижесінде мемлекет ауылшаруашылық товарларын сатып алу бағасын өзі белгіледі және ол өте төмен болды. Ұзақ әлеуметтік даму барысында қалыптасқан дәстүрлі товарлы шаруашылық мемлекет тарапынан ендірілген мұндай реттеуші бақылауға сәйкес келмеді. Мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған мұндай саясат ұсақ ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер тарапынан қарсылық тудырды. Олар өндірген өнімдерін төменгі бағамен сатудан бас тартты. Алайда бұл қарсылықты мемлекет өзі жүргізіп отырған саясаттың кемшілігінен деп есептемеді. Керісінше ол қарсылықты тап жауларының іс-әрекеті деп бағалады. Мемлекет тарапынан жеке шаруа қожалықтарына қарсы бақылауды күшейтті. Ұсақ тауар өндірушілерді әкімшілік жолмен бақылау мен ығыстыру саясаты сауданы шектеуге, яғни ЖЭС-тің шектелуіне әкелді. Мұндай жағдай “соғыс коммунизм” саясаты тұсындағы әкімшілік басқару әдістерін жандандырды. Экономикалық даму жүйесіне әкімшілік тұрғыдан араласу большевиктердің негізгі жұмыс әдісіне айналды. Таңдау мүмкіндігі, еркіндік, шаруашылық еріктілік туралы заңдар тек қағаз жүзінде қалып отырды. Экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясы күш алды. Дағдарыстардың бәрі осы жоспарлаудағы кемшіліктерден деп есептелді. Жергілікті партия және кеңес органдары кооперацияны басқаруда әкімшілік әдіске жиі сүйенді. Алайда экономиканы мемлекеттің тарапынан жоспарлы түрде дамыту мен әкімшілік басқару әдістері нарықтық қатынаспен сәйкес болмады. Соған қарамастан таптық идеологияны ту еткен Кеңес үкіметі экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясына сүйеніп, 1925 жылдың аяғында өнеркәсіп өндірісін халық шаруашылығының жетекші саласы етіп белгіледі және оның жоғары қарқынмен дамуын қамтамасыз етті. Бұл ЖЭС аясында қалыптасқан көпукладты ұдайы өндірістік жүйенің қатар даму барысын шектеді, яғни 20-жылдардың аяғында ұсақ товар өндірушілерге қарсы күресті күшейтті. Соның нәтижесінде нарықтық қатынас тоқырады, яғни ЖЭС тоқтатылды.