20,21 дәріс.Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ғылым, мәдениет және халыққа білім беру қызметі
Жауды жеңуге республиканың зиялы қауым өкілдері де үлкен үлес қосты. Олардың қатары Кеңес Одағының батыс аудандарынан уақытша көшірілген ғылым мен өнер қайраткерлері негізінде толықтырылды. Соғыс жылдары Қазақстанға 20 ірі ғылым институттары көшіп келді. Олардың ішінде КСРО Ғылым Академиясының физиология институты, Украина Ғылым Академиясының физика-механика институты, Москва, Ленинград, Киев институттары болды. Осы жылдары Қазақстанда И.П.Вернадский, В.А.Обручев, И.И.Мешанинов, А.И.Бах, Л.С.Берг, А.Е.Фаворский, Б.Д. Греков, С.Н.Бернштейн және т.б. атақты ғалымдар жұмыс істеді. Қазақстанға Ресей, Украина, Белоруссиядан 100-ден аса жазушылар уақытша көшіп келді. Олардың ішінде А.Толстой, С.Маршак, С.Михалков, К.Паустовский, М.Зощенко, О.Форш, С.Сергеев-Ценский, Л.Квитко сияқты атақты жазушылар болды. Соғыс жылдары партизан-ақын Ж.Саинның топтамасы, 160 Қ.Аманжоловтың “Ақын өлімі туралы аңызы”, М.Әуезовтың “Абай жолы” эпопеясының бірінші кітабы, С.Мұқановтың “Өмір мектебі”, Ғ.Мүсіреповтың “Қазақ солдаты”, Ғ.Мұстафиннің “Шығанақ” повесі, Ж.Жабаевтың “Ленинградтық өренімі” дүниеге келді. Сонымен бірге Қазақстанға 20-дан аса театрлар мен музыкалық мекемелер, өнер қайраткерлері көшірілді. 1941-1945 жылдары Алматының біріккен орталық киностудиясында кеңес киноматографиясының алтын қорына енген фильмдер түсірілді. Олар: “Секретарь райкома”, “Они защищает Родину”, “Воздушный извозчик”, “Два бойца”, “Фронт”, “Жди меня”, “Парень из нашего городка” т.б. Соғыс жылдары Қазақстанда 500-ге тарта кино қызметкерлері мен әртістер еңбектенді. Мысалға, С.Эйзенштейн, Ф.Эрмлер, Г.Рошаль, Э.Тиссе, Н.Черкасов, Г.Александров, С.Васильев, И.Пырьев, Л.Орлова, Н.Крючков, В,Марецкая және т.б. Орталық киностудия қызметкерлерімен бірігіп, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, А.Тәжібаевтің қатысуымен “8 - ші гвардиялық”, “Абай өлеңдері”, “Жауынгер ұлы”, “Саған, майдан” фильмдері түсірілді. Соғыс жылдары КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық бөлімінде астрономиялық обсерватория, тіл, әдебиет пен тарих, химия-металлургия, топырақтану мен ботаника, зоология және өлкетану институттары ашылды. Қ.И.Сәтпаев бастаған қазақстандық ғалымдар қара, түсті және жиі кездесетін металдарды, тау пайдалы қазбаларын, су және гидроэнергетикалық ресурстарды соғыс қажетіне қолдану бағытындағы ғылыми жұмыстар жүргізді. Соғыс жылдары Қазақстанға жоғарғы оқу орындары көшіріліп, көптеген орыс-қазақ, қазақ-украина мектептері, балалар үйі мен интернаттар ашылды. Олардың ішінде – Москва авиация институты, Москва түсті металл және алтын институты, біріккен Украина мемлекеттік университеті болды. Сонымен бірге соғыс жылдары Алматы мемлекеттік шет тілдер институты, Шымкент технологиялық институты, Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты ашылды. Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісі адамзатты фашизм қаупінен құтқарды. Қазақ халқының бұл жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қазақстандық батырлардың есімі әрқашан ел есінде сақталады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап “Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!” деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, патриотизм үлгісін танытты.