78.. Н.Ә.Назарбаев еңбектерінде Қазақ хандығының – ұлттық мемлекеттіліктің бастауы ретінде бағалануы.
Қазақ хандығы біртұтас, бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік құрылым ретінде 1465 жылдан бастап 1847 жылы ең соңғы қазақ ханы Кенесары өмірден озғанға дейін төрт ғасыр бойы өмір сүріп, тарих сахнасында мәңгіге өз еншісін алды. Қазақ хандығының генезисін, яғни қалыптасу, даму кезеңдерін сараптағанда дамыған шаруашылық формаларының орныққанын, яғни көшпенді және жартылай көшпенді өмір салтын ұстанып, жер өңдеу ісінің, кәріздік суару жүйесінің, кен өндірісінің болғанына көз жеткіземіз. Ұлы Жібек жолы бойындағы көне шаһарлар өркен жайып, қалалық сауда-саттық жүйесі қалыптасып, «Жеті Жарғы» аталатын дала заңының жиынтығы бекітілді. Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының басқару жүйесі сол заманға сай болып, орасан зор аймақты қамтыған, әрі өзін басқа көршілеріне мойындатқан Орталық Азиядағы ірі құрылымның біріне айналды. Төл тарихымыздан сыр шертетін аса құнды еңбектің авторы, ғұлама ғалым Мұхаммед Хайдар Дулати Қазақ ордасының туы тігілген киелі Шу өңірін «Моғолстанның мәшһүр жері» деп атайды. Бұл уақыт мемлекеттік құрылымның түзілуіне негіз болған, өзіне тән тілі, салт-дәстүрі, мінез ерекшелігі, атамекені, сондай-ақ, ортақ мүддесі бар халқын «қазақ» деген атаумен қалыптасудың алғашқы сатысы еді. Қазақ хандығының құрамына енген ру-тайпалардың өзара экономикалық, мәдениет және қоғамдық-саяси байланыстарының нығая түсуі, этностық аумағының анықталуы, осының негізінде ортақ жалпы ұлттық мүдденің калыптасуы және оны сырттан төнген қауіптен ұйымдасқан түрде қорғау қажеттігі белгілі дәрежеде орталықтандырылған басқарушы билік жүйесінің пайда болып, оның ширай түсуіне алып келді. Қазақ хандығының жүйесіндегі тағы бір ерекшелік, елдің билеушісі хан болса, оның жанында билер мен батырлар тұрды. Бұл тұлғалар, ұлттың өзін өзі тануы, басқа этностармен қатынаста өз мүддесін түсінуі нәтижесінде өмірге келсе, өз ретінде олар ұлттық ұйысудың тезірек жүруіне, ұлттық құндылықтардың пісіп-жетілуіне пәрменді ықпал жасады. Осылайша, Қазақ хандығы біріншіден, қазақ даласында өмір сүрген қағанаттар мен мемлекеттердің заңды мұрагері болса, екіншіден, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрылуына тарихи сабақтастық ретінде идеологиялық тұрғыдан бірден-бір негіз қалады. Мемлекет басшысы өткен жылы Ұлытау төрінде берген сұхбатында: «Қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталатынын, ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасатынын, одан кейін Алтын Орда орнығып, әрі қарай хандық дәуірге ұласатынын және біртіндеп бүгінгі Тәуелсіздікке келіп тірелетінін» атап өтті. Қазақ хандығы өзінің дамыған мемлекеттік басқару жүйесімен, құқықтық ережелерімен және сол замандағы өңірдегі ірі геосаяси ойыншылар – Ресей және Цин империяларымен орнықты әлеуметтік-экономикалық байланыстар жасау, сауда және дипломатиялық қарым-қатынастар жасаумен ерекшеленгені белгілі деп бекерден-бекер ерекше атамаса керек. Қазақ хандығының тарихындағы маңызды және күрделі, әрі аса қызықты мәселенің бірі – хандықтың құрылуы мен Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы 2,5 мың жылдай уақытқа созылған этнопроцесс өзінің мәресіне жетіп, ұлттық сипатқа ие болып, қазақ халқының қалыптасуымен бір кезеңде жүзеге асты. Қазақ хандығының құрылуын, мемлекеттіліктің дамуы тұрғысынан қарастырсақ, онда ол жалпылама түрде Қазақстанның ежелгі тарихындағы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, ерте орта ғасырлардағы Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахан, одан кейінгі Алтын Орда және Ақ Орда тарихымен тікелей байланысты. Бұл құрылымдардың атаулары әртүрлі болғанымен оларға ортақ тән нәрсе бір аймақ пен сол жерде өмір сүрген ру-тайпалар мен тайпалық бірлестіктердің тегі мен тілі, шаруашылығы мен мәдениеті, діни-рухани жағынан ортақтығы жатты. Бұлардың атауы бұрын билеуші әулеттерді шығарып отырған тайпалар атауларымен байланысты болып келсе, Қазақ хандығы алғаш рет қазақ халқының құрамына енген тайпалардың бірінің емес, барлық тайпаларға ортақ атпен атала бастайды. Бұл дегеніміз – Қазақ хандығын бір тайпаға емес, елдік бірігуінің нәтижесі болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |