Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам



бет2/3
Дата15.06.2016
өлшемі379.97 Kb.
#136599
1   2   3
Бұл проблеманы шешу үшін, біріншіден, жалдамалы жұмысшыларды құқықтық оқытуларды ұйымдастыру қажет. Бәлкім, мұны жұмыс берушілер есебінен жүргізуге болар. Екіншіден, кең көлемдегі үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізу, еңбек заңдарының негіздерін түсінікті түрде баяндайтын түсіндіру материалдарын жариялау керек.

5-ші ТАПСЫРМА


ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі:
- 2013 жылдан бастап қызметкерлерді Қазақстан Республикасының еңбек заңдары­ның негіздеріне оқыту жүйесін ұйымдастыру туралы мәселені 2012 жылдың 1 желтоқса­нына дейін әзірлесін;
- Еңбек кодексінің негізгі ережелері және еңбек қатынастарын реттейтін басқа да құ­қық­тық актілер жөніндегі жалпыұлттық анық­тамалықтардың бірыңғай серияларын шы­ға­ру мен таратудың, соның ішінде интернет пен мемлекеттік органдардың ресми сайт­тары­ның мүмкіндіктерін пайдаланудың жобасын әзірлесін
b) Кәсіптік біліктіліктің ұлттық жүйесі.
Әрбір адам, соның ішінде, әсіресе, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетіндігін мойындау қажет. Бұл - өте қалыпты жағдай. Өйткені, адам өзінің қайда бет алған­дығын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен ұмтылады.
Сондықтан біліктіліктің ұлттық жүйесін (БҰЖ) құру жөніндегі барлық жұмыстарға барынша екпін берілуі қажет. Олар тек нормативтік маңызға ие болып қана қоймай, сонымен қатар, әрбір кәсіп үшін «жол картасы» да болуы қажет.
БҰЖ әрбір мамандық бойынша кәсіпқойлық лифтіні «құрудың» мүмкіндігін береді. Оның үстіне білікті жұмысшылар ұлттық жүйеге енгізілуі тиіс.
БҰЖ-ды құру үшін нормативтік базаның негіздері Еңбек кодексіне 2010 жылы енгізілген қосымшаларда қалыптастырылған. Алайда бұл үдерісті жеделдету керек.
Қалыптастырылатын біліктіліктің ұлттық жү­йесінің ең басты мәселесі мынада: БҰЖ аясында әзірленген кәсіпқойлық үлгі-қалыптары оқу орындарында мамандар даярлау кезінде қабылданатын білім үлгі-қалыптары үшін бағдар болуы тиіс. Кәсіпқойлық және білім беру үлгі-қалыптарының арасында алшақтық болмауы керек.
Еңбек ресурстарының жалпы рыногын құруды көздейтін Бірыңғай экономикалық кеңістік жағ­дайында үш елде біліктіліктің ұлттық жүйесін құру жұмыстарын үйлестіру қызметінің маңызы зор.

6-шы ТАПСЫРМА


ҚР Үкіметі 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін:
- 2020 жылға дейінгі біліктіліктің ұлттық жүйесін кезең-кезеңімен әзірлеу Жоспарын дайындап, қабылдасын;
- ЖОО-лар мен колледждер түлектері үшін біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды белсендірек жүргізсін
с) Еңбек дауларының алдын алу, ескеру және реттеу
Бүгінгі күні Қазақстанда еңбек даулары мен жанжалдарын реттеу, ескеру және алдын алу тетіктері жақсы дами алмай отыр.
Әрине, мүлдем кикілжіңсіз қоғам болмайды, бірақ біз мұндай тәуекелдерді барынша азайтуға ұмтылуға міндеттіміз.
Біріншіден, бүгінде өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бақылау жұмыстарын күшейту қажет.
Еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекция заңға сәйкес жұмыс берушіге бір ай бұрын ескерте отырып, жұмысшының шағымы немесе жасалған жоспар бойынша бақылауды жүзеге асыра алады.
Мұндай тексеру жағдайында оның өткірлігі мен күтілмегендік мәні төмендейді. Әдетте, жұмыс беруші еңбек шарттарын сақтап отырған секілді әрекеттер жасап үлгеріп, тығырықтан шығып кетіп жатады.
Мұндай жағдай Қазақстан ратификациялаған ХЕҰ-ның «өнеркәсіп пен саудадағы еңбекті инс­пекциялау туралы» Конвенциясы талаптарына сәйкес келмейді.
Неліктен мен бұл проблема туралы айтып отыр­мын? Бұл - техникалық қана мәселе емес. Бұл -  адамдар өмірі!
Өйткені, қауіпсіздік талаптарын бұзу, тәртіптің жоқтығы салдарынан туындайтын бақытсыз оқиғалардан нағыз еңбек жасындағы адамдар зардап шегуде. Ал олардың асырап отырған отбасылары, балалары бар. Сондықтан бұл істе тәртіп орнату керек.
Екіншіден, бізде әлеуметтік-еңбек дауларын туын­дат­қаны үшін құқықтық жауапкершілік жағы жеткіліксіз.
Көп жағдайда еңбек шарттарының әдейілеп төмендетілуі, өндірістік үдерістердің тоқ­татылуы, еңбекақының кешіктіріліп төленуі және осыған ұқсас басқа да жағдайлар әсерімен мұны еңбек ұжымдарының өздері туындатып жатады.
Сонымен қоса, не Еңбек, не Әкімшілік, не Қылмыстық кодекстерде еңбек дауларын туындат­қаны үшін жұмыс берушілер, жауапты және басқа да тұлғаларды жауапкершілікке шақыру баптары қарастырылмаған.
Жұмысшыға еңбекақыны дер кезінде төле­ме­гендік секілді ереуілге мәжбүрлеу айыбы 10-20 ай­лық есептік көрсеткіш көлемінде болса, ал ұжымдық шарт бойынша міндеттемені орын­да­ма­ғандығы үшін айып - 200-ден бастап 500 АЕК-ті құрайды.

7-ші ТАПСЫРМА


ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін мынандай ұсыныстарды әзірлеп, ұсынсын:
- «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Заңға және Еңбек кодексіне кәсіпорын­дарға тексеру жүргізу бөлігінде рати­фи­ка­цияланған ХЕҰ Конвенциясына сәйкес өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы;
- Еңбек, Әкімшілік және Қылмыстық кодекс­терге еңбек дауларын әдейілеп туын­дат­қаны үшін жауапкершілік жөніндегі ережені енгізу туралы;
- әлеуметтік өштесуді қоздырғандығы, ереуілге мәжбүрлегендігі, еңбекақыны дер кезінде төлемегендігі, ұжымдық шартты орын­да­ма­ғандығы және басқа да құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы.
Үшіншіден, еңбек қатынастары саласындағы қарама-қайшылықтарды реттеудің тиімді көп деңгейлі тетіктерін құру қажет.
Еңбек дауларының негізгі себептері ретінде екі мәселені атап көрсетуге болады: бірінші - жұмысшылардың кәсіпорынды басқару мәселе­лерінен шеттетілуі, екінші - даулар мен жанжалдарды соттан тыс реттеу тетіктерінің әлсіздігі.
Мұнда кәсіпорындарда өндірістік кеңестер әрекет ететін бірқатар дамыған елдердің тәжіри­белерін пайдалану керек.
Оларға жұмысшылар мен қызметкерлердің, сондай-ақ кәсіптік одақтардың өкілдері кіреді. Әдетте, оларда еңбек шарттарының жағдайы мен оларды жақсартудың көптеген мәселелері шешімін тауып, жұмысшылардың әртүрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері қаралып жатады.
Осы ретте жұмысшыларға кәсіпорындар мен компаниялардың миноритарийлері «халық­тық ІРО»,  сондай-ақ жұ­мысшылар мен қызмет­керлер­дің шеттетілуін еңсеруге де ықпал ететінін атап көр­сеткен жөн.
Қазіргі күні «халықтық ІРО-ны» тікелей жүргізу үдерісі басталды, «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясының акциялары сатылуда. Бұл мәсе­леде ешқандай бір атүстілік болмауы керек.
ҚР Үкіметіне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесе отырып, «халықтық ІРО-ның» бірінші тәжірибесіне кең көлемді талдаулар жүргізу, акционерлендірілетін ұлттық компания­ларға алдын ала тұрақты экономикалық және заңгерлік аудит жүргізуді қарастырып, олардың нәтижелерін әлеуетті миноритарийлерге жеткізу мәселесін шешу қажет.
Бүгінгі күні медиация құрылымы мен үдерісін, соның ішінде оларды еңбек қатынастары саласында құру және пайдалану жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет.
Медиациялар құрылымын ұлттық және ірі жекеменшік компанияларда құрған жөн. АҚШ-та, Австралияда және басқа да елдерде барлық даулардың үштен бір бөлігі соттың араласуына дейін медиация үдерістері аясында реттеледі.
Мемлекет тарапынан қазір даулар мен жанжалдарды, соның ішінде әлеуметтік-еңбек қаты­нас­тары саласындағы даулар мен жанжалдарды соттан тыс шешудің жүйесін енгізуге мүмкіндік беретін бастамашыл қадамдардың болуы маңызды.

8-ші ТАПСЫРМА


ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін:
- «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, акционерлендірілген ұлт­тық компанияларға жүйелі түрде алдын ала экономикалық және заңгерлік аудит жүр­гізуді, олардың нәтижелерін әлеуетті миноритарийлерге жеткізуді қарастыра отырып, «халықтық ІРО-ның» тұңғыш тәжірибесіне кең көлемді талдаулар жүргізетін болсын;
- медиация институтын дамытуға бағыт­талған заң аясындағы құқықтық базаның
қабылдануын қамтамасыз етсін;
- даулар мен жанжалдарды соттан тыс реттеудің осы тетіктерін дамыту мақ­са­тын­да Медиаторлардың ұлттық конференциясын өткізуге бастамашылық етсін.
Төртіншіден, кәсіптік одақтар институттарын жаңғыртуды жүргізу керек.
Мемлекеттің еңбек қатынастарын жетілдіру мәселелеріндегі негізгі әріптестерінің бірі - кәсіподақтар. Сонымен бірге ең іргелі кәсіподақ ор­талығы - Қазақстан кәсіптік одақтар федера­циясының (ҚКФ) қазіргі қызмет пішіні уақыт талабына сәйкес келмейді, өйткені ол «кеңестік үлгінің» салалық қағидаты бойынша құрылған.
Кәсіптік одақтар туралы тиімділігі төмен заңнама елеулі түйінді мәселе болып табылады. Онда ұжымдық шарттар, тараптардың оларды орындауға жауаптылығы туралы қағидалар онша дәл баян етілмеген.
Сондықтан қазір кәсіподақтар қозғалысын, ең алдымен  ҚКФ-ны, жаңғырту жөнінде батыл қадамдарға баруға тура келеді.

9-шы ТАПСЫРМА


ҚР Үкіметі 2012 жылдың аяғына дейін  кәсіптік одақтар туралы заңнаманы кешенді талдаудан өткізсін және оны өзгерту жөніндегі заң жобасын жасасын.
3. Өмір сапасының қазақстандық үлгі-қалыбы
Мен Қазақстандағы әлеуметтік жаңғырту бәрінен бұрын барлық қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға, кедейлердің санын азайтуға және әлеуметтік дүбәралыққа жол  бермеуге бағытталуы керек деген сенімдемін.
2020 жылға қарай экономиканың өсуі ғана емес, әлеуметтік құрылымның ауқымды өзгеруі орын алатындықтан да бұл өте  маңызды. Атап айтқанда, ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрайды. Еңбекпен қамтылу құрылымында білікті мамандардың  үлесі де 40 пайызға жетеді.
Басқаша сөзбен айтқанда, елде жаппай орта  тап қалыптасуда.
Бүгінде Қазақстанда өмір сапасының белгілі бір әлеуметтік үлгі-қалыптарын, соның ішінде мемлекет кепілдік ететіндерін де, белгілеу үшін тиісті әлеует те, экономикалық  алғышарттар да бар.
Бұл орайда мен әрбір қазақстандық өзінен бас­тауы  керек: өзінің үйінен, қаласынан, ауылынан бас­тауы, өзінің денсаулығы мен өмір сүру салты туралы ойлануы керек екенін баса айтқым келеді. Мұнсыз ешқандай жаңа өмір сапасы орнамақ емес.
Әрбір ауыл мен қала тазалықтың, көр­кею­дің, тәртіптіліктің үлгісіне айналуы керек. Қолда барды сақтап, көбейте беру үшін әрбір қа­зақстандық еңбекқор әрі құнтты қожайын болуы жөн.
Әйтпесе, мысалы, Еуропа неге бай тұрады? Өйткені ондағылар атам заманнан бері құнт­тылық өнеріне үйренген. Ал бізде болса әйтеуір көз қылып жүре бергілері келеді. Мұндайда құнттылық қайдан болсын!
Әлеуметтік дүбәралыққа жол бермеу және өмір сапасын ұдайы арттыру үшін әлеуметтік үлгі-қалыптар мен кепілдіктер туралы тиісті заңнаманы жасау жөн.
Мұндай заң ең алдымен өмір сапасының негізделген ең аз түйінді өлшемдері мен көрсет­кіш­терін қамтуы керек, оған жалақының, зейнетақы мен жәрдемақылардың деңгейі, кепілді меди­ци­налық қызметтің ауқымы, әр қа­зақ­стандыққа шақ­қандағы төменгі тұтыну кәр­зең­кесін қалыптастыру тетігі, тағы басқалары қо­сылуы жөн.
Өмір сапасының қазақстандық үлгі-қалыбы барлық жерде - ірі қалада да, алыстағы ауылда да орындалуға тиіс.
Әлеуметтік  үлгі-қалыптың өлшемдерін орындау үшін отандық бизнестің ғана емес, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік бизнестің де жауапкершілігін арттыру керек.
Заң шығарушылар бұл үшін тиісті құқықтық шек-шеңбер жасауы қажет. Бизнестің жекеше түрі өзінің «заңдарын» белгілеуге құқық бер­мей­ді. Сондықтан да лауазымды тұлғалардың, жұмыс берушілердің бұл үлгі-қалыптарды сақтау үшін жауапкершілік деңгейін заң жүзінде ай­қындау маңызды.

10-шы ТАПСЫРМА


ҚР Үкіметі 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін мәселені егжей-тегжейлі зерттеп,  ең тө­менгі әлеуметтік  үлгі-қалыптар мен кепіл­дік­терді енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлесін.
а) Тұрғын үй жағдайының үлгі-қа­лыптары: қолжетімділік пен жайлылық.
Тұрғын үй, үй, пәтер - әрбір қазақстандық үшін бірінші дәрежелі мәселе, мұның өзі жеке бастың өмірі мен отбасындағы жақсы ауанның сенімді негізі, бұларсыз әл-ауқат пен өнімді еңбекке атымен қол жетпейді.
Сондықтан менің тапсырмам бойынша қазірдің өзінде «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» және «ТКШ-ны жаңғырту» атты жаңа ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Жалдамалы тұрғын үй нарығын дамыту мақсатында заңнаманы жетілдіру маңызды.
Мемлекеттік тұрғын үй жалдамалық қорын басқару жөніндегі мамандандырылған компа­ния­лар құруды ынталандыру, сондай-ақ бірүлгілі келісімшарттар жасау жолымен ұзақ мерзімді жалгерлердің құқын қамтамасыз ету керек. Жалгерлікке қатысты шарттардың бәрі мөлдір әрі түсінікті болуға тиіс. Жалға берілетін тұрғын үй алуға құжаттар жинау ісін оңтайландыру маңызды.
Жеке тұрғын үй құрылысының көлемін әсіресе болашағы бар қалалық агломерациялар, моноқалалар  айналасында өсіру үшін жаңа серпін қосар тетіктер қажет.
Бұл істе жеке үй салып алғысы келетін және оған  шамасы жететін адамдар үшін салықтық же­ңілдіктер, несие берудің жеңілдетілген шарттары енгізілуі мүмкін.
Тұрғын үй құрылысына үлестік салымдарды сақтандыру жүйесін жасап, барынша дамыту қажетті  болып көрінеді.
ТКШ-ны жаңғырту аясында коммуналдық сектордың желісі мен нысандарының ахуалы жөніндегі біртұтас  жалпыұлттық мәліметтер базасын қалыптастыру маңызды. Әр өңірде ком­мунал­дық желілерді жаңғырту жөніндегі жоспарлар жасау қажет.
Әкімдер бұл жұмысты ұдайы бақылауда ұстауға тиіс. Сумен қамтамасыз ету мен  су арналарының, электр қуаты мен жылу берудің, сон­дай-ақ басқа да коммуналдық қызметтердің кепілді үлгі-қалыптарын жасап, енгізу керек.
ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасына «тиімді меншік иесін» қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды қосу  қажет.
Әрбір пәтер иесі үйлерді басқару ісіне нақты қатысып, осы Бағдарламадан пайда көретіндей болуы маңызды.

11-ші ТАПСЫРМА


ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін жалдамалы тұрғын үй нарығын одан әрі дамыту және жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру жөніндегі ұсыныстарды талдап-жасасын және енгізсін.
b) Білім беру жүйесін жаңғырту жөніндегі бұдан былайғы қадамдар.
Білім беру жүйесіне Қазақстан тұрғындары­ның  үштен бір бөлігіндейі тартылған. Мұндағы ең маңыздысы біздің балаларымыздың нақ осы білім беру жүйесінде өсетіні, қалыптасатыны және есейетіні. Бұл  әрбір отбасын толған­тады.
Сондықтан да бүкіл жаңғырту үдерісінің та­бысқа жетуінің түйінді факторы ұлттық білім беру жүйесін жаңартудың табысты өтуі болып табылады.
Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғырту үш басты бағыт бойынша жүргені көкейге қо­ным­ды:
1. білім беру мекемелерін оңтайландыру;
2. оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту;
3. білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру.
Оңтайландыру  аясында білім берудің үздік­сіз көлбеуін нығайту қажет.  «Жасқа қарайғы» білім берудің тұтас лифт сияқты мектепке дейінгі, бастауыш, орта, кәсіптік, жоғары және жоо-дан кейінгі барлық түрлерінің өзара қисынды байланысын қалпына келтіру маңызды.
Бұл орайда жеке және мемлекеттік білім беру мекемелері ұсынатын білім беру қызметтерінің  арасындағы  елеулі алшақтыққа жол беруге болмайды.
Білім беру жүйесі жалпыұлттық күйінде қалуға тиіс.
Біріншіден, орта білім беру жүйесінде директорлар корпусының сапасын жақсарту жөнінде шаралар атқару қажет.
Екіншіден, мемлекеттік білім беру үлгі-қалыптарының жеке мектептерде, колледждер мен жоо-ларда, соның ішінде халықаралық жоо-ларда да сақталуына бақылауды жолға қою қажет.
Үшіншіден, жоо-ларды оңтайландыру үдері­сін жүргізу маңызды. Қазақстанда 146 жоғары оқу орны бар. Олардың талайы маман тәрбиелеп шы­ғарудың қажетті сапасын қамтамасыз ете алмайды.
Үкімет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып,   қазақстандық еңбек нарығын Бесжылдық  Жалпыұлттық  Болжауды талдап-жасауды және жариялауды тәжі­рибеге енгізуге тиіс. Мұндай құжат маман­дық таңдауда қазақстандық мектеп бітірушілер үшін жол көрсеткіш болады.
Сондай-ақ қазір жұмыс істеп тұрған барлық жоо-ларды тексерістен  өткізіп, қорытындысы бойынша олардың санын біріктіру немесе жекелеген мекемелерді  тарату жолымен оңтайландыру керек.
Төртіншіден, дуальды кәсіби білім беруді дамыту маңызды. Жаппай мамандықтар кадр­лары­ның жетіспеушілігін еңсеруге мүмкіндік беретін осы заманғы  қолданбалы біліктілік орта­лық­тары қажет.

12-ші ТАПСЫРМА


1.  ҚР Үкіметі жоо-лардың санын оңтайландыру және кадрларды сапалы дайындауды қамтамасыз етпейтін білім беру мекемелерінің  лицензияларын қайтарып алу жөніндегі жұмысты жалғастырсын.
2. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Білім және ғылым минис­трлігімен бірлесе отырып, 2014 жылдан бастап еңбек нарығын дамытудың бес жылдық болжауларын талдап-жасауды қамтамасыз  етсін.
Бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесінде оқу үдерісінің практикалық жағына жеткілікті көңіл бөлінбейді, оқушылардың жеке ерекшеліктері нашар ескеріледі.
Балалардың, жасөспірімдер мен жастарды олардың есеюі мен табысты әлеуметтенуінің дара міндеттерін шешуге бағыттайтын рухани-парасаттылық тәрбиесінің тәсілдері жеткіліксіздігі жөніндегі мәселе күн тәртібінде өткір тұр.
Іс жүзінде бүкіл оқу-тәрбие үдерісі ескірген әдістемелерге негізделген. Оқу-тәрбие үдерісінің тарихи білім сынды маңызды ісі жеке тұлғаның, азамат пен патриоттың  қалыптасуы міндеттерін шешуге атымен бейімделмеген. Нақтылық мынада, оқушылар Қазақстан тарихы пәнін «зеріктірерлік», «қызықсыз», «бытысқан» пән деп санайды.
2012 жылы «Алтын белгі» медалін алуға  үміткерлердің талайы нақ осы отандық тарих жөніндегі «өкінішті» сұрақтардан «омақасқаны» көп жайды аңғартады.
Мектеп курстарында көбіне көп кеңестік білім беру жүйесінің сарқыншақтары сынды әскери дайындық, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету негіздері бағдарламалары бар.
Сонымен бірге, оқушыларға қазірдің өзінде қажетті инновациялық курстар жоқ.
Мысалы, өте көкейкесті болып табылатын «Қазақстан құқығы» (оның болмауы жас­тардың құқықтық  нигилизмі мен сауат­сыз­дығына соқ­ты­рады), «Өлкетану» (туған жерге махаббат отан­шылдықтың негізі ғой), жеке табысқа жетудің, жеке тұлғаның әлеуметтенуінің әдістемесі сынды «Акмеология» сияқты пәндер қайда?
Олардың жоқтығы жастардың едәуір бөлігінің әлеуметтік инфантилизміне, ересек өмірге бейімделе алмауына, басқа да  келеңсіздіктерге  ұрындырады.
Жастардың бір бөлігі діни секталардың, экстремистердің, есірткіге құмар және қылмыстық топтардың «оңай олжасына» айналады. Мұның бәрінің басты себебі - әлеуметтік инфантилизм, өзінің өмірі мен өз отбасының әл-ауқаты үшін өзі жауап бере алатын ересек әрі кемел азамат болуға шамасы жетпеушілік.
Сондықтан бүгінгі таңда оқу-тәрбие үдерісін түбірінен өзгерту маңызды.
Білім беру қызметтерінің қолжетімділігі мәселесі көкейкесті күйінде қалуда.
Бұл орайда қосымша білім берудің интерактивті түрлерін дамыту қажет.
Алайда, менің интерактивті білім беруді дамыту жөніндегі алға қойған міндетім, өкінішке орай, тар мағынада түсініліп, солай жүзеге асырылуда. Интерактивті тақталарды пайдаланумен интерактивті білім беруге қол жеткізе салмаймыз.
Бүгінгі таңдағы онлайн-білім беру ұстаз бен шәкірттердің тікелей Интернет-араласуы режімінде де, арнайы жасалынған интерактивті оқу бағдарламалары мен ойындар түрінде де өтетін факультативтік интерактивті курстарды ұйым­дас­тыруды  қамтуға тиіс.
«Онлайн-ұрпақтың» Интернетке табиғи ұмты­лы­сын біз, интерактивті олимпиадалар, оқу турнирлерін тағы басқаларды ұйымдастырып, пай­далануға және жағымды арнаға бағыттауға тиіспіз.
«Болашақ» бағдарламасына елдің барлық өңірлерінен, әсіресе, ауылдық жерлерден талантты жастардың қолы жетуін кеңейту
маңызды мәселе болып табылады.

13-ші ТАПСЫРМА


ҚР Білім және ғылым министрлігі:
- 2013-2014 оқу жылынан бастап  жалпы білім беретін мектептердегі оқу үдерісінде бі­лім берудің интерактивті түрлерін пайдалануды кеңейтуді және онлайн-оқытудың арнаулы оқу бағдарламаларын енгізуді көз­десін;
- Қазақстан тарихы бойынша оқу жос­пар­ларын, оқулықтар мен оқу құралдарын тал­­дау­дан өткізсін, оқу орындарында Қазақ­стан тарихын оқытудың мазмұны мен пі­шінін өз­герту жөнінде іс-шараларды жүзеге асырсын;
- орта, техникалық және кәсіптік, жо­ға­ры оқу орындарында «Акмеология, жеке және әлеуметтік табыс негіздері», «Қазақстан құқығы», «Өлкетану» сияқты  міндетті оқу курстарын енгізу жөнінде ұсыныс жасасын.
с) Денсаулық сақтауды жаңғырту   және     саламатты өмір салты
Әрбір қазақстандық үшін басты құндылық - өзінің денсаулығы.
Сондықтан да Тәуелсіздіктің барлық жылдарында мен халық денсаулығына бөлекше көңіл бөліп келемін. Бұл тақырып қашанда менің бақылауымда.
Осының арқасында 700-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары тұрғызылды, медициналық жабдық паркі жаңартылды. «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданды, «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Кейінгі 10 жылда бала туу 25 пайызға өсті, тұрғындардың жалпы өлімі 11 пайызға азайды.
Осы уақыт ішінде денсаулық сақтау саласының қаржыландырылуы 10 еседен артық (2002 жылғы 1,9 пайыздан 2011 жылы ІЖӨ-нің 3,1 пайызына дейін) өсті.
Елде жоғары медициналық технологияны дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. 2011 жылы жүрекке 8 мыңнан астам ота жасау жүзеге асырылды. 180-ге жуық телемедициналық орталық жұмыс істеп тұр.
Сонымен бірге тек 2011 жылдың өзінде 2 мыңнан астам азамат медициналық көмектің сапасына, өңірлерде кепілді тегін медициналық көмек көрсету ережелерінің бұзылуына қатысты арыз-шағым жасады.
Емделушілердің жарақат алуына, өмірден өтіп кетуіне соқтыратын дәрігерлік қателік жағдайлары, осы мәселе бойынша сотқа жүгіну кездеседі.
Жергілікті атқару органдарының денсаулық сақтаудың тиімді саясатын жүргізу үшін жауапкершілігін арттыру, дәрігерлік  қателік кездескен жағдайда құқықтық және қаржылық көмекті қамтамасыз ету шараларын ойластыру керек.
Екінші жағынан, адамдардың өздерінің денсаулығы үшін жауапкершілігі деген мәселе де бар. Егер  қазақстандықтар, әсіресе, ер кісілер, уақытында емделсе олардың орташа өмір жасы  ұзарар еді. Алайда, көптеген адамдар өз денсаулығына жүрдім-бардым қарайды, іс жүзінде дені сау болуға құнт жасамайды.
Өзінің жеке басының денсаулығын алдымен адамның өзі ойлауы керек. Егер денсаулықты ойлау әр отбасының шаруасы болса, онда мемлекет жүзеге асырып жатқан қадамдар әлдеқайда тиімді шығар еді.
Жаңғыртудың перспективалы мәселесі - қамсыздандыру медицинасының денсаулық үшін жауапкершілікті үш тарап: адам, жұмыс беруші және мемлекет бөлісетіндей түрін дамыту.
Елде емдеу құралдарының сонша көп санын тіркеп отыру түйткілді мәселеге айналды. Тұрғындардың «емдік» сауаттылығын арттыру жөнінде шаралар кешенін жүзеге асыру керек.

14-ші ТАПСЫРМА


ҚР Үкіметі:
2013 жылдың 1 шілдесіне дейін, егер медицина қызметкері тарапынан салақтықпен немесе жүрдім-бардым қарау болмаса, азаматтың денсаулығына нұқсан келтіргені  үшін дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін міндетті түрде қамсыздандыруды енгізу жөніндегі мәселені талдап-зерттесін;
2012 жылдың аяғына дейін, емдік құрал­дарды пайдалануға қатысты тұрғындардың хабардарлығы деңгейін арттырудың пәр­мен­ді тетіктерін енгізсін. Әрбір қазақстандық саламатты  өмір салтынсыз, тамақты тарта ішпейінше, қимыл-қозғалыссыз және спортсыз ұзақ өмір сүру мүмкін емес екенін білуге тиіс.
Бұл - өмірдің ащы шындығы. Егер біз Қазақстандағы орташа өмір жасы Еуропадағыдай болғанын қаласақ, онда өзіміздің денсаулығымыз туралы ойлануға тиіспіз.
Әрбір елді мекенде, соның ішінде ауылдық жерлерде, сондай-ақ әрбір мекеме мен кәсіпорында белсенді демалысты, дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту үшін бірте-бірте жағдай жасау жөн. Елдің оқу орындарында дене тәрбиесінің оқудан  тыс сабақтары мен секцияларын кеңейту керек.

15-ші ТАПСЫРМА


- ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін оқушылар үшін оқудан тыс спорт секцияларын бюджеттік емес қаржы көздерінен қаржыландырудың тетіктерін енгізуді қамтамасыз етсін;
- Қазақстан Үкіметі Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі агенттікпен бірлесе отырып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі арқылы үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен әріптестіктің жаңа түрлерін талдап-жасасын.
Қазақстандық жанкүйерлер еліміздің Континенттік хоккей лигасына қатысуын ықыласпен қабыл алды.
Астаналық «Барыс» командасының әрбір ойыны жұртшылықтың зор қызығушылығын туғызуда. Балалар хоккейге бүкіл сыныбымен келетін болды.
Бұл практиканы спорттың басқа түрлеріне де орайластырып кеңейту керек.
Қазақстандық командалардың шет елдер чемпионаттарының жоғары лигаларына қатысу мүмкіндігін зерттеу қажет. Мәселен, футболда.
Бірақ, ең бастысы, тағы да қайталаймын -  адамның өзінің өз денсаулығы мен тұрмыс салтына деген жеке көзқарасы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет