Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам



бет3/3
Дата15.06.2016
өлшемі379.97 Kb.
#136599
1   2   3
Бұл жерде ешкімді мәжбүрлеу мүмкін емес. Бұл саналы ойластырылған жеке таңдау болуы тиіс.
Бүгінде сол сияқты Ұлттық лотереяны дамыту жүйесінің жаңа тиімді моделін ұсыну қажет.

16-шы ТАПСЫРМА


1. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі:
- Ұлттық лотереяны дамыту жүйесінің жаңа тиімді моделін ұсынсын;
- қазақстандық командалардың шет елдер чемпионаттарының жоғары лигаларына (спорттың әр түрі бойынша) қатысуын ұлғайту жөнінен ұсыныс енгізсін.
2. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Мәдениет және ақпарат минис­трлігімен бірлесіп мамандандырылған спорт­тық теледидар арнасын құру жөнінде ұсыныс енгізсін.
3. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Білім және ғылым министрлі­гі­мен бірлесіп Алматыда өтетін қысқы Универсиада-2017 қарсаңында студенттік және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту және студенттер мен жасөспірімдер клубын құру жөнінде ұсыныс енгізсін.
d) Халықты әлеуметтік қорғау және бейімдеу жүйесін дамыту.
Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, демек - зейнет жасындағы, бірақ еңбекке қабілетті жастағы адамдар санын арттыру денсаулық сақтауды дамытудың нақты нәтижесі болып табылады.
Бүгінде бірқатар елдер зейнетақымен қамта­масыз етуде зейнеткерлік жастың деңгейін ұлғайту бағытындағы көзқарастарды қайта қарастыруда.
БЭК-ке мүше елдерде зейнетақы жасының бір-бірімен сәйкеспейтіндігіне назар аудару қажет.
Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын азаматтарды әлеуметтендіру тетігін дамыту қажет.
Бұл, бірінші кезекте, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі адамдар, көп балалы отбасылар мүшелері, зейнет жасындағы адамдар және т.с.с.
Сонымен бірге, негізгі көзқарас мемлекет қамқорлығы емес, осы азаматтардың өздеріне, өзде­рінің әлеуметтік пайдалы еңбекке жарам­дылығына деген сенімге ие болуларына көмек­тесетіндей жағдай жасау.
Бұл тұрғыда арнайы заңнама, мәселен, әлеуметтік жұмыс орындары туралы заң қажет.
Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп жүрген көп балалы отбасылар мен әйелдерге қолдау көрсетудің өбектеусіз жүйесін құрудың маңызы зор.
Ал бізде кейбір «қушыкеш» жұмыс берушілер әйелдерді жұмысқа қабылдаған кезде бірден екі өтініш алады - жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату туралы, егер жүкті бола қалса деген оймен. Бұл масқара!

17-ші ТАПСЫРМА


1. ҚР Үкіметі 2012 жылдың 1 қыркүйегіне дейін:
- «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесіп «Әлеуметтік жұмыс орындары туралы» арнайы заңды әзірлеу туралы мәселені қарастырсын;
- екі ай мерзім ішінде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және от­ба­сы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссиямен бірлесіп ата-ана­лардың балаларының балабақшаларда болуын төлеу жөніндегі шығындарының, олардың отбасындағы санына байланысты, бір бөлігіне өтемақы төлеуді, бала күтімі бойынша демалыстан соң қайтадан жұ­мысқа шыққан әйелдерге мемлекет есебінен біліктілігін арттыру және қажетті жаңа мамандық алу мүмкіндіктерін, ҚР Салық кодексіне көп балалы отбасылар үшін та­быс салығы бойынша жеңілдіктер туралы ережелерді және басқаларды заңды тұр­ғы­да реттеу мәселелерін қарастырсын.
2. ҚР Үкіметі ҚР Президенті жа­нын­дағы Жастар саясаты жөніндегі кеңеспен бірлесіп:
- «Мемлекеттік жастар саясаты ту­ралы» ҚР Заңына жас маманның мәр­тебесін құқықтық айқындау, оның ең төменгі әлеуметтік пакеті және басқа да мәселелер бойынша өзгерістер енгізу туралы заңды қарастырсын;
- 2012 жылдың соңына дейін жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға және индустрияландыру бағдарламасына қатысуға ынталандыру мен тартудың нақты шараларын әзірлесін.
Басты бағыт - жас қазақстандықтарды дербес өмірге, бастамашыл еңбекке бейімдеудің тиімді жүйесін құру.
Мен жас ұрпақтың ел болашағы үшін маңызын әрқашанда атап көрсетіп келдім және атап көрсете беремін. Мемлекет әрбір жас адамның өз еліне міндетті түрде қажет болуы үшін бәрін де жасайды.
Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңды жаңарту қажет. Жас мамандарды еңбекке орналас­тырудың кепілдіктері мен әлеуметтік пакет тура­лы, жастар тәжірибесін ұйымдастырудың тәртібі туралы құқықтық нормалар қажет.
Біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. Қазақстаннан тыс жерде жұмақ жоқ. Еш жерде, әлемнің ешбір елінде бәріне бірден ие болу мүмкін емес.
Туған Қазақстанда еңбек етіп, өз әлеуеттерін жүзеге асырулары қажет.
Ол үшін мемлекет барлық жағдайлар жасауда және одан әрі де жасай беретін болады.
Қазақстандық жастардың кең көлемін техникалық және кәсіптік білім алуға және индустрияландыру бағдарламасына қатысуға ынталандыру мен тартудың шараларын әзірлеу маңызды.
4. Әлеуметтік жаңғыртудың ақпараттық-мәдени құрамдасы
Қазақстанда әлеуметтік жаңғырту жаһандық ақпараттық дәуірде жүзеге асуда. Бұл факторды міндетті түрде ескеру қажет.
Жаңғырту үдерісі, біріншіден, бүкіл қа­зақ­стандық социумды ақпараттық қоғам жағдайына бастауы тиіс, ол әлемдік дамудың трендіне толық сәйкес келеді. Және екіншіден, Қазақстанда экономиканың, әлеуметтік жүйе мен саясаттың бұлжымас дамуының маңызды факторы бола алатындай ақпараттық-мәдени орта құру қажет.
Қазақстанда ақпараттық технологиялар ре­кордтық қарқынмен дамуда. Ақпараттық кеңістікті - коммуникациялық желілер мен БАҚ-тарды цифрландыру жоғары қарқынмен жүруде.
Интернетті пайдаланушылар саны тек 2011 жылы ғана Қазақстанда 2 еседен астамға өсіп, 8,7 миллион адамға жетті, яғни ел халқының жартысынан асып түсті. Іс жүзінде Қазақстан қоғамды жаппай компьютерлендіруге жақындап келді.
Бүгінде ақпараттық фактордың барлық өскелең рөлін ескере отырып, мен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанаттағы баяндамамда айтқанымдай, «Ақпараттық Қазақстан-2030» Мемлекеттік бағдарламасын әзірлейтін уақыт келді.
Бірінші. Осынау стратегиялық құжатта «электронды үкіметті» іс жүзінде жүзеге асыру міндетін алға қоюдың маңызы зор.
Электронды үкімет туралы арнайы заң қабылдап, мемлекеттік электронды қызмет көрсету үлгілерін әзірлеу қажет.
Жергілікті деңгейде ақпараттық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін ұлғайту керек.
«Электронды әкімдіктің» облыс, қала, аудан үлгісіндегі үш деңгейлі бірүлгілік сызбасын әзірлеу қажет.
Сол сияқты азаматтардың барлық деңгейдегі әкімдердің, жергілікті шенеуніктер мен жергілікті өзін өзі басқару органдарының жұмыс тиімділігіне электронды баға беру жүйесін құру мүмкін­діктерін де зерттеу керек.
Жергілікті билік қоғамның қалтқысыз назарында болуы тиіс.
Екінші. Интеллектуалдық ақпаратқа қол­же­тім­діліктің инновациялық түрлерін дамыту қажет, Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын түбегейлі ұлғайту керек.
Іс жүзінде ол - ұлттың электронды миы. Сондықтан әлеуметтік маңызды басылымдар бағдарламасы бойынша шыққан барлық кітаптарды ҚазҰЭК-ке қосу қажет. Сонымен қатар, оған жеке адамдар шығарған кітаптарды ор­на­лас­­тыруды ынталандыру тетіктерін де ойластыру керек.
Үшінші. Отандық БАҚ-тарды жаңғырту бағ­дарламаның маңызды бағыты болуы тиіс. БАҚ саласы журналистік этиканың Ұлттық кодексінің нақты үлгілері, сол сияқты тұтынушыны бұрма­лан­ған және шынайы емес ақпараттан қорғайтын заңды нормалар негізінде жұмыс істеуі керек.
Төртінші. Ең бір қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып Қазақстан туралы жаһандық ақпаратты ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет. Атап айтқанда, Қазақстаннан Шығыс Азия мен мұсылман әлемі елдеріне географиялық ақпараттар ағынын ұлғайта түсу керек.
БЭК бойынша әріптестерімізбен және бүтіндей алғанда еуразиялық кеңістіктің ақпарат кеңіс­тігіндегі тыңғылықты жұмыстар біздің айрықша міндетіміз болуы тиіс.
Біз үшін Қазақстанды БЭК пен ТМД-ға тартымды үлгі ете отырып, елдегі жаңғырту үде­рісінің бүкіл ырғағын әріптес елдер тұрғын­дарына жеткізу аса маңызды.

18-ші ТАПСЫРМА


1. ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін:
- «Ақпараттық Қазақстан-2030» Мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеп, енгізсін;
- «Мемлекеттік қызметтерді электронды пішінде көрсету туралы» заң жобасын әзірлесін;
- мемлекеттік қызметтер ұсыну үлгілерін және олардың орындалуына бақылау жасау жүйесін құруға кіріссін;
- облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп «электронды әкімдіктің» облыс, қала, аудан үлгісіндегі үш деңгейлі бірүлгілік сызбасын құру жөнінен ұсыныстар енгізсін.
2. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі:
- 2012-2013 жылдары Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын ұлғайтуды қамтамасыз етсін;
- журналистердің қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп Журналистік этика кодексінің жобасын әзірлесін;
- отандық БАҚ-тарды жаңғырту жоспарын әзірлесін.
Мәдениет саласындағы жұмыс жаңа сапаға ие болуы тиіс. Өйткені, мәдениет қазіргі заманғы адамды қалыптастыруға және дамытуға ықпал ететін әлеуметтік жаңғыртудың елеулі жиынтығы болып табылады.
Қарама-қайшылықты ахуал орын алатын жағдайлар бар.
Елде 40 республикалық және 8 мың облыстық мәдениет мекемелері жұмыс істейді. Қыруар қаржы бөлінеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде республикада 18 жаңа театр ашылды.
Соңғы 10 жылда кітапханалар саны - 579-ға, мұражайлар - 58-ге және мәдениет үйлері 1,5 мыңға артты.
Сонымен бірге, мәдениет мекемелеріне бару деңгейі осы саланың даму динамикасынан кейін қалуда.
Мен еңбек адамына, өз ісінің білгіріне ар­налған әлеуметтік бағыттағы отандық мәдени өнімдер (кино, кітаптар, театр қойылымдары, телебағдарламалар) үлесінің жеткіліксіз екендігіне шығармашылық интеллигенцияның назарын айрықша аударғым келеді. Өскелең ұрпақ пен жас буын кәсібилік пен білікті еңбек өнімділігінің тартымды үлгілерін іс жүзінде көре алмайды. Мәдениет, ақыр соңында, қа­зіргі заманғы еңбек адамына қарай бетбұрыс жасауы тиіс!
Өңірлер арасында олардың экономикалық және мәдени жетістіктері туралы ақпараттар алмасу жеткіліксіз дәрежеде қалуда.
ХХІ ғасырда әлеуметтік қамтылу әншейін жұмысқа орналастырудан гөрі әлдеқайда кең ауқымды ұғымға ие. Әлеуметтік қамтылу - сол сияқты жергілікті билік органдарының күш-жігерін қоғаммен үйлестіре отырып ұйымдас­ты­ратын бұқаралық іс-шаралары.
Еуропа, Америка, Азия сияқты дамыған елдер агломерациялары мен мегаполистерінің мәдени өмірлерін модельдеудің шетелдік бай тәжірибелері бар, олар - көпшілік алдындағы велосипедті шерулер, бұқаралық шахмат турнирлері, қалалық марафондар, ұлттық спорт түрлерінен байқаулар, ауылшаруашылық мейрамдары, жастар театрларының карнавалдары, балалар турнирлері және басқалар, жалпы алғанда, құмар ойындарға жатпайтын іс-шаралар.
Сондықтан мен сөзімді барлық әкімдерге арнаймын: қоғамдық, әлеуметтік өмір әрбір жекелеген ауылда, қалада, аудан орталығында, облыста тұрақтылық ахуалын нығайтатындай тұрғыда ойластырылған бұқаралық оң сипатты іс-шаралар арқылы дамытылуы тиіс.
Қалалықтардың, шағын елді мекендер тұрғындарының өз-өздерін ұйымдастыруының халықаралық тәжірибесін, әсіресе, ерте жастан бас­тап, Қазақстанда оң сипатты әлеуметтік іс-шаралар жүйесін құру үшін пайдалану қажет, ол қоғамда оң ахуал қалыптастыруға жағдай жасайтын болады.
Қазіргі заманғы тиімді бұқаралық мәдени-ойын-сауық іс-шараларының негізі оларды ұйымдастыруға азаматтардың, ҮЕҰ-лардың өздерінің тікелей қатысулары болмақ. Бұ­қаралық іс-шаралар өткізу туралы арнайы заң қабылдау, оларды ұйымдастыру мен өткізу жөнінен жергілікті әкімдіктер үшін бірүлгілік ережелер қабылдау туралы мәселені қарастыру қажет.
Қазақстанда мемлекеттік және ұлттық мерекелер өткізу туралы тұжырымдаманың 2001 жылдың өзінде-ақ қабылданғанын еске салып өтпекпін.
Содан бері жаңа мемлекеттік мерекелер - Астана күні, Тұңғыш Президент күні, Отан қорғаушылар күні пайда болды. Наурыз, Конституция күнін тойлау пішіні өзгерді.
Жаңа кәсіптік және басқа да мерекелер пайда болды, мәселен, мен Ана күні туралы бастама көтердім.

19-шы ТАПСЫРМА


1. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі:
- 2012 жылдың 1 қыркүйегіне дейін еңбекке, адал кәсіби табысқа, Отанға қызмет етуге, жоғары патриоттық ниеттерге оң көзқарастар қалыптастыратын отандық әлеуметтік мәдени өнімдерді жаңғыртудың салалық бесжылдық жоспарын әзірлеп, қабылдасын.
2. ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін:
- «Бұқаралық іс-шаралар өткізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізсін;
- ҚР мемлекеттік ұлттық, кәсіптік және басқа да мерекелерді тойлау тұжы­рым­дамасын жаңартсын, бұқаралық іс-шаралар өткізудің бірүлгілік ережесін әзірлеп, бекітсін;
- Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерімен бірлесіп облыстар арасындағы ақпараттар және мәдени жетістіктер алмасуды күшейтсін, өзара «облыс аптасы» тұрақты өткізілсін, әлеуметтік бұқаралық іс-шаралар өткізу моделін әзірлесін.
5. Әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесі
Әлеуметтік үдерістерді басқарудың тиімді мемлекеттік жүйесі әлеуметтік жаңғыртудың маңызды бөлігі болып табылады. Және бұл жүйе өзі үшін емес, халық үшін жұмыс істеуі тиіс.
Қазіргі сәтте әлеуметтік саладағы жұмыстарды үйлестіретін және бағыттайтын мемлекеттік органдардың бүкіл құрылымы әлі күнге бұрынғы модельдің сарқыншақтарынан арыла алмай келеді.
«Әлеуметтік ведомстволардың» жұмыстарын орталық атқарушы билік деңгейінде үйлестіру айтарлықтай дәрежеде нашар. Министрліктер мен ведомстволар олардың жекелеген салалары шеңберінде жаңғырту үдерісінің қалай дамитындығын айқын түсіне бермейді.
Бүгінде әлеуметтік үдерістерді басқару жүйесін сәйкес жағдайға келтіру қажет.
Біріншіден, әлеуметтік жаңғырту жөніндегі барлық жұмыстар бірегей жоспарлы негізде құрылуы тиіс.
Екіншіден, азаматтық қызметті заңдық реттеудің маңызы үлкен болатынға ұқсайды.
Бұл 1,5 миллионнан астам қазақстандыққа, соның ішінде 370 мың педагог пен 184 дәрігерге және басқа да медицина қызметкерлеріне қатысты. Олар - жаңғыртудың басты күші. Олардың құқықтары мен міндеттері заңдық негізде реттелуі тиіс. Осынау сапалық өзгерістерсіз білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерінде табысқа жету өте қиынға түспек.
Үшіншіден, әлеуметтік үдерістерді тыңғы­лықты түрде зерттеу қажет.
Әлеуметтік мәселелер жөніндегі шешімдер мұқият есептеліп, ғылыми негізделіп, алдын ала, яғни олар әлеуметтік проблемалар мен дау-жанжалдарға ұласпай тұрғанда қабылдануы тиіс. Сондықтан мемлекеттік ғылыми-сараптамалық құрылымдардың жұмысын сәйкес жағдайға келтіріп, мемлекеттік емес сараптамалық секторды дамытуға ықпал жасау қажет.
Төртіншіден, әлеуметтік үдерістерге бас­шылық жасаудың «кабинеттік стилінен» бас тартқан жөн.
Отандық мемлекеттік шенеуніктер әлеуметтік үдерістерді басқарудың барлық деңгейдегі басшыларымен тұрақты семинарлар өткізуі тиіс.
Бесіншіден, әлеуметтік жаңғырту мәселелерін шешу міндеті жүктелген басқару буындарын үй­лес­тірудің нақты вертикалін қалыптастыру орынды.
Алтыншыдан, басқару жүйесі үкіметтік емес сектормен әріптестік қағидаты негізінде жұмыс істеуі керек. Мемлекет үшін үнқатысудың сан түрлі алаңқайларын құру мен оларға қолдау жасаудың, бұқаралық іс-шараларды бірлесіп өткізудің маңызы зор.
Бұл басқарудың әрбір деңгейіне де тән болуы тиіс.

20-шы ТАПСЫРМА


ҚР Үкіметі:
- 2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқару жүйесінің, жоспарлау, үйлестіру, сараптамалық жолбас­шы­лық, үкіметтік емес сектормен әріптестік және басқа да мәселелерді қоса алғанда, тиім­ділігін арттыру жөнінен кешенді ұсыныстар әзірлеп, енгізсін;
- 2012 жылдың соңына дейін азаматтық қызметті заңдық реттеу мәселесін зерттесін;
- 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін Әлеуметтік жаңғыртудың 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған жалпыұлттық жоспарының жобасын әзірлесін.
*  *  *
Бүгін мен өз сөзімді барлық қазақстандықтарға арнаймын.
Біз әлемдік дағдарыстың қиыншылықтары арқылы ХХІ ғасырға жаңа -
ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫ трендінің қалай біртіндеп еніп келе жатқанын айқын көріп отырмыз. Либералдық бағыттағы да, сол сияқты социалистік бағыттағы да қиялшыл идеялар өткен ғасырдың еншісінде қалуда.
Әлеуметтік реализм іс жүзіндегі векторға айналуда.
Сондықтан біздің әлеуметтік саясат бәсекеге қабілетті және күшті
ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫН құруға бағытталуы тиіс.
Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек ЕҢБЕК қана барлық қазақстандықтардың ӘЛ-АУҚАТҚА  және жаңа ӨМІР САПАСЫНА қол жеткізуін қамтамасыз ете алады.
Мен қазақстандықтардың әлеуметтік жаңғырту саясатына қолдау көрсететініне, оның сыртында оны жүзеге асыруға барынша тікелей және мүдделі түрде атсалысатынына мейлінше сенімдімін.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет