Қазақстанның жаңа заман тарихы пәні бойынша оқУ Әдістемелік кешені



бет8/12
Дата14.06.2016
өлшемі1.29 Mb.
#136165
түріСеминар
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

1797 ж. халықтың ауыр жағдайына және сол жылы 8 тамызда ханды қ кеңестің құрылуына байланысты Сырым күресті тоқтатады. Сөйтіп, Кіші жүз қазақтарының арасындағы аздаған үзілістермен 14 жылға созылған азаттық қозғалысы аяқталды.

Ал сұлтандардың бір бөлігі өз беттерімен Қаратай Нұралиевті хан етіп көтерсе, Игельстром қаратайды емес, Айшуақты хан (1797-1805) етіп сайлайды. Сонымен Кіші жүз тағы да екі топтың арасындағы күрес аренасына айналды. Қаратай бастаған сұлтандардың қудалауымен Сырым 1797 ж. Хиуа хандығына өтіп кетеді. Одан кейінгі өмірі туралы дерек аз. 1802 ж. жат жұртта белгісіз себептерден дүние салады.

Көтерілістің басты қозғаушы күші қарапайым көшпелі малшылар болғанымен, бұл бүкілхалықтық қозғалысқа Нұралы хан ұрпақтары мен оның жақтастарының саясатына наразы сұлтандар (Айшуақ сұлтанның балалары), билер, рубасылары мен батырлар қатысты. Сонымен, отаршылдыққа қарсы күрес аясына саяси бағыттары бір-біріне қарама-қайшы әр түрлі әлеуметтік топтар тартылды. Алайда С. Датұлы олардың барлығының мүддесін бір арнаға - отаршылдық жүйеге қарсы тоғыстыра білді.

Бірақ С. Датұлының көтерілістің әр кезеңінде өзінің мақсатын өзгертіп, Орынбор губернаторымен уақытша келісімге келуі, заңды билеуші ханды тақтан тайдыруы, Есімнің өлтірілуі, өз бетімен күресті тоқтатуы, осының барлығы қозғалыстың шешуші кезеңіндегі оның қарама-қайшылыққа толы бағытын аңғартады. Сонымен қатар, көтерілістің жеңілуіне бірқатар жағдайлар әсер етті: қазақ қоғамындағы әр түрлі топтардың әсіресе ру арасындағы ала ауыздық, тіпті Сырымның өз руы байбақты да екіге жарылып, біреуі - Сырым бастаған халық төңірегіне, екіншілері­Әбілқайыр хан ұрпағы Ералы, Есім төңірегіне жиналды; Сырымның өз қол астында ғы көтеріліс күштерінің, жеке топтардың нашар ұйымдасуы, Сырымның екі жақты соғыс жүргізуі; патша әкімшілігінің хан кеңесінен қашпай, оны тиімді пайдалануы. Көтерілістің тарихи маңызы зор. Көтерілістің басты талабы - жер мәселесі ішінара шешілді. қазақтар Жайық пен Еділ арасындағы жайылымдарды пайдалануға мүмкіндік алды. Жер тапшылығын уақытша бәсеңдетті. Дәстүрлі билік жүйесі хандық кеңестің қайта орнауына қол жеткізіп, осы арқылы мемлекеттіліктің соңғы нышандарын сақтап қалды. Тұтастай алғанда кейбір ішкі қайшылықтарына қарамастан көтеріліс ұлттық сананың өсуіне септігін тигізді.
Дәріс тақырыбы: ХVIIІ-ғ. соңы - ХІХ-ғ. басындағы ұлт-азаттық қозғалыстар Дәрістің негізгі сұрақтары:

1.18-ғ.соңы-19ғ.басындағы Кіші жүздегі саяси толқулар. Арынғазы Әбілғазыұлы және Қаратай Нұралыұлы, Шерғазы және Жантөре Айшуақұлдары арасындағы саяси билік үшін тартыс.

2. Оңтүстік Қазақстан, Жетісу жеріндегі 1816-1821ж.ж. халық-азаттық қозғалысы

3. Орта жүздегі патшалық реформаға қарсылық. Саржан Қасымұлының қозғалысы (1825-1836).

3.Кіші жүздегі Жоламан Тіленшіұлы бастаған азаттық көтеріліс

Дәрістің мақсаты: Патша үкіметінің мақсатты отарлық шаралары Кіші жүзде саяси тартысты күшейткенін көрсету және осы кездегі қазақ далысының әр аймағында жүрген сұлтандардың наразылық-толқуларына жаңаша баға беру

Арынғазы Әбілғазыұлы Хиуа мен Қоқан хандықтарына қарсы күресі. (Картаны қараңдар.) ХІХ ғ. басынан басталған Азия құрлығы үшін Англиямен бақталастық, Ресей үшін қазақстанның Шығыс елдеріне апаратын "қақпа және кілт" факторының күшеюі дамып келе жатқан Ресей капитализміне жаңа шикізат көздерінің қажеттігінен туындады.

Міне, осылардың бәрі ХІХ ғасырдың ортасында үлкен маңызға ие болып, Ресейдің Орта Азияны жаулап алу саясатында Қазақстанның оңтүстік өңірінің стратегиялық маңызын арттыра түсті. Сыр бойында алғашқы орыс бекінісі - Арал (Райым) Арал теңізінен 60 шақырым жерде орналасты.

Орыс бекіністерінің салына бастауы хиуалықтардың табанды қарсылығына кезікті. Хиуалықтар орыс билігіне мойынсұнған қазақтарды жазалау үшін сусыз қалдыруды көздеді. қожанияз бекінісінің тұсынан Қуаңдарияның суын төмен жібермей бөгеп, Арал теңізіне дейінгі жерлерді сусыз қалдырды. Судан тапшылық көрген қаз ақтар- Төртқара, Кішкене Шекті, Тілеу рулары Райым бекінісінің маңайына көшіп келеді, хиуалықтарға зекет төлеуден бас тартады. Жалпы бұған дейін Сырдың төменгі ағысы, Арал өңірінде бұрынғы Хиуа ханы қайыптың немересі Арынғазы Әбілғазыұлы билік жүргізді. Ол 1815-1821 жылға дейін қазақтардың саяси тәуелсіздігіне қауіп төндірген Хиуа ханы Мұхаммед Рахыммен үздіксіз қарсыласты. Хиуа басқыншылығына қарсы күрес Арынғазының беделін өсірді. Оның билігін Орта жүздің батыс бөлігіндегі қазақтар да мойындады. Көптеген қазақтар Арынғазы шетел басқыншылары мен өз билеушілерінің озбырлығынан құтқарады деп үміттенді. Жайықтан Сырға дейінгі далада билігі жүруге тиісті Шерғазы Айшуақұлының орнына халық Арынғазыны бекітуді сұрайды. Арынғазының қол астына қарулы жасақтар топтаса бастайды.

Арынғазының күшеюінен сескенген патша үкіметі Арынғазыдан құтылу үшін сылтауратып 1821 ж. оны Петербургке шақырады. Ол жолда ұсталып, Калугаға жер аударылды. Өз халқынан осылайша қол үзген Арынғазы 1833 ж. сол жақта қайтыс болды. Сыр бойын иеленуге ұмтылған патшалық Ресей өз жолындағы кедергіден осындай жолмен құтылды.

Арынғазының тұтқындалуы Сыр өңірі қазақтары үшін орны толмас ауыртпалықтарға әкелді. Бұл аймақта Хиуа бектерінің үстемдігі орнады. Жайық пен Елек өзені аралығындағы жерлерден айырылуға байланысты Жоламан Тіленшіұлы көтерілісінің басталуына да Арынғазының тұтқындалуы себепші болды.

Қазақтардың 1773-1775 жж. Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуы, батыр Сырым Датұлының көтерілісі Қазақстандағы хандық билік жүйесінің әлсірей бастағанын көрсетті. Халық арасында ықпалы кеміген хан патша үкіметінің билеп­төстеу саясатын ойдағыдай іске асыра алмады. Бұл жағдай билеу жүйесінің жаңа тәртібін қажет етті. Патша үкіметі 1822 ж. Орта жүзде Сібір қазақтары туралы жарғы енгізу арқылы хандық билікті жойды.

Бұл бірінші патшалық реформа дәстүрлі билік құрылымдарын бұза отырып, қазақ қоғамындағы бұрынғы қайшылықтарды одан әрі тереңдете түсті. Екіншіден, Ресейдің әскери-әкімшілік отарлауына кең түрде жол ашып берді.

Орта жүзде хандық мемлекеттіліктің жойылуы және Қарқаралы (1824 ж.) және Көкшетау (1824 ж.) округтерінің құрылуы және Т.б. әскери-әкімшілік шараларға қарсы күресті Абылай ұрпақтары бастады. Оның басында тұрған қасым сұлтан Абылайұлы және оның балалары Саржан, Есенгелді, Кенесарылар жиырма жылдан астам уақыт бойы патшалық режімге қарсы күресумен болды. Абылай ұрпақтары ның қолдауына сүйене отырып, үкіметке қарсы наразылықты бірінші болып, Көкшетау округінің аға сұлтаны Ғұбайдолла Уәлиұлы ұйымдастырды. Алайда патша үкіметі Ғұбайдолланы тез қолға түсіріп, Сібірге жер аударды. Дегенмен Шыңғыс ұрпақтары бастаған қарсылық қозғалыстар одан әрі өрби түсті. Осы кезеңде Саржан қасымұлы басқарған қарқаралы округінде де 1825 ж. көктемінен бастап үкіметке қарсы толқулар басталды. Бұл толқулардың мақсаты - Абылай ұрпақтары сұлтандар билік жүргізетін қазақ хандығын қайта орнату, округтік приказдардың көзін құрту еді. Саржан өзінің інісі Есенгелдімен ауылдарды аралап, өкіметке қарсы күресуге үндеу тастады. Өсу үстіндегі халық наразылығын басуға Батыс Сібір генерал-губернаторы П.М. Капцевич жазалау жасағын жасақтады. Карбышев бастаған 200 казак жасағы қарқаралы округінің қарпық болысына жіберілді. 1825-1826 жылдар жазалаушы күштер мен көтерілісшілер арасында қақтығыстармен өтті. Саржанның қол астына Көкшетау округінен Шыңғысұлы Сартай сұлтан бастаған топтар келіп қосылды. Саржанның қол астында сұлтан Абылай Ғаббасұлы, жас сұлтан Кенесары қасымұлы да өз сарбаздарымен іс­қимылдар жүргізді. Патша әкімшілігі болса өз тарапынан "бүлікшіл" сұлтандардың іс-әрекетін бақылай отырып, мүмкін болған жағдайда қолға түсіріп, әскери соттың құзырына беру керек деп шешті.

Дегенмен үкімет көтерілісшілерді жазалау үшін олардың ізіне түсетін ірі казак жасақтарын қырға шығаруды кейінге қалдырды. 1827-1830 жылдары көтеріліс Ұлытау өңіріне тарады да, жаңа құрылған округ аумағын наразы топтар тастап шыққан болатын. Ал патша үкіметі қазақ даласында округтер ашуды жалғастыра берді. 1826 ж. Баянауыл, 1832 ж. Ақмола, 1831 ж. Аягөз (Сергиополь) округтерін негіздеу арқылы Орта Азия иеліктеріне жақындай түсті.

Ресей отаршылдығына қарсы күресте қазақ қоғамы тағы да бір-біріне қарсы топқа бөлінді. қарқаралы округінің аға сұлтаны Тұрсын Шыңғысұлы Саржанның әрбір қимылын Омбы әкімшілігіне хабарлап, қарсы көмек жіберуді өтінумен болды. Ал Саржан бастаған көтерілісшілер өз кезегінде отаршыл әкімшілікті қолдаған сұлтандармен күресе жүріп, орыс керуендеріне алым-салық төлетіп, разъезд бен пикеттерге шабуыл жасады. Бұған қосымша Саржан сұлтан және оның жақтастары қоқан хандығымен байланыс орнатады. Солтүстіктен келе жатқан қауіпке бірігіп күресуге бел шешіп кіріседі. Алайда қырға шыққан патшалық жасақтардың қимылы да қарқынды бола түсті. Патша әскерлерінің қысымымен Саржан Орта жүзді тастап шығып, Ұлы жүз иеліктеріне келеді, осы жақтағы шашыраңқы қазақ күштерін өз жағына тартуды көздейді. Саржанның бұл әрекеті қоқан билеушісін алаңдатпай қоймады. 1836 ж. жазда Ташкентте Саржан сұлтан және оның інілері Ержан, Есенгелділер опасыздықпен өлтірілді. Саржан көтерілісінің саяси мазмұны бұған дейінгі көтерілістерге қарағанда тереңірек болды. Ол Абылай ұрпағы ретінде қазақ хандығын қайта қалпына келтіруді мақсат етті.

С. Қасымұлы өлімінен кейін де патша отаршылдығына қарсы күрес бір сәт те толастамады. Саржаннан кейінгі он жылға созылған күресті Саржанның кіші інісі Кенесары одан әрі жалғастырып әкетті. Саржан бастаған Орта жүздегі көтеріліс алдағы келе жатқан үлкен көтеріліс от жалынының тек ұшқыны іспеттес еді.

20-30-жылдары патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы Кіші жүздегі наразылықты Жоламан Тіленшіұлы басқарды. Жер үшін, айырылған жайылымдар үшін күрес оның негізгі мазмұнына айналды. ХІХ ғ. 20-30-жылдары Жаңа Елек әскери шебінің құрылуы барысында 7-10 мың шаршы шақырымға дейінгі жер қазақтардан тартып алынды. Бұл жаңа шекара шебі Орынбор әскери-шекара шебінің бір бөлігі ретінде құрылды. Жаңа Елек шебі 29 форпост, редут, бекіністерден тұрды. Үкімет бұл жерлерге Орал, Орынбор орыс-казактарын, шаруаларды көшіріп әкеліп қоныстандырды. 1935 ж. тағы бір жаңа шептің салынуымен 12 мың шаңырақ қыпшақ және Жағалбайлы рулары жер сіз қалды. Табын руының жайылымдары Елек өзені ауданында орналасқан болатын. 1822 жылдан патша үкіметі қазақтарды Елек пен Орал арасындағы шұрайлы жайылымдарға өткізбеді.

Жоламанның әкесі Тіленші кезінде Сырымның жақтасы ретінде көтеріліске белсене қатысқан болатын. Ал Жоламанмен бірге көтеріліске Сырым Датұлының баласы Жүсіп те қатысты. Демек көтерілістер арасындағы ұрпақтар сабақтастығы сақталды. Жоламан да, Жүсіп те батырлардың, азаттық күресі көсемдерінің ұрпақтары ретінде олар бастаған күресті одан әрі жалғап әкетті.

Сонымен қатар, Жоламан Тіленшіұлымен бірге Табын руының батырлары Дәуіт Асауұлы, Алдаш Байғаниндер болды. Ал 1838 жылдың соңына қарай оған Шекті руының батыры Есет Көтібарұлы келіп қосылғандығы мұрағат деректерінен белгілі болып отыр. Жоламан батыр тархан атағы бар Табын руының басшысы бола жүріп, патша үкіметінің алдында қазақтардың құқын қорғауға кіріседі. Басында Орынбор губернаторы Эссенге 1822-1823 жылдары бірнеше рет хат жазып, әділеттілік орнатуын талап етеді. қазақтардың өмірлік қажеттілігі- жерін бейбіт түрде қайтарып ала алмайтындығына көзі жеткен соң қарулы күрес жолына түседі. Ол өзінің Ресеймен соғыс жүргізуінің себебін Елек өзені бойындағы шептің салынуынан деп түсіндіреді.

Орск-Троицк бекіністерінен Торғай өзеніне қарай ығысқан қазақ шаруалары жер тапшылығынан мейлінше қиыншылық көрді. 1835 жылға қарай Жоламан батырды қолдаушылар қатары өсіп, оны Табын, Тама, Жағалбайлы, Жаппас, Алшын, Арғын, қыпшақ рулары қолдай бастады. Орта жүзде Кенесары қасымұлы көтерілісі басталған кезде Жоламан оған көмекке ұмтылды. Сөйтіп, Кіші жүз бен Орта жүз күштерін біріктірушіге айналды. Ол қырға ішкерілеп еніп, Кенесары көтерілісіне қосылуға үндеді. Ал 1838 ж. Бөкей ордасындағы көтеріліс басшысы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы Кіші жүзге келген кезде көтеріліс одан әрі өрши түсті.

1838 ж. ортасына таман шекара шебінен Орск мен Троицкіге дейінгі аралықты көтеріліс оты шарпыды. Көтерілісшілер жаппай Торғай мен Ырғыз аудандарына көшіп кете бастады. Ол өз қол астына Ресей өктемдігіне қарсы 3 мыңға жуық сарбаздарды топтастыра алды. Жоламан батыр жасақтарын жоюға патшалық әкімшілік үш бағытта жасақтар шығарғанымен, батырды қолға түсіре алмады. Орта жүздегі Кенесары көтерілісінің Орынбор өлкесіне ауысуына байланысты жазалаушы күштер кейін қайтуға мәжбүр болды.

Кіші жүздегі Жоламан Тіленшіұлы батыр бастаған және Орта жүзде Ғұбайдолла хан, Қасым сұлтан мен оның балалары Саржан, Есенгелді,т.б. бастаған көтерілістер халық жадында ұзақ сақталған және тәуелсіздік жолындағы күрестер тарихынан өзіндік орын алар азаттық күресі.
Дәріс тақырыбы: Исатай Тайманұлы және Махамбет Өтемісұлы бастаған Ішкі (Бөкей) Ордадағы ұлт-азаттық көтеріліс

Дәрістің мақсаты: Бөкей хандығындағы отарлық және әлеуметтік-экономикалық саясатқа халық наразылығының туу себептерін ашу; Исатай мен Махамбет батырлар әлеуметтік теңдік мәселесін тұңғыш көтерушілер екенін көрсету.

Дәрістің негізгі сұрақтары:

1.Ішкі Орданың (Бөкей хандығы) құрылуы және Жәңгір хан реформалары.

2.Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтерілістің шығу себептері, негізгі кезеңдері, сипаты.

3.Тастөбе және Ақбұлақ түбіндегі ірі шайқастар нәтижелері

4.Көтерілісті рухтандырушы ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының

ролі


5.Көтерілістің жеңілу себептері мен қорытынды-салдары
Көтерілістің ошағы болған Ішкі Орда немесе Бөкей хандығының саяси­экономикалық жағдайының, географиялық және тарихи жағдайларға байланысты өзгешелігі бар еді.

Еділ мен Жайық арасын, Каспий теңізінің солтүстігінен Ырғыз өзеніне дейінгі жазықтықты ХVІІІ ғ. бірнеше жыл Еділ қалмақтары мекендеді. Олардан бұрын да, олармен қатарлас та бұл далада қазақ рулары көшіп-қонып жүрді. Бертін келе патша өкіметі, Орал казак әскері басшылары қазақ ауылдарына Жайықтан өтуге әлденеше рет тыйым салып көрді. Ол үшін әскер күшін де қолданды. Бірақ оған қарамай жеке рулар, ауылдар көшіп келіп, қоныстанып жүрді. 1771 ж. Еділдің бойын мекендеген қалмақтар Жоңғарияға қарай көшіп, Еділ мен Жайық арасындағы дала босады.

Зерттеушілер Сырым қозғалысы мен қазақ билеушілерінің өзара қырқысулары өкімет тыйым салса да Оралдың арғы бетіне қазақ шаруаларының көптеп келуіне себеп болғанын атап көрсетеді.

Орал казак әскері қазақтарға маза бермеген соң, қоныстануға жоғарыдан ресми құжат қажет болды. 1801 ж. 11 наурызда патша Еділ мен Жайық арасын Бөкей сұлтанға қарауындағы елімен түгелдей жайлауға ресми рұқсат берді. Бұл хандықтың құрылуын патша шенеуніктері мен зерттеушілері ұлы ағзамның "қайырымдылығы" мен Бөкей сұлтан атына байланыстырып келеді. Шын мәнінде рұқсат беруге төмендегідей жайттар себеп болған сияқты. қазақтарды Жайықтан өткізбеуге тосқауыл қоя алмайтындығына өкіметтің көзі жетті. қалмақтардың көшіп кетуіне байланысты орнында қалған аз қалмақ-ноғайдың Жайық бойындағы орыс­казактармен бірігіп қонысты қорғауға күші жетпеді. Ал шеп бойына қазақтардың көптеп жиналуынан казактармен қақтығыстар жиілей түсті. Патша үкіметі Кіші жүзді бөлшектеп, "бөліп ал да билей бер" саясатын жүргізуді ойластырды.

Орда басында Сыртқы істер министрлігіне, кейіннен Мемлекеттік мүлік министрлігіне қарады. Патша жарлығында Бөкей қарамағындағы Еділ-Жайық арасындағы даланың солтүстікте қараөзен, Сарыөзендерден, оңтүстікте Каспий жағалауына дейін жайлауы көрсетілді. Бөкей билейтін қазақ рулары өз алдына хандық құрып "Кіші қайсақ ордасы" болып аталды. Жер көлемі 6 млн десятинаны құрады.

Әуелгі жылдары мал саны аз ауылдар Нарын құмында қараөзен, Сарыөзен бойында еркін көшіп жүрді. Бірте-бірте көшіп келушілер саны көбейіп, 1812 ж. 7500 үйге, 1814 ж. 8,5 мың үйге, 1828 ж. 10,3 мың үйге жетті. Сонымен жаңа хандық Ресей империясының қарамағына еніп, казак әскерінің қоршауында болды. Шығыстан - Орал әскері, солтүстіктен "Ішкі Орал", батысы - Астрахань казак әскерлерінің бақылауында болды. Қазақ шаруалары екі бірдей езгіге: феодалдық және отарлық қанауға түсті.

Көтерілістің алғышарттарының қалыптасуы. Бөкейдің заманында-ақ Бөкей ордасындағы елдің қонысы тарыла бастады. Жерге құныққан Орал әскербасылары 1813 ж. Бөкей ордасының солтүстігін түгел иемденіп, әскер линияларын көшіріп, қос өзен аралығындағы шұрайлы жайылымды қамыс-Самар көлдерімен қоса тартып алды. Тартып алған жерлерге бекет, форпостылар салып (Таловский, Абинский, Вербовский, т.б.), казак-орыстарды көшіріп әкелді. Жақсы қыстауларынан айырылған қазақтар күйзеліске ұшырап, елдің бірқатары бөкейліктерді тастап, бері өте бастады.

1815 ж. Бөкей қайтыс болады. Оның жас баласы Жәңгір (1801-1845) хан болып сайланады. 1823 жылға дейін елді Жәңгір жас болғандықтан, Бөкейдің інісі Шығай сұлтан биледі. Шығайдың заманында елдің қонысы едәуір тарылды. қазақ шаруалары жайылым, өзендер бойындағы бос жерлерді жайлауға, не суаттарды офицерлерден жалдап алуға мәжбүр болды. Орал әскері жерінің жайылымын, суатын жалдап алуға байлардың ғана мүмкіндігі болды. Шаруа арыздарын жергілікті патша әкімшілігі тыңдамады, дауды ылғи өз пайдасына шешіп отырды. қыста шеп тұрғындары шаруаларға пішендерін сатып, әрбір шана шөпті 6-20 сомға дейін қымбат бағамен өткізді.

Сөйтіп, сол кездегі патша офицерлерінің мойындауынша, қазақ шаруалары екі оттың ортасында қалды. Отарлық әкімшілік өз үстемдігін іске асырып, бұратана елге қысым-зорлық, озбырлық күш көрсетуі тоқталмады.

Сонымен жайылым, суат, орман, қыстауға қолайлы өңір мәселесі қазақ шаруалары үшін көкейтесті, шешілмес іс болып, олардың шаруашылық, тұрмыс жағдайын күйзелтіп, қайыршылыққа әкелді. Мұнымен шектелмей, Орал әскерінің атаманы қазақ шаруаларына егін салуға, жер үй салуға, ағаш шабуға, балық аулауға, көптеген сордан тұз алуға да тыйым салды. Отаршылдардың бір тобы басы губернатор Эссен, Сухтелен, Перовский болып қазақтардың егінмен шұғылданып, отырықшылануы мал шаруашылығының дамуына кедергі болады деп санады.

1836 ж. губернатор Перовский басшылығымен 550 казак жасағы құпия дайындалып, Бозащы және Адай ауылдарына "қарақшыларды жазалаймыз" деген сылтаумен шабуыл жасап, бейбіт елді үш апта бойы талады. Сөйтіп, олар 7 мың қой, мыңға тарта түйені айдап әкетеді. Патша әкімдеріне керегі екі халықтың еңбекші бұқарасын бір-біріне қарсы қойып, ұлт араздығын қоздыру, татар, башқұрт, қыпшақ, қарақалпақ, ноғай еңбекшілерін де патша офицерлері қазақтарға қарсы қойып, әдейі жер таласын тудырып, өзара шапқыншылық ұйымдастырып тұрды.

Жоғарыда айтылғандай қазақтардың Жайықтан әрлі-берлі өтіп, көшіп-қонып жүруі Оралдың әскери кеңсесі мен патша әкімшілігіне ұнамады. Олар Ішкі ордадан Кіші жүзге көшуге тыйым салып, арнайы билет жүйесі енгізілді. Бұл билеттен тек 1836 ж. 50 мың сом жиналып, Орынбордағы Неплюев әскери-офицерлік училищесін жарақтандырды.

1823 ж. 20 қарашада (кейбір деректер бойынша 22 маусымда) әкесінің тағына отырған Жәңгір хан (1823-1845) ең алдымен өзі шұрайлы жерді иемденіп, 400 мың десятина орманды, сулы, климаты жұмсақ жайылымды алды. Жәңгірдің 4274 жылқысы, 232 түйесі, 719 сиыры, 17097 қой-ешкісі бар еді. "Жәңгір Астрахань губернаторы Андреевский дегеннің қолында өседі. Орысша, арабша, парсыша жақсы тәрбие алды. Өткен замандағы арабтың салтанатты патшалары, орыстың Романынан шыққан патшалары Жәңгірге үлгі болды. қазақтың салты, қазақтың тұрмысы, әдеті, заңы туралы Жәңгірге тәрбиешілер, әрине, бір ауыз да айтқан жоқ. Жәңгір өзімшіл, патшашыл, орысшыл, діншіл болып, ел билеу туралы, қазақ жайын дым білмейтін болып шықты", - деп жазды 1925 ж. Халел Досмұхамедұлы.

Хан 1830 жылдан бастап патша өкіметімен келісе отырып, жерді жеке меншікке беруді кеңінен қолдана бастады. Құнарлы, сулы жерлерді сұлтан, қожалар, молдалар, байларға берген. Жәңгір шаруаларға алым-салықтың да неше бір түрін шығарып, жалпы санын 20-ға жеткізді делінеді: соғым, зекет, пітір, құшыр, Т.б. Жәңгір хан өзінің 12 биін ұстауға, хатшыларын, молдаларын, атшабар, тілмаштарын асырау үшін елден алым-салық жинаған.

Кіші жүз ХІХ ғасырдың 20-30-жылдары саяси бірлігі ыдыраған, шаруашылығы артта қалған ел еді. Қазақ билеушілерінің арасындағы қақтығыстар да жиілей түсті. Нұралының екінші баласы Қаратай 1809 ж. Кіші жүз билеушісі Жантөрені өлтірді. Осылайша, Кіші жүз Жантөре ханның (1805-1809) орнына хан сайлағанда екіге бөлінді. Әлімұлы рулары Айшуақұлы Шерғазыны (1812-1824) хан сайласа, Байұлы рулары Нұралы тұқымы қуатты Бөкейді (1812-1815) хан сайлады. Ал Жетіру екіге жарылды. Арғы бет, бергі бет болып екіге бөліну патша өкіметінің тілегіне сай келді. Патша өкіметі бұл өлкенің саяси-экономикалық жағынан күшеюіне жол бермеу үшін, қазақ хандығын одан әрі әлсірету мақсатында 1812 ж. Кіші жүзді екі хандыққа бөлді. Бұл бөлу Кіші жүзді одан әрі саяси әлсіздікке әкеліп, феодалдық қыр қысты күшейтті. 1824 ж. патша өкіметі Кіші жүздің Жайық өзенінен шығысқа, Торғайға дейінгі жерін тағы үш бөлікке бөліп, басына билеуші сүлтандарды қойды. Бұл - Батыс, Орта, Шығыс бөліктерін билеуші сұлтандар Ресей шекарасына жақын жерден мекен алып, орыс әскерінің қорғауына сүйеніп, елді биледі. Мысалы, Батыс бөлігін Баймағамбет Айшуақұлы сұлтан биледі, ал оның ставкасы мен билеуіндегі Үстірт, Маңғыстау арасы 800 км болды.

Елде саяси бірліктің, күшті өкімет болмауы салдарынан феодалдық соғыс күшейіп, бұл өне бойы елдің мазасын алып, шаруалардың бір жерге тұрақтанып қоныс тебуіне, шаруашылықпен шұғылдануына мүмкіншілік бермейтін. Феодалдардың өзара қырқысуы қазақ шаруалары үшін тағы бір басты қиындық болып тиді. Байлар мен сұлтандардың бірі мен бірінің жауласуы, елді ру-руға бөліп, шабыстыруы кеңінен өріс алды. Ру-рулардың ауылдары барымтамен кезек-кезек таланды. қыпшақ пен Арғындар, Шекті мен Шөміштінің арасындағы барымта шаруалар үшін ауыр болды. Сол секілді Жағалбайлы мен Тілеуқабақ, Шөмекей, Төртқара рулары арасындағы ұзақ жылға созылған талас-тартыстан көп адам өліп, мал-дүние талан-таражға ұшырады.

Сұлтан, билер, патша әкімдері руды айдап салып, араздастырып отырды, ру намысы, ауыл арын қорғау үшін қарапайым көшпелі шаруалар күшін пайдаланды. Тұрмыстан қысылған көшпелі шаруалар Орал, Орынбор казак әскерлеріне өтуге, аштан өлмес үшін христиан дінін қабылдап, аты-жөнін өзгертіп, біржола туған елінен қол үзуге де мәжбүр болды.

Көтерілістің дамуы, кезеңдері. Үстем тапқа қарсы бас көтеру, қарсылық білдіру стихиялы түрде жүрді. Осы уақытта Тайманұлы Исатай ел көзіне түседі. Ханнан, оның атасы Қарауылқожадан, төрелерден жәбір-жапа көргендердің бәрі Исатайға келіп шағынатын болады.

Исатай Беруш руының биі еді. Исатайдың 25 жылдай жайлап келген Қиғаш, Күйген өзендері өңіріндегі қонысын орыс шаруаларына тартып әперген. Махамбеттің:

Еділ үшін егестік,

Жайық үшін жандастық

Қиғаш үшін қандастық, Тептер үшін тебістік, -

деуі осы күйігін білдіреді. Езілген шаруалар мұндай аз да болса мемлекет, өлкені басқарудан хабары бар, 20 жылдай би болған, 3 рет ұсталып, екі рет қамауда жатып көрген Исатайды көтеріліс басшысына сайлайды. Исатай сауатсыз болса да сөзге шебер, әрі алғыр, батыр адам болған. Ел ішінде беделі зор еді.

1835 ж. Исатай ханға қарсы ашық күреске шығады. Шаруалар арасында үгіт таратып, хан әміріне бағынбауға шақырады. Байлар мен билерден зорлық көрген шаруалар бір-бірлеп, тіпті тобымен кейде ауыл болып келіп оған қосыла бастайды.

Көтерілістің басталу себептері:

1) Бөкей ордасындағы қауымдық жерлерді ірі орыс помещиктері Юсупов пен Безбородко және хан туыстарының иеленіп алуы нәтижесіндегі жер тапшылығы;

2) Жәңгір хан өзінің қайын атасы қарауылқожа Бабажанұлын Каспий теңізі өңіріндегі қазақ руларына билеуші етіп тағайындауы;

3) Алым-салықтың өсуі, бұқара шағымдарының қаралмауы, халық мүддесімен

санаспауы.

Көтеріліс 3 кезеңнен тұрады:

1) 1833-1836 жж. - көтерілістің алғышарттарының қалыптасуы;

1) 1837 жыл - көтерілістің етек алған кезеңі, патша үкіметі күштерімен қақтығыстар;

2) 1838 жылғы шілдеге дейін көтерілісшілер күшінің әлсіреп жеңілуі.

Көтерілістің қозғаушы күші - қатардағы қарапайым малшы-шаруалар, сонымен

қатар, оған ру ақсақалдары, старшындар, билер қатысты. Исатай төңірегінде көбінесе ру старшындары басым болды.

Беріш руы, Жайық бөлімінің старшыны, Исатайдың жауынгер серігі, белгілі ақын Махамбет Өтемісұлы да беріш руының Исатай сияқты старшыны болды. Орысша да, ана тілінде де сауатты Махамбет Орынбор әкімшілігі мен қазақ арасында белгілі еді. Алғашқыда Жәңгір сарайында жүрген кезінде-ақ халықтың ауыр тұрмысы ақынды бей-жай қалдырмады. "Хан емессің, қасқырсың", "Жәңгір қолшоқпары Баймағамбет сұлтан ға айтқаны", Т.б. осы сияқты өлеңдерден көтерілістің мақсаты мен талаптарын көруге болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет