Қазыналы қарашаңырақ



жүктеу 36.29 Kb.
Дата20.06.2016
өлшемі36.29 Kb.
Миллиард тойы

Қазыналы қарашаңырақ

1978 жылдың 18 қаңтары Қарағанды көмір бассейіннің тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Өйткені статистика мамандарының есептеуі бойынша дәл сол күні кеніш пайдалануға берілген күннен бастап өндірілген көмір 1 миллиард тоннаға жеткен еді. Қарағандылықтар бұл күнді үлкен салтанатпен атап өтті...

Ол кезде көмірден тау тұрғызып жатқан Қарағанды шахтерлерінің атағы жер жарып тұрған. Әсіресе тоғызыншы (1971 -1975ж.) және оныншы (1976-1980ж.) бесжылдық жылдары табысты болды. 1975жылы «Қарағанды көмір» бірлестігінде 46,3 миллион тонна көмір өндірілді. Сонымен қатар бассейн бұрынғы одақ бойынша көмір өнеркәсібі саласында ең жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізді. Соған орай 1976 жылы Октябрь революциясы орденімен наградталды.

Тоғызыншы бесжылдық жылдарында шахталарда механикаландырылған комплекстерді енгізу белгілі бір мақсатқа бағындырылды. 70-ші жылдардың ортасында жылжымалы гидравликалық тіреулермен жабдықталған комплекстер бассейнің 24 шахтасында қолданылды. Қыр үстіндегі негізгі және қосалқы процестерді механикаландырып, автоматтандыру еңбек шығындарын азайтуға көмектесті.

Шахталарда еңбек пен өндірісті ұйымдастыруды жетілдіруге бағытталған жұмыстар кеңінен жүргізілді. Соған орай бассейн шахталарында тың бастамалар туындап, Қарағанды кенішінің тасы өрге домалады. Мәселен, Ленин атындағы шахта ұжымы 1971 жылы әр жұмысшының айлық еңбек өнімділігін 100 тоннаға жеткізу жөнінде бастама көтерсе, сол жылы костенколықтар әр лавадан тәулік сайын 1000 тонна көмір өндіру жөніндегі игі жорыққа мұрындық болды. Атақты «мыңшылар» қозғалысы осылай өрістеген еді. 1973 жылы ол әр лавадан жыл сайын 500 мың тонна көмір өндіру жөніндегі жарысқа ұласты. Оны Октябрь революциясының 5О жылдығы атындағы шахтаның №2, «Қазақстан» шахтасының №1, Ленин атындағы шахтаның №5 учаскелері бастады. 1976 жылы жылына жарты миллион тонна отын өндіруші учаскелерінің қатары 15-ке жетті. Әсіресе О.Ишхнели, А.Кан, Г.Презент, Л.Поваляев, В.Тонкошкур, Қ.Көрпебаев, О.Руфф және т.б. басқаратын ұжымдар жоғары өндірістік көрсеткіштерге ие болды.

Кеншілердің ерлік еңбегі үкімет тарапынан лайықты бағаланып отырды. Костенко атындағы шахта сегізінші бесжылдықтың жоспарын орындауда қол жеткен табыстары үшін Ленин орденімен наградталды. Ал Ленин атындағы шахтаға Еңбек Қызыл Ту ордені берілді.

Сегізінші бесжылдықтағы тамаша табыстары үшін кеншілер И.Сусляков, А.Серіков, Я.Мұсағалиев, шахта директоры А.Фомичев, проходкашылар бригадирлері Р.Литман, В.Зименок, А.Кубайчук, учаске бастығы Қ.Көрпербаев Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді. «Қазір Қарағандының кеншілер армиясы қатарында 22 Социалистік Еңбек Ері, 22 СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты , көптеген орденді және медальды кенші бар. Олар іс тәжірибелерін жас шахтерлерге жалықпай үйретіп, өздерінің лайықты ізбасарларын тәрбиелеп, өсіруде», деп жазды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті 1980 жылғы 20 тамыз күнгі санында.

Оныншы бесжылдықжылдары бірлестікте 238 миллион тонна көмір өндірілді, мұның өзі тоғызыншы бесжылдыққа қарағанда, 20,7 млн. тоннаға артық. Қарағанды көмір бірлестігінің шахтерлері салада ең жоғары еңбек өнімділігіне жетуін сол кездегі билеуші коммунистік партияның Орталық комитеті 1976жылғы Октябрь пленумынде ерекше атап өтті...

Миллиард тонна көмір өндіру салтанатын бассейндегі байырғы «Северная» шахтасында өткізу белгіленді. СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Александр Кузьмич Романюта басқаратын бірінші учаскеде арнайы Достық вахтасы ұйымдастырылды. Лаваға бассейннің тандаулы, атақты кеншілер түсті. Оларосы шахтаның бригадирі В.Богданов, Социалистік Еңбек Ерлері Қ.Әбдірәсілов, Я.Мұсағалиев, С.Тоқымтаев, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Жанайдаров және тағы басқалары.

«Екпінді вахтаға қатысушылар «Отанымызға - Қарағанды миллиарды!» деген жазуы бар көмір кесегін қыр үстіне алып шықты. Көмір өндіруші бригадирлер Я.Мұсағалиев пен В.Богданов миллиард тонна көмірдің үлгі кесегін Қазақстан коммунистік партиясы облыстық комитетінің біріншісекретарі В.Акулинцев жолдасқа табыс етті», деп жазды «Орталық Қазақстан» газеті ертеңіне шыққан номерде. Бұдан кейін шахтада салтанатты митингі болып, облыс, бірлестік басшылары, шахта директоры Б.Әбдірахманов атақты кеншілер құттықтау сөз сөйледі.

Қарағандылықтарды үздік табысымен Орталық комитетінің бас хатшысы Л.Брежнев құттықтады. Онда былай делінген: «Сіздерді айтулы оқиғамен - миллиард тонна көмір шығарылуымен қызу құттықтаймын. Бұл отынның тең жартысы соңғы он жылдың ішінде шығарылғаны ерекше мәнді. Көмір шығаруды арттырудың жоғарғы қарқыны сан мың адамдық шахтерлер коллективінің, бірлестіктің барлық еңбекшілерінің жанқиярлық еңбегінің, партия, шаруашылық, кәсіподақ және комсомол ұйымдарының белсенді саяси және ұйымдастырушылық жұмысының.нәтижесі болып табылады». Осы оқиғаға орай Кеншілердің мәдениет сарайында салтанатты жиналыс болды. Сөйтіп қарағандылықтар кеңес өкіметі жылдары миллиард тонна көмір өндірілуін үлкен саяси оқиға ретінде атап өтті.

Қарағанды бассейінің кеншілері осылай екінші миллиардқа нық қадам жасады. Он бірінші бесжылдықта Қарағанды кеніші 245 миллион тоннаға жуық көмір берді, мұның өзі оныншы бесжылдықтағыдан 17,1 миллион тоннаға көп. Соның ішінде 208,1 миллион тоннасы жер асты тәсілімен өндірілді. Ал 1988 жылы бассейн өз тарихындағы бұрын-соңды болмаған рекордтың нәтижеге жетті, яғни осы жылы 52,4 миллион тонна көмір қырға шығарылды. Бұл кеніштің жұлдызды сәті еді.


Аман ЖАНҒОЖИН,

Ермағамбет ЛҰҚПАН.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет