А.Байтұрсынұлының филологиялық мұрасы
А. Байтұрсынұлының лингвистикалық мұрасы жайында
XX ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістермен қатар ауқымды рухани жаңғыруларды да бастан кешті. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани басшысы Ахмет Байтұрсынов еді.
Ахмет Байтұрсынов өзінің алдындағы Шоқан, ЬІбырай, Абайлардың ағартушылық, демократтық бағыттарын жалғастыра отырып, өз заманындағы тұтас бір зиялы қауымның төлбасы болды.
Қазақ тілі білімінің ұлттық ғылым ретінде ана тілімізде қалыптасуы Ахмет Байтұрсыновтың зерттеулерінен басталады.
Ахмет Байтұрсынов жат тілде зерттеліп келген қазақ тілі мәселелерін туған тілімізде зерттеп, оны ұлттық ғылым дәрежесінде көтеруді мақсат еткен. Мұндай өркениетке оқусыз, білімсіз жетуге болмайтыны белгілі. Ал оқу үшін, білім үшін қазақтарға өзіндік ұлттық жазуы, оқу құралдары, ұлттық мектептері болу қажет. Ғалым іске кіріскен кезде бұлардың кейбіреуі тіпті болмады. Осы жоқтарды бар ету қажеттігі ғалымды, алдымен тіл мәселелерімен айналысуға, оны оқу пәні дәрежесіне дейін көтеруге мәжбүр етті. Өйткені тіл барлық істің бастамасы екенін, онсыз ешқандай ғылым-білім дегендердің болуы мүмкін еместігін жақсы білді. Оның бұл саладағы пікірлері «Тіл құралдарының» барлығында да кездеседі.
А.Байтұрсынов – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсап, қазақша сауат ашатын әліппе құралын жазды. Ол «Оқу құралы» деген атпен алғашқы рет 1912 жылы Орынборда басылды. 1910 жылдан бастап қазақ қоғамында оқу-ағарту идеясының жандануына байланысты балалардың сауатын ашатын әліппе құралдарын жасау қолға алына бастады. Бірақ бұлардың көбі бірер басылымнан артық жарияланбай, кеңінен қолданыс таба алмады. Солардың қатарында шыққан А.Байтұрсыновтың әліппесі – «Оқу құралы» 1912-1925 жылдар арасында 7 рет қайта басылып, оқу-ағарту жұмысында ұзағырақ, әрі кеңірек пайдаланылды. Көп ұзамай мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулық жазды. «Біздің заманымыз – жазу заманы... Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге, сөз қандай орында қалай өзгеріліп, қалайша бір-біріне қиындасып, жалғасатын жүйесін білу керек» болғандықтан, «қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін де үйрету керек» [1] дегенді өзіне міндет етіп алады да, сол міндетті атқару үшін «Тіл - құралы» деген атпен үш бөлімнен (үш кітаптан) тұратын оқулық жазған. Бұл оқулықтың фонетикаға арналған І-бөлімі алғаш рет 1915 жылы жарық көрді. Қазақ тілінің морфологиясына арналған ІІ бөлімі бұдан да бір жыл бұрын 1914 жылы баспадан шыққан. Синтаксиске арналған ІІІ бөлімі де 1916 жылдан бастап 6 рет басылған.
«Тіл - құрал» десе жұртшылық қазақ тілі оқулығын, оқулық десе А.Байтұрсыновты білетін.
«Тіл - құрал» тұңғыш оқулық болумен қатар, бастауыш мектепке, яғни алғашқы 4-5 жыл оқитын шәкірттере арналғанмен, бұл – қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық құрылымын талдап, жүйелеп, танытып берген қазақ тіліндегі ғылыми жұмыстың басы болды.
А.Байтұрсыновтың сөз болып отырған осы «Тіл - құралы» арқылы тұңғыш қазақ грамматикасының ғылыми негізі қаланғаны туралы белгілі ғалым Рысалды Құсайын былай деп жазады: «А.Байтұрсынұлы үш бөлімнен тұратын «Тіл - құралымен» қазақ тілінің грамматикалық ғылыми негізделуі дәрежесін аз уақыттың ішінде, өзінен көп ғасырлар бұрын бастау алып дамыған, ғылыми тұрғыдан кемелденген басқа тілдер грамматиканың деңгейіне жеткізді» [2].
Ал Қ.Мұсабаев А.Байтұрсыновтың тіл құрылымын тұтас бір жүйе ретінде алып қарайтынын және оның бұл еңбекті жазуға жеткілікті ғылыми дайындықпен, батыс және орыс әдебиетін жете біліп кіріскенін, сондықтан да «Тіл - құралының» тек қазақ тілі үшін ғана емес, жалпы түркология көлемінде жоғары бағаланатынын орынды атап көрсетеді: «А.Байтұрсыновтың ғылым саласында көп оқып, батыс әдебиетін, орыс әдебиетін жақсы білгендігі барлық еңбектерінде айқын көрініп тұр. Тілдің құрылымын зерттегенде «Дыбыс заңы», «Сөз жүйесі», «Сөйлем жүйесі» деп бөліп, тілге таңқаларлықтай жүйелі түрде қараған, қазіргі лингвистиканың түсініктерін алдын ала болжай білген.
А.Байтұрсыновтың қазақ, түркі ғылымы үшін аса бағалы еңбектері – «Тіл - құрал» деп атаған кітаптары. «Тіл - құралдар» тек оқулық емес, ғылыми еңбек дәрежесінде жазылған, өз заманындағы теңдесі жоқ еңбектерінің бірі болды». А.Байтұрсыновтың қазақ тілінің «Дыбыс жүйесі мен түрлерін», «Сөз жүйесі мен түрлерін», «Сөйлем жүйесі мен түрлерін» зерттеген кітаптар сериясын, «Тіл - құралын» өзге ғалымдар да осылай жоғары бағалайды, қазақ грамматикасының шын мәніндегі «төл басы» санайды. Мысалы, «Тіл - құралын» Ы.Құсайын да солай қазақ тіл білімінің іргетасы ретінде бағалайды [2].
«Бұл оқулықтар – «қазақ тіл білімі» атты ғылым саласының ана тіліміздегі бастамасы және дұрыс жазылған, жақсы бастамасы. Өйткені қазақ тілінің дыбыстық құрамының классификациясы да, сөз таптарын ажыратып, сөз тұлғаларын көрсетуде де, сөздердің септелу, тәуелдену, жіктелу тәртібін танытуда да, сөйлем түрлерін ажыратуда да күні бүгінге дейін А.Байтұрсыновтың аталған оқулықтарының негізі сақталып келеді. Тілдік әр категорияның классификациясынан бастап, бүкіл терминдеріне дейін қазіргі мектеп грамматикаларынан А.Байтұрсыновтың оқулықтарының ізін табуға болады»,- дейді филология ғылымдарының докторы, академик Р.Сыздықова [3].
А.Байтұрсынов дұрыс сөйлеп, дұрыс оқып, дұрыс жазуды үйретуге көмектесетін және бір құрал – «Тіл жұмсарды» жазған. Ол 1928 жылы Қызылордада жарыққа шыққан. А.Байтұрсынов қазақ тілін оқыту әдістемесінің де іргетасын қалаушы болып саналады. Ол үшін «Баяншы», «Әліппе астары» құралдарын жазған.
Ахмет Байтұрсынов “Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек”, – деген ұлы талабын өзі нақты іске асырды.
Ахмет Байтұрсыновтың ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы – баршасы осы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арналған. Ахмет Байтұрсынов анықтаған тілдің негізгі заңдылықтары әлі де ескірген жоқ, қазір де қолданыста.
Ахмет Байтұрсынов еңбектері күні бүгінге дейін өз маңыздылығын жойған жоқ. Оның еңбектері қазақ тіл білімінің қалыптасуына септігін тигізді:
Орыс тілінде зерттеліп келген қазақ тілі мәселелерін ана тілімізде зерттеді;
Өркениетке жетудің негізгі көзі білім екенін түсініп, оны жүзеге асырудың жолдарын іздеді;
Соған орай оқу құралдарын жазды;
Қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық құрылымы ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, талданды;
Қазақ тілін оқыту мәселелерін қарастыра отырып, оның әдістемесінің негізін қалады;
Күні бүгінге дейін зерттеушілер
А.Байтұрсыновтың еңбектеріндегі ғылыми тұжырымдарды, қағидаларды басшылыққа алып келеді. Бұл жоғарыда аталған жайттар А.Байтұрсынов еңбектерінің өміршеңдігін әрі оның қазақ тіл білімінің негізін қалағандығын дәлелдей түседі.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992 ж.
2. Құсайын Р. А.Байтұрсынұлының «Тіл құралындағы» сөз таптары туралы. // Ұлттық рухтың ұлы тіні. – Алматы, 1999.
3. Сыздық Р. Ахмет Байтұрсынов (өмірі мен қызметі). // Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992 ж.
4. Байтұрсынов А. Бес томдық шығармалар жинағы. 1 - том. - Алматы: «Алаш», 2003 ж.
5. Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002.
Достарыңызбен бөлісу: |