Қазіргі қазақ повесть-әңгімелеріндегі лиризм


А.Алтай повестеріндегі психологизмнің берілу тәсілдері



бет3/8
Дата24.02.2024
өлшемі283 Kb.
#493069
1   2   3   4   5   6   7   8
Дип.-Қазіргі-қазақ-повесть-әңгімелеріндегі-лиризм

А.Алтай повестеріндегі психологизмнің берілу тәсілдері

Лирикалық прозаны зерттеуші ғалымдар А.Павловский, В.Воронов бұл ағым туындыларын психологизм принципімен жазылған шығармалардың қатарына жатқызады. Лирикалық проза мен психологизмнің туыстығы ашық айтылмаса да, Я.Эльсбергтің :“Шын мәніндегі әрі терең лирикалық стильдің тасасында өз ойлары, сезімдері мен тебіреністері немесе солардың кейбір қырлары мен қасиеттері туралы хақы бар адам тұруы шарт”, - деген, С.А.Липиннің: “Лирикалық проза жазушының шындыққа тікелей қатынасы, оның өзі жайлы сыр ашуы”, - деген пікірлері осы екі ұғым арасындағы түбірлі туыстықты байқатады. Әрине, лирикалық прозаның әдеби тенденция екені, психологизм – бейнелеу принципі екенін ұмытпаймыз. Алайда, психологизм заңдылықтары лирикалық прозада елеулі орын алатыны шүбәсіз.


Көркем шығармада кейіпкердің әртүрлі қалыптағы ішкі ой-толғаныстары әрдайым өзгеріп, іс-әрекет, сезім қайшылықтарын тудыратын психологиялық құбылыстарды тереңдетіп, күрделендіре бейнелеу психологизмнің табиғатын айқындап берері хақ /2,13/. Осы арада суреткер психологизміне тән екі қасиетті атап өткен жөн. Ол біріншіден, күрделі психологиялық жағдай мен психологиялық процесті талдау. Екіншіден, кейіпкердің рухани жан әлемінде жиі болатын күйзеліс, психологиялық қиналысты беру атмосферасы. Осы психологиялық атмосфераны беру үшін ең алдымен жазушы сол сәтті дәл де нанымды беретіндей бейнелі, көркем сөздер пайдалану керек. Сонымен бірге көркем әдебиеттегі психологизм, оның көркемдік бейнелеу тәсілдері, ішкі монолог, ой ағысының пейзаж, портрет, көзқарас мимикасы (ымдау) ишара түс көру т.б. бұлардың бәрі ішкі монологтың элементтері даралық сипатқа ие болып, әдеби процесте өзіндік өсу заңдылығымен дамуын біз қазіргі қазақ прозасынанда байқай аламыз.
Автордың өз толғаныстары немесе кейіпкердің өз-өзін талдауы ішкі монолог, ішкі сөз, сана тасқыны, түс көру секілді аналитикалық принцип арқылы берілсе, рухани әлемді бейнелеудің жанамамтәсілдері – бейвербалды ишараттар, сыртқы көріністері, көркемдік деталь, заттық әлем, психологиялық орта т.б. принцип ретінде көрінеді /6,66/.
Көркем прозадағы әдеби психологизм мәселелерін зерттеуші Г.Пірәлиева психологиялық шығарманың өзіне ғана тән жанрлық, көркемдік, стильдік ерекшеліктерін былайша жіктеп береді:
Біріншіден, психологиялық прозада оқиға, кейіпкер, кезең, уақыт, тақырып, идея т.б. деген мәселелер алдыңғы сапқа шыға қоймайды. Ол талап та етілмейді.
Екіншіден, мұнда ең бастысы – жеке адамның ішкі өмірі, өмір мен өлім арасындағы кезеңде адамзат бастан кешетін азапты тағдыр тәлкегі, кейіпкердің күрделі тұлғаға айналуы көркемдік назарға алынады. Шығармада шым-шытырық оқиғалар тізбегінен гөрі жеке Адам санасындағы сапалық өзгеріс, рухани қопарылыс, ішкі сезімдік құбылыстар тереңдетіле талданады.
Үшіншіден, психологиялық прозаның эстетикалық, көркемдік әлемі өзінің жанрлық, көркемдік, стильдік талабына сай жеке санада жүріп жатқан ой мен сезім қайшылықтарын, сөз бен іс сәйкессіздіктерін тереңдеп талдап, көркемдік жүйеде саралайды.
Психологиялық бейнелеу құралдары:
Бірінші – психологиялық бейнелеудің «тура» түрі, бұл кейіпкердің жан дүниесін көркемдік таным тұрғысынан танып-білу, яғни ішкі сөз, қағытпа түрі, өзін-өзі бақылау, ойша елестету, ішкі монолог, еске алу және елестету т.б. арқылы психологиялық талдау жасау.
Екінші – психиканы берудегі сыртқы психологиялық қимыл көріністерге – бейвербалды ишараттарға мән беру, оның басқа да түрлерін қолдану болып табылады.
Үшінші – осы екі тәсілді тұтастандыра беретін авторлық психологиялық баяндау.
Г.Пірәлиеваның ұсынған осындай теориялық тұжырымдарын сараптай келе, жазушы А.Алтайдың повестеріндегі психологизм көріністерін қарастырамыз.
Осы талапқа сай–әркiмге ұнамды, тартымды болып келетiн, А.Алтайдың қаламынан туған “Қызыл бөлтірік” повесіне тоқтала кетейік. Бұл шығармада автордың басты критериi—сөзді талғап, таңдап қолдануы. Шығарма түсiнiктi тiлмен жазылса, жеңiл оқылады, еркiмнiң жадында берiк сақталады, ұмытылмас iз қалдырады. Автор уақиғаны баяндаса да, кейiпкердi сөйлетсе де, табиғатты суретесе де халық тiлiнiң шұрайын талғап алады да, орынсыз, үйлесiмсiз бiр сөз, теңеу, эпитет, т. б. кiрiстiрмейдi.
А.Алтай повесте аңыз-әңгімелерді араластыра отырып, оқиғаны психологиялық - тұрғыда шиеленістіре отырып, шешуге тырысады. Повесте негізінен психологизм кейіпкер монологтарындағы философиялық ойларда ғана емес, сонымен қатар диалогтарында да анық байқалады. Шығармадағы оқиғаның шиеленісіп барып, шарықтай түскен сәтінде кейіпкердің көңіл-күйінен, көз қарасынан хабар беретін диалог ашық тартысқа, қақтығысқа да алып келеді.
Көркем шығармадағы психологизмнің табиғатын танытар «Психологиялық талдаудың тәсілдері сан алуан, - деп атап көрсетеді Л.Гинзбург, атап айтсақ, автордың өз толғаныстары немесе кейіпкердің өз-өзін талдауы, рухани әлемді бейнелеудің жанама тәсілдері – бейвербалды ишараттар, сыртқы қимыл көріністері т.б. бәрі автордың аналитикалық талдауы аркылы беріледі. Олардың ішінде кейіпкердің ішкі монологы, ішкі сөзі ерекше орын алады» /14,330/.
А.Алтай өзінің аталмыш повесінде кейіпкерлер қақтығысынан гөрі, кейіпкердің рухани әлеміндегі ой мен сезім қайшылықтары басым беріледі.
Повесть белгілі бір оқиғаға құрылмай осылайша ішкі ой арпалысымен жалғасып жатады. Кейіпкердің мінез- құлқын, психологиялық бітімін ашуда осы монологтың рөлі әсіресе айрықша.
Суреткер дәрежесіне көтерілген жазушы еш қашан персонаждарына тікелей авторлық мінездеме беріп, сырттай тон пішіп жатпай, оларды іс-қимылдары, ойлары, әсіресе өздерінің іштерінен жàрып шыққан лебіздері арқылы танытады. өйткені, адам баласы, жалпы, құлағымен естігеннен гөрі көзімен көргенге көбірек сенеді ғой, шын суреткер бұл жайды ескермей тұра алмайды, сондықтан да ол баяндаудан гөрі суреттеуге көп күш салуѓа тырысады. Яғни, повесте жеке адам санасындағы ішкі сезімдік құбылыстар тереңдетіле көрсетіледі. Автор кейіпкерлерін диалог құдіретінің күшімен де бейнелейді. Осы шағын үзіндінің өзінен-ақ кейіпкердің тек өздеріне ғана тєн психологиялық, мінез ерекшеліктері жарқырай ашаылады.
Көркемдік интерпретацияда өтетін өмір шындығының сенімділігіне айқын кепілдердің бірі – кейіпкер сөздері. Қаһарманның тек өзіне тән, дара характері оның сөйлеу мәнерінен көрінеді. Бұл әрине, диалогтың эстетикалық мәнін анықтайды» /7,29/ - деп Б.Майтанов шығарма диалогтарындағы кейіпкердің психологиясын, болмысын, ішкі эмоциялық сезімін берудегі диалогтың роліне кеңінен тоқталған.
А.Алтай шығармаларын оқи отырып, кейіпкер сөздерінен жан - дүниелік сезімді де, көңіл күйдің сәтінде байқай аламыз.
Көркем сөз суреткерiнiң қолындағы бояуы – сөз, тiл, бұл - жанды құбылмалы бояу, мұның мүмкiншiлiгiнiң шегi жоқ. қандай қанық бояуларды қолына берсең де олақ суретшi тартымды картина салып шығара алмайды. Алуан түрлi бояуды тиiстi мөлшерде пайдалана бiлген суретшi ғана жүрек тебiрентерлiк полотно жасай алады.
Халықтың тiл байлығын жете меңгерген сөз зергерi ғана көркем шығарма тудыра алады. М.Горький айтқандай, қолыңа балтаны жақсы ұстауды бiлмей тұрып, онымен ағаш жона алмайсың, ал тiлдi бiлмей тұрып, көркем де қарапайым жєне әркiмге де тартымды шығарма жаза алмайсың
Сыртқы сұлулық үшiн сөз тiзбегiн жоқтан қиыстыруға автор бармайды. Оның әрбiр сөзi, сөйлемi жатық, таби ғи қаламынан ешбiр кiдiрiссiз, тау бұлағындай тоқтаусыз төгiлiп отырғандай әсер бередi. Бұл жазушының шыѓармасында суреттейтiн жайларды, сол ортаны аса қанық бiлетiнiн көрсетумен бiрге оның тiл байлығын, мүлтіксіз пайдалана отырып, жымдастыра қалай алтынын дєлелдейдi.
Кейіпкерлердің әр қайсында өзгеге ұқсамайтын өздеріне ғана тән өзгеше мінез-құлық, іс-әрекет, болмыс-бітім бар. Солай болғанымен оларға бір-біріне деген рухани ұқсастық, бұларда парасат тұтастығы бар, бірін-бірі толыќтыратын тәрізді. Олар арқылы тек адам ерекшелігі ғана емес, олар өмір сүрген заман ерекшеліктерін байқап сол арқылы жалпы қоғамдық дамудың негізгі және шешуші тенденцияларын бақылауға болады. Автор әрбір оқиғаға, кейіпкерге, уақыт, қоғам қағидаларына қанық. Жазушы шығармасына шырай үстеуге шебер.
А.Алтай повестерінің ерекшелігі – автор оқырман назарын кейіпкердің ішкі сезімдеріне, түйсіктеріне назар аудартып отыратындығында. Адам болмысына қатысты терең философиялық толғаныстар бір ғана адамның өз басынан өз психологиясынан тартыс табасыз. Кейіпкерлердің мінезін, қоғамға көзқарастарын білдіру үшін автор небір қиын ситуацияларға араластырып отырады да бірегей образ жасайды. Кейіпкерлердің ішкі тебіренісі беріліп, жан сыры ашылады, адам характері дамыйды. “Қызыл бөлтірік ” повесін оқи отырып, кейіпкерлер тебіренісі, іштей арпалысының басымдығына көз жеткіземіз. Көбінесе автор ойы мен кейіпкер ойы тұтасып кеткені байқалады. Жазушы ой арпалыстарына, сана қақтығыстарына, азапта да күрделі психологиялық ахуалға жол береді.
Басты кейіпкер өзімен-өзі болып, оңашаланып, психологиялық тебіреніске жиі беріледі. Яғни диалогтан қарағанда монолог басымдау тұрады да драмалық шиеленіске әкеліп соғып жататында кездері болады. Кейіпкер рухани тығырыққа тіреліп, өз-өзінен күйіп-пісіп жатады. Оқиға шиеленісуінен гөрі тереңнен толғану, ойлану, кейіпкер тебіренісі, іштей арпалысы басым. Осылар арқылы психологиялық тартыс күшейіп, кейіпкердің ішкі тебіренісі шарықтап барып, жан сыры ашылады. Бірте-бірте кейіпкер характері дамыйды.
Сонымен қатар, автор негізінен сурет, мүсін өнеріне тереңірек үңілуді мақсат еткен сияқты. «Балшықтан я металдан құйып, тастан не ағаштан жонып, нәрсенің тұлғасын, тұрпатын, сын-сымбатын келтіре сурет жасау өнері – бұл сымбат өнері болады (европаша скульптура) /15.29/. Ендеше жазушы осы өнердің қыр-сырын бас кейіпкер білімді мүсінші арқылы ашып береді. Әсіресе, мүсін өнерін философиялық тұрғыда қарастырып, әр қайсысынан ой өрбітіп отыруының маңызы зор. Яғни, кейіпкердің айналасына көзқарасын, мүсіншілік мамандығымен ұластыра отырып, баяндайды.
Көркемдікке құмарлық, ассиметрия мен заттардың табиғаты бұзылуынан бейненің өзгеруі, көне әлемнің ақиретті бейнелеу құштарлығы, Шығыс пен Батыстың қайталанбас өрнектері, арман елін елестеткен символ шеруі мүсінші тілінде жан біте сөйлейді. Жалпы повесте сөз өнері мен мүсін өнерінің өзіндік ерекшеліктері, сан қырлы қатпарлары ашылады.
Сондай-ақ, жазушы әр кейіпкерінің мінез ерекшеліктерін сыртқа көп шығара бермейтін толғаныстары, ойлары арқылы беруге тырысады. Адам баласына сырттай қарағаннан гөрі үңіле қарасаң шешуі қиын жұмбаққа толы екенін кейіпкерлерінің бір-бірімен байланыстыра отырып көрсетеді.
Жалпы А.Алтай кейіпкерлерінің диалогтары ішкі психологиялық толғаныстарына бой ұрады да, өмір құбылыстарына байсалды ой парасат көзімен қарауға шақырып, өткен мен бүгіннің ажырамас, диалектикалық бірлігін тереңірек түсінуге көмектеседі.
«Ішкі монолог – кейіпкердің ішкі ойы, көңіл-күй сырын білдіретін, эмоциялық әсерді байқататын көркемдік құралдардың бір түрі... Формасы мен мәні адам психикасындағы ғылыми және этикалық ойлау жүйесінің дамуына байланысты өзгеріп отырған» /6.371/, - деп Г.Пірәлиева анықтама берсе, профессор Б.Майтанов «Монолог арқылы мінездер ерекшелігі, ойлау сипаттары, образдың дүниетанымдық арналары өрнектеледі. Шығарма идеясының не бір нәзік тұстары, кейде автор мақсатының басты дәні көп ретте ішкі сөздер ағымымен бейнеленеді» /7,291/, - дейді монологқа жан-жақты тоқтала келе. Бұған қосарымыз - монологтағы кейіпкер сырында көп ешкімге айтыла бермейтін астарлы сыр жатады. Мәселен аталмыш жазушының повестеріндегі кейіпкерлердің образы ішкі монологтарына негізделген. Онда күйіну, торығу, жауап таба алмау, сағыну басым тұрады. Демек, ішкі монолог психологизмге құрылады. Келе-келе бұл монологтары абстрактылы диалогқа ұласуы мүмкін. Шығармаларының композициясында кездесетін монолог, диалогтар суреткердің стильдік ерекшеліктерін айқындаумен бірге характердің де даралығын танытады. Кейіпкер сөзі бірде диалог, бірде монолог арқылы көрініп отырады. Кейіпкерлердің сөзінен оның логикалық ойлау жүйесі, заман, уақыт тынысы да сезіліп отырады. Ендеше жазушы шығармаларындағы әрбір компонент олардың идеялық-эстетикалық мән-мағынасын айқындайды. Жазушы монологтың да түр-түрін пайдаланады:

  • монолог – ойлау;

  • монолог – армандау;

  • монолог – еске түсіру;

Бұлар шығарманы психологиялық талдаудың негізгі компоненттері.
Қандай да бір қақтығыстар, қайшылықтардан болсын кейіпкерлердің мінез ерекшеліктерін байқап отырамыз. Және өзіне өміріндей ыстық, етене кейіпкерлерінің қадыр-қасиетін, қай жерде қалай сөйлеп, қимыл әрекеттерге баратынын әбден біледі. Сондықтан да қарапайым тіршілік қанға тарап, туынды табиғаты тонның ішкі бауындай жарасып, жанды баурайды.
Асқар Алтайдың жазушылық шеберлігі – повестегі монологтарды үйлесімді қиыстырылуынан, кейіпкерлерінің психологиясын терең білгірлікпен сипаттауынан, тілінің көркемдігінен т.б. қасиеттерінен аңғарылады. Сондай-ақ, жазушы кейіпкерлерінің жанына үңіле біледі. Оның шығармашылығына тән ерекшелік – кейіпкерлерінің ішкі әлеміндегі сан қилы сезімдердің шарпысуын, солардың қайғы-қасіретін, қуаныштарын кейіпкерлердің өз сөздерімен, қимыл-әрекеттерімен шебер көрсете біледі. Сонымен қатар, повестерінде психологиялық бейнелеу құралы ретінде «түс көруді» пайдаланады.
Бұл повесте кейде баяндаулар бас кейіпкер атынан беріліп отырады. Басты кейіпкерлер арқылы баяндау жазушы үшін жеке адамның ой-өрісінің, санасының дамуын толық бейнелеу үшін қажет және мұндай түр кейіпкер немесе әңгімешінің қоршаған орта туралы субьективтендірілген қабылдауын елестетеді де, шығармадағы барлық компоненттерді олардағы жеклік көңіл-күй бастауларымен қоса құрамына алатын ұлғайтылған ішкі монолог формасына енетін сияқтанады.
«Психологизм тұрғысынан қарағанда бірінші жақтан баяндаудың екі түрлі кемшілігі бар. Біріншіден: көптеген кейіпкерлердің ішкі әлемін тереңдетіп көрсету мүмкін еместігі, екіншіден психологиялық бейнелеудің бір сарындылығы. Ал артықшылығы тек адамның ішкі әлеміне көңіл аудару, екіншіден, адамды өзінен артық кім біледі» /15,82/. .
Жазушы еңбегінен тақырыптық ізденістер, көркемдік-жанрлық ерекшеліктер, характердің әлеуметтік-психологиялдық аспектілері, қаһарманның рухани әлемі, ішкі монолог пен диалог табиғаты, лиризм элементтері кең көлемде орын алады. Бастысы қаламгер мұратынан – Адам факторы, адамгершілігі мен әсемдігі, өмір -өнерге құштарлық, игілік пен ізгілік сипаттары, жастық, достық сырлары бар қырынан жарқырай көрінеді. Көбіне лиризм, психологизм басым.
Бірде сатылап, бірде тізбектеліп, бірде бірін баса көктеп арпалысып, ырыққа көнбей атылған ой ағысы мен психологиялық процесс, ішкі сезімдер жүйесі ашу, ыза, кек, қызғаныш, өкініш, ар-ұят т.б. құбылыстар ықпалымен еріксіз, бір ойдан бір ойға, бір ашудың бір ашуға көшіп, жол жөнекей талай жауыздықты ойлап, пішіп, сол мезетте жүзеге асырып та үлгереді. А.Алтай терең философияға ұласып жататын психологиялық иірімдердің жазушысы, соған орай оның кейіпкерлері көп ойланады, сол ойға жауапты да өздері тауып жатады. Оқиға қарт аңшы мен немересі екуінің аң аулауға шыққан сәтінен басталады. Бала қиялындағы қызыл бөлтірікті көруге іздеп табуға құлшынады. Осы арада жазушы атасы мен әжесінің аузына ескі аңыздарды сала отырып оқиғаны шиеленістіріп отырады. Яғни ежелгі аңыз-әңгімелерді бүгінгі күнніңі елегінен өткізіп, тарихи-философиялық тұрғыдан екшеп отырады, сол аңыз-әңгімелерден күллі адам баласына ортақ адамшылық тамырларды тауып отырады. Өткен күндер шындығына бүгінгі күннің жарық сәулесін түсіреді. Жазушы қазіргі кездің балаларына аңыздардың көп айтыла бермейтінін ескеріп, оның мазмұнына тоқтала кетуді жөн көреді.
«Бұл қайғылы аңызды қазіргі күнде Алтайда ескі көздер ғана білетін. Кейінгі жастар қайтсін! Олар естісе күлер...Балалар болмаса. Бірақ олар да кемпір-шалдар алдында шудамен ойнап, ертегі тыңдап отырмайды қазір. Ертегі керек болса – теледидарда дайын қазір. Ал теледидарда қандай қызық жоқ, қарасаң көз тоярлық кең дүниенің кереметін көзіне жинаған. Оған да шүкірлік. Әйтпесе сәбилер қайтер еді?!» /16.12/ - деп тоқтала кетіп, бүгінгі күннің шындығын айта кетеді. Бала жанын түсінуге, сезінуге жетелейтін жазушылық шеберлік, стильдік өрнек осы болса керек. Бұл орайда бала психологиясын дөп басып, дәл жеткізуге оңтайлы жол ретінде жазушының шығарма оқиғасын бірінші жақтан баяндатып, бала кейіпкердің ойымен өрбітетін тапқырлағында жатыр.
Ал, А.Алтай болса баланың ішкі жан дүниесіне бойлай отырып, оның психологиясын үлкендермен салыстыра отырып, ашуға тырысады.
Түс көру процесі - жалғыз А.Алтай туындысында ғана емес, басқа да жазушылар шығармасында өзін-өзі ақтаған көркемдік-символдық қолданыстың бірі. А.Алтай әсіресе, түсте өз шығармаларында өте көп және зор роль атқаратын құрал ретінде пайдаланады. Ал түс – кейіпкердің көңіл-күйін, санасында үздіксіз жүріп жатқан прцестің бір сәтін белгілейтін көркемдік тәсілдің бірі. Қазақ прозасында түске соншалықты мән беріп, одан терең философиялық ой, әлеуметтік мәселе көтеру алпысыншы, жетпісінші жылдардан басталып, қазіргі кездегі буынмен де жалғасуда.
Адамның күрделі рухани әлемін, ішкі сезімін тереңдеп талдап көрсетуге айрықша мән беретін психологиялық прозада ішкі ғаламды аналитикалық психологизм, яки монолог, ішкі монолог, ой мен сезім қайшылықтары, ішкі диалог, бейсаналы сәттегі түс көру, сандырақтау, елес, елестету т.б. секілді бейнелеу тәсілдерін құраса, динамикалық психологизмге жататын мінездеу – сыртқы психологиялық қимыл көріністері, бейвербалды ишараттар, портрет, пейзаж, заттық әлем, көркемдік детальдар т.б. /6,83/ - деп жіктеп көрсетеді әдебиет зертеушісі Г.Пірәлиева. А.Алтайдың бұл повесінде психологиялық бейнелеу құралдарының бірі – түс көру тәсілі де сәтті беріледі.
Түс көру тәсілін кейіпкердің ішкі жан әлеміне тереңдей еніп, оның ойлау жүйесінің ерекшелігін айқындайтын психологиялық бейнелеу құралы ретінде қолданады. Жазушы бір түске арнайы тоқталып, ондағы оқиғаны, тіпті табиғатты суреттеп, психологиялық көріністерді талдап жазады. Бірақ та, А.Алтай түсті жоруды мақсат етпеген. Тек,түс жоруды, яғни артында не күтіп тұрғанын оқырманның өзіне қалдырады. Мәселен, баланың түсіне мән берейік:
«Бала мен атасы көгілдір таулардың арасында қалыпты. Иә, атасы екеуі екен...Таулар шымқай көк түсті матамен тыстағандай көгілдір. Аспан түстес. Әйтеуір түсінде солай көрінгені рас. Аласа келген алдындағы көгілдір төбе басында қан қызыл бөлтірік таутекедей секиіп тұр. Бұл «көзім алдап тұрған жоқ па» деп көзін уқалай жұдырығымен сүртіп, қайта қарайды. Жоқ, шынымен қызыл күшік.
- Ата, ананы қараңызшы! – деп бұрылса, ол ұшты-күйлі жоқ. Бала таңырқай, жан-жағына қарады. Атасы көрінетін емес. Маңай көгілдір сәулеге бөгіп тұр: жер де, көк те, алтын күн мен күміс ай жоқ. Бала қорқыныштан аталап, жалғыздықтан жылап жіберді. Жұдырықтай жүрегі көктемгі қатқақта шапқан аттың тағалы тұяғындай тарсылдап зәресі ұшты. Зар еңіреп атасы мен аулын іздеді. Қай жақ – шығыс, қай жақ – батыс? Белгісіз. Ауыл қай маңда? Кеседей төңкерілген керең, көгілдір дүние. Тастай тыныштық. Атасыз балаға бар өлке бос қалған. Үрейлі өлке суық, жан шыдамас жалғыздық жайлаған жапан. Есі шыққан бала қызыл күшік көрінген төбеге ерексіз қарады. Көзінде моншақтаған жас. Шымқай көк төбе басында қос қызыл Бөлтірік шоқиып отыр. Мына дүбірсіз дүлей дүниеден олар да бейхабар сияқты. Құдай-ау, жаңа ғана жалғыз емес пе еді? Кәдімгі қиялдағы қос бөлтірік. Мұны құйрықтарын бұлғаңдатып шақырғандай. Біздің артымыздан ер дейтін іспетті. Бұл көзінен жасы сорғалай төбеге қарай жүгірді. Ағыл-тегіл аққан жас бетін жуды боталап кеп. Міне, жүгіре де жөнелді. Табан асты әжесінің оюлай салған сырмағындай жұп-жұмсақ, жып-жылы. Өзіне сәлден соң қанат бітіп, қол-аяғы жерге тимей ұшып келеді. Бірақ төбе жеткізетін емес. Жақындаған сайын көгілдір дүниеге сіңіп барады. Төбемен бірге бөлтіріктер де көкжиекке сіңіп кетті. Таулар жылан жалағандай жоқ болып, төңірек көгілдір тұманға оранды. Бала тоқтап қалыпты. Қос бөлтірік те ғайып болған. Қайда тастап кетті олар мұны?.. Бұл бала ғой! Тұлдыр тұмша тұман жалмаған, жаны ашымас жапанда үрей билеп еңіремей-өңіремей бола ма? Тек соқыр тұман – билік құрған»/16.8/.
Бұл түс әңгіменің идеялық қазығы болумен қатар кейіпкердің бүкіл табиғатын, шын пердесін, ішкі иірімдерін, көңіл-сана түкпіріндегі құпия сырды, адам жанының болмысын ашудағы ролі өте зор. Шынында да баланың көрген түсі өңінде дәл келіп, жолаушылап келе жатқанда атасы көз жұмады да жалғыз қалған бала өзін тұманда қалғандай сезінеді.
Повесте түс көркемдік қызметте атқарып тұр. Яғни автор түсті шығарманың басында астарлы ой ретінде келтіре кеткен. Жазушы түстегі оқиғада кейіпкердің көңіл-күйін, сөйлеген сөзін қорыққан, таңырқаған сәттерін шынайы бейнелеп, түс көрушінің психологиясын анық береді. Автор түстің арманнан, қиялдан туындайтынында ескертіп отырады. Повесте баланың өңі мен түсі тұтасып кеткендей әсер береді. «Түс – мұнда бүкіл шығарманың идеясын, сюжеттік – композициялық, көркемдік тұтастығын құраудағы ең құнды бейнелеу құралы болып табылады. Түс кейіпкердің болмыс-бітімін, ішкі ой иірімдерінің құпия қалтарыстарының психологиялық, сезімдік тұрғыдан әшкерелеп, характерлік қызметін қоса атқарады» /6,88/.
Түс – біздің көркем әдебиетімізде күні кеше ғана көркемдік – символдық тәсіл болып қолданылған жоқ. Оның түптамыры – тереңде, сонау халық болып қалыптасып, ой-мұңы, ән-жыры, қисса-дастаны дүниеге келген қадам заманда-ақ, жыршы-жыраулар, ақын-шешенднр оны дастандарға, әсіресе батырлық («Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» т.б.) жырлары мен лиро-эпостық жырларға («Қыз Жібек», «Ләйлі-Мәжнүн», «Еңлік-Кебек» т.б.) әдеби тәсіл ретінде қосып, өздерінің айтар ойларын айшықтау үшін пайдаланған. Шынында да түс көру мотиві кездеспейтін қазақ эпосы сирек. Әрі қазақ халқында өзінің болмыс-бітіміне лайық түс жорудың дәстүрі де қалыптасқан /17.33/. Күні бүгінге дейін түс көру мен түс жору дәстүрі мен әдебиетіміздің кез келген жанрында әбден қалыптасқан көркемдік тәсіл ретінде қолданылып келеді. Өйткені, адам бар жерде саналы және еркіңнен тыс болатын психологиялық құбылыстардың болуы заңды. Ал, түс адамның шындықты санамен бейнелеуіне тікелей қатыспайтын психологиялық қүбылыс.
Кейіпкерлердің күрделі қақтығысқа, ішкі психологиялық тартысқа құрылуы А.Алтай шығармашылығына тән қасиет. Оның ең бір үздік үлгісі де осы «Қызыл бөлтірік» повесі.
Сонымен, қазіргі қазақ прозасында өз шығармашылығымен көп нәрсе айта білген А.Алтай әр кейіпкерлерінің өзіне тән психологиялық кескін-келбеті бар. Олардың кейіпкерлері тап болған психологиялық жағдайын бейнелеу тәсілдері де өзгеше. Аталмыш жазушылар кейіпкерлерінің ішкі психологиялық толғаныстарына бой ұрады да, өмір құбылыстарына байсалды ой парасат көзімен қарауға шақырып, өткен мен бүгіннің ажырамас, диалектикалық бірлігін тереңірек түсінуге көмектеседі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет