Қазіргі қазақ прозасындағы жаңашыл-модернистік сипаттағы жазушылар шығармашылығЫ



Дата04.02.2020
өлшемі18.02 Kb.
#447919
Статья Кусайын М

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛ-МОДЕРНИСТІК СИПАТТАҒЫ ЖАЗУШЫЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Құсайын Меруерт Мұратқызы, магистрант

Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті ( Семей қаласы)



Мақалада қазіргі қазақ прозасындағы жаңашыл-модернистік сипаттағы жазушылардың шығармашылығы, олардың шығармаларындағы тілдік-стильдік ерекшеліктер, әдеби әдіс-тәсілдердің жаңашыл сипаты, бұл топтағы жазушылар туралы бүгінгі әдеби сындағы ой-пікір алуандығы туралы сөз болады. Түйін сөздер: проза, бағыт,модернизм, ағым, эстетика, мәдениет, әдеби үдеріс,әдеби сын

Қай елдің болмасын әдебиетін алып қарағанда оның дүниежүзілік әдеби үрдістен тысқары қалып, өзінің ұлттық әдеби шеңберінде дамып, жетілгенін көре алмаймыз. Ұлттық әдебиетімізді әлемдік үдерістен бөліп те қарай алмаймыз. Өйткені, қазақ әдебиеті де дүниежүзілік әдебиеттің бір бөлшегі болғандықтан, әлемдік әдеби үрдістерден шет қала алмайтынымыз анық. Әлемдік әдебиеттегі ортақ ағымдар мен бағыттардың ұлттық әдебиетімізде алатын орнын айқындау, қазақ әдебиеті мен әлемдік әдеби үдерістердің байланысын зерделеу – әдебиеттанушылардың зерттеулерінде маңызды мәселе болып табылады. Ғылымның әртүрлі салаларында қазіргі таңда ең көп талқыланатын өзекті мәселенің бірі – модернизм құбылысы. Әдебиетте, философияда модернизмнің пайда болу кезеңі туралы пікірлер сан алуан. Біздегі әдебиеттану ғылымында модернизмнің ХХ ғасырда пайда болғаны туралы айтылады. Белгілі әдебиеттанушы ғалым А. Ісімақова мынадай пікір білдіреді: «Модернизмнің туған жылы да белгілі – 1910, Вирджиния Вулфтың айтуы бойынша сол жылғы күз. Философтар модернизмнің басталуын Гегель, Кант, Вольтер, Декарт, Руссо, Паскаль еңбектерінен табуды ұсынады. Бірақ бұлар модерн деп атаған құбылыс көркемдік модернизмнен басқаша екені де түсінікті». [1, 62 б.]. Модернизм өз дәуірінің мәдени қажеттіліктерінен туған, болмысты көркем бейнелеудің дәстүрлі әдістерінен бас тартқан бағыттардың жалпылама шартты атауы [2, 268 б.]. Модернизм адамның болмысын, табиғатын, ішкі сезімдерін ирония, ойын, сана астарындағы құбылыстар арқылы көрсетеді. Модернистік шығармаларда жеке тұлға мағынасыз болмыс алдында өзінің әлсіз екендігін сезінеді. Модернизм белгілері – жазушының барынша еркін, ашық түрде өзін-өзі ашуы, көркем тілді қолынан келгенше жаңартуға, жаңаша түлетуге ұмтылысы, өзіне жақын нақтылықтан гөрі алыс тұрған универсалды, мәдени-тарихи дүниеге назар аударуы. Осы қасиеттеріне қарап модернизмнің классикалық реализмнен гөрі романтизмге анағұрлым жақын екенін байқаймыз. Зерттеуші Н.А. Нагорная романтизмнен қосәлемділік идеясы мен поэтикалық екіұдайылықты өзіне мұра қылып алған «модернизмде суреткер идеалды әлем мен реалды әлемнің арасындағы қақтығыстың зардабын тартатынын» жазады [3, 191 б.]. Еліміз егемендік алған жылдары қазақ прозасында жаңашыл бағыттар көрініс тапты. Әрине, оған дейін де қазақ жазушыларының шығармаларында модернизмнің, тіпті постмодернизмнің белгілері болғандығы айтылады. Көптеген реалистік туындыларымыздың модернизммен тамырласып жатқанын байқаймыз. Жазушы, драматург Серік Асылбекұлының пікірінше: «Қазақтың ең алғашқы модернистері – прозада Ж.Аймауытов пен М.Әуезов, поэзияда М.Жұмабаев пен Бернияз Күлеевтер болатын. [4, 191 б.]. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда жазушылар өз шығармаларында адам мен қоғам арасындағы байланыстарды, адам болмысының мәнін айқындап беретін дүниетанымдық шеңбері кең кейіпкерлерді өмірге әкеле бастады. Қоғамдық құрылыс өзгеріске түскен сәтте бұрынғы сана мен идеалдардың жойылып, жеке сананың пайда болуы нәтижесінде шығармашылық толғанысы ұзаққа кететін проза жанры ширақ қимылдап, бір-біріне еш ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы, жазу стилі бар жазушылар жаңа заман биігінен қарап жазылған бірқатар үлкенді-кішілі шығармалар мен тың сюжеттерді алып келді. Тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасына белсенді араласып жүрген Ш. Мұртаза, М. Мағауин, Қ. Жұмаділов, Т. Рыскелдиев, Ә. Сараев, Т. Тілеуханов, Т. Нұрмағамбетов, Ұ. Доспамбетов, Н. Дәутайұлы, Ә. Асқаров, Ж. Шаштайұлы, Р. Отарбаев, Қ. Түменба К. Рахымжан, А. Кемелбаева, Ж. Қорғасбек, А. Алтай, Д. Амантай, Р. Мұқанова, Д. Рамазан тәрізді жазушылардың қатары М.Омарова, Г. Шойбекова, Л. Қоныс, М. Мәлік, Д. Бейсенбек, А. Әлмембет, А. Мырзахмет, Ә. Байбол, А. Нүсіп, Ә. Қоспағарова, Ү. Зұлхарова, М. Мұқашев, А. Шамшейтова, А. Мантаева, Б. Сарыбай, Е. Әбікенұлы, М. Отарбай, М. Алжанбай, Қ. Әбілқайыр, Қ. Тілеухан, Н. Қабдай, М. Қосын сынды жас жазушылармен толысты. Осылайша ұлттық әдебиетке жаңа есімдер келіп қосылды. Осы кезеңдегі қазақ прозасындағы модерндік ағымның аясында жазылған шығармалар қатарына М. Мағауиннің «Жармақ» романы мен Т. Әбдіковтың «Парасат майданы» повесін, Т. Нұрмағамбетовтың «Кене», «Ауған құстары», Н.Дәутаевтың «Айғыр кісі», А.Кемелбаеваның «Қоңыр қаз», М. Омарованың «Жол үстінде» атты әңгімелерін, А.Алтайдың «Туажат» романын, Д.Амантайдың шығармаларын, Р. Мұқанованың «Мысықтар патшалығы», А. Нұрғазының «Мен, мен ешкім емеспін» атты пьесаларын, Т. Кеңесбайдың «Ах, Мона!» әңгімесі, Дәурен Қуаттың әңгімелерін жатқызуға болады. Бұл шығармалардың көпшілігінде модернистік поэтика стилі айқын көрінеді. Қай жазушы болмасын өзінің шығармасында оқырманға жаңаша бір ой айтуға тырысады. Жаңа ой – эксперимент. Эксперимент дегеніміздің өзі – жаңашылдыққа құштарлық. Көркемдік – жалғыз тіл ғана емес. Себебі, тіл тұрғысынан алып қарағанда қазақ халқынан әлдеқайда жұтаң мемлекеттер бар. Бірақ олар ұлы әдебиет тудырды. Сондықтан белгілі бір дәрежеде эсперимент жасауға жол беру – дұрыс шешім. Қазіргі таңда қазақ прозасының кеңістігі сан алуан ізденістерге толы. Әдебиеттегі дәстүрлі даңғылда емес, жаңаша сүрлеу, соны соқпақта жаңа ізденістермен эксперимент жасап жүрген жас жазушыларға аға буын тарапынан айтылар сын да жоқ емес. Жастар тілді білмейді, олардың ізденістері дәстүрлі әдебиетімізге қайшы деген пікірлердің жаңсақтығын, авторлардың шығармаларындағы қысқа да нұсқалық, қарапайым тілмен бейнелеу, оқырманды бірден оқиғаға тарту арқылы баурап алу, қызығушылығын арттыру модернистік поэтикаға тән сана ағымымен қатар келгенін де уақыт көрсетіп жатыр.

Әдебиеттер:

1. Ісмақова А.С . Асыл сөздің теориясы. – Алматы: Таңбалы, 2009. – 376 б.

2. Энциклопедический словарь по культурологии. – М.: Наука, 1997. – 568 с.



3. Нагорная Н.А. Сновидения в постмодернисткой прозе // Русская речь. – 2003. – № 3. – С.14-16.

4. Майтанов Б. Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар. // «Қазақ әдебиеті» газеті, 2004. №43. – Б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет