4.4 Күрделі фразалық тұтастық және абзац
Көптеген ғалымдар мәтіннің кіші бірлігі деп сөйлемді емес, бірқатар сөйлемді біріктіретін ірірек бірлік – күрделі фразалық тұтастықты есептейді, оның күрделі синтаксистік тұтастық, мәтін компоненті, прозалық шумақ, синтаксистік кешен, монологтық айтылым, коммуникативтік блок және басқа осы сияқты синонимдері бар.
Атаулары әр түрлі болғанымен бұл терминдердің мәні біреу – шығарманың ауқымдырақ үзіндісінің құрамдас бөлігі болып табылатын, сөйлемнен ірілеу бірлікті анықтау.
1-тарауда айтылып өткендей, мәтін шағын формалы (микромәтін) композициялық көзқарас тұрғысынан тақырып қойылатын хабар, газет мақаласы, шағын әңгіме т.с.с. болса, күрделі фразалық тұтастықтың тұтас мәтінмен сәйкес келуі мүмкін. Алайда көп жағдайда күрделі фразалық тұтастық мәтіннің ірілеу үзіндісінің құрамдас бөлігінің функциясын атқарады.
«Сөйлем» мен «айтылым» ұғымдарын шектеу керек, себебі бұл ұғымдарды көбінесе ажыратпайды.
Айтылым сөйлеммен тығыз байланысты болса да одан елеулі айырмашылығы бар. Сөйлем – тіл бірлігі, онда әлем үзіндісінің заттық-нышандық бейнесі жинақталып тіркеледі: «Ұл скрипка ойнап отыр», «Қыз жағажайда қыздырынып жатыр».
Сөйлемнен айырмасы – айтылымда сөзді кімнің айтқаны, кімге арналғаны, себебі, мақсаты және басқалары маңызды, яғни денотативтік функцияға қоса нақты коммуникативтік жағдай көрініс табады; ал айтылымның өзі – коммуникативтік тұрғыдағы бірлік, сондықтан контекстке кіріп, пресуппозициялармен және импликациялармен сипатталады; онда айтушының коммуникативтік ниеті (сөйлеу интенциясы), мақсаты, тақырып пен ремаға өзекті мүшелеу жүзеге асады.
Айтылымда сөйлемнің лексикалық толығуы мен просодикалық рәсімделу бар; интонация айтылымға тән.
«Айтылым» терминін негізінен сөйлеуге қатысты қолданатын боламыз. Жазбаша сөзге қатысты сөйлем мен күрделі фразалық тұтастық ұғымдары қалады.
Мәтін лингвистикасы жөніндегі еңбектерде күрделі фразалық тұтастық анықтамалары мейлінше көп, сондықтан жұмыс анықтамасы ретінде мынаны таңдадық: күрделі фразалық тұтастық – ең азы екі сөйлемнен құралған, мағыналық, коммуникативтік және құрылымдық аяқталуымен және автордың хабарға қатысымен сипатталатын синтаксистік бірлік.
Күрделі фразалық тұтастық – күрделі құрылымдық-семантикалық бірлік, оның мәні оны құрайтын дербес сөйлемдердің мағыналарының жай қосылуының нәтижесі емес, бұл сапалы жаңа құрылымдық-мағыналық түзілім.
Қазіргі кезде мәтін төрт тұрғыда зерделенеді:
- семантика тұрғысында,
- прагматика тұрғысында,
- синтактика тұрғысында,
- функциялық тұрғыда.
Семантикалық тұрғыда бірлікті құрайтын сөйлемдердің мәніне көбірек көңіл аударылады. Дегенмен кейде мәтіннің біркелкі байланыспауы оның логикалық байланыстылығына теңестіріледі. Мәтіннің логикалық байланыстылығы мәтіннің байланыстылығына мүлде барабар емес, себебі мәтінде қарама-қайшылық, сәйкессіздік т.с.с. болады, ал бұл логикалық бірлікке жат.
Прагматика тұрғысында мәтіннің күрделі фразалық тұтастық бөліктерінің сабақтастығын анықтауға болады.
Синтактика тұрғысында екі негізгі бағыт бөлінеді:
а) дербес сөйлемдердің күрделі бірліктерге бірігу тәсілдерін зерделеу жолымен сөйлемнен ірілеу бірліктерді мүшелеп, зерттеу;
ә) сөйлемдердің байласымды мәтінде кірігуін жүзеге асыратын тілдік құралдарды тікелей зерделеу.
Дербес сөйлемдерді ірілеу бірліктерге біріктіру тәсілдерін зерделеуге арнаған еңбектерде күрделі фразалық тұтастық екі негізгі құрылымдық типке бөлінеді:
а) сөйлемдер бір-бірімен сабақтаса кіріккенде, аяқталған сөйлемдер арасындағы тізбекті байланысты прозалық шумақтар;
ә) сөйлемдерді өзара салыстыру немесе қарсы қою принципі бойынша салыстырғанда, сөйлемдер арасындағы параллельді байланысты прозалық шумақтар.
Прозалық шумақтардың өзінің құрылымы екі тұрғыда бөлінеді:
а) шумақтың ішкі құрылымдық ұйымын танытатын және сөйлемдерді қосудың синтаксистік құралдарымен байланысты өзіндік – синтаксистік;
ә) сыртқы суретін, контурасын, шумағын, ой мен тақырыптың дамуының сипатын анықтайтын композициялық-тақырыптық.
Сөйлем деңгейінде шумақтың осы екі типіне грамматикалық және өзекті (айтылымда) мүшелеу типі сәйкес келеді.
Күрделі фразалық тұтастықты зерделеу функциялық тұрғыда да жүргізіледі.
Күрделі фразалық тұтастық әртүрлі типтерінің бар екенін анықтайтын екі фактор: сөйлемнің бірлігін және солардың арасындағы байланыс сипатын құрастыратын түрлер, алайда бұл екі фактор өз кезегінде функциялық стильге, мәтіннің типіне, автордың өзіндік мәнеріне тәуелді.
Кейбір зерттеушілер күрделі фразалық тұтастықтан да ірі бірліктерді бөліп көрсетеді. Екі және одан көп күрделі фразалық тұтастық бір предикативтік-релятивтік кешенге бірігеді. Тілдік рәсімделуде осы кешенді бірлікті құрастыру принципі оған кіретін күрделі фразалық тұтастық санымен емес, оның мәтінде туындайтын өзара қатынастарымен, ақпаратты ұйымдастыру сипатымен анықталады.
Ақпараттың көлеміне және ортақ коммуникативтік тапсырманы орындау функциясына қарай осы кешенді бірліктердің мүшелері предикативтік (жетекші, анықтаушы) және релятивті (екінші деңгейлі, бағынышты) болып бөлінеді.
Предикативтік мүше дегеніміз – тұтас кешеннің құрамындағы концептуалды өзек, себебі ол сипатталатын оқиғалар туралы жаңа мәліметтерді хабарлау функциясын атқара отырып, кешен жеткізетін ақпаратқа көп үлес қосады.
Ал релятивтілік кешеннің басымды элементіне қатысты факультативтіліктің нышаны сияқты түсіндіріледі. Релятивтік элементтердің информативтік мәні предикативтік мүшенің информативтік мәнімен салыстырғанда онша мәнді емес, алайда бұл хабардың мәнерлік тұтастығын жасауда релятивтік элементтердің эстетикалық құндылығын төмендетпейді.
Л. М. Лосева күрделі фразалық тұтастықты синтаксистік категорияға жатқызады да, ал абзацты мәтіннің мазмұны мен құрылымына тән компонент деп есептейді [13, 92].
Достарыңызбен бөлісу: |