«бабалар сөЗІ» – ҚазақТЫҢ тарихи таным, КӨркем ойлау, СӨЗ Өнерінің айнасы алтынбеков Қ. С



Дата09.06.2016
өлшемі90.5 Kb.
#123209
ӘОЖ 398 (574)

«БАБАЛАР СӨЗІ» ҚАЗАҚТЫҢ ТАРИХИ ТАНЫМ, КӨРКЕМ ОЙЛАУ, СӨЗ ӨНЕРІНІҢ АЙНАСЫ
Алтынбеков Қ.С.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент, Қазақстан



Резюме

В данной статье «Бабалар сөзі» («Слова предков» или «Назидания предков») раскрывается суть их содержания и актуальные проблемы, которые необходимо распространять среди народа на современном этапе.

Summary

In the article is accentrated on the description of «Babalar sozi» which consists of 100 parts of items. The goal of scientific analysis of «Babalar sozi» is to spread it among population cncrent time.
Біз сөз қылғалы отырған қазақ фольклорының үлгілері жинақталып өткен жылдың соңында толық жарияланып баспадан шыққан «Бабалар сөзі» жүз томдық топтамасының жалпы сипаты мен ерекшелігін, мәнін айтпас бұрын осы асыл сөз дүниелеріміздің жариялануының алғы шарттарына тоқтала кетейік.

Қазақ халқының мәдени, рухани мол мұраларының жалпы адамзаттық өркениеттің, мәдениетінің тарихынан ойып тұрып алатын өзіндік орны бар. Солардың үлкен бір саласы – фольклоры. Бұлар сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткізіліп, халықтың есінеде сақталып отырды. Олар әр заман, дәуірлерде заман талабы, халық сұранысына орай өңделіп, жетілдіріліп көптеген нұсқаларымен, верисияларымен де жетті. Біздің заманымызға жетпей қалғандары да аз болмаса керек.

Фольклорлық мұралар қазақ халқының әр кезеңінде жас ұрпақтарының санасына сіңіп,  оларды отансүйгіштікке, әділдікке, имандылыққа, ынтымақ-бірлікке, адалдыққа тәрбиелеп отырғандығы белгілі. Танымдық, тәрбиелік мәні зор осы рухан мұраларымызды ел ішінен жинап, халыққа ұсыну, мәні мен мазмұнын, өзіндік сипат, ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан анықтаудың Шоқан Уәлихановтан басталған 150 жылдың шамасын қамтитын қилы-қилы жолы болды.

Еліміздің тәуелсіздігін алуы рухани мұраларымызды тануға, игеруге тың серпін әкелді. Кеңес дәуірінде идеология талаптарына байланысты қазақ фольклорын зерттеудің сыңаржақ тұстары да болғандығы мәлім. Тәуелсіздік алғаннан кезден бастап қазақ халқының, сонымен бірге түркі халықтарының ежелгі дәуірлердегі рухани, фольклорлық мұраларына жаңа көзқараспен қарап, кезінде кеңестік саясаттың әсерінен біржақты қаралып, оң бағаланбай келген жәдігерліктердің шынайы болмысы мен бітімін айқындау, белгісіз мұраларды тауып жариялау, тану бағытында іргелі жұмыстар жүргізіле бастады.

Кеңес дәуіріндегі қазақ фольклортануының жетістіктерін, әрине жоққа шығаруға болмайды. Фольклорлық мұраларды жинауға, зерттеуе кеңес дәуірінде арнайы экспедициялар ұйымдастырылып, ерекше мән берілгенін айтуға тиіспіз. Мәселен, 1920-1921 жылдардағы Ә.Диваев, т.б. сол сияқты зиялылар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар ұйымдастырған кешенді фольклорлық-этнографиялық экспедициялар жұмыстарының, сәл кейінірек құрылған ғылыми зерттеу орталықтарының атқарған игілікті жұмыстарының біразы сол дәуірге тиселі. Қазақ халқының фольклорлық мұраларының ең көп жиналған кезі де осы тұс болатын. Оның ішінде эпостық жырлар мол болды. Кеңес Одағы тұсында бұл эпостық жырлардың көбі баспа бетінде жарияланбады.

Фольклорлық экспедициялар жинаған фольклорлық мұраларды көптомдық түрінде жариялау ХХ ғасырдың 50-60-жылдары қолға алына бастады. Мәселен айтыстың 3 томдығы жарық көрді. 70-жылдары ғалым М.Ғабдуллиннің бастамасымен «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» топтамасының [1] 6 томы баспадан шықты.

80-жылдардың аяғына дейін қазақ фольклоры кешенді түрде жиналғанымен жүйелену жағы толық жолға қойыла қоймаған еді. Бұл мәселені ғылыми тұрғыда шешуге сол кезде Е.Ысмайылов, Рахманқұл Бердібай, С.Қасқабасов, Ш.Ыбыраев, А.Сейдімбеков сияқты қазақтың көрнекті фольклортанушы ғалымдары қолға ала бастаған болатын.

Жинақталған мол мұраның көптомдық ғылыми басылымдарын жариялау 80-жылдардың басында қолға алынып, шамамен 18 томдайы жарық көрді. Толық жариялауға деген талпыныс бұл кезде де кеңестік идеологияның әсерінен кедергіге ұшырап отырды. Қолжазбалардың ішіндегі мол жинақталған эпостық жырлармен қатар тағы да басқа шығармалардың жарияланбауының себебі туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ыбыраев: «Ол заманда фольклорлық қазына елу том болып жоспарланғанын айта кетуіміз керек. Көптеген томдары да шықты. Бірақ оның барлығы редакцияланып, белгілі бір идеологиялық сүзгіден, цензурадан өтті. Олардың ішінде қазақ халқының наным-сенім, мифтеріне қатысты дүниелері шығарылмады, әсіресе діни дастандардың, діни сипаттағы қандай да бір шығармалардың барлығы жабулы жатты.

Ол уақытта «Жазушы» баспасы қазақ фольклоры бойынша елу томдық мұраны шығарып жатқан. Алайда, ол кітаптарды шығару концепциясы кеңестік кезеңде жасалғандықтан, біз жалғасын баспаға беруді тоқтаттық», - деп жазды [2].

Міне осы 80-ші жылдарының басында «Көп томдық халық әдебиеті» атты ғылыми басылымдардың жарық көре бастауы, академиядағы қолжазба мұраларды жинау, сақтау, жүйелеу, жариялау, зерттеу мәселелерінің көтерілуі, 90-жылдардың басында Әдебиет және өнер институтында Қолжазба және текстология орталығы ашылуы, сол орталықтың жанынан арнайы бөлімдер дайындалып, жүйелеу, жариялау, зерттеу, жеке тақырыптар ретінде қарастырылуы алдағы атқарылатын үлкен жұмыстардың, «Бабалар сөзі» жүзтомдық топтамасының шығуының негізін даярлады деп айтуымызға болады. Осы жұмыстардың ұйымдастырылуының басында сол кезде ғалым Шәкір Ыбыраев болған еді.

Кеңес Одағы ыдыраған тұста танымал фольклортанушы ғалымдардың институттан басқа жұмыстарға кетуі көтерілген іргелі бастамалардың кідіріп қалуына алып келген-ді.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1998 жыл  «Ұлттық тарих және халық бірлігі жылы» деп аталуына орай республика көлемінде ауқымды экспедиция ұйымдастырылып, фольклорлық іссапарлар да жүзеге асырыла бастады. Бұған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклортану бөлімінің қызметкерлері белсене қатысты.

Әдебиет және өнер институтына 2002 жылы С.Қасқабасовтың директор болып келген кезінен бастап біршама уақыт тоқталып қалған көптомдықтар шығару мәселесі қайта қолға алынды да, 2002 жылы «Бабалар сөзі» деген атпен денін діни дастандар құраған алғашқы басылымдары – 7 томы жарық көрді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2003 жылы Қа­зақстан халқына Жолдауында: «Халықтың мол мұрасын, соның ішінде осы заманғы мәдениетін, фольклорын, дәстүрлері мен салттарын зерделеудің біртұтас жүйесін жасау қажет» деген болатын. Мемлекет басшысы хал­қы­мыздың аса бай мәдени мұрасын жинау, жүйелеу, зерттеу, бастыру және жаңғыртуды мақсат тұтатын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жасау жөнінде Үкіметке тапсырма беріп, тапсырманы орындау мақсатында рухани мұраларды зерттеуге бағытталған арнайы «Мәдени мұра» стратегиялық бағдарлама қабылданды.

Осы стратегиялық бағдарламаның аясында «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі», «Бабалар сөзі» жүзтомдық топтамасы жарық көрді [3]. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің шешімімен «Бабалар сөзі» жүзтомдық топтамасының ғылыми басылымын баспаға дайындау ҚР Ғылым Академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының  Қолжазба орталығының ғылыми қызметкерлеріне жүктеліп, толық жарыққа шығару Астана қаласындағы «Фолиант» баспасына тапсырылады. Бұл мәселеге Әдебиет және өнер институты үлкен үлес қосты.

Жүзтомдық «Бабалар сөзінің» жинағын шығару 2002 жылдан бастап қолға алынып, 2013 жылдың соңында 100-томы шығарылып, тұсауы кесілді. Осынша бай рухани қазынаны жинақтау, өңдеу, дайындау, редакциялау, баспадан шығару жұмыстарына он жылдай уақыт кеткен екен. 

Күрделі де әлемде теңдесі жоқ бірегей еңбек – «Бабалар сөзі» жүзтомдығының жарық көріп, рухани мол мұраның халқымыздың өзіне қайта ұсынылуына зор үлестерін қосқан институт ғалымдары С.Қасқабасов Б.Әзібаева, С.Қосан, М.Шафиғи, Қ.Алпысбаева, П.Әуесбаева, С.Сәкенов, С.Қорабай, Б.Әбжетов, Т.Әкімова, Ж.Рақышева, т.б. сол сияқты ғылыми қызметкерлерінің орасан еңбегі болғанын айтпай кетуге болмайды.

Халқымыз сан ғасырлар бойы жинақталып, ұзақ жылдар қолжазба қорларының сөрелерінде жатқан,  ХІХ-ХХ ғасырларда араб, латын және көне түркі жазуларымен басылғандықтан қалың оқырманға түсініксіз болып келген сөз өнерімен қайта табысты. Қазақтың сөз өнерінің бұл орасан зор көлемдегі жинағы, ғалым Тоқтар Әлібектің сөзімен айтсақ: ««Бабалар сөзі» жүз томдық топтамасы – ұлттық бренд. Бұл дүниежүзілік мәдениетте теңдессіз оқиға болды. Тұлпарды тұяғынан таныған халықтың бүгінгі ұрпақтары атадан балаға қалған мұраны космостық жылдамдықпен зымырап бара жатқан ХХІ ғасырда әлемге паш етіп отыр» [4].

Жүз томдық «Бабалар сөзінің» әлем халықтарының фольклорлық жинағынан кездеспейтін құбылыс болды десек артық айтқандық емес.

Бұл көптомдықтың басты ерекшеліктеріне тоқталсақ, мына жайттарды айтуға болады. Қазақстанның қолжазбалар мен сирек кітаптар қорларында бұрын жинақталып сақталған дастандардың бұл көптомдыққа енген шығармаларының 70-80 пайызы кеңестік идеологияның салдарынан бұрын жарыққа шықпаған екен. Дастандардың тақырып аясы өте кең. Кезінде діни дастандарды халыққа ұсынылмай келгендігінің себебі белгілі.



Жоба жетекшісі академик Сейіт Қасқабасов 100 томдықтың бүкіл бітім-болмысы туралы айта келіп: «Кеңес заманында тарихи жырлар, діни дас­тандар, мифтер, ырымдар мен тыйымдар, өзге де мұраларымыз ескерусіз қалып отырды. Біз осыны, министр айтқандай, бірінші қолға алдық... Біз оны «жаман» не «жақсы» деп бөлуге болмайтынын ойластырдық. Әр шығарманың тәрбиелік мәні бірінші кезекте шығып, саясиландырудан арылдық десек болады. Осындай табанды жұмыс өз нәтижесін берді. Мәңгілік елдің мәңгілік фольклоры жұрт қолына тиді. Бұл томдарға кірген жәдігерлердің кейбіреулері бұрын «күзелгенін», «түзелгенін» білеміз, ал мына жарияланымда халықтық қалпын сақтады»,- деп негізгі топтаманың басты ерекшеліктерінің біріне анықтама берді [4].

«Бабалар сөзінің» 63 томы эпостық жырларға арналған екен. Бұл 2004-2010 жылдар аралығында шыққан 63 томында 52 хикаялық, 65 діни, 57 ғашықтық дастан, 95 тарихи, 47 шежірелік, 4 топонимдік, 103 батырлық, 10 аңыздық жырлар мен олардың варианттары, версиялары қамтылған.

«Бабалар сөзі» жүз томдық топтамасының 12 томының Қытай қазақтарының фольклорына арналуы шет елдегі қандастарымыздың арасында да қазақтың фольклорлық мұраларының мол сақталғанын көрсетсе керек.

Кезінде халық арасында кеңінен айтылған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» сияқты жырлар бірнеше варианттарымен берілген. Көптомдық шығарушы ғалымдардың айтуына қарағанда бір ғана эпостық шығармалардың өзінен жүз том шығаруға болатындай екен. Ал оларды түгелдей шығару әр түрлі дәлелді себептер мен қыруар еңбекті керек еткен.

Көптомдықтың бұдан кейінгі томдарына қазақ фольклорының шағын жанрлары топтастырылған. Атап өтсек, 64-томға 2279 жұмбақ, 65-69-томдарға 27577 мақал-мәтел, 70-71 томдарға 6771 шумақ қара өлең, 72-77-томдарға 531 ертегі, 78-томға 77 миф, 79-томға Моңғолиядағы қазақтардың фольклоры – жалпы мәтін саны: 1247, 80-88-томдарға 370 топонимдік, 320 шежірелік, 356 күй, 612 тарихи аңыздар, 90-91 томдарға 198 ғұрыптық фольклор мәтіні, 92-томға 110 өтіріктер мен мысалдар, 93-94-томдарға 3515 магиялық фольклор мәтіні, 95-томға 200 хикаят, 96-98-томдарға 1033 ауызекі әңгіме, 99-100-томдарға 1416 шумақ ән-өлеңдер енгізілген екен. Жүзтомдықтың жалпы көлемі – 2600 баспа табақ. Ал кейінірек дайындалған 101-том – осы 100 томның мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші.

«Жүз том мұра бізге қазір не береді» деген сауалды қоя отырып, оған өзі қысқаша жауабын берген ғалым Ш.Ыбыраевтың ой-тұжырымдарымен түйіндер болсақ: «Осы жүз томды тану арқылы біз қазақ халқының өткен рухани өмірін тұтастай тани аламыз. Сонымен бірге, біз қазақ халқының әдет-ғұрпын, салтын, дүниетанымын, философиялық, көркемдік көзқарасын, қазақтың өз тарихына деген пайымын, қысқасы, кешегі ұлт өмірінің жалпы болмысын, тұтастай көрінісін, рухани өмірін тани аламыз. Бұл асыл қазына – қазіргі кезде тарихшыларға, психологтарға, қоғамтанушыларға, мәдениеттанушыларға, әдебиетшілерге, тілшілерге, этнографтарға, қазақ өмірін зерттейтін қоғамдық-гуманитарлық пәндердің барлығына да таптырмайтын құнды деректер. Солардың барлығына да қозғау салатын  еңбек осы жүз том болып табылады.

Жалпы, қазақ өмірінің, қазақ халқының қандай болғандығын білгісі келген адам осы жүз томға жүгінсе, сол жерден толық мәліметті алуына болады. Осы аралықта мына мәселені атап өтуге тиіспіз деп ойлаймыз. Басқа көрші елдерге, дүние жүзіндегі мемлекеттерге қарағанда, тіпті өзге халықтарды танығанда, қазақ халқының осындай ауызша фольклорлық мұрасының жүз том болып шығуы – ол біздің ғылыми ой жүйеміздің кемелденгендігін, халықтың мұрасына деген оң көзқарасымыздың қалыптасқандығын көрсетеді. Сонымен қатар, тәуелсіз ел ретінде өзіміздің рухани мұрамызды игеруге толық мүмкіндік алғандығымызды айғақтайды.

Жүз том – біздің еліміздің, ұлтымыздың өміріндегі елеулі бір үлкен оқиға, бүкіл әлем алдында қазақ халқын мақтанышпен көрсете алатын ұлттық бренд. Тұтастай алғанда, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы бұл еңбектің үдесінен шықты. Жүз томдық «Бабалар сөзі» – институттың тәуелсіздік жылдары атқарған ең қабырғалы ісі деп айтуымызға болады. Бұл жұмыстың игілігін қазақ халқының болашақ ұрпағы көреді» [2].

Енді «Бабалар сөзі» көптомдық топтамасындағы рухани мұралардың құндылықтарын қазіргі рухани болмысымызға қалай ендіріп пайдалану керек деген мәселеге келер болсақ, ол жөнінде қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері бұрын жарияланбаған фольклорлық мәтіндерді, қалың оқырманға мәлім емес дереккөздерді ғылыми айналымға түсіру, оқу процесіне ендіру керектігі туралы, сондай-ақ ұлттық руханият пен мәдениетті жаңғырту үшін филология ғана емес, оған іргелес тарих, тіл білімі, философия т.б. ғылымдар үшін де негізді деректану базасы бола алатындығы туралы ойларын ортаға салып жүр.

Қазақта «Біткен іске сыншы көп» деген сөз бар.

Қалай айтсақ та, ондаған жылдардың қажырлы еңбегін керек ететін халқымыздың осынау телегей теңіздей мол мұрасын бас-аяғы он жылдың ішінде жүз томдық кітап етіп ұсынған, «Бабалар сөзі» жүзтомдығының негізгі жұмыстарды атқарған небәрі оншақты адамнан тұратын М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба бөлімінің қызметкерлерінің еңбектері жоғары бағалауға тұрады.

Көптомдықтағы Қытай қазақтарының фольклорына, көптомдықта жанрлардың берілуіндегі жүйелілік мәселесіне, тиражына қатысты айтылып жүрген сын, ой-пікірлер де жоқ емес. Әрине, айтылып жүрген бұл ойлардың алдағы кезде ескерілуге тиісті жақтары бар. Мәселен, тиражының өте аздығы. Екі мың данамен ғана шыққан бұл жәдігерліктерді төрт мыңнан астам кітапхана бар елімізге жеткілікті болады деп айта аламыз ба? Бұл көп томдықтардың көбісін қазір кітап дүкендерінің сөресінен таба алмайсыз.

Ия, материалдық та, рухани дүниелер де заманына қарай өңдеу арқылы халық игілігіне айналатынын ескерсек, бұл жинақталған бай мұрамыз да шығармашылық адамдарына мол материалдық азық болатыны анық. «Драматургтер, ақындар, жазушылар, режиссерлер үшін «Бабалар сөзі» – нағыз қазына, таптырмас дерек, таусылмас мұра, сарқылмас бұлақ». Қазіргі кезде қоғамымыздың барлық өндірістік, руханият, ғылым мен білім беру салалары да инновациялық технологияларды қолдана отырып, қоғамның жаңаруына, адамның қажеттілігін қамтамасыз етуге баса назар аударуда. «Инновация» терминiнің түпкі мағынасы латын тілінде «жаңару, өзгеру» дегендi бiлдіріп, кейінгі жаңа заманда белгiлi бiр мәдениеттің кейбiр элементтерінің бiрiнен екiншісіне енгiзілуі дегендi бiлдiретінін ескерсек, «Бабалар сөзіндегі» құндылықтарды да қазіргі болмысымызға жаратуымыз керек.

Енді осы мол мұраны көпшілік болып халыққа жеткізудің, насихаттаудың тиімді жолдарын қарастыруымыз керек. Біздің ойымызша, бұл мақсатта қазіргі ақпараттық техника құралдарының дамыған кезіндегі мүкіншіліктерін пайдалана отырып, мынандай бағыттағы іс-шаралар қолға алынуы қажет деп санаймыз:

1. «Бабалар сөзін» тиражын көбейтіп қайта басу.

2. Қазіргі заман талабына орай электронды нұсқаларын шығару.

3. Ондағы фольклор үлгілерін, мәселен, жыр-дастандарды шебер орындаушылардың орындауында өзіндік орындалу ерекшеліктерін сақтай отырып әуен-мақамымен, дыбыстық (аудио), бейне (видео) таспаларға түсіріп, жалпы халықтың қолжетімділігіне жағдай жасау. Дыбыстық (аудио) жазбалар арқылы тарату кейбір жұмыс орындарында, көліктерде келе жатып та адамдардың қалаған уақытында тыңдауына мүмкіншіліктер туғызады.

4. Қазіргідей отандық телеарнарларды шет елдік сериалдар мен мағынасы, танымдық, тәрбиелік мәні төмен бағдарламалар қаптаған уақытта солардың орнына белгілі бір уақытта фольклорлық үлгідегі туындыларды беріп көрсетіп отырса, көрермендер де сол уақытқа ыңғайланып тыңдауға, көруге бейімделер еді.

5. Республикалық «Шалқар», «Қазақ радиосы», жергілікті облыстық, аудандық радио тораптары да белгілі бір уақыттарда фольклорлық үлгілерді тыңдармандарына ұсынып отырғаны тиімді. Бұлайша жасаудың іске асқан тәжірибесі бар. Мысалы, өткен жылдары «Қазақ радиосынан» кешкі уақытта тыңдауға ұсынылып отырған «Қыз Жібек» сияқты жырлардың берілетін уақытын халықтың ықыластана күтіп жүргеніне куә болдық.

6. Балалар фольклорының негізінде танымдық, тәрбиелік мәні бар үлгі ойындар жасап ұсыну, сондай-ақ аңыз-әңгімелер, батырлық жырлар сюжеті арқауында, т.б., анимациялық, мультификациялық фильмдер жасап көрсетіп отыру қажет. Жас ұрпақтың бүгінгі алған сапалы тәрбиесі – еліміздің ертеңгі жарқын болашағың кепілі.

7. Эпикалық туындылар сюжеті негізінде драматургтердің сахналық қойылымдарды, кино саласындағы мамандардың тарихи фильмдердің киносценарилерін жасауға көңіл бөлуі де аса маңызды.

Бұл сипаттағы іс-шараларды атқаруда ұраншылдық, даңғазалық пен жасандылыққа орын бермей, істің үйлесімділігі мен тиімділігіне, дәстүр сабақтастығына көңіл бөлініп, пайымдылықпен, орнықтылықпен орындалуына жете назар аударылуы қажет.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы Алдан Смайылдың осы жүзтомдықтың «ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде, Майндағы Франк­фурт қаласындағы кітап көрмесінде тұсаукесерін өткізу, әлемдік тілдердегі салмақты журналдарда ғылыми мақалалар жариялау, осы оқиғаға орайластырылған халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастыру, дүниежүзіндегі ең танымал кітапханалардың қорында осы құнды басылымның болуын қамтамасыз ету қажет» деп [6] ҚР Үкіметіне жолдаған депутаттық сауалы қолдау тауып іске асырылып, орындалып жатса, қазақ рухы әлемдік деңгейде таныла түсер еді. Елбасымыздың Жолдауында айтылған «Мәңгілік ел» идеясында адамгершілік рухтың жоғарылылығына, отансүйгіштік мәселелесіне баса назар аударылғаны белгілі. Адами құнды қасиеттерді ардақтаудың, шынайы патриотизмді, ерлік көрсетудің озық үлгілері фольклорлық туындыларда екенін ескерсек, «Бабалар сөзі» жүзтомдығындағы, т.б. сол сияқты халықтық ауыз әдебиеті үлгілерін, өнер туындыларын қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа таныту, насихаттау баршамыздың міндетіміз болуға тиіс.
Әдебиеттер:

1 Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы. 1-9 кітап. – Алматы: Ғылым, 1975-2012.

2 Ыбыраев Ш. Бағасы бөлек, бәсі биік. «Егемен Қазақстан. 21 ақпан, 2014.

3 Бабалар  сөзі: Жүз томдық [Мәтін]. Астана: Фолиант, 2003-2013.

4 Әлібек Т. «Бабалар сөзі» – ұлттық бренд». «Қазақ үні» газеті. 19 наурыз, 2014 жыл.

5 Қасқабасов С.Халық қазынасы қаз-қалпында берілді. «Егемен Қазақстан. 21 ақпан, 2014.



6 Смайыл А. «Алаш айнасы» газеті.18 ақпан, 2014.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет