1.1 Салалық аударманың теориялық және әдіснамалық мәселелері (тау‑кен өндірісі негізінде)
Аударматану дербес ғылым ретінде қарқынды дамып жатқанына қарамастан, әлі күнге аударматану аясының кейбір арнайы салалары толық деңгейде зерттелмеген және қамтылмаған. Бұл бөлімде аударматанудың шетелдер мен Қазақстанда қалыптасуы мен дамуын қарастыра отырып, қазіргі таңда отандық аударматанудың алдына қойылатын жаңа міндеттерді анықтайтын боламыз.
Аударматанудың тілтаным ғылымына дейінгі кезеңі басты доместикация және форенизация бағыттарында дамығанын T. Savory еңбектерінен білеміз. XX‑ғасырдың екінші жартысындағы аударматану лингвистикалық, эмпирикалық және интеграция бағыттарында дамыды [32].
Аударматану саласындағы зерттеулердің жалпы лингвистикалық негізін қалаушылардың еңбектері мынадай үш бағытта дамыды: мәтінге бағыттылық (textocentric approach), аударма процесіне бағыттылық (translation process) және кешенділік бағыты (complexity). Мәтінге бағыттылық аясында аударматанушылар түпнұсқа тілі мен аударма тіліндегі мәтін талдауына басты назар аударды. Аударма процесіне бағыттылық кезінде зерттеудің теориялық мәселелеріне аса көңіл бөлінумен қатар, аударматанушылар теория мен практиканы байланыстыра бастады. Ал кешенділік бағытында аударматанудың мәселелерін салаларға бөліп-жармай, жалпы аударматану мәселелерін шешуге тырысты.
R. Jakobson [33], G. Mounin [34], аударманы салыстырмалы тіл білімі мен қолданбалы тіл білімі тұрғысынан қарастырған K. Bausch, Прага мектебінің өкілдері E. Beneš, V. Fried және V. Schwanzer «аналитикалық талдау» терминін қолданысқа енгізсе, G. Jäger «типология», «характерология», M. Wandruszka «салыстырмалы тіл білімі» [35], A. Malblanc [36], J. Vinay және J. Darbelnet «салыстырмалы стилистика», J. Darbelnet «дифференциалды тіл білімі» [37], M.A.K. Halliday, A. McIntosh, P. Strevens «салыстырмалы дескриптивті тіл білімі және контрастивті тіл білімі» [38] терминдерін қолданысқа кеңінен енгізіп өз зерттеулері мен тұжырымдарын дәлелдеуге тырысты.
O. Kade аударма мәселелерін коммуникация теориясы тұрғысынан зерттеп [39], J. Catford лингвистикалық аударманың теориясын баламалылық тұстарынан тұжырымдады. Өз еңбегінде J. Catford аударма баламасының толық және жартылай аударма (full translation and partial translation), тұтас және шектеулі аударма (total and restricted translation), фонологиялық аударма, графикалық аударма, аударма рангі (rank of translation) тәрізді түрлеріне ажыратып, аударма баламалығын эмпирикалық феномен ретінде және мәтін баламалығы мен формалды сәйкестік түрінде қарастырды (textual equivalence and formal correspondence) [40].
Аударма ғылымы мен сәйкестіктер принципін E. Nida [41] формалды баламалық немесе глосс-аударма (gloss translation), динамикалық баламалық принциптері арқылы қарастырды.
Аударманың коммуникативтік және функционалдық баламалығын G. Jäger, аударманың прагматикалық аспектісі тұсынан қарастырып «идиологема» терминін енгізген A. Neubert дәстүрлі терминологияда қолданыстағы еркін аударма мен сөзбе-сөз аудармаға адекватты және адекватты емес аударма деген терминдермен алмастыруды ұсынды [42].
Өз кезегінде C. Voegelin көпдеңгейлі (8 деңгей) аударманың болуын дәлелдеуге тырысса, [43], K. Reiss аударма мәтіндері мен әдістерін жіктеп, мәтін типологиясының аудармаға релевантты тұстарын атап көрсетті [44].
Ал аударманың техникалық тәсілдеріне келетін болсақ, J. Vinay және J. Darbelent негізін қалап кеткен аударманың мынадай трансформациялары көптеген аударматану саласындағы ғалымдардың еңбектеріне негіз болды: кірме аударма, калькалау, сөзбе-сөз аударма, транспозиция, модуляция, эквиваленция немесе баламалау және адаптация.
Ал АҚШ аударматануын зерттеген О. Полютова өз еңбегінде аударматану ғылымының мынадай бағыттарда дамығандығын көрсетеді: мәдени-этнографиялық, діни, әдеби-поэтикалық, прагматикалық, әкімшілік-іскери, әскери, конференцияларды аудару, сот аудармасы, сурдоаударма және әкімшілік-тұрмыстық аударма [45].
Салалық аударманың қалыптасуына дейін аударматанудың дербес ғылыми пән ретінде қалыптасуы мен дамуын В. Комиссаров төрт кезеңге бөліп қарастырды [46].
Аударматанудың қалыптасуының ең алғашқы кезеңінде теориялық мәселелермен негізінен көркем әдебиетті аударушылар жеке тәжірибелері аясында айналысқаны бәрімізге белгілі. Аталған кезеңдегі аудармашылар негізінен түпнұсқа тіліндегі еңбектерді тура аударумен айналысты. Осы себепті, аудармашылардың түпнұсқаны аударудағы құқықтарын теориялық түрде негіздеу қажеттілігі туды.
XIX ғ. аяғына қарай аудармашылар «нормативтік аударма теориясын» қалыптастыру арқылы аударманың сапасына талаптар қоя бастады.
XX ғ. ортасына қарай аударма мәселелері тілші ғалымдардың назарын аударып, аударматанудың ғылыми теориялары негізделе бастады. Осы кезеңдерде В. Гумбольт «аударылмаушылық теориясы» мәселесіне назар аударды.
XX ғ. 50-жылдарында аударматанудың аясы кеңеюіне байланысты тілші ғалымдар аударматануды арнайы пән саласы ретінде қарастырып, оны жүйелі түрде зерттеуге көшті.
И. Убоженконың еңбегіндегі шетелдік аударматанудың теориялық және әдіснамалық деректерін басшылыққа ала отырып, аударманың негізгі үш бағытын атаймыз [13, с. 50]:
лингвистикалық тәсіл;
эмпирика тәсілі;
интеграция тәсілі.
Біздің зерттеу жұмысымыздың тақырыбы белгілі бір пән саласының терминдерін аудару болғандықтан, тау‑кен саласының терминдерін аудару эмпирика және интеграция тәсілдері арқылы жүзеге асады.
Достарыңызбен бөлісу: |