БАҒдарламасы қазақстан Республикасы Президентінің



бет2/4
Дата23.02.2016
өлшемі431.5 Kb.
#4084
1   2   3   4
Орта білім

Білім беру жүйесінің базалық деңгейі орта білім болып табылады. Оны тегін алу құқығына ел Конституциясы кепілдік береді.

Орта білім беру жүйесінде материал­дық-техникалық, оқу-әдістемелік база­ның нашарлығына, сондай-ақ оқытудың маз­мұны мен әдістерін жаңарту қажет­тілігіне байланысты проблемалар орын алған.

2010 жылғы 1 шілдедегі жағдай бо­йынша республикада жергілікті атқару­шы органдар (бұдан әрі – ЖАО) мен Қазақ­стан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне (бұдан әрі – БҒМ) ведомст­волық бағынысты 7576 мемлекеттік күн­дізгі жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, онда 2,5 млн.-ға жуық оқушы білім алады. Мектептердің жалпы санының 64,6 %-ы үлгілік, 35,4 %-ы – ыңғайлас­тырыл­ған ғимараттарда орналасқан, 201 мектеп апатты жағ­дай­да. Мектептердің 37,4 %-ы тасымалданатын суды пайдаланады. 70 мектеп 3 ауысымда, 1 мектеп 4 ауысымда жұмыс істейді. Мектептердің 25,1 %-ы күрделі жөндеуді қажет етеді.

Республиканың негізгі және орта мектептерінің 47,4 %-ы жаңа үлгідегі физика кабинеттерімен, 13,2 %-ы химия, 16,3 %-ы биология, 46,7 %-ы лин­гафондық мультимедиалық кабинеттерімен жабдықталған.

Әрбір бесінші мектепте асхана мен буфет жоқ. Мектеп асханаларының жаб­дықтары мен мүкәммалының ескіруі 80 %-ды құрайды. Мектептердің 26,4 %-нда спорт залдары жоқ. Мем­ле­кет қар­­жыландыратын арнайы автобустармен балаларды мектепке тасымалдау бағдарламасы жоқ.

Осылардың барлығы 12 жылдық білім беру моделін енгізу мерзімін кейінге қалдыруға себеп болды.

Қазақстандық білім беру жүйесінің ерекшелігі – мектептердің жалпы саны­ның 56,5 %-ын құрайтын (2005 жылы – 52 %) ШЖМ болуы. Оның ішінде, ауылдық жерлерде – 68,6 %.

Іс жүзінде әрбір төртінші мұғалім ШЖМ-да жұмыс істеп, әрбір алтыншы қазақстандық оқушы ШЖМ-да оқиды.

Мүмкіндіктері шектеулі балалар саны өсуде. Егер 2005 жылы олардың саны 124 мыңды құраса, 2010 жылы 149 мыңнан асты. Олардың 41,4 %-ы ғана арнайы білім беру бағдарламаларымен қамтылған.

Қазіргі заманғы білім беру жүйесі, оқытудың инновациялық нысандары мен әдістерін енгізу педагог қызмет­кер­лердің тұлғасына және кәсіби құзырет­тілігіне жоғары талаптар қоюда.

Бүгінгі таңда педагог еңбегін мате­риал­дық және моральдық жағынан ынталандыратын және оның әлеуметтік мәртебесін көтеретін барабар заңнама­лық база мен жүйе құрылмаған.

Жұмыс істейтін әрбір бесінші мұға­лімнің жасы 50-де және одан да үлкен. Педагогтердің жалпы санынан 3 жылға дейінгі өтілі барлар – 13 %. Жыл са­йынғы жас кадрлар есебінен толығу тек 2,6 %-ды құрап отыр.

Гендерлік сәйкессіздік, кәсіп фемини­за­циясы (81,3 % әйел мұғалімдер) бай­қалып отыр. Төмен жалақы (еліміздегі орташа жалақының 60 %-ға жуығы), педагог кәсібінің беделінің болмауы жо­ға­ры білікті кадрлардың бұл саладан кетуіне ықпал етеді. 2000 жылдан бастап қыз­меткерлер жалақысының 400 %-ға өске­ніне қара­мас­тан, оның деңгейі еліміздегі төмен дең­гейлердің бірі бо­лып қалып отыр.

Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыты өскелең ұр­пақ­ты тәрбиелеу жүйесін дамыту болып табылады.

Алайда, білім беру ұйымдары мен ба­ла­лардың қоғамдық ұйымдарының тәр­бие беру әлеуетінің тиімділігі төмен болып отыр. Мектептерде еңбекпен тәр­биелеу және кәсіптік бағдарлау жүйесі жойылған, мектептердегі және мектептен тыс ұйымдардағы көркем және музыкалық шығармашылық үйірмелері­нің, спорт секцияларының саны жеткіліксіз. Балалар мен мектептің қоғамдық ұйымдарының қызметі дұрыс жолға қойыл­маған. Балаларды қосымша білім берумен қамту басқа елдермен (30 – 50 %) салыстырғанда 21,5 %-ды ғана құрайды. Білім алушыларды спорт сек­ция­ларымен қамту бүгінде 20 %-ды құрайды.

Орта білімге кері әсер ететін факторлар – ескірген әдіснамалар мен білім беру мазмұнын іріктеу қағидаттары. Ақпараттың шамадан тыс болуы оқуға деген ынтаның төмендеуіне және оқу­шы­лар денсаулығының нашарлауына әкеледі. Оқыту тұлғаны дамытуға емес, жалаң нәтижелер алуға бағытталған.

Осылайша, қазіргі бар проблемалар орта білім жүйесін қазақстандық қоғам дамуының қазіргі заманғы талаптарына және әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу шарттарына сәйкес жаңғыртуды талап етеді.

Техникалық және кәсіптік білім

ТжКБ жүйесі тұлға мүдделерін, ең­бек нарығының сұраныстарын және эко­номика мен әлеуметтік саланы да­мы­тудың перспективаларын қанағаттан­дыруда маңызды рөл атқарады.

2010 жылғы 1 шілдедегі жағдай бо­йын­ша жалпы мемлекеттік статистика деректері бойынша 786 ТжКБ оқу орны жұ­мыс істейді, 2005 жылмен салыс­тырғанда олардың саны 64-ке өсті, оның ішінде 306 кәсіптік лицей, 480 колледж. Олардың 22,8 %-ы ауылдық жерлерде орналасқан.

Жалпы білім беретін мектептерді бітірушілердің 32,7 %-ы кәсіптік лицейлер мен колледждерде оқуын жалғас­тыруда, оның ішінде 9-сыныптан кейін – 24,8 %, 11-сыныптан кейін – 7,9 %.

ТжКБ оқу орындарында 609 мың адам, оның ішінде 36,3 %-ы ғана мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда.

Техникалық және қызмет көрсету ең­бегінің білікті мамандарын даярлау 177 мамандық және 416 біліктілік бо­йынша жүзеге асырылады.

Сонымен қатар еңбек нарығында кә­сі­би стандарттардың, мамандарға қойы­латын қазіргі заманғы біліктілік талап­тарының болмауы индустрия және жұ­мыс берушілер сұраныстарына кадрлар­ды даярлау мазмұнының барабарлы­ғына қол жеткізуге мүмкіндік бермейді.

ТжКБ жүйесінің қолданыстағы ин­ф­ра­құрылымы мен материалдық-техни­калық жарақтандыруы кадрлар даярлау­дың сапа­сы мен жастар үшін оқытудың тартым­дылығын қамтамасыз ете алмайды.

Жоғары деңгейде білім беру үшін инженер-педагог қызметкерлерді қолдау­дың төмен болуы біліктілігі жоғары кадр­лардың экономиканың басқа сала­ларына ауысуына себеп болуда.

Тиімсіз басқару нарықтық жағдайда оқу орындарының бәсекеге қабілет­тілі­гін қамтамасыз етпейді.

Аз қаржыландыру және мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бір маманды оқытуға кететін шығыстар құны оқушының қазіргі заманға сай біліктілік алуына мүмкіндік бермейді.

Бұдан басқа үздіксіз білім алу және біліктілігін өмір бойы арттыру мәсе­ле­лерін шешу қажет.

Білімге негізделген экономика және қоғам, өмір бойы оқыту – бәсекеге қабі­лет­тілік пен жаңа технологияларды қол­дану проблемаларын шешудің, әлеумет­тік бірлікті, тең мүмкіндіктер мен өмір сапасын жақсарту тәсілдері болуы тиіс.

Жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім және ғылым

Жоғары білім республика экономи­касының барлық салалары үшін құзы­ретті және бәсекеге қабілетті мамандар­ды кәсіби даярлауды қамтамасыз етуде, ғылым мен өндірісті біріктіруде маңыз­ды рөл атқарады.

Қазіргі уақытта 148 жоғары оқу орны (9 ұлттық, 2 халықаралық, 32 мемлекеттік, 12 азаматтық емес, 90 жеке меншік жұмыс істейді, оның ішінде 16-ы акционерленген), онда 595 мыңнан астам адам оқиды.

Көптеген жұмыс берушілер жоғары оқу орындары оқытып шығаратын мамандар сапасына қанағаттанбайды. Бі­лім беру бағдарламалары жұмыс беру­шілердің күткен нәтижелеріне жауап бермейді және экономика талаптарына сәйкес келмейді.

Қазақстанда барлық жоғары білім жүйесін қамтитын маңызды жасырын фак­тор жемқорлық болып табылады. Оны жоюдың нақты шаралары қабыл­данбайынша жоғары білім саясаты тиімді болмайды.

Жоғары оқу орындарын кадрлармен қамтамасыз етуде кері үрдіс орын ал­ған: профессор-оқытушы құрамын жү­йе­лі даярлау жоқ, қоса жұмыс атқару кеңінен таралған.

Қазақстанның жоғары оқу орындары­ның материалдық-техникалық ресурс­тары жеткілікті қарқынмен жаңартыл­майды. Жоғары оқу орындарында гума­ни­тарлық мамандықтар сияқты техни­калық мамандықтар бойынша да кітапхана қорын жаңартудың бекітілген нор­ма­лары сақталмайды. Көптеген пәндер бойынша оқулықтар әзірленбейді немесе аз тиражбен басылады. Жоғары оқу орындарының ақпараттық ресурстары біріктірілмеген, кітапхана қоры бы­тыраң­қы сипатқа ие.

Қазіргі уақытта білім беру қызметін қар­жыландыруды мемлекеттік қолдау­дың қазіргі тетіктері жеткіліксіз.

Білімді, ғылымды және өндірісті біріктіру, жоғары оқу орнынан кейінгі білімді ғылым мен техниканың қазіргі кезеңдегі жетістіктері негізінде дамыту бүгінгі күн­де экономиканы дамытудың басым бағыт­тарының бірі болып та­былады.

Ғылым саласында бірқатар шешілмеген проблемалар бар.

Ескірген материалдық-техникалық ба­­за және зертхана жабдықтары сапалы ғылыми зерттеулерді жүргізуге мүм­кіндік бермейді.

Жобалау институттары мен конструк­торлық бюролар санының жеткіліксіздігі өндірістегі технология трансфертін бә­сеңдетеді. Жобалау институт­тары­ның, конструкторлық бюролардың және өндірістің жоғары оқу орындарымен өзара қарым-қатынас тетігі жоқ.

Жастарды ғылымға тарту үшін жағ­дай­лар жасалмаған. Кадрлардың қар­таюы байқалады. Ғылыми қызметкер­лер­дің орташа жасы – 55-те.

Қазақстанның жоғары оқу орын­дары­ның ғылыми әлеуеті аса тиімсіз пай­даланылады.

Білімнің, ғылымның және өндірістің арасындағы байланыстың нашарлығы мына себептерге негізделген:

жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдар арасындағы ведомствоаралық кедергілер;

жоғары оқу орындарының ғылымын жеткіліксіз қаржыландыру;

ғылым мен техниканың жетістіктеріне орай әрекет етуге, өндірістің өзгер­ген сұранысын есепке алуға мүмкіндік бермейтін білім беру процесін шамадан тыс әкімшілендіру;

жеке меншік сектордың білімді, ғы­лымды және инновациялық қызметті қар­жыландыруды жүзеге асыруға эконо­ми­калық ынталандыру шаралары­ның болмауы.

Қазақстанда әзірлемелерді орындай­тын және ғылыми-зерттеу және тәжіри­белік-конструкторлық жұмыстарды нә­тижесіне жеткізуді қамтамасыз ететін, оларды тәжірибе жүзінде іске асыратын инновациялық құрылымды қолдаудың инс­титуционалды нысандары дамымаған.

Қазақстандағы ғылыми әзірлеме­лер­дің үлес салмағы дамыған елдерде қабылдан­ған деңгейден он есе төмен қалып отыр.

Тәрбие жұмысы және жастар саясаты

Білім беру жүйесін жаңғыртудың ма­ңызды міндеттерінің бірі – өкілдері бәсекеге қабілетті білімді меңгерген, ой-өрісі дамыған ғана емес, жоғары азаматтық және адамгершілік ұстаны­мы, отансүйгіштік сезімі мен әлеумет­тік жауапкершілігі қалыптасқан зияткер ұлтты қалыптастыру болып табылады.

2010 жылдың басында 14 – 29 жас ара­лығындағы халықтың саны жалпы ха­лық­тың 28,7 %-ын құрайды. Ауыл­дық жер­­лерде тұратын жастардың үлесі – 49,1 %.

2010 жылдың басында туылғаннан бастап 18 жасқа дейінгі жас өспірім­дер­дің саны 5 млн. адамға жуық. Балалар­дың құқығы мен мүдделерін қорғауды жергілікті атқарушы органдардағы мамандар қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік жастар саясаты сала­сын­да мынадай проблемалар орын алып отыр.

Жастар арасындағы тәрбие жұмысын үйлестірудің орталықтандырылған жү­йе­сі жоқ.

2008-2009 жылдардағы әлеуметтік сауал­­дың деректері бойынша жастар ұйым­дарының қызметіне қатысатын жас­тардың үлесі жастардың жалпы санының 22 %-ын құрайды.

Өкілді органдардағы жастар сая­саты­ның мәселелері бойынша шешімдерді қабылдауға қатысатын жастардың үлесі 1 %-ға жетпейді.

Әлеуметтік сауалдың нәтижелері рес­понденттердің 64 %-ы мемлекеттік жо­ғары оқу орындарын жемқорлыққа аса бейім деп санайды, 54 %-ы жоғары оқу орындарында жемқорлықтың деңгейін жоғары деп бағалайды, 28 %-ы диплом­дарды «сатып алу» фактілерін көрсетеді.

Барлық балалар үшін өз құқықтарын то­лығымен пайдалану қамтамасыз етілмеген.

Одан басқа, білім саласында білім беру статистикасы мәліметінің біртұтас базасы жоқ. Білім берудің мемлекеттік статистика нысандарында кең жария­ла­нымдар жоқ, біріктірілмеген, олар бо­йын­ша терең талдау жоқ әрі қоғамның көпшілігіне қолжетімсіз. Білім берудің ұлттық статис­тикасының көрсеткіштері халықаралық статистиканың талап­тарына сай емес.

Осылайша, білім берудегі ахуалды тал­дау мыналарды көрсетеді.

Күшті жақтары:

білімді дамытудың нақты айқындал­ған басым бағыттары;

мектепке дейінгі және орта білім объектілері желісінің ұлғаюы;

білім берудің әрбір деңгейі бойынша ұлттық және республикалық орталық­тар­дың болуы;

қазақстандық білім беру құрылымы­ның Білім берудің халықаралық стан­дарты жіктеуішімен сәйкестігі;

техникалық және кәсіптік білімді қайта құрылымдау;

Ұлттық білім беру сапасын бағалау жүйесінің қызмет етуі;

TIMSS – 2007 халықаралық зерттеуіндегі жоғары көрсеткіштер;

Еуропалық білім беру кеңістігіне кіру.

Әлсіз жақтары:

білім беруді қаржыландырудың жеткіліксіздігі;

педагог кәсібі мәртебесінің төмендігі;

педагог кадрларды даярлау сапасы­ның жеткіліксіздігі;

жоғары білікті педагог кадрлардың тап­шылығы;

балалар құқықтарын қорғау маман­дары­ның саны жеткіліксіз;

білім берудегі менеджменттің нашар дамуы;

білім беру саласында мемлекеттік – жеке-әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) жүйесі толық дамымаған;

білім беруді ақпараттандырудың нашар дамуы;

білім беру статистикасы халықара­лық стандарттарға сәйкес емес және білім алушыларға қолжетімсіз;

мектепке дейінгі тәрбиемен және оқы­тумен төмен қамтылуы;

жалпы орта және жоғары білім маз­мұнының бірігуінің жоқтығы;

білім беру ұйымдарының материал­дық-техникалық базасының нашар­лығы;

ШЖМ ұсынатын білім беру қыз­меттері сапасының нашарлығы;

инклюзивті білімнің нашар дамуы;

ұлттық біліктілік жүйесінің жоқтығы;

колледждер мен ЖОО бітіруші­лері­нің біліктілігіне білім беру жүйесінің ұсыны­сы мен жұмыс берушілердің сұ­ра­ны­сының арасындағы теңдіктің жоқтығы;

жоғары білім мен ғылымның ықпал­дасуының жоқтығы.

Мүмкіндіктер:

Мемлекет үшін:

қазақстандық білімнің бәсекеге қабі­леттілігін арттыру;

адами капиталдың сапасын арттыру;

балалардың өмір сапасының әлеу­меттік құқықтық кепілдіктерін қамтама­сыз ету;

еңбек ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру;

ұлттық экономиканы тұрақтандыру;

халықаралық ұйымдар мен жұмыс беру­шілер тарапынан білімді инвести­ция­лық қолдау;

білім беру саласында басқарудың жаңа тиімді әдістерінің пайда болуы;

оқушылар арасында спортты өріс­тету;

бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру;

білім беру саласының қолжетімді­лігін, тартымдылығын, сапасын, ашық­тығын арттыру;

ел экономикасының орнықты өсуін қамтамасыз ету;

халықаралық рейтингтердің көрсет­кіш­терін жақсарту;

ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру.

Ата-аналар үшін:

білім беру ұйымдарын таңдау мүм­­кіндігі;

білім беруді басқаруға қатысу;

мектепке дейінгі тәрбиенің және оқы­тудың еркін қолжетімділігін қамтама­сыз ету;

баланың жетістіктері туралы қашық­тықтан ақпараттық хабарландыру ар­қылы ата-ана – білім беру ұйымы – бала байланысын жүзеге асыру.

Педагог үшін:

педагог кәсібінің тартымдылығы;

мансаптық өсу жүйесін қамтамасыз ету;

барлық қызмет аясында білім алу, оның ішінде шетелде және кәсіптік құ­зы­реттілікті дамыту.

Білім алушылар үшін:

баршаға бірдей сапалы білімге қол жеткізу;

үздік білім беру ресурстары мен тех­нологияларына қол жеткізу;

коммуникативтік және кәсіптік құзы­реттілікті дамыту.

Қауіп-қатер:

білім берудің жеткіліксіз қаржылан­дырылуына байланысты алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізбеу;

педагог еңбегінің төмен уәждемесі, мұғалім кәсібінің беделсіздігі;

педагогтердің басым бөлігі даярлы­ғы­ның төмен деңгейі;

педагог кадрлардың өздігінен білім алуға және кәсіби өсуіне ұмтылысының жеткіліксіздігі;

электрондық оқыту жүйесін қолдану­дағы пайдаланушылардың төмен уәж­демесі;

демографиялық процестерге (туудың өсуі) және көші-қон жағдайларына бай­ланысты мектепке дейінгі ұйымдардан орын алуға кезек пен оқушы орны тапшылығының өсуі;

білім сапасының нашарлауы;

білім беру ұйымдарын пайдалануға беру мерзімдерінің бұзылуы;

апаттық деп танылған мектептер санының ұлғаюы;

мүмкіндігі шектеулі балалардың жә­не мүгедек балалардың көбеюі;

еңбек нарығында мамандарға деген болжамның жоқтығы;

саладағы еңбекақы деңгейі мен елдегі жалақының орташа деңгейінің арасын­дағы сәйкессіздіктен туындаған техни­ка­лық және кәсіптік білім жүйесінен кадрлардың кетуі;

Қазақстанның ЖОО-да білім алуды қалайтын шетел азаматтары санының қысқаруы;

өзінің ғылыми әлеуетін іске асыру­дың анағұрлым қолайлы перспектива­ларын іздеумен ғалымдардың басқа мем­лекеттерге кетуі;

ғылымға жастардың аз келуі;

бағдарламаны іске асыру барысында қоса орындаушылардың үйлессіздігі.

Осылайша, аталған бағдарлама білім беру жүйесін одан әрі жаңғыртуды және оның еуропалық деңгейге шығу перспективаларын болжайды.

 

 

4. Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары және іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері



 

Басты мақсаты:

Экономиканың орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамта­масыз ету арқылы адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру

Бағдарламалық мақсаттар:

білім беру қызметіне тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағдарланған қар­жыландыру жүйесін жетілдіру;

педагог мамандығының беделін көтеру;

білім беруді басқарудың мемлекеттік-қоғамдық жүйесін қалыптастыру;

білім беру процесінің барлық қа­тысу­шыларының үздік білім беру ре­сурс­тары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету;

балаларды мектепке дейінгі сапалы тәр­биемен және оқытумен толық қамту­дың, оларды мектепке даярлау үшін мек­тепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту­дың әр түрлі бағдарламаларына тең қол жеткізуді қамтамасыз ету;

жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, тез өзгеретін әлемде оның табысты болуын қамта­ма­сыз ететін білім алудағы қажеттілігін қа­на­ғаттандыру, еліміздің экономика­лық әл-ауқаты үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту, 12 жылдық оқыту моделіне көшу;

қоғамның және экономиканың ин­дустриялық-инновациялық даму сұра­ныс­тарына сәйкес ТжКБ жүйесін жаң­ғырту, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу;

еңбек нарығының, еліміздің ин­дус­триялық-инновациялық даму міндеттері мен жеке тұлғаның қажеттіліктерін қа­на­ғаттандыратын және білім беру сала­сындағы үздік әлемдік тәжірибелерге сай келетін жоғары білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізу;

өмір бойы білім алу жүйесінің жұ­мыс істеуін қамтамасыз ету;

жастардың бойында белсенді аза­маттық ұстанымды, әлеуметтік жауапкершілікті, отансүйгіштік сезімді, жо­ғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру.

Алға қойылған мақсаттарға жету үшін мынадай міндеттерді шешу қажет:

сапалы білімге қолжетімділікті арт­тыруға бағытталған білім беруді қаржы­ландырудың жаңа тетіктерін әзірлеу;

білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету;

педагог қызметкерлердің еңбегін мем­­лекет­тік қолдау мен ынталандыруды күшейту;

білім берудегі менеджментті жетілдіру, оның ішінде корпоративтік басқару принциптерін енгізу, білім беруде мемлекекеттік-жеке әріптестік жүйесін қа­лыптастыру;

білім беруді дамытудың мониторинг жүйесін жетілдіру, оның ішінде халық­аралық талаптарды ескере отырып, ұлттық білім статистикасын құру;

оқу процесін автоматтандыруды енгізу үшін жағдай жасау;

мектепке дейінгі ұйымдардың желісін ұлғайту;

мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту­дың мазмұнын жаңарту;

мектепке дейінгі тәрбие мен оқы­ту­дың ұйымдарын кадрлармен қам­та­ма­сыз ету;

12 жылдық оқыту моделіне көшуді білім беру мазмұнын жаңғыртумен жү­зеге асыру;

шағын жинақталған мектептердің про­б­лемаларын шешу;

мектептегі инклюзивті білім жүйесін жетілдіру;

экономиканың индустриялық-инно­ва­ция­лық даму сұраныстарын ескере оты­рып, ТжКБ мазмұнының құрылы­мын жаңарту;

экономика салалары үшін кадрлар даяр­лаудың инфрақұрылымын дамыту;

ТжКБ-да білім алудың беделін арт­тыру;

еліміздің индустриялық-инновация­лық даму жобаларына сай келетін жо­ғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлармен қамтамасыз ету;

жоғары білімнің еуропалық аймағына кірігуді қамтамасыз ету;

білімнің, ғылымның және өндірістің бірігуін қамтамасыз ету, зияткерлік мен­шік пен технологиялардың өнім­дерін коммерцияландыру үшін жағдай жасау. Жоғары білікті ғылыми және ғылыми – педагог кадрларды даярлау;

өмір бойы оқыту, баршаға білім алу үшін жағдай жасау;

жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және олардың азаматтық белсенділігін, әлеуметтік жауапкершілігін және әлеуе­тін ашу тетіктерін қалыптастыру жөнін­дегі шаралар кешенін іске асыру.

Бағдарламаны іске асырудың мақ­са­тына, нысаналы инди­каторларына, мін­деттері мен нәтижелердің көрсеткіш­теріне Білім және ғылым министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Байланыс және ақпарат, Индустрия және жаңа технологиялар, Туризм және спорт, Ішкі істер, Мәдениет министрліктерімен, салалық министрліктерімен, жергілікті атқарушы органдармен, жұмыс берушілер қауымдастығымен, «Атамекен» одағымен, ҮЕҰ-мен бірлесе отырып жететін болады.

 

 

5. Бағдарламаның негізгі бағыттары, алға қойылған мақсаттарға жету жолдары және тиісті шаралар



 

Білім беруді дамыту мына бағыттарда іске асырылатын болады:

білім беруді қаржыландыру;

педагог мәртебесі;

білім беру менеджменті;

«e-learning» электрондық оқыту;

мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту;

орта білім;

техникалық және кәсіптік білім;

жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім;

өмір бойы оқу;

тәрбие жұмысы және жастар саясаты.

Білім беру жүйесін қаржыландыру

Мақсаты:

Білім беру қызметіне тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағдарланған қар­жыландыру жүйесін жетілдіру.

Міндеті:

Білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған білім беруді қаржыландырудың жаңа тетіктерін әзірлеу.

Нысаналы индикатор:

2015 жылдан бастап ШЖМ-нан бас­қа, барлық білім беру ұйымдарына жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі енгізіледі.

Жан басына қаржыландыру

Нәтижеге бағдарланған бюджеттеу ор­та білімде мемлекеттік шығыстарды бас­қару саласындағы реформалардың құрамдас бөлігі болады.

2011 жылы жан басына қаржы­лан­дыру әдістемесі әзірленетін болады. Ол бюджеттік шығыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және ха­лықтың әртүрлі жіктері үшін сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға ықпал ететін болады.

Жан басына қаржыландыру бірінші кезеңде бейіндік мектептер үшін жүзеге асырылады. 2013 жылы жалпы орта бі­лімнің жан басына қаржыландыру жү­йесі 4 бейіндік мектептің базасында сы­нақтан өткізіледі. Бұл үшін жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша нормативтік құқықтық құжаттар әзірленеді.

Жан басына қаржыландыру, қаржы­лық дербестік, қамқоршылық кеңестер және т.б. тетіктерді пысықтау үшін жекеменшік немесе жоғары оқу орындары жанындағы мектептердің қатарынан пи­лоттық мектептер анықталады.

Негізгі және бастауыш мектепте жан басына қаржыландыру бейіндік мектепте алынған тәжірибенің негізінде енгізілетін болады.

2015 жылға қарай мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жан басына қар­жы­ландыру негізінде мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.

ТжКБ жүйесінде 2011 жыл мен 2013 жыл аралығында бір маманды даяр­лауға жұмсалатын шығындардың нор­ма­ларын бекітетін жан басына қаржы­ландыруды енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылатын болады.

2015 жылға қарай жан басына шақ­қандағы қаржыландыру ШЖМ-нан бас­қа, мектепке дейінгі білімнен ТжКБ-ге дейінгі барлық білім беру ұйым­дарында іске асырылады.

Педагогтер үшін біліктілікті арттыру жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша – ваучерлік-модульдік жүйе қарастырылады, оның шеңберінде тө­лем ақысын тікелей педагогтің өзіне аудару жолымен педагогке біліктілікті арт­тыру курсын өтудің орнын және уа­қытын таңдау мүмкіндігі берілетін болады.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ)

Ақылы білім беру қызметтеріне қол­жетімділікті арттыру мақсатында мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (бұдан әрі – МБЖЖ) тетігін әзірлеу жос­парлануда, оның көмегімен Қазақ­стан­ның әрбір азаматының болашақта ба­ласының жоғары оқу орындары мен колледждерде оқуын төлеу үшін жос­пар­лы түрде ақшалай қаржы жинақ­тауына мүм­кіндік беру болжануда. МБЖЖ азаматтардың жинақтарына мем­ле­кеттік сыйлықақы аударуды болжайды.

МБЖЖ-ны енгізу тиісті нормативтік құқықтық актілерді қабылдағаннан кейін көзделуде.

Одан басқа, білім берудің тиімді жү­йе­сін дамыту үшін оған деген шығын­ды инвесторларды тарту жолымен ұлғайту қажет. Білім саласына жеке инвестицияларды тарту елдегі мемлекеттік – жеке әріптестіктің қолданыс­тағы тетігі бойынша жүзеге асырылады.

Педагог мәртебесі

Мақсаты:

Педагог мамандығының беделін көтеру.

Міндеттері:

1. Білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету.

2. Педагог қызметкерлердің еңбегін мем­лекеттік қолдау мен ынталан­дыру­ды күшейту.

Нысаналы индикатор:

Жалпы педагогтердің санынан жо­ғары және бірінші санаты бар білікті жоғары педагог қызметкерлердің үлесі (2015 жылы – 47 %, 2020 жылы – 52 %).

Білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету 

Білім беру сапасы, бірінші кезекте, сапалы даярлығы бар оқытушылармен айқындалады.

2011 жылдан бастап:

«Болашақ» халықаралық стипендия­сының шеңберінде орта, техникалық жә­не кәсіптік, жоғары білім беру са­ла­лары үшін ағылшынтілді педагог кадр­ларды даярлау қамтамасыз етіледі;

еліміздің жоғары оқу орындарында көптілді білімді педагог кадрларды даярлау базалық пәндер циклінде шет тілі бойынша кредиттердің көлемін ұлғайту арқылы жүзеге асатын болады. Бұл үшін Үлгілік оқу бағдарламасының үш тілде оқытатын педагогтерді даярлау бөлігіне өзгерістер енгізіледі;

педагогтерді даярлау бағдарламасы, оның ішінде ШЖМ-ға арналған, педагог кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарында бейіндік мектептер үшін мұғалімдерді мақсатты даярлауға ар­нал­­ған мемлекеттік тапсырыс негізінде білім беру магистрлерінің бағдарлама­сы жетілдіріледі;

жаңа білім беру бағдарламаларына сәйкес біліктілікті арттыру бағдар­лама­сы жаңартылады және білім беру ұйым­дарының педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру қамтамасыз етіледі.

2020 жылға дейін біліктілікті артты­рудан жыл сайын 73,3 мың адам өтеді деп жоспарлануда.

Ваучерлік-модульдік жүйе енгізілетін болады.

Ваучерлік-модульдік қаржыландыру жүйесін енгізумен педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесі жаңғыртылады. 2013 жылы бұл жүйе 2 облыс базасында (Павлодар және Жамбыл) және Астана, Алматы қалаларында сынақтан өтетін болады. Біліктілікті арттыру жүйесінің нормативтік құқықтық базасын жетілдіру, материалдық-техникалық базасын және бағдарламасын жаңарту, ұйымдас­тыру моделін реформалау, ресурстық әлеуетті кадрлардың біліктілігін арт­тыру мен қайта даярлауды іске асыра­тын субъектілер арасында конкурстық негізде бөлу көзделуде.

Педагог кадрлардың біліктілігін арт­ты­ру және қайта даярлау жүйесіне 2015 жыл­дарға қарай сынақ нәтижелері бо­йынша ваучерлік тетікті енгізу бол­жануда.

Қайта даярлау мен біліктілікті арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйым­дарын қашықтықтан оқытумен қамтамасыз ету мақсатында олар интерактивті жабдықтармен жарақтандырылады.

Жыл сайын мектепке дейінгі және ор­та білім жүйесінің педагог кадр­ларының біліктілігін арттыруға мемлекеттік тапсырыс арттырылады. Оның ішінде мына мамандар үшін:

мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды біріктірілген түрде оқыту (инклюзивті білім);

даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс;

жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыру.

ТжКБ жүйесінде:

жыл сайын педагог қызметкерлер білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар ба­засында біліктілігін арттырып отырады;

арнайы пәндердің оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері біліктілігін арттырады және әлеуметтік әріптестер есебінен кәсіпорындарда, оның ішінде шетелде тағылымдамадан өтеді.

Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың басым бағыттары бо­йын­ша алдыңғы қатарлы отандық және шетелдік өнеркәсіп кәсіпорындармен жоғары оқу орындарын көпжақты біріктіру мақсатында жыл сайын шетелде профессор-оқытушы құрамның (бұдан әрі – ПОҚ) біліктілігін арттыру ұйымдастырылады.

Педагог қызметкерлердің еңбегін мем­­лекеттік қолдау мен ынталан­дыруды күшейту

Педагогтің кәсіби мәртебесін көтеру үшін бірқатар шаралар атқарылады.

Педагог қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің жаңа үлгісі әзірленеді, ол:

біліктілік санатына қарап, педагог қыз­меткерлердің қызметтік жалақы­сы­ның көлемін есептеу үшін қолданы­латын сараланған коэффициенттерді енгізуді;

нәтижеге бағытталған еңбекақы тө­леу тетігін енгізуді көздейді.

Атқарылған шаралар нәтижесінде педагог қызметкерлердің орташа жалақы­сы 2015 жылға қарай экономиканың жеке секторындағы жалақыға жуықтайды.

ҚР ЕХӘҚМ жүргізетін ұзақ мерзімді кезеңдегі зейнетақы төлемінің болжауы бо­йынша есептеулер, талдамалық және эко­номикалық зерттеулер шеңберінде аза­мат­тарды, оның ішінде педагогтерді зей­нет­ақымен қамтамасыз ету жетілдіріледі.

Сонымен қатар педагогтерге қойыла­тын талаптарды күшейту шаралары қа­рас­тырылуда.

Педагог мамандықтар бойынша жоғары оқу орнына түсу кезінде педагог қызметіне икемділік деңгейін анық­тауға арналған шығармашылық емтихан енгізілетін болады.

Педагог мамандықтарына түсетін талапкерлер үшін шекті деңгей көтері­летін болады.

Бірінші және жоғары санаттарды алуды ынталандыратын жағдай жасау мақсатында педагогтердің біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар қайта қарастырылатын болады.

2016 жылдан бастап 5 жылда бір рет ат­тестаттау түрінде, оның ішінде жұ­мыс­қа алғаш рет немесе педагог қыз­меті­нің үзілісінен кейін қабылданып жат­қан педагогтер біліктілігінің дең­гейін растау рәсі­мі енгізілетін болады. Білім беру ұйым­дарына жұмысқа кіру қағидалары әзірле­неді, ол азаматтардың аталған санаттары үшін тестілеуден өтуді көздейді.

Бейіндік мектеп үшін мұғалімдерді ірік­теу кезінде білім беру саласындағы ма­гистр дәрежесінің болуы көтер­меленеді.

Өздігінен білім алу және өзін-өзі жетілдіру педагог портфолиосында көрі­нетін қызметінің ажырамас бөлігі бо­лып табылатын болады.

Педагог кадрларды даярлау сапасын бақылау және ынталандыру үшін біліктілік деңгейін бағалау тәуелсіз ком­мерциялық емес үкіметтік емес агенттіктерде өтетін болады.

Педагогтерді аттестаттау мұғалім білімін тестілеу, оқу-әдістемелік қызметі туралы есеп беруінен тұратын, мүдделі адамдар (оқушылардың ата-аналары) мен жұртшылықтың пікіртерімі рәсім­дерінен тұратын жинақтық бағалау негізінде жүргізіледі.

Математика мұғалімдері TEDS-M ха­лықаралық салыстырмалы зерттеулерге (Teacher Education and Develop­ment Study in Mathematics) – орта мектептің бастауыш және орта буынының математика мұғалімдерінің кәсіптік білім сапасын бағалауға қатысатын болады.

Мұғалімнің кәсіби беделін көтеру мақсатында қоғамда педагогтің оң имид­­жін қалыптастыру жұмысы жүргізі­летін болады: «Жыл мұғалімі» кон­кур­сы, акциялар, БАҚ-пен ортақ жобалар, шеберлік сыныптары, жаңашыл педагогтер форумдары, конкурстар, педагогтер әулеттерінің слёттері, ғылыми-педа­гогикалық семинарлар мен симпозиумдар, семинар-тренингтер және дөңгелек үстелдер.

Білім беру менеджменті

Мақсаты:

Білім беруді басқарудың мемлекеттік-қоғамдық жүйесін қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Білім берудегі менеджментті жетілдіру, оның ішінде корпоративтік бас­қару принциптерін енгізу, білім беруде мемлекеттік-жеке әріптестік жүйесін қалыптастыру.

2. Білім беруді дамытудың мониторинг жүйесін жетілдіру, оның ішінде ха­лықаралық талаптарды ескере оты­рып, ұлттық білім статистикасын құру.

Нысаналы индикаторлар:

Білім беру ұйымдарында қамқор­шылық кеңестер құрылған (2015 жылы – 45 %, 2020 жылы – 60 %).

Білім беру ұйымдарының басшылары менеджмент саласында біліктілігін арт­тыр­ған және қайта даярлықтан өткен (2015 жылы – 50 %, 2020 жылы – 100 %).

Білім беруді басқару жүйесі

Еңбек нарығындағы қатаң бәсе­келестік білім беру менеджменті жүйе­сі­нің ұтқырлығы мен серпінділігін талап етеді.

Білім беруді басқаруға қалың жұрт­шылық – педагогтер де, халықтың әр­түрлі топтары да тартылады.

МЖӘ-ні ілгерілету үшін әлеуметтік тапсырыс жүйесі мен грант немесе басқа тетіктер түрінде коммерциялық емес үкіметтік емес ұйымдардың қызметін мемлекеттік қаржыландыру тетіктері жетілдірілетін болады. МЖӘ-нің ұзақ мерзімді тетігінің негізі ретінде үкіметтік емес секторды жүйелі қаржы­ландыру қарастырылатын болады.

Білім беруді басқарудың түрлі дең­ге­йі­не қоғамның қатысуы қамқоршы­лық кеңестер түрінде жүзеге асырылады.

Білім беруді дамытуда қамқоршылық кеңестердің пәрменді қоғамдық қатысу тетігі әзірленетін болады.

Оқуға төлейтін ата-аналардың, жұ­мыс берушілердің, білім беру және кә­сіп­тік қауымдастықтар саласындағы үкі­меттік емес ұйымдардың қатысуы­ның есебінен қамқоршылық кеңестің рөлі өседі.

Білім жүйесінің корпоративтілігін, ай­қындылығын қамтамасыз ету үшін оқу орындарында қамқоршылық кеңес­тер, жұмыс берушілердің қатысуымен кадр­ларды даярлайтын салалық және өңірлік кеңестер жұмыс істейтін болады.

Білім беру мен денсаулық сала­ларын­дағы мемлекеттік кәсіпорындар мәселе­лері жөнінде Қазақстан Рес­публика­сы­ның кейбір заңнамалық актілеріне өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын мәртебесі бар ЖОО-ларда корпоративтік басқару принциптері енгізілетін бо­лады: басқарудағы алқалылық, қыз­мет көрсетудегі дербестік, қызмет нәтижесі бойынша есеп берушілік, қызметтің ай­қындығы, жауапкершілік. Кор­поратив­тік басқару принциптері басқарушылық қызметтің үш негізгі аспектісін көз­дейді: стратегияны қабылдау, бюджетті бекіту, кадр саясаты.

Оң нәтиже болған жағдайда, корпоративтік басқару принциптері 2020 жылға қарай азаматтық ЖОО-лардың барлы­ғына енгізілетін болады.

2011 жылдан бастап білім беру ұйым­дарында басшылардан және педагогтерден басқарудың жаңа дағдыларын, қай­та даярлау мен біліктілікті арттыруды талап ететін нәтижеге бағдарланған жоспарлау жүйесі енгізілетін болады.

Тәрбие жұмысы саласында ЖОО-да тәрбие жұмысын жоспарлау, мониторингтеу, нәтижелерді бағалау және бақылау жүйелерін жетілдіру, сонымен қатар басқару жүйесін күшейту бойын­ша шаралар қабылданатын болады.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім жүйесінің басшы қызмет­керлерінің білім берудегі менеджмент мәселелері бойынша біліктілігін арт­тыру жүзеге асырылатын болады.

Менеджменттің заманауи техно­ло­гия­ларын енгізу үшін оқу орын­дары­ның басшы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау тұрақты түрде іске асырылатын болады.

Білім берудегі менеджмент бойынша қайта даярлаудан өткен адамдар білім беру ұйымдарының басшылары болып танылады.

2013 жылы мемлекеттік ЖОО рек­торларын тағайындау тетігі, олардың сайлануы бөлігінде қайта қаралатын болады.

Корпоративтік басқаруды енгізу Қазақстан Республикасының қолданыс­тағы заңнамасына сәйкес жүзеге асыры­латын болады.

Білім беру ұйымдарының қызметін «ашық­тығын» қамтамасыз ету мен ЖОО-ларда жемқорлық пайызын тө­мен­дету үшін әлеуметтік зерттеулер мен акциялар жүргізілетін болады.

Білім беруді дамытудың мониторинг жүйесі

Білім берудегі сапа менеджменті жү­йесіндегі принциптердің бірі мониторинг нәтижелерін ескере отырып, білім беру процесін тұрақты жетілдіру принципі болып табылады.

Ұлттық және өңірлік деңгейдегі білім беру нәтижелері мен әлеуметтік әсер­лер­дің жүйелі мониторингін жүргізу мақ­сатында басқарудың ақпараттық ба­за­сы және даму жолдарын болжамдау тү­рінде білім беру мониторингінің бір­ың­ғай жүйесі енгізіледі. Осы мақсатқа жету үшін Ұлттық білім беру сапасын бағалау орталығы Ұлттық білім беру статистикасы және бағалау (бұдан әрі – ҰБСБО) орталығы болып өзгертіледі.

Бұл үшін:

барлық деңгейде білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін (бұдан әрі – БСБҰЖ) енгізу жалғастырылады;

ЮНЕСКО, ЭЫДҰ және АҚШ халық­аралық білім беру статистикасының талаптарын ескере отырып ұлттық білім беру статистикасы әзірленеді;

бастапқы мәліметтер негізінде білім беру статистикасының бірыңғай базасы құрылады;

білім беруді басқару жүйесінің инфра­құрылымы кеңейтіледі.

Мониторингтік зерттеулер жүргізетін болады. Басқару шешімдерін қабылдау үшін мониторинг нәтижелері бойынша білім беру жүйесінің жай-күйі мен дамуы туралы жыл сайынғы облыстық баяндамалар жарияланып отырады.

2013 жылдан бастап білім беру ста­тистикасының жинағы жыл сайын ба­сы­лып шығатын болады. БҒМ-ның жә­не ҰБСБО-ның сайттарында жинақтың электрондық нұсқасы орналастыры­лады. Оқытудың барлық деңгейі бойын­ша оқушылардың, педагогтердің бірың­ғай базасы құрылатын болады.

2015 жылға қарай статистикалық де­ректердің бытыраңқы электрондық ба­за­лары білім беру статистикасының бір­ыңғай базасына біріктіріледі. Аталған база бастапқы деректер негізінде то­лық­тырылып (мектеп, колледж, жоғары оқу орны, интернат, орталықтар, сапаны бағалау қызметтері және т.б.), ҚР БҒМ-да жинақталады. Осылайша, 2015 жылға қарай әкімшілік есептіліктің барлық нысандарын жинау жойылып, айқындылық қамтамасыз етіледі.

Әртүрлі бейінді және даярлық дең­гейіндегі мамандар қажеттілігін бағалау мемлекеттік реттеу тетіктерін тұжы­рым­дау және ел экономикасының, бас­қару мен әлеуметтік саласының қажет­тілігіне сәйкес мамандар даярлауды ын­таландыру үшін арналған еңбек нары­ғын мониторингтеу, талдау және болжау жүйесі негізінде жүзеге асырылатын болады.

«E-learning» электрондық оқыту

Мақсаты:

Білім беру процесінің барлық қаты­сушыларының үздік білім беру ре­сурс­тары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету.

Міндеті:

Оқу процесін автоматтандыруды енгізу үшін жағдай жасау.

Нысаналы индикатор:

Білім беру ұйымдарында электрон­дық оқыту жүйесі қолданылады (2015 жылы – 50 %, 2020 жылы – 90 %).

Электрондық оқытуды енгізу

Алға қойған мақсатқа қол жеткізу оқу сапасын, білімді басқарудың тиімділігін, сыртқы ортамен ақпараттық кірігуін арттырады.

Электрондық оқытуды енгізу бір­қа­тар нормативтік құжаттарға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізуді талап етеді.

2012 жылға қарай жоғары, техни­калық және кәсіптік білімнің МЖБС-на, электрондық оқыту жүйесін міндетті пайдалану бөлігінде орта білім берудің МЖБС-на электрондық оқыту жүйесін­де жұмыс жасау үшін педагог кадрлар­ды даярлау бөлігінде өзгерістер енгізілетін болады.

Электрондық оқыту жүйесінде қолданылатын электрондық оқулық­тар­ды және оқу-әдістемелік кешендерді (бұдан әрі – ОӘК) жасауға арналған талаптар, жүйені қолданушылардың жеке және ұжымдық жұмыстарының регламенті, техникалық регламент (электрон­дық оқыту жүйесін сүйемелдеу және қолдану) әзірленеді және бекітіледі.

Ақпараттық-коммуникациялық тех­но­ло­гия­ларды (бұдан әрі – АКТ) – пе­дагогтердің құзыреттіліктерін қамтама­сыз ету үшін ұйымдастырушылық қам­тамасыз ету, электрондық оқыту жүйе­сін пайдаланушыларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру қажет.

2011 жылдан бастап педагогтердің электрондық оқыту жүйесін пайдалану мен қолдану бойынша біліктілігін арттыру басталады деп көзделіп отыр.

Электрондық оқыту жүйесін ұйым­дас­тыру жағынан қамтамасыз етуді қалалар мен облыстардың білім беру басқармалары жанындағы Білім берудегі жаңа технологиялардың өңірлік орталықтары жүзеге асыратын болады.

Электрондық білім беруге арналған элек­трондық ресурстармен және контентпен қамтамасыз ету – мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде жүзеге асы­рылады.

Технологиялық инфрақұрылымды да­мыту білім беру ұйымдарын өткізу мүмкіндігі 4 – 10 Мбит/сек. Интернет жүйесіне қосуды көздейді.

Интернет желілеріне білім беру ұйым­дарының 90 %-ынан астамы қосы­латын болады. Бірінші кезекте – ресурс­тық орталықтардың пилоттық бағдар­ла­масы бойынша жұмыс істейтін мек­тептер.

Кең жолақты Интернетке (бұдан әрі – КЖИ-ға) қосылу, электрондық білім беру жүйесі үшін жабдықтармен қамта­масыз ету және жеткізушілердің қызмет көрсетулерін таңдау мемлекеттік сатып алу саласындағы Қазақстан Республи­касының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін болады.

Білім беру ұйымдарының 90 %-ының қажетті оқу ресурстары бар Интернет-ресурстары болады.

Негізгі және бейіндік орта мектепте оқытылатын әрбір пән бойынша интерактивті және зияткерлік цифрлы білім беру ресурстары әзірленетін болады.

Орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын цифрлы білім беру контентімен (қандай да бір ақпараттық ресурспен – мәтін, кескіндеу, музыка, бей­не, дыбыс және т.б., толықтыру (мы­са­лы: интернет ресурстар контенті) ашық қолжетімділікте толық қамтама­сыз ету жоспарланып отыр.

Оқытушылар жасаған электрондық білім беру ресурстары (медиатекаларды бір орталықтан құру және ресурстармен толтыру) дамытылады.

Оқу процесіне автоматтандыруды енгізу үшін әрбір білім беру ұйымы қа­жетті жабдықтармен жарақтандыры­ла­тын болады: компьютердің жаңа түр­лерімен, КЖИ-мен қамтамасыз ету және т.б.

2011 жылы әкімші, директордың орын­басары, мұғалім, оқушы, медици­налық қызметкер, кітапханашы үшін функционалдар әзірленетін болады.

Оқушы автоматтандырылған жүйеде жеке портфолиосын, күнтізбесін, күн­делігін жүргізеді. Мұғалім күнтізбелік-тақырыптық жоспары бар электрондық дәптерді, сынып журналын, хабар­лан­дыру қызметі (алда болатын жос­парлы және жоспардан тыс жиналыстар мен кездесулер туралы оқушылардың ата-аналарына e-mail немесе sms-хабар­ла­ма­лар, есептілік және т.б. жіберу) толтыратын болады.

Оқытушылық жүктемені, сабақ кестесін, үлгерім мониторингі мен оқушы­лардың сабаққа келуін, педагогтің қыз­метін, есептілікті директордың орынба­сары жүзеге асырады. Жүйе әкімшісі оқ­шау және ғаламдық есептеу желісін, телефон жүйесін немесе дауыс пош­тасы жүйесін қоса алғанда, көп қолда­ныстағы компьютерлік жүйенің жұмыс істеп тұруына жауапты болады.

2015 жылға қарай жетекші шетелдік ЖОО-лардың үлгісі қалпы бойынша уни­­верситеттік порталдар құрылады, 2020 жылға қарай ЖОО-ларда кең жо­лақты Интернетке қол жеткізу 100 % қамтамасыз етіледі. ЖОО-лардың тех­ни­калық дайындығына қарай оларды Республикалық жоғары оқу орындары арасындағы электрондық кітапханаға қосу жүзеге асырылатын болады.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту

Мақсаты:

Балаларды мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен толық қам­туды, оларды мектепке даярлау үшін мек­тепке дейінгі тәрбиелеудің және оқы­тудың әртүрлі бағдарламаларына тең қол жеткізуді қамтамасыз ету.

Міндеттері:

1. Мектепке дейінгі ұйымдардың желісін ұлғайту.

2. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқы­тудың мазмұнын жаңарту.

3. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету.

Нысаналы индикатор:

3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету (2015 жылы – 73,5 %, 2020 жылы – 100 %).

Мектепке дейінгі ұйымдардың желісін ұлғайту

2015 жылға қарай «Балапан» бағ­дарламасының шеңберінде мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 70 % қамтамасыз ететін мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар желісі дами­тын болады.

Мектепке дейінгі ұйымдардағы орын­дар саны «Балапан» бағдарламасының шеңберінде көбейеді.

Балаларға ерте жастан түзеу-педа­гогикалық қолдау көрсету үшін түзету және инклюзивтік білім кабинеттері құрылатын болады. 2015 жылға дейін барлық балабақшалардың жалпы саны­нан түзеу және инклюзивті білім ка­бинеттерінің желісі 8 %-дан 30 %-ға дейін ұлғаяды.

Мектепке дейінгі арнайы түзеу ұйым­дарының желісін сақтау және ұлғайту мақсатында Ақмола, Алматы, Батыс Қа­зақ­стан, Қызылорда және Солтүстік Қа­зақ­стан облыстарында арнайы бала­бақша­лар ашылады. Мектепке дейінгі арнайы түзеу ұйымдарының үлесі олар­дың жалпы санынан 2015 жылы – 2 %-ды, 2020 жылы – 2,5 %-ды құрайды. Ұйымдарға кедергісіз қол жеткізу үшін жағдай жасау арқылы балабақша­лар­дың үлесі олардың жалпы санынан 2011 жылы 1 %-дан 2020 жылы 10 %-ға дейін ұлғаяды.

Мазмұнды жаңарту, кадрлармен қамтамасыз ету

2015 жылға қарай МЖБС-ның жетекші білім салаларына сәйкес 5 оқу бағдарламасын жаңарту жоспарлануда.

Әрбір оқу бағдарламасы үшін оқу-әдістемелік кешендер әзірленеді (жыл сайын 5 бірліктен, барлығы 25).

2015 жылға дейін жоғары оқу орын­дарында және ТжКБ ұйымдарында мектепке дейінгі білім беретін 18 мыңнан астам педагог қызметкерлер даяр­ла­нады.

Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтерін қайта даярлау жүзеге асы­рылады.

2020 жылға қарай:

өңірлердің ерекшеліктеріне қарай мектепке дейінгі ұйымдардың түрлі модельдерінің жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Мысалы, оңтүстік өңірлерде – жекеменшік коттедждердегі балабақ­шалар, жұмысқа отбасы мүшелерін тарта отырып, тұрғын жайлар базасында 5 – 6 балаға арналған отбасылық бала­бақшалар. Солтүстік өңірлерде – оқу­шы­лық орынның профициті есебінен жалпы білім беретін мектептер база­сында шағын орталықтар. Қалаларда тұрғын үй кешендерінің төменгі қабат­тарында – шағын жинақталған балабақ­шалар мен шағын орталықтар. Барлық өңірде – «Мектеп-бақша» кешендері. Мем­лекеттік балабақшалардың балама­сы ірі компаниялар, ұйымдар, кәсіп­орындар жанындағы балабақшалар болады;

мектепке дейінгі балалар ұйым­дарындағы орындар саны 373 мыңнан 662 мыңға дейін көбейтіледі;

балабақшалардағы топтардың толық­тырылуы жас ерекшелік нормаларына (бөбектер тобы – 17, орта – 22, ересектер – 27) сәйкес 27-ден (ел бойынша орташа) 22-ге дейін азайтылды;

мектепке дейінгі жастағы барлық бала санынан мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған балалардың саны 70 %-дан 100 %-ға дейін кө­бейтіледі.

10 оқу бағдарламасы жаңартылады, 30 ОӘК әзірленеді, оның ішінде 2016 жылы – 8, 2017 жылы – 8, 2018 жылы – 8, 2019 жылы – 8, 2020 жылы – 8 бірлік.

Орта білім

Мақсаты:

Жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, оның тез өзгеретін әлемде табысқа жетуін қамта­масыз ететін білім алудағы қажетті­ліктерін қанағаттандыру, еліміздің эко­но­микалық игіліктері үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту. 12 жылдық оқыту моделіне көшу.

Міндеттері:

1. 12 жылдық оқыту моделіне көшуді білім беру мазмұнын жаңғырту арқылы жүзеге асыру.

2. ШЖМ проблемаларын шешу.

3. Мектептегі инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру.

Нысаналы индикаторлар:

2020 жылы 12 жылдық оқыту үлгісі­не көшу толықтай жүзеге асырылады (2015 жылы – 1, 5, 11-сыныптар).

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» жо­басы шеңберінде Қазақстанның бар­лық өңірлеріндегі мектептердің саны (2020 жылы – 20).

Жаратылыстану-математика пәндері бойынша білім беретін оқу бағдар­лама­ларын жетік меңгерген оқушылардың үлесі (2015 жылы – 60 %, 2020 жылы – 70 %).

Қазақстандық жалпы білім беретін мектеп оқушыларының PISA, TIMSS, PIRLS халықаралық салыстырмалы зерт­теулеріндегі нәтижелері (2015 жы­лы: PISA – 50 – 55 орын, TIMSS – 10 – 15 орын, 2020 жылы: PISA – 40 – 50 орын, TIMSS – 10 – 12 орын, PIRLS – 10 – 15 орын).

Инклюзивті білім үшін жағдайлар жасалған мектептердің үлесі олардың жалпы санынан артады (2015 жылы – 30 %, 2020 жылы – 70 %).

Білім берудің 12 жылдық моделіне көшу

Құзыреттілік тәсіліне негізделген 12 жылдық білім берудің жаңа стандартын әзірлеу және енгізу жоспарлануда.

Білім беру стандарттарының ауысуы білім берудің жаңа мазмұнын әзірлеу­мен байланысты. Жаңа білім беру маз­мұнының базалық принципі – әрбір мектепте тұлғаның адамгершілік-рухани қасиеттерін дамытуды ынталан­дыратын ізгі білім беру ортасын құру: өзін-өзі тану, өзін-өзі анықтау және өзін-өзі жетілдіру. Білім беру ұйымдары мен отбасыларда адамгершілік-рухани мәдениеттің жоғары деңгейіне қол жеткізілетін болады. Барлық балалар, оқу­шылар, студенттер мен педагог қыз­мет­кер­лер Өзін-өзі танудың негізін, жалпы­адамзаттық құндылықтардың дамуын меңгеретін болады.

МЖБС коммуникативтік дағдыларды, ақпараттар мен технологияларды бас­қара білуді, проблемаларды шешуді, іскерлік пен креативтілікті қалыптас­тыратын білімді алудағы тұлғаның дамуын, дербестігін қамтамасыз ететін нәтижеге бағытталады.

2011 жылы бастауыш білімнің МЖБС жаңартылады, негізгі орта және жалпы орта білім берудің құзыреттілік тәсілі негізінде оқу бағдарламалары әзірленеді.

2015 жылдан бастап Назарбаев Зият­керлік мектептері жинаған тәжірибенің элементтері білім беру жүйесіне енгізілетін болады.

2012 жылы жалпы орта білімнің МЖБС жоғары білімнің (бакалавриат) МЖБС-мен біріктіріледі – жоғары бі­лім­нің жалпы білім беретін пәндер циклі­нің жеке пәндері (әлеуметтану, өзін-өзі тану, ӨҚН, Қазақстан тарихы, мәдениеттану және т.б.) оқу жүктемесін көбейтпей, «Бейіндік мектептің» бейіндік оқыту бағдарламасына көшіріледі.

2014 жылға қарай қоғамдық-гума­нитарлық және жаратылыстану-мате­ма­тика бағыттары бойынша «Бейіндік мектеп» бейіндік оқыту бағдарламасы әзірленеді және сынақтан өткізіледі.

Оқытудың 12 жылдық үлгісі бо­йын­ша эксперименттік алаң үшін оқу­лық­тар мен ОӘК, түзеу білім беру ұйым­дары үшін электрондық оқулықтар, аударма және оқулықтар мен ОӘК-ні бейімдеу жүзеге асырылады. Оқулық­тарды әзірлеу және оқулықтарды сараптамадан өткізу функциялары бөлінеді.

2013 жылы оқытудың 12 жылдық моделінің бағдарламасы бойынша оқу­лықтар мен ОӘК әзірленіп, ал 2014 жылы олар сараптамадан өтеді.

2014 жылы 1, 5, 11-сыныптардың, 2015 жылы 2, 6, 12-сыныптардың, 2016 жылы 3, 4, 7-сыныптардың, 2017 жылы 8, 9, 10-сыныптардың оқушылары үшін оқытудың 12 жылдық моделінің бағдар­ламасы бойынша балама оқулықтар мен ОӘК-лер дайындалады.

Қазақстандық оқулықтармен қатар ҚР БҒМ рұқсат берген тізбеге енгізілген математика, жаратылыстану мен тех­никалық ғылымдар бойынша анағұр­лым сапалы шетелдік оқулықтар қолданылатын болады.

2015 жылы жалпы білім беретін білім беру ұйымдарының барлық оқушысы жергілікті бюджет есебінен тегін оқу­лықтармен және сандық білім ресурс­тарымен қамтамасыз етіледі.

2015 жылы оқытудың 12 жылдық моделіне дәйекті көшу мынадай сызба бойынша басталады:

 

Жылдар

Оқытудың 12 жылдық бағдарламасы бойынша

Оқытудың 11 жылдық бағдарламасы бойынша

2015 – 2016

1,5,11

2,3,4,6,7,8,9,11

2016 – 2017

1,2,5,6,11,12

3,4,7,8,9

2017 – 2018

1,2,3,5,6,7,11,12

4,8,9

2018 – 2019

1,2,3,4,5,6,7,8,11,12

9

2019 – 2020

1,2,3,4,5,6,7,8,9,11,12

 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет