Бағдарламасы (бұдан әрі Бағдарлама) бекітілсін. 2) Жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық холдингтер, компаниялар мен ұйымдар (келісім бойынша) «Салалық бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу



бет1/8
Дата22.02.2016
өлшемі1.37 Mb.
#2045
  1   2   3   4   5   6   7   8
Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013 - 2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 ақпандағы № 151 қаулысы

      «Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 18 желтоқсандағы № 449 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1) Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
      2) Жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық холдингтер, компаниялар мен ұйымдар (келісім бойынша) «Салалық бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу, бағалау және бақылау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 18 наурыздағы № 218 қаулысымен бекітілген Салалық бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу, бағалау және бақылау ережесіне сәйкес Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.
      3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламаны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 қазандағы № 1052 қаулысы;
      2) «Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламаны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 қазандағы № 1052 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 шілдедегі № 749 қаулысы;
      3) «Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламаны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 қазандағы № 1052 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 11 маусымдағы № 776 қаулысы.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрі                                 С. Ахметов

Қазақстан Республикасы  


Үкіметінің       
2013 жылғы 18 ақпандағы 
№ 151 қаулысымен   
бекітілген     

Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту


жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020»
бағдарламасы

1. Бағдарламаның паспорты



Атауы

Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы

Әзірлеу үшін негіздеме

Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Жауапты орындаушы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – ҚР АШМ) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері

Мақсаты

Қазақстан Республикасы (бұдан әрі – ҚР) агроөнеркәсіптік кешені (бұдан әрі – АӨК) субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдайлар жасау

Міндеттері

1. АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру.
2. АӨК субъектілері үшін тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру:
1) өсімдік шаруашылығындағы тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру;
2) астық сақтау жөніндегі қызметтердің физикалық қолжетімділігін арттыру;
3) АШТӨ үшін судың экономикалық қолжетімділігін арттыру;
4) мал шаруашылығындағы және тауарлы балық өсірудегі тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру;
5) ауыл шаруашылығы шикізатын терең қайта өңдеу өнімінің өндірісі үшін тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру;
6) қаржылық қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру;
7) басым инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті арттыру;
8) білім беру қызметтерінің, аграрлық ғылым нәтижелерінің және консультациялық қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру.
3. АӨК субъектілерін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйелерін дамыту:
1) фитосанитариялық қауіпсіздік жүйесін дамыту;
2) ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін дамыту.
4. АӨК-ні мемлекеттік реттеу жүйелерінің тиімділігін арттыру:
1) ауыл шаруашылығына агрохимиялық қызмет көрсету тиімділігін арттыру;
2) АӨК субъектілерін ақпараттық қамтамасыз ету жүйелерін дамыту;
3) ауыл шаруашылығы дақылдарының мемлекеттік сорттық сынау тиімділігін арттыру;
4) АӨК субъектілері үшін мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесін дамыту;
5) ауыл шаруашылығындағы техникалық реттеу жүйесін дамыту;
6) АӨК-дегі мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесінің тиімділігін арттыру;
7) органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен айналымын дамыту үшін жағдайлар жасау.

Іске асыру мерзімдері

2013 – 2020 жылдар

Нысаналы индикаторлар

1) АӨК субъектілерін субсидиялау есебінен ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемін 2020 жылы 4,5 есе ұлғайту;
2) АӨК субъектілерінің борыштық жүктемесін қарыздарды қайта қаржыландыру және қайта құрылымдау есебінен жалпы сомасы 300 млрд. теңгеге кемінде 8 жылға ұзарту;
3) кредиттер мен лизингтің қолжетімділігін арттыру жөніндегі шаралар есебінен АӨК-ге тартылған мемлекеттік емес кредит қаражатының көлемі 2013 – 2020 жылдары 2 трлн. теңгеге дейін;
4) карантиндік және аса қауіпті зиянды организмдер таралуының қауіптілік коэффициенті 2020 жылы 0,88;
5) мониторингтік зертханалық зерттеулерге ұшырайтын тамақ өнімдерінің үлесі 2020 жылы 0,4 %;
6) электрондық форматқа көшірілген мемлекеттік қызметтер үлесі 2015 жылы 62 %.

Қаржыландыру көздері мен көлемдері

Бағдарламаны 2013 – 2020 жылдары іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген жалпы шығыстар барлығы 3 122,2 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде:
2013 жылы*– 339,7 млрд. теңге
2014 жылы*– 466,0 млрд. теңге
2015 жылы*– 322,7 млрд. теңге
2016 жылы – 340,7 млрд. теңге
2017 жылы – 383,5 млрд. теңге
2018 жылы – 406,9 млрд. теңге
2019 жылы – 414,3 млрд.теңге
2020 жылы – 448,4 млрд. теңге

* – сомалар тиісті қаржы жылына арналған мемлекеттік бюджетке сәйкес нақтыланатын болады

      2. Кіріспе

       ҚР тәуелсіздігі кезеңінде елдің АӨК-де айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді: нарықтық қатынастар негізінде өндірістің тұрақты өсуі байқалады, еңбек өнімділігі мен өндіргіштігі артуда, саланың негізгі қорларын жаңарту және инфрақұрылымын қалпына келтіру жүргізілуде, негізгі тамақ өнімдері бойынша өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізілді, дәнді, майлы дақылдар, балық аулау өнімдері экспортының айтарлықтай өсуіне қол жеткізілді.


      2011 жылы елдің жалпы ішкі өнімінің (бұдан әрі – ЖІӨ) көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі 5,1 %-ды құрады, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің еңбек өндіргіштігі 2005 жылдан бастап 2011 жылдар аралығындағы кезеңде жылына 9,3 % орташа жылдық өсу қарқынымен бір жұмыс істейтін адамға 304,2 мың теңгеден 498 мың теңгеге дейін өзгерді, ауылды жерлерде шамамен 7,48 млн. адам немесе Қазақстанның жалпы халқының 45%-ы тұрды.
      Қазіргі уақытта әлемдік аграрлық экономика мен демографияның жаңа үрдістері қалыптасуда, өңірдегі ықпалдастыру процестері нақты дами бастады, жаһандық климаттық өзгерістер болуда. Қазақстан Кеден одағына (бұдан әрі – КО) кірді, таяу кезеңде Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі – ДСҰ) кіруі жоспарлануда. Алайда, саладағы еңбек өндіргіштігінің төмен деңгейі, пайдаланылатын технологиялардың жетілдірілмегендігі, өндірістің ұсақ тауарлы болуы ауыл шаруашылығы өндірісін қарқынды негізде жүргізуге, материалдық, еңбек және басқа ресурстарды неғұрлым толық пайдалануды қамтамасыз етуге, экологиялық талаптарды сақтауға мүмкіндік бермейді. Осы факторлар отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді, бұл ДСҰ мен КО жағдайларында шетелдік өнім импортының басым болуына, жергілікті өндірушілерді өткізу нарықтарынан ығыстыруға әкелуі мүмкін.
      Азық-түлік өнімдерін тұтынудың қарқынды өсуімен және тұтыну құрылымының неғұрлым сапалы өнімдер жағына қарай өзгеруімен ел халқының өсуі орын алуда. Елді азық-түлікпен қамтамасыз етудегі, халықты жұмыспен қамтуды арттырудағы және республиканы экономикалық дамытудағы ауыл шаруашылығының рөлін Мемлекет Басшысы бірнеше рет, оның ішінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты векторы» атты 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында атап өтті.
      Сыртқы және ішкі ортаның өзгерген жағдайларында Қазақстанның КО-ға кіруі мен ДСҰ-ға алдағы кіруіне, саланы мемлекеттік реттеу мен жаңғыртудың жаңа тетіктерін қолдану қажеттілігіне байланысты ҚР АӨК-ті дамытудың жаңа салалық бағдарламасы әзірленді.

       3. Агроөнеркәсіптік кешендегі ағымдағы ахуалды талдау

       ҚР АӨК жалпы өнімінің көлемі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 2007 жылғы 1089,4 млрд. теңгеден 2011 жылғы 2286 млрд. теңгеге дейінгі және қайта өңдеу өнімдерінің 2007 жылғы 490,8 млрд. теңгеден 2011 жылғы 828 млрд. теңгеге дейінгі өсуімен орнықты үрдісті көрсетті. Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің орташа өсу қарқыны 20 %-ды, қайта өңдеу өнімдері 12,2 %-ды құрады.

      1-сурет. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімдерін өндіру көлемі



      Дерек көзі: ҚР Статистика агенттігі

      2-сурет. Тамақ өнімдері өндірісінің көлемі

      Дерек көзі: ҚР Статистика агенттігі


      5 жылда шешуші қайта өңдеу өнімдері өндірісінің орташа жылдық жалпы көлемі 650 млрд.-тан астам теңгені құрады.

      1-кесте. Қайта өңдеу өнімдерін өндіру, млрд. теңге



Көрсеткіш

2007

2008

2009

2010

2011

Тамақ өнімдерін өндіру

490,8

623,5

629,8

695,2

828,0

Етті қайта өңдеу мен консервілеу және ет өнімдерін өндіру

50,2

59,7

69,7

77,6

102,8

Балықты, шаян тәрізділерді және ұлуларды қайта өңдеу және консервілеу

6,3

6,9

7,3

8,1

9,6

Жемістерді және көкөністерді қайта өңдеу мен консервілеу

68,2

60,8

69,6

68,3

87,6

Өсімдік және жануарлар майлары мен тоңмайларын өндіру

43,6

60,4

42,9

85,6

72,3

Сүт өнімдерін өндіру

89,4

101,5

103,5

117,3

132,8

Ұн тарту өнеркәсібінің өнімдерін, крахмалдар мен крахмал өнімдерін өндіру

79,3

133,2

128,0

119,6

168,2

Нан-тоқаш және ұн өнімдерін өндіру

89,8

110,8

115,3

120,1

133,6

Өзге де тамақ өнімдерін өндіру

57,0

82,5

86,2

90,9

109,0

Жануарларға арналған дайын жемшөп өндіру

6,9

7,6

7,4

7,8

12,1

      Дерек көзі: ҚР Статистика агенттігі

      ҚР ауыл шаруашылығы әлемдік азық-түлік нарықтарына ықпалдасты және сауда теңгерімін қалыптастыруға белсене қатысады.


      Алайда, АӨК қайта өңдеу өнімдерінің көптеген түрлері бойынша Қазақстанның импортқа тәуелділігі қалыптасты, жеміс-көкөніс өнімдері, етті және сүтті қайта өңдеу өнімдері бойынша импортқа тәуелділік деңгейі жоғары.
      2 -кесте. Қазақстанда 2009 – 2011 жылдары өнімдерді тұтынудағы импорттың үлесі, мың тонна

Өнім

Импорт

Тұтыну

Тұтынудағы импорт үлесі %

2009 – 2011 жылдарда орташа, мың тонна

Жемістер, жүзім және оларды қайта өңдеу өнімдері

573,6

678,3

84,57 %

Балық және балық өнімдері

67,2

88,7

75,72 %

Өсімдік майы және құрамында майы бар өнімдер

165,4

342,3

48,33 %

Ет және ет өнімдері

209,2

1 122,2

18,64 %

Сүт және сүт өнімдері

870,6

5 756,8

15,12 %

Күнбағыс тұқымы

28,7

316,4

9,06 %

Көкөністер, бау-бақша дақылдары және оларды қайта өңдеу өнімдері

193,2

3 169,0

6,10 %

Картоп және оны қайта өңдеу өнімдері

145,3

2 518,7

5,77 %

Астықты қайта өңдеу өнімдері

43,8

1 989,8

2,20 %

Жұмыртқа және жұмыртқа өнімдері, млн. дана

33,4

3 565,5

0,94 %

Астық

110,0

11 973,7

0,92 %

      Дерек көзі: ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті (өзара сауда-саттықты қоса алғанда); ҚР Статистика агенттігі; «АӨК экономикалық саясатты талдау орталығы» ЖШС
      2011 жылы ауыл шаруашылығында 2 196,1 мың адам (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 26 %-ы) жұмыс істеді, оның ішінде жалданғандар – 604,8 мың адам (секторда жұмыс істейтіндердің 27,5 %-ы), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 1591,3 мың адам (секторда жұмыс істейтіндердің 72,5 %-ы).
      ҚР-дағы егіс алаңдары 2011 жылы 21 083 мың гектарды құрады. Барлық егіс алаңдарының шамамен 65,7 %-на (13 848,9 мың гектар) бидай егілді. Дәнді дақылдарға 2011 жылы барлық егіс алаңдарынан 76,9 % (16 219,4 мың гектар) бөлінді. Мал басының саны 2012 жылдың басында 5,7 млн. бас ірі қара малды (бұдан әрі – ІҚМ), 18,1 млн. бас ұсақ малды (бұдан әрі – ҰМ), 1,6 млн бас жылқыны, 1,2 млн. бас шошқаны, 0,17 млн. бас түйені және 32,9 млн. бас құсты құрады.

      3.1. ҚР агроөнеркәсіптік кешенінің өнімін өткізудің нысаналы ішкі және сыртқы нарықтары


      Нарықтарды, оның ішінде Қазақстан үшін дәстүрлі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы (бұдан әрі – ТМД) экспорттық өнім өткізу нарықтарын игеру бойынша бірқатар мүмкіндіктер пайдаланылмауда.
      Жүргізілген талдау нәтижесінде қазақстандық өндіріс өнімдерін өткізудің мынадай перспективалы нарықтары анықталды.
      Бидай нарығында Орталық Азия (бұдан әрі – ОА), Еуропа одағында (бұдан әрі – ЕО) елдерінде, Ауғанстанда Қазақстан ОА елдері мен Ауғанстан халқының тез өсуін ескере отырып, 2020 жылы астық эквивалентінде (бидай, ұн, бидайды терең өңдеу өнімдері) 10 млн. тоннадан астам өнім өткізе алады. Шешуші міндеттердің бірі ұн экспорты бойынша көшбасшылық позицияны сақтап қалу болып табылады, ол импорттаушы елдердің ұн өндіру жөніндегі меншікті қуаттылықтарын дамытуға бағдарлануына байланысты қысқаруы мүмкін. Бидайды терең өңдеу өнімдерінің (крахмал, глютен, дән маңызы және басқалары) экспорты қазіргі уақытта іске қосылып жатқан ұнды терең өңдеу жобалары ойдағыдай болған жағдайда шикізат эквивалентінде 0,3 – 0,5 млн. тоннаны құрайды.
      Ресей Федерациясы (бұдан әрі – РФ) шамамен 1 млн. тонна алманы экспорттайды, оның ішінде Қазақстан 2020 жылы 400 мың тоннаға дейінгі жеткізулерді қамтамасыз ете алады. Бұл ретте, Қазақстанның ішкі нарығы 2020 жылы шикізат эквивалентінде шамамен 600 мың тонна алма және 400 мың тонна алманы қайта өңдеу өнімдерін құрайды. Осы өнім түрі бойынша толығымен өз-өзін қамтамасыз ету және Қазақстанда өсірілген алмалардың РФ шығыс бөлігінде дәстүрлі өткізу нарықтарын қалпына келтіру мақсат болып табылады.
      Көкөніс өнімдерінің, оның ішінде қызанақтардың ішкі нарығы 2020 жылы шамамен 3 млн. тоннаны құрайды, оның ішінде жергілікті өндірушілер ішкі сұраныстың 100 %-на дейін қамтамасыз ете алады. Көкөніс өнімдерінің экспорты 2020 жылы негізінен КО елдеріне 300 мың тоннаны құрауы мүмкін. Консервіленген көкөністердің ішкі өндірісі 2020 жылы болжамдар бойынша 85 мың тоннаға дейін өседі.
      Ішкі нарықтағы жүгеріге деген сұраныс 2020 жылға қарай негізінен мал шаруашылығы тарапынан шамамен 1 млн. тоннаны құрайды және жергілікті өніммен қамтамасыз етілетін болады. Иран қазіргі уақытта жыл сайын 3 млн. тоннадан астам астық түріндегі жүгері импорттайды және осы өнімді өткізудің перспективалы әлеуетті нарығы болып табылады.
      Рапстың ішкі нарығы 2020 жылы шамамен 500 мың тонна құрайды, ол жергілікті өніммен қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ ЕО елдеріне экспорт көлемін 70 мың тоннаға дейін шамамен екі есеге арттыру әлеуеті бар.
      Сояның ішкі нарығы 2020 жылы шамамен 350 мың тонна құрайды, ол жергілікті өніммен қамтамасыз етілетін болады.
      РФ-та импорттық сиыр етінің әлеуетті нарығы жыл сайын 600 мың тоннадан кем емес құрайды, оған Қазақстан 2016 жылы шамамен 60 мың тонна салқындатылған ІҚМ етін жеткізе алады. Сондай-ақ сиыр етінің ішкі нарығы 2020 жылға қарай шамамен 500 мың тоннаны құрайды, қой еті – 200 мың тонна, жылқы еті – 120 мың тонна, ол отандық өніммен қамтамасыз етілетін болады.
      Қой еті мен жылқы еті бойынша ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағдар перспективалы, өйткені шектес елдердің ішкі нарықтарының ерекшелігіне байланысты осы өнім түрлерін үлкен көлемдерде экспорттау мүмкін болмайды.
      Етті қайта өңдеу өнімдерінің ішкі нарығы болжамдар бойынша 2020 жылға қарай шамамен 115 мың тонна шұжық өнімдерін, 85 мың тоннадан астам өзге өнімдерді құрайды, оның ішінде жергілікті өнім шамамен 100 мың тонна шұжық өнімдерін және 60 мың тоннадан астам өзге өнімдерді құруы мүмкін.
      РФ-та импорттық салқындатылған қызыл балық (арқан балық) нарығы жылына шамамен 75 мың тоннаны құрайды, оның ішінде Қазақстан 2020 жылға қарай 1,9 мың тоннасын импорттай алады, сондай-ақ РФ, ЕО мен басқа елдерге 2 мың тоннаға дейін бекіре мен қара уылдырық экспорты мүмкін болады. Балық пен балық өнімдерінің ішкі нарығы шамамен 196 мың тонна құрайды, оның ішінде жергілікті өнім шамамен 84 мың тоннаны құрауы мүмкін.
      Сүт өнімдерінің ішкі нарығы Қазақстанда 2020 жылы сүт эквивалентінде шамамен 1,6 млн. тоннаны құрауы мүмкін, оның ішінде жергілікті өнім сүт эквивалентінде шамамен 1,5 млн. тоннаны құрауы мүмкін.
      Мал шаруашылығына арналған құрама жемге деген қажеттілік жылына 3 млн. тоннаға дейін өседі.
      Күріш бойынша Қазақстан өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізді, саланың басты проблемалары шешілген жағдайда ТМД елдеріне күріш жармасы экспортының көлемін 2020 жылға қарай 100 мың тоннаға дейін өсіру әлеуеті бар.
      Мақта өндірісінде өсіру үшін жарамды аумақтар ауданы Оңтүстік Қазақстан облысының үш ауданымен шектелген, осыған байланысты өндіріс пен экспорттың айтарлықтай өсуі мүмкін болмай отыр.
      Биязы жүн нарығында өндірісті 6-8 мың тоннаға дейін өсіру мүмкін болады, сондай-ақ өндірілетін жартылай қылшықты және қылшық жүнді қайта өңдеу көлемдері жылына бірнеше мың тоннаға арттыруға мүмкіндік бар.

      3.2. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың қолданыстағы мемлекеттік реттеу саясатын талдау


      Қазіргі сәтте АӨК-ні дамытуды мемлекеттік реттеу саясаты мынадай нысандарда іске асырылады:
      1) АӨК субъектілері арасында субсидиялар, мемлекеттік сатып алулар және т.б. түрінде әртүрлі мемлекеттік қолдау нысандарын ұсыну;
      2) негізгі өндірістік құралдарды – ауыл шаруашылығы техникасының паркін, жабдықтарды, мал басын жаңартуға арналған жағдайларды қолдайтын қаржылық құралдарды қолдану;
      3) АӨК субъектілері үшін қаржылық-кредиттік құралдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету;
      4) АӨК-ні дамыту жобаларына инвестицияларды тарту үшін қажетті жағдайлар жасау;
      5) өнім экспортын қолдау;
      6) ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік саласында мемлекеттік қызметтер көрсету;
      7) ҚР АӨК дамыту үшін қажетті көлік, су, сақтау, қайта өңдеу және өзге де инфрақұрылымдарды сақтау және дамыту;
      8) салалық ғылымды дамыту және агротехнологиялық білімді тарату;
      9) бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау.
      Қазақстанда негізінен ақшалай және қаржылық қолдау құралдары басым болуда.

      3-кесте. 2007 – 2011 жылдары АӨК-ні дамытуға бөлінген бюджет қаражатының құрылымы



Р/с №

Қаржыландыру бағыты

Үлесі, %

1

Субсидиялар

28 %

2

Кредиттер

20 %

3

Инвестициялар мен инвестициялық жобалар

30 %

4

Өсімдік шаруашылығына, мал шаруашылығына, қайта өңдеуге арналған қызметтер

20 %

5

ҒЗТКЖ және консультациялар

2 %




Жиыны

100 %

      Дерек көзі: ҚР АШМ
      Сандық мәндегі жалпы сома тек 2011 жылы 283,5 млрд.-тан астам теңгені құрады.

      3-сурет. 2007 – 2011 жылдары АӨК-ні дамытуға бағытталған бюджет қаражатының көлемі, млн. теңге



      Дерек көзі: ҚР АШМ

      4-кесте 2007-2011 жылдардағы субсидиялау түрлері мен көлемдері, млн. теңге

Субсидиялар түрлері

2007-2011 ж.ж. орташа, млн. теңге

Үлесі %

2011, млн. теңге

Өсімдік шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялар

22 820,5

50,8

30 011,4

Мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялар

14 757,4

32,9

26 211,3

Қайта өңдеуге арналған субсидиялар

3 140,8

7,0

5 000,0

Экспортқа арналған субсидиялар

2 555,8

5,7

5 000,0

Суару суына арналған субсидиялар

1 201,1

2,7

1 248,7

Сақтандыруға арналған субсидиялар

360,7

0,8

1 203,3

Стандарттарды енгізуге арналған субсидиялар

55,5

0,1

40,0

ЖИЫНЫ

44 891,7

100

68 714,6

      Дерек көзі: ҚР АШМ
      Соңғы 5 жылда АӨК-ні субсидиялау 3 еседен астамға ұлғайды.

      4-сурет. 2007 – 2011 жылдары АӨК салалары бойынша республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен субсидиялау көлемі, млн. теңге



      Дерек көзі: ҚР АШМ


      Мемлекеттік қолдаудың жеткілікті жоғары деңгейіне қарамастан бірқатар кемшіліктер байқалады:
      1) бірқатар субсидиялар оларға ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің (бұдан әрі – АШТӨ) төмен қызығушылығына байланысты тиімсіз (дәнді, майлы, басқа да бірқатар дақылдар өндірісінің 1 гектарына арналған, ІҚМ 1 басына жұмсалатын жемшөпке арналған субсидиялар және т.б.);
      2) субсидияларды әкімшілендіру жоғары шығындармен ұштасады;
      3) АШТӨ-нің субсидияларды алуы кешіктіріледі;
      4) субсидияларды бөлу тетігі нарықтық бағаларды бұрмалайды;
      5) субсидияларды алудың атаулылығы жеткіліксіз бақыланады (қолдан ұрықтандыруға, өсімдік шаруашылығындағы тұқым шаруашылығына арналған субсидиялар және т.б.).

      3.3. Агроөнеркәсіптік кешеннің басым салаларының проблемаларын талдау


      3.3.1. Өсімдік шаруашылығының проблемаларын талдау
      Негізгі дақылдар бойынша түсімділік әлемдік өнімділік көрсеткіштерімен салыстырғанда төмен деңгейде.

      5-сурет. Негізгі ауыл шаруашылық дақылдарының түсімділігін салыстыру, ц/га













       Дерек көзі: Қазақстан бойынша деректер – ҚР Статистика агенттігі (2011 ж.) шетелдер бойынша деректер – FAO (2008 ж.)
      Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарын жалпы жинау 2011 жылы жеткілікті жоғары деңгейге (мың тонна) жетті: бидай – 22732,1, жүгері – 482, арпа – 2593, күріш – 347, соя – 133, күнбағыс – 409, рапс – 149, мақта – 336, картоп – 3076, көкөніс – 2878, жемшөптік жүгері – 1053, жемшөп (тамыр жемістер, бақша, дәнді дақылдар, жүгерісіз сүрлем) – 279, алма – 115 мың тонна.
      Бидайдың 2011 жылғы жоғары өнімі кезінде оны асыра өндіру орын алды, бұл өнімді экспорттау кезінде қиындықтар, сондай-ақ астық тасығыштар мен сақтау қуаттылықтарының тапшылығын туғызды. Майлы дақылдар бойынша сақтау қуаттылықтарының тапшылығы және АШТӨ-ның агротехнологиялар білімінің жетіспеушілігі көрінді. Соя мен жүгері өндірісінде өндірістің ұсақ тауарлығы жоғары емес өнімділікке әкеледі, сондай-ақ қайта өңдеу саласында проблемалар бар. Жеміс-көкөніс өнімдерін өндіру үшін негізгі тежеуші факторлар ұсақ тауарлы АШТӨ арасында бөлінген суармалы жерлердің тапшылығы, сақтау қоймаларының тапшылығы, қайта өңдеу өнеркәсіптері үшін шикізаттың жетіспеушілігі болып табылады, бұл осы өнім түрі бойынша импортқа тәуелділіктің жоғары дәрежесіне әкеледі.
      Жемшөп дақылдары егілетін жыртылған жерлер ауданы 2011 жылы 2484,3 мың гектарды, оның ішінде жиналған алаң 78 мың гектар жемшөпке арналған жүгері, 197,2 мың гектар бір жылдық шөптер және 1780,1 мың гектар көпжылдық шөптер құрады. Жемшөп дақылдарының өнімділігі төмендеуде, бұл жер пайдаланудың тиімсіз құрылымымен байланысты. Мал шаруашылығының өсіп келе жатқан қажеттіліктері сапалы құрама жеммен жеткіліксіз қамтамасыз етіледі.
      ҚР-дағы фитосанитариялық қауіпсіздік деңгейі Қазақстаннан өсімдік шаруашылығы өнімдерін шығаруға тыйым салу жағдайларының төмен санымен қанағаттанарлық деңгейде.

      3.3.2. Мал шаруашылығының проблемаларын талдау


      Мал шаруашылығы өнімінің үлкен үлесі халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарында өндіріледі, бұл төмен өнімділікке әкеледі, ішкі нарықтағы өсіп келе жатқан қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді, жоғары өзіндік құнына және бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкеледі, импортқа тәуелділіктің қалыптасуына әкеп соқтырады. Осылайша, барлық ет түрлерін негізгі өндірушілер әлі күнге дейін халықтық шаруашылықтар болып табылады, оларда 2012 жылғы 1 қаңтардағы деректер бойынша 76,7 % ІҚМ басы, 67 % қой мен ешкі, 72,5 % шошқа, 62,7 % жылқы және 40,9 % құс ұсталуда. Мал шаруашылығы өнімділігінің көрсеткіштері халықаралық көрсеткіштерден бірнеше есе төмен.

      6-сурет. Мал шаруашылығы өнімділігінің көрсеткіштері











      Дерек көзі: Қазақстан бойынша деректер – ҚР Статистика агенттігі (2011 ж.), шетелдер бойынша деректер – FAO (2008 ж.)
      Қазақстанның мал шаруашылығының әлсіз өнімділігінің негізгі себептері асыл тұқымды мал басының төмен үлесі (мысалы, етті бағыттағы малдың үлесі – 2,5 %-дан артық емес), сапалы жемшөптердің тапшылығы, күтіп-бағудың сәйкес емес шарттары болып табылады. Мал басының үлкен бөлігі тұрғындар шаруашылықтарына шоғырлануына байланысты мал шаруашылығы саласына малдардың төмен генетикалық әлеуеті және осымен байланысты төмен өнімділік, өнімділікті және өнімдердің сапасын қамтамасыз ететін күтіп-бағудың, азықтандырудың қазіргі заманғы технологияларын және басқа да технологияларды пайдаланудың жоқтығы, малдардың саулығына жеткіліксіз қарау секілді сипаттамалар тән. Бұдан басқа малдарды суаруға арналған су көздерінің қолжетімсіз болуына байланысты табиғи жайылымдардың әлеуеті пайдаланылмайды.

      3.3.3. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу проблемаларын талдау


      Негізгі қайта өңдеу өнімдері экспортының-импортының теңгерімі бірқатар өнімдер бойынша Қазақстанның үлкен импортқа тәуелділігін көрсетеді.

      7-сурет. Ішкі тұтынудағы негізгі азық-түлік тауарлары импортының үлесі, %



      Дерек көзі: ҚР Статистика агенттігі деректерінің негізіндегі есептеулер

      8-сурет. Қайта өңдеу өнімдері бойынша Қазақстанның импортқа тәуелділігі, тауарлар импортының құрылымы, 2011 ж., %

      Дерек көзі: ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті


      2011 жылы негізгі азық-түлік тауарлары импортының көлемі 1 093,7 млн. АҚШ долларын құрады. Импорттың негізгі үлесін шикі қантты қоса алғанда, қант (31%), өсімдік майы (13%), сүт және қоюлатылған кілегей (13%) секілді өнімдер алады.
      Сусындарды қоса алғанда, тамақ өнімдері өндірісінің құрылымында негізгі үлесті астық өңдеу (31,1%), ет өңдеу (9,4%), сүт өңдеу (10,2%), балық өңдеу (3,2%), жеміс-көкөніс (2,2%) өндірісі, май-тоңмай (2,6%) салалары, сусын өндірісі саласы (9,5%) алады.
      Қайта өңдеу секторының дамуын негізгі тежеуші факторлар мыналар болып табылады:
      1) шикізаттың төмен сапасы және тапшылығы, сондай-ақ шикізатты дайындау, тасымалдау және сақтау бойынша логистиканың дамымағандығы, бұл қайта өңдеу қуаттылықтарының толық жұмыс істемеуіне әкеледі;
      2) сауда-логистикалық инфрақұрылымның дамымағандығы, бұл азық-түлік нарығында көптеген ұсақ ойыншылардың жұмыс істеуіне және өнімнің негізсіз қымбаттауына әкеледі;
      3) отандық ауыл шаруашылығы өнімдері мен оны қайта өңдеу өнімдерінің ішкі және сыртқы нарықтардағы төмен бәсекеге қабілеттілігі;
      4) импорттың едәуір көлемінің болу себебі бойынша ішкі нарықта отандық тамақ өнімдерін өткізудегі қиындықтар.
      Осы арада, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігіне, оның ішінде жасанды тауарлардың (декларацияланбайтын өсімдік майлары, соя қоспалары және басқа да алмастырғыштар, консерванттар, хош иістендіргіштер, бояғыштар, т.б.) болуына зертханалық талдауды жүргізе отырып, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты мемлекеттік бақылауды күшейту қажет.
      Өз кезегінде бұл қолданыстағы техникалық регламенттерді метрологиялық сараптау жүргізуді және жетіспейтін сынақ зертханаларын салу және жаңғырту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту, сондай-ақ сынақтар стандарттары мен әдістемелерін әзірлеу бойынша шаралар қабылдауды талап ететін болады.
      Үкіметтік емес ұйымдарға нарықта қолдан жасалған тамақ өнімдерін анықтау жөніндегі іс-шаралар жүргізу құқығын беретін мәртебе беру мүмкіндігін пысықтау қажет.
      Қазіргі уақытта жүнді және былғары илеу шикізатын қайта өңдеу үлесі өте төмен деңгейде қалуда. Негізінен бұл осы тауарға сұраныстың болмауымен байланысты болып отыр. Жуылған жүнді және өңделген былғары шикізатын сату көлемдерін арттыруға жеңіл және тоқыма өнеркәсібінің кәсіпорындарын дамыту ықпал ететін болады.
      Нарықты қорғау жөніндегі іс-шаралар идеологиялық қолдаумен нығайтылуы тиіс. Бұл үшін отандық тамақ өнімдерін тұтынуды насихаттау және халықтың отандық өнімдерге сенімділігін арттыру бойынша кең ауқымды науқан жүргізу қажет.

      3.4. Агроөнеркәсіптік кешеннің қамтамасыз етуші салаларының даму деңгейін талдау


      Қаржыландыруға қол жеткізу
      2001 жылдан бастап экономикада берілген кредиттер көлемі 18 есеге жуық өсті. Екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – ЕДБ) ауыл шаруашылығына беретін кредиттері де өсті, алайда, барынша аз ауқымда  2003 – 2011 жылдар кезеңінде бар болғаны 3,88 есеге өсті.

      9-сурет. 2001 – 2011 жылдары жыл соңында берілген кредиттер көлемі, млрд. АҚШ доллары



      Дерек көзі: ҚР Ұлттық Банкі


      2011 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша берілген кредиттер көлемі 545 млрд. теңгеден астамды құрады. Күдікті және үмітсіз кредиттер үлесі ауыл шаруашылығында жалпы экономикамен салыстырғанда айтарлықтай төмен.

      10-сурет. 2012 жылғы 1 қаңтарға банктердің кредиттерін жіктеу, %



      Дерек көзі: ҚР Ұлттық Банкі


      2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ЕДБ және «Қаз Агро» ұлттық басқарушы холдингі АҚ (бұдан әрі – «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ) еншілес ұйымдарының АӨК саласындағы кредиттік портфелі (595 млрд. теңге). Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне берілген күдікті және үмітсіз кредиттер сомасы мынадай негізгі факторлар әсерінің нәтижесінде шамамен 300 млрд. теңгені құрады:
      1) негізінен 2006 – 2008 жылдары машина-трактор паркін жаңғырту мен жаңартуға қымбат және қысқа мерзімді кредиттік ресурстарды пайдалану;
      2) 2008 жылғы қаржы дағдарысы;
      3) қолайлы баға кезеңінде астық экспортына тыйым салу (2008 жылдың 15 сәуірі мен 1 қыркүйегі аралығында), валюталық түсімнің төмендеуі және астық экспортының дәстүрлі нарықтарын ішінара жоғалту;
      4) Ресей мен Украинада жақсы өнім болғандықтан, 2009 жылы астық өндірушілердің сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндігінің болмауы, бұл ішкі нарықта тауарлардың іркілуіне және бағалардың күрт төмендеуіне әкелді;
      5) валюталық кредиттік берешекті 25 %-ға ұлғайтқан 2009 жылғы теңгенің құнсыздануы;
      6) ауыл шаруашылығы дақылдарының төмен өнімділігіне әкелген 2010, 2012 жылдардағы қолайсыз құрғақ ауа райы жағдайы.
      Нәтижесінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары бұрын қабылдаған кредиттік міндеттемелер бойынша жоғары сыйақы ставкасын және кредиттер бойынша негізгі борыштың бөлігін төлеу проблемасына тап болды.
      Осыған байланысты кредиттер мен жобаларды қайта құрылымдау, қайта қаржыландыру, қаржыландыру, сондай-ақ АШТӨ бар берешектерін өтеуге қаржыландыру жолымен АӨК субъектілерін бір реттік қаржылық сауықтыру шараларын қабылдау қажет.
      Жалпы АӨК-ні дамытуға республикалық бюджет қаражатынан 2007 – 2011 жылдар ішінде 1 571,9 млн. теңге бағытталды, оның ішінде, субсидиялар үлесіне (суды пайдалануды субсидиялауды есептемегенде) 25,9% немесе 407 млн. теңге келді. Сондай-ақ соңғы 5 жылда (2007 – 2011 жылдар) «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ құрамына кіретін қаржы ұйымдары арқылы АӨК-ні қолдауға республикалық бюджет қаражатынан 332,2 млрд. теңге, Ұлттық қор қаражатынан 120 млрд. теңге бөлінді.
      Ауыл шаруашылығын кредит ресурстарымен қамтамасыз етуде айтарлықтай үлесті «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ алады, ол АӨК-де іске асырылатын инвестициялық жобалардың жартысын қаржыландырады.

      11-сурет. 2012 жылғы 1 қаңтардағы кредиттік портфель, млрд. теңге



      Дерек көзі: ҚР Ұлттық Банкі, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ


      2007 – 2011 жылдар кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші өнеркәсіптерге ЕДБ берген кредиттер 1 289 млрд. теңгені құрады.

      12-сурет. 2007 – 2011 жылдары АӨК-нің қайта өңдеуші салаларына ЕДБ-нің берген кредиттері, млн. теңге



      Дерек көзі: ҚР Ұлттық Банкі


      Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға инвестициялардың жыл сайынғы көлемдері шамамен 2 есе, атап айтқанда 2007 жылғы 56 млрд. теңгеден 2011 жылғы 107,4 млрд. теңгеге дейін артты. ҚР-ның экономикасына инвестициялардың жалпы сомасынан ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар үлесі соңғы 5 жылда іс жүзінде дәл сол деңгейде қалып, 2007 және 2011 жылдары тиісінше 1,7% және 2,2% құрады, бұл ретте елдің ЖІӨ-дегі өнімнің үлесі 5%-дан астамды құрады. Осылайша, ҚР АӨК-нің салыстырмалы инвестициялық тартымдылығы басқа салалармен салыстырғанда осы жылдары өскен жоқ.
      Ауыл шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін АӨК жобаларын қаржыландыруға тартылатын кредиттерді арзандатуға бағытталған бірқатар қаржылық құралдарды және кредиторлар мен инвесторлардың тәуекелдерін төмендету құралдарын енгізу қажет.
      Логистика қызметтері
      Дәнді дақылдардың орташа жылдық өнімділігінің өсуі кезінде тасымалдау және сақтау қуаттылықтарының тапшылығы, бидайды дәстүрлі өткізу нарықтарына экспорттау кезінде қиындықтар пайда болады. Астық тасығыштар тапшылығы 3000 бірлікке, дәнді дақылдардың сақтау қуаттылықтарының тапшылығы – шамамен 2 млн. тоннаға, майлы дақылдардың – шамамен 200 мың тоннаға, жеміс-көкөніс өнімдерінің – шамамен 200 мың тоннаға бағаланады.
      Жер ресурстарын пайдалану
      Жерлерді пайдалану және топырақтың құнарлылығын сақтау мәселелерінде белгілі теңгерімсіздік бар. Ұзақ мерзімді жалға берілген ауыл шаруашылығы жерлерінің мәнді көлемі мақсаты бойынша пайдаланылмауда немесе ең төмен дәрежеде пайдаланылуда. Жалға алушылар пайдаланатын ауыл шаруашылығы жерлерінде топырақтың құнарлылығын сақтау және жел мен су эрозиясының алдын алу жөніндегі жеткіліксіз тиімді іс-шаралар жүргізіледі. ҚР Өңірлік даму министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің деректері бойынша ҚР-да ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 15%-ына дейін ұтымсыз пайдаланылады. Қазіргі таңда шамамен 125 млн. гектар жайылым суландырылмаған және пайдаланылмауда. Бұдан басқа, елді мекендерге жанасып жатқан 20 млн. гектардан астам жайылым ұтымсыз пайдалану салдарынан азып-тозған деп жіктеледі.
      Топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтіру, минералдық тыңайтқыштарды ұтымды пайдалану және осы негізде ауыл шаруашылығы өнімдерін орнықты өндіруге жағдай жасау мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде топырақ құнарлылығының тұрақты мониторингін жүргізу қажет. Бұдан басқа, жер, табиғат және басқа ресурстарды ұтымды пайдалануды ынталандыру мақсатында АӨК субъектілеріне салық салу жүйесін жетілдіру қажет.
      Ветеринариялық қауіпсіздік
      Тұрақсыз эпизоотиялық жағдай АӨК-ні дамыту үшін негізгі қауіп болып табылады. Шекара маңы өңірлері ауруларға неғұрлым ұшыраған, сол жерлерден инфекциялар одан әрі елдің басқа бөліктеріне тарайды. 2011 жылы жіті инфекциялық аурулардың 227 ошағы тіркелді, осының нәтижесінде Қазақстанның бірқатар облыстары үшін мал шаруашылығы өнімінің экспортына тыйым салынды.

      13-сурет. ҚР-дағы жануарлар аурулары жағдайларының саны, 2011 жыл



      Дерек көзі: «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК


      Неғұрлым таралған аурулар ІҚМ мен ҰМ бруцеллезі және ІҚМ лейкозы болып табылады. 2011 жылы бруцеллезге оң нәтижені 75 038 ІҚМ сынамасы және 32 705 ҰМ сынамасы көрсетті, сондай-ақ лейкозға 58 046 оң нәтиже анықталды, бұл 2010 жылмен салыстырғанда аурулар санының тиісінше 14%, 15% және 10%-ға төмендеуін көрсетеді.
      Ветеринариялық және тамақ қауіпсіздігі жүйесін дамытуды бірқатар факторлар тежеуде. Мал басының басым бөлігі жеке үй шаруашылықтарында ұсталады, бұл ветеринариялық бақылауды қиындатады. Қазіргі таңда ақпараттық жүйелер «фермадан үстелге дейінгі» өнімді бақылауды қамтамасыз етпейді, эпизоотиялық қадағалау, аурулардың пайда болу мониторингі мен болжам жүргізуге қауқарлы емес. Малды бірдейлендіру рәсімі орталықтандырылмаған сатып алу, сырғаларды қайталау, жоғалту, сырға құнын иелерінің қайтармауы секілді бірқатар проблемалармен қиындатылған, сондай-ақ электронды бірдейлендіру жүйесі интернет желісімен қамтамасыз етілмеген ауылдық елді мекендер үшін қол жетімсіз. Ветеринариялық препараттарды, диагностикумдарды қатаң бақылау жоқ. Қолданыстағы инфрақұрылым ветеринариялық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етпейді, ветеринариялық ұйымдар (коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар, облыстық және аудандық ветеринариялық зертханалар) барлық қажетті жабдықпен тиісті түрде жарақталмаған.
      Сақтандыру
      Қазіргі таңда өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру саласында заңнамалық базаның бар болуына қарамастан аталған институттың әрекеті жеткілікті дәрежеде тиімді емес. Сақтандыру сыйақыларының мөлшері төлемдерге мемлекеттің қатысуына қарамастан іс жүзіндегі шығыстар мен әкімшілік ету шығындары мөлшерін жаппайды.

      14-сурет. Өсімдік шаруашылығын сақтандыру нарығындағы сақтандыру сыйақылары мен төлемдерінің серпіні, млн. теңге



      Дерек көзі: «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 


      Бұл ретте, саладағы сақтандыру жүйесінің дамуына және тұрақты қызмет етуіне деген қажеттілік маңызды болып табылады, бұл оны жетілдіруге қажеттілік мәніне зерделеуді талап етеді.
      Аграрлық ғылым 
      2007 жылы ауыл шаруашылығы зерттеулерін басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру мақсатында ҚР АШМ құрамында «ҚазАгроИнновация» АҚ құрылды, оның құрамына барлық салалық ғылыми-зерттеу ұйымдары және ауыл шаруашылығы тәжірибе станциялары кірді.
      «ҚазАгроИнновация» АҚ ұйымдастыру құрамында 5 600 астам адам жұмыс істейді, олардың ішінде шамамен 1 100 (20%) – ғылыми қызметкерлер. Ғылыми қызметкерлердің жалпы санынан 60%-дан астамында ғылыми дәрежесі бар, ғылыми қызметкерлердің орташа жасы 46,7 жасты құрайды. Едәуір материалдық-техникалық базасы – 280 мың гектардан астам жері, ауданы 900 мың шаршы м ғимараттары мен құрылыстары, шамамен 4 500 бірлік зерттеу жабдығы ауыл шаруашылығы техникасы бар.
      Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі соңғы үш жылда орташа 3,3 млрд. теңгені құрады, бұл саланың жалпы өнімінен 0,17 – 0,25 % құрайды.
      ҚР барлық негізгі ауыл шаруашылығы өңірлері мен отандық АӨК салалары зерттеулермен қамтылған.
      2009 жылдан бастап «ҚазАгроИнновация» АҚ құрамында білім тарату жүйесі, технологияларды коммерцияландырудың салалық кеңсесі, «Асыл - Түлік» республикалық асыл тұқымды мал шаруашылығы орталығы және «Бастау» баспасы жұмыс істейді.
      Отандық ғылыми әзірлемелерді енгізу ауқымдары жыл сайын артуда. Мысалға, 2011 жылы егіншілік шаруашылығында ылғал-ресурс үнемдеу технологияларын қолдану 11,7 млн. га. құрады (өсу 2007 жылмен салыстырғанда – 2,3 есе), бидайдың отандық сорттарын өсіру алқаптары 6,8 млн. га (бидайдың егістік алқаптарынан 42 %) құрады. Зерттеу процесіне тартылған ірі қара мал басының саны 760 мың бас құрады.
      Сонымен қатар, АӨК өндіргіштігін және бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторы ретіндегі ауыл шаруашылығы ғылымының одан әрі дамуын тежейтін жүйелі сипаттағы бірқатар проблемалар бар. Олардың ішінде негізгілер мыналар болып табылады:
      1) жеткіліксіз қаржыландыру – ауыл шаруашылығы өнімдерін жетекші экспорттаушы елдермен салыстырғанда қаржыландыру көлеміндегі көп еселік айырмашылық;
      2) жоғары білікті жас мамандардың – ғылыми қызметкерлердің, көмекші және техникалық персоналдың тапшылығы;
      3) инфрақұрылымның моральдық және физикалық тозуы – 20 жылдан артық пайдаланылып келе жатқан ғылыми-зерттеу жабдығының үлесі 28 %, ауыл шаруашылығы техникасы мен автомашиналар – 41 %, 20 жылдан артық күрделі жөндеусіз пайдаланылып келе жатқан ғимараттардың үлесі – 95 % құрайды;
      4) ғылыми әзірлемелерді енгізу және бизнеспен өзара іс-қимыл жасау құралдарының дамытылмауы;
      5) отандық аграрлық ғылымның әлемдік ғылыми жүйеге ықпалдасуының жеткіліксіз деңгейі.
      Осыған байланысты, АШТӨ үшін білім беру және консультациялық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында аграрлық ғылымға реформалау жүргізу қажет.
      Ауыл шаруашылығы техникасының паркі
      Қазіргі таңда машиналар мен жабдықтардың абсолютті санының өсу серпініне қарамастан ҚР-дағы ауыл шаруашылығы техникасы паркінің 80 %-ы тозған. Қазіргі уақытта пайдаланудың нормативтік мерзімі 8-10 жыл кезінде 80 %-дан астам астық жинау комбайндары мен тракторларының орташа пайдаланылған жылы 13-14 жыл, 71 % астық жинау комбайндары, 93 % тракторлар және 95 % тұқым себетін машина есептен шығаруға жатады, ауыл шаруашылығы техникаларының қолда бар паркі жалпы 87 % шегінде тозған. 2004-2009 жылдары техниканың қатардан шығып қалуының орташа коэффициенті оң болды (жылына 0,7 %).

      5-кесте. ҚР-да ауыл шаруашылығы машиналарының негізгі түрлерінің бар болуы (жылдың басынан), бірлік



Техникалар түрі

2006

2007

2008

2009

2010

2011

Тракторлар

132 676

134 799

137 213

156 037

156 656

155 580

Астық жинау комбайндары

44 339

44 621

45 454

48 032

49 503

46 997

Тұқым себетін машиналар

87 625

90 362

90 743

91 599

90 960

77 187

Егу кешендері

771

1 126

1 520

1 995

2 408

2 651

Орақтар

15 458

15 575

15 243

15 439

15 200

15 233

      Дерек көзі: ҚР АШМ
      АШТӨ соңғы бес жылда жетекші шетелдік өндірушілердің өнімділігі жоғары техникаларын сатып алуда. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өндірісін энергиямен қамтамасыз ету 2002 жылмен салыстырғанда 19,5 %-ға өсті және 165 жылқы күшін немесе 100 гектар жыртылған жерге 123 кВт құрайды. Салыстыру үшін, Ресейде ауыл шаруашылығы өндірісінің энергиямен қамтамасыз етілуі 259 кВт, Германия, Голландия, Италияда – 350 кВт, Францияда - 364 кВт, Ұлыбританияда - 404 кВт, АҚШ-та – 405 кВт құрайды. Бұл ретте, мәселен жалпы техника санының 4,9 %-ын құрайтын «Хорш», «Джон-Дир», «Кейс», «Морис» өнімділігі жоғары егу кешендері егіс алаңдарының 35,2 %-ын егеді.
      ҚР-ның КО-ға кіруі КО шегінен тыс жерлерден импортталатын ауыл шаруашылығы техникаларының кедендік бажын айтарлықтай арттырды, бұл ретте, Қазақстан жағдайына қажетті no-till және mini-till технологияларын қолдануға арналған техника КО шегінде қажетті мөлшерде және номенклатурада шығарылмайды. ҚР-да құрастыру деңгейін оқшаулау бойынша жоғары талаптар, сондай-ақ, тұрақсыз өткізу нарығы ҚР-да құрастыру өндірісін құруды шектейді.
      Ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңарту және кеңейту мақсатында лизинг құралын және лизинг төлемдерін субсидиялау тетігін пайдалана отырып мемлекеттік қолдауды жалғастыру қажет.
      Агрохимия
      ҚР Статистика агенттігінің деректері бойынша Қазақстанда жыл сайын 87,4 мың тонна минералды тыңайтқыш пайдаланылады, осының негізінде тыңайтқыштарға қажеттілік жылына 1,8 млн. тоннаға бағаланады. Сол уақытта ҚР АШМ Мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекцияларының деректері бойынша гербицидтер жеткіліксіз қолданылады – жылына 30 млн. литр қажеттілігі кезінде бар болғаны 8-10 млн. литр.
      Қазақстан құрамында азот және фосфоры бар тыңайтқыштарды тұтынуға тең көлемде өндіреді, алайда, тыңайтқыштардың үлкен бөлігі экспортталады, ал ішкі сұраныс импорт есебінен қанағаттандырылады. Қазақстанда тұтынылатын калийлі тыңайтқыштар қазіргі уақытта толық көлемде импортталады.
      Биологиялық тыңайтқыштар да жеткіліксіз пайдаланылады.
      Қазақстанда жыл сайын шамамен 3,5 мың тонна пестицид өндіріледі, бұл ретте шамамен 17,5 мың тонна импортталады. Пестицидтерді тұтынудың ішкі нарық көлемі жыл сайын 21 мың тоннаға жуық құрайды және жылына 10-12 % өсу үрдісіне ие. Пестицидтерді формуляциялауды республикада шамамен 6 жергілікті кәсіпорын жүзеге асырады.
      Қазіргі бар проблемаларды шешу мақсатында минералды тыңайтқыштар құнын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарын гербицидтермен өңдеуге жұмсалатын шығындарды арзандату бойынша мемлекеттік қолдау шараларын жалғастыру қажет.

      3.5. ҚР жағдайларына бейімделуі мүмкін бар проблемаларды шешу бойынша оң шетелдік тәжірибені шолу


      Тамақ өнімдерін тұтынудың қарқынды өсуімен және бір уақытта су, жер, отын-энергетика ресурстары тапшылығының артуымен әлемдік халықтың өсуі орын алуда, бұл азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуіне әкеледі. Жалпы 2020 жылға қарай әлем халқы 7,6 млрд. адам құрайды, яғни 2011 жылмен салыстырғанда 600 млн. адамға өседі. Тамақ өнімдерін тұтыну құрылымы өзгереді: етті, сүтті және сүт өнімдерін, балықты, көкөніс пен жемістерді тұтыну үлесі артады. Әлемде ауыл шаруашылығы алдында тұрған негізгі міндет өндірісті 2050 жылға қарай 70 %-ға арттыру болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізу ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі өсуінің баяулай түсуімен және су ресурстарының шектеулі болуымен қиындайды. Ауыл шаруашылығы жерлерінің шөлейттену және тозу процесі жүруде. Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ) Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының деректері бойынша жыртылған жерлердің үштен бірі тозуға ұшырауда, бұл 100-ден астам елдегі 1 млрд. астам адамның өмір сүруіне кері әсерін тигізеді.
      1998 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (бұдан әрі – ЭЫДҰ) кіретін әлемнің дамыған елдері өкілдерінің министрлері кездесуінде аграрлық сектордағы мемлекеттік саясаттың бірлескен қағидаттары туралы келісімге қол жеткізілді, оларға сәйкес мемлекеттік саясаттың қолданылатын шаралары мынадай сипатқа ие болуы тиіс:
      1) ашықтылық: нақты айқындалған міндеттерге, шығындарға, пайдаларға және игілік алушыларға ие болуы;
      2) нәтижелілік: нақты айқындалған нәтижелер;
      3) оңтайлылық: шығыстар нақты айқындалған нәтижелерге қол жеткізу үшін барынша аз қажетті болуы тиіс;
      4) икемділік: ауыл шаруашылығында туындайтын жағдайлардың әр түрлілігін көрсету, міндеттер мен басымдықтардағы өзгерістерге ден қоюға дайын болу, сондай-ақ қойылған нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті уақыт ішінде қолданылатын болуы; 
      5) тең мәнділік: қолдауды секторлар, фермерлер мен өңірлер арасында бөлу әсерлерін назарға алу.
      ЭЫДҰ ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау саясаты азық-түлікке деген жылдам өсіп келе жатқан әлемдік сұранысты, бағалардың күрт ауытқуын және жаһандық нарықтардың өзгергіштігін ескеруі тиіс деп санайды. Сол ұйымның ЭЫДҰ елдерінің, сондай-ақ Бразилия, Қытай, Ресей, Украина және Оңтүстік Африканың статистикаларын талдау негізіндегі соңғы зерттеулерінің (2011 ж.) нәтижелері бойынша жасаған ұсынымдарында аграрлық саясатты әзірлеу кезінде акцентті мемлекеттік дотациялардан өндіргіштікті арттыруға, ресурстарды ұтымды пайдалануға арналған инвестицияларға ауыстыру ұсынылады.
      Әлемнің әр түрлі елдерінің ауыл шаруашылығын қолдау тәжірибесін қорыту көптеген елдердің субсидиялауды ауыл шаруашылығы өндірісін қолдаудың шешуші құралы ретінде пайдаланатынын көрсетті. Алайда алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушы елдер (Австралия, Жаңа Зеландия, Аргентина, Бразилия және т.б.) өндірушілерді тікелей субсидиялауды қолдамайды.
      Дамыған елдерде пайдаланылатын субсидиялау жүйелерінен аграрлық секторды мемлекеттік реттеудің мынадай негізгі нысандарын бөлуге болады: бағаны қолдау (АҚШ), гектар мен мал басына төлемдер арқылы табысты қолдау (ЕО елдері), тарихи табыс деңгейінің негізіндегі төлемдер арқылы табыстарды қолдау (Канада) және кредит берудің артықшылық режимдері (Бразилия). Әкімшілендіру тұрғысынан алғанда субсидиялаудың қарапайым түрі гектарға немесе мал басына төлеу болып табылады.
      Экономиканың аграрлық секторын қолдау деңгейінің көрсеткіштері бойынша Қазақстан салыстырмалы көрсеткіштерде орташа деңгейде тұр. Ауыл шаруашылығын жалпы қолдау бұл жағдайда ауыл шаруашылығы құрылымдарына бюджеттен төлемдерді де, жанама қолдау шараларын да (мысалы, тарифтік қорғау) қамтиды.

      15-сурет. Елдің ЖІӨ-нің үлесі ретінде а/ш жалпы қолдау, 2008 – 2010 жылдардағы орташа көрсеткіш, %



      Дерек көзі: ЭЫДҰ PSE/CSE деректер базасы; Қазақстан бойынша деректер алдын ала, түпкілікті деректер OECD Review of Agricultural Policies in Kazakhstan, 2013. OECD, Paris (Қазақстанның ауыл шаруашылығы саясатын ЭЫДҰ шолуы, 2013 жыл., Париж) жарияланатын болады.


      Қазіргі уақытта ДСҰ шеңберінде ауыл шаруашылығын тікелей мемлекеттік қолдау шараларынан бас тарту бойынша үрдіс басым болуда. ДСҰ мен әлемдік аграрлық азық-түлік нарықтарында Керн тобының елдері (Австралия, Аргентина, Жаңа Зеландия, Канада және басқалары) неғұрлым көп мәнге ие болуда, оларда ауыл шаруашылығына тікелей субсидиялардың ең төмен деңгейі бар және саланы өндірістің бәсекеге қабілеттілігін және тиімділігін өсіру есебінен дамытуда. Ауыл шаруашылығын тікелей қолдауды пайдаланбайтын Керн тобы елдерінің тәжірибесі субсидиялардан бас тартқаннан кейінгі кезеңдегі өндіріс факторларының жиынтық өндіргіштігінің неғұрлым жоғары өсуін көрсетеді.
      Қазақстанға қатысты бұл әрбір ел өзінің ауыл шаруашылығын қолдау жүйесін әзірлейтінін растайды, бастысы сол қолдау өндірушілерді ынталандыруы, жер мен малдардың өнімділігін арттыруы, экспортты ынталандыруы тиіс.
      Аграрлық саладағы алдыңғы қатарлы елдердің қазіргі даму үрдістерін талдау Қазақстанның АӨК одан әрі дамуы мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру және аграрлық бизнесті дамыту үшін тең қолайлы жағдайлар жасау есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағдарлануы тиіс екендігін көрсетті.
      Бұдан басқа дамыған елдерде ауыл шаруашылығының жеке бағыты – органикалық өнімнің өндірісі қалыптасты. Әлемдегі органикалық өнім нарығының дамуы дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерімен салыстырғанда неғұрлым жоғары және тұрақты бағаларға қарамастан жеткілікті жоғары өсу қарқынын көрсетуде. Органикалық өндірістің отандық өнімдері әлемнің дамыған елдерінде мойындалған органикалық өндірісті сертификаттау жүйесін енгізгеннен кейін ғана шетелдік тауарларға қатысты бәсекеге қабілетті болуы мүмкін.

      3.6. Агроөнеркәсіптік кешеннің күшті және әлсіз жақтарын, мүмкіндіктері мен қауіптерін талдау


        ҚР-да АӨК-ні дамытудың күшті жақтары қазіргі уақытта даму бағдарламаларын мемлекеттік қолдау, агротехнологияларды қолданудың жинақталған мол тәжірибесі болып табылады. АӨК-ні дамытудың әлсіз жақтары сақтау қуаттылықтарының, логистикалық қуаттылықтардың жеткілікті мөлшерінің болмауы, ғылыми-зерттеу тәжірибе-конструкторлық жұмыстарды (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) енгізудің төмен деңгейі, ветеринариялық қауіпсіздіктің төмен деңгейі және дамудағы басқа теңгерімсіздіктер болып табылады.

      6-кесте. АӨК-ні SWOT талдау



Күшті жақтары:

- АӨК жалпы өнімінің тұрақты өсуі;


- Қазақстан бидай мен бидай ұны өндірісінде әлемдік көшбасшы болып табылады;
- Қазақстанның АӨК-сі едәуір мемлекеттік қолдау алады;
- жер және су ресурстарымен қамтамасыз етілуі;
- органикалық өнім өндірісі мен экспортының жоғары әлеуеті.

Әлсіз жақтары:

- малдардың төмен өнімділігі;


- өсімдік шаруашылығының негізгі дақылдарының төмен шығымдылығы;
- төмен еңбек өнімділігі;
- кәсіпкерлік субъектілері рентабелділігінің төмен деңгейі;
- ҒЗТКЖ төмен енгізілуі;
- заманауи агротехнологиялық білімді таратудың төмен дәрежесі;
- қаржыландыру және сақтандыру жүйесінің төмен тиімділігі.

Мүмкіндіктері:

- бірқатар АӨК салаларында импорт алмастыруды дамыту және экспорттық әлеуетті іске асыру;


- саланы тиімді мемлекеттік қолдауды қалыптастыру;
- тауарлық балық аулауды, ІҚМ етінің экспортын, жайылымдық мал шаруашылығын, алма, майлы дақылдар және басқа өнім түрлері өндірісін дамыту.

Қауіптері мен тәуекелдері:

- сала өніміне әлемдік бағаның ішкі және сыртқы коньюнктурасының нашарлауымен шартталған макроэкономикалық тәуекелдер;


- ДСҰ-ға кіруге байланысты бірқатар өнім түрлері бойынша халықаралық нарықтардағы бәсекелестіктің өсуі;
- табиғи-климаттық жағдайлардың қысқа мерзімді де, ұзақ мерзімді де қолайсыз өзгерулері (климаттың жаһандық жылынуы және осымен байланысты шөлді және шөлейтті жерлердің артуы, су ресурстары тапшылығының артуы, ауа-райы жағдайларының тұрақсыздығы және басқалар);
- өнімді нысаналы өткізу нарықтарына дейін тасымалдау нарығының сыни тозуы және осымен байланысты жеткізу құнының қымбаттауы;
- жануарлар мен өсімдіктер ауруларының таралуы және табиғи ортаның ластануы, өсімдіктердің, жануарлардың, балықтардың, жәндіктердің зиянкес түрлерінің таралуы, бұл жер, су және басқа ресурстар қолжетімділігінің төмендеуін және жалпы сала өнімділігінің төмендеуін тудырады, ҚР АӨК экспорттық әлеуетін төмендетуі мүмкін;
- пайдаға қысқа мерзімді бағдарлану, қаржыландыру тапшылығы, ресурстарды пайдаланудың ғылыми ұсынылған нормативтерін сақтамау нәтижесінде жер, су, биологиялық ресурстар әлеуетінің, жануарлардың, өсімдіктер мен балықтардың генетикалық әлеуетінің төмендеуі;
- саланы тиімсіз мемлекеттік реттеу тәуекелі, бұл АШТӨ транзакциялық шығындардың өсуін, саланы дамытуды қолдауға бөлінген мемлекеттік қаражаттың тиімсіз пайдаланылуын, нарық сигналдарын бұрмалауды және өнімді өндіру мен тұтыну құрылымындағы қайшылықтарды тудыруы мүмкін.

      Дерек көзі: Салаларды талдау

       



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет