Бағдарламасы бойынша ізденуші Акционерлік қоғам қызметі барысында туындайтын кейбір сауалдардың



жүктеу 110.45 Kb.
Дата17.06.2016
өлшемі110.45 Kb.
М. Естемиров

«КазГЮУ Университеті» АҚ

PhD бағдарламасы бойынша ізденуші
Акционерлік қоғам қызметі барысында туындайтын кейбір сауалдардың

құқықтық реттелуі
Акционерлік қоғамдардың нарықтағы маңыздылығын К.Маркстың акционерлік қоғамдардың тарихи рөлі жөнінде айтқан мына бір сөздерінен аңғаруға болады: «Егер, темір жол құрылысын игеруге мүмкіндік беретін мөлшерге дейін қаражаттың жекелеген тұлғаларда жиналуын тосқанымызда, әлем әлі күні де темір жолсыз отырған болар еді. Керісінше, акционерлік қоғамдар арқылы капиталдың шоғырлануы мұны бір сәтте іске асырды [1, 17-18]». Қазіргі нарықтық айналымда туындап жатқан қатынастар жоғарыдағы пікірдің растығын қуаттай түседі. Мысалы, 2009 жылдың көктемінде «Қазақмыс ПЛС», «Самрұқ Энерго» АҚ («Самрұқ-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат Қоры» акционерлік қоғамының құрамдас бөлігі), Korea Electric Power Corporation және Samsung Corporation компанияларының арасында бастапқы (рамочный) шартқа қол қойылған болатын. Нәтижесінде, «Балқаш жылу энергия станциясы» АҚ-ның «Самрұқ-Энерго» акционерлік қоғамына тиесілі акцияларының 10% «Қазақмыс ПЛС» АҚ өтті. Жалпылай алғанда, стратегиялық әріптестерге жылу энергия станциясы акцияларының бір пайызы кем 75% тиесілі болмақ. Аталған жоба 4,5 млард. долл. бағалануда. Оның 70% заем қаражатынан алынатын болса, ал, 30% акционерлердің өз қаражаты есебіне шығарылмақ [8, 12]. Сондай-ақ, нарықтық айналымда туындайтын әрбір құбылыс дер кезінде құқықтық тұрғыдан реттелінуі қажет. Керісінше болған ретте мұның теріс салдарының болары сөзсіз және акционерлік қоғамдарға қатысты бұл толықтай іске асты деуге болады. Мысалы, акционерлік қоғамдар қалыптасуының бастапқы сатысындағы қадағалаудың болмауы және шынайы бақылау құқығына ие емес көптеген қатысушылардан капитал тарту еркіндігі өзіне тиесілі құқықты қиянат етуге қолданудың оңай мүмкіндігін қалыптастырды. В. Гуреев өз еңбегінде Р.Иерингтің сол кезеңдердегі акционерлік қоғамдардың адамдарды, барлық соғыстарды қоса алғандағыдан да көп тақырға отырғызғаны туралы сөзін келтіреді. Осыған байланысты, акционерлердің өз құқықтарын қиянат етуге қолдануларының алдын-алу мақсатында Ресейде 1762 жылдың 28 наурызында арнайы жарлық қабылданды. В.Гуреевтің пайымдауынша аталған жарлық компания жетекшілерінің қиянат етуі жөніндегі сұрақты қарайтын және акционерлер құқықтарын тиісінше қорғау жөніндегі мәселелерді көтеретін Ресей тарихындағы алғашқы құқықтық акті болып саналады [2, 8]. Дегенмен, бұл ресейлік заң шығарушының туындысы емес-ті. Бұл мәселе, бұдан бұрын 1720 жылғы акционерлік қиянат етулердің жолын тосуға арналған ағылшындық заң «Bubbles Act»-де қаралған болатын. Заң атауын сөзбе-сөз «Сабын көбіктері туралы Заң» деп аударуға болады [2, 9].

Жалпы заңды тұлғалардың, соның ішінде акционерлік қоғамның қызметін құқықтық тұрғыдан реттеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, С. Могилевскийдің пайымдауынша заңды тұлғалар қызметін құқықтық реттеу жөнінде мәселе көтерілгенде сырт көзге қарағанда, түкке тұрғысыз ештеңені өзгертпейтін құбылыстар болуы мүмкін. Мүмкін, бұл айналымның «жасанды субъектілері» - заңды тұлғалар жөнінде болғандықтан болар. Бұдан әріде, ол мынадай екі жағдайды қарастырады. Бірінші жағдайда, бір акционер барлық дауыс беру акцияларын иеленсе, ал, екінші жағдайда біреуі 99%, ал, екіншісі 1% иеленеді. Ешқандай өзгеріс жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін. Өйткені, екі жағдайда да шешімді бірінші акционер қабылдайды. Дегенмен, бұл жерде айырмашылық үлкен. Егер, бірінші жағдайда «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңының 35-бабының 4-тармағына сәйкес жалпы жиналыстың құзіретіне жататын мәселелер бойынша шешімді осы жалғыз қатысушы өзі қабылдайтын және оны жазбаша рәсімдейтін болса (осы ретте, Заңдағы жалпы жиналысты өткізу, шақыру тәртіптері қолданылмайды), ал, екінші жағдайда жалпы жиналыстың құзіретіне жататын барлық мәселелер бойынша шешім қабылдауда заң талаптары сақталуы тиіс [9, 64].


Қазіргі заманауи акционерлік қоғамның негізін салушылар ретінде 1600 жылғы ағылшындардың Ост-Үнді компаниясы мен 1602 жылғы голландиялық Ост-Үнді компаниялары аталады. Сондай-ақ, Голландиялық Ост-Үнді компаниясы өз акциялары бойынша дивиденд төлеген алғашқы акционерлік қоғам болып саналады. Компания акционерлеріне жылына орташа есеппен 18% дивиденд төленіп отырған. Голландиядағы экономикалық алғышарттар Англиядағы акционерлік қоғамдардың да туындауына әсер етті. Дегенмен, ағылшындық Ост-Үнді компаниясын құру бастамасы үкіметке қарағанда, жеке тұлғаларға көп тиесілі болды. XVII ғ. бері акционерлік қоғам нысаны кеңінен тарала бастады. 1843 жылы Англияда тіркелген 994 акционерлік қоғам болса, ал, 1844-1856 жылдар аралығында олардың саны 4409 жетті. Алайда, В.В. Долинскаяның пайымдауынша Англияның көрсеткен қызметі онда құрылған акционерлік қоғамдар санында емес, акционерлік құқықты дамытуға қосқан үлесінде болып табылады [4, 13-17].

Заңи әдебиеттерде акционерлік қоғамдар мен олардың қызметін реттейтін заңнаманың даму тарихына қатысты екі ұстаным қалыптасты. Бірінші ұстанымдағы зерттеушілердің еңбектерінде заманауи, қазіргі біз қабылдайтын түсінік пен мағынадағы акционерлік қоғамдардың дамуы және жұмыс істеу дәуірі сипатталған. Ондай зерттеушілер қатарына И.Т. Тарасовты, М.И. Кулагинді, М.Г. Ионцевті жатқызуға болады. Екінші ұстанымды шартты түрде кеңейтілген деп алса болады. Өйткені, ол бүгінгі күнгі акционерлік қоғамдарға тән белгілерге тоқталып, заманауи интерпретациясымен шектеліп қалмай, аталған заңды тұлғаның даму эволюциясын саралауға, акционерлік қоғамдардың тарихи жүріп өткен жолына үңілуге тырысады. Ондай зерттеушілер санатынан А.И. Каминканы, Г.Ф. Шершеневичті, Л.Е. Шепелевті, В.В. Долинскаяны атауға болады [2, 1-2].

Сонымен, Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы «Акционерлік қоғамдар туралы» №415-II Заңының (бұдан әріде – Акционерлік қоғамдар туралы Заң) 3-бабына сәйкес өз қызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту мақсатымен акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам деп танылады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әріде – ҚР АК) 34-бабының 3-тармағы бойынша акционерлік қоғам коммерциялық ұйым болып табылғанымен, отандық заңнамаға сәйкес коммерциялық емес ұйымдарда акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылуы мүмкін. Дегенмен, коммерциялық емес ұйымдарға акционерлік қоғам нысанында құрылуға мүмкіндік беретін құқықтық нормалар отандық зерттеушілер тарапынан әділ сынға ұшырауда. Мысалы, М.К. Сүлейменов коммерциялық емес ұйымдардың акционерлік қоғам нысанында құрылуына мүмкіндік беретін нормалардан бас тарту керектігін айтады және уәж ретінде акционерлік қоғамдар жөніндегі заңнаманың көптеген нормалары коммерциялық ұйымдарға арналғандығын алға тартады [3, 242].

В.В. Долинская өзінің еңбегінде соңғы бес жылда құрылған жеті ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық заңды тұлғалардың 17% акционерлік қоғам нысанында құрылғандығы жөнінде деректер келтіреді. Аталған автордың пайымдауынша акционерлік қоғам нысанында құрылу келесідей артықшылықтар ұсынады: - меншік иелері мен басқаруды ажыратуға мүмкіндік береді; - капиталды біріктіру арқылы олардың тиімділігін арттыруға қол жеткізуге болады; - қор нарығында акцияларды орналастыру арқылы инвестиция тартуға болады; - акцияны иеліктен шығарудың еркіндігі; - жауаптылықтың шектеулі болуы; - қоғамның, ұжымның, меншік иелерінің, басқарушылардың, жалдамалы жұмысшылардың мүдделерінің үйлесуі; - ұйымдық-құқықтық нысанның тұрақтылығы [4, IV].

Ал, В.В. Лаптев болса өз еңбегінің алғысөзінде акционерлік қоғамдарға келесідей екі ерекшеліктің тән екендігіне назар аударады: біріншіден, акционерлік қоғамдар капитал концентрациясына мүмкіндік береді және осыған байланысты көбінесе бұл нысанда ірі кәсіпорындар құрылады; екіншіден, акционерлік қоғамның міндеттемесі бойынша акционерлердің жауапты болмауы және осының нәтижесінде бұл нысан өз жауаптылығын шектегісі келетін кәсіпкерлер үшін аса тартымды болып табылады [5]. Сонымен бірге, В.В. Лаптев акционерлік қоғамның қызмет етуі барысында туындайтын сұрақтардың көп жағдайларда локальді нормативтік актілермен реттелінетіндігіне назар аударады. Сондай-ақ, ондай нормаларды кейде, «корпоративтік құқық» деп те атайтындығын жеткізеді. Бұдан әріде, аталған автор локальді актілерді екіге жіктейді: қоғамды құру барысында құрылтайшылар бекіткен актілер және қызмет етуі барысында қоғамның органдары бекіткен актілер. Бірінші топтағы актілерге, жарғы жатқызылса, екінші топқа мысалы, дивиденд төлеу туралы шешім, қоғамның бөлімдері жөніндегі ережелер енгізілген [5, 17-18].

Осы секілді пікірлерді өз еңбегінде В.В. Долинскаяда білдіреді. Мысалы, аталған автор локальді нормативтік актілерді акционерлік қоғамдардың құрылуы мен қызмет етуін құқықтық тұрғыдан реттейтін қайнар көздердің санатына жатқызады. Сондай-ақ, заңи деңгейде олардың еңбек құқығының қайнар көзі ретінде мойындалатынын, дегенмен, локальді актілердің жеке құқық саласында да өз орнын таба бастағанын назар аударады. Ұйым қызметін тиімді ұйымдастыру және жарғылық міндеттерді шешу мақсаттарында кез-келген заңды тұлға өз қатысушыларына және (немесе) еңбек ұжымының мүшелеріне белгілі-бір іс-қимыл ережелерін бекіте алады. Ондай ережелер корпорация құқығы, корпоративтік нормалар, ұйымның ішкі заңға сәйкес актілері атауларына ие болуда. Локальді актілерге келесідей белгілер тән болады: нормативтілігі (жекелеген оқиғаны немесе нақты бір қоғамдық қатынасты емес, қайталанып отыратын, әдеттегі оқиғаларды реттейтін жалпы сипаттағы іс-қимыл ережелерінен тұрады); жүйелілігі (келесідей етіп жіктеуге болады, азаматтық-құқықтық, қаржылық-құқықтық, еңбек және әкімшілік-құқықтық нормалар); заңды тұлғаның өз қатысушыларына және (немесе) еңбек ұжымының мүшелеріне міндетті сипатта болады; жазбаша нысанда болады; орындалмаған ретте мәжбүрлеу механизмінің болуы. Заңды тұлғаның өз қатысушыларына және (немесе) еңбек ұжымының мүшелеріне міндетті күші бар, орындалмаған ретте мәжбүрлеу механизмі арқылы қамтамасыз етілетін жазбаша нысандағы нормативті және жүйелі мазмұнға ие және үшінші тұлғаларға заңи маңызы бар құқықтың қайнар көзін В.В. Долинская заңды тұлғаның локальді актілері деп атайды. Акционерлік қоғамның локальді актілерінің арасында бірінші орын жарғыға тиесілі. Бұл заңды тұлғаның құқықтық мәртебесін айқындайтын статуттық құжат болып есептеледі [4, 167-168].



И.А. Покровский өз еңбегінде құқықтық нормалардың айқын, түсінікті болуы жеке тұлғалардың құқыққа қоятын бірінші және маңызды талаптарының бірі екендігіне назар аударады. Егер, әрбір жекелеген адам құқыққа бағынуы және өзінің іс-қимылын құқық талаптарына икемдеуге тиіс болса, демек, ол талаптардың айқын, түсінікті болуы қоғамдық өмірді реттеудің бірінші шарты болмақ. Осы реттегі кез-келген түсініксіздік құқықтық тәртіп ұғымына қайшы болып есептеліп, адамды қиын жағдайға қалдырмақ: нені орындау және неге икемделуі белгісіз болады. Әзірше, азаматтық-құқықтық өмірдің дамуы баяу, сылбырт жүрген ретте, құқықтық нормалардың түсініксіздігі мен нақты болмауы өзінің әлсіздігін көрсете қоймайды. Алайда, жеке бастама мен мол жеке энергия талап етілген тұста, жағдай түбегейлі өзгереді. Мұндай жағдайда құқықтың айқын болуы басты талапқа айналады [6, 91]. Біздің пайымдауымызша жоғарыда аталған зерттеушінің бұл байламдары қазіргі уақытта өте өзекті болып табылады. Мысалы, «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңының 68-бабы бойынша келесі белгілерге жауап беретін мәміле, ірі мәміле деп танылады: - нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес және одан да көп проценті болатын мүлікті қоғам сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәміле немесе өзара байланысты мәмілелердің жиынтығы; - нәтижесінде қоғам өзінің орналастырған бағалы қағаздарын сатып алуы немесе орналастырған бір түрдегі бағалы қағаздардың жалпы санының жиырма бес және одан да көп проценті мөлшерінде олардың сатылып алынған бағалы қағаздары сатылуы ықтимал мәміле немесе өзара байланысты мәмілелердің жиынтығы; - қоғамның жарғысында ірі мәміле деп танылатын өзге де мәміле. Осы ретте ірі мәміле деп танылудың бірінші жағдайына тоқталсақ. Мысалы, қандай да бір «С» акционерлік қоғамы банктен несие алуда. Несие сомасы қоғам ие активтер құнының 25% аспайды, дегенмен, қайтарылатын өсімімен есептегенде бұл мөлшерден асып кетуі мүмкін. Сонда қай соманы назарға алуымыз қажет деген сауал басы ашық күйінде қалуда. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, бұл ретте мәміленің ірі екендігі тек, өсім сомасына орай ғана айқындалуы ақылға қонымды болып табылады. Өйткені, ақшалай қаражатты алу арқылы өсімнен басқа өзінің ештеңесін бермейді. Осы тұста, несие шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арыздың қандай мақсатта ұсынылатыны да аса маңызды болып саналады. Мәміленің жарамды не жарамсыздығына қарамастан несиені қайтару керектігі даусыз. Борышты өндіріп алу жөніндегі банктің талап-арызынан туындайтын сот процессін соза түсу және процентті шартта көрсетілген көлемде емес, Ұлттық банктің қайта қаржыландыру ставкасы деңгейінде төлеу ондай талап-арыздың берілуінің бірден-бір себебі болуы мүмкін [7, 273-274]. Ал, бұл сауалға қатысты Ресей Федерациясы Жоғары Арбитраждық Сотының Президиумы өзінің №62 Ақпараттық хатында келесідей жауапты ұсынады: егер, ұсынылған несие сомасы мен несиені пайдаланғаны үшін шартта қарастырылған процент сомасы (несиені мерзімінде қайтармағаны үшін алынатын өсімдерді қоспағанда) қоғам мүлкінің баланстық құнының 25% асатын болса, несие шарты ірі мәміле болып табылуы мүмкін. Біздің пайымдауымызша осындай мазмұндағы ережені «Акционерлік қоғамдар жөніндегі заңнаманы қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының 2009 жылдың 28 желтоқсанындағы № 8 Нормативтік Қаулысына (бұдан әріде – «Акционерлік қоғамдар жөніндегі заңнаманы қолдану туралы» Нормативтік Қаулы) да енгізген жөн.

Осы ретте бұл сауалдың реттелуіне байланысты көршілес Ресейдің тәжірибесіне назар аударсақ. Ресей Федерациясының 1995 жылдың 24 қарашасында қабылданған «Акционерлік қоғамдар жөніндегі» №208-ФЗ Федералдық Заңының 78-бабында ірі мәміленің анықтамасы бекітілген. Жалпы мазмұны ірі мәміленің отандық заңнамада бекітілген анықтамасымен ұқсас. Дегенмен, бір өзгешелігі ол, ресейлік заңнамада қоғамның әдеттегі шаруашылық қызметі барысында жасалған мәмілелері, бекітілген талаптарға жауап бергенімен ірі мәміле деп танылмайды. Отандық заңнамада мұндай ереже жоқ. Біздің пайымдауымызша отандық заң шығарушының жоғарыдағы өзгешелікті бекітпеуі дұрыс қадам болып саналады. Сонымен, «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңының 68-бабындағы «нәтижесінде құны қоғам активтер құнының жалпы мөлшерінің 25 және одан да көп проценті болатын мүлікті қоғам сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәміле немесе өзара байланысты мәмілелердің жиынтығы» делінген мазмұндағы ереже қоғам жасасатын мәміле ірілігін көрсететін бір негіз болып есептеледі. Осы көрсетілген негіздегі өзара байланысты мәмілелер ұғымына назар аударсақ. Өкінішке орай, «Акционерлік қоғамдар жөніндегі заңнаманы қолдану туралы» Нормативтік Қаулыда бұл сауал назардан тыс қалған. В.И. Добровольский сот тәжірибесінде өзара байланысты мәмілелердің келесі белгілер бойынша айқындалатынына назар аударады: 1) мәмілелердің бірдейлігі; 2) мәмілелердің бір тұлғамен немесе өзара байланысты тұлғалармен жасалуы; 3) мәмілелердің қысқа бір уақыт аралығында жасалуы; 4) жасалынған мәмілелердің кәсіпорынның біртұтас технологиялық циклін бұзуы; 5) мәмілелерді жасасу нәтижесінде (әртүрлі тұлғалармен жасалған болса да) қоғам мүлкі басқа бір тұлғаның немесе өзара байланысты тұлғалар тобының иелігіне ауысқандығын көрсететін мән-жайлар; 6) иеліктен шығарылыған мүлік тұтастай өндірістік кешен болғандықтан, мәмілелердің жасалуы қоғам қызметінің тоқтатылуына әкелді; 7) дауланатын мәмілелер қоғамның бұрын жасаған шарттарының негізінде және оларды орындау үшін жасалса; 8) мәміле жасалуы барысында барлық тұлғалар (сатушы – қоғамда, барлық сатып алушыларда) бір мақсатты көздеген болатын яғни, нәтижесінде барлық иеліктен шығарылатын мүліктер бір тұлғаға немесе өзара байланысты тұлғалар тобына өтуі керек [7, 286-287].

«Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңының 14-бабында акционерге тиесілі құқықтар көрсетілген. Сондай құқықтардың бірі ол, акционердің дивиденд алуға деген құқығы. Қоғамның акционерлерге дивиденд төлеуіне қатысты сұрақтар «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңының 22-24 баптарында айқындалған. Мысалы, 22-баптың 1-тармағында артықшылықты акцияларды қоспағанда, қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеу мәселесі акционерлердің жалпы жиналысында қоғамның дауыс беретін акцияларының жай көпшілік даусымен шешілетіні бекітілген. Осы ретте, В.А. Гуреев дивидендтер төлеу мәселесінің жалпы жиналыста шешілуі әдетте, ірі акционердің еркіне тәуелді болатынын және соңғыларының көп жағдайларда қарапайым акционерлермен табысты бөлісуге асыға қоймайтынын айтады. Осыған байланысты аталған автор, әрбір қаржылық жылдың соңында табыс болған ретте акционерлердің дивиденд алуға деген сөзсіз құқығын бекітуді ұсынады [2, 95-97].

Қорытындылай келгенде, жоғарыда сипатталған мәселелерден акционерлік қоғамдар қызметін реттейтін құқықтық нормаларды жетілдіре түсу қажеттігі айқын көрінеді.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Кулагин М.И. Избранные труды. М., 1997, - 330 парақ.

2. «Проблемы защиты прав и интересов акционеров в Российской Федерации» / В.А. Гуреев. – М.: Волтерс Клувер, 2007. – 208 парақ.

3. Сулейменов М.К. «Становление и развитие гражданского законодательства Республики Казахстан» - Алматы, 2006. – 356 парақ.

4. Долинская В.В. «Акционерное право: основные положения и тенденции» // Монография. М.: Волтерс Клувер, 2006. – 736 с. – ISBN 5-466-00178-3 (пер.).

5. Лаптев В.В. «Акционерное право». – М.: Юридическая фирма «Контракт»; Инфра.М, 1999. – 254 с.

6. Покровский И.А. «Основные проблемы гражданского права». Изд. 4-е, испр. М.: «Статут», 2003. – 351 с. (Классика российской цивилистики.) ISBN 5-89398-01508 (в пер.)

7. Добровольский В.А. «Проблемы корпоративного права в арбитражной практике» - М.: Волтерс Клувер, 2006. – 448 с. – ISBN 5-466-00203-8 (в пер.)



8. Бутрина Е. «Портрет компании» // Панорама. 22 января 2010 года. №2 (867).

9. С. Могилевский «Понятие и порядок образования органов управления акционерного общества» // Хозяйство и право. 2006. №1.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет