8. Волейболға дайындық қозғалыс ойындары
«Тоқта»
Ойыншылар саны: 15-20 адам
Өткізілетін орын: спорт зал, алаң.
Керекті құрал-жабдықтар: Волейбол добы.
Дайындық: Жетекші шеңбер ішінде доп ұстап тұрады. Қалған ойыншылар үлкен шеңбер жасап тұрады. Олардың әрқайсысына нөмір беріледі.
Ойын мазмұны: жетекшінің белгісі бойынша жүргізуші допты жоғары лақтырып, ойыншыларға берілген кез-келген нөмірді айтады. Аталған ойыншы шеңберден жүгіріп шығып, допты қағып алуы керек. Осы уақытта қалған ойыншылар залға шашырай қашады. Допты қағып алған ойыншы «Тоқта» деп қатты дауыстайды. Барлық ойыншылар орындарында тоқтап тұрып қалуы керек. Жүргізуші өзіне жақын не алыс (өз таңдау бойынша) ойыншыға допты лақтырып тигізеді (кез-келген санды айтып, допты қадам басып жақындау арқылы лақтыруға болады). Ойыншы допты қағып алса, ары қарай нөмірді айтып, ойынды жалғастыра береді, тигізе алмаса, қайта жүгіріп допты қолына алады да, «Тоқта» деп дауыстайды. Ал егер де доп ойыншыға дәл тиіп басқа бағытқа ұшып кетсе, тиген ойыншы допты алып, «Тоқта» деп дауыстауы керек. Ойын осылай жалғаса береді.
Әдістемелік нұсқаулар: Жүргізуші допты лақтырған кезде ойыншы аяқта тұрып, қимылдар жасап (оңға, солға бұғулар арқылы) өзіне допты дарытпауға болады.
Ойынның басқа түрі: 1. Ойыншылардың әрқайсының нөмірлерінің орнына хайуанаттардың аттарын қоюға немесе өзінің есімдерін атауға болады. Жетекші допты лақтырғанда ойыншының атауларын дұрыс атап айтуы керек. 2. Бір-бірінің артына, кедергінің артына тығылуына рұқсат етілмейді.
Ойынның педагогиқалық маңызы. Ойын допты лақтыру, қағып алу дағдысын қалыптастырады. Ойын оқушылардың жылдамдық қабілеттерінің жетілуіне, бағдарлауға, тез шешім қабылдауға тәрбиелейді.
Ойын ережесі:
1) «Тоқта» деген қомандадан кейін жүгіруге, қимылдауға болмайды;
2) Допты қатты лақтыруға болмайды.
«Сақшылар мен барлаушылар»
Ойыншылар саны: 15-20 адам
Өткізілетін орын: спорт зал, алаң.
Керекті құрал-жабдықтар: Волейбол добы.
Дайындық: Ойыншылар теңдей екі топқа бөлінеді. Бірі «Сақшылар», екінші «барлаушылар». Ортаға үлкен шеңбер сызылып, ортасында доп тұрады. Шеңберден 2-3 м қашықтықта екі топқа қарама қарсы үй сызылады. Ойыншылар өз үйлеріне орналасады.
Ойын мазмұны: «Барлаушылар» допты өз үйлеріне алып кетулері керек. «Сақшылар» допты қорғап қалады. Ортаға екі топтан да бір-бір ойыншы шығады. Жетекшінің белгісі бойынша барлаушы ойыншы шеңберді айнала жүгіріп немесе әртүрлі қимыл жаттығулар жасап допты алып кетуге тырысады. Ал сақшы барлаушының жасаған қимыл-қозғалысын бірдей орындап отыруы тиіс. Ойын барысында барлаушы қулығын асыра алмай ұсталып қалса, сақшыларға тұтқынға түсіп бір ұпайдан айрылады. Ал, егер де сақшы алданып барлаушыны ұстай алмаса барлаушыларға тұтқынға түсіп, ол да бір ұпай жоғалтады. Әрбір тұтқынға түскен ойыншы шеңбердің қапталындағы тұтқындар үйіне орналасады. Ойын соңында тұтқынға түскен ойыншылар саналады. Қай топ көп тұтқын ұстаса сол топ жеңеді. Ойын екінші рет ойналғанда топ аттары ауыстырылады.
Ойынның басқа түрі: 1) Екі топтан бір-бір ойыншы шығып шеңбер бойына қарама-қарсы тұрады. Екеу де жетекшінің жасаған жаттығуларын бірдей орындауы тиіс. Жетекші күтпеген жағдайда белгі береді. Осы уақытта ойыншылар допқа таласуы керек. Қай ойыншы жылдам қимылдап допты бірінші алса сол топ бір ұпай алады. 2) Шеңбер ортасына ара қашықтығы 40- 50 см болатын үш кегли қойылады. Ойын ережесі өзгертілмейді. Жетекші белгісінен кейін қай ойыншы екі кеглиді бірінші алса сол топқа бір ұпай беріледі. Ойынды жүгіру барысында ойнатуға болады.
Ойын ережесі:
1) Ортадағы допқа таласу тек жетекшінің белгісімен орындалады;
2) Сақшы барлаушының жасаған жаттығуларын міндетті түрде қайталауы тиіс және арақашықтықтары да бірдей болуы керек. Барлық жасаған жаттығуларды қайталамаса сақшы ұтылып, ұпай жоғалтады;
3) Барлаушыны тек үйіне дейін жеткізбей ұстау керек;
4) Барлаушы үйіне жетпей ұсталса, тұтқынға түседі.
Ойынның педагогикалық маңызы: ойын оқушылардың жылдамдық, ептілік қабілеттерін жетілдіріп, бағдарлауға, тез шешім қабылдауға, ұйымшылдыққа тәрбиелейді.
«Қармақ»
Ойыншылар саны: 20 30 адам.
Өткізілетін орын: спорт зал, алаң
Керекті құрал-жабдықтар: тор қалта, доп, жіп.
Дайындық: Тор қалтаның ішіне доп салынып, арнайы тоқылған ұзындығы 3-4 м болатын жіппен байланады. Барлық ойыншылар үлкен шеңбер жасап тұрады. Жүргізуші алаңның ортасында жіптің бір ұшын ұстап тұрады.
Ойын мазмұны: Белгі бойынша жүргізуші ортада отырып жіпке байланған допты айналдырады. Қалған ойншылар допты аяқтарына тигізбей секірулері керек. Кімнің аяғына доп тисе сол ойыншы жүргізушімен орын алмасады. Ойын белгіленген уақытқа дейін ойналады. Кім допты бірде-бір рет аяғына тигізбесе сол ойыншы жеңіске жетеді.
Ойын ережесі:
1) Ойыншылар биік секірулері керек;
2) Жүргізуші допты еденнен өте биік көтеріп айналдыруға болмайды;
3) Ойын барысында ойыншылар өз орындарынан кетіп қалмауы тиіс.
Ойынның басқа түрі:
1. Бұл ойында жүргізуші ауыспайды. аяғына доп тиген ойыншы ойыннан шығып отырады. Ең соңғы қалған ойыншы жеңіске жетеді.
2. Ойыншылар шеңбер жасап тұрады. Бірден екіге саналып топқа бөлінеді. Ортадағы жүргізуші өз жұмысын жалғастырады. Ал қателік жіберген ойыншының тобына 1 ұпай беріледі. Әрбір қателіктен кейін есеп дауысталып айтылып отырады. Қай топ ойыншылары аз қателік жіберсе, сол топ жеңіске жетеді. Ойын 3-4 минут ойналады. Ойынның соңғы екі түрінде аз ойыншылармен жүргізген дұрыс. Егер де ойынға қатысушылар саны көп болған жағдайда екі үш топқа бөліп әр топқа бөлек жүргізуге болады.
Ойынның педагогикалық маңызы: Ойын оқушылардың ептілік, жылдамдық, төзімділік қабілеттерін дамытып, ұйымшылдыққа, достыққа, бағдарлауға, тез шешім қабылдауға тәрбиелейді.
«Бекіністі қорғау»
Ойыншылар саны: 12 15 адам.
Өткізілетін орын: спорт зал, алаң
Қолданатын кұрал-жабдықтар: волейбол добы, үш гимнастикалық таяқ, кеглилер.
Дайындық: Алаңның ортасына үлкен шеңбер сызылады. Ойынға қатысушылар шеңбер бойына орналасады. Алаңның ортасына бір-біріне байланысқан үш гимнастиқалық таяқ немесе кеглилер қоюға болады. Ойыншылар арасынан бір жүргізуші сайланып бекіністің қасында тұрады.
Ойын мазмұны: Белгі бойынша ойыншылар доппен бекіністі нысанаға алады. Жүргізуші бекіністі қорғайды. Егер ойыншы допты нысанаға дәл тигізсе, жүргізушімен орын алмасады.
Ойын ережесі:
1) Шеңбер ішіне кіріп допты лақтыруға болмайды;
2) Жүргізушінің бекіністі қолмен ұстауға құқы жоқ;
3) Жүргізуші тек қана бекініс құлаған кезде ғана ауысады.
Әдістемелік нұсқаулар: Жас ерекшеліктеріне қарай бекініс пен ойыншылардың арақашықтыңын реттеп отыруы керек. Ойыншылар ұйымшылдықпен бір-біріне көп рет доп беру керек.
Ойынның басқа тұрі: Бекіністің орнына бірнеше кеглилер қоюға болады. Егер де доп кеглилерге дәл тиіп құлатып жатса, жүргізуші үлгеріп қайта тұрғызуына болады.
Ойынның педагогикалық маңызы: Ойын дәлдік, лақтыру дағдыларын жетілдіруге, допты беру, қағып алу және бағдарлауға, тез арада шешім қабылдауға тәрбиелейді.
«Аңшылар мен үйректер»
Ойыншылар саны: 20 30
Өткізілетін орны: спорт зал, алаң
Керекті құрал-жабдықтар: волейбол добы, секундамер.
Дайындық: Еденге (жерге) өте үлкен шеңбер сызылады. Ойыншылар теңдей екі топқа: 1-топ «Аңшылар», 2-топ «Үйректер» болып бөлінеді. Аңшылар шеңбер бойына жағалай, ал үйректер шеңбердің ортасына орналасады. Аңшылардың қолына доп береді.
Ойын мазмұны: Жетекші белгісі бойынша аңшылар ортадағы үйректерді доппен атқылай бастайды. Үйректер шеңбер ішінде жүгіріп, секіріп, т.б. қимылдар жасап, допты өздеріне дарытпауға тырысады, ал аңшылар допты бір-біріне беріп күтпеген жағдайда ату керек. Барлық үйректерге доп тигеннен кейін жетекші уақытты тоқтатып, ойынның қанша уақытқа созылғанын айтады. Ойыншылар орын алмасып ойын қайта жаңадан басталады. Ойын аяқталғаннан кейін қай топ үйректерді аз уақыт ішінде атқандары есептеледі.
Ойын ережесі:
1) Аңшылар шеңбер сызығын басып үйректерді атуға болмайды, сызықты басып соққан доп есептелінбейді;
2) Доп үйректің басынан басқа барлық денесіне тисе есептеледі. Бастан атуға болмайды;
3) Егер доп жерге немесе басқа ойыншыға тиіп оны бір үйрек қағып алса ол есептелінбейді;
4) Үйрек допты қағып алса ол есептелінеді;
5) Доп тиген үйректер ойыннан шығып отырады.
Ойынның педагогикалық маңызы: Ойын оқушыларды тез шешім қабылдауға, дәлдікке, жыдамдыққа, ептілікке, достыққа тәрбиелейді.
«Атыс»
Достарыңызбен бөлісу: |