Бағдарламасы «Нұр Отан» хдп-ның «Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен Қазақстандықтардың игілігі үшін: біз елдің әрбір азаматының өмірін қалай жақсартамыз?»



жүктеу 229.83 Kb.
Дата02.07.2016
өлшемі229.83 Kb.
«Нұр Отан» ХДП

Саяси кеңесі Бюросының

2008 жылғы 28 ақпандағы

№ 2-3 қаулысымен



«БЕКІТІЛГЕН»

«НҰР ОТАН» Халықтық

Демократиялық партиясының жемқорлықпен күрес жөніндегі бағдарламасы
«Нұр Отан» ХДП-ның «Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен Қазақстандықтардың игілігі үшін: біз елдің әрбір азаматының өмірін қалай жақсартамыз?» халықтық тұғырнамасы ел дамуына кедергі жасаушы факторларды жоюды талап етеді.

Елбасы және «Нұр Отан» партиясының Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанда жемқорлық әлі де болса мемлекет пен қоғамның өміріне, сондай-ақ республикамыздың ұлттық қауіпсіздігі мен болашақ дамуына қауіп төндіріп отырған қатердің бірі екендігін айта отырып, 2008 жылғы 17 қаңтарда өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында осы бір әлеуметтік кесірмен жүргізілетін күресті қарқындату міндетін қойды.

Ұсынылып отырған бағдарлама партия Төрағасының тапсырмаларын орындау аясында әзірленді және «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының жемқорлықпен күрес саласындағы қызметінің негізгі мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ механизмдері мен нақты бағыттарын айқындайды.
ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС САЛАСЫНДА

БІЗ НЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІК?
Бүгінгі таңда Тәуелсіз мемлекеттер достығы кеңістігінде республикамыз жемқорлыққа қарсы заңнамасы барынша дамыған елдердің бірі. Қазақстанда қызметтік жағдайын пайдалана отырып, қиянатшылдық жасаумен күресті реттейтін негізгі құқықтық актілер қатарына мыналар жатады: «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Қазақстан Республикасының заңы (1998ж.), Жемқорлықпен күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті Жарлықтары. 2005 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің ар-намыс кодексі бекітілген болатын.

Жемқорлықпен күрес саласындағы іс-шараларға дайындық және іске асыру жұмыстарына осы мәселемен айналысатын дәстүрлі құрылымдық күштерден басқа Президент жанындағы Жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік этиканы сақтауы мәселелері жөніндегі комиссиясы, Мемлекеттік қызмет ісі жөніндегі Қазақстан Республикасының агенттігі, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысымен күрес жөніндегі Қазақстан Республикасының агенттігі (қаржы полициясы) сияқты мамандандырылған органдар қатысады.

Қазақстан Республикасында жемқорлықпен күрестің кешендік бағдарламасын іске асыру аясында мемлекеттік орталық органдар қызметінің бір бөлігін аймақтарға және жеке секторға біртіндеп беру жолы арқылы орталық мемлекеттік органдардың қызметтерін орталықсыздандыру жүзеге асырылуда, монополиялық қызмет аясы қысқартылуда және халыққа қызмет көрсету барысында «бір терезе» принціпі енгізілуде. Мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу байқауларының обьективтілігі мен ашықтығы, олардың мәртебесіне қатысты шектеулердің сақталуы қамтамасыз етілген, іскерлік сапалары мен кәсіпқойлыққа негізделіп, кадрларды жұмысқа қабылдау және оларды ілгерлету принціптері енгізілуде.

Жемқорлық қылмыс жасаған тұлғаларды мемлекеттік қызметке қабылдауға тиым салушы нормалар заңнама түрінде бекітілді, саяси мемлекеттік қызметкерлер ротациясының институты енгізілді. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша бастау алған әкімшілік және конституциялық реформаларды аяқтау маңыздылығы арта түсуде.

Қазақстан Республикасында «электронды үкіметті» қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында біртұтас ақпараттық жүйені енгізу үшін жағдайлар жасалды, осы жүйе ұйымдар мен халықтың мемлекет қызметкерлерімен тікелей байланыс жасауының санын қысқартады. Арнайы бағдарламаның аясында жоспар бойынша жүйелі түрде «жасырын экономикаға» қарсы әрекеттер бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Халықаралық салада Қазақстан Жемқорлықпен күрес бойынша әрекеттердің Стамбулдық жоспары деп аталатын бағыт бойынша ынтымақтастыққа баса назар аударып отыр. Осы тұста шетелдік мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен және арнайы қызметтерімен, жемқорлыққа қарсы тақырыпта мамандандырылған халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Кешенде көрсетілген шаралар жемқорлыққа қарсы табысты әрекеттер жасауға қажетті жағдайларды туғызады және жемқорлық алаңының өзін айтарлықтай қысқартады. Алайда, олар Қазақстанда жемқорлық құқық бұзушылықтарды туғызушы негізгі себептер мен жағдайларды толық жоюды қамтамасыз ете алмайды.

Жемқорлық өзін-өзі тудырушы құбылыс. Оның түп тамыры әлеуметтік өмірдің өзімен сабақтас жатыр. Жемқорлықпен күрес - тек мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар тұтастай қоғамның міндеті. Жемқорлықтың тарауына және туындауына шектеу қоюдың жалпы ұлттық фундаменталды тұрақты негізін қалыптастыру қажет. Осы шектеулер ұзақ мерзімді тарихи болашаққа жоспарлануы тиіс.

Сондықтан еліміздің барлық аймақтарындағы азаматтық қоғамның барлық ізгі күштерін осы бір маңызды қоғамдық мәселені барынша тиімді де нәтижелі шешуге жұмылдыру мәселесі өзекті бола түсуде. Осыған қатысты «Нұр Отан» партиясы өз жұмысын бастады.

2007 жылғы мамыр айында «Нұр Отан» ХДП «Жемқорлықпен күрес тиімділігінің арттыру жолдары» тақырыбында республикалық конференция өткізді, консультативтік кеңес органы – Жемқорлыққа қарсы форумы құрылуда.

Партия бастама жасаған ұсыныстар Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, сондай-ақ 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Жемқорлықпен күресті жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында заңнамалық тұрғыда бекітілді.

Партия филиалдарының жанында 215 қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді. Олар азаматтарға құқықтық кеңес беріп, тәжірибелік көмек көрсетеді. 2007 жылы партияға түрлі мәселелер бойынша 66 320 өтініш келіп түсті. «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бастамасы бойынша партия ұйымдары прокуратура органдарымен бірлесе жұмыс істей отырып, тұрғын үй мен жер телімдерін үлестіру заңдылықтарын бұзу бойынша көптеген фактілерді анықтады.

«Нұр Отан» ХДП халықтық тұғырнамасында елдің тұрақты дамуының маңызды шарты болып табылатын жемқорлықпен күрес тиімділігіне арнайы бөлім арналды. Ендігі кезеңде партия өзінің сайлауалды уәдесін толық көлемде орындауды көздеп отыр.
БІЗ ҚАНДАЙ ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗБЕКПІЗ?
Біздің мақсатымыз – жемқорлыққа қарсы азаматтық қозғалысты құру және азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүддесін қорғауды қамтамасыз ете отырып, жемқорлық қылмыстарына қарсы әрекет жасау үшін осы қозғалыстың жұмысын іске қосу.

Бұл үшін «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы келесі міндеттерді шешетін болады:

1. азаматтық қоғамның жемқорлыққа қарсы құрылымын қалыптастыру;

2. жемқорлыққа қарсы көзқарасты және жемқорлыққа деген төзімсіздік жағдайын нығайту;

3. жемқорлыққа барынша қарсы құқықтық алаңды қалыптастыру;

4. мемлекеттік құрылымдардың қызметіне азаматтық бақылауды жандандыру;

5. жемқорлық көрінісіндегі фактілер бойынша жазасыз қалмауды және көпшілікке жария етуді қамтамасыз ету;

6. мемлекеттік органдардың, бюджеттік ұйымдар мен ұлттық компаниялардың кадрлық жұмыстарын жетілдіру;

7. жастарды жемқорлықпен күреске жұмылдыру;

8. жемқорлыққа қарсы біртұтас медиа-стратегияны әзірлеп, іске асыру;

9. жемқорлықпен күрестің ғылыми-аналитикалық әдіс-тәсілдерін күшейту;

10. жемқорлықпен күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.



БАҒДАРЛАМАМЫЗДЫҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТТАРЫНА

ҚАЛАЙ ҚОЛ ЖЕТКІЗБЕКПІЗ?
1. Партия – жемқорлықпен бүкілхалықтық күрестің көшбасшысы

«Нұр Отан» ХДП мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары қызметтерін үйлестірудің тиімділігін арттыруға қол жеткізе отырып, қоғам өмірінің барлық салаларында жемқорлық деңгейін азайтуға бар күш-жігерін салатын болады.

Аймақтық және аумақтық партия ұйымдарының жанынан ашылған Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестер жергілікті жерлердегі азаматтық қоғамның жемқорлыққа қарсы инфрақұрылымының өзегіне айналуы тиіс.

Партия олардың жұмысына саяси партияларды, қоғамдық қозғалыстар мен ұйымдардың өкілдерін жұмылдырып келеді. Осы жұмысқа Парламент Мәжілісіндегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партияның депутаттық фракциялары, қоғамдық қабылдау бөлмелері, жемқорлыққа қарсы бақылау жасаушы жұмыс топтары, филиалдардағы сенім телефондары барынша қатыстырылатын болады.

Мынадай жұмыс сұлбасы қалыптастырылатын болады: халық – партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері – жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестер – «Нұр Отан» ХДП-ның басшылық органдары – партияның парламенттік фракциясы. Осы тізбекте Қоғамдық кеңестер байланыстырушы буын рөлін атқарады. Олар, бір жағынан, жемқорлық көрінісіндегі фактілер бойынша халықтың нақты өтініштері мен шағымдарын зерделеп, партия басшылығына мәлімдесе, екінші жағынан, партияның жемқорлыққа қарсы саясаты үшін және парламенттік фракция ұсынатын жемқорлыққа қарсы заң жобалары бойынша ұсыныстар дайындайды.

Партия орталық аппаратында Жемқорлық хабарламаларын жинау орталығы (Жемқорлыққа қарсы орталық) құрылатын болады. Осы орталыққа қоғамдық қабылдау бөлмелері мен республика аймақтарында БАҚ-та жинақталған ақпараттар келіп түседі.

Партия жемқорлыққа қарсы заңнаманы мемлекеттік органдардың сақтауы бойынша қызметтерінің нәтижесі туралы қоғамды ақпараттандырып отыруды көздеп отыр. 2008 жылы «Нұр Отан» ХДП Медиа-орталығын құру жоспарлануда. Жемқорлықпен күреске ақпараттық қолдау көрсету осы орталық атқаратын міндеттердің бірі болмақ.

«Нұр Отан» партиясы рөлінің өсуі, санының артуы, барлық деңгейдегі билік органдарындағы өкілеттігі, қазақстандықтардың электоралдық қолдауының жоғары деңгейі партия мүшелерінің жемқорлыққа қарсы заңнаманы және этика нормаларын сақтауына бақылау жасау жұмысын қарқындатуды талап етеді.

Осы мақсатта партия құрылымдарында Партиялық этика жөніндегі комиссиялар құрылады. Олардың өкілеттіктерінде жемқорлық сипатында жол берілген фактілер үшін партияға мүше лауазымды тұлғасының партиялық жауапкершілігі мәселелерін қарау қарыстырылған.

«Нұр Отан» ХДП ел азаматтарын толғандырып отырған мәселелердің дер кезінде шешілуіне айырықша мән бере отырып, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын жандандыруда.




  1. Санадағы жемқорлықты жеңейік!

Жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау саласында халықтың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыруға партия айрықша назар аударатын болады.

Партия азаматтық қоғам институттарымен өзара әрекет жасай отырып, қазіргі уақытта кейбір тұлғалар қоғамның мүддесіне төнген қауіп-қатер емес, өмір тәртібінің нормасы ретінде қабылдап жүрген жемқорлыққа деген селқостық пен төзімділік стеретотипін жою қажет. Жемқорлықтың ашық бір формасы – парақорлық қазақстандықтардың санасында ұрлық ретінде қабылдануы тиіс. 2008 жылғы 1 тоқсанның өзінде елдің түпкір-түпкірінде «Биліктегі әділдік - елдегі тәртіп» қозғалысы басталады.

«Нұр Отан» партиясы тұтастай ел көлемінде жемқорлыққа қарсы көзқарасты және жемқорлық сипатындағы фактілерге принципиалды төзімсіздікті қалыптастыру бойынша жалпы республикалық ақпараттық-насихат науқанын жүргізуге бел буып отыр. Халықтың саяси-құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша бастапқы ағарту жұмысын барлық жерлерде жүргізу жақын уақытта жемқорларлыққа деген төзімсіздік жағдайын туғызады.

Отан сүйгіш және заңдарға мойын ұсынғыш, жемқорлықтың кез-келген түріне тұрақты қарсы, ізгілік құндылықтарының деңгейі жоғары және ел табыстарын өз жетістігі ретінде қабылдайтын мемлекет қызметкерінің бейнесін қалыптастыру осы бағытағы партия жұмысының мазмұнына айналуы тиіс. Осы мақсатта елдің барлық аймақтарында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілетін болады.

«Нұр Отан» ХДП жемқорлыққа қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастыру мақсатында барлық деңгейдегі оқу орындарының оқу бағдарламаларына жемқорлыққа деген этикалық, құқықтық және жеке бас жағымсыз көзқарасты қалыптастыру бойынша сабақтар енгізу туралы мәселеге бастама жасайтын болады.



Партия кәсіпкерлер мен барлық бизнес қауымдастығын жемқорлыққа қарсы науқанға жұмылдыруды маңызды деп есептейді. Осыған орай «Нұр Отан» ХДП кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйымдар қауымдастықтарының қатысуымен Корпоративтік этика кодексін әзірлеуді көздеп отыр. Осы кодекске лауазымды тұлға тарапынан жемқорлық мүддесі туындаған жағдайдағы кәсіпкер әрекетінің стандарты енгізілмек.
3. Заңнаманы жетілдіру – жемқорлыққа қойылар тосқауыл!
«Нұр Отан» ХДП қолдағы бар ресурстар мен мүмкіндіктерді пайдалана отырып, құқықтық мемлекетті, қоғамдық өмірдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтуға, өміршең нарықтық экономиканы дамытуға, жемқорлықты тудырушы фактілерді жоюға ат салысуды көздейді. Осы жұмыста партия қолында бар барлық ресурстар мен мүмкіндіктерді пайдаланады. Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы арқылы партия мыналарды жүзеге асыруды көздеп отыр:

  • Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясына (2000 жылы), Жемқорлыққа қарсы БҰҰ конвенциясына (Нью-Иорк, 2003 жылғы 31 қазан), сондай-ақ «Жемқорлықпен күрес саласындадағы қылмыстық заңнама туралы» (Страсбург, 1999 жылғы 27 қаңтар), «Жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы» (Страсбург, 1999 жылғы 27 қаңтар), «Жемқорлық үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы» (Страсбург, 1999 жылғы 4 қараша) «Қылмыстық жолмен табылған табысты әшкерелеу, тартып алу, тәркілеу туралы» (Страсбург, 1990 жылғы 8 қараша) халықаралық конвенцияларына бірігу жұмыстарын жандандыру, ұлттық заңнаманы жоғарыда аталған конвенциялардың ережелерімен сәйкестендіру, әсіресе, үшінші тұлғаға пара беру, пара ұсыну және уәде беру және т.б. үшін заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі туралы нормаларды енгізуге бастама жасау;

  • Жемқорлыққа қарсы келесі заң жобаларының пакетін қабылдау: «Жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы әрекеттердің негіздері туралы», «Жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігі туралы», «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы», «Жемқорлықпен күрес жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы». Осы заң жобаларында, атап айтқанда, үшінші тұлғаның пайдасына пара алғаны үшін және жемқорлық қылмыстарды жасырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыру, мүдделерді қорғау (лоббирование) туралы заңды қабылдау (қоғамдық мүдделерге жауап беретін қызмет ретінде оған заңдылық сипат беру мақсатында), «Ұйымдасқан қылмыспен күрес туралы» Заңының жобасын дайындауға бастама жасау;

  • мемлекет қызметкерлерінің өз мүліктері мен табыстарын декларациялауына тексеріс жүргізу мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу; экономиканың жасырын аймақтарын азайту мақсатында салық заңнамасын жетілдіру; ішкі саудадағы шектеулер деңгейін азайту (өнеркәсіп саясаты барлық кәсіпорындар үшін тең мүмкіндіктер принціптерінде құрылуы тиіс).

  • бюджеттің әзірленуі мен орындалуының ашықтығын, сондай-ақ мемлекеттік қаржылардың үлестірілуі мен пайдаланылуы жөніндегі ақпараттарға азаматтар мен ұйымдардың қол жетімдігін қамтамасыз ететін құқықтық механизмдерді дамыту;

  • мемлекеттік басқару органдарының қызметіне қоғамның ықпал ету механизмдерін жетілдіруді жалғастыру;

  • жемқорлық құқық бұзушылықтар жасау фактілері туралы ақпарат берген тұлғалар мен куәгерлерді қорғау институтын нығайту;

  • Қазақстан Республикасының сатып алулар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу саласында лауазымды тұлғаларды (шетелдік мемлекеттердің лауазымды тұлғаларын) сатып алу бойынша айыпталған компанияларды тауарлар мен қызметтерді бюжет қаражатының есебінен сатып алу бойынша өтетін алдағы байқауларға қатысудан шеттету туралы ережені бекіту;

  • кәсіпкерлерге рұқсаттар мен лицензиялар берулерге байланысты процедураларды жеңілдету;

  • «электрондық үкімет» және «электрондық құжаттар айналымы» жүйесін жетілдіру үшін қажетті ұйымдастырушылық және құқықтық жағдайларды жасау;

  • жемқорлыққа қарсы журналистік тергеулерді мемлекеттік органдар ескеруінің құқықтық жағдайлары мен механизмдерін әзірлеу;

  • ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы консультативтік-кеңес органдарды, Қоғамдық палатаны, азаматтық қоғам институттары мен ұйымдарын жұмылдыра отырып, жемқорлық құқық бұзушылықтардың жетілуіне жағдай жасайтын ережелерге жол бермес үшін заңнамалық және басқа да құқықтық актілердің жемқорлыққа қарсы қоғамдық сараптама институтын жетілдіруді тұрақты түрде жалғастыру. Партия бизнес пен мемлекеттің өзара әрекетінің формалары мен механизмдерін нақты құқықтық регламенттеуді жүзеге асыру қажет деп санайды.


4. Ең жақсы бақылаушы – халық!
«Нұр Отан» партиясы азаматтық қоғам өкілдерімен өзара қатынас жасауда маңызды мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына халықтық бақылау жасап, осы саладағы қиянатшылдықпен және жемқорлықпен күрес жүргізетін болады. Лауазымды тұлғалардың қызметтік жағдайын пайдалана отырып қиянатшылдық жасауын, мемлекеттік қызмет пен бизнесті қоса жүргізуін, түрлі рұқсаттар мен лицензиялар беру, тұрғын үйлерді үлестіру және құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, көлік саласындағы жемқорлықты, ұлттық компаниялар, құқық қорғау, кеден, салық және басқа да мемлекеттік бақылаушы органдардың қызметін партия айрықша бақылауға алады.

Мемлекеттік биліктің орталық және жергілікті органдарында қоғамдық тұрақты бақылау инстититутын (тәуелсіз Қоғамдық кеңестерді) енгізу жемқорлық көріністеріне бақылау жасаудың тиімді механизмі ретінде танылады. «Мемлекеттік органдағы сенім телефоны» жобасы іске асырылуда. Осының арқасында азаматтар құқығының сақталуына және мемлекеттік органдардың жұмысына қоғамдық бақылау жасау жүйесі дамиды және халықтың билікке деген сенімі артады деп күтілуде.

Заңнамалық және атқарушы билік салалары, қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам институттары өкілдерінің қатысуымен жемқорлықпен күрес бойынша бірлестіктегі әрекеттерді әзірлеу мақсатындағы келісім алаңдары одан әрі дамытылатын болады.

Партия азаматтық қоғам институттарын, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымды, этно-мәдени орталықтардың көшбасшыларын жемқорлыққа қарсы көпшілік қозғалысына кеңінен жұмылдыру үшін барлық жағдайларды жасауға бел буып отыр. Тұрақты негізде жұмыс істейтін Жемқорлыққа қарсы қоғамдық форумы осы жұмыстың үйлестірушісіне айналуы тиіс. Партия электрондық сауда жүйесіне көшу арқылы мемлекеттік сатып алу жүйесінің реформалануына қол жеткізбекші.

Мемлекеттік органдар азаматтық қоғам құрылымдарымен белсенді өзара қарым-қатынас жасау мақсатында жемқорлыққа қарсы қызметтерге жұмылдырылған азаматтық қоғам субьектілеріне қолдау көрсету бойынша, кәсіпкерлер бірлестіктерінің жемқорлыққа қарсы саясаттың жүргізілуіне қатысуын қамтамасыз ету бойынша жасалған мемлекеттің барлық әрекеттеріне партия қолдау көрсететін болады.

Мемлекеттік органдар қызметінің нәтижесі бойынша жасалған жыл сайынғы есептерді жариялау тәжірибесі жүзеге асырылатын болады. Бұл олардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметі сандық, сондай-ақ сапалы аспектілері одан әрі дамытылатын болады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың жемқорлыққа қарсы қызметтерін қарқындатуға қатысуына партия барынша ықпал ететін болады.

Мемлекеттік қаржыларды басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында партия жергілікті бюджеттің орындалуына тексеріс комиссияларының оперативтік бақылау жасау механизмін енгізуді көздеп отыр. Осы іс тұрақты түрде БАҚ-та жарияланып тұратын болады.

Жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нормативтік-құқықтық актілеріне қоғамдық сараптама жүргізу үшін, осы актілерге жемқорлық көріністерінің алдын аларлық өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар мен нұсқаулықтар дайындау үшін аймақтарда мамандандырылған ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен сараптамалық кеңестер құрылатын болады.

Жемқорлықпен күрес жағдайларын, тәжірибесі мен әдіснамасын зерттеуші және өздері алған ақпараттарды таратушы қоғамдық бірлестіктердің қызметін ынталандыру шаралары қолданылатын болады.

Шенеуніктермен, сол сияқты азаматтармен барлық бағыттар бойынша алдын алу жұмыстарын қарқындату үшін жемқорлықтың алдын алу, яғни оның жағдайлары мен себептеріне ықпал ету мақсатында жемқорлықпен күрес бойынша партияның ескертпелі саясатын қалыптастыру қажет.

Жемқорлықтың алдын алу мақсатында партия мыналарды жүзеге асыруды көздейді:


  • барлық деңгейдегі шенеуніктердің өздеріне белгілі жемқорлық көріністері туралы тиісті органдарға хабарлау міндеті туралы мәселеге заңнамалық деңгейде бастама жасау;

  • мемлекеттік қызметкерге жала жапқандығы үшін жауапкершілік институттын нығайта отырып, мемлекеттік қызметкер тарапынан жасалған жемқорлық көрінісі жөнінде хабарлаған тұлғаны көтермелеу шараларының кешенін жасау;

  • биліктің тәуелсіз сот тармағын нығайту және құқық ұлықтылығын қамтамасыз ету;

  • жемқорлық көріністері нәтижесінде қиянат жасалған заңды және жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге көмек көрсету;

  • табыстарды және бағалы мүлікті декларациялау тәжірибесі жалпыға бірдей енгізілуіне қол жеткізу;

  • халыққа мемлекеттік қызмет көрсету саласына, технологиялық жаңалықтарды. ең алдымен, «электрондық үкімет» жүйесін енгізуді жеделдету;

  • өкілетті органдардың азаматтармен және ұйымдармен өзара қатынас процедураларын жетілдіру, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін оңтайландыру, кезектерді қысқарту бойынша алдын алу іс-шарасы ретінде «Кезек – бұл жемқорлық» акцияларын өткізу;

  • кәсіпорындарда жүргізілетін тексерістер (мемлекеттік органдар жүргізетін) санын азайту;

  • Оңтүстік Кореялық «OPEN» бағдарламасының аналогиясында жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік органдардың өз өтініштерін қарастыру процессіне Интернет арқылы бақылау жасауына жағдай жасайтын ақпараттық жүйені Қазақстанда жасау;

  • жемқорлық фактілерін айқындау және олардың салдарын талқылау мәселелерінде тұрақты есептілікті және жариялылықты қамтамасыз ету;

  • азаматтарды құқықтық оқытуды іске қосу;

  • парақорлардың заңсыз тапқан қаражаты мен басқа да мүліктерін заңдастыруға жол бермеуге атсалысу;

  • «Кері байланыс» акциясын өткізу. Осы акция барысында жемқорлық көріністерін айқындау және олардың алдын алу мақсатында түрлі мемлекеттік органдар ғимараттарының алдында азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары үшін жәшіктер орнату;

  • облыстарда, Астана және Алматы қаласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агентті тәртіптік кеңестерінің жұмысына партияның аймақтық және аумақтық филиалдары өкілдерінің қатыстырылуына қол жеткізу.


5. Жемқорлық үшін жауапкершіліктен бұлтару мүмкін емес!
Партия лауазымдық тұлғаларға қоғамдық бақылау жасау мен парламенттік ықпал етудің механизміне ие. Осы ұстаным бойынша айыпты тұлғаларды жазалауға жағдай жасайтын заңда қарастырылған шаралар қолданылатын болады. Партия әзірлейтін «Жемқорлар дерекқоры» арқылы көпшілік соттар шешімдерінің орындалуына бақылау жасау мүмкіндігіне ие болады.

Партия азаматтық қоғам институттарымен өзара қатынас жасауда жемқорлықтың барлық түрлерімен ымырасыз күрес жүргізетін болады. Осыған орай партия мыналарды жүзеге асыруды көздеп отыр:



  • жемқорлық құқық бұзушылықта айыпталған тұлғалардың жауапкершілігін қатайту нормаларын заңнамалық деңгейде бекіту;

  • қоғамдық сөгісті жауапқа тартудың ажырамас бөлігі ретінде пайдалану;

  • жемқорлық қылмыс жасаған тұлғалар үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен бюджеттік ұйымдарына және ұлттық компанияларына жұмысқа орналасуға мәндес тыйым салатын ұлттық заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар қабылдау;

  • жауапты басшылардың өз құрылымдарындағы жемқорлыққа қарсы жұмыс жағдайы үшін жауапкершілігі мәселесіне бастама жасау;

  • сот шешімдеріне сәйкес жемқорлық құқық бұзушылығы үшін, соның ішінде қылмыс жасағаны үшін қылмыстық немесе әкімшілік жаза қолданылған тұлғалардың жеке ашық тізімдемесін жасау.


6. Мемлекеттік органдардағы кадрлар тазалығы үшін!
Партия заңнамалық деңгейде мемлекеттік қызметкердің әлеуметтік беделін жоғарлатуды, мемлекеттік және азаматтық қызметкерлердің әлеуметтік-құқықтық қорғалуын, еңбекақысының тиісті деңгейін қамтамасыз етуді және тұрақты түрде қызметтік және кәсіби жетілуін негіздеуді көздеп отыр.

Мемлекеттік органдар мен мекемелерге, бюджеттік мекемелер мен ұлттық компанияларға өздерінің ерекшеліктерін ескере отырып, ведомстволық жемқорлыққа қарсы бағдарламаларын жасап, іске асыру ұсынылады.

Аталған бағдарламаларды жемқорлықпен күреске мамандандырылған органдар тиісті ведомстволарға жолдайтын тәуелсіз мамандарды жұмылдыра отырып жасап, жүзеге асырған жөн. Жемқорлыққа қарсы бағдарламаларға мыналарды енгізуге болады: «вертикальді» жемқорлыққа тосқауыл қою шараларын әзірлеу (төменгі шенеуніктің жоғарғысына заңсыз төлемдер төлеу жүйесі); өзінен төмен шенеуніктің жұмысына формальды бақылау жасау екпінін өзіне бағынышты адамың алдына қойылған міндеттерге жету әрекеттерінің сәйкестігіне бақылау жасауға көшу арқылы бақылау тиімділігін арттыру; азаматтармен жүргізілетін жұмыстағы кемшіліктері үшін жауапкершілік шараларын және бақылауды күшейту; мемлекет көрсететін қызметтер қол жетімдігінің тапшылығын азайту; азаматтарды қабылдау бойынша лауазымды тұлғалардың жұмыс тәртібінің тиімділігін қамтамасыз ету (азаматтардың құқықтары мен шенеуніктердің міндеттері туралы ақпараттандыру, жұмысты жеделдететін технологияларды енгізу).

Халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік органдар мен мекемелерде келушілердің шағымдар мен ұсыныстар кітабы, сондай-ақ халықпен қатынас жасайтын әрбір қызметкерге арнап шағымдар мен ұсыныстардың кітабы сияқты бақылау формасын енгізу мүмкіндігін қарастыруға партия бастама жасайтын болады.

Осы тұрғыда мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлерінің жұмысына жалпы бақылау жасауды және нәтижелер бойынша тоқсан сайын мониторинг жүргізуді, мемлекеттік органдарға жемқорлық деңгейі бойынша рейтингілік баға беру жүйесінің аясында тиісті баға беру үшін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттігіне жүктеген жөн.

Әрбір министрлікте және ведомствода мемлекеттік жемқорлыққа қарсы саясатты насихаттауға жауапты қызметкерлерді тағайындау ұсынылады. Қызметтік міндеттері ретінде оларға мыналарды жүктеген жөн: халық арасында жемқорлыққа қарсы іс-шаралар мен акцияларды ұйымдастырып, өткізу; мемлекеттік қызмет көрсететін барлық ведомстволық құрылымдар мен мекемелерде жемқорлыққа қарсы әрекеттер бойынша үгіт материалдарын, мемлекет қызметкерінің тарапынан жемқорлық көріністер жағдайындағы азаматтардың құқықтарын түсіндіру бойынша ақпараттарды және шағымдар мен ұсыныстар үшін жәшіктерді орналастыру.

Мемлекеттік және партиялық лауазымдарға тұлғаларды іріктеу жүйесін жетілдіру мәселесіне партия айрықша назар аударғалы отыр.

Партия саяси лауазымдарға жауапкершілігі мол, отансүйгіш партия мүшелерін ұсыну үшін партиялық резервті қалыптастыру мәселесіне бастама жасайтын болады. Бұған қоса, мықты жемқорлық байланыстарын болдырмас үшін мемлекеттік қызметкерлер ротациясының механизмін енгізу мәселесі шешілетін болады.

Қолдағы партиялық және мемлекеттік ресурстар арқылы жемқорлықтың залалын және жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін заңдарда қарастырылған жауапкершілік туралы түсіндіруші шенеуніктер мен партия мүшелерінің арнайы оқуын ұйымдастыру қажет.

Партия сот лауазымына кандидат тұлғаларға қатысты сот қызметіне қатысы бар азаматтық қоғаммен және кәсіби қауымдастықтармен кеңесулер жүргізу қажет деп ойлайды.


7. Қазақстан жастары жемқорлықсыз болашақ үшін!
«Нұр Отан» ХДП өзінің барлық деңгейдегі партия құрылымдарының еліміздегі жастар ұйымдарымен өзара тығыз қарым-қатынасын ретке келтіруді көздеп отыр. Партия жастардың жемқорлықпен күрес саласындағы бастамаларына барынша көмек көрсететін болады.

«Нұр Отан» партиясы азаматтық тәрбие беру, әсіресе, жастарды тәрбиелеу жемқорлықтың алдын алудың құралы деп біле отырып, орта және жоғары білім беру орындарында арнайы бағдарламалар енгізілуі қажет деп есептейді. Партия Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, бір мезгілде ата-аналармен және оқушылармен алдын алу жұмыстарын (әлеуметтік психология, тәрбие, жемқорлыққа қарсы құқық қорғау заңнамасы бойынша дәрістер; тақырыптық ата-аналар жиналысын, класс сағаттарын, модельдік жағдайларды талдау) тұрақты түрде жүргізетін болады.

Осындай жұмыстарға жоғары оқу орындары жастарының ісі жөніндегі комитеттерді, факультеттер мен топтардың белсенді жастарын жұмылдыру қажет; жемқорлықтың барлық фактілерін педагогикалық және ғылыми кеңестерде қарастыру қажет, оқу орынының Жарғысына, оқушылармен жасалатын келісім-шарттарына жемқорлық әрекеттері әшкерленген оқытушыны жұмысынан шығару/студентті оқудан шығару туралы тармақтар енгізу керек.

«Нұр Отан» ХДП Жастар қанаты «Жемқорлықты таптайық!» ортақ ұранымен акциялар өткізу бойынша Қазақстан студенттерінің альянсымен, Қазақстан жастарының конгресімен және басқа да жастар ұйымдарыменынтымақтастықта белсенді жұмыс істеуі қажет. Осы тұста жемқолрлықты жоюға бағытталған тақырыптық жастар конференцияларын, дөңгелек үстелдерін, пікірталастар мен басқа да іс-шараларды өткізумен қатар, нақты оқушылармен және оқытушылармен адрестік алдын алу жұмыстарын (артта қалушыларды қамқорлыққа алу, профилактикалық әңгімеге тарту, ананимді жәшіктер мен сенім телефондарын орнату) жүргізуге баса назар аударған жөн.

Жемқорлықпен күрестегі белсенділерді түрліше көтермелеу қажет: «Чистие руки», «Әділ білім аламын», «Білім сатылмайды» байқау сыйлықтарын тағайындау керек.

Оқу орындарының интерактивті «сыбайластық рейтингісін» және тоқсан сайынғы мониторингісін жүргізуді қамтамасыз ету қажет. Олардың қорытындылары «Нұр Отан» ХДП, ҚР БҒМ және жастар ұйымдарының сайттарында орналастырылуы тиіс.

«Жас отан» өкілдері БҰТ, АБ және оқу орындарын лицензиялау жөніндегі комиссиялармен белсенді жұмыс істеуі қажет.
8. Әрбір жемқорлық фактісі қоғам мен БАҚ-тың басты назарында!

«Нұр Отан» партиясы Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестер отырыстарының материалдарын кеңінен жариялауды көздеп отыр.

Телевизия және радио арналарында, баспасөзде жемқорлықпен күрес мәселелеріне арналған арнайы бағдарламалар, шағын телесериалдар, мақалалар топтамасын және айдарлар беру қажет.

Мемлекеттік қызметкерлер мен құрылымдық күштер қызметкерлерінің позитивті беделін қалыптастыра отырып, қоғамдық сөгіс жағдайын қалыптастыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында жемқорлық фактілері мен олар бойынша қолданылған жазаларды жүйелі түрде жариялап тұру қажет. Жемқорлық негізінде жатқан сатқындық шендестігі ретінде сатқындыққа бармау феноменін насихаттауды қарқындату қажет.

Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің жанынан азаматтармен тұрақты кері байланыс жасайтын, көпшілік қолданатын ақпараттық ресурстарды (интернет сайттарын) құру мәселесіне партия бастама жасамақ. Республикалық кеңестің жанынан арнайы веб-сайт ашылып, ол арқылы азаматтар жемқорлық сипатындағы фактілер туралы мәлімдей алатын болады.

Құқықтық жаппай оқытуға оңтайлы жағдай жасау үшін партия ҚР нортаивтік құқықтық актілерінің (орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың заңдары мен заңды актілері) ақысыз ақпараттық-анықтама дерекқорын жасау қажет деп біледі.

Бұған қоса, партия Қазақстан азаматтарына мемлекеттік органдардың, Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің және азаматтық қоғам институттарының жемқорлыққа қарсы қызметтері туралы ақпараттар беруге жағдай жасайтын медиа-жоспар әзірлеп, дайындайды. Партияның Медиа-орталығы отандық бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қатынас жасай отырып, барлық жемқорлық жағдайларын әшкерлеп, журналистік тәуелсіз тергеулер жүргізуі қажет.
9. Ғылым жемқорлықпен күрес қызметінде!
«Нұр Отан» партиясы жемқорлықтың туындауы мен тарауына жағдай жасайтын себептер мен шарттарды зерттеп, талдау жасауға, онымен күрес жүргізудің ғылыми нұсқаулықтарын әзірлеуге, мемлекет өміріндегі жемқорлық бойынша ең әлжуаз салаларда жемқорлыққа қарсы стратегиялар мен бағдарламалар жасауға айырықша назар аударатын болады.

Бұған қоса, Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің аясында азаматтар өтініштерімен жүйелі жұмыс жүргізіліп, осының негізінде мемлекеттік органдардың халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында олардың қызметіне нақты мониторинг жүргізіп, баға беру үшін ақпараттық-аналитикалық дерекқор жасалатын болады.

Қоғамдық кеңестер азаматтардың шағымдары мен өтініштерінің, сараптамалық сұраулар мен арнайы зерттеулердің негізінде түрлі қызмет салаларында сыбайластықтың рейтінгісін жасап, осыған сәйкес өз отырыстарында мәселелерді қарастырудың ретін белгілейтін болады. Қоғамдық кеңестердің отырысында жоғарыда аталған мәселелерді қарастырудың нәтижелерін «Нұр Отан» ХДП жинақтап, кейін партия Төрағасына Қазақстан Республикасында жемқорлықпен күрестің барысы туралы аналитикалық есеп беретін болады.
10. Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту
Жемқорлықтың трансұлттануына байланысты «Нұр Отан» ХДП халықаралық партиялық қызметін келесі бағыттар бойынша нығайтатын болады: заңнамалық және басқа да нормативтік актілермен алмасу; халықаралық жемқорлыққа қарсы стандарттар мен принциптерді және ұлттық жемқорлыққа қарсы стандарттарды ескере отырып, ұлттық заңнаманы қалыптастыру; жемқорлыққа қарсы ғылыми және арнайы зерттеулер жүргізу; халықаралық деңгейдегі жемқорлыққа қарсы саясат саласындағы ынтымақтастық бойынша стратегиялар мен бағдарламалар әзірлеу; жемқорлыққа қарсы әрекеттерді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету және тәжірибе алмасу, т.б.

ОСЫ БАҒДАРЛАМАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРА ОТЫРЫП, БІЗ ҚАНДАЙ ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕМІЗ?
Осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында «Нұр Отан» партиясы азаматтық қоғам көпшілігін және оның институттарын, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партияларды және бұқаралық ақпарат құралдарын жемқорлықпен күрес процесіне жұмылдырады.

Азаматтық қоғамның жемқорлыққа қарсы тұтастай инфрақұрылымы қалыптастырылады. Қоғам мен билік арасындағы келісім ауқымы кеңейіп, тереңдей түседі. Халықтың мемлекет органдарына деген сенімі артады.

Жемқорлыққа қарсы заңнама жетілдіріледі. Азаматтардың жемқорлықтан қорғану деңгейі жоғарлайды.

Қоғамда жемқорлыққа деген тұрақты төзімсіздікті қалыптастыру үшін және жемқорлыққа қарсы көзқарасты дамыту үшін жағдайлар жасалып, жемқорлыққа қарсы әрекеттер қарқындай түседі.



Осы Бағдарламада қарастырылған барлық шаралардың нәтижесінде елімізде жүргізіліп жатқан жемқорлықпен күрестің тиімділігі айтарлықтай артып, жемқорлық көріністері айтарлықтай азаяды. Бұл Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және демократияны одан әрі дамытуды қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етеді.
__________________________







©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет