Сөйлеу тілі жалпы дамымаған балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы
1-тарау. Түсіндірме жазба
1. Сөйлеу тілі жалпы дамымаған балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5 және 14 - баптарына сәйкес әзірленді.
2. Бағдарламаның мақсаты сөйлеу тілі жалпы дамымаған (бұдан әрі - СТЖД) балаларда бастауыш мектеп бағдарламасы бойынша әрі қарай ана тілін меңгеруге сапалы дайындыққа және қоршаған ортада әлеуметтік бейімделуге, жалпы дамуына ықпал ететін, қарым-қатынас мәдениетін және сөйлеу белсенділігінің базалық үрдістері мен қызметін қалыптастыру.
3. Бағдарлама міндеттері:
1) қарым-қатынасты қажетсіну деңгейін жоғарылату және қоршаған ортадағы адамдарға қызығушылығын тәрбиелеу;
2) импрессивті және экспрессивті сөйлеуді дамыту (енжар және белсенді сөздікті жүйелендіру және байыту);
3) ауызша байланыстырып сөйлеуді дамыту (диалогтық және монологтық);
4) ауызша коммуникацияның лексико-грамматикалық құралдарын белсендендіру және қалыптастыру;
5) қызығушылықтарын үйлестіруге бағытталған ересектер және құрбыластарымен түрлі өмірлік жағдайлардағы вербалды және вербалды емес құралдарды дамыту;
6) байланыстырып сөйлеудің түрлі бейнелерін және оның белгілерін тани алу икемділігін, әңгімені құрастыру және қайталап айту дағдысын қалыптастыру;
7) артикуляциялық моторика қозғалыстарының кинестетикалық және кинетикалық негіздерін қалыптастыру;
8) толыққанды дыбыс айту дағдыларын (сақталған дыбыстарды нақтылау, жоқ дыбыстарды шығару, бұрмаланып айтылатын дыбыстарды түзету, автаматтандыру және сөйлемдегі басқа дыбыстардан ажырату);
9) шартты түрде есту және көру арқылы қабылдау мен назарды қалыптастыру;
10) фонематикалық есту мен фонематикалық қабылдауды дамыту;
11) сөйлеу кезінде интонациялық құралдарды меңгеру дағдыларын жетілдіру;
12) коммуникативті, ойындық және түрлі әрекеттер процесінде ұйымдастырушылық әрекеттерді, дербестікті, белсенділікті дамыту;
13) мектепке деген ынтаны қалыптастыру және мектепке дайындық.
4. Бағдарлама сөйлеу бұзылыстары бар балаларда ауызша байланыстырып сөйлеудің дамуына, қарым-қатынастың лексико-грамматикалық және фонетико-фонематикалық құралдарының қалыптасуына, сөйлеу кемістіктерін дұрыстауға, эмоционалды-еріктік және танымдық аймақтарының жетілмеуін түзетіп, ЖСТД бар мектепке дейінгі балаларды мектепке оқуға дайындауға және мектепте туындаған мәселелердің алдын алуға ықпал етеді.
5. Әр саладағы күтілетін нәтижелер сабақтардағы оқу мақсаттарының жүйесі арқылы беріледі.
6. Бағдарламаның мазмұны балалардың дене және психологиялық дамуының жас кезеңдерін қамтиды:
1) бірінші кіші топ - 2 - 3 жастағы балалар;
2) екінші кіші топ - 3 - 4 жастағы балалар;
3) ортаңғы топ - 4 - 5 жастағы балалар;
4) мектепке дейінгі ұйымдағы ересектер - 5 - 6 жастағы балалар;
5) жалпы білім беретін мектептегі, лицейдегі, гимназиядағы мектепалды даярлық сыныбы - 6 - 7 жастағы балалар.
Достарыңызбен бөлісу: |