Оқыту үдерісін ұйымдастырудағы педагогикалық тәсілдер
Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдары оқушыларды оқыту барысында оларды қалай оқып үйренуді білуге, дербестікке, ізденімпаздыққа, сенімділікке, жауапкершілікке және талдау жүргізуге қабілетті болуға үйрету басты міндет болып табылатын қағидаға сүйенеді.
Мұғалімдер бұл қасиеттерді әр түрлі әдістерді қолданып дамытуы қажет:
1)оқушылардың жеке пікірін тыңдай білу, бұған дейін алған білімдері мен қалыптасқан түсініктерін одан әрі дамыту үшін оларды қолданудың маңыздылығын құптау;
2)жеке және саралай оқыту тәсілін қолдану;
3) проблемаларды және оларды шешу стратегияларын құрастыру;
4) оқушылардың жетістіктерін бағалау арқылы олардың оқуына қолдау жасау;
5) оқушылардың зерттеу іс-әрекеттерінің негізінде белсенді оқуға ынталандыру;
6) оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту.
25. Математиканы оқыту стратегияларының үлгілері:
1) оқушылардың ойын әрекетін, шығармашылық және жобалық жұмыстарын ұйымдастыру;
2) түсіндіру, идеяларды таныстыру, диалогтарға қатысу, мәтінмен жұмыс, алгоритмдер, нұсқаулықтар құру, математикалық тапсырмаларды орындау әдістерін сипаттау және түсіндіру барысында оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту;
3) мұқият таңдап алынған тапсырмалар мен іс-әрекет түрлері арқылы оқушыларды ынталандыра және дамыта оқыту;
4) оқушылардың өзіндік іс-әрекетін ұйымдастыру: жеке және топтық жұмыс;
5) бірін-бірі оқыту;
6) түрлі дерек көздерінен ақпарат іздеуді талап ететін есептерді шығаруға көмектесу, АКТ ның мүмкіндіктерін пайдалану;
7) математиканың практикада қолданылуын пайдалана отырып оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыру;
8) оқушыларды өз жұмысын талдауға және түзетуге ынталандыру (рефлексия).
26. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану:
1) математикада сандық технологияларды қолдану құзыреттілігі оқушылардың жұмыс барысында, бос уақытында технологияларды сенімділікпен және шығармашылықпен пайдалануын қамтиды, АКТ-ны пайдаланудың бастапқы дағдылары арқылы қалыптасады.
27. «Математика» пәнін оқу бағдарламасы төменгі мәселелерді қамтиды:
1) оқушыларға негізгі ақпараттық технологияларды пайдалануды үйрету;
2) ақпаратты іздестіру және оны таңдауға байланысты өздігінен жұмыс істеу дағдысын дамыту;
3) математиканың түрлі бөлімдерін оқу кезінде презентациялар құру үшін керекті компьютерлік бағдарламаны қолдану, математикалық тапсырмаларды орындау барысында фото/видео әзірлеу (геометриялық фигураларды жасау);
4) өздігінен жоспар мен графиктер құру.
28. Оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыту:
1) білім беру бағдарламасының мақсаттарының бірі-түрлі әлеуметтік қауымдастыққа сәйкес тіл табысуға қабілетті азаматтарды тәрбиелеу. Осы мақсатқа жетуге қажетті коммуникациялық дағдыларды дамыту үшін ынталандырушы және қолдаушы қарым-қатынас ортасын құру керек:
2) оқыту барысында оқушылардың ауызша және жазбаша қарым-қатынаста математикалық тілді сауатты қолдану дағдыларын дамыту қажет;
3) математиканы оқытуда оқушылардың тыңдалым және айтылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін жұмыс үлгілері:
топтық және сыныптық жұмыстар (түсіндіру, ойларын айту);
жобалардың презентациясын жасау;
талқылауларға қатысу;
сұрақтар құрастыру және сұрақтарға жауап іздеу;
мұғалімдермен және оқушылармен диалогке қатысу;
4) математиканы оқытуда оқушылардың оқылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін жұмыс үлгілері; мәтінде тірек сөздерді белгілеу; ғылыми мәтіндермен жұмыс, семантикалық құрамын анықтау;
5) математиканы оқыту үдерісінде оқушыларды жазылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін жұмыс үлгілері; тапсырмаларды орындау үшін нұсқаулықтарды, алгоритмдерді құру; математикалық есептерді ауызша және жазбаша шешу тәсілдерін сипаттау және түсіндіру; тапсырманы орындау барысына талдау жасау (ауызша және жазбаша).
Достарыңызбен бөлісу: |