Байғабылов нұрлан оралбайұлы атамекеніне оралған қазақтардың мемлекет құрушы ұлт талаптарына әлеуметтік сәйкестенуі



жүктеу 2.24 Mb.
бет1/11
Дата23.02.2016
өлшемі2.24 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

УДК 04.51.23 Қолжазба құқында




БАЙҒАБЫЛОВ НҰРЛАН ОРАЛБАЙҰЛЫ

Атамекеніне оралған қазақтардың мемлекет құрушы ұлт талаптарына әлеуметтік сәйкестенуі

6D050100 - Әлеуметтану

Философия докторы (PhD)

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация

Ғылыми жетекші

әлеуметтану ғылымдарының

докторы, профессор Т.Ж.Қалдыбаева

Шетелдік ғылыми кеңесші

PhD докторы, профессор

Х.Тюфекчиоглу (Түркия, Стамбул университеті)

Қазақстан Республикасы

Астана, 2013



МАЗМҰНЫ

АНЫҚТАМАЛАР, БЕЛГІЛЕУЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР ..................3

КІРІСПЕ..............................................................................................................4МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУШЫ ҰЛТТЫҢ ЖӘНЕ ЭТНОСТАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК СӘЙКЕСТЕНУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ЗЕРТТЕУДІҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ..............................................................................18

    1. Мемлекет құрушы ұлт туралы әлеуметтік теориялар..............................18

1.2 Жаһандану жағдайындағы әлеуметтік сәйкестену ілімінің эволюциясы................................................................................................................30

    1. Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынастардың әлеуметтік антропологиялық аспектілері...................................................................................37

2 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУШЫ ҰЛТ ПЕН ЭТНОСТАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МЕН СӘЙКЕСТЕНУІ.......................................................................................................47

2.1 Мемлекет құрушы ұлттың қалыптасуы және дамуының әлеуметтік тарихи аспектісі.........................................................................................................47

2.2 Қазақстан Республикасындағы мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік жауапкершілігі...........................................................................................................61

3 ЕЛГЕ ОРАЛҒАН ҚАЗАҚТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУШЫ ҰЛТ ТАЛАПТАРЫНА ӘЛЕУМЕТТІК СӘЙКЕСТЕНУІНІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ ..........................................................................................................75

3.1 Елге оралған қазақтардың әлеуметтік бейімделуі мен оның өзекті мәселелері...................................................................................................................75

3.2 Елге оралған қазақтардың білім және рухани-мәдени саладағы сәйкестенуі.................................................................................................................97

3.3 Елге оралған қазақтардың әлеуметтік және саяси-экономикалық саладағы сәйкестенуі...............................................................................................106



ҚОРЫТЫНДЫ..............................................................................................119

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.........................................122

ҚОСЫМШАЛАР ..........................................................................................131

АНЫҚТАМАЛАР, БЕЛГІЛЕУЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР
Бұл диссертациялық жұмыста келесі сілтемелерге анықтамалар көрсетілген:

Диаспора (грекше – diaspora, шашыраңқы) -әлеуметтік ғылымдарда ұлттық атажұрты болып табылатын елден тысқары өмір сүретін халықтың бір бөлігі.

Ирредента - немесе қайта қосылмаған ұлттар отандастары басым тұратын мемлекетпен шектес аумақтарда қоныстанған этникалық аз топтарды білдіреді (мысалы Қазақстан жағдайында Ресей, Қытай, Өзбекстан т.б. елдердің шектес территориялары).

«Нұрлы көш» - этникалық қазақтарды атамекенге қоныстандыру мақсатында 2009-2011 жж. жүзеге асырылған үкіметтік бағдарлама.

Оралман (репатрианттар - Қазақстан тәжірибесінде) - Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде (1991жылдың 16 желтоқсанына дейін) оның шетінен тыс жерлерде тұрақты тұрған және Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен келген ұлты қазақ шетелдіктер (этникалық қазақтар) немесе азаматтығы жоқ адамдар.

Репатриация (ежелгі латынша repatriatio) – атамекеніне оралу.


АЕК – айлық есеп көрсеткіші.

ӘСА – Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар ассоциациясы.

РҚБ – республикалық қоғамдық бірлестік.

СІМ – сыртқы істер министрлігі.



КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Қазақстан Республикасына - тарихи атамекеніне оралған қазақтардың мемлекет құрушы ұлт талаптарына әлеуметтік сәйкестенуіне әлеуметтанулық талдау жасалынады.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. ХХІ ғасырда тәуелсіз Қазақстан қоғамы әлеуметтік-экономикалық жаңа сапаға ие болды. Жаһандану жағдайында нарықтық экономика мен жаңа саяси және әлеуметтік жүйе қалыптасып, Қазақстан әлемдік өркениетті мемлекеттер көшінің қатарына қосылды. «Стратегия-2030» қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекет әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді. Нәтижесінде, 2012 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің көлемі жағынан Қазақстан Республикасы әлемнің 50 ірі экономикасының қатарында. Әлемнің барлық елдерінің дамуын салыстыратын мойындалған рейтингтер бар. Осыдан алты жыл бұрын ел алдына әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөнінде жалпыұлттық міндет қойылса, қазір Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 51-орынды иеленді.

Жаһандану үрдістері қоғамның барлық салаларында өзіндік көріністерін байқатуда. Оның жағымды құбылыстарымен қатар әлемдік қауіптер және қарама-қайшылықтар да белең алуда. Жаһандану үрдісімен Қазақстанның ішкі әлеуметтік ақиқатынан пайда болатын қарама–қайшылықтар, қауіптер және ғылыми-практикалық негізде реттеуге тиісті мәселелер жетерлік. Осындай көкейтесті мәселе қатарында елдегі ұлттық қатынастар бар. Көп ұлттар мекендеген және әртүрлі діни бағыттар жайлаған жағдайдағы Қазақстанға аталған мәселенің ғылыми маңызы зор.

Ұлт мәселесі, әлемдік деңгейдегі саяси-экономикалық дамуы әлеуметтік-тарихына қысқаша шолу жасасақ, ХХ ғасыр басындағы империализм сатысы кезеңінде ол өте күрделенген болатын. Өткен ғасыр басында үстем империалистік державалар әлемдік экономикада өз ықпалын жүргізуге бақталастықты күшейтіп, ықпалдарына түскен өзге ұлттардың мүдделерін аяққа таптады. Нақты көрінісі бірінші дүниежізілік соғыс жылдарындағы Антанта мен Үштік (Төрттік) коалиция елдерінің әрекеті [1]. Көптеген мемлекеттегі ұлттар мен халықтарға тәуелсіздігінен айрылу, немесе экономикалық шикізат көзіне айналу қауіптері күшейді. Сондықтан ХХ ғасыр басындағы таластар мен қайшылықтар ұлт мәселелеріне аса күшті назар аударуды талап етті. Бұл мәселені шешпейінше әлемде тыныштық болмайтынын алғашқы түсінгендер Батыс мемлекеттерінің, соның ішінде австриялық социалистер болатын [2]. Олардың көзқарастарын кейін революцияшыл көңіл-күйдегі марксистер жалғастырды. Марксизм идеясына сүйенген Кеңес одағындағы большевиктер империалистерге қарсы бұратана халықтардың азаттық күресін социалистік революция негізінде пайдалануға тырысты, Кеңес одағы социалистік қоғам құру әдісімен өз ішінде де күрделенген ұлт мәселесінің бірқатар жақтарын реттегенімен құрамына енген халықтар ассимилияциялану үрдісін күшейтіп тілдік, мәдени және ұлттық тоқырауға алып келді. КСРО ыдырауымен ұлттық мәселелер тәуелсіз мемлекеттер жағдайында жаңаша қаралып шешіле бастады.

Ұлт пен ұлт арасында пайда болған түсінбестік әлемдік деңгейге көтеріліп талай рет аймақтық соғыс өрттерін жақты. Тарихтағы бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар, қырғи-қабақ соғысы, таяу Шығыстағы араб-еврей жанжалы, Испания, Ресей, Түркия, Ирландиядағы т.б. елдердегі этноқайшылықтар бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Ірі держава ықпалына түскен әр бодан халық үшін ұлттық билік, тіл, дін және мәдениетті сақтау өзекті.

Қазақ хандығы құрылып, қазақ мемлекеті негізі қаланған сонау ХҮ ғасыр кезеңінен талай тарихи әлеуметтік-саяси соқпақтардан өткен Қазақстан үшін де ұлт мәселесі ерекше маңызды. Жоғарыда қордаланған ұлттық мәселелер қатарында мемлекеттік тілі мен әлеуметтік-мәдени құндылықтар аталса, бұл мәселелер тәуелсіздік алғанына жиырма жыл асса да егеменді Қазақстан елі үшін әлі шешімін өз мәнінде таппаған мәселелер қатарында. Қазақстан аталған құндылықтарын өз дәрежесінде дамыта алмай отырғаны әлеуметтік ақиқат. Олар тиісті шешімін тауып, елдегі ұлттық қажеттіліктер қанағаттандырмаса елеулі қайшылықтардың пайда болу ықтималдығы бар. 2013 жылы 5 маусымда мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасында «нағыз ұлттық қадір-қасиет ұлттық тарихтан басталады» деген сөзі қазақ тарихын ұлттық тұрғыда саралаудың, ұлттық қажеттіліктерді қанағаттандыратын жаңа кезеңін бастайды [3].

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының 2007 жылы 4 шілде кезектен тыс ХІ съезінде «қазақстандық ұлт» мәселесін көтеріп, 2008 жылғы 23 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында Қазақстанның ел бірлігі доктринасы жарияланды. 2009 жылы қарашада «Жас Алаш», «Президент және халық», «Қазақ», «Жаңа апта», «Жас қазақ үні», «Қазақстан», «Заман-Қазақстан» газеттерінде және «Abai.kz» сайтында белгілі әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлері барлығы 124 адам қол қойған, 5 мыңнан астам халық қолдаған «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа, қазақ халқына, республикамыздағы өзге ұлт өкілдеріне ашық хат» жариялады. Онда бастауын «американдық ұлттан» алатын, «қазақстандық ұлтқа», яғни Қазақстан халқы Ассамблеясы талқылауға ұсынған «Ел бірлігі» доктринасынын осы тұсына қарсылық білдіруі қоғамдағы ұлт мәселесінің өзектілігін байқатады [4].

Қарсылыққа ұшыраған идея бойынша қазақ ұлты елдегі жүзден астам ұлт өкілдерімен біте қайнасып американдық ұлт сияқты әлеуметтік қауымдастық болмақ. Ғалым С.Борбасовтың пікіріне сүйенсек «Бұл идеяны іске асырушы ретінде АҚШ-ты алуға болады. Америка ұлтының өкіліне оның этникалық шығу маңызды емес, оның Америка азаматы болуы маңызды. Ұлт мәселесін шешудің америкалық азаматтық үлгісі адамдардың өздеріне тән ұлттық ерекшеліктерін дамытуға ешқандай мүмкіндік бермейді. Азаматтық қоғамда ол адам, содан кейін ғана белгілі бір этностың мүшесі» [5].

Бұл американдық үлгі «қайнатушы қазан» тұжырымдамасы болып табылады, елге келген мигранттар өз этностық шыққан тегінен бас тартып ассимиляцияға ұшырайды, нақты мысалды Франциядан көре аламыз, сондай-ақ Канада, Ұлыбритания, Германияда осы әлемдік тәжірибе мысалы.

Бүгінде әлеуметтік өмірдің бар саласын қамтыған әлемдік жаһандану үрдісі көптеген халықтардың ұлт мәртебесінде өзіне тән ұлттық келбеттерін, құндылықтарын, дінін, тілдерін сақтауына мүмкіндік бермейді, ХХІ ғасыр азшыл этностардың ассимляциялануы, жоғалып кетуі процесі жылдамдайтын кезеңі.

Ұлт мәселесін шешудің келесі жолы «мәдени-ұлттық автономия» тұжырымдамасы болып келген. Ол ХІХ ғасырдағы австриялық-венгриялық социалистердің идеяларынан шықты. «Мәдени-ұлттық автономия» доктринасы бойынша әрбір этностың жеке мемлекет құруға ұмтылуы мүмкін емес. Сондықтан олардың тілдік, мәдени талаптарының орындалуына жағдай жасау қажет. Қазақстан Республикасының жүргізіп отырған этносаясатының идеялық тамырлары осы «мәдени-ұлттық автономия» тұжырымдамасына сүйенген [6].

Сонымен, Қазақстан қоғамының іргетасын қалаушы қазақ ұлтының мемлекетке иелігі - «қазақстандық ұлт», «азаматтық ұлт» секілді ұғым түсініктердің көлеңкесінде қалып, өзінің әлеуметтік-саяси мәнінен айырылып қалмауға тиіс.

Бүгінгі Қазақстанда ұлт мәселесі жоқ деп айта алмаймыз. Қазақстанда қазақ ұлты бар. Ол обьективті ақиқат. Францияда француз ұлты, Ресейде мемлекет құрған орыс ұлты, Өзбекстанда- өзбек ұлты негізгі рөл атқарса Қазақстанда қазақ ұлты ел тағдырында шешуші рөлге ие болуға тиіс. Қазақстанды мекендеген өзге азшыл этнос өкілдері мемлекет құраушы ұлт құрамына кіреді, ал қазақ ұлтының негізгі мемлекет құрушы ұлт екені әлеуметтік шындық.

Біздің тарапымыздан, Қазақстандағы мемлекет құрушы қазақ ұлты жаһандану заманында әлемдік адами құндылықтарды қабылдап, дамыта отырып өзінің ұлттық мақсат-мұраттарын жоғары деңгейде жүзеге асыратынына толық үміт бар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы этнодемографиялық ахуал қазақ ұлты біртіндеп қалпына еніп, саны жағынан басым болып келе жатқанын көрсетеді. 1991 жылы қазақтардың саны Қазақстан халқының 41 % 6 млн. 800 мың адамын құраса, ал 2008 жылы 62 %, 9,2 млн. адам құраған. Мемлекет құрушы ұлт 17 жылда 21% артып 2 млн 400 мың адамға молайса, соңғы санақ нәтижесі бойынша қазақтар 63,9 % жетіп отыр [7]. Бүгінде соңғы зерттеулер бойынша мектеп оқушыларының 71% қазақ ұлтының ұл-қыздары болып отыруы ертеңгі күнді болжауға негіз береді. 2012 жылы шілде-желтоқсан аралығында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтанушыларынан құралған шығармашылық топ күшімен «Ғылыми қазына» бағдарламасы аясында жүргізілген «Социокультурная адаптация молодежи городов Казахстана» зерттеу жобасында келтірген деректерімізге дәйек болады [8].

Мұндай ұлттық басымдылыққа ие болуда елге оралған қандастардың сандық үлесі оң ықпал етті. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері әлемдік саясатта Германия, Израиль мен қатар өз қандастарын тарихи атамекеніне шақыруда белсенділік көрсетіп келеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап шамамен 1 миллион этникалық қазақтар (оралмандар) елімізге оралды. Тарихи атамекеніне оралған этникалық қазақтарды шыққан орталарына байланысты біз төрт үлкен типке бөлуге болады деп санаймыз:


  • моңғолдық мәдени ортадан келген этникалық қазақ;

  • қытайлық мәдени ортадан келген этникалық қазақ;

  • кеңестік мәдени ортадан келген этникалық қазақ;

  • исламдық мәдени ортадан келген этникалық қазақ (бұған Ауғанстан, Иран және Түркиядан келген қазақтар жатады) шыққан оралмандар.

Қазақстан Республикасының 1997 жылдың 13 желтоқсанындағы № 204 «Халықты миграциялау туралы» Заңның - бабына сәйкес оралман дегенімізҚазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерлерде тұрақты тұрған және Қазақстанға тұрақты тұру рұқсатымен келген ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар [9].

Шет елдегі қазақтардың басым көпшілігі Қазақстанмен шекаралас елдерді мекендейді, бұл территория қазақтарына қатысты ирредента ұғымы қолданылады. Ирредента - немесе қайта қосылмаған ұлттар отандастары басым тұратын мемлекетпен шектес аумақтарда қоныстанған этникалық аз топтарды білдіреді (мысалы Қазақстан жағдайында Ресей, Қытай, Өзбекстан т.б. елдердің шектес территориялары). Оралманға байланысты айтылатын үшінші бір ұғым – репатриант, яғни репатриациялық үрдіспен байланысты. Репатриация – иммигранттың өз тарихи отанына тұрақты өмір сүруге оралуы [9].



Әлемнің 40-тан астам мемлекетінен тұрақ тапқан сырттағы қазақтың саны шамамен 5 миллионға жуықтайды. Соның 4 миллионы үш елдің еншісінде. Таратып айтсақ, Қытайда 1,5 миллион, Өзбекстанда 1,5 миллион және 1 миллионға жуығы Ресейде шоғырланған. Қалған бөлігі Моңғолияда (130 мың), Түркіменстанда (70 мың), Қырғызстанда (45 мың), Ауғанстан (30 мың) мен Түркияда (25 мың) біршама тығыз және жинақы орналасқан [10].

Елге шақыру, орналастыру, оралмандардың ел ортасына сіңісуі мемлекеттің миграциялық саясатының басты бағыты «Ата-бабаларымыз бен олардан тараған ұрпақ жасаған мол рухани қазынаны шашпай-төкпей жинап алуымыз, оны атажұртта және барша әлемге таныстыру аса маңызды шаруа» - деп айтқан еді Елбасы Н.Назарбаев [11].

Мемлекеттік деңгейде «Нұрлы көш» бағдарламасы ауқымды түрде қолға алынған болатын. Қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайы төрт рет ұйымдастырылды (1992 Алматы, 2002 Түркістан, 2005, 2011 Астана). Елбасының 2015 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жолдауында елдегі халық санын жиырма миллионға жеткізу сандық көрсеткіші, халқымыздың демографиялық құрамын оңтайландыру үшін ең әуелі шетелдегі қандастарымызды тарихи отанына тарту керек деген ойлары нақты байқалады. Ел президентінің жарлығымен «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2002–2015 жылдарға арналған Тұжырымдамасында» шет елде тұратын этникалық қазақтардың қайтып оралуын ынталандырумен қатар, көшіп келушілердің жаңа ортаға бейімделу мәселесінеде баса назар аударылған. Бұл мысалдардың барлығы зерттеу тақырыбының маңыздылығын арттыра түседі. Атамекеніне оралған қазақтардың мемлекет құрушы ұлт талаптарына әлеуметтік сәйкестенуі тақырыбы әлеуметтану ғылымы саласында алғаш көтеріліп отырған тың тақырып. Оралған қандастардың әлеуметтік бейімделу барысындағы сәйкестену деңгейі жоғары болған сайын, адамзат тарапынан берер ресурсы да аймақ үшін жоғары болады және керісінше жағымсыз жағдай, көшіп келген қоныстанушының тұрғылықты жеріне бейімделуі ауыр болуы әлеуметтік жағдайды шиеленістіре түседі. Әлеуметтік сәйкестену мәселесі, оның ішінде оралған қазақтардың әлеуметтік сәйкестенуі шынайы өмірдің ұсынып отырған қоғам үшін де, ғылым үшін де өзекті мәселе және тақырып.

Қазақ ұлты мемлекет құрушы ұлт мәртебесіне толыққанды иеленуі, біздіңше, мынадай басты салаларда оның орнығуымен тікелей байланысты: саяси-құқықтық салада: ел тәуелсіздігін нығайтуда, мемлекеттің біртұтастығын нығайтуда, ұлттық қауіпсіздікті күшейтуде; экономикалық саланы индустриялды-инновациялық дамытуда; қазақстандықтардың кәсіби шеберлігін шыңдауда; рухани-мәдени саланы дамытып нығайтуда: ана тілін мемлекеттік тіл етіп орнықтыруда; барлық қазақстандықтардың патриоттық тәрбиесін күшейтуде. Дәл осы тұрғыларда тарихи атамекеніне оралған қазақтардың жергілікті қазақтармен, қазақстандықтармен сәйкестеніп, бейімделуі өзекті мәселеле болып саналады.



Қазақстанның жаңа геосаяси, геоэкономикалық жағдайда алға ілгерілеуі, жаһандану кезеңінде ұлттық мемлекет ретінде ерекшеліктерін сақтай отырып, төлтумалық болмысын, әлемдік дамуда дара мемлекеттілігін қалыптастыруы, елдегі демократиялық үрдістерді тереңдету бағыттары тақырыбының маңыздылығы арттыра түседі.

Көп ұлттар мекендеген Қазақстан жағдайында қазақ ұлты мемлекет құрушы ұлт ретінде өзінің әлеуметтік–тарихи миссиясын атқарып, қазақстандық өркениетті, инновациялық-индустриялық қоғамның дамуын қамтамасыз етуге жауапты күш ретінде қалыптасуы қажет. Мемлекет құрушы ұлттың әлеуметтік әлеуеттілігі тұрғысында атамекенге оралған атамекенінде тезірек бейімделіп сіңісіп кетуі яғни ұлттық сәйкестену үрдісі өзекті әлеуметтанулық мәселе деп санаймыз.

Жалпы алғанда зерттеудің тақырыбы біріккен, біртұтас қазақ ұлтының дамыған және тәуелсіз Қазақстан мемелекетін қалыптастыруы, дамытуы, осы бағытта елде жүріп жатқан көші-қон үрдісі нәтижесінде оралып жатқан этникалық қазақтардың жергілікті қазақтармен әлеуметтік сәйкестенуі болып отыр. Тақырып қарастыруға тиісті проблемалар қазақстандық қоғамның әлеуметтік шындығы жағдайында маңызды мәселелерді әлеуметтанулық зерттеу құбылысы етеді. Диссертация жұмысында қaрaстырылған мәселе тек ғылыми мағынaға ғaна емес, coндай-ақ прaктикaлық-қолданбaлы мәнге ие.

Көп ұлттылық құбылысы жер шарының барлық мемлекеттеріне тән құбылыс, бірақ, соған қарамастан олар ұлттық мемлекет саналады. Алайда, Америка мен Австралия құрлықтарындағы кей мемлекеттер отарлық жүйеге түсіп төл этносы қырылып, төл этноссыз мемлекет құрғандары тарихтан белгілі. Әлемде қанша көпұлтты мемлекет болса да мемлекет құрушы ұлт мәртебесі, мемлекеттік тіл, ұлт атаулары жанжалдары байқалмайды. Тек, ТМД ауқымында кешегі кеңестік жүйеде болған елдерде орыс ұлты мен орыс тілі ықпалынан шығу әрекеттері жергілікті деңгейде шиеленістер тудыруда. Бұл сынды әрекеттер ашық түрде Балтық жағалауы елдерінде байқалады. Өзбекстан мен Әзербайжан латын әліпбиіне өтіп, ұлттық тіл мәртебесін бекітіп алды, Түркіменстан мен Тәжікстанда осы әрекетке ұмтылуда. «Ұлы орыс ұлты» ықпалынан құтылуға ұмтылыс Грузия, Қырғызстан, Украина, Белорусиядан байқалып отыр. Сондықтан, біздің тарапымыздан көтеріліп отырған зерттеу тақырыбы елдін ұлттық қауіпсіздігімен қамтамасыз етумен астасып жатқан маңызды мәселелер қатарында әрі жаһандық алпауыттар ықпалдылығы бар. Халқының құрамы көпұлтты ел болғандықтан жоғарыда айтылған латын әліпбиіне Қазақстан 2025 жылда көшу жоспары және тіл саясаты да баялау жүріп жатқаны да осы мәселені аңғартады деп санаймыз. Қазақстан үшін мұндай мәселеде асқан әлеуметтік сезімталдық қажет етеді.

Қазақтың төл тілі, өнері, мәдениеті, тарихи мен стратегиялық ұстанымы мемлекетті біріктіруші идеяларға, ұлттық идеяға айналуы қажет. Барлық қазақстандық халықтың қазақ ұлты төңірегінде біріккені бүгінгі этноәлеуметтік шындыққа жақын. Біздің зерттеу жұмысымызда осы өзекті мәселемен байланысып жатыр.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. «Ұлт» және «этнос» ұғымдарын әлеуметтанулық және антропологиялық әдістер арқылы кешенді зерттеудің теориялық-әдіснамалық алғышарттары әлеуметтану классиктерінің еңбектерінде қалыптасқан. Бұл еңбектер мемлекеттегі этникалық үрдістер, топтар арасындағы қатынастар мәселелерін қарастыра келе, ондағы экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени үрдістерді зерттеуге бағытталды. Адамдардың экономикалық және әлеуметтік әрекеттеріндегі этникалық теңсіздіктің көрінуі мен этностар мен ұлттардың рационалдылыққа ұмтылуы, еңбекке қарым-қатынасы және мемлекет құрудағы рөлі классикалық еңбектерде көрінді. Ұлт және ұлттық үрдістердің әдістеме, әдіснамалық мәселесін талдауда отандық, шетелдік ғалымдардың еңбектерін пайдаландық. Әр деңгейдегі жалпы қауымдық әлеуметтік-саяси үрдістерді зерттеу үлгілері мен қатар ұлттық мемлекеттің негізі этнос ролі жайлы М. Вебер [12], П. Сорокин [13], Э.Гидденс, Г.Зиммелдің еңбектерінде [14], А.Радклифф-Браунның «Метод этнологии и социальной антропологии (1923), «Структура и функции в примитивных обществах ( Structure and Function in Primitive Society (1952)), «Метод в социальной антропологии» (1958) еңбектерінде қарастырылған болатын.

Әлеуметтану ғылымы классиктері Т.Парсонстың құрылымдық-функциоалды әдісі, П.Сорокиннің әлеуметтік мәдени әдісі, Г.Спенсердің эволюциялық теориясы, М.Вебердің әлеуметтік бейімделуді қамтитын миграциялық теориялардың парадигмалды негізі, Р.Парк, Р.Мертон, Ч.Мористің тұлғаның бейімделу типологиясы, Г.Лебон, Г.Тардтың психологиялық интеракционизмі әдістері арқылы олардың еңбектерінде әлеуметтік бейімделудің негізгі теориясы бар [15-19]. Тұлғаның қоғамда бейімделуі, сәйкестену барысында болатын әлеуметтік шиеленіс мәселесі Г.Зиммельдің, Р.Дарендорф еңбектерінде қарастырылған.

Әлеуметтік сәйкестену тақырыбы Э. Эриксон [20], 3. Фрейд [21], Ж. Лакан, К. Поппер, Ю. Хабермас, В. Хесле, А. Гидденс, М. Серто, К.Юнг [22], Ж.Пиаже [23], А. Тоффлер, М. М. Бахтин [24], Л.С. Выготский [25], Кон И.С. [26] т.б. ғалымдар зерттеулерінде жан-жақты қаралған.

Миграциялық үрдістер, көші-қон нәтижесінде халықтың әлеуметтік бейімделу және сәйкестену үрдістеріне ілімдік және әдіснамалық тұрғыда үлес қосқан Ресейлік ғалымдар: Е.М.Аврамова, Г.В.Безюлева, С.К.Бондырева, Т.И.Заславская, Л.Г.Ионин, Л.В.Корель, П.В.Кузнецов, В.И.Мукомель, С.И.Розум, Г.У.Солдатова, Л.Л.Шпак, Т.Н.Юдинамен қатар, әлеуметтік ресурстық тұрғыда В.А.Ядов трансформацияланған қоғам жағдайында тұлға әрекетін зерттеу нысанасына алған [27-35].

Ұлттық әлеуметтік теория мәселелерін түсініп, талдап, өзіндік болжамдарды негіздеу мақсатында Я.Данилевский [36], В.Ленин [37], О.Шпенглер [38], А.Тойнби [39], Э.Дюркгейм [40], М.Вебер, Г.Алмонд, Х.Клингеманн, Г.Лассвелл, Т.Парсонс, С.Бейсембаев, Р. Гудин, М.Сужиков, Н.Киікбаев, Р.Әбсаттаров пен басқа ғылымдар зерттеулеріне сүйендік.

Этнос, әлеуметтік сәйкестену, сіңісу сияқты концептілер психология, антропология, әлеуметтану ғылымдарының ұғымдық аппараты болып, бірнеше бағыттың тоғысында орналасқандықтан, пәнаралық сипатқа ие. Кейбір ғалымдар бұл мәселелерді өз нысаны, пәні ретінде зерттесе, басқа ғалымдар әлеуметтанулық категория ретінде қарастырып, әлеуметтік құрылым және теңсіздік, қоғамдық даму тұрғысынан түсініп, әлеуметтік, мәдени, этникалық сияқты әртүрлі аспектіде қарастырады.

Қазіргі ғылыми әдебиеттерде этнос мәселесін, этностық қатынастар мен этностық қозғалыстарды зерделейтін философиялық-әлеуметтану, тарихи-этнологиялық және психологиялық-педагогикалық зерттеулер қатарында Ю.В.Бромлей [41], Л.Н.Гумилев [42], Т.Сәрсенбаев [43], М. Тәтімов [44] К. Марданов [45], Б. Аяғанов [46] және де Н. Нысанбаев [47-49], К.Л. Сыроежкин [50-51], М.М. Сужиков [52-53], Б.Абдыгалиев [54], Н.Ж.Байтенова [55], Н.Романова [56-57] зерттеулерін атап өтуге болады.

Соңғы жылдары мемлекет құрушы ұлттың мәртебесінің эволюциясын талдауға арналған нақты істер қатарында көптеген қазақ этносының өзіндік әлеуметтік санасын зерттейтін еңбектер пайда болды.

Қазіргі этнос мәртебесі туралы білімді ХХ ғасырдың қазан революциясына дейінгі қазақ этнографиясы мен тарихы, түркітану саласындағы еңбектерсіз елестету мүмкін емес.

Қазақтардың мәдениеті мен білім беру саласын зерделеу бірнеше ғасырды қамтиды. Осы орайда Ә.Х. Марғұланның еңбектерін атап өту керек, ғұлама ғалым қазақтардың тарихы, этникалық мәдениеті, қалыптасқан тұрмыстық жағдайлары, тұрмыстық-отбасылық қарым-қатынастары туралы бай әрі құнды деректер жинады. ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақтардың тарихы мен қазақтардың мәдениеті туралы баға жетпес өте құнды еңбектерді түрік-шығыс әлемін зерттеуші жоғарыда атап кеткен Л.Н. Гумилев [58-61]. қалдырды.

Алайда егеменді мемлекеттің этноәлеуметтік кешенді зерттеу кеңестен кейінгі кеңістікте жаңа тәуелсіз мемлекеттердің өсуші талабынан туып отыр. Бұл саладағы құнды еңбектер қатарында А. Нысанбаев [62]; В.А. Тишков [63], Э. Геллнер [64]; Р.К. Қадыржанов [65]. «Қазақстан Республикасының Конституциясы» [66], Қазақстан Республикасы Президентінің еңбектерінде және ресми құжаттарда берілген ойлар мен пікірлер [67], Ж. Мурзалиннің [68] және де әрі адам мәселелерін, осы салада пайда болатын қоғамдық күрделі, қарама-қайшы қатынастарды мемлекеттік реттеу қажеттігімен байланысты этноәлеуметтік еңбектер қатарында Ж.М.Әбділдин, Л.А.Байдельдинов, С.Т.Сейдуманов, Т.Ж.Қалдыбаева, Г.Малинин, Г.К.Ахметжанова, Н.М.Садықова, Г.Н.Иренов, А.Г.Галиев, З.К.Шаукенова, А.Т.Забирова, Р.С.Арын, С.М.Борбасов зерттеулерің атай аламыз.

Отандық ғалымдар тарапынан көші-қон үрдісі, бейімделу мәселесі, әлеуметтік-демографиялық үрдістерге мән берген ғалымдар: Г.С.Әбдірайымова, М.С.Садырова, Г.О.Әбдікерова, М.А.Әбішев, М.С.Аженов, К.У.Биекенов, А.Т.Забирова, Г.Г.Соловьева, Г.М.Мендіқұлова, Е.Ю.Садовская, М.Тәтімов, З.К.Шаукенова [69-81].

Оралмандардың тарихи атамекенінде әлеуметтік бейімделуі және мемлекет құрушы ұлт барысындағы зерттеулер А.К.Есенғалиева, Б.Н.Қылышбаева, Р.Х.Сүлейменова, А.К.Тұрлыбекова, С.Ж.Түрікпенова, М.К.Кәкімжанова, Р.С.Арын, С.А.Амитов еңбектерін атауға болады.

Біздің диссертациялық зерттеуіміз үшін этностық сипаттама мен әлемнің этностық бейнесінің, этникалық бірлік, этностық сәйкестік үлгісін іздеу, ауыспалы кезеңдегі Қазақстан тұрғындарының тоталитарлық пен этностық, әлеуметтік пен этностық сәйкестік деңгейінің мәселелері талданған Н.Ә. Назарбаевтың «Тарих толқыны» еңбегі мәнді [82].



Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өткен негізгі өзгерістерді талдай келе, Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев қазақ этносының этностық өзіндік санасының өскендігін, ел тұрғындарының қазақстандық этностық сәйкестік үлгісін іздеп табу қажеттігін атап өтті. Автор әлеуметтік сәйкестікті екі деңгейге бөледі. Бірінші деңгейі, Қазақстан халықтарының тұтас азаматтық және саяси қауымының қалыптасуымен байланысты. Бұл жағдайда Н.Ә. Назарбаев бәрінен де бұрын суперэтникалық қауым ретінде қазақстандық этносын емес, тұтас этникалық қауым мен азаматтық қауымның қалыптасуына бағытталған Қазақстан халқының топтасуы қажеттігін ерекше атайды. Сәйкестіліктің екінші деңгейі, Н.Ә. Назарбаевтың пікірі бойынша, қазақстандық және шетелдерден келген қазақтар сәйкестілігімен байланысты. Қазақ этносының әлеуметтік сәйкестігі оның ішкі этностық мәселелерді шешуімен, қазақ халқының саяси және азаматтық сәйкестігімен тікелей байланысты. «Егеменді мемлекет ретінде Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» еңбегінде Президент Н.Ә.Назарбаев тәуелсіз Қазақстан қазақтардың этностық егемендігінің негізі (жетекші буын ретінде), оларды өздерінің бастауына, көпғасырлық дәстүріне қайтарады деп атап өтті [83].
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет