Байғабылов нұрлан оралбайұлы атамекеніне оралған қазақтардың мемлекет құрушы ұлт талаптарына әлеуметтік сәйкестенуі


Елге оралған қазақтардың білім және рухани-мәдени саладағы сәйкестенуі



бет8/11
Дата23.02.2016
өлшемі11.38 Mb.
#7137
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

3.2 Елге оралған қазақтардың білім және рухани-мәдени саладағы сәйкестенуі

Бүгінде инновациялық даму және ғылымның қажеттілік мәселесі Қазақстан қоғамындағы басты бағдардың бірі. Инновациялық даму – бұл жаңашылық енгізудің жалпы процессі, адамдардың қажеттілігін қанағаттандыру үшін қолданылатын және таратылатын жаңалық, қоғамның даму әсеріне байланысты ауысып отырады. Инновация осы орайда - еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыратын іс. Бірақ әрбір инновация қандай да бір уақытта өз шегін сарқиды. Осы мезетте іске ғылым араласады, сол кезде әлеуметтік орта, өндіріс, прогресс үшін сұранысты ғылыми – практикалық мәнді жаңалықты ойлап табу керек. Ал ғылым адамзат қоғамының ерте дәуірінен, адам баласының танымдық және өндірістік қажеттілігінің арасы ажырамай тұрған кезеңнен бастау алады.

2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Президенті - Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» Қазақстан халқына Жолдауындадағы он бағыттағы кешенді міндеттерді жүзеге асыруда: «жетінші бағыт, Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуі. Бұл, ең алдымен, білім беру мен денсаулық сақтау. Білім беру жүйесін жаңғырту барысында біз үшін келесі іс-шараларды жүзеге асырудың маңызы зор. Біріншіден, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы талабына сай пәндерді, мазмұндарды енгізу, әдістемелік технологияларды жаңарту. Тоғызыншы бағытта - индустриялық-инновациялық жобалар. Инновациялық. индустриялық даму шеңберіндегі жобалардың экономикалық және әлеуметтік маңызы шексіз. Экономикалық жаңару әлеуметтік жаңғыртудың басты негізгі алғышарты болып қала береді. Сол себепті Ел Президенті барлық мемлекеттік органдар бұл жұмысты өздерінің негізгі қызметі деп есептеуі тиіс деп атап көрсетті.

Қазіргі уақытта дамыған елдерде 1 миллион тұрғынға 1-ден 6 жоғары оқу орныны келеді, Қазақстанда барлығы 149 жоғары оқу орны бар, ал 200 ғылыми кеңестер қалыптан құйғандай етіп жасап шығарып келген 60 кандидаттың алпысының бірі және доктордың отызжетісінің бірі ғана ғылымға барды дей келе Қазақстан Президенті «Бұдан былай магистрлар мен PhD докторлар дайындалатынын, университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бүгінде жаңа «Назарбаев университеті» арқауында нарық сұранысына бағдарланған жоғары оқу орнының инновациялық моделі қалыптастырылуда. Ол барлық қазақстандық жоо-лар үшін үлгі болуы керек. Менің тапсырмам бойынша бүкіл елде ашылып жатқан 20 зияткерлік мектептер дарынды балаларды үздік ЖОО-лар үшін дайындаудың негізгі арқауына айналатын болады» деп атап айтты [189].

Ел басы тарапынан Үкіметке мынадай тапсырмалар берілді:


  • ЖОО-лардың инновациялық қызметке көшу тетігін қалыптастыру;

  • білім берудің сапасын арттыру және қолжетімділігін кеңейту үшін білім беруге қолдау көрсетудің жаңа қаржылық-экономикалық құралдарын енгізу.

Сондай ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 17 мамырдағы N1096 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы туралы» бағдарламасыда соңғы жылдары сәтті жүзеге асуда. Аталмыш индустриялық-инновациялық стратегияның сәттілігінің басты алғышарты - білім берудi дамыту арқылы сапалы адам капиталын қалыптастыру және сол отандық дәстүрдің инновациялық жалғастырылуы.

Бiлiм беру секторы барлық елдер экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететiн басты «отты нүктелердiң» бiрi.

«Ғаламдану жағдайында экономикасы дамыған елдер неғұрлым перспективалы ғалымдар мен жоғарғы бiлiктi мамандарды шоғырландыруды өзiнiң басты басым саясаты етiп алды» [190].

Қазіргі Қазақстандағы инновациялық дамуында ғылымның маңызды роль атқарып отырғаны әлеуметтік шындық. Осы орайда атамекеніне оралған қандастарымыздың қосып отырған үлесіде зор. «Жебеу» Республикалық қоғамдық қорының өкілі Рақым Айыпұлының айтуынша «2011 жылғы 1 қаңтар бойынша 825 мың, ал, 2011 жылдың үш айында 10 491 оралман Қазақстанға көшіп келген. Қазақстандағы оралған қандастардың ішінде 74 ғылым докторы, 213 ғылым кандидаты, 1600 шығармашылық қызметкерлері, 12,5 мың білім беру саласының жұмысшылары және шамамен 7 мың медицина қызметкерлері болса, жалпы 40777 оралман жоғары білімді, 2509-ының аяқталмаған жоғары және 93600-інің орта арнаулы білімі бар, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 5508 оралман студент, ал дайындық курстарында 160 қыз-жігіт оқып жатыр, ал 620 адам Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет атқаруда. Оралмандардың 4 %-ын ғана зейнеткерлер құрайды [191]. Аталған мәліметтер елге оралған қандастардың қазіргі Қазақстан қоғамындағы инновациялық дамуға елеулі ғылыми-практикалық үлес қосып отырғанын дәлелдейді.

Бауырларымыз атажұртқа оралып, қоғамда, сан-салада өз шама шарықтарынша елмен бірге еңбек етіп, Қазақстан қоғамында білімдік-мәдени салада өзіндік сәйкестіктерін байқатуда. Сөзіміз дәлелді болу үшін, ғылыми зерттеу жұмысы барысында білім және мәдени өмір саласында өзіндік үлес қосып жүрген қандастарымызды анықтау мақсатында зерттеу, талдау жүргіздік.

Оралған қазақ ғалымдардың арасында ғылымның ең күрделі салалары болып есептелетін ядролық физика, биотехнология салалары бойынша докторлық қорғаған, ел қызығатын құнды ғылми еңбек жазғандары баршылық. Тіптен олардың біразы Еуропа елдерінде, Жапонияда және Ресейде жоғары білім алып, сонда докторлық қорғап, елге оралған таптырмас ғалымдар мен мамандар. Әр тілде жазылған монографиялар мен оқу құралдары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Е. Арынның (бүгінде Павлодар облысының әкімі) бастамасымен «Атамекен» сериясымен басылып шығуда.

Германияның Берлин қаласындағы Гумбольдт университетінде докторлық диссертация қорғаған, Моңғолияның ауыл шаруашылығы университетінде проректор қызметін атқарып тұрып атажұртқа оралған, қазір С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде биотехнология орталығына жетекшілік ететін Мағаш Аятқанұлы «Жануарлардың өсіп-өнуі биологиясы» атты монографиялық құнды еңбегін жариялады. Осы университетте жемісті қызмет істеп жүрген тегі моңғолиялық тағы бір биолог ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Қаманұлы «Орталық Азияның қуаң топырағында кездесетін омыртқасыз жануарлардың ландшафтық және белдеулік сипаттары» атты көп жылғы ғылми зерттеулерге негізделген еңбегі жарық көрді. Моңғолия ғылым академиясының биотехнология инситиутында қызмет істеген, қазір әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Болатхан Қажиханұлы «Фототрофты микроорганизмдер биотехнологиясы» атты монографиялық еңбегінде фототорфты микроорганизмдер, оларды қазіргі биотехнологияда пайдаланудың маңызы мен келешегі туралы баяндаған. Моңғолия ғылым академиясының Химия институтында химиялық заттарды физикалық әдістермен зерттеу зертханасын басқарған, Чехия астанасы Прага қаласындағы Чех Техника Университетінде докторлық диссертация қорғаған физика ғылымдарының докторы Досан Баймолда «Рентген флуоресценциялық зерттеу әдісін көмір өндірісінде қолдану» атты ғылыми монографиялық еңбегінде ядролық физика әдістерін энергияның негізгі көзі-көмірді зерттеуге қалай қолдануға болатындығын, көмірді жақпай тұрып оның сапасына қалай баға беруге болатындығын Моңғолиядағы және Чехиядағы көмір кеніштерінде жүргізген нақты тәжірибелер мен зерттеу нәтижелері негізінде ғылыми қорытынды жасаған. Бұл еңбек бүгінде көмір байлығы мол Қазақстан үшін аса құнды еңбек. Чехияда докторлық қорғаған тағы бір бұрынғы моңғолиялық қазақ ғалым техника ғылымдарының докторы Қани Қабиұлы «Техника, технология және қоршаған орта» деген қомақты еңбегінде қолданыстағы техника мен технологиядан қоршаған тіршілік ортасына әсер етуі мүмкін тұстарды саралап, оған ғылми түрде қорытынды жасаған. Венгрия астанасы Будапешт қаласындағы Техника университетінде докторлық қорғаған Оқас Құрманұлы жоғары оқу орындарының физика және инженер техникалық мамандықтар бойынша оқитын студенттерге арнап «Электротехниканың негіздері» атты қазақ тіліндегі оқулық кітабын жазды. Бүгінде бұл екі ғалым Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәріс береді.

Қытайдан атажұртқа оралған бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Нәбижан Мұқаметханұлы «Қазақ тарихының өзекті мәселелері» атты монографиялық зерттеу еңбегінде ортағасырлық Орта Азия мен Қытай арасындағы қарым - қатынастар және тарихи мәдениеттің қазірге дейінгі сабақтастығы жөнінде қытай жазба деректері бойынша зерттегенін осыған сай ғылыми қорытынды жасаған. Соңғы жылдары Қазақстандағы көне түркі жазуларына қатысты зерттеу жұмыстарын біршама деңгейге көтеріскен ғалымдар: Моңғолиядан келген түркітанушы, филология ғылымдарының докторы Қ. Сартқожаұлының «Байырғы түрік жазуының генезисі» және Қытайдан келген ғалым филология ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зекенұлының «Көне түрік ескерткіштеріндегі қытай жазбалары» атты құнды еңбектері «Атамекен» сериясы бойынша жарыққа шықты. Қ.Сартқожаұлы бүгінде Астанадағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы түріктану және алтайтану орталығында, ал Т.Зекенұлы Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетініңде дәріс оқиды.

Моңғолияда кезінде жоғары әкімшілік қызметте болған, қоғам қайраткері бүгінде Алматыдағы тарих институтында бөлім басқаратын тарих ғылымдарының докторы Зардықан Қинаятұлының ұлт, тарих және адам тағдырына қатысты жазған «Көзқарас», Моңғолия қазақтарының ауыз әдебиетін алғаш зерттеп филология ғылымдарының докторы атанған Қабидаш Қалиасқарұлының «Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақов», ал Қытайдан оралған ақын, филология ғылымдарынң докторы Дүкен Мәсімқанұлының «Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» атты кітаптары жоғарыда аталған «Атамекен» сериясы бойынша жарыққа шықты. Қ.Қалиасқарұлы бүгінгі күні Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетінде, ал Д.Мәсімқанұлы Еуразия ұлттық университетінде қызметте. Бүгінде Алматыдағы әдебиет институтында қызмет ететін Иранннан оралған ғалым тарих ғылымдарынң докторы Ислам Жеменейдің «Қанаттас түркі, парсы ақындары» атты кітабы және моңғолиялық тарихшы ғалым, бүгінгі күні Түркістандағы Қазақ-түрік университетінде сабақ беретін тарих ғылымдарының докторы, профессор Мініс Әбілтайұлының «Отан тарихының өзекті мәселелері» атты кітаптары жарыққа шықты. Осы ғылыми еңбектерді жазған авторлардың негізінен шет елдерде есімдері танымал болған білікті де білімді азаматтар. Мұндай ғылми еңбектердің қазақ халқы үшін, ғылым теңізіне бойлауға ұмтылған ұрпақтар үшін мәні зор, ал екінші жағынан атажұртқа оралып жатқан ағайындар арасында осындай танымалы есімдердің болуы бұл еліміз үшін де үлкен абырой.

Отандық тарих ғылымына сирек мамандықтар иелері келді. Олар Шығыстың ескі қолжазбаларын түпнұсқадан тікелей оқып, пайдалана алатын тарихшы-лингвист мамандар. Бұларды кеңестік кезде сирек мамандар деп санайтын. Отандық ғылым мен білім саласында жүргендер: Зардыхан Қинаятұлы, Сартқожа Қаржаубайұлы, Нәпіл Пазілханұлы (екі моңғол, манчжур және түркі руникалық жазуларын оқитын тарихшы, филолог ғалымдар); Ислам Жеменей (ескі парсы жазбаларын оқитын филолог ғалым); Бақыт Еженханұлы, Сағынтай Сұғатайұлы, Жәнімхан Ошан және Нұрлан Кенжеахмет, Тұрсынхан Қайыркен, Дүкен Мәсімхан (ескі қытай жазбаларын оқтын тарихшы, филологтар). Бұл ғалымдардың Отанға оралуымен бұрынғы ұлы державалардың шығыстанушыларының Қазақстандағы монополиясы біржолата аяқталды. Аталған ғалымдардың белсенді қатысуымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шығыстың ескі тіл жазбаларындағы қазақ және Қазақстан тарихына қатысты құнды деректер ғылыми негізде қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ қазақ тарихының көптеген ақтаңдақтарын толықтыратын сүбелі ғылыми еңбектер жазылып, елімізде жаңа тарихи көзқарастың қалыптасуына үлкен үлес қосты.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры (2011 жылы қызметінен босады) Б.Ж..Әбдірайымның ұсынысы бойынша 2008 жылы университетте «Оралмандар кеңесі» атты қоғамдық бірлестік құрылды. Төрағасы – Ресей Федерациясында туып өскен, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов. Оның құрамына тәуелсіздік алғаннан бері өзінің тарихи Отанына оралған белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, оқытушылар, белсенді студенттер бар. Университетттегі белгілі ғалымдар Өзбекстаннан көшіп келген Жандарбек Мәлібеков (ҚР мемлекеттік елтаңбасының авторы), Монғолия Халық Республикасынан көшіп келген Қ.Сартқожа (белгілі түріктанушы, ф.ғ.д.), Қытай Халық Республикасынан көшіп келген Дүкен Мәсімхан (белгілі шығыстанушы, ф.ғ.д.) аталмыш кеңеске өзіндік кеңестерің беріп тұрады.

Бүгінде, оралмандар кеңесі 300-ден астам оралман-студенттердің бейімделу мәселесін талқылау үшін айына бір рет Кеңес отырысына жиналады. Жыл сайын қалалық және республикалық Көші-қон және демография комитеті мен ҚР Парламентінің Мәжілісі жанындағы оралмандар мәселесі бойынша ғылыми-консультациялық кеңесімен бірлесе отырып «Оралман-студенттер құрылтайы» өтеді. Бұл кеңес атамекенге оралған жас қандастардың Қазақстандық ғылымның инновациялық дамуына үлес қосуларына бүгінгі күннен негіз қалауда.

Жоғарыда келтірілген деректер атамекенге оралған қандастардың жоғары білім саласында өзіндік сәйкестіктерің байқатып, қоғамға үлес қосып жатқанының дәлелі.

Қазақстанның даму, өсу, өркендеу жолындағы басым бағыттарының бірі - ұлттық келісім, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің жоғары деңгейі. Қазақстан Республикасындағы ұлт саясатының бағдарламасы саяси тұрақтылықтың кепілі болып қала бермек. Күллі қазақстандықтардың теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттік принципі мен ұлтаралық татулық санасын қалыптастыру маңызды. Осыған орай еліміздегі қазақ ұлты мен басқа этикалық топтардың мәдениетін, жан-жақты дамуын қамтамасыз етумен қатар, рухани-саяси өмірді басты назарда ұстауың маңызы зор.



Рухани өмір қоғамдық өмірдің аса үлкен салаларының бірі. Оның ерекшелігі адамзаттың жинаған рухани мәдениетінің адамның тіршілік әрекетінде қызмет етуінде. Рухани мәдениетке дүниетанымдық мәдениетті (діни жөне философиялық ілімдер), моральды, өнерді, саяси идеологияны, құқықтық мәдениетті жатқызуға болады. Рухани мәдениеттің осы элементтерінің әрқайсысы саясатпен, оның принциптерімен, құндылықтық қағидаларымен, саяси акцияларымен, шешімдерімен әр түрлі дәрежеде түйісіп саясат субъектілерінің өзіндік көзқарастарын калыптастыру, олардың жүріс-тұрысын анықтау сияқты қызметтерді атқарады.

Қазақтың дамуына байланысты белгілі бір құндылықтардың төңірегінде қазақтың тұтастығын қамтамасыз ететін –тіл. Бір дін, бір тіл, бір мемлекет, бір ұлт дегеніміз қазақтың тұтастығын сақтап қалуға қажет. Қазақтың тұтастығы этникалық тұрғыда болғанымен, мәдени құндылық жағынан тұтастық байқалмайды. Сондықтан мемлекеттік тіл тиімді дамымай келеді. Ең бірінші, осы зерттеу жұмысында көтеріп отырған басты мәселе қазақтың өзі тұтас бір мықты ұлт болуы. Әр мемлекеттің өз «ядросы» бар, сол сияқты қазақ «ядро» болса басқа этникалық диаспора өкілдері айналасына шоғырланады. Олар қазақтың құндылықтарын, тілін, мәдениетін мойындайтын, үйренетін негізде бірігеді.

Мәдени құндылықтар мен жетістіктер ұрпақтан ұрпаққа беріліп, өткен дәуірдің құндылықтарының жиынтығы ретінде мәдени мұраға айналады. Ол кешегі күнгі археологиялық қазбалардан бастап, осы күнге дейін сақталған әдет-ғұрып пен дәстүрлеріне дейінгі кең ауқымды қамтиды. Сол уақытта мәдениеттің бағалы жетістігіне әрбір этностың тілі, оның ежелдегі шаруашылық-рухани қызметінің іздері, жазбаша ескерткіштері, аймақтық және жалпы әлемдік рухани үрдісіне енуі жатады.

Әлемдік мәдениет кеңістігінің дамуында қарама-қайшылық баршылық: көпшілікке арналған мәдениеттің төмен деңгейінің етек алуы ұлғаюда; шығармашылық туындылар елдің аз ғана адамдар бөлігінің қажеттілігі болып, тек олар енжар тұтынушылар, әрине жасампаздар қатарына енбейді. Бұған қарағанда дәстүрлі қоғамда қажеттілік қалыптасуының механизмі болды, қоғамдастықтың әрбір мүшесінің дерлік шығармашылыққа талабы болды; мұнда барлық үрдістердің мәдени (тоталдық діни әлемдік қабылдау аясында) мотивациясы болды. Индустриалды қоғамда мәдениет қайталану сипатында болды. Адамзаттың бүгінгі постмодернисті санасы “қоғамдағы мәдениеттің рөлі өзгереді, бұл жағдайда мәдениеттің өзінің түсінігі де өзгереді. Бұл соншалықты енжар көрініс емес, мінез-құлықтың нақты үрдістерімен енжар көшірмесі, олардың белсенді «нысаны». Индивидтер өздерінің мінез-құлықтарын «кодтап», «көріністеп» оны мифтер мен архетиптерге жатқызып мәдениетті саналы түрде өзінің қызметін ұйымдастыру мен қалыптандыру үшін пайдаланады» деген қағиданы ұстанады [192]. Этникалық қайта жаңғыру үрдісінің объективті барысы мәдениетті дамыту мен сақтауға белсенді қатысушы тұлғалардың үлесін арттыруды талап етеді, өйткені «халық өзінің этностық жетістігін сақтауы керек, тек осы жағдайда ол халықтың ортақ қазынасына қайталанбас өзіндік ерекшелігін қосады, онсыз әлемдік ерекшелік сақталмайды. Анда да емес, мында да емес «барлығындай болу» интернационалдық міндеті», оған этностық міндетті қосыңыз.

Өткен мәдени мұраға деген көзқарас сипаты қазіргі қазақ қоғамының құзіреттігінің әлеуметтік-саяси деңгейін көрсетеді. Тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау және зерделеудің астарында адамгершілік құндылықтар мен гуманизм жасырын жатқаны белгілі. Демек, кез-келген этнос мәдени мұраларынан қалыс қалған жағдайда ол тарих сахнасынан кетеді, немесе бір кездегі өзіне тиесілі байлықтарын шашылған тарыдай жинайтын болады.

Қазақстанның демократиялану мен модернизациялану үрдістері жағдайында қоғамның зияттануының жалпы тенденциясы мәдениет пен білім беруді дамытуға бағытталуы, жалпы адамның кәсіби дамуының заңды қажеттігін көрсетеді.

Сонымен, қорыта келгенде жаңа заманның талап-тілегіне қарай ұмтылмайынша, қай жұрттың да көсегесі көгермейді. Осынау өмір ағынынан қалып қоймау үшін қазір көптеген елдер өзіндік дәстүрін уақыт талабына сай дамыта отырып, оларды жаңғыртуға тырысуда.

Қазақстаннан тысқары елдерде өмір сүріп жатқан қазақтар қашан да өздерінің ұлттық болмысын сақтауға баса назар аударады. Олар өздерінің ұлттық тіл, дін, ділдерін (менталитет) жақсы сақтаумен қатар, дәстүрлі тұрмыс-салты мен қолөнер кәсіптерін де айтарлықтай жалғастырып, дамытып отырады. Сондай-ақ өздері тұрған елдің заманауи білім-ғылымы мен сауда-индустрия саласының менеджменттік өнерін де игерген. Әсіресе, этникалық қазақтар шоғырлы қоныстанған Моңғолия мен Қытай қазақтарында ұлттық дәстүрлі мәдениет айтарлықтай жақсы сақталған және дамыған. Осындай мәдени ортадан Отанға оралған қандастарымыз Қазақстан қоғамына тың күш, жаңа мәдени леп әкелді.

Оралмандармен бірге елге жетіп жатқан мәдени бұлақтар отандық ұлы мәдениет айдынын толықтырып, толқындатып, деңгейін өсіре түсуде. Атап айтар болсақ: қазақтың таза тілі мен бағалы әдеби шығармалары, дәстүрлі діні мен тұрмыс-салты, ұлттық рух пен мінез-құлқы, ұлттық қолөнердің әртүрлі үлгілері мен ұлтымыздың ұмыт боп бара жатқан ән мен әуен билері осы оралмандар арқылы соңғы жиырма жылда отандық мәдениетке қосылды.

Қазақ мәдениеті қайда сақталсын, қайда жаратылсын, бәрі де ұлттық мәдениетіміздің құрамдас бөлігі болғандықтан, олардың тоғысуы тек қана ұлттық мәдениетімізді толықтыра, дамыта түседі. Керісінше, жат елдің тозық мәдениеттерінің елімізге сіңіп кіруі ұлттық мәдениетімізді әлсіретеді, халқымыздың берекесін кетіреді. Сондықтан шетел мәдениетін қабылдауда аса үлкен талғампаздық қажет бізге.

Біз бұл арада оралмандар арқылы Отанға қосылған мәдениеттердің жалпы ұлттық мәдениетімізді дамытуға белсенді әсер еткен мысалдарын ғана атап айтқымыз келеді. Әдебиет арнасын айтар болсақ, соңғы жылдары шетелдердегі қандас қаламгерлердің түрлі көркем шығармалары отандық басылымдардан көптеп жарық көруде. Солардың ішінде ұлы ақын Таңжарық Жолдыұлының екі томдық «Шығармалары» мен жазушы Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романының отандық баспадан басылып шығуымен отандық көркем әдебиетте «түрме мәдениеті» деген ұғым қалыптасты.

Ал ән өнерінде Майра Мұхамедқызы Қазақстанның ән өнерін әлемдік деңгейден көрсетуі (П.И.Чайковский атындағы халықаралық конкурста ІІІ орынды жеңіп алуы; Францияның «Гранд опера» ұлттық театрында келісімшарт бойынша ән шырқауы (2003-2010 ж.ж.) - отандық ән өнерінің жаңа белеске көтерілгендігінің көрінісі болды.

Би өнері саласында Шұғыла Сапарғалиқызы билеген заманауи би өнері жастардың биге деген үлкен қызығушылығын тудырып, қазақстандық би өнерінің дамуында белсенді рөл атқарды. Ал ұлттық дәстүрлі би өнерінің жауһары болып саналатын «Қара жорға» биі Жәмали Диханұлы және басқалардың ел аралап үгіттеуінің нәтижесінде «Қара жорғадан» төгілетін ұлттық рух әсем гимнастикалық бимен ұштасқандықтан, үлкен-кішінің бәріне бірдей әмбебаптық ұлттық.

Спорт саласында Мұстафа Өзтүріктің арқасында Шығыстың таэквондо спорт өнері елімізде мықты бір мектеп болып қалыптасты; Жәмали Диханұлы Шығыстың гунфу өнерін елімізде жалғастыруда. Ал Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Исламұлы отандық бокс спортының деңгейін биіктен көрсетіп келеді.

Міне, бұл фактілерден Отанға оралған қандастарымыздың отандық мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосып отырғандығын көруге болады. Бұның өзі Елбасының оралмандар саясатының дұрыстығын және нәтижелі екендігін айғақтайды. Бұл нақты мысалдар бүгінде қоғамда қалыптаса бастаған «сұрау сұрағаннан басқа осы оралмандар не берді?» деген сауалға тұщымды жауап деп санаймыз. Қазақстан үшін ең басты байлықтың бірі - ол тап-таза қазақ тілін, қазақи салт дәстүрін ұмытпаған қандастармыздың елге келіп қосылуы. Ал олар өз кезегінде елдің индустриялық-инновациялық дамуына да өзіндік деңгейде қомақты үлес қосуда.

Сандық әдіспен жүргізіген сауалнама қорытындысымен сапалы әдіс негізіндегі тереңдетілген сұхбатты ұштастыруды жөн көрдік. Атамекенге орлаған қандастармен сұхбат барысында тарихи жергілікті қазақтардың ата-баба дәстүрінен алшақтап кеткендеріне, ана тіліне немқұрайлы қарауы жайлы пікірлерін қынжыла білдіреді «Тарихи атамекеніне оралған қандастардың Қазақстан қоғамындағы білім және рухани-мәдени өмір саласында жергілікті ағайындармен сәйкестіліктерің дамыту үшін, оралған ағайындардың отанында тезірек бейімделіп, қабылдануы үшін қандай іс шараларға көңіл бөлу қажет?» деген сауал сарапшыларға қойылған болатын. Жауаптарды талдай отырып қорытынды түрінде өзіндік тұжырымды ұсынамыз.

Тәрбие, білім беру және ғылым саласында Қазақстан Республикасының бұл саладағы басты міндеті – оның тәуелсіздігі мен егемендігін, саяси және экономикалық дамуының тірегі болатын, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мұраттарды бойына сіңірген патриоттық рухтағы білімді жаңа ұрпақ тәрбиелеу, ғылымды жан-жақты дамыту.

Ол үшін:



  • ұлттық тарихты, зердені, рух пен мәдениетті терең насихаттайтын әр деңгейдегі, сан алуан технологиядағы жаңа буын оқулықтарын дайындау;

  • жоғары оқу орындарында оқытылатын гуманитарлық және техникалық мамандықтарға арналған мемлекеттік тілдегі оқу құралдары мен оқулықтардың сапасын арттыру;

  • арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы жасөспірімдер үшін қазақ және басқа тілдерде ұлттық ауыз әдебиетінің үздік үлгілерін, бай эпикалық мұрасын кеңінен насихаттайтын кітаптар, мультфильмдер, дискілер шығару;

  • білім беру жүйесі жас азаматтардың қазақ тарихы мен мәдениетіне, мемлекеттік тіліне деген құрметін арттыруға, Қазақстан Республикасына, оның мемлекеттік рәміздеріне, құндылықтарына деген сүйіспеншілік сезімдер мен отансүйгіштік қасиеттерді өсіруге бағыттау;

  • балабақшадан жоғары оқу орнына дейінгі мемлекеттік тілді үйретудің үздіксіз жүйелері мен бағдарламаларын дайындап, оларды батыл түрде енгізу;

  • мемлекеттік балабақшалардағы тәрбие жұмыстарын мемлекеттік тілде жүргізу;

  • қазақтілді интернеттің дамуына мемлекеттік көмек көрсету, жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін ұлттық тарих пен мәдениетті дамыту үшін кеңінен қолдану;

  • мемлекеттік тілдегі мерзімдік басылымдардың бәсекелестік қабілетін қалыптастыру үшін олардың кейбіреулеріне оқырмандарды күштеп жаздыру тәжірибесін тоқтату керек.

  • мемлекеттік тілді меңгеру еліміздің әрбір азаматының міндеті болып табылады, қазақ елінің азаматтығын алуда сол адамның мемлекеттік тілді меңгеруі басты талап болып саналады;

  • қазақ жерінде жұмыс істеп жатқан, шетелдік компаниялардан өз аудармашыларының мемлекеттік тілді меңгеріп, үкіметтік органдарымен, жергілікті кәсіпорындармен және басқа да ұйымдармен мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауы талап етіледі.

  • мемлекеттік қызметкерлердің барлығы мемлекеттік тілді белгіленген дәрежеде білетін болуы шарт;

  • республикада мемлекеттік тілді үйретудің бірізді-сатылы бағдарламасын балабақша-мектеп-орта арнаулы оқу орны-жоғары оқу орны-мемлекеттік қызмет жүйесі бойынша дайындап, міндетті мемлекеттік бағдарлама ретінде бекіту.

  • 2011 жылы мемлекеттік “Қазақфильм” компаниясының ішінен ұлттық дубляж орталығы қайта қалпына келтіріліп, оған әлемдік деңгейдегі рухани, ғылыми, мәдени маңызы бар кинофильмдер мен деректі фильмдерді, балалар мен жасөспірімдерге арналған мультфильмдерді қазақ тіліне жоғары сапамен аудару міндеті жүктелуі керек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет