Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты баланың құқықтары туралы Конвенцияның факультативтiк Хаттамасы



Дата17.07.2016
өлшемі269.6 Kb.
#205433
Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты баланың құқықтары туралы Конвенцияның факультативтiк Хаттамасы

 

(Нью-Йорк қ. 2000 жылғы 6 қыркүйек)



ҚР 2001 жылғы 4 шілде № 219-II Заңымен бекітілді
Осы Хаттаманың қатысушы мемлекеттерi, Баланың құқықтары туралы конвенцияның мақсаттарына қол жеткiзуге және оның ережелерiнiң, әсiресе 1, 11, 21, 32, 33, 34, 35 және 36-баптарының жүзеге асырылуына жәрдемдесу үшiн қатысушы мемлекеттер балаларды саудалау iс-әрекетiнен, балалар зинақорлығынан және балалар порнографиясынан баланы қорғаудың кепiлдiктерiн қамтамасыз ету мақсатында қабылдауға тиiстi шараларға неғұрлым кең сипат берудiң ұтымды болатындығын есептей отырып, сондай-ақ, баланы экономикалық эксплуатациядан және оның денсаулығына қауiп төндiруi немесе бiлiм алуына кедергi келтiруi немесе оның денсаулығына, денесi мен ақыл-ойы, рухани, моральдiк және әлеуметтiк дамуына нұқсан келтiруi мүмкiн кез келген жұмыс атқарудан қорғау құқығы Баланың құқықтары туралы конвенцияда танылғандығын есептей отырып, балаларды саудалау, балалар зинақорлығы және балалар порнографиясы мақсатындағы балаларды халықаралық контрабандалық тасымалдаудың зор деңгейдегi және өсе түсiп отырған көлемiне айрықша алаңдаушылық бiлдiре отырып, балаларды саудалауды, балалар зинақорлығын және балалар порнографиясын тiкелей ынталандыратындықтан балалар үшiн ерекше қауiптi болып саналатын, кең таралған және қолданылуының жалғасы бар секс-туризмнiң практикасына терең алаңдаушылық бiлдiре отырып, қыз балаларды қосқанда, балалар топтары бiрқатарының сексуалдық пайдаланудың тәуекелдiгiне неғұрлым зор деңгейде душар етiлетiндiгiн және сексуалдық мақсатта пайдаланудағы балалардың арасында қыз балалардың үлесi мөлшерден тыс зор болғандығын тани отырып, Интернеттегi және дами түсiп отырған басқа технологиялардың шеңберiндегi балалар порнографиясының өсе түсiп отырған қол жеткiзiлiмдiгiне алаңдаушылық бiлдiре отырып және Интернеттегi балалар порнографиясына қарсы күрес жөнiндегi Халықаралық конференцияға (Вена, 1999 жыл), және, атап айтқанда, оның балалар порнографиясы мен оны жарнамалаудың өндiрiсiн, таратылуын, экспортын, берiлуiн, импортын, қасақана сақталуын криминализациялауға бүкiл әлемдi шақыратын және үкiметтер мен Интернет индустриясының арасындағы ынтымақтастық пен әрiптестiктi анағұрлым тығыз етудiң зор маңыздылығын атап көрсететiн оның шешiмiне сiлтеме жасай отырып, жеткiлiксiз даму деңгейiн, экономикалық диспропорцияларды, теңсiздiк сипатындағы әлеуметтiк-экономикалық құрылымды, ыңғайсыз отбасыларының болуын, төменгi бiлiм деңгейiн, қалалар мен ауылдық аймақтардың арасындағы көшi-қонды, жыныстық сипатқа қатысты кемсiтудi, жасы үлкендердiң жауапсыз сексуалдық мiнез-құлқын, нұқсан келтiретiн дәстүрлердi, қарулы жанжалдарды және балаларды контрабандалық тасымалдауды қосқанда, балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына жол беретiн барлық факторларды ескеретiн әмбебапты көзқарасты қабылдаудың оларды жоюға жәрдемдесетiнiн есептей отырып, тұтынушылардың балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына арналған сұранысын азайту үшiн, қоғамды хабардар ету деңгейiн арттыруға бағытталған күш-жiгер жұмсаудың қажет екендiгiн есептей отырып, сондай-ақ барлық қатысушылардың арасындағы кең ауқымды әрiптестiк қатынастарды нығайтудың және құқық қолдану шараларын ұлттық деңгейде күшейтудiң зор маңыздылығына сене отырып, Балаларды қорғау және мемлекетаралық сипаттағы асырап алу саласындағы ынтымақтастық туралы Гаага конвенциясын, Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектiлерi туралы Гаага конвенциясын, Ата-аналардың жауапкершiлігi мәселелерiндегi юрисдикция, қолданылатын құқық, тану, құқық қолдану мен ынтымақтастық және балаларды қорғау шаралары туралы Гаага конвенциясын, сондай-ақ Бала еңбегiне тыйым салу және оның ең ауыр нысандарын жоюға арналған дереу шаралары туралы Халықаралық еңбек ұйымының № 182 конвенциясын қоса алғанда, балаларды қорғау саласындағы халықаралық-құқықтық құжаттардың ережелерiн назарға ала отырып, Баланың құқықтарын ынталандыру және қорғау iсiнiң кеңiнен қуатталуын көрсететiн Баланың құқықтары туралы конвенцияға барлық жерлерде қолдау көрсетiлуiн жiгерге ала отырып, Балаларды саудалауды, балалар зинақорлығын және балалар порнографиясын ескерту жөнiндегi iс-қимылдар бағдарламасының және 1996 жылғы 27-31 тамызда өткен Балаларды коммерциялық мақсаттарда сексуалдық пайдалануға қарсы дүниежүзiлiк конгресiнде қабылданған Декларацияның және Iс-қимылдар жоспарының, сондай-ақ тиiстi халықаралық органдардың осы мәселе төңiрегiндегi басқа да шешiмдерi мен ұсыныстарының ережелерiн жүзеге асырудың зор маңыздылығын тани отырып, Баланы қорғау және оның үйлесiмдi дамуы үшiн әр халықтың дәстүрi мен мәдени құндылықтарының зор маңыздылығын тиiстi түрде ескере отырып,  төмендегiлер туралы уағдаласты:
1-бап
Қатысушы мемлекеттер осы Хаттамада көзделгенiндей, Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына тыйым салады.
2-бап
Осы Хаттаманың мақсаттары үшiн:
а) балаларды саудалау баланың сыйақы үшiн немесе кез келген басқаша өтем жасаған үшiн кез келген тұлғамен немесе тұлғалар тобымен басқа тұлғаға немесе тұлғалардың тобына берiлуiн көздейтiн кез келген келiсiмдi немесе мәміленi бiлдiредi;
б) балалар зинақорлығы сыйақы үшiн немесе кез келген басқаша өтем жасаған үшiн баланы сексуалдық сипаттағы iс-әрекетте пайдалануды білдiредi;
с) балалар порнографиясы iс жүзiнде немесе жасанды жасалғанына қарамастан айқын көрiнетiн сексуалдық iс-қимылдар жасап жатқан баланың қайсыбiр әдiспен жасалған кез келген көрiнiсiн немесе баланың жыныстық дене мүшелерiнiң, негiзiнен сексуалдық мақсаттағы кез келген көрiнiсiн бiлдiредi.
3-бап
1. Әрбiр қатысушы мемлекет кемiнде мынадай әрекеттер мен iс-әрекеттердiң түрлерiн неғұрлым толық мөлшерде, осы қылмыстардың ұлттық немесе трансұлттық деңгейде не жеке немесе ұйымдасқан тәртiпте жасалғандығына қарамастан, өзiнiң криминалдық немесе қылмыстық құқығына жатқызуды қамтамасыз етедi:
а) 2-бапта анықталатын, балаларды саудалау мағынасында:
i) төмендегi мақсаттарда баланы қайсыбiр әдiстi қолдану арқылы ұсыну, беру немесе алу:
а. баланы сексуалдық пайдалану;
b. баланың дене мүшелерiн сыйақы үшiн беру;
с. баланы ерiксiз жұмыстарда пайдалану.
ii) асырап алуға қатысты қолданылатын халықаралық құқық актiлерiне қайшылық келтiре отырып, делдалдық негiзде баланы асырап алуға негiздемесiз тарту;
b) 2-бапта анықталатын, балалар зинақорлығы мақсатында баланы ұсыну, беру немесе алу;
с) 2-бапта анықталатын, жоғарыда аталған мақсаттарда балалар порнографиясының өндiрiсi, таратылуы импорты, экспорты, ұсынылуы, сатылуы немесе сақталуы.
2. Қатысушы мемлекеттiң ұлттық заңнамасының ережелерi ескерiле отырып, осы тақылеттес ережелер осындай әрекеттердiң кез келгенiмен қастандық жасауға қолданылады.
3. Қатысушы мемлекеттiң әрқайсысы осы қылмыстар үшiн, олардың ауырлық деңгейi ескерiле отырып, тиiстi жазалау шараларын көздейдi.
4. Қатысушы мемлекеттiң әрқайсысы, өзiнің ұлттық заңдарының ережелерiн ескере отырып, тиiстi жағдайларда, осы баптың 1-тармағында көзделген қылмыстарға қатысты заңды тұлғалардың жауапкершiлiгiн белгiлеу үшiн шаралар қабылдайды. Қатысушы мемлекеттiң құқықтық принциптерi ескерiле отырып, заңды тұлғалардың осындай жауапкершiлiгi қылмыстық, азаматтық немесе әкiмшiлiк сипатта болуы мүмкiн.
5. Қатысушы мемлекеттер, баланы асырап алуға қатысты барлық тұлғалар қолданылымды халықаралық құқықтық актiлердiң ережелерiне сәйкес iс-қимыл жасауы үшiн барлық тиiстi құқықтық және әкiмшiлiк шараларды қолданады.
4-бап
1. Әрбiр қатысушы мемлекет 3-баптың 1-тармағында көрсетiлген қылмыстарға қатысты өзiнiң юрисдикциясын белгiлеу үшiн, ондай қылмыстар оның аумағында немесе осы мемлекетте тiркелген теңiз немесе әуе кемесiнiң бортында жасалған кезде, қажеттi болып табылуы мүмкiн шаралар қабылдайды.
2. Әрбір қатысушы мемлекет 3-баптың 1-тармағында көрсетiлген қылмыстарға қатысты өзiнiң юрисдикциясын белгілеу үшiн қажеттi болып табылуы мүмкiн осындай шараларды мынадай жағдайларда қабылдай алады:
а) болжамдалған қылмыскер осы мемлекеттiң азаматы болып табылса немесе кәдiмгi тұрғылықты жерi осы мемлекеттiң аумағында болса;
b) зардап шеккен адам осы мемлекеттiң азаматы болып табылса.
3. Әрбiр қатысушы мемлекет жоғарыда аталған қылмыстарға қатысты өзiнiң юрисдикциясын орнату үшiн қажеттi болып табылуы мүмкiн шараларды келесi жағдайларда да қабылдай алады: болжамды қылмыскер оның аумағында болған кезде және өз азаматының қылмысқа қатысы бар деген себеппен, оны басқа қатысушы мемлекетке бермеген жағдайда.
4. Осы Хаттама бойынша мемлекетiшiлiк құқыққа сәйкес жүзеге асатын кез келген қылмыстық юрисдикцияға жол берiлуi мүмкiн.
5-бап
1. 3-баптың 1-тармағында көрсетiлген қылмыстар, тапсыруды қажет ететiн қылмыстар ретiнде қатысушы мемлекеттердiң арасындағы тапсыру туралы кез келген шартқа енгiзуге жатады деп саналады, сондай-ақ кейiнгi уақыттағы олардың арасында қол қойылатын тапсыру туралы кез келген шартқа, сондай шарттарда белгiленген ережелерге сәйкес, тапсыруды қажет ететiн қылмыстар ретiнде енгiзiледi.
2. Тапсыру үшiн шарттың болуын талап ететiн қатысушы мемлекетке тапсыру туралы шарттас басқа қатысушы мемлекеттен тапсыру туралы өтiнiш түскен жағдайда, ол осы Хаттаманы осындай қылмыстарға қатысты тапсыру үшiн құқықтық негiз ретiнде қолданылуы мүмкiн. Тапсыру ол туралы өтiнiштi алған мемлекеттiң заңдарында көзделген шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Өздерiнiң арасындағы қатынастарда, тапсыру үшiн шарттың болуын талап етпейтiн қатысушы мемлекеттер осындай қылмыстарды, тапсыру туралы өтiнiштi алған мемлекеттiң заңдарында көзделген шарттарға сәйкес, тапсыруды қажет ететiн қылмыстар ретiнде қарастырады.
4. Осындай қылмыстар, қатысушы мемлекеттердiң арасындағы тапсырудың мақсаттары үшiн, жасалған жерде жасалды деп қарастырумен ғана шектелмей, 4-бапқа сәйкес өзiнiң юрисдикциясын орнатуға мiндеттi мемлекеттiң аумағында да жасалды деп саналады.
5. Тапсыру туралы өтiнiш 3-баптың 1-тармағында көрсетiлген қылмыстардың бiрiне қатысты түскен жағдайда, және егер, ондай өтiнiштi алған қатысушы мемлекет қылмыскердiң азаматтығына сiлтеме жасай отырып қылмыскердi тапсырмаса немесе тапсыратын болмаса, осы мемлекет қылмыстық iстi қозғау мақсатында өзiнiң құзыреттi органдарына iстi беру үшiн тиiстi шаралар қабылдайды.
6-бап
1. Қатысушы мемлекеттер, төмендегi процессуалдық iс-қимылдарды жүргiзуге қажеттi, қол жеткiзген дәлелдемелердi алуда жәрдем көрсетудi қоса алғанда, 3-баптың 1-тармағында көрсетiлген қылмыстарға қатысты басталған тергеулерге, қылмыстық қудалауға немесе тапсырудың рәсiмдерiне байланысты бiр-бiрiне мейлiнше көмек көрсетедi.
2. Қатысушы мемлекеттер, өздерiнiң арасында болуы мүмкiн кез келген шарттарды немесе басқа да уағдаластықтарды басшылыққа ала отырып, осы баптың 1-тармағындағы өздерiнiң мiндеттемелерiн орындайды. Ондай шарттар немесе уағдаластықтар болмаған жағдайда, қатысушы мемлекеттер бiр-бiрiне өздерiнiң мемлекетішілiк құқығына сәйкес көмек көрсетедi.
7-бап
Қатысушы мемлекеттер, өздерiнiң ұлттық заңдарының ережелерiне сәйкес:
а) төмендегiлердi өндiрiп алуды және тәркiлеудi қамтамасыз ететiн шараларды тиесiлi жағдайларда қабылдайды:
i) материалдар, құралдар және басқа да жабдықтар сияқты, осы Хаттамада көзделген қылмыстардың жасалуына немесе жасауға жәрдемдесу үшiн қолданылатын мүлiк;
ii) осындай қылмыстарды жасау арқылы қол жеткiзген табыстар.
b) басқа қатысушы мемлекеттiң (а) (i) тармақшасында көрсетiлген мүлiгiн немесе кiрiстерiн өндiріп алуды немесе тәркілеу туралы өтiнiшiн орындайды;
с) осындай қылмыстарды жасау үшiн пайдаланылатын үй-жайларды уақытша немесе тұрақты жабуға бағытталған шараларды қабылдайды.
8-бап
1. Қатысушы мемлекеттер сотта қылмыстық iстi жүргiзудiң барлық кезеңдерiнде осы Хаттама бойынша тыйым салынатын iс-әрекетке ұшыраған балалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн тиiстi шаралар қабылдайды, атап айтқанда, төмендегілер арқылы:
а) құрбан болған балалардың қорғансыздығын тану және олардың ерекше мұқтаждықтарын тану үшiн рәсімдерді адаптациялау, атап айтқанда олардың куәгер болу ретiндегi ерекше мұқтаждықтарын тану;
b) құрбан болған балаларды олардың құқықтары, рөлi мен оларға күтiм жасау, оларға қатысты iстер бойынша сотта iс жүргiзудiң мерзiмдерi мен барысы және ол туралы шешiм жөнiнде хабардар ету;
с) құрбан болған балалардың пiкiрлерiн, мұқтаждықтары мен проблемаларын, олардың жеке мүдделерiне ықпал етiлген жағдайларда, ұлттық заңнаманың процессуалдық нормаларына сәйкес сотта iс жүргiзу барысында қорғалуын және қарастыруды қамтамасыз ету;
d) құрбан болған балаларға сотта iс жүргiзудiң барлық кезеңдерiнде тиiстi қолдау көрсету үшiн қызметтер көрсету;
е) құрбан болған балалардың жеке өмiрi мен жеке басын тиiстi жағдайларда қорғау және құрбан болған балалардың жеке басын анықтауға мүмкiндiк беретiн ақпараттың ыңғайсыз таралуын болдырмау мақсатында, ұлттық заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау;
f) қорқыту және кек алу әрекеттерiнен құрбан болған балаларды тиiстi жағдайларда қорғауды, сондай-ақ олардың отбасыларын және олардың атынан сөйлейтiн куәгерлердi қорғауды қамтамасыз ету;
g) құрбан болған балаларға өтемақы төлеу туралы iстер жөнiнде шешiм қабылдауда, өкiмдер мен қаулыларды орындауда әсiре кiдiртудi болдырмау.
2. Қатысушы мемлекеттер құрбан болғанның нақты жасы жөнiнде күдiк туындаған жағдайдың, құрбанның жасын анықтау мақсатында тергеу жүргiзудi қоса алғанда, қылмыстық iс қозғауға кедергi жасамауын қамтамасыз етедi.
3. Қатысушы мемлекеттер қылмыстық сот iсiн жүргiзу кезiнде осы Хаттамада көзделген қылмыстардың құрбандары болып табылатын балаларды iске қатыстыруда, бала мүдделерiнiң ең ұтымды сақталуына бiрiншi кезекте назар аударуды қамтамасыз етедi.
4. Қатысушы мемлекеттер осы Хаттамаға сәйкес тыйым салынған қылмыстық әрекеттердің құрбандары болып табылатын балалармен жұмыс iстейтiн тұлғалардың тиiстi дайындықтан өтуiн, атап айтқанда құқықтық және психологиялық дайындықтан өтуiн, қамтамасыз ету үшiн шаралар қабылдайды.
5. Қатысушы мемлекеттер ескерту қызметiмен және/немесе осындай қылмыстардың құрбандарын қорғаумен және оңалтумен айналысатын тұлғалардың және/немесе ұйымдардың қауiпсiздiгiн және қол сұғылмауын қамтамасыз ету үшiн тиiстi жағдайларда шаралар қабылдайды.
6. Осы баптағы ешнәрсе де айыпталушының әдiл және екi жаққа да бiрдей сот қарауына қол жеткiзу құқығына нұқсан келтiретiндей немесе қайшы келетiндей түсiндiрiлмейтiн болады.
9-бап
1. Қатысушы мемлекеттер осы Хаттамада көзделген қылмыстардың алдын алу мақсатында заңдарды, әкiмшiлiк шараларды, әлеуметтiк стратегиялар мен бағдарламаларды қабылдайды немесе нығайтады, қолданады және насихаттайды. Осындай iс-тәжiрибеге қатысты әсiре қорғансыз балаларды қорғауға ерекше назар аударылады.
2. Қатысушы мемлекеттер осы Хаттамада көзделген қылмыстарға қатысты алдын алу шаралары және олардың нұқсан келтiретiн салдары жөнiнде барлық тиiстi құралдарды, ағартуды және оқытуды пайдаланумен хабарлау арқылы, балаларды қоса алғанда, қоғамның кең шеңберiнiң хабардар болуын арттыруға жәрдемдеседi. Осы бап бойынша өздерiнiң мiндеттемелерiн орындау кезiнде қатысушы мемлекеттер қоғамның, атап айтқанда балалардың және құрбан болған балалардың, халықаралық деңгейдегiлердi қоса алғанда, осындай ақпараттық-ағарту және оқыту бағдарламаларына қатысуын ынталандырады.
3. Қатысушы мемлекеттер осындай қылмыстардың құрбандарына, олардың толыққанды әлеуметтiк реинтеграциялануын және олардың толыққанды дене және психологиялық тұрғыдан оңалуын қоса алғанда, кез келген тиiстi көмек көрсетудi қамтамасыз ету мақсатында барлық ықтимал шараларды қабылдайды.
4. Қатысушы мемлекеттер осы Хаттамада көзделген қылмыстардың құрбандары болған барлық балалардың нұқсан келтiрiлген үшiн заңды жауапкершiлiк жүктелген тұлғалардан қайсыбiр қысымшылық жасаусыз өтемақы алудың тиiстi рәсiмдерiне қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi.
5. Қатысушы мемлекеттер осы Хаттамада көзделген қылмыстарды насихаттайтын материалдарды өндiруге және таратуға iс жүзiнде тыйым салуды қамтамасыз етуге бағытталған тиiстi шараларды қабылдайды.
10-бап
1. Қатысушы мемлекеттер ескерту, табу, тергеу, қылмыстық қудалау және балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына, балалар порнографиясына және балалардың секс-туризмiне қатысты әрекеттердi жасаған үшiн кiнәлi тұлғаларды жазаға тарту мақсатында көп жақты, аймақтық және екi жақты уағдаластықтарға қол жеткiзу арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жөнiнде барлық тиiстi шаралар қабылдайды. Қатысушы мемлекеттер сонымен қатар өздерiнiң органдарының арасындағы, ұлттық және халықаралық мемлекеттiк емес ұйымдардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың арасындағы халықаралық ынтымақтастыққа және координацияға жәрдемдеседi.
2. Қатысушы мемлекеттер сонымен қатар құрбан балаларға, олардың дене мен психологиялық тұрғыдан оңалуы, әлеуметтiк реинтеграциялануы және отанына оралуы жөнiнде көмек көрсетуге бағытталған халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдеседi.
3. Қатысушы мемлекеттер қайыршылық пен жеткiлiксiз даму сияқты, балаларды саудалаудың, балалар зинақорлығының, балалар порнографиясының және балалар секс-туризмiнiң объектiсi ретiнде балалардың қорғансыздығын арттыратын негiзгi себептердi жою мақсатында халықаралық ынтымақтастықтың нығаюына жәрдемдеседi.
4. Ол үшiн тиiстi мүмкiндерге ие қатысушы мемлекеттер қазiргi көп жақты, аймақтық, екi жақты немесе басқа да бағдарламалардың шеңберiнде қаржылық, техникалық немесе көмектiң басқа да түрлерiн көрсетедi.
11-бап
1. Осы Хаттамадағы ешнәрсе де төмендегiлерде болуы мүмкiн және
баланың құқықтарын жүзеге асыруға анағұрлым жоғары деңгейде мүмкiндiк беретiн ешқандай ережелерге ықпал етпейдi:
а) қатысушы мемлекеттiң заңдарында;
b) осы мемлекет үшiн қолданылатын халықаралық құқық нормаларында.
12-бап
1. Әрбiр қатысушы мемлекет осы Хаттама ол үшiн күшiне енгеннен кейiнгi екi жыл бойы Баланың құқықтары жөнiндегi комитетке осы Хаттаманың ережелерiн жүзеге асыру мақсатында қабылдаған шаралары туралы жан-жақты ақпаратпен қамтылған баяндама ұсынады.
2. Жан-жақты баяндама ұсынылғаннан кейiн әрбiр қатысушы мемлекет Баланың құқықтары жөнiндегi комитетке Конвенцияның 44-бабына сәйкес ұсынатын баяндамаларға Хаттаманы жүзеге асыруға байланысты кез келген қосымша ақпаратты қосады. Хаттамаға қатысушы басқа мемлекеттер баяндаманы әр бес жыл сайын ұсынады.
3. Баланың құқықтары жөнiндегi комитет қатысушы мемлекеттерден осы Хаттаманы жүзеге асыруға байланысты қосымша ақпаратқа сұрау салуы мүмкiн.
13-бап
1. Осы Хаттама Конвенцияның қатысушысы болып табылатын немесе оған қол қойған кез келген мемлекеттiң қол қоюы үшiн ашық.
2. Осы Хаттама бекiтiлуге жатады және Конвенцияның қатысушысы болып табылатын немесе оған қол қойған кез келген мемлекеттiң қосылуы үшiн ашық. Бекiту грамоталары немесе қосылу туралы құжаттар Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
14-бап
1. Осы Хаттама оныншы бекiту грамотасын немесе қосылу туралы құжатты сақтауға тапсырғаннан кейiн үш ай өткен соң күшiне енедi.
2. Осы Хаттаманы бекiтетiн немесе ол күшiне енгеннен кейiн оған қосылатын әрбiр мемлекет үшiн осы Хаттама оның бекiту грамотасы немесе қосылу туралы құжаты сақтауға тапсырылғаннан кейiн бiр ай еткен соң күшiне енедi.
15-бап
1. Кез келген қатысушы мемлекет Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жазбаша хабарлау арқылы кез келген уақытта осы Хаттаманың күшiн жоя алады, Бас хатшы кейiн ол туралы Конвенцияның басқа да қатысушы мемлекеттерiне және Конвенцияға қол қойған барлық мемлекеттерге хабарлайды. Бас хатшы хабарламаны алған күннен кейiн бiр жыл өткен соң күшiн жою iс жүзiне асады.
2. Мұндай күшiн жою күшiн жоюдың iс жүзiне асқан күнiне дейiн болған кез келген iс-әрекетке қатысты қатысушы мемлекеттi осы Хаттамада көзделген оның мiндеттемелерiнен босатпайды. Сол сияқты мұндай күшiн жою күшiн жоюдың iс жүзiне асқан күнiне дейiн Комитеттiң қарауына келiп түскен кез келген мәселенi одан әрi қарауға қандай да болсын кедергi келтiрмейдi.
16-бап
1. Кез келген қатысушы мемлекет түзету ұсынып, оны Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына ұсына алады. Бас хатшы қатысушы мемлекеттiң осындай ұсыныстарын қарау және олар бойынша дауыс берудi өткiзу мақсатында қатысушы мемлекеттерден конференция шақыруды жақтайтындығын көрсетудi сұрап, оларға ұсынылған түзетудi жолдайды. Егер осындай хабарландыру күнiнен бастап төрт айдың ішінде қатысушы мемлекеттердің ең болмағанда үштен бірі осындай конференцияны жақтаса, Бас хатшы Біріккен Ұлттар Ұйымының демеушілік етуімен осы конференцияны шақырады. Осы конференцияға қатысқан және дауыс беруге атсалысқан қатысушы мемлекеттердің көпшілігі қабылдаған кез келген түзету Бас Ассамблеяға бекітілуге ұсынылады.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған түзету оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткеннен кейін және оны қатысушы мемлекеттердің үштен екісі болатын көпшілігі қабылдағаннан кейін күшіне енеді.
3. Түзету күшіне енген кезде оны қабылдаған қатысушы мемлекеттер үшін міндетті сипаты болады, ал басқа қатысушы мемлекеттер үшін осы Хаттама ережелерінің және олар қабылдаған кез келген бұрынғы түзетулердің міндетті сипаты болады.
17-бап
1. Ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз мәтіндері түпнұсқамен бірдей болып табылатын осы Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының мұрағатында сақтау үшін тапсыруға жатады.
2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Хаттаманың куәландырылған көшірмелерін Конвенцияға қатысушы барлық мемлекеттерге және Конвенцияға қол қойған барлық мемлекеттерге жолдайды.



Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқ қарсы конвенциясын толықтыратын Адамдарды,  әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттама

(Бас Ассамблеяның 2000 жылғы 15 қарашадағы 55/25 қарарымен қабылданды)

Кіріспе
Осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі тиімді шараларды қабылдау үшін олар шыққан, транзиттелетін және баратын елдерде мұндай сатудың алдын алуға, онымен айналысатын адамдарды жазалауға және мұндай сатудың құрбандарын қорғауға, оның ішінде олардың халықаралық танылған адамдық құқықтарын қорғауға бағытталған шараларды қоса алғандағы бәрін қамти алатын халықаралық тәсілдің қажет екендігін мәлімдей отырып, адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды пайдалануға қарсы күрес жөніндегі нормалары бар және іс жүзіндегі шараларды көздейтін бірқатар халықаралық құжаттардың болуына қарамастан адам сатудың барлық аспектілерін қозғайтын әмбебап құжаттың жоқ екендігін ескере отырып, мұндай құжат болмаса, адамдарды сату тұрғысынан осал болып табылатын адамдар жеткілікті деңгейде қорғалмайтындығына алаңдаушылық білдіре отырып, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы бәрін қамти алатын халықаралық конвенцияны әзірлеу және оны дайындау, атап айтқанда әйелдер мен балаларды сатуға қарсы күрес жөніндегі халықаралық құжатты әзірлеу туралы мәселені талқылау үшін ашық құрамдағы үкіметаралық арнайы комитет құру туралы Ассамблея қаулы еткен Бас Ассамблеяның 1998 жылғы 9 желтоқсандағы 53/111 қарарына сілтеме жасай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау жөніндегі халықаралық құжатпен толықтыру мұндай қылмыстардың алдын алуға және оларға қарсы күресуге ықпал ететіндігіне сенім білдіре отырып, төмендегілер туралы келісті:

I. Жалпы ережелер

1-бап


Біріккен Ұлттар Ұйымының трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясымен байланыс
1. Осы Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтырады. Оған Конвенциямен бірге түсініктеме беріледі.
2. Конвенцияның ережелері осы хаттамаға, егер онда өзгеше көзделмесе, mutatis mutandis қолданылады.
3. Осы Хаттаманың 5-бабына сәйкес осындай деп танылған қылмыстар Конвенцияға сәйкес осындай деп танылған қылмыстар ретінде қарастырылады.
2-бап
Мақсаттары
Мыналар:
а) әйелдер мен балаларға ерекше назар аудара отырып, адамдарды сатуды ескерту және оған қарсы күрес;
b) адам құқықтарын толық құрметтей отырып, осындай сауда құрбандарын қорғау және көмек көрсету;
с) осы мақсаттарға қол жеткізуде Қатысушы мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастықты көтермелеу осы Хаттаманың мақсаттары болып табылады.
3-бап
Терминдер
Осы хаттаманың мақсаттары үшін:
а) «адамдарды сату» пайдалану мақсатында адамдарды арбау, тасымалдау, тапсыру, жасыру немесе күш қолданамын деп қорқыту немесе оны қолдану немесе мәжбүрлеудің, ұрлаудың, алаяқтықтың, алдаудың, билігін асыра пайдаланудың немесе жағдайының осалдығын пайдаланудың басқа нысандары арқылы не басқа адамды бақылайтын адамның келісімін алу үшін төлемдер немесе пайда түрінде параға сатып алу арқылы адамдарды алуды білдіреді. Пайдалануға, кемінде, басқа адамдардың жезөкшелігін пайдаланудың немесе сексуалдық пайдаланудың басқа нысандары, мәжбүрлі еңбек немесе қызметтер көрсету, құлдық не құлдыққа ұқсас салттар, бағынышты жағдайды немесе дене мүшелерін кесіп алу кіреді;
b) осы баптың (а) тармақшасында айтылған адамдарды сату құрбанының жоспарланған пайдалануға келісімін беруі, егер (а) тармақшасында көрсетілген ықпал ету құралдарының қайсы бірі пайдаланылған болса, есептелмейді;
с) баланы пайдалану мақсатында арбау, тасымалдау, тапсыру, жасыру немесе алу осы баптың (а) тармақшасында көрсетілген ықпал ету құралдарының қайсыбірін пайдаланумен байланысты болмаса да «адамдарды сату» деп танылады;
d) «бала» - 18 жасқа толмаған кез келген адам.
4-бап
Қолданылу салалары
Осы Хаттама, егер онда өзгеше көрсетілмеген болса, осы Хаттаманың 5-бабына сәйкес осындай болып танылған қылмыстармен байланысты егер бұл қылмыстар трансұлттық сипатта болса және ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысуымен жасалса, алдын алуға, тергеу жүргізуге және қылмыстық қудалауға қатысты, сондай-ақ мұндай қылмыстардың құрбандарын қорғауға қатысты қолданылады.
5-бап
Криминализация
1. Әрбір Қатысушы мемлекет осы Хаттаманың 3-бабында көрсетілген әрекеттерді, егер олар қасақана жасалған болса, қылмыстық жазаланатын әрекет ретінде тану үшін заңнамалық және қажет болуы мүмкін басқа да шаралар қабылдайды.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет сонымен қатар мынадай әрекеттерді қылмыстық жазаланатын әрекет ретінде тану үшін қажет болуы мүмкін заңнамалық және басқа да шараларды қабылдайды:
а) өз құқықтық жүйесінің негізгі қағидаттарын сақтаған жағдайда - осы баптың 1-тармағына сәйкес осындай болып танылған қандай да бір қылмысты жасауға әрекеттену;
b) осы баптың 1-тармағына сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмысты жасауда сыбайлас ретінде қатысу;
с) осы баптың 1-тармағына сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмысты жасау мақсатында басқа адамдарды ұйымдастыру немесе оларды басқару.

II. Адамдар сатудың құрбандарын қорғау

6-бап
Адамдар сату құрбандарына көмек көрсету және оларды қорғау
1. Әрбір Қатысушы мемлекет тиісті жағдайларда және оның ішкі заңнамасына сәйкес мүмкін болатын көлемде адамдар сатудың құрбандарының жеке өмірін және жеке басын, оның ішінде басқалардың арасында осындай саудаға жататын өндірістің құпия сипатын қамтамасыз ету арқылы қорғауды қамтамасыз етеді.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет оның ішкі құқықтық немесе әкімшілік жүйесі тиісті жағдайларда адамдар сату құрбандарына:
а) тиісті сот және әкімшілік қарау туралы ақпараттарды;
b) қылмыс жасаған адамдарға қатысты қылмыстық өндірістің тиісті кезеңдерінде олардың пікірлері мен қауіптенулерін айтуға және оны қарауға мүмкіндік беретін, қорғану құқықтарына зиян келтірмейтін көмек көрсету мүмкіндіктерін беретін шараларды көздеуін қамтамасыз етеді.
3. Әрбір Қатысушы мемлекет адамдарды сату құрбандарының бой-басын, психологиялық және әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыру мүмкіндігін, оның ішінде тиісті жағдайларда, үкіметтік емес ұйымдармен, басқа тиісті ұйымдармен және азаматтық қоғамның басқа да элементтерімен ынтымақтаса отырып:
а) тиісті пананы;
b) адамдарды сатудың құрбандарына консультативтік көмек беру, әсіресе адам сатудың құрбандарына түсінікті тілде олардың заңды құқықтарына қатысты ақпарат беруді;
с) медициналық, психологиялық және материалдық көмек беруді;
d) жұмысқа орналасу, білім беру және кәсіби даярлық саласында мүмкіндіктер беруді қарастырады.
4. Әрбір Қатысушы мемлекет осы баптың ережелерін қолдану кезінде адамдарды сату құрбандарының жасын, жынысын және ерекше қажеттіліктерін, әсіресе балалардың ерекше қажеттіліктерін, оның ішінде тиісті пана, білім беру және күтім жөніндегі қажеттіліктерін ескереді.
5. Әрбір Қатысушы мемлекет адамдарды сату құрбандарының, осындай құрбандар аумағында болған кезеңде жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысады.
6. Әрбір Қатысушы мемлекет оның ішкі құқықтық жүйесі адамдарды сату құрбандарына келтірілген зиян үшін өтемақы алу мүмкіндігін беретін шараларды көздеуді қамтамасыз етеді.
7-бап
Адамдарды сату құрбандарының қабылдаушы мемлекеттердегі мәртебесі
1. Осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес шаралар қабылдауға қосымша әрбір Қатысушы мемлекет адамдарды сату құрбандарына тиісті жағдайларда оның аумағында уақытша немесе тұрақты негізде қалуға мүмкіндік беретін заңнамалық не басқа тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастырады.
2. Осы баптың 1-тармағындағы ережені жүзеге асыру кезінде әрбір мүше мемлекет адамгершілік түсініктерді ескереді және қайғысына ортақтасады.
8-бап
Адамдарды сату құрбандарының оралуы
1. Адамдарды сатудың құрбаны азаматы болып табылатын немесе қабылдаушы Қатысушы мемлекеттің аумағына кіру сәтінде адам тұрақты тұру құқығы болған Қатысушы мемлекет сол адамның оралуына көмектеседі және осындай адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін тиісті есепке алған жағдайда оны негізсіз және жөнсіз кешіктірмей қабылдайды.
2. Қатысушы мемлекет адамдарды сатудың құрбанын осы адам азаматы болып табылатын немесе қабылдаушы Қатысушы мемлекеттің аумағына кірген кезде тұрақты тұруға құқығы бар Қатысушы мемлекетке қайтарғанда мұндай қайтару сол адамның, сондай-ақ сол адам адамдарды сатудың құрбаны болған жәйтпен байланысты кез келген өндіріс сипатының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері тиісті есепке алу арқылы жүзеге асырылады, мұндай қайту ерікті түрде болғаны жөн.
3. Қабылдаушы Қатысушы мемлекеттің өтініші бойынша сұрау салынатын Қатысушы мемлекет адамдарды сатудың құрбаны болған адам оның азаматы болып табылатынын немесе ол қабылдаушы Қатысушы мемлекеттің аумағына кірген сәтте онда тұрақты тұруға құқығы болған-болмағанын негізсіз немесе жөнсіз кешіктірмей тексереді.
4. Тиісті құжаттары жоқ адамдарды сатудың құрбанының тез оралуына көмек көрсету мақсатында ол азаматы болып табылатын немесе қабылдаушы Қатысушы-мемлекеттің аумағына кіру сәтіне тұрақты тұруға құқығы бар болған, қабылдаушы Қатысушы мемлекеттің өтініші бойынша осы адамның сол аумаққа қайтуы үшін және кіріп/шығуы үшін қажет болатын құжаттар немесе басқа да рұқсат қағаздар беруге келіседі.
5. Осы бап қабылдаушы Қатысушы мемлекеттің кез келген ережесіне сәйкес адамдарды сатудың құрбандарына берілген қандай да бір құқыққа зиян келтірмейді.
6. Осы бап адамдарды сатудың құрбандарының қайту мәселелерін толық немесе ішінара реттейтін қолданылатын екіжақты немесе көпжақты келісімге немесе шартқа зиян келтірмейді.

III. Алдын алу, ынтымақтастық және басқа да шаралар

9-бап
Адамдарды сатудың алдын алу
1. Қатысушы мемлекеттер:
а) адамдарды сатудың алдын алу мен оған қарсы күресті;
b) адамдарды сатудың құрбандарын, әсіресе әйелдер мен балаларды ревиктимизациялаудан қорғау мақсатында кешенді негізде саясат, бағдарламалар және басқа да шараларды әзірлейді және қабылдайды.
2. Қатысушы мемлекеттер зерттеулер, ақпараттық компанияларды, оның ішінде бұқаралық ақпараттар құралдарында өткізу сияқты шаралар қабылдауды, сондай-ақ адамдарды сатудың алдын алуға және оған қарсы күресуге бағытталған әлеуметтік-экономикалық бастамаларды жүзеге асыруға ұмтылады.
3. Осы бапқа сәйкес әзірленетін және қабылданатын саясат, бағдарламалар және басқа да шараларға тиісті жағдайларда үкіметтік емес ұйымдармен, басқа тиісті ұйымдар мен азаматтық қоғам элементтерімен ынтымақтастық кіреді.
4. Қатысушы мемлекеттер адамдарды сату тұрғысынан қарағанда адамдардың, әсіресе әйелдер мен балалардың осалдығының себебі болатын қайыршылық, дамудың төмен деңгейі мен тең мүмкіндіктерінің болмауы сияқты факторлардың әсерін жұмсартуға бағытталған шаралар, оның ішінде екіжақты немесе көпжақты ынтымақтастық арқылы қабылдайды немесе жетілдіреді.
5. Қатысушы мемлекеттер, мысалы білім беру, мәдениет немесе әлеуметтік саладағы заңнамалық немесе басқа да шараларды адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды пайдалануды оның барлық нысандарында тудыратын сұранымға, бұл адамдарды сатуға келтіретіндіктен, қарсы әрекет етуге бағытталған, екіжақты және көпжақты ынтымақтастық арқылы қабылдайды және жетілдіреді.
10-бап
Ақпарат алмасу және кадрлар даярлау1. Қатысушы мемлекеттердің құқық қорғау, көші-қон немесе басқа да тиісті органдары, тиісті жағдайларда оларға:
а) халықаралық шекаралардан кіру/шығу құжаттарынсыз немесе басқа адамдардың құжаттарымен өтетін немесе өтуге тырысатын адамдар адамдарды сатушы болып немесе сондай сатудың құрбандары болып табылатынын;
b) адамдарды сату мақсатында халықаралық шекараны кесіп өту үшін сондай адамдар пайдаланған немесе пайдалануға тырысқан кіру/шығу құжаттарының түрлерін;
с) адамдарды сату мақсатында ұйымдасқан қылмыстық топтар қолданатын құралдар мен әдістерді, оның ішінде адамдарды арбау және тасымалдауды, бағыттар мен сондай саудамен айналысатын жекелеген адамдар мен топтардың арасындағы байланыстарды, сондай-ақ осындай топтардың ішіндегі байланыстарды және оларды анықтау жөніндегі мүмкін шараларды анықтауға мүмкіндік беретін олардың ішкі заңнамасына сәйкес ақпаратпен өзара алмасу арқылы ынтымақтасады.
2. Қатысушы мемлекеттер адамдарды сатудың алдын алу мәселелері жөніндегі құқық қорғау, көші-қон және басқа да тиісті органдар қызметкерлерінің даярлығын қамтамасыз етеді немесе жетілдіреді. Көрсетілген даярлық осындай сауданың алдын алуға, онымен айналысатын адамдарды қылмыстық қудалау әдістеріне және құрбандардың, сондай саудамен айналысатын адамдардың құрбандарын қоса алғанда, құқықтарын қорғауға шоғырлануы тиіс. Даярлау барысында сонымен қатар адам құқықтарын, балалар проблематикасы мен гендерлік проблематиканы ескеру қажеттілігін назарға алу керек; даярлық үкіметтік емес ұйымдармен, басқа тиісті ұйымдармен және азаматтық қоғамның басқа да элементтерімен ынтымақтасуға ықпал етуі тиіс.
3. Ақпаратты алған Қатысушы мемлекет ақпаратты ұсынған Қатысушы мемлекеттің оны пайдалануға қатысты белгіленген шектеулермен байланысты кез-келген өтінішін орындайды.
11-бап
Шекаралық бақылау шаралары
1. Қатысушы мемлекеттер адамдардың еркін жүріп-тұруына қатысты халықаралық міндеттемелерге мүмкіндігінше зиян келтірмей, адамдар сатудың алдын алу және анықтау үшін қажет болуы мүмкін шекаралық бақылау шараларын белгілейді.
2. Әрбір Қатысушы мемлекет коммерциялық тасымалдаушылардың осы Хаттаманың 5-бабына сәйкес осындай деп танылған қылмыстарды жасауда пайдаланылатын көлік құралдарын пайдалануының мүмкіндігінше алдын алу үшін заңнамалық және басқа да тиісті шаралар қабылдайды.
3. Тиісті жағдайларда және қолданылатын халықаралық конвенцияларға зиян келтірмей осындай шараларға коммерциялық тасымалдаушылар, оның ішінде кез келген көлік компаниялары немесе кез келген көлік құралының иесі не операторы үшін барлық жолаушыларда қабылдаушы мемлекетке кіру үшін қажетті кіру/шығу құжаттары бар болуына көз жеткізу міндеттемелерін белгілеу енеді.
4. Әрбір Қатысушы мемлекет осы баптың 3-тармағында белгіленген міндеттемелерді бұзғаны үшін санкцияларды көздеу үшін өзінің ішкі заңнамасына сәйкес қажетті шаралар қабылдайды.
5. Әрбір Қатысушы мемлекет осы Хаттамаға сәйкес осындай деп танылған қылмыстардың жасалуына қатысы бар адамдарға келуге рұқсат беруден бас тартуға немесе олардың визаларының күшін жоюға мүмкіндік беретін шараларды оның ішкі заңнамасына сәйкес қабылдау мүмкіндігін қарастырады.
6. Қатысушы мемлекеттер шекаралық бақылау органдарының арасында ынтымақтастықты, оның ішінде байланыстың тікелей арналарын құру және ұстап түру арқылы нығайту мүмкіндіктерін Конвенцияның 27- бабына зиян келтірмей қарастырады.
12-бап
Құжаттардың сенімділігі және оларды бақылау
Әрбір Қатысушы мемлекет қолда бар мүмкіндіктер шегінде:
а) өздері беретін кіру/шығу құжаттарының немесе жеке куәліктерінің оларды құқыққа сай пайдаланбауды және қолдан жасауды немесе заңға қарсы өзгертуді, нақты көшірмесін алуды немесе беруді барынша қиындататындай сапасын қамтамасыз ету;
б) осы Қатысушы мемлекет берген немесе оның атынан берілген кіру/шығу құжаттарының немесе жеке куәліктердің қорғалуы мен сенімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды заңсыз дайындаудың, берудің және пайдаланудың алдын алу үшін талап етілетін шаралар қабылдайды.
13-бап
Құжаттардың заңдылығы мен жарамдылығы
Қатысушы мемлекет басқа бір Қатысушы мемлекеттің өтініші бойынша өзінің ішкі заңнамасына сәйкес белгілі бір мерзім ішінде бұл құжаттар адамдарды сату үшін пайдаланылады деген күдік болса, оның атынан берілген немесе берілді деген кіру/шығу құжаттарының немесе жеке куәліктердің заңдылығы мен жарамдылығына тексеру жүргізеді.

IV. Қорытынды ережелер

14-бап


Болдырмау ережесі
1. Осы Хаттамадағы ешбір ереже халықаралық гуманитарлық құқық пен адам құқықтары саласындағы халықаралық құқыққа және атап айтқанда, бұл қолданылатын жағдайда, босқындар мәртебесіне қатысты 1951 жылғы Конвенция мен 1967 жылғы Хаттамаға және оларда бекітілген елден шығарып жібермеу қағидатын қоса алғанда халықаралық құқыққа сәйкес мемлекеттер мен жекелеген адамдардың құқықтарын, міндеттемелерін және жауапкершілігін қозғамайды.
2. Осы Хаттамада көзделген шаралар адамдарды сатудың құрбаны болғандарға қатысты кемсіту болып табылмайтындай етіп түсіндіріледі және қолданылады. Бұл шараларды түсіндіру және қолдану халықаралық танылған кемсітпеу қағидатына сәйкес жүзеге асырылады.
15-бап
Дауларды реттеу
1. Қатысушы мемлекеттер осы Хаттаманы түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дауларды келіссөздер жүргізу арқылы реттеуге тырысады.
2. Екі немесе одан көп Қатысушы мемлекет арасындағы белгілі бір уақыт кезеңінде келіссөздер жүргізу арқылы реттеуге келмейтін, осы Хаттаманы түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау осы Қатысушы мемлекеттердің біреуінің өтініші бойынша арбитраждық қарауға жіберіледі. Егер де арбитраж туралы өтініш берген күннен бастап алты ай ішінде бұл Қатысушы мемлекеттер оны ұйымдастыру туралы келісімге келмесе, қатысушы мемлекеттердің кез келгені Сот статусына сәйкес өтініш жасай отырып, дауды Халықаралық Сотқа бере алады.
3. Әрбір Қатысушы мемлекет осы Хаттамаға қол қою, оны ратификациялау, қабылдау немесе бекіту кезінде немесе оған қосылу кезінде өзін осы баптың 2-тармағындағы ережелермен байланыстымын деп есептемейтінін хабарлай алады. Басқа Қатысушы мемлекеттер мұндай қосымша түсінік берген кез келген Қатысушы мемлекетке қатысты осы баптың 2-тармағындағы ережелермен байланысты болмайды.
4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес қосымша түсінік берген кез келген Қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына хабарлама жіберу арқылы бұл қосымша түсінікті кез келген уақытта алып тастай алады.
16-бап
Қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту және қосылу
1. Осы Хаттама 2000 жылғы 12-15 желтоқсан аралығында Палермода, Италияда, содан соң Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью- Йорктегі Орталық мекемелерінде 2002 жылғы 12 желтоқсанға дейін барлық мемлекеттер қол қою үшін ашық.
2. Осы Хаттама сондай-ақ осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Хаттамаға мұндай ұйымның кемінде бір мүше-мемлекеті қол қойған жағдайда аймақтық экономикалық ықпалдастық ұйымдарының қол қоюы үшін де ашық.
3. Осы Хаттама ратификациялануы, оған қол қойылуы немесе бекітілуі тиіс. Ратификациялау грамоталары немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады. Аймақтық экономикалық ықпалдастық ұйымы егер оған мүше мемлекеттердің кемінде біреуі дәл осылай жасаған болса, өзінің ратификациялау грамотасын немесе қабылдау не бекіту туралы құжатын сақтауға тапсыра алады. Бұл бекіту грамотасында немесе қабылдау немесе бекіту туралы құжатта мұндай ұйым осы Хаттамамен реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің саласы туралы хабар береді. Сонымен қатар мұндай ұйым депозитарийге өз құзыреті саласындағы кез келген тиісті өзгерістер туралы хабарлайды.
4. Осы Хаттама кез келген мемлекеттің немесе осы Хаттамаға Қатысушы болып табылатын мемлекеттердің кемінде біреуі мүше болып табылатын кез келген аймақтық экономикалық ықпалдастық ұйымының қосылуы үшін ашық. Қосылу туралы құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады. Қосылған жағдайда аймақтық экономикалық ықпалдастық ұйымы осы Хаттамамен реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің саласы туралы мәлімдейді. Сонымен қатар мұндай ұйым депозитарийге өз құзыреті саласындағы кез келген тиісті өзгерістер туралы хабарлайды.
17-бап
Күшіне ену
1. Осы Хаттама қырқыншы ратификациялық грамота немесе қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжат сақтауға тапсырылған күннен кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді, бірақ Конвенция күшіне енгенге дейін күшіне енбейді. Осы тармақтың мақсатында аймақтық экономикалық ықпалдастық ұйымы сақтауға тапсырған кез келген мұндай грамота немесе құжат мұндай ұйымның мүше мемлекеттері сақтауға тапсырған грамоталарға немесе құжаттарға қосымшалар ретінде қарастырылмайды.
2. Осы Хаттаманы ратификациялайтын, қабылдайтын немесе бекітетін немесе оған қосылатын әрбір мемлекет немесе аймақтық экономикалық ықпалдастық ұйымы үшін қырқыншы ратификациялау грамотасын немесе осындай әрекет туралы құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін осы Хаттама мұндай мемлекет немесе ұйым тиісті грамотаны немесе құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін отызыншы күні немесе оның кешіректеу күшіне енуіне байланысты осы баптың 1-тармағына сәйкес күшіне енеді.
18-бап
Түзетулер
1. Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін бес жыл өткен соң осы Хаттамаға Қатысушы мемлекет түзетулер ұсынып, оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жолдай алады, ол осы ұсынысты қарау және ол бойынша шешім қабылдау мақсатында ұсынылып отырған түзетуді одан әрі Қатысушы мемлекеттерге және Конвенцияға қатысушылардың конференциясына жібереді.
Қатысушылар Конференциясына қатысатын осы Хаттамаға Қатысушы мемлекеттер әрбір түзетуге қатысты пәтуаға қол жеткізу үшін барлық күш-жігерін салады. Егер де пәтуаға қол жеткізу жөніндегі барлық күш-жігер жұмсалатын болса және келісімге келмеген жағдайда, ақырғы шара ретінде түзетуді қабылдау үшін Қатысушылар Конференциясының отырысында дауыс беруге қатысушы осы Хаттамаға Қатысушы мемлекеттер дауысының үштен екісі қажет етіледі.
2. Аймақтық экономикалық ықпалдастық ұйымдары өз құзыреті саласына кіретін мәселелерде өзінің дауыс беру құқығын осы Хаттамаға Қатысушылар болып табылатын олардың мүше мемлекеттері санына тең келетін дауыстар санын иелене отырып, осы бапқа сәйкес жүзеге асырады. Мұндай ұйымдар егер де олардың мүше мемлекеттері өздерінің дауыс беру құқығын жүзеге асыратын болса немесе керісінше болса, өзінің дауыс беру құқығын жүзеге асырмайды.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған түзетуді Қатысушы мемлекеттер ратификациялауы, қабылдауы немесе бекітуі тиіс.
4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған түзету Қатысушы мемлекетке қатысты ол ратификациялық грамотаны немесе мұндай түзетуді қабылдау немесе бекіту туралы құжатты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырған күннен кейін тоқсан күн өткен соң күшіне енеді.
5. Түзету күшіне енгеннен кейін онымен байланысты болуға келісім берген Қатысушы мемлекеттер үшін ол міндетті болады. Басқа Қатысушы мемлекеттер осы Хаттаманың ережелерімен және бұған дейін олар ратификациялаған, қабылдаған немесе бекіткен кез келген түзетулермен байланысты болуды жалғастыра береді.
19-бап
Күшін жою
1. Қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Хаттаманың күшін жоя алады. Мұндай күшін жою Бас хатшы хабарламаны алған күннен кейін бір жыл өткен соң күшіне енеді.
2. Аймақтық экономикалық ықпалдастық ұйымы оған мүше мемлекеттердің барлығы осы Хаттаманың күшін жойғанда осы Хаттамаға қатысушы бола алмайды.
20-бап
Депозитарий және тілдер
1. Осы Хаттаманың депозитарийі болып Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы тағайындалады.
2. Ағылшынша, арабша, испанша, қытайша, орысша және французша мәтіндері бірдей болып табылатын осы Хаттаманың түпнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ үшін төменде қол қойған өз үкіметтері тиісті түрде уәкілдік берген уәкілетті өкілдер осы Хаттамаға қол қойды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын толықтыратын Адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттамасының мәтіні аудармасының дұрыстығын куәландырамын.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет