Бас бостандығынан айыру жазасына балама шаралар



Дата16.06.2016
өлшемі125.25 Kb.
#139557
УДК 343.26:347.965.42

ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультеті халықаралық құқық кафедрасы


Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы

e-mail: turash.shynar@mail.ru

ҚазҰУ халықаралық құқық кафедрасының доценті Апенов С.М.,

халықаралық құқық кафедрасының 1 курс магистранты Тұраш Ш.Қ.



Бас бостандығынан айыру жазасына балама шаралар - қылмыстық құқықтың өзекті мәселелерінің бірі


Аннотация. Бұл мақалада Қазақстан Республикасының қылмыстық заңы бойынша жаза жүйесін жетілдірудің мәселелері қарастырылады. Егер осы тақырыптағы қазақстандық және шет елдік зерттеушілердің еңбектеріне сүйенсек, онда қылмыстық құқықтың теориялық және практикалық өзекті мәселесінің бірі, ол жаза жүйесін жетілдіру бойынша бас бостандығына балама жазаларды анықтау болып табылады.

Мақаланың авторлары талдаудың нәтижесінде жаза жүйесін жетілдіру мақсатында қылмыстық заңда сотталушыны қоғамнан оқшаулауды талап етпейтін жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру, электрондық бақылау және қазақ дәстүрлі құқығында болған айып жазасын қарастыру керек деген шешімге келеді.

Келтірілген ұсыныстардың негізділігін қамтамасыз ету үшін «айып» және «медиация» институттарының ара қатынасы қарастырылады және оларды ажырататын белгілер анықталады: біріншіден, «медиация» жаза болып табылмайды, ал «айып» жаза болып танылады, екіншіден, «медиация» медиатормен қолданылады, «айып» сот арқылы тағайындалады, үшіншіден, «медиация» кезінде тараптар ерікті түрде медиаторға барады және оның шешіміне келіседі, ал «айып» бойынша кінәлі адам айып түрінде тағайындалған соманы жәбірленушіге төлеуге міндеттенеді.

Түйін сөздер: балама жаза, жаза жүйесін жетілдіру, электрондық бақылау, медиация, айып.

Альтернативные по отношению к наказанию в виде лишения свободы меры как одна из актуальных проблем уголовного права

Аннотация. В настоящей статье рассматриваются вопросы совершенствования системы наказаний по уголовному законодательству Республики Казахстан. Если обратить внимание на труды казахстанских и зарубежных ученых по данной тематике, то одной из теоретических и практических проблем уголовного права по совершенствования системы наказаний является выявление альтернативных по отношению к лишению свободы наказаний.

Авторы статьи в результате анализа приходит к выводу о том, что в целях совершенствования системы наказаний следует замену наказания в виде лишение свободы интенсивным наблюдением, а также предусмотреть в уголовном законе такие виды наказания, как электронный контроль и «айып», который имелся в обычном уголовном праве казахов.

Для обеспечения обоснованности высказанного предложения рассматривается соотношение институтов «айып» и «медиация» и определяются их разграничивающие признаки: во-первых, медиация не является наказанием, «айып» признается наказанием, во-вторых, по субъекту применения «медиация» применяется медиатором, «айып» назначается судей, в-третьих, при медиации стороны добровольно обращаются медиатору и соглашаются с его решением, а при «айып» виновное лицо обязуется оплатить потерпевшему назначенную сумму в виде «айып».

Ключевые слова: совершенствование системы наказания, медиация, айып, изоляция, электронный мониторинг.
Alternative measures to punishment in the form of imprisonment, as actual problems of criminal law

Abstract. In the present article questions of improvement of system of punishment by the criminal legislation of the Republic of Kazakhstan are considered. If to pay attention to works of the Kazakhstan and foreign scientists on this subject, one of theoretical and practical problems of criminal law on improvement of system of punishment is identifications of alternative punishments to imprisonment.

Authors of article as a result of the analysis comes to a conclusion that for improvement of system of punishment it is necessary to prescribe in the criminal law replacement punishments with intensive supervision, electronic monitoring and “aiyp” which was available in common criminal law of the Kazakhs who aren't demanding isolation condemned from society.

For ensuring validity of the stated offer ratios of “aiyp” and “mediation” institutes are considered and their limitor signs are defined: first, mediation isn't punishment, “aiyp” admits punishment, secondly, on the subject of application “mediation” is applied by a mediator, “aiyp” is appointed judges, thirdly, at mediation of the party voluntary address to a mediator and agree with its decision, and at “aiyp” the perpetrator.

Key words: improvement of system of punishment, criminal legislation, electronic monitoring, aiyp, mediation.

Қазіргі уақытта отандық және шет елдердің зерттеушілері бас бостандығынан айыру жазасының қатал екендігін ескере отырып, оның орнына балама шара жолдарын іздестіруде және бұл мақсат бойынша сотталғандарды үнемі бақылауды іске асыра алатын кейбір жаңаша тәсілдер қолданыла бастады.

Бас бостандығынан айыру жазасына балама басқа жаза шараларының (бостандығын шектеу, соның ішінде электронды бақылауды қолдану, қоғамдық жұмыстарға тарту, Англия мен Уэльстегідей «құрама бұйрық» - қоғамдық жұмыстар мен пробацияның қиюласуы) қазір кеңінен қолданыла бастады және бұған көп елдердің мүмкіндігі де бар.

Екіншіден, Батыс Европа, Австралия, Канада, Жапония елдерінде қысқа мерзімдерге бас бостандығынан айыру жазасын қолдану кеңінен етек алған. Барлық жағдайларда бас бостандығынан айыру 2-3 жылға дейін, яғни сотталғанның психикасы өзгерістерге ұшырамайтын кездерге дейін қолданылады.

Үшіншіден, сотталғанның жеке басы ерекшеліктерінің сақталуы немесе нашарлауы пенитенциарлық мекемелердегі жаза өтеу жағдайларына байланысты. Өйткені, қазіргі заманғы дамыған мемлекеттерде қамаудағылардың дұрыс өмір сүруіне барлық мүмкіндік жасалған (қалыпты тағам, санитарлық-гигиеналық және тұрғын жай жағдайлары, медициналық қызмет көрсету, жұмыс істеу, спортпен шұғылдану, туысқандарымен кездесу), адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтірмейтін режим орнату, сондай-ақ жаза мерзіміне, қамаудағының мінез-құлқына байланысты жаза өтеу жағдайларын қатаң түрде саралауға мүмкіндік береді.

Мемлекетіміздегі пенитенциарлық жүйені әрі қарай оңтайластыру және гуманизациялау, жасалған қылмыстар үшін қолданылатын дәстүрлі жазаларды жеңілдету ғана емес, елімізде жүргізіліп жатқан қылмыстық-атқару саясатын іске асыруға бағытталған, ол кінәлі адамдарға жаңа, дәстүрлі емес ықпал ету шараларын іздеуді көздейді. Кінәлі адамдарға жаңа, дәстүрлі емес ықпал ету шараларын қолдану жөнінде әңгіме жүргізгенде қазіргі заманғы дамыған шетел мемлекеттерінің пенитенциарлық практикасының жетістіктеріне жүгінген дұрыс.

Мысалы, АҚШ-тың сотталғандарды түзеу қызметінде қолданылатын жазалардың жаңа түрлеріне назар аударуға тұрады.

Р. Роджерс жазғандай: «Мемлекетте ең танымал шаралардың бірі болып жанамалы санкциялар деп аталатын шаралар қолданылады. Олардың қатарына жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру, электрондық мониторингпен үйде қамауда ұстау, қатардағы түзеу лагерлері, жеке түрмелер, макси-макси түріндегі түрмелер жатады.

Жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру – АҚШ–та ең көп қолданылатын жазаның түрі. Барлық сотталғандардың 2/3 бөлігі жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру режиміне орналастырылған. Алайда, ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерге және қылмыскерлердің кейбір басқа да санаттарына бұл жазаның түрін қолдану тиімсіз болып табылады. Нақтылы жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру 1982 жылы қабылданылып, сынақтан өткізіліп, практикаға кеңінен енгізілді, оны АҚШ-тың барлық жерлерінде қолдана бастады [1, 140 б.].

Жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру бағдарламаларының түрлері мазмұны бойынша ерекшеленеді және оның барлық бағдарламалары қадағалау мақсатын талап етеді, (айына 20-30 контакт): сотталушының жәбірленушіге келтірген зиянын қайтаруды және оны қадағалау жасау үшін жұмсалған шығындарды өтеуді, нақты қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауды, бір рет есірткіге байланысты тестіден өтуді және тұрақты негізде оқуын немесе жұмысын жалғастыруды көздейді. Кейбір штаттарда сот тікелей нақтылы жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру режимін тағайындайды, ал басқа штаттарда ол жазаның нақты мерзімін өтегеннен кейін, аралас үкімнің бөлігі ретінде қолданылады. Бұл жаза түрінің жақтастары сотталушыны түрмеде ұстағаннан гөрі, оны қоғамда қадағалау шарасы арзандау түседі деп бекітеді. Жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру бағдарламалары қылмыстың қайталануын төмендетіп, түрме қызметкерлерінің мінез-құлық деңгейін көтеріп, сотталушыны түрменің теріс әсерінен қорғап, бақылау мен қадағалауға назарын күшейту арқылы қоғамның қосымша қорғанысымен қамтамасыз ету шарасы деп санайды.

Жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру жөніндегі өзінің позициясын жалғастыра отырып, Р. Роджерс сотталғанды қайталап қамау және осыған байланысты одан кейінгі жүргізілетін процедуралары түзеу шараларын арзандау ететіні күмән туғызады деп санайды. Түрмеге қамаудың балама түрдегі жазасын қолдану тиімді болған кезде ғана қаражатты үнемдеу туралы сөз болуы мүмкін, себебі шығындардың 75 пайызы түрмені ұстау, қамаудағылардың тамағына және киіміне емес, түрме қызметкерлерінің жалақысына жаратылады [1, 141 б.].

М.Ф. Гета: «Жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру сияқты шаралар қазіргі заманғы құқық картасында кеңінен тарап, өзінің ежелгі тарихи отаны – Ұлыбританияның шегінен асып кетті. Бұл шаралар АҚШ, Франция, Германия, Скандинавия мемлекеттерінде, Польша, Чехия, Венгрияда пайдаланылуда. Сондай-ақ ол Эстония мен Латвияда белсенді дамып жатса, Қырғыз Республикасында бұл мәселе жөнінде маңызды қадамдар жасалынуда» - дейді [2, 109 б.].

1951 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесі нақтылы жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру шарасы бас бостандығына сотталған құқық бұзушыларға қадағалау жасаумен қоса, жазаның атқарылуын шартты түрде кейінге қалдыру ретінде белгілеген. Жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстырудың негізгі мақсаты жай қадағалау және оны қадағалау қызметінде есепте тұратын сотталушының жүріс-тұрысына бақылау қоюмен ғана емес, оған жоспарлы түрде көрсетілетін әлеуметтік көмек деп санау керек.

Жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстырудың кейбір ерекшеліктеріне назар аударар болсақ, олар:

- классикалық шартты соттау негізінде пайда болуы және дамуы;

- құқық бұзушыны бас бостандығынан шектемей оны мамандандырылған органның қадағалау қызметінің бақылауында болуы, бақылаудағы сотталушыға түзелу мақсатына жетуге жетелейтін жалпы және арнайы міндеттемелерді жүктеу;

- нақтылы жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру жетістіктерінің дәрежесін және қажетті қалпына келтіретін көмектің ауқымын айқындау үшін құқық бұзушының жеке басын әлеуметтік-құқықтық жағынан зерттеуді жүзеге асыру;

- құқық бұзушымен оның жүріс-тұрысын түзейтін әртүрлі бағдарламаларды ұйымдастыру және жүргізу болып табылады.

Жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру шарасының кеңінен қолданылуы, қоғамдық санкцияларды қолдану жөніндегі Еуропалық ережеге сәйкес, қоғамдық санкцияларды және шараларды қолдану - құқық бұзушының бойында тұтас алғанда қоғам және жәбірленуші алдындағы жауапкершілік сезімінің дамуына бағытталуға тиіс. Осы ережеде қоғамдық жазалар және шаралар құқық бұзушы үшін максималды пайдалы болу керектігі, жазаланушының әлеуметтік өсуіне ықпал жасап, оның қоғамдағы өмірге ойдағыдай бейімделу сезімін қалыптастыратындай тәрбиелеу қажеттілігі көрсетілген.

М.Ф. Гета нақтылы жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру шарасы негізінде құқық бұзушының түзелуіне және бостандықтағы өмірде қолданылатын машықтарын қалпына келтіру, қылмыс құрбандарының бұзылған құқықтарын қорғау, әлеуметтік теңдікті және қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ету сияқты мақсаттарын бөліп шығаруға болады деп санайды [2, 110-111 бб.]. Осыған байланысты Қазақстан Республикасында да нақты жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру шарасын қолдануды іске асыру үшін негізгі жағдайлары жасалды деп айтуға негіз бар. Балама жазалардың санаулы түрлерінен оларды іске асырудың тиімді механизімін көздейтін сапалы құрылымдарына өту қажет. Бұл механизм нақтылы жазаны қарқынды қадағалаумен ауыстыру қызметін құруда көрінеді. Сондықтан, біздің бүгінгі жағдайымызда жасалған қылмыстар үшін жазалардың тиімділігінің орнықты және сенімді негіздерін құру үшін қылмыстылықпен күрестің әлемдік практикасының үздік жетістіктерін қолданудың келешегі зор болып табылады.

Электрондық мониторингпен үйде қамауда ұстау шарасы.

Үйде қамауда ұстауды қолдану практикасының тамыры терең тарих қойнауына кетеді, бұл жерде жаңалық, тек электрондық мониторинг болып табылады. Бірінші рет ол 1984 жылы Ұлыбританияда қолданылған. Қазіргі уақытта ол АҚШ-тың барлық штаттарында және федералдық деңгейде қолданылуда. Күн сайын АҚШ-та электрондық мониторингтен 12 ден 14000 дейін сотталушы қадағалаудан өтеді. Электрондық мониторинг қолданылу кезінде үйде қамауда ұсталынып отырған сотталушы жұмысына, дүкенге, емханаға және т.б. жерлерге кедергісіз бара алады. Сонымен қатар, ол белгілі бір уақытта үйіне қайтып оралуға міндетті. Сотталушының аяғына және қолына темекінің қорабындай болатын білезіктер кигізіледі, олардан берілетін сигналдар телефондық аппаратқа орнатылған арнайы жабдық арқылы бақылау пунктіне түседі. Одан да күрделі жүйелер бар, олардың ішінде саусақ іздері таңбасының идентификациясы, дауысты жазу, фотокамера, алкогольге, есірткіге тестілеу және т.б.» [1, 141-143 бб.]. Біздің республикамыздағы қылмыстылықпен күрестің теориясы мен практикасының даму жағдайында АҚШ-та осындай қолданылып отырған жазаның жаңа түрлеріне назар аударуға болады.

Жаза жүйесін жетілдірудің келесі бір тәсілі, «қылмыскер-жәбірленуші» арасын реттеуге байланысты деп санаймыз.

Соңғы кезде «қылмыскер-жәбірленуші» қатынасын реттейтін қылмыстық юстиция емес, «қайтарымсыз юстициядан» оған баламалы, қалпына келтіретін юстицияны қалыптастыру мен дамыту жөніндегі ұсыныстар табанды түрде қойылып келуде. Бұл стратегияның мағынасы мүдделі емес делдалдың (аралық сот сияқты) көмегімен жәбірленуші мен қылмыскердің арасындағы қатынасты реттеуден тұрады. Көптеген жағдайларда жәбірленуші кінәліні түрмеге отырғызудан (соған байланысты қылмыстық істегі азаматтық талап бойынша міндеттемесінің орындалуын көптеген жылдар бойы күткеннен) гөрі, келтірілген залалдың тез арада нақты өндірілгеніне мүдделі. Ал осы қылмысты жасаған адам түрмеге барғаннан гөрі залалды тезірек өндіруге әрқашан да дайын тұрады. Мұндай «қылмыскер-жәбірленуші» арасындағы мәселені шешу практикасы ақсақалдар алқасының беделі күшті елдерде іс жүзінде қолданылады және біртіндеп басқа да мемлекеттердің тәжірибесіне енгізіліп келеді.

Бұл туралы АҚШ Ұлттық Комиссиясының қылмыстық юстиция бойынша баяндамасында нақты айтылады: күн тәртібіне қойылған қылмыстық саясаттағы «соғыстан» «бейбітшілікке» көшіп, түрмеге қамауды төмендетіп, қоғамдық ортада түзетуге көп көңіл бөлуді мәселе етіп қойған [1, 319-324 бб.].

Мұндай жәбірленуші мен қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның арасындағы қатынасты реттеу тәсілі қазақстандық қылмыстық жауаптылық практикасына медиация институты ретінде 28.01.2011 N 401-IV заңымен енгізілді. Медиацияны аталған заңның 1 бабы бойынша маңызы ауыр емес, орташа ауыр қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша ғана қолдануға болады және мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы қылмысты әрекеттерге, сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен жасалған құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.

Медиация - азаматтық, от басылық, еңбек, қылмыстық қатынастар бойынша қолданылатындықтан жаза ретінде қарастырылмайды және мағынасы бойынша қылмыстық істерде жәбірленуші мен кінәлі адамды татуластырудың мағынасын білдіреді. Ал егер қылмыстық істердегі мазмұнын ескере отырып айтатын болсақ, онда медиация қазақ дәстүрлі құқығындағы айып төлеу институтына сәйкес келеді. Айып немесе құн төлеттіру арқылы тараптарды татуластыру қазақ әдет-ғұрып құқығындағы жауаптылықты қолданудың басты түрі ғана емес, ол билер сотының да басты мақсаты болып саналған. Бұл туралы академик С.З. Зиманов «Орта ғасырлардағы көшпелі қазақ қоғамындығы үстемдік құрған идеология бойынша билер сотының түпкі мақсаты тараптардың аралары қаншалықты шиеленіскен, күрделі болса да оларды татуластыру, бітімге келтіру болып табылады. Белгіленген мынандай норма болды «Даудың түбі біту»» дейді [3, 2 б.]. Медиация арқылы татуласу немесе тараптарды бітімге келтіру, қазіргі қазақ қоғамына аса жат болмауы керек, себебі туысқаншылдықты берік ұстанатын қазақ халқы белгілі бір жақын адамы медиатордың шешімі арқылы ақшалай немесе өзгедей келтірген зардаптың орнын толтыруға міндетті болғанда оған көмектесетіндігі белгілі. Әдет-ғүрып ережелеріне халықтық менталитеттің жақын болатындығы туралы К.К. Айтхожин «Қазақ әдет-ғұрып құқығының қызмет ету тәжірбиесі қоғамның дамуы тек жалпы адамгершілік гуманитарлық құндылықтарға негізделіп ғана қоймай, сонымен бірге қазақ халқына және қазақ мемлекетілігіне тарихи тән нысан екендігін көрсетеді. Сондықтан қазақ құқықтық дәстүрінің туындау сатысында оның күрделі тарихының ең қиын жылдарында да біздің хылқымыздың ұлттық рухының ең жақсы ерекшеліктерін сақтап қалған қазақ әдет-ғұрып құқығын және билер әділсотын іргелі түрде зерттеу аса маңызды» [4, 54 б]. Егер мемлекеттердің ұлттық негізде пайда болатындығын және олардың бір-бірінен айырмашылықтары осы негізде кездесетіндігін ескерсек, онда Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесіне медиация институтын кеңірек енгізу қажет деуге болады және бұл институтты біздің халқымыздың дәстүрлі құқығына толық сәйкес келетіндігіне байланысты шет елден алынған «медиация» деген атаумен емес, әзірге Қазақстанның қазіргі құқықтық жүйесіне енгізіле қоймаған «айып» деген атаумен енгізген және қолданған дұрыс тәрізді.

Бұл жерде мынандай жағдайды ескере кеткен дұрыс. Айып қазақ халқының дәстүрлі құқығында жаза түрі ретінде қолданылған. Соған байланысты қазіргі кездегі медиацияны жаза ретінде қолдануға бола ма деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауап бергенде медиацияның тек қылмыстық істер бойынша ғана емес, еңбек, от-басылық, азаматтық құқықтар бойынша да қолданылатынын және бұл өзге құқық салаларында құқықтық жауаптылықтың бір түрі ретінде қолданылатынын ескеру керек. Бұл біріншіден, екіншіден Қазақстандағы биліктің тармақтары бойынша сот билігін тек соттар ғана атқарады. Демек адамға жаза тағайындау құзіреті тек соттарға ғана берілгін, өзге еш бір органның жаза тағайындауға өкілеттігі жоқ. Ал медиация арқылы тараптарды бітімге келтіруді медиаторлар ғана іске асыра алатындығын ескерсек, онда медиацияны еш бір жағдайда жаза түрі ретінде бағалауға болмайды.

Қорыта айтқанда, заң практикасында қалыптасқан дәстүрлі жазалар жүйесінің ескіргенін және мемлекетпен қоғам күткендей оң нәтижелерге қол жеткізе бермейтіндігін көрсетті. Сондықтан өзін-өзі ақтамаған, қылмысқа әсер ету шараларынан бас тартып, болашағы бар, жазалаудың қылмыстық-құқықтық шараларын үнемдеу қағидасына сәйкес келетін ыңғайлы жүйеге көшкен дұрыс. Бұл мақсатты шешудің бір амалы, ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің «Жаза» деп аталатын 3 тарауына айып жазасын аралас жаза, яғни негізгі де, қосымша да түрде қолданыла алатын жаза түрі ретінде енгізу қажет. Мұндай жағдайда «айып» жазасы медиациямен ұқсас болғанмен, қолданылу субъектісі бойынша соттарға тиесілі болады және жаза түрі ретінде бағаланады. Бұл келтіріліп отырған ұсыныстың негізділігіне аса күмәнмен қарап керегі жоқ, себебі қазіргі қылмыстық заңда қылмыстық жауаптылықтың кей түрлерінде ұқсастық кездеседі. Мысалы бостандығын шектеу жазасы мен шартты соттау мазмұны бойынша ұқсас, тек шартты соттау жаза ретінде бағаланбайды, бостандығын шектеу жаза қатарына жатады. Айып жазасы айыппұл жазасымен де ұқсас болып табылады, айырмашылығы айыппұл мемлекетке төленсе, айып жазасында кесілген айып сомасы жәбірленушіге төленуі керек. Ал соттылығы бойынша айып жеңіл жазалардың қатарына жататындықтан ҚР ҚК 79 бабының 3 бөлімінің 2 тармағына сәйкес жаза орындалғаннан кейін бұрын сотталмаған адам саналуы тиіс.


Пайдаланған әдебиеттер:

1. Роджерс Р. Исследование новых видов наказания в исправительной системе США. – В кн. Криминологические исследования в мире. -М., 1995 – С.141-143.

2. Гета М.Ф. Гуманизация уголовной политики Республики Казахстан. –Алматы, 2004. – С.110-111.

3. Зиманов С.З. Казахский суд биев – уникальная судебная система. –Алматы: Атамұра, 2008. – С.2.

4. Айтхожин К.К. Суд биев как величайшая социально-политическая ценность казахского народа. //«Жаһандану кезіндегі мемлекет пен құқықтың өзекті мәселелері» атты халықаралық-тәжірбиелік конференция материалдары. 18 сәуір 2014 ж. Сулейман Демирель атындағы университеті – С.50-55.
References:

1. Rodzher R. Issledovanie novyh vidov nakazaniya v ispravitel’noi sisteme SSHA.– V kn. Kriminologicheskie issledovaniya v mire.-M., 1993–S.141-143.

2. Geta M.F Gumanizatsiya ugolovnoi politiki Respubliki Kazakhstan. – Almaty, 2004.–S.110-111.

3. Zimanov S.Z Kazakhskiy sud biev – unikal’naya sudebnaya sistema. –Almaty: Atamura, 2008. – S. 2.



4. Aytkhozhin K.K. Sud biev kak velichaishaya sotsial’no-politicheskaya tsennost’ kazakhskogo naroda. //“Zhahandanu kezindegi memleket pen kukyktyn ozekti maseleleri” atty khslykarapyk-tazhiribielik konferentsiya materialdary. 18 sauir 2014 zh. Suleiman Demirel atyndagy universiteti –S.50-55.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет