а) қара қасқа, қызыл ала.
ә) ақ шашты, қысқа бойлы.
б)жібек баулы, ат жақты.
ІІІ. Тұрақты тіркес
а) қолы ашық, тілі ұзын, басы бос, көзі ашық.
ә) көңіл көтерерлік, күн көрерлік.
Сын есімнің синтаксистік қызметі. Сын есімдер мағына жағынан заттық сынын, белгісін білдіретін сөздер болғандықтан, сөйлемде көбірек анықтауыш мүше болып қызмет атқарады. Мысалы: Жіңішке ине мен жуан иненің аралығындағы жуантық инені бәсең ине дейді (Ғ.Мұстафин); Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр мылқау танымас тірі жанды (Абай); Тоты құс түсті көбелек жаз сайларда гүлемек (Абай) деген сөйлемдердегі негізгі сын есімдер де, туынды сын есімдерде анықтауыш болып тұр.
Сын есімдер сөйлемде баяндауыш та болады. Ондайда, сөйлемнің басатуыштары жіктеу есімдіктерінен болса, сын есімнен болған баяндауыштарға жіктік жалғаулары қосылады. Мысалы: Мен тіпті жүйрікпін (Ғ.Мүсірепов); Ой желке, қамыс құлақ қара көкпін (С.Сейфуллин) деген сөйлемдегі жүйрікпін, қара көкпін деген сын есімдер – баяндауыштар.
Сын есімдер сөйлем ішінде етістіктерден болған мүшелердің алдында (бұрын) тұрса, әрқашан пысықтауыш мүше болады. Мысалы: Жақсы студент жақсы оқиды дегендегі алғашқы жақсы анықтауыш та, соңғы жақсы-пысықтауыш, сол сияқты, жақсы оқу үшін көп оқу керек дегенде де, жақсы деген сөз пысықтауышты пысықтап тұр.
Сын есімдерге негізінен көптік, тәуелдік, септік жалағулары жалғанбайды бірақ сөйлемде жүктелген міндетке қарай сын есімдер зат есімнің қызметіне де ие бола алады. Мұндай жағдайларды сын есімдерге не көптік, не тәуелдік, не септік жалғауы (я олар қабаттасып) жалғанады да, зат есім орнына жұмсалады. Мұны, әдетте, сын есімнің субстантивтенуі (заттануы я заттық мағынада қолданылуы) деп айтамыз. Мысалы: Жақсыдан үлгі ал (мақал); Ескіге жаңа өлшеуіш (мақал);
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін (Абай) дегендердегі жақсыдан сөзі жақсы адамдардан дегеннің орнына, ескіге сөзі ескі нәрсеге дегеннің орнына, жастарға деген жас адамдарға дегеннің орнына қолданылып отыр.
Сын есімдерге көптік, тәуелдік, септік жалғаулары жалғанып заттанғанда (субстантивтенгенде), сын есім өзінің негізгі сындық мағынасының үстіне заттық мағынаны жасап алады. Мұндайда, сын есім атау тұлғада тұрып кім? не? деген сұрауға жауап берсе, сөйлемнің бастауышы болады да, бұрма жалғауларда тұрып (іліктен басқа) толықтауыштың сұрақтарына жауап берсе, толықтауыш болады. Кейде көптік, тәуелдік жалғаулары жалғанбай-ақ сын есімдер атау ретінде тұрып заттық мағына береді де, бастуыш бола береді. Мысалы: Бітер істің басына, жақсы келер қасына (мақал) дегендегі жақсы деген сын есім кім? деген сұрауға жауап беріп, жақсы адам дегеннің орнына жүріп тұр. Бұл сөйлемдегі жақсы – бастауыш мүше. Бірақ ондай сын есімдер тек ол сөйлемде ғана субстантивтенеді, біржолата зат есімге айналып кетпейді.