Батыс Алашорда Тарихы орал 2011 Пікір жазғандар: М.Қ.Қойгелдиев


Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов



бет9/13
Дата25.02.2016
өлшемі3.48 Mb.
#19703
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

12. Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов

ХХ ғасырдың бас кезінде Ресейдің қоғамдық-саяси өмірінде күрделі оқиғалар қалыптасты. Ол қазақ жеріне, оның жолына үлкен өзгерістер алып келді. Әсіресе сол дәуірдегі саяси-әлеуметтік ірі оқиға Мемлекеттік Думаның шақырылуы еді. Жоғарғы заң шығарушы органның 12 жыл (1905-1917ж.ж.) арасындағы қызметі Ресей тарихында, оның құрамына енген халықтардың өмірінде айтарлықтай із қалдырған демократиялық идеалдың зор көрінісі болды. Мемлекеттік Дума ғасырдың бас кезінде Ресейде құрылған партия фракцияларының және аймақтардағы ұлт-азаттық қозғалысы өкілдерінің бас қосқан, маңызы зор мәселелерді талқылайтын бірден-бір өкілетті форумға айналды. Ол Ресей Империясының алғашқы Парламенті рөлін атқара бастады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің әзірлігіне мұрындық болумен бірге оның идеялық бастамасының негізі болды.

Мемлекеттік Думаның мәні мен мазмұнын түсіну үшін оның саяси өмірдегі қажеттіліктен туындағанын ескеру қажет. Бірақ оның түпкілікті орнай алмағанын тарихтан білеміз.

Ресейде Мемлекеттік Дума дүниеге келген кезде шаруалар елдегі халықтың басым көпшілігін құрады. Ал Ресейдің отарындағы қазақ даласының қалыптасқан саяси әлеуметтік жағдайы төменгідегідей еді. 1905 жылы қазақ даласындағы барлық халық саны 4442,8 мың болса, оның 10,3 % қоныс аударушы шаруалар, 6,3 % казактар, 83,4 % қазақтар құрады [196]. Яғни, қазақ даласындағы ілкі отарлау саясатының салдарынан халық құрамының едәуір өзгергенін көрсетеді. Ресейдің о шетімен бұл шетіне дейінгі жер жыртып, мал өсірген шаруалар – мемлекеттің ең басты тіректерінің бірі, бүкіл елдің азық-түлігін дайындап, күнкөрісін қамтамасыз етіп отырған бірден-бір әлеуметтік топ болды. Сондықтан империядағы өзгерістерге демократиялық сипат беріп, дамыған елдердегідей патша билігін жоймай-ақ, Мемлекеттік Дума Ресейдегі сан жағынан ең көп шаруалардың мұң-мұқтажын алғашқы кезекке қоймақшы болды. Шаруа үшін жердің ең маңызды мәселе екені әуелбастан белгілі. Сол себепті де Дума өзі өмірге келген сәттен бастап-ақ бұл мәселені өз назарынан тыс қалдыра алмады. Осылайша жаңа демократиялық басқару жүйесі мен ескі қоғамдық құрылыс арасындағы тартыстың өзегі болып жер мәселесі тұрды.

Мемлекеттік Думаға сайланатын адамның орыс тілін білуге міндетті екендігі І және ІІ Мемлекеттік Думаға сайлау кезінде де сақталды. Өз жұмысын 1907 жылдың 20 ақпанында бастаған ІІ Мемлекеттік Думаға қазақтар арасынан депутаттар сайланды. Бақтыгерей Құлманов Астрахан губерниясынан сайланды.

Осылайша қазақ елі империялық түрлі кемсітушіліктер мен құқықтарының аяқ асты болуымен күресе жүріп, Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік Думасына өздерінің аттарынан уәкілдерін жібереді. Қазақ даласына әсерін тигізгенімен, социал-демократтар, кадеттер партиялары қазақ шаруаларының саяси санасын біржолата өзгертіп жібере алмады. Дегенмен де қазақ даласы демократияның шарпуымен саяси сахнаға шыққан болатын.

Қазақ халқының Қазан төңкерісіне дейінгі зиялыларының бірі және бірегейі, ұлт мүддесі жолында қызмет еткен қайраткер – Бақтыгерей Құлманов. Өкінішке орай, оның есімі мен халық игілігі үшін атқарған қызметі осы күнге дейін халыққа беймәлім. Коммунистік партияның таптық, партиялық саясатының нәтижесінде прогрессивтік, жалпы демократиялық бағыт ұстанған қазақ зиялылары тек қана әлеуметтік жағынан, яғни шыққан тегіне байланысты үстем таптың өкілі танылып, соның нәтижесінде олардың өз елін жалпы әлеуметтік прогреске, өркениетке жеткізуге талпынған реформаторлық қызметтері тарих беттерінен мүлдем сызылып тасталды. Тек тәуелсіз Қазақстан жағдайында ғана ұмыт қалған Алаш қайраткерлерін халқымызға танытуға бүгінде мол мүмкіндік туып отыр.

Осы күнге дейінгі мұрағат қоймаларында ұзақ жыл жатып, Батыс Қазақстан облыстық өлкетану мұражайының қорында сақталған №26 599-В қорында Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов 1859 жылы 22 желтоқсанда Астрахан губерниясындағы Никольск селосының маңайында (Бөкей ордасы, қазіргі Атырау облысы Теңіз ауданы) туған. Өзі төре тұқымынан. Әбілқайыр – Нұралы – Есім сұлтаннан тарайтыны айтылса [197], № 26600-В құжатта өзінің өте кедей отбасынан екенін, әрі қарай оқуын жалғастыру үшін Торғай облыстық әскери губерниясынан шәкіртақы төлеуді сұраған өтініші туралы айтылады, бірақ бұл үмітінің орындалмағанын айтып, Император атындағы Санкт-Петербург университетінің ректорына өтініш жазып, оқуға төлейтін қаржыдан босатуын сұрайды және өзінің жағдайын Санкт-Петербург городоначальнигі канцеляриясы жазбаша түрде беретінін жазып көрсеткен. Бұл 1881 жылдың 14-інші қазаны делінген [198]. 1881жылдың күзінде Санкт-Петербург радионачальнигінің канцеляриясына 1881 жылдың 20 қазанында жазылған өтініште Бақтыгерей Құлмановтың 21 жастағы жас адам екені, мінезі, өмірлік ұстанымдары жақсы, тәрбиелі, тек жоғары оқу орнында оқуға төлейтін қаражаты жоқ, өзі Красноярск уезінде тұрады, анасы ауру, басқа да балалар бар малшы отбасынан, оның өте кедейшілікте екенін растайтындығы жазылады. Осындай қиындықтармен Бақтыгерей Құлманов Император атындағы Санкт-Петербург қаласындағы университеттің заң факультетіне қабылданады [199]. 1883 жылдың желтоқсанында Бақтыгерей Құлманов университет ректорынан 1 курста үшінші жыл қалдыруын сұрап, өтініш жазған [200]. Осындай құжаттар арқылы Бақтыгерей Құлмановтың жоғарғы оқу орындарында оқуы өте зор қиындықтармен өткенін көруге болады және одан сабақ, тағылым алуға тұрарлық жай екенін айтуымыз керек. 1884 жылдың 3 қаңтарында Бақтыгерей Құлманов Санкт-Петербург қаласындағы Император атындағы заң университетінің ректорынан заң факультетінің араб-парсы бөліміне ауыстыруын сұрап, өтініш жазған.

Батыс Қазақстан облыстық мұражайындағы құжаттарды жіктеп қарайтын болсақ, Бақтыгерей Құлмановтың Орынбор гимназиясын және бір жылдық әзірлік класын бітірген құжаттарын, пәндік бағаларын, гимназияны күміс медальмен 1881 жылдың 17 маусымында аяқтағанын, оның оқуын жалғастыруға барынша ынтазар болғанын және жоғарғы оқу орнында оқып білім алу үшін шәкіртақы тағайындалғанын: бастапқыда 150 рубль көлемінде және бір кезекте 110 рубль, кейіннен 300 рубль деңгейінде шәкіртақы алғаны жөнінде Ішкі істер бөлімінің Астрахан губерниясының канцеляриясынан алынған құжаттар бар.

Осылайша 1888 жылдың 9 наурызында № 877 диплом алып шығады. 2006 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінің №39 санында араб, парсы, осман, татар тілдері және орыс сөздігінен өте жақсы баға алып, 1888 жылғы 17 қыркүйек айында Санкт-Петербург университетінің ғылыми кеңесі тарапынан Бақтыгерей Құлманов жазған диссертациялық жұмыс жоғары бағаланып, оған ғылым кандидаты деген атақ берілгені туралы жазылған [201].

Университетті аяқтағаннан кейін Бақтыгерей Құлманов бірнеше жыл Баку қаласында өз мамандығы бойынша қызмет етеді. 1903 жылы туып-өскен жері Бөкей ордасына оралып, Қамыс-Самар правителі қызметін атқарып, өз халқының мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек еткен.

XX ғасырдың басында қазақ жерлерін Ресей империясы тарапынан отарлау барған сайын күшейген кезде, әсіресе қазақ халқының шұрайлы жерлерінен айырылуы шегіне жеткен шақта Бақтыгерей Құлманов бұл мәселені тайсалмай Ресей үкіметінің алдына қойып, шешімін табуды талап етеді. 1903 жылы Бақтыге­рей Құлманов Бөкей ордасы қазақтары атынан арнайы делегациямен Санкт-Петербургке барып, қазақ даласындағы басқару жүйесін жетілдіру және халыққа ауыр тиген жер мәселесі туралы талқылауларға қатысады. Бақтыгерей Құлманов өзімен бірге барған С.Нұрмұхамедов, С.Жантөрин, Б.Шынтеміров сияқты қазақ зиялыларымен бірге, Ішкі істер министрлігінде болған кеңеске қатысып, өкіметтен тез арада жер мәселесін шешуді талап етіп, бірнеше ұсыныс енгізеді.

Әрине, жер мәселесін отарлық саясат жағдайында шешу мүмкін емес еді. Бірақ қазақ жерін тартып алып жатқан патша өкіметінің іс-әрекетіне қарсы шығып, әділетсіздікті дәлелдеуінің өзі – жоғары бағалауға тұрарлық күрескерлік қасиет.

Бақтыгерей Құлмановтың белсенді саяси қайраткерлік қасиетінің көрінуі, жоғарыда айтқандай, оның I және II Мемлекеттік Думаға сайлануы.

Бақтыгерей Құлмановтың саяси қайраткер ретінде белсенділік танытуы 1916 жылы айқын көрінеді. Осы жылғы 25 маусымдағы патша жарлығы халықтың және көптеген қазақ зиялыларының наразылығын туғызады. Әсіресе, Бөкей дала­сында бұл саяси толқуларға ұласады. Бақтыгерей Құлманов патшаның 19 бен 42 жас арасындағы қазақ азаматтарын тыл жұмыстарына алу туралы жарлығына қатты наразылық танытып, үн көтереді, қазақтар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қарсылық білдіруге шақырады. Ұлтшыл азаматтың бұл әрекеті патша өкіметінің назарын аударады. Губернатор Соколовский былай деп жазады: «Маған жеткен мәліметтер бойынша Бөкей қазақтарының арасынан патша жарлығына қарсы шыққан ІІ Мемлекеттік Думаның бұрынғы депутаты Бақтыгерей Құлманов қазақтар арасынан ақша жинап, Петроград қаласына жұмысқа алынған қазақ жігіттерін тізімнен босатып алуға аттанды», – деген мәліметтер береді [202].

Бұл жөнінде белгілі қоғам қайраткері 1916 жылы Бөкей даласындағы көтерілістің ұйымдастырушысы болған Сейітқали Меңдешев те өз естеліктерінде айтады: «Бөкей ордасында жұртқа әйгілі, елге беделі бар, ІІ Мемлекеттік Думаның мүшесі болған Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов деген қазақтан жігіт беруге қарсы шығып, соны едәуір азайтуды жақтап, үкімет өкілдерінің алдына мәселе етіп қойғанын баяндайды. Астрахан губернаторы «осы өлкеден жігіт жинау науқаны өткенше» деген сылтаумен Бақтыгерей Құлмановты Астрахан губерниясына қараған Қамыс – Самар болысынан 1917 жылдың Ақпан төңкерісіне дейін Ақтөбе облысына жер аударғаны жөнінде айтылған». «Красный Урал» газетінде Бақтыгерей Құлмановтың елге оралған соң, сүзек ауруынан 1919 жылы Жаңақалада қайтыс болғаны жөнінде жарияланған.

Бақтыгерей Құлманов көптеген қазақ зиялылары сияқты Ақпан төңкерісін үлкен қуанышпен қарсы алады. Ресейдегі самодержавиялық монархияның күйреуін демократиялық өзгерістерге кең өріс ашар зор құбылыс ретінде қабылдайды. Ол Орда зиялыларының басын қосып, елді бастап іске кірісер сәттің туғанын терең сезініп, халық арасында Ақпан төңкерісінің мақсат-мұраттарын түсіндіріп, оның азаматтық идеяларын уағыздайды.

Алаш азаматы Бақтыгерей Құлмановтың өмірі мен қызметін, саяси-құқықтық көзқарасын кең көлемде зерттеп, халыққа таныту – бүгінгі тарих ғылымының міндеті. Тарихи тұлғаларды естен шығармау, оларды танып-білу – тарихи сананы қалыптастырудың бірден-бір қайнар көзі.

1917 жылы Ақпан төңкерісі және одан кейінгі көктем, жаз айлары қазақ халқының қоғамдық-саяси өмірінің барынша жанданған кезеңі болды. Ол бірнеше бағыттарда: халық өкілдерінің мемлекеттік құрылысқа, елдің саяси-әлеуметтік өміріне араласуы, ұлттық-саяси ұйымдар құру, әлеуметтік-экономикалық реформалар бағдарламаларын жасау бағыттарында көрініс тапты.

1917 жылы Ақпан оқиғасынан басталған қазақ қауымына тән қоғамдық-саяси белсенділіктің жарқын айғағының бірі – сол жылдың көктем айларында қалыптаса бастаған облыстық уездік дәрежедегі қазақ комитеттерінің жүйесі. Олар 1917 жылы, негізінен, сәуір, мамыр айларында өткен облыстық уездік қазақ съездері. Атап айтқанда, мұндай съездер сәуір айында Орынборда (Торғай облыстық), Оралда (Орал облыстық), Семейде (Семей облыстық), Омбыда (Ақмола облыстық), Ордада (Бөкей облыстық) т.б. қалаларда болды.

Осы съездердің ішінде 1917 жылы 21-25 сәуір аралығында өткен және оның барысында Бақтыгерей Құлманов ерекше белсенділік көрсеткен Бөкей облыстық қазақ съезі айтарлықтай орын алады. Бұл съезді шақырудағы негізгі мақсат облыстық қазақ атқару комитетін сайлап, Бөкей даласында үкімет билігіне ұмтылған әртүрлі саяси күштердің жіктелу мен топтасу үдерісі жүріп, әртүрлі комитеттер пайда болды. Бұл туралы белгілі мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешов айтқан болатын [203].

Ақпан революциясының нәтижесінде Бөкей облысында да қос үкіметтілік жағдай қалыптасты. Бұрынғы Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің қызметін жалғастырушы төраға, генерал И.Г.Подгорский болып қала берді. 1917 жылы наурызда Астрахан губерниясының комиссары Бирюков И.Г.Подгорскийге жіберген жеделхатында: «Бөкей ордасына оралып, Уақытша Кеңестің төрағасы қызметін жалғастырыңыз», – деп тапсырма береді. Сонымен бірге осы мерзімде Бөкей ордасында Подгорский билігіне қарама-қарсы «Ханско-ставочный комитет» құрылды. Алайда бұл орган да халық мүддесін білдіре алмады, сол себепті оларға деген наразылық күшейді.

1917 жылы 21 наурызда Астрахан губерниялық комиссарына Бөкей ордасы халқының атынан Әбдірахман Ғайсин мынадай жеделхат жолдайды: «Бөкей ордасындағы Уақытша Кеңес үкіметінің төрағасы Подгорскийді қызметінен босатуыңызды Бөкей ордасының халқы атынан сұраймыз».

Осы себепті де 1917 жылы сәуірде өтетін қазақ съезінің күн тәртібіндегі мәселе Бөкей ордасының Уақытша үкімет комиссары және атқару комитетін сайлау болды. Халық наразылығын толастату мақсатында Подгорский қызметтен босатылып, 15 сәуірде съезд шақырылғанға дейін, Орда өкілдерінің келісімімен уақытша комиссар қызметіне Батырхайыр Ниязов сайланды.

Осы кезден бастап Бақтыгерей Құлманов, Батырхайыр Ниязов, Уәлитхан Танашевтардың басшылығымен съезге Бөкей ордасы қисымдары болыстарының өкілдері қатысып, келелі мәселелер талқыланды.

Съездің жүйелі түрде өтуіне Астрахан губерниялық комиссары да мүдделі болып, оған өз атынан екі өкіл жібереді: «Денсаулығыма байланысты съездің ашылуына қатыса алмаймын, өз орныма көмекшім П.К.Коханов пен кеңесшім Абдул Каримовты жіберемін» [204].

Сөйтіп, 1917 жылы 21 сәуірде Хан ордасында бөкейлік барлық болыстар өкілдерінің бірінші съезі ашылады. Бөкей ордасының 167 өкілі қатысқан съезд жұмысын уақытша комиссар Батырхан Ниязов ашып, съезд төралқасын сайлауды ұсынады. Съездің шақырылуы мен өтуі жөнінде сол кезде Ордадағы "Ханско-ставочный коми­тет" мүшесі болған, кейін РК(б)П-ның Бөкейлік губкомының бірінші хатшылығына сайланган В.И.Варламов "В огне революции" деген естеліктер жинағында: «1917 жылы 21 сәуірде Бөкей ордасы қазақтарының І съезінде Бөкей ордасының Орталық Атқару комитетінің комиссары болып Уақытша үкіметінің мүшесі, кадет Бақтыгерей Құлманов сайланды», – деп жазады [205].

Бөкей ордасындағы осы кездегі оқиғаларды өз көзімен көрген, Кеңес өкіметін орнатуға белсенді қатынасқан Х.Ирмуратов "Октябрь в ауле" деген еңбегінде де осы съезд жөнінде мәліметтер бере келе, Ордадағы Уақытша үкіметтің комиссары Бақтыгерей Құлманов елдегі саяси жағдай туралы Бөкей ордасының қоғамдық-саяси өмірінен толық мәліметтер беретін баяндама жасағанын айтып өткен [206].

Бұл съезд, негізінен, Бөкей ордасының басқару жүйесін жетілдіруді мақсат етеді. Оның қаулысында Ішкі қырғыз Ордасын басқарған уақытша Совет таратылсын. Сондай-ақ бұрынғы барлық қисымдар мен округтер, болыстар басқарушылары тарасын дей келіп, «жалпы, тең, жасырын дауыс беру негізінде жергілікті өзін-өзі басқару басқармасы сайлансын және 14 адамнан Астрахан өлкесінің Қырғыз /қазақ/ халқын басқаратын Орталық атқару комитеті құрылсын» делінген. Мұның өзі Бақтыгерей Құлманов және өзге де қазақ зиялыларының демократиялық принциптерді ұстана отырып, Бөкей даласында өзіндік басқару жүйесін құруды көздегенін көрсетеді. Сөйтіп, съезд өз мәжілісінде басқару ісін жүргізудің Орталық комитетін сайлайды. Сонымен қатар Бақтыгерей Құлмановты «қазақ халқының Астрахан өлкесіндегі комис­сары» деген лауазымға тағайындайды, яғни оған билік жүргізуге құқық береді». Сөйтіп, ол ел басқару ісіне белсене араласа бастайды. Бақтыгерей Құлмановтың басшылығымен Орталық комитет ең өзекті жер мәселесін шешуге тырысады, земстволық басқармалар құрады, бұхара көпшілік арасында үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен өрістеткен «Ұран» газетін шығаруға атсалысады.

«Ұран» – 1917 жылдың қыркүйек айынан 1918 жылдың мамыр айына дейін Бөкей ордасында шығып тұрған газет. Оның саяси бағыты аумалы-төкпелі кездің заман талабына сай, бағыты өзгермелі болған [207].

Съезді дәрігерлер атынан М.Шомбалов, Астрахан губерниялық атқару комитеті атынан Н.Конюхов және солдат Бударин, Астрахан қаласы солдат депутаттары мен офицерлері атынан подпоручик Львов, мұғалімдер атынан Ш.Ақбаев, Астрахан қаласындағы мұсылмандар атынан А.Әбдікәрімов, Қазан мұсылмандары атынан Уәлитхан Танашев, хан ордасы шіркеуінен (екінші проход) Мусин құттықтайды. «Қазақ» газетінен және Басқұншақ тұз кәсіпшілігіндегі қазақ жұмысшылары атынан келген құттықтау жеделхаттары оқылады.

Менің пайымдауымша, Бөкей облыстық съезінің күн тәртібі айтарлықтай ерекше. Онда көлемі де, деңгейі де маңызды және әртүрлі бір-бірімен байланысты үш мәселе тобы – жалпымемлекеттік, ұлттық және аймақтық мәселелер тобы жеке-жеке жүйеленген. Бөкей ордасындағы осы кезеңдегі оқиғалардың куәгері Х.Ирмуратов өз еңбегінде атап көрсетеді:

«Бөкей облыстық съезінде қаралған келелі мәселелердің бірі – осы кезеңдегі қазақ қоғамы үшін өткір саналатын аграрлық мәселе. Бөкейліктер аграрлық мәселені түбегейлі шешуді Құрылтай жиналысының үлесіне қалдырады. Съезд делегаттары жер иемдену көлемі еңбек нормасына сай болу қажет деп шешіп, бұл мәселеде өздерінің, Ресейдің халықтық-социалистік партиясының бағытына жақын тұратындықтарын анық білдірді. Съезд делегаттары мемлекеттік жаңа жерлерді алу құқығына қол сұқпайтынын мәлімдегеніне қарамастан, облысқа сырттан көшіп келуге және қазақтардың пайдалануындағы жерлерді алуға тыйым салуды қалайтындықтарын мәлімдейді.

Съезде қабылданған маңызды шешімдердің бірі – Бөкей ордасын облыс деп атау. Съезде ауылды, болысты, уезді және облысты басқаруға тиісті өкімет пен атқару органдары жүйесін құрудың және оны іске қосудың нақтылы нұсқаулары анықталады. Жаңа өкімет өзінің мәні жөнінен азаматтық болуға тиісті еді, ескі мемлекеттік аппарат түгел қиратылуға жатты. Жергілікті үкімет пен басқару органдарының барлық салаларының құрылымы мен міндеттерін осыншама жан-жақты анықтау осы мәселелерді теоретикалық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да шешуге қабілетті зиялы күштердің Бөкей даласында жеткілікті болғандығын көрсетті. Бұл, біріншіден. Екіншіден, осы Уақытша ережелерді даярлау қазақ автономиясына деген құлшыныстың бір көрінісі еді.

Сөйтіп, съезд шешімімен демократиялық негізде 14 адамнан тұратын Орталық атқару комитеті сайланады: төраға – Батырхаир Ниязов, орынбасары – Сейітқали Меңдешев, мүшелері: Әміржан Мұханалиев, Мардан Қашқынбаев, Хамидолла Мендалиев, Хабидолла Әбенов, Шынтай Жүсіпов, Өтешқали Атаниязов, Мауби Жұмалиев, Мұхамбет Естанов, Нұрмұхамбет Сарбасов.

Жоғарыда атап өткендей, съезде талқыға түскен маңызды мәселелердің бірі облыстық комиссар сайлауы еді. Сондықтан комиссар тұлғасына аса маңыз берілді, бұл съезд қаулысында да көрініс тапты. «Астрахан өлкесін басқаруға халық қалауымен көзі ашық, оқыған, халықтың мұң-мұқтажын түсіне білетін адам тағайындалсын». Бұл қаулыдан аңғарғанымыздай, комиссар қызметіне тек шын мәніндегі халық қалаулысы сайлана алатын еді. Мұндай тұлға халық арасында зор бедел иесі болған Бақтыгерей Құлманов болды. Сонымен аса жауапты облыс комиссары қызметіне ғасыр басындағы қос төңкеріс жағдайында Бөкейлік бұқараның басты көсеміне айналған, ұлт қозғалысы қайраткерлерінің бірі, Алашшыл азамат Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов сайланды.

Еліміз тәуелсіздік алып, төл тарихымызда жабық тақырыптарға жол ашылып, бүкіл бір кезең, дәуір тарихы қайта қаралып, бірте-бірте ақтандықтардың орны толтырылуда.
13. Есенғали Керейұлы Қасаболатов Орал облысы Ілбішін уезінің Құрайлы болысының № 8 ауылында 1889 жылдың 8 ақпанында дүниеге келген. Есенғали Қасаболатовтың туған жылдарын анықтайтын құжат [208]. Әкесі Антоновка стансасындағы бай казактарда жалшылықта жүріп, казак қызына да үйленген. Ол еті тірлігінің арқасында Калмыков уезіне қарасты 3-ауыл маңынан енші жер алып, шаруашылықпен айналысады. Мал бағумен қатар шөп шабатын, балық аулайтын, егін егетін дамыған шаруашылығы бар, ауқатты шаруа дәрежесіне жетеді. «Керейдің оры» деп аталатын атажұртының орны әлі де бар. Қасаболатов 1901 жылы Калмыковтағы орыс-қазақ мектебін бітіреді [209]. Орал әскери губернаторының куәландыру анықтамасында Есенғали Қасаболатовтың Орал әскери-реалды училищесін бітіргендігі, өрескел тәртіп бұзушылықтың болмағандығын растағаны тіркелген және әскери қызметтен босатылғанын жазған [210]. Есенғали Қасаболатов Орынбор оқу бөліміне жолдаған өтінішінде латын тілінен сынақ тапсыруға рұқсат сұраған [211]. Содан кейін 1903 жылдың тамыз айында Орал әскери-реалды училищесіне оқуға түсіп, оның 1909 жылдың 6 маусымында толық курсын аяқтады. Осы Орал әскери-реалды училищесін бітіргендігін дәлелдейтін аттестатқа көз жүгіртсек, Қасаболатов төмендегідей жетістіктерге жеткен:
Орыс тілі – 3

Неміс тілі – 3

Француз тілі – 3

Ариометика – 4

Алгебра – 3

Арнаулы курс (аналитикалық геометрия) – 4

Тригонометрия – 4

Тарих – 5

Физика – 3

Математикалық география – 5

Сызу – 5
Сонымен қатар Қасаболатовқа мамандығы бойынша оқу орнының жанынан бірінші разрядты жеңілдіктер берілген [212] .

Императорлық Саратов университетіне берілген жеке куәлігінде Қасаболатов 1909 жылдың тамыз айында училище жанындағы жоғары оқу орнына түсуге даярлайтын 1 жылдық класты оқып, оны 1910 жылдың 5 маусымында тамамдайды. Қасаболатов қосымша кластың толық курсын төмендегідей бағаман аяқтады:

Орыс тілі – 3

Неміс тілі – 4

Француз тілі – 4

Ариометика – 3

Алгебра – 3

Арнаулы курс (аналитикалық геометрия) – 3

Тригонометрия – 3

Тарих – 4

Физика – 4

Математикалық география – 3

Сурет –
Сол жылы Саратов университетінің медицина факультетіне қабылданды [213].

Ол 1910 жылы Император атындағы Саратов медицина университетіне қабылданып және «Еркін тыңдаушы» студент болған [214]. Есенғали Қасаболатов 1912 жылы 27 сәуірде Саратов губерниясының Петровск уезінің Сулавка деревнясының Сүлеймен Ахмалетдинұлы Мұхитдивтың қызы бибі Айшаға үйленуге рұқсат сұраған, 23 маусымда рұқсат берілген [215]. Есенғали Қасаболатов 1915 жылы чума ауруының шығуына байланысты Орал облысының Гурьев, Темір, Ілбішін уездеріне іссапарға жіберілген [216]. Есенғали Қасаболатов Император атындағы Саратов медицина университетіне емтихан тапсыруға рұқсат сұраған [217].

Мақсат Тәж-Мұрат өз еңбегінде «Е.К.Қасаболатов студент кезінде мерзімді басылымдарға бірнеше мақала жариялаған. Тырнақалды «Қазақ жастарына» деген мақаласында жастарды ел игілігі үшін еңбек етуге, өнер-білім игеруге шақырады; «Бас қосу турасында бір-екі сөз» мақаласында («Айқап», 1913ж. №20) қазақ зиялылары арасындағы жалпы қазақ съезін шақыру туралы айтыс, ел басқару, әкімшілік іс жөнінде өз ойын білдіреді; «Баспасөзге қарсы» атты өткір мақаласында («Айқап», 1914ж. №5) баспасөздегі сын мәдениеті, қазақтың басшы адамдарының арасында алалық кіру себебі мәселелерін көтерді; «Кімге өкпелеуіміз тиіс» мақаласында («Қазақ»,1915ж. 20 мамыр) оқып жүрген қазақ жастарының мұқтаждық көруін, бұл орайда жүйелі қамқорлық жасалмай отырғанын сөз етеді. Қазақ арасындағы етек алған ауру түрлерінің алдын-алу тақырыбында бірнеше мақала жариялады: «Чума» («Қазақ», 1913ж. №5, 42, 44), «Күйік» («Қазақ», 1913ж. №37), «Арақ пен темекі зияны» («Қазақ», 1914ж. № 76,77), «Көз ауру (Трахома)» («Қазақ», 1915ж. №116,118) жөнінде мағлұматтар келтіріп кеткен [218].

«Қазақ» газетінің басқармасы 1914 жылы 1-нөмірінде атсалысқаны үшін алғыс айтқан 16 автордың бірі. Есенғали 1915 жылы университеттің толық курсын аяқтап, дәрігер мамандығын алып, елге оралды. Калмыков уезінде Жылықоныс ауылдық-дәрігерлік учаскесінде дәрігер болып қызмет етті. Бұл жөнінде «Қазақ» газеті 1915 жылғы 25 маусымдағы нөмірінде «Жас доктор» деген шағын мақаламен хабарлады [219].

1916 жылы Қазақстан тыл жұмысына адам алуға байланысты туындаған толқуға қатысып, алғашқы кезде еріктілер жасағын құруға атсалысты. Кейін «Қазақ» газеті бетіндегі түсінік жұмысынан соң, Алаш қайраткерлерінің соғыс жағдайындағы Уақытша үкіметке көмектесу жөніндегі үндеуін қолдады, майдандағы қазақ жастарына бас-көз болып, дәрігерлік көмек ұйымдастыруға шақыруын қабыл алды. М.Дулатов 1917 жылы наурызда «Қазақ» газеті майданға шақырылған дәрігерлерден Ә.Алдияров пен Есенғали Қасаболатовтың Минскіге келетінін хабарлады.

1917 жылы шілдедегі 1-інші жалпықазақ съезінде Құрылтай жиналысына депутаттыққа қосымша ұсынылған 43 кандидаттың тізіміне кірді. Сол жылы жазда елде земство съезін шақыру жөніндегі уездік ұйымдастыру комитетінің жұмысына қатысты, осы орайда И.Қашқынбаев, М.Балтанов бастаған топпен арада ру алакөздігінен туған қақтығысқа араласты. 1917 жылы қыркүйектен бастап Ғ.Әлібеков, Н.Ипмағамбетов, М.Х.Мырзағалиев, Ә.Әлібеков тобына қосылды. Сол шамада Ғ.Әлібековтің қызына үйленді. 1917 жылғы желтоқсандағы 2-інші жалпықазақ съезінде Алашорда Ұлт Кеңесі (Алашорда үкіметінің) мүшелігіне кандидат (мүше орынбасары) болып сайланды.

1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен 3-інші Орал облыстық Қазақ съезіндегі идеялық емес, топтық жікке бөліну тұсында Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер жақтастарына қарсы шықты. Съезден соң құрылған құрамына 13 мүше енген «Ақжол» саяси ұйымының төрағасы болды.

1918 жылы наурызда өткен Орал облыстық жұмысшы, шаруа, солдат және қазақ депутаттарының 1-інші съезіне қатысты. Сол жылы 29 наурызға қараған күні Мұфтах Меңдіғазиевтың пәтеріне заңсыз қару сақтағаны үшін М.Х.Мырзағалиев, Ә.Әлібековпен бірге жергілікті қазақтар земство управасы үкіметі тарапынан тұтқындалды. Көп ұзамай Жайық сырты қазақтарының земство управасы төрағасының орынбасары К.Жәленовтің көмегімен босатылды. Сол жылғы жазды елде өткізді.

1918 жылы күзде Самардағы Құрылтай жиналысы мүшелері комитеті (Комуч) тарапынан мойындалып, күшейе бастаған Алашорда үкіметінің қызметіне араласты.

1919 жылы қаңтарда Қаратөбе ауданында өткен Ойыл облыстық земство басқармасының съезінде Жымпиты уездік земство управасы төрағасы Б.Жанқадамовтың орынбасары болып сайланды. Сол жылы тамыз айындағы Қызыл Армияның шабуылы тұсында Алаш әскер құрамаларын толықтыру үшін құрылған комиссияны және жүзбасы Балғымбаевтың конвой командасын бастап Жымпиты, Калмыков, Тайпақ өңірінде әскерге жігіт алу жұмысын жүргізді. Батыс Алашорданы тарату кезінде Жымпитыда болды.

1920 жылдың қаңтар айының аяқ шенінде Жымпитыға келген Батыс Алашорданы тарату жөніндегі комиссияның мүшесі, Қазәсревком өкілі С.Меңдешевке кейін «Қасаболатов тобының мәлімдемесі» деп аталған мәлімдеме тапсырды. Онда Батыс Алашорда қызметі жөнінде алғашқылардың бірі болып неғұрлым толық мәлімет берді.

1920 жылдың басында М.Х.Мырзағалиев, М.Жолдыбаевпен бірге Ә.Әлібеков төрағалық еткен Жымпиты уездік ревкомының құрамына кірді. Сол жылғы 20 қаңтарда РК(б)П қатарына қабылданды.

1920 жылы көктемнен Орал губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі. Қазәсревкомның 1920 жылы 24 маусымдағы шешімімен құрамына Чеботаров (орынбасар), Почиталин, С.Қартілеуов, Н.Ипмағамбетов т.б кірген губатком құқындағы Орал губревкомының төрағасы болып тағайындалды. Орал облысындағы қазақ интеллигенттерін Кеңес мекемелеріне жұмысқа тарту жөніндегі Струппе төрағалық ететін айрықша комиссияға Қаратілеуовпен бірге мүше болды. Алайда қазақ РК(б)П облыстық бюросы сол 24 маусым күнгі мәжілісінде Қазәсревком шешімінен өзгеше шешім қабылдап, Орал губкомының және оның төралқасының төрағалығына Струппені бекітті, Есенғали Қасаболатовты губревком мүшесі етіп белгіледі. Кейінірек төралқасының төрағасы жұмысын, ал Есенғали Қасаболатов губревком төрағасы қызметін атқарып, екі шешім бірқатар уақытқа шейін қосарланып келді. Сондықтан көптеген құжатта және әдебиетте Есенғали Қасаболатов Орал губревкомы төрағасы деп көрсетіліп жүр.

1920 жылы шілдеде аталмыш төралқа шешімімен Бүкілқазақ Кеңестерінің Құрылтай съезіне дайындық комиссиясына губревком тарапынан мүше болып кірді. Осы съезде Орал облысы делегациясының ұсынуымен КАКСР ОАК мүшелігіне сайланды. Қазақ РК(б)П облысы комитеті бюросының 1921 жылғы 3 мамырдағы шешімімен Орынборға қызметке шақырылды.

1921-1922 жылдары Қазақ РК(б)П облысы комитетінде жауапты қызметте. Осы жылдары зайыбы қайтыс болғаннан кейін, белгілі дәрігер, Батыс Алашорда қайраткері Д.Күсепқалиевтың қызы Ғайни-Жамалға үйленді. 1922 жылы бұрынғы Алашордашыларға қарсы науқан тұсында 3-Қазақ өлкелік Кеңестер съезінің қаулысымен қызметтен босатылды. Қазақ РК(б)П облыс комитеті төралқасының 1922 жылғы 19 қазандағы шешімімен Бақылау комиссиясының мақұлдауымен Ішкі істер халық комиссариатына (IIXК) жұмысқа жіберілді.

1925-1928 жылдары ҚАКСР Тұтынушылар кооперациясының төрағасы. Осы қызметте жүріп кооперациялау тақырыбына «К кооперированию казахского кочевого населения» («Советская степь»,1926, 5 ноября) тәрізді бірнеше мақала жариялайды.

1928-1929 жылдары Тәркілеу және ауылды күшпен отырықшыландыру науқанына батыл қарсы шықты. Сол үшін 1929 жылы қарашада «Меңдешев тобы құрамында жікшіл күреске қатысты» деген айыппен Ф.И.Голощекин жетекшілік еткен оны Қазақ өлкелік РК(б)П комитетінің бюросы 1929 жылы қарашада қызметтен босатты. Сол жылғы желтоқсандағы мәжіліс Қасаболатовтың өзімен келісе отырып, Қазақстаннан тыс жерге жіберу жөніндегі шешім қабылданды. Көп ұзамай РК(б)П ОК-тінің қарауына шақыртылып, әуелі Саратов, соңынан Астрахан қаласына жіберілді.

1931-1932 жылдары Астрахан қаласындағы РК(б)П аудандық комитетінің хатшысы, Астрахан округтік атқару комитетінің төрағасының орынбасары болды. Негізінен ұлтаралық қатынас, ұлт мәселесімен айналысты.

1931 жылы маусым айында жаңадан ұйымдастырылып жатқан Алмат медициналық институтына қызметке шақырылып, қыркүйекте осы оқу орнының тұңғыш директоры болып тағайындалды. Қазақстанда аталмыш оқу орны арқылы маман дәрігерлер даярлауды жүйелі жолға қою ісі Қасаболатов есімімен байланысты. Ол директор болған кезеңде әзірленген кадрлар арасынан кейін академик- эпидемиолог И.Қарқұлов, академик-вирусолог Жұматов, профессор-хирург Е.Өмірзақов тәрізді білікті мамандар шықты.

1933 жылы ол «Студент жастардан ұлтшыл-контрреволюциялық топ құрды» деген желеумен директорлықтан босатылды.

1933-1935 жылдары Алматы облысындағы «Қызыл қайың» кеңшарының директоры. 1935 жылдың қазан айында РК(б)П қатарынан шығарылды.

1936 жылы мамырда РК(б)П-ға мүшелігі қалпына келтірілді. 1936-1937ж.ж. Қазақ КСР Денсаулық сақтау халкомында экономикалық жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, «Главнефть» тресі өлкелік конторы басқарушысының 2-орынбасары. «Нефтьторг» қоғамының Қазақстандағы уәкілетті өкілінің орынбасары болып жүріп, 1937 жылы 29 тамызда Алматы қаласында IIXК органдары тарапынан тұтқындалды.

1938 жылы 26 ақпанда «Мемлекеттік қылмыс жасады» деген айыппен ату жазасына кесілді. КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының 1957 жылы 7 желтоқсандағы ұйғарымымен ақталды. Соңында Хұпби-Жамал, Шафхат, Мара, Шәміл, Бану, Нинель-Нәзір, Раиса есімді ұл-қыз қалды. Республика опера және балет театрының бұрынғы әншісі Хұпби-Жамал Есенғалиқызы 2001 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. Жиен-немерелері Ғалия мен Клара ата жолын қуып, дәрігер мамандығын игерді.

Қазіргі уақытта Қасаболатовтың ұрпақтары Алматы және Қызылорда қалаларында тұрады.

Есенғали Қасаболатовтың еңбек жолын толық жазып көрсеткен Батыс Қазақстан облыстық мұражайында құжаттар сақталған [220]. Есенғали Қасаболатовтың қоғамдық-саяси қызметі мен Алаш қозғалысы арасында кейбір түсінбеушіліктер болған, ол туралы жеке ғылыми-зерттеу жұмыстарында толық жазылады деп ойлаймын. (авт. Д.С.)

Есенғали Қасаболатов – Батыс Алашорда қайраткері, алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет