Батыс Қазақстан облысы бойынша 2016 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күндер тізбегі



бет5/10
Дата24.02.2016
өлшемі2.12 Mb.
#17469
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

11 қараша ЧАМЧИЯН ВАРДАН

туғанына 100 жыл (1916-2005)


Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірі Вардан Шноркович Чамчиян 1916 жылы 11 қарашада Тбилиси қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген.

Новосібір ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін 1944-1954 жылдары Краснодар өлкесіндегі бірнеше совхоздың аға, бас агрономы болып жұмыс жасады.

1954 жылы партияның шақыруымен тың және тыңайған жерлерді игеруге Батыс Қазақстан облысына жіберіліп, Зеленов ауданы «Пермь» совхозының бас агрономы болып тағайындалды. 1957 жылдың маусымында Вардан Шноркович Чамчиян осы совхоздың директоры болып тағайындалып, оған 22 жыл бойы үздіксіз басшылық етеді.

Осы кезеңде Вардан Шнорковичтің ерекше ұйымдастырушылық қабілеті мен күш-жігерінің арқасында «Пермь» совхозы алдыңғы қатарлы көп қырлы шаруашылыққа, ал совхоз орталығы Первосответ ауылы облыстағы ең әдемі елді мекендердің біріне айналды.

Астық, азықтық дақылдар өсірудегі қол жеткен табыстары үшін 1966 жылғы маусымның 23-інде Вардан Шноркович Чамчиянға Социалистік Еңбек Ері жоғары атағы берілді.

Ауыл шаруашылығына қосқан зор үлесі үшін Вардан Шноркович Чамчиян сондай-ақ екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, Октябрь Революциясы ордендерімен марапатталып, Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы атағы берілді.

1979 жылдың қаңтарынан Вардан Шноркович Чамчиян – одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, бірақ 1990 жылға дейін ол қоғамдық белсенді қызметін жалғастырды.
ӘДЕБИЕТТЕР

1.Әжігереева Г. Шұғылалы күндердің шуағы: Чамчиян Вардан Шноркович

туралы // Орал өңірі.-2003.-2 қазан.

2.Сәбиева А. Ескерткіш тақта ашылды: Тыңгер, Социалистік Еңбек Ері

В.Ш. Чамчиянға ескерткіш тақта ашылды // Орал өңірі.-2005.-6

қыркүйек.

3.Чамчиян Вардан Шноркович: өмірдерек // Ақжайық ақберендері.-

Алматы, 2005.-146 б.

4.Чамчиян Вардан Шноркович: қазанама // Орал өңірі.-2005.-22 ақпан.

ТАЙМАНҰЛЫ ИСАТАЙ

туғанына 225 жыл (1791-1838)


Ішкі Бөкей ордасындағы қазақ шаруалары көтерілісінің басшысы Исатай Тайманұлы 1791 жылы дүниеге келген. Тегі – беріш руынан, Ағатай батырдың ұрпағы. Ел басқару ісіне ерте араласқан. Парасаттылығымен, батырлығымен, шыншылдығымен руына ғана емес, бүкіл аймаққа беделді болды. Хан оны беріш руына старшын сайлады, шұрайлы жерлерден қоныс берді, Исатай Тайманұлы сынды батырларына арқа сүйеді.

1833 жылы Жәңгір ханның Каспий жағалауындағы руларды екіге бөліп, бір жағын қайын атасы, ірі жер иленуші, саудагер Бабажанов Қарауылқожаға басқартып қойғаны халықты ашындырды. Исатай Тайманұлы Қарауылқожаның озбырлығына тыйым салуды ханнан батыл талап етті, өзі хан әкімдеріне бағынудан бас тартты. 1836 жылы 17 наурызда хан бұйрығы бойынша Қарауылқожа 500-дей қолмен Исатай батырды ұстауға шықты. Исатай Тайманұлы 200 адаммен оған қарсы аттанды. Олардан сескенген Қарауылқожа кейін қайтуға мәжбүр болды.

Исатай Тайманұлы 1836 жылы шілдеде 17 адаммен ел талабын ханға білдіруге бара жатқанда оған жол-жөнекей 100 шақты адам келіп қосылды, бұл батырдың соңына ерген алғашқы топ еді. Батыр 1836-37 жылдары Орынбор генерал-губернаторы В.А. Перовскийге, 1837 жылы 2 қарашада Жәңгір ханға жазған шағым хаттарында қара халыққа жасалған қиянаттарды атап көрсетті. Оған біраз рулардың адамдары қол қойған. Тексеру жүргізілгенімен Исатай батырдың талаптары ескерусіз қалды. Содан соң ол халықты қарулы көтеріліске бағыттады.

1836 жылдың аяқ шенінде Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы халық Қарауылқожа мен Балқы биге бағынудан бас тартты. 1837 жылдың қазанына дейін беріш, байбақты, ысық, адай, жаппас, т.б. рулардан мыңнан астам үй Исатай Тайманұлы қол астына көшіп келді. 1837 жылы 3500-дей қол жинап, ашық көтеріліске шықты да, екі жұмаға жуық хан ордасын қамауға алды. Бұл көтерілісті 1837 жылы 15 қарашада Геке басқарған 1200-дей патша әскері басып тастады. Осы соғыста Исатай Тайманұлының баласы әйелімен қаза тапты. Күші басым қарулы қолға төтеп бере алмай, М. Өтемісұлы, т.б. сенімді 40 жолдасымен түн ішінде, тосқауылды бұзып, Жайықтан өтіп кетті. Исатай Тайманұлы қайтадан 3 мыңдай қол жинады.

Кіші жүздің батыс жағындағы руларға хан болуды көксеп, Хиуа ханның көмегін күтіп жүрген Қайыпқали төремен уақытша келісті. Қайыпқалиды хан тағына отырғызу үшін емес, тек өзінің қолын нығайтып, жауды жеңудің жолын қарастыру үшін осындай келісімге келді. Жайықтың сол жағындағы елден қол жинап, шешуші айқасқа шыққан батыр қапыда жау қоршауына түсіп, ұрыс үстінде қаза тапты.
ӘДЕБИЕТТЕР

1.Айдаров М. Ақиқаттың бәрі мұрағатта тұр // Алтын Орда.-2011.-31

наурыз-6 сәуір.-25 б.

2.Дүйсенбаева Ж. Исатайдың Жайықтан өтуі // Қазақ тілі мен әдебиеті.-

2009.-№3.-104-109 б.

3.Есмағамбетов К. Исатай батыр бейіті: аңыз бен ақиқат // Қазақ

әдебиеті.-2012.-27 қаңтар.-11 б.

4.Исатай Тайманұлы: өмірдерек // Батыс Қазақстан: энциклопедия.-

Алматы, 2010.-308-309 б.

5.Өтебәлі Ғ. Арыстан еді-ау, Исатай // Алтын Орда.-2010.-16-22

желтоқсан.-18-19 б.

6.Төлеуішев Қ. «Исатай деген ағам бар» // Орал өңірі.-2010.-9 желтоқсан.-

7 б.

7.Шарафутдинов З. Ұлт ұстанымындағы тұлға // Айна.-2010.-16

қыркүйек.-7 б; Орал өңірі.-2011.-7 сәуір.-4 б.


БӨКЕЙ ХАНДЫҒЫ

орнағанына 215 жыл (1801)


Қазақ халқының тарихында 1801 жылы құрылған Бөкей хандығының алатын орны ерекше, Бөкей ханның тікелей ықпалы бойынша Жайық пен Еділ арасында Нарын құмында ту тіккен.

Алғашқы жылы бес мың үймен Жайықтың оң бетінен қоныс тепкен Бөкей хандығы кейіннен шаруашылыққа қолайлы жер іздеп, Еділдің бір саласы Қиғаш өзенінің түпкі сағасына қарай қоныс аударады.

1850 жылдары онда 50 мыңнан астам түтін немесе 250-300 мың адам болды. Бөкей хан өлгеннен кейін 1815 жылы оның заңды мұрагері – Жәңгір кәмелетке жеткенше орданы уақытша Бөкей ханның інісі Шығай сұлтан басқарады.

Орда тарихында белгілі кезең – Жәңгір ханның билік жүргізген кезеңі 1823-1845 жылдары. Жәңгір хан туған халықтың болашағы жолында көп іс тындырды.

Әсіресе, оқу-ағарту, білікті мамандар даярлау, отырықшылық, жерді құнарландыру бағытындағы қадамдары құптарлық. Көршілес Ресей, Орта Азия қалаларымен арадағы сауда-саттық жақсы дамыды. Шындығында ХІХ ғасырдың басында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынасы тек ақша ауыстыратын сарайларда ғана жүргізілген еді. Ал бөкейлікте бұл іс алғашқыда Қара өзен мен Сары өзен бойындағы шекаралықта сауда саттыққа айналып, кейін кішкене арал жанындағы Қордуан базарында одан әрі дамыды. Бөкей даласында алғашқы рет дәрігерлік көмек көрсету де осы Жәңгір ханның ықпалымен жүзеге асып, қазақ халқын тұралатқан індеттердің бетін қайтарды.

Оқу ісі, рухани тәрбие мәселесі жолға қойылып алдыңғы қатарлы, озық ойлы дара тұлғалардың қалыптасуына зор ықпал етті. Өнер саласында Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Дина сияқты жарық жұлдыздар шығып, қазақ өнері тарихының төрінен орын алды.

Кейін бұл жерден бүкіл қазақ халқының мақтанышына айналған Мұхамедсалық Бабажанов, Бақытжан Қаратаев, Жанша Досмұхамедов, Шәңгерей Бөкеев секілді небір дарынды азаматтар мен қайраткерлер шықты.

ӘДЕБИЕТТЕР

1.Ақбай Ж. Бөкей ордасы, бөкейліктер // Информбиржа.-2011.-11 тамыз.-

36 б.

2.Ақбай Ж. Еділ өңіріндегі Бөкейлік қазақтар // Орал өңірі.-2001.-2 тамыз.

3.Ижанов З. Құнарлы топыраққа түскен дән // Ана тілі.-2003.-9 маусым.

4.Қарабалин Ғ. Бөкей хандығындағы жәрмеңкелер // Орал өңірі.-1997.-15

қараша.

5.Қарабалин Ғ. Бөкей хандығының әлеуметтік-экономикалық өміріндегі

жәрмеңкелердің орны // Поиск-Ізденіс.-2000.-№2.-66-69 б.

6.Мақымов Т. Тарих тамыры үзілмейді // Орал өңірі.-1997.-30 тамыз.

7.Сариева Р. Бөкей хандығы тарихының кейбір мәселелері // Орал өңірі.-

2003.-17 сәуір.

ЖӘҢГІР ХАН

туғанына 215 жыл (1801-1845)






Кіші жүздің Әбілқайыр хандығынан бөлініп шыққан Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілқайырдың шөбересі, Нұралының немересі Бөкейұлы Жәңгір хан 1801 жылы дүниеге келген.

Әкесі Бөкей Еділ мен Жайық арасындағы елін әуелі сұлтандық дәрежеде басқарады да, кейін орыстың қазақ хандықтарын бөлшектеп, әлсірете беру саясатына орай 1812 жылы хан атағын алады. Бірақ ол хандықтың қызығын көп көре алмай, 1815 жылы қайтыс болады. Хан тағы мұрагерлік жолмен Бөкейдің артында қалған үш баласының үлкені сыртта Астрахань губернотары Андреевскийдің үйінде оқып жүруіне байланысты, ол ер жетіп, оң солын жете танығанша билікті Бөкейдің інісі Шығай сұлтан қолға алады.

Еуропалық білім алып, орысша тәрбиеленіп, хандықты әкімшілік жағынан басқару тәсілдерін үйреніп келген жас жігіт 1823 жылдан бастап билік тізгінін өз қолына алғаннан кейін, патша өкіметінің саясатын бұлжытпай орындап, Батыс Қазақстанда жүзеге асырушы қуыршақ ханның бірі болады.

Ішкі Орданың іргесі бекіп, ішкі әлеуметтік - шаруашылық жағдайы қалыптасып, нығайған тұсы 1823 - 1845 жылдары Жәңгір хан басқарған кезең болатын. Көзі ашық, көкірегі ояу, орыс, татар, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген Жәңгір Ресей үкіметінің көптеген наградаларымен марапатталып, алтын тәжбен безендірілген I дәрежелі Әулие Анна орденінің кавалері атанып, генерал - майор шеніне дейін көтерілген тұңғыш қазақ ханы.

Жәңгір 1824 жылдың күзінде Орынбор муфтиі Мұхамеджан Хусейновтың қызы Фатимаға үйленеді. Фатима европаша білім алған, тілдерді жетік меңгерген, би, музыкаға жақын болатын.

Жәңгір билік еткен кезде Еділ, Жайық өзендері мен Каспий теңізінің жағалауындағы жерлерді қазақ шаруаларының пайдалануына тиым салынады. Олардың бұл өңірлерге мал жаюға, балық аулауға қақылары болмайды. Бұған салықтың көбеюі мен бөлісінде шаруалар үлесінің кемуі келіп қосылды да, осының бәрі жиылып келіп, Бөкей ордасында Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісінің тууына әкеп соғады.

Жәңгір хан өзі билік құрып тұрған кезде елді отырықшылыққа көшіру, мектеп ашып балаларды оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Кезінде Жәңгірдің өзі де Қазан университетінің кітапханасына араб, парсы, түркі тілдерінде жазылған маңызды қолжазбаларды сыйға тартады. Оның ағартушылықты таратуға деген еңбегін құрметтеп, 1844 жылы университеттің ғылыми кеңесі Жәңгірді «Қазан университетінің құрметті мүшесі» етіп сайлайды. Жәңгір орыс басылымдарын, газет-журналдар, әртүрлі кітаптар алдырып, бай кітапхана қорын жинақтаған. Оның үйіндегі жеке кітапханасында «Северная пчела», «Отечественные записки», «Современник» басылымдары, Шинкелдің «Архитектура XIX ст.», Гогольдің «Мертвые души» кітаптары болған.

Жәңгір хан бойында жақсылығы мен жамандығы жарыса өріліп, атқарған ісінен орайына қарай осының екеуі де көрініс беріп тұратын күрделі тұлға. Жақсысын көріп, асқақтатып, аспанға шығармай, жаманын көріп, жатқа санап, жарға итермей, адамгершілікті биік парасаттылықпен тарихи бағасын берер кез енді келді деп білеміз. Қалайда Жәңгір ханның халқымыздың тарихында өзіндік орны бар екені ешқандай дау тудырмаса керек.

Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей ордасындағы хан өкіметі жойылып, басқару жүйесі қайта құрылды.
ӘДЕБИЕТТЕР

1.Аяған Е.С. Жәңгір ханның өмірбаяны мен мемлекеттік қайраткерлігі //

Білім.-2006.-№3.-78-80 б.

2.Әлімгереев Ө. Бөкей хан және оның ордасы // Алтын Орда.-2008.-17-23

қаңтар.-10-11 б.

3.Жәңгір хан // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.-Алматы, 2010.-

279-280 б.

3.Махимов Т. Жәңгір хан // Орал өңірі.-1991.-6 ақпан.

4.Тоқболат С. Жәңгір ханның ішкі саясаты // Поиск-Ізденіс.-2004.-№3.-

159-164 б.


БАЙМАҒАМБЕТОВ МҰХАМЕТЖАН

туғанына 200 жыл (1816-1896)


Генерал-майор, Кіші жүздің Орта бөлігінің билеуші сұлтаны Баймағамбетов Мұхаметжан 1816 жылы Ақтөбе уезі, Түзтөбе болысында дүниеге келген. Айшуақ ханның немересі, Әбілқайыр ханның шөбересі. Әкесі Баймағамбет сұлтанның саясаты мен қозғалысына жастайынан араласты.

Исатай Тайманұлы көтерілісін басуға қатысқаны үшін оған 1839 жылы хорунжий, Хиуа жорығына аттанған әкесінің орнына Батыс бөліктің (қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау облыстары) өкімі міндетін атқарғаны үшін 1841 жылы сотник дәрежесі берілді. 1847 жылы Әулие Анна, 1857 жылы Әулие Станислав ордендерімен марапатталып, өмірінің ақырында 1- дәрежелі «Анна» орденіне дейінгі Ресейдің жоғары наградаларына ие болды. 8-қазақ дистанциясының бастығы қызметін атқарды. 1846 жылы Маңғыстауда Ново-Петровск бекінісін (қазіргі Форт-Шевченко қаласы) салу кезінде жүк жеткізуге көмегі үшін әскери старшина, 1853 жылы орыс әскерінің Ақмешіт жорығына қатысып, қоқандықтардың қазақ жеріне салған бекінісіне шабуыл кезіндегі ерлігі үшін подполковник шенін иеленді. 1855 жылы 15 желтоқсанда Орынбор әкімшілігінің ұйғарымымен Кіші жүздің Орта бөлігінің екімі қызметіне кірісіп, Ветлянск форпостына ордасын тікті. Әлденеше рет Петербург пен Мәскеуде болып, орыс патшаларына тікелей танылды. 1847 жылы әкесі Баймағамбет сұлтанның нөкерінде болғанда I Николайдың, 1859 жылы құрамында күйші Дәулеткерей, батыр Есет Көтібарұлы секілді белгілі адамдар депутациясымен барғанда II Александрдың қабылдауында болды. 1869 жылы өкім қызметінен отставкаға шықты. Оған 1200 рубльдік зейнетақы тағайындалды. Түрлі әскери жөрықтарға қатысқаны, ел басқарудағы еңбегіне орай генерал-майор атағын алды. 1891 жылы болашақ император, ханзада II Николайдың Орынборға, Оралға келген сапарында ел ақсақалы ретінде қазақ тілінде құттыктау сөз сөйледі.
ӘДЕБИЕТТЕР

1.Баймағамбетов Мұхаметжан: өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы:

энциклопедия.-Алматы, 2010.-169-170 б.

2.Жоғары әскери шен алған қазақтар // Қазақстан сарбазы.-2004.-29

қазан.

Бөкей ордасы ауданындағы Орда ауылының

іргесі қаланғанына 190 жыл (1826)


1826 жылы Бөкей ордасының әкімшілік орталығы Орда қаласы (Ханқала) салынды. Бөкей ордасын жан-жағынан орыс әскерлерінің бекініс шептері қоршап жатты. Жәңгірден кейін Орда билігі балалары – Сақыпкерейге (1845-47), Ыбырайымға (1849) көшті. 1873 жылы Бөкей ұрпақтарына Ресей үкіметі тарапынан ресми түрде Шыңғыс княздары атағы, дербес герб берілді.

Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда, мұнда тауарлы-ақша қатынасы басымырақ өркендеді. Бірқатар обьективті жағдайларға байланысты Орданың тыныс-тіршілігі Ресей экономикасының, мәдениетінің, оқу-ағарту ісінің, тұрмыс-салтының ықпал-әсерінде дамыды. Ол процесс Қазақстанның өзге аудандарына қарағанда анағұрлым айқынырақ байқалды.

Бөкей ордасында егіншілік жанданды. 1841 жылы Хан ордасында бастауыш орыс-қазақ мектебі ашылды. 1844 жылы Жергілікті қазақ жастарын оқыту үшін Ресейдің жоғары оқу орындарынан вакансиялар берілді. Сирек кездесетін экспонаттардан қару-жарақ бөлмесі ұйымдастырылды. Көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарға арналған дәрігерлік пункт пен аптека салынды.

Бөкей ордасы жерінде 1836-37 жылдары Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс болды. 1845 жылы Жәңгір қайтыс болғаннан кейін хандық өкімет жойылды. Хандықтың орнына Ішкі орданы басқару жөніндегі уақытша кеңес құрылып, оған патша шенеуніктері басшылық етті. 20 ғасырдың басында Бөкей ордасы демократиялық ой-пікір мен Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс орталықтарының біріне айналды. Ал 20 жылдардың соңында кеңес үкіметінің аймақты өзіндік әкімшілік бөліктерге бөлуімен байланысты Бөкей орданың географиялық атауы біраз уақытқа дейін жойылды.



ӘДЕБИЕТТЕР

1.Аспандияров Б. Бөкей Ордасы қалай құрылды? // Парасат.-2003.-№6.-18-

20 б.

2.Әлімқұлова Н. Бөкей ордасының құрылуы // Қазақстан тарихы:

әдістемелік журнал.-2006.-№1.-52-54 б.

3.Белдеубайұлы Д. Тарихта Бөкей ордасының орны бөлек // Орал өңірі.-

2001.-26 шілде.

4.Бөкей ордасы // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия.-Алматы,

2010.-202 б.

5.Кенжеғалиева Ә. Орда тарихқа бай аймақ // Жайық үні.-2006.-11

мамыр.-6 б.

Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің

басталғанына 180 жыл (1836-1838).


1836-1838 жылдары Бөкей хандығында аса ірі халық-азаттық көтерілістерінің бірі болып өтті. Ол көтерілістің басты себебі жердің жетіспеушілігі еді. Мәселен, Ішкі Ордадағы 20 мыңға жуық отбасы шаруашылығы жер тапшылығынан зардап шекті. Ең жақын шұрайлы жерлердің бәрін де ірі помещиктер мен байлар өзара бөлісіп алып қойған болатын. Қатардағы қарапайым қазақтар жерді солардан жалға алып пайдаланды. Қазақ ақсүйектері орыс помещиктерінен жалға алған жерлерді өздерінің жеке қалауы бойынша қазақ ауылдарына көтеріңкі қымбат бағаға тағы да қайыра жалға беріп отырды. Сөйтіп қазақтардан әр түрлі айыппұлдар мен алым-салықты еселеп алып тұрды.

Ресей помещиктері Юсупов пен Безбородконың Каспий теңізі жағасында көлемі орасан зор жер телімдері болды. Жайық әскери кеңесі Үлкен және Кіші Өзен бойындағы және Қамыс-Самара көлдерінің төңірегіндегі жерлерді өз пайдасына басып алды. Жайық бойындағы жерлерді Жайық қазақ әскерлері иемденді. Қазақтардың кесіп өтіп, жағалаудағы жайылымдарды пайдалануына қатаң тыйым салынды. Далалық қазақтар ішкі жақ бетке, ішкі жақ қазақтары далалық сыртқы жақ бетке өте алмады. Жердің жеткіліксіздігі салдарынан қазақтар жерді Астрахан губерниясының шаруаларынан, Жайық қазақтарынан, жер иеленуші ірі помещиктер мен қазақ байларынан қымбат бағамен жалға алып пайдалануға мәжбүр болды.



1836 жылы халық көтерілісі басталды. Оның қозғаушы күші қатардағы бақташы қазақтар болды. Көтеріліс туының астына бірқатар старшындар да жиналды. Сұлтандар мұның ақыры не болар екен деп, әліптің артын бағып, бейтарап қалды немесе көтерілісшілерге қарсы шықты.

Халық көтерілісін елге белгілі беделді батырлар Исатай Тайманұлы (1791-1838) мен Махамбет Өтемісұлы (1803-1846) басқарды. Оның екеуі де беріш руының жайық атасынан болатын.

Исатай Тайманұлы 1791 жылы дүниеге келген. 1808 жылы Жайықтың сол жағалауында қатты ашаршылық болған кезде оның руы жақсы жағдай іздеп, Ішкі Ордаға өтіп кетуге мәжбүр болған еді. Исатай 21 жасында өз руының жайық атасына старшын болып тағайындалады. Ол өз қандастарының арасында орасан зор бедел мен сый-құрметке бөленді.

Исатай Тайманұлының ең жақын серігі ақын Махамбет Өтемісұлы болды. Ол татар және орыс тілдерін жақсы білетін. Біраз уақыт Орынбор қаласында тұрған. Махамбет Өтемісұлы белгілі орыс жазушысы әрі этнографы В. И. Дальмен жақсы таныс болды. В.И. Даль Орынбор генерал-губернаторының жанындағы ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік қызметін атқаратын. Махамбет саяхатшы ғалым Г.С. Карелинмен де тығыз қарым-қатынас жасап тұрған. Г.С. Карелин әр кездері Ішкі Ордада және Орынборда қызмет істеген болатын.

1836 жылғы ақпанда көтерілісшілер Жәңгір ханға қарсы ашық- таншық шабуылға шықты. Мұның басты себебі Исатай Тайманұлының Хан ордасына қыр көрсетуі болды. Ол ханның шақыруына барудан үзілді-кесілді бас тартты. Оның үстіне, өзіне қарасты ауылдарды қыстаудан көшіріп алып, көтерілісшілердің үлкен жасағын топтастырды.

1836 жылғы көктемде көтерілісшілер қосынына Қарауылқожа Бабажанұлы бастаған қарулы хан жасағы жақын келді. Оған қарсы Исатай Тайманұлы жақсы қаруланған 200 жігітті өзі бастап шықты. Ол қолына ту ұстап шығып еді. Қарсыласын жекпе-жек шайқасқа шақырды. Бірақ Қарауылқожа Бабажанұлы да, оның төңірегіндегілер де жекпе-жек шайқастан бас тартты, батырдың ұсынысын қабыл алмады. Хан жасағы үлкен шайқасқа шығуға бата алмай шегініп кетті.

Жәңгір хан мен оның төңірегіндегілер Исатайға жала жабуға көшті. Бір барымта кезінде сойылға жығылып қаза тапқан бір жылқышы қарттың өліміне Исатайдың және оның адамдарының қатысы бар дегенді дәлелдеуге тырысты. Исатай Тайманұлы бұл жаланы Жәңгір ханның келісімімен Қарауылқожаның ұйымдастырғанын жақсы түсінді. Қарауылқожаның үстінен Жәңгір ханға шағым түсіру ұйғарылды.

1836 және 1837 жылдары шағым мен петиция беру арқылы Исатай Тайманұлы Жәңгір хан және оның төңірегіндегі жандайшаптарды қалың көпшіліктін көз алдында әшкерелемек болды. Шағым-петиция жолдау жаппай наразылық шеруіне ұласты. Мұндай алғашқы шеруге 1836 жылы өте көп адам қатысты, Жәңгір хан халықтың қаһарынан шошып кетті. Исатай батыр халық қалың жиналған Толыбай шатқалында өз өтінішін табыс етті. Жәңгір хан оның айтқан талаптарын түгел тындап шығып, қордаланып қалған проблемаларды 12 күннің ішінде шешуге уәде берді. Бірақ ол уәдесінде тұрмады. Сөйтіп Жәңгір хан халық алдындағы беделінен айырыла бастады.

1836 жылдың күзінде Исатай Тайманұлы әр түрлі рулардың ауылдарын аралап жүріп, Жайық қазақ әскерлерінің иемденіп отырған жерлерін өз беттерінше тартып алуға шақырды. Көтеріліс көсемінің халық арасындағы беделі мен абыройы күн санап арта берді. Көтерілісшілер хан жасағына есеңгірете тойтарыс берді. Ханның төңіресіндегі жандайшаптардың бірі би Б. Құдайбергенұлы серкеш руының қазақтарына шабуыл жасады. Серкештер көтерілісшілердің жағында еді. Исатай серкештерге шабуыл жасағандарды жазалау үшін құрамында 270 сарбазы бар қарулы жасақты жұмсады. Олар әлгі бидің ауылын шауып, толық күйзелтіп кетті.

1837 жылдың бас кезінде көтерілісшілерге байбақты руының бе- делді старшыны Жүніс Жантеліұлының қолы келіп қосылды. Енді көтеріліс аумағының шекарасы кеңейе түсті. Көтерілісшілердің қатары да ұдайы арта берді. Көтеріліс ауқымынан қауіптенген Орынбор шекара комиссиясы Исатай Таймановты ұстап алып, ісін сотта карауға тапсырма береді. Бұған қарсы көтерілісшілердің басшысы генерал-губернатор В.А. Перовскийге шағым жасады. Өлке басшысының қазақтарға деген көзқарасы жаман емес еді. Бірде үйлену тойын өткізіп жатқан қазақтарға шабуыл жасап, тонап кеткені үшін Перовскийдің жүзбасы Бухматов пен бір топ қазақты мың адамдық саптың ортасынан өткізе дүре соққызып, оларды әскери қызметтен біржола қуып жібергені белгілі болатын. Бірақ ол өлке билеушісі ретінде патша үкіметінің отаршылдық саясатын жүргізді.

1837 жылдың жазы мен күзінде көтерілісшілер ірі байлардың ауылдарына шабуылды күшейтті. Сол жылы күзде құрамында 200 сарбазы бар жасақ Қарауылқожа Бабажанұлының ауылын шауып, құл-талқан етіп кетті. 50 адам, соның ішінде 2 сұлтан тұтқынға алынды. Көтерілісшілердің елеулі күші бірте-бірте Хан ордасына жақындап келе жатты. Көтерілісшілер Жәңгір ханды жақтаушылардың мал-мүлкі мен шұрайлы жайылымдарын басып алумен болды.

Жазалаушы отрядтың әскери-техникалық тұрғыдан басымдығы бірден байқалды. 1838 жылғы 2 шілде күні Қиыл және Ақбұлақ өзендерінің бойында көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында шешуші шайқас өтті. Оның барысында көтерілістің басшысы Исатай Тайманұлы қаза тапты. Көтерілісшілердің қалған тобы кейін шегініп, дала қойнауына сіңіп кетті. Жазалаушы әскер олардың соңынан қуғын ұйымдастырды. Шайқаста көтерілісшілерден 80-ге жуық адам қаза тапты.

Исатай Тайманұлының қазасынан кейін көтеріліс бәсең тарта бастады. Жекелеген жасақтар Төменгі Жайық шекара шебіне таяу жерлерде, Ойыл өзенінің бойында ғана іс-қимыл көрсетіп жүрді.

Махамбет Өтемісұлы біраз уақыт бой тасалап, жасырынып жүруге мәжбүр болды. Кейінірек қазақтарды Жәңгір ханға және патша үкіметіне қарсы көтерілуге үгіттеді. 1845 жылы билеуші-сұлтан Баймағамбет Айшуақұлының адамдарымен қақтығыс кезінде қапылыста қазаға ұшырады.



ӘДЕБИЕТТЕР

1.Айтбай Р.Т. Исатай мен Махамбет бастаған халық-азаттық

көтерілісінің ауызша тарих айту дәстүрі туындыларында жырлануы:

// Қайнар университетінің хабаршысы.- 2010.- №3/2.-16-20 б.

2.Ғабитова Э. Тарихи шығармалар сипаты // Жұлдыз.-2008.-№2.-153-160б.

3.Құрманалин С."Атадан туған ардақты ер": [Ұлт-азаттық қозғалыстар

тарихындағы Исатай мен Махамбеттің орны // Орал өңірі.-2012.-18

қазан.-16 б.

4.Сәрсембина Б. "Қазақтың қара жұртын быт-шыт қылған, төре

емессің, төбетсің дым білмеген...": [Исатай мен Махамбет

көтерілісі]// Жас Алаш.- 2012.- 22

қараша.-3 б.

5.Төлегенова С. 1836-38 жылдардағы Ішкі (Бөкей) ордасындағы Исатай,

Махамбет бастаған қозғалыс // Қазақстан тарихы: Әдістемелік

журнал.- 2008.-№1.-49-53 б.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет