Қажетті құрал-жабдықтар және реактивтер: натрий арсениті мен арсенаты ерітінділері, күкіртсутек ағыны, аммоний сульфиді және полисульфиді ерітінділері, тұз қышқылы, электр плитасы.
1. Күшән (ІІІ, V) сульфидтерін алу. Натрий арсениті мен арсенаты ерітінділеріне күкіртсутек ағынын жіберіңдер (алынған заттың жартысын алдағы тәжірибелерге сақтаңдар). Не байқалады? Сол тұздардың қышқылданған ерітінділерімен тәжірибені қайталаңдар. Бұл жағдайда не байқалады? Реакция теңдеулерін жазып, байқалатын құбылыстарды түсіндіріңдер.
2. Күшән (ІІІ, V) тиотұздарын алу және олардың қасиеттері. Алдыңғы тәжірибеде алынған күшән сульфидтерін сүзіп алып, олардың аммоний сульфиді мен полисульфидінде ерігіштігін тексеріңдер. Не байқалады? Реакция теңдеулерін жазыңдар. Тиотұздар ертінділеріне тұз қышқылының артық мөлшерін құйып, қайнатыңдар. Неге қайтадан тұнба түзіледі? Сүрме, висмут сульфидтерін қалай алуға болады? Сүрме, висмут сульфидтері аммоний сульфидінде және полисульфидінде ери ме? Не себептен висмут сульфиді тиотұздар түзбейді? Мүмкін болатын реакция теңдеулерін жазып, оларды түсіндіріңдер.
Қажетті құрал-жабдықтар мен реактивтер: күшән қышқылының концентрлі ерітіндісі, газ күйіндегі аммиак, сүрме сульфаты, кептіргіш шкаф, висмут (ІІІ) оксиді, тұз қышқылы (d=1,05 г/см3), электр плитасы, сүзуге арналған қондырғы, Гуч отбақырашы, калий йодиді ерітіндісі.
1. Аммоний арсенатын (NH4)3AsO4 алу. Мүмкіндігінше күшән қышқылының концентрлі ерітіндісін газ тәрізді аммиакпен қанықтырады, сонда әдемі кристалдар түрінде аммоний арсенаты түзіледі. Күшән қышқылының аммиакпен әрекеттесу реакциясының теңдеуін жазыңдар. Түзілген аммоний арсенатының кристалдары ауада неге ұшырайды? Тұздың сулы ерітіндісін қыздырғанда қандай өзгерістер байқалады?