Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)



бет3/11
Дата09.06.2016
өлшемі0.65 Mb.
#124789
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

БИІК ТҰЛҒА

Бейсенбай Кенжебаев 1921-1925 жылдары Москвада – Шығыс еңбекшілері Коммунистік Университетінде, одан кейін 1938-1940 жылдары М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқып, білім алады. 1939-1942 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы Мемлекеттік Ұлттық университеті журналистика факультетінде оқиды.

Ал, 1925-1928 жылдары «Жас қайрат» газеті мен «Лениншіл жас» журналы редакторының орынбасары болады. Содан кейін қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарады. Сондай-ақ ол «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Павлодар облыстық «Кеңес туы» газеті мен Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерін ұйымдастырушы әрі тұңғыш редакторы. 1941-1944 жылдары Қазақстан Мемлекеттік Біріккен баспасының бас редакторы. Содан 1944 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне педагогтік қызметке келеді. Аға оқытушы, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, кафедра меңгерушісі, профессоры, кеңесші профессор атағына ие болады.

Б.Кенжебаевтың сыншылық-ғалымдық жолы сонау 1925 жылы Шығыс еңбекшілері Коммунистік Университетінде оқып жүргенде «Еңбекші қазақ» газетінің 359-360 нөмірлерінде жарияланған «Абай – қазақтың ұлы ақыны» атты мақаласынан басталады. Кейіннен бұл тақырып орыс және қазақ тілдерінде М.Әуезовпен бірігіп жазған «Абай - қазақ халқының реалистік әдебиетінің негізін салушы» деген сияқты күрделі еңбектерге ұласқаны белгілі. Ол 1946 жылы «Сұлтанмахмұттың ақындығы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған.

Б.Кенжебаев қазақ әдебиеті тарихын көне дәуірлерден бастау керектігін қырқыншы, алпысыншы жылдарда әр қырынан келіп алғаш айтқан ғалым. Ол «Асау жүрек», «Шұғылалы күндер суреті» атты деректі көркем шығармалар жазған жазушы да. Сондай-ақ ол аудармашы да. Мәселен, Д.Панфиловтың «Бейбітшілік үшін күрес», Б.Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз», Ф.Гладковтың «Балалық шақ», Мальцевтың «Шын жүректен» секілді шығармаларын әлем жазушыларының көптеген әңгіме, новеллаларын қазақ тіліне аударып, жоғары баға алған.

Жалпы, Б.Кенжебаев оқырманға алғаш рет ел өмірінен жазған хабарларымен көріне бастаған. Осыған орай оның «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 10-маусымдағы нөмірінде «Қалың мал» атты мақаласы жарық көреді. Келесі жылы осы газетте автордың «Артық етемін деп тыртық ету жарамайды» деген мақаласы жарияланды.

Жоғарыда айтқанымыздай Б.Кенжебаев жиырмасыншы жылдардың соңы мен отызыншы жылдардың басында «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары, «Еңбекші қазақ» газеті редакторының орынбасары, Павлодар облыстық «Кеңес туы» газетінің редакторы міндеттерін атқарған. Міне, осы кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде ұлт тілі жайында біраз айтыс-тартыс болған. Осыған орай 1933 жылы ол өзінің «Қазақ тілі туралы» және «Тағы да қазақ тілі туралы» деген екі мақаласын баспасөз бетіне жариялатады.

Мәселен, оның алғашқы «Қазақ тілі туралы» деп аталатын мақаласы Мұстафа Қайназарұлы деген автордың «Қазақ тілін өркендетуге басшылық күшейтілсін” деген полемикасына қарсы жазылған дүние. Мәселен, М.Қайназарұлы өз мақаласында: “Социализм бүтін жер жүзінде жеңіп “әбден орнығып, қалыптасып кеткен уақытта ұлт тілдері ақсап, бір ортақ тілге айналып кетуі сөзсіз” деген Сталин нұсқауын жүзеге асыра беру бағытын ұстауымыз керек. Шет тілдерді үйренуді күшейту керек, әсіресе, орыс тілін үйренуге ерекше зер салу қажет. Жалпы, пролетариат мәдениетіне жетуде бұл тілдің көп себебі тиеді”,- деп жазады.

Ал, бұл мақала туралы Б.Кенжебаев: “...Мұстафа жолдас мақаласында не қазақ тілін өркендету туралы, не қазақ тілін өркендетуге басшылықты күшейту туралы ешбір салалы пікір айтпаған, сара жол көрсетпеген. Оның орнына өзі сезіп - сезінбесін, бір жерде бас десе, екінші жерде құлақ деген құр сапырушылыққа салынған»,- деп тойтарыс беріпті. Содан кейін М.Қайназарұлының әлгіндей солақай пікірлерін алға тарта отырып: «Мұның мәнісі не болады? Мұның мәнісі солақайланғандық болады. Мұстафаның солшыл пікірі ұлы орысшылардың отына май құяды. Өте зиянды пікір.

Ұлы орысшылар социализм болғанда барлық ұлт бірігіп кетеді. Олардың тілдері де бір болады – жалпы тіл болады. Олай болса, ұлт айырмасын жоғалтатын мезгіл жетті, бұрынғы езілген ұлттар мәдениетінің өркендеуіне жәрдем беру саясатынан бас тартатын мезгіл жетті дейді”,- деп солақай пікірдің астарын әшкерелейді.

Б.Кенжебаев баспасөз ісінің теориясы мен тәжірибесінің өзекті мәселелерін шешуге де араласып, жергілікті халыққа баспасөздің мәнін түсіндіруге атсалысқан. Бұл тұрғыда ол қабырға газеттерінің жұмысын жандандыру мақсатымен ауылда қабырға газетін қалай шығару керек” деген кітап жазады.

Б.Кенжебаевтың алғашқы ғылыми-зерттеу еңбегі – “Сұлтанмахмұттың ақындығы” деп аталады. Осы тұрғыда оның Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әдеби мұрасын зерттеу жолындағы бастан кешкен қиындықтарына тоқталмай кетуге болмайды. Алдымен, ол жоғарыда аталған еңбегі үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысына ілікті. Одан соң “Б.Кенжебаевтың, С.Торайғыров творчествосын зерттеудегі қателіктері” деген арнайы мақала да жазылды. Бұл туралы ғалым өзінің күнделігінде: “Мен өзім әлеуметтік өмірімде сынға, талқыға көп түстім. Әсіресе, қырқыншы, елуінші жылдары, жиырма жыл бойына дерлік үздіксіз орынды-орынсыз сыналып, айыпталып, соққы көріп жүрдім”,- деп жазды.

Мысалы, “Социалистік Қазақстан” газеті 1952 жылы наурыз айында жариялаған “Б.Кенжебаевтың өрескел қателері” деген мақаласында былай деп жазды:

“Б.Кенжебаев өзінің бұл ұлтшылдық бағыттағы өрескел қателері талай рет қайталанып көрсетілсе де, ол баспасөз бетіндегі мұндай пікірлерге күні бүгінге дейін құлақ аспай, қателіктерін түзетуге тырыспай келеді. Тіпті, қателіктерін мойындауды қажетсінбейді. Бірақ оның мұндай орынсыз “қайсарлығына” Совет жұртшылығы төзе бермейді” (№72, 25-наурыз.).

Бір жылдан кейін 1953 жылы наурыз айында аудандық, қалалық партия комитеттері мені партия қатарынан шығарды. Қазақтың мемлекеттік Университеті қызметтен босатты.

Осыдан мен тоғыз ай қызметсіз отырдым, жау деп ешбір мекеме қызметке алмады. Ешбір газет-журнал жазғандарымды баспады. Бірқатар жолдастар маған жоламай кетті”,- деп жазады.

“Социалистік Қазақстан” газетінің 1951 жылғы 17 қарашадағы санында Б.Қорқытов пен Ә.Досбаевтың “Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудегі өрескел қателер” атты көлемді мақалалары жарияланғанын айттық. Бұл материалда Х.Бекхожиннің “Дала уалаяты” ­ - қазақтың тұңғыш газеті” деген кандидаттық диссертациясын және Б.Кенжебаевтың “Қазақ баспасөзінің тарихынан” атты кітабын сынайды.

“Б.Кенжебаев буржуазиялық, ұлтшыл бағыттағы газеттер (“Қазақ”, “Серке”, т.б.) жөнінде құлшына баяндайды, алашордашылардың 13 газетінің атын тізеді (24-25-беттер). Бұл-бұл ма автор алашордашылардың орталық органы “Сарыарқа” газетінің совет үкіметіне, оның ұлт саясатына қарсы жазған контрреволюциялық, жалақорлық мақаласынан бір құлаш цитатты келтіреді. Сөйтіп, контрреволюциялық идеяға трибуна береді”.

Авторлар одан әрі Б.Кенжебаевтың “Айқап” журналы төңірегінде қозғаған мәселелеріне тоқталады. Яғни, “Айқап” журналының мазмұнын, ұстаған бағытын, идеясын баяндауында оны халықты ұйқысынан оятты, халықтың ұлттық сана-сезімін, теңдік-бостандық үмітін оятты, шаруашылығы мен мәдениетін дамытты. Саяси белсенділігін көтерді” (16-бет),- деп асыра баға береді, журналдың таптық бағытын марксистік тұрғыдан ашып көрсетпейді, оның керісінше, бұл журнал “қазақтың кедейлері мен жарлы-жақыбайларының” пікірін білдірді, мүддесін көздеді деп “Айқап” журналының идеялық мазмұны жөнінде жұртшылықты шатастыратын тарихи шындыққа жатпайтын қортынды жасайды”,- деп сынады.

Алайда, осының барлығына қарамастан, Б.Кенжебаевтың сол кездің өзінде-ақ “Айқап” журналы туралы өте бір білгірлікпен жазған төмендегі пікіріне күні бүгінге дейін ешкімнің таласы болмауы керек. “Айқап” 1911 жылғы 6-санындағы “Бізге не істеу керек?” деген бас мақаласында ашық айтты: 1) отырықшы болып, қала салу, жерден қол үзіп қалмау;

2) мектеп, медресе салып, оқу, мәдениетке жетілу керек;

3) дін жұмысын өз қолымызға алу – мүфті сайлау керек;

4) мемлекет думасында мүддемізді айтып, сөзімізді өкіметке жеткізіп отыратын депутаттарымыз болу керек;

5)Петербурда өкіліміз болу керек, ол сонда біздің ісімізді жүргізіп, өткізіп отыру керек деді.

Сондай-ақ, “Айқап” журналы қазақ арасындағы бектік-феодалдық қоғам қалдықтарына, ескі ғұрып-әдеттерге, жалқаулыққа, надандыққа, партиягершілікке қарсы күресті. Жаңаны, жақсыны дәріптеді. Орыс халқының мәдениетін үлгі етті.

Бұдан соң Б.Кенжебаев “Журналист Мұхамеджан Сералин” деген еңбек жазады. Оған енді сол кездегі жас ғалым Т.Қожакеев “Журналист туралы кітапша”1 атты мақаласын арнайды.

Мақалада автор Б.Кенжебаевтың Мұхамеджан Сералиннің, әсіресе, Қазан төңкерісінен кейінгі қызметінен, одан кейін әр түрлі жауапты қызметтер атқарғандығын, оның әдеби шығармаларына көбірек тоқталғандығын айта келіп, мынадай сыни пікір де айтады:

Мұхамеджан Сералиннің журналистік қабілеті Қазан төңкерісінен кейін ғана жақсы қырынан көрінетіндігін, оның “Айқап” журналында небары 40 шақты ғана материал жарияланғандығын, “Ауыл” газетінің он бір нөмірінде он бес мақаласы басылғанын, яғни М.Сералиннің журналистік қызметіне толығырақ, молырақ тоқталу керектігін, осы кезеңнің кітапшада үстірт жазылғандығына тоқталады. Және де сол кезде жазған публицистикалық шығармаларына кеңірек талдау жасап, олардың сипаты, сыр, мазмұнын, оқушыға тереңірек аңғартқаны жөн еді”,- дейді. Ал келтірілген деректерге сүйенетін болсақ, одан әрі Б.Кенжебаевтың, Мұхаметжанның “Ауыл” газетінде жарияланған екі-үш мақаласына ғана пікір айтылғандығы оның “Ұшқын”, “Еңбекші қазақ” газеттеріндегі жазғандары тіпті сөз болмағанын, келешекте публицистік қызметінің осы кезеңі тереңірек зерттелу керектігін тілге тиек етеді.

М.Сералин туралы болашақта жазылатын еңбектерге айтылатын бір тілек, - дейді ол оның журналистік қызметі “Айқап” журналы мен “Қазақ” газеті арасындағы күрес үстінде, тартыс-талас процесінде көрсетілсе,- деп Т.Қожакеев өз мақаласында Бейсенбай Кенжебаевтың, Мұхамеджан Сералиннің сол кезде ұстанған бағытын, айтыс мақалаларын, оның айқын позициясын ашу қажеттігіне баса назар аударады.

Ал, Б.Кенжебаевтың “Жылдар жемісі” деп аталатын екінші бір кітабы болса, әр жылдары жазған сын мақалалары мен очерктері енген жинақ екі бөлімнен тұрады. “Шығарма шырайы” аталған бірінші бөлімде қазақ әдебиетінің қалыптасып, дамуында өзіндік рөл атқарған “Қалың мал”, “Тар жол тайғақ кешу” сияқты туындылар сөз болады. Ал, “Қаламдастар, замандастар” бөлімінде өзі көзін көрген, қызметтес, пікірлес болған әдебиетіміздің ірі қайраткерлері туралы естеліктер айтылады.

Әуелі Б.Кенжебаев қазақ әдебиетінің қалыптасуында кеңірек сөз болған қазақтың тұңғыш романы деп келген Спандияр Көбеевтің “Қалың мал” романына зерттеу жүргізеді.

Революциядан бұрын Спандияр Көбеев “Қалың мал” романын жазған кезде қазақтың ақындары арасында, баспасөзінде халыққа түсініксіз, жат, ескі араб, парсы, шағатай тілдерінің сарқыны бар еді. Ақын, жазушылардың бірқатары шығармаларын сол тілдегі сөздерді неғұрлым көбірек жазуға тырысушы еді, бұл өзі бір салт, сән сияқты болған ,- дейді автор.

Алайда, сол кезде белең алған шолақ үрдіске қарамай, Спандияр Көбеевтің романды қазақ тілінде, яғни халықтың сөз мәдениетін, сөзді әшекейлеу, сөздік қорды тереңірек пайдаланғанын тілге тиек етеді. Сондай-ақ С.Көбеевтің қазақтың мақал-мәтелдерін шығармада орынды қолданғанын келтіреді.

“Ат сатсаң, ауылыңмен”, “Бәтуамен кескен бармақ ауырмайды”, “Ит жегенше, иесі жесін” , “Сөз сөзден туады”, “Бітер істің басына, жақсы келер қасына”, “Орамал тонға жарамайды, жолға жарайды” сияқты т.б. нақыл сөздерге жүгінетінін айта келіп, романда жазушының тілі жатық, оқушы сүйсініп оқитындығын айтады. Сонан соң Спандияр Көбеевтің бірді-екілі мақалды дұрыс халық аузында айтылған қалпында келтірмегендігін қынжылады баяндайды. Оны мына мысалдан көруге болады: “Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ” деген мақалды “Күш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ” деп келтіреді. Күші қазандай қайнаса, күресуге дәрмені-күші болады ғой. Ал, мақал іші қазандай қайнап, күресуге дәрмен күші болмағанды айтады. Сонымен қатар шығармада жергілікті, кәсіптік сөздер мен сөйлемдерді біраз кірістіргендігін баяндайды. Олар: “Мазақ”, “Тіске сызды болғандай”, “Бие бауда”, “Кіледі қоюдың өзі бір сүре болды”, “Сенек”, “Әптер-тәптер”, “Кібіт” т.б. Осы сөздердің орынсыз қолданғандығын, оның оқушыны жаңылыстыратындығын айтады.

Жалпы, Б.Кенжебаев бұл шығарманы зерттеуде жоғарыдағыдай бірді-екілі кемшіліктері болғанымен, “Қалың мал” романы қазақтың сол замандағы көптеген жастарына, ұлдары мен қыздарына зор әсер еткендігін, ой-санасын оятып, ескілікке, ескі ғұрып-әдетке, дәстүрге қарсы күреске, қазақ әйелінің бас бостандығы, теңдігі үшін күреске (кешегі Кеңес саясаты осылай жаздырушы еді ғой) құлшындыратындығын әсерлі жазған.

Бұдан біз зерттеушінің қай шығарманы болсын терең талдап, зерделі оймен оқушы қауымға ой айтатындығын, қаламының ұшқырлығын байқаймыз.

Қазақ әдебиетін дамытуда Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол тайғақ кешуінің” тарихи маңызы зор екендігін жұртшылық танығаны ақиқат. Солай бола тұрса да, бір өкінішті нәрсе, кейбір еңбектердегі жалпылама сипаттамалар болмаса, “Тар жол...” туралы арнайы монография, ғылыми терең, жан-жақты зерттелген еңбек әлі жазылмаған деген пікір айтады Б.Кенжебаев жоғарыдағы “Жылдар жемісі” аталатын кітабында.

“Тар жол тайғақ кешудің” – дейді ол, - көркем әдебиеттің қай жанрына жататынын әңгімелеуде үлкен негіз бар. Себебі бұл туынды роман ба, әлде тарихи еңбек пе, - соны осы шығарма жөніндегі әдеби зерттеулер тап басып, дәл айтпайды. Ал онсыз шығарманың тарихи орнын белгілеу қиын.

Сәкен творчествосын көбірек зерттегендер – академик, жазушы Сәбит Мұқанов пен ф.ғ.д., профессор Есмағамбет Ысмайлов, профессор Тұрсынбек Кәкішев... олардың сын зерттеу еңбектерінде Сәкен Сейфуллиннің революциялық қызметі мен творчествосы, оның қазақ әдебиетінің іргетасын қалауындағы рөлі дұрыс бағаланады. Ал, “Тар жол тайғақ кешудің” жанрын анықтауға келгенде тап баспайды,- дейді автор.

Содан кейін Сәкен кітабында өзінің бүкіл өмірбаянын қамтымайды, тек бір дәуірде ғана басынан өткендерін баяндайды. Және ол өзі тікелей қатынаспаған оқиғаларды да суреттейді. Қазақстанда 1916-1919 жылдары болған бірсыпыра тарихи оқиғалар туралы сөз етеді, пікір-тұжырым айтады.

Сәкен өзі қатынасқан оқиғаларды болсын, өзі қатынаспаған оқиғаларды болсын жалаң мемуар, мақала стилінде суреттемей, көркем шығарма стилінде суреттейді, оның кітабының көп жері фактіні көрікті етіп баяндау болып келеді.

Сондықтан, біздіңше,- дейді Б.Кенжебаев,- “Тар жол тайғақ кешу” роман да емес, мемуар да емес, Қазақстанда сол кезде Совет өкіметін орнату жолындағы күрес туралы жазылған очерк кітабы деген дұрыс: “Тар жол тайғақ кешу” көркем очерктер циклі,- дегенді айтады.

Алайда, бұл мәселенің сәкентанушы ғалымдардың үлесіне тиетіндігін айтқым келеді. Сондай-ақ “Тар жол тайғақ кешу” мемуарлық шығарма болсын, мейлі очерк болсын әдебиетіміздің алтын топшасы болып есептелетін шығарма екенін ұмытпау керектігін ескертеді.

1959 жылы ҚазақССР Ғылым академиясы “Әдеби мұра және оны зерттеу” деп аталатын ғылыми-теориялық конференция өткізді. Б.Кенжебаев онда екі мәселе бойынша: әдебитеіміздің көне тарихы және ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті жөнінде баяндама жасайды.

Қай мәселені болсын, зер сала зерттеп, топшылауын, терең ойлап айтатын ғалымның сол жолғы ұсынысының бірі – қазақ әдебиетінің тарихын түркі тектес халықтарға ортақ ерте дәуірлерден, тіпті, Орхон-Енисей тас жазбаларынан бастайық дегенді айтады.

Әрине, бұл пікір көпшілік қауымды ойға қалдырары анық. Десек те, бұл пікірді қолдағандар да, қолдамағандар да табылған. Сонда М.Әуезов: “Әдебиет шығармаларын кең зер салып зерттеп жүрген Б.Кенжебаевтың ұсынған күрделі, қызықты пікірін өте орынды, дұрыс айтылған ой деп білемін”,- деп әділ бағалайды.

Ол жиында зерттеуші көтерген екінші мәселе – ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің жайы еді. Б.Кенжебаев осы кезеңде өмір сүрген журналист М.Сералин, Әріп Тәңірбергенов, Әсет Найманбаев, т.б. қазақ жерінде баспа ісін өрістетуші ақын-жазушылар жөнінде бірнеше зерттеу еңбегін жазды. Ғалымның күрделі еңбегі “Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары” (1958) монографиясында тұңғыш рет архивтердің бұрын белгісіз болып келген қорларынан, кітапханалардың сирек газет-журнал, кітаптарды сақтайтын бөлімдерінен, жеке адамдардың қолдарында жинақталған қазыналардан алынған материалдар, қолжазбалар, тарихи деректер, талданған, зерттеудің ұтымдылығы қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы қоғамдық жағдайы тарихи байланыста жатқанын, зерттеушінің талмай ізденгендігінің нәтижесі. Бұл кітап күні бүгінге дейін баспасөз тарихына байланысты әдебиетші, журналистер ғана емес, тарихшылар, философтар, педагогтар жүгінетін құнды еңбек.

Демократтық бағыттағы қаламгерлер М.Сералин, Ә.Тәңірбергенов, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, С.Көбеевтің өмірі, білім алған ортасы, шығармаларының жазылу тарихы, олардың басылуы, зерттелуі – осылар секілді мәселелерге зерттеуші ғылыми байламдар жасаған.

Сол секілді С.Торайғыров мұрасын зерттеуде Б.Кенжебаев көп еңбек етті. Ол Сұлтанмахмұт мұрасын 50 жылға жуық тынбай зерттеп, қорғап шықты. Бұған куә оның ақын өмірінен жазған “Асау жүрек” атты әңгімелер жинағы.

1966 жылы Б.Кенжебаевтың “Шындық және шеберлік” деп аталатын кітабы басылып шыққан. Еңбектің аты айтып тұрғандай-ақ мұнда негізінен сын мақалалар жинақталған. Атап айтқанда, 1920-жылдардағы әдеби сын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өмірінен, айтулы ақын Ілияс Жансүгіров, “Абай жолы”, “Ғалидің ақындығы”, “Фельетон туралы”, “Әдеби сын жайында” деген тақырыптарға қалам тартады.

Сонымен қысқа қайырып айтар болсақ, ұлы Мұхтар Әуезов “Әдебиетіміздің еңбек торысы” деп есімін сүйсіне еске алатын Б.Кенжебаев айдалып кетпесе де, өмір бойы дерлік Кеңес идеологтарының ылғи қыспағында өмір сүріп, құлашын кеңге сермей алмай өткен ғажайып ғалым еді. Қазақ әдеби сынын ғана емес, қазақ мәденетінің қазақ журналистикасының тарихын да Б.Кенжебаевсыз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені кешегі аумалы-төкпелі, қысылтаяң шақтың өзінде қалпын бұзбай, халқына қалтқысыз қызмет еткен аяулы есімдердің алдыңғы легінде Б.Кенжебаевтың аты да тұрары шүбәсіз.

Әртүрлі себептермен ұзақ жылдар бойы байтақ әдебиетіміздің ерте кезеңі зерттелмей, оқытылмай келгені мәлім. Соның салдарынан сан ұрпақ құрдымнан келе жатқан ғажайып жыр-дастандар мен даналық кітаптарын біле алған жоқ. Туған әдебиетіміздің терең тамырларына алғаш батыл барлау жасап, оның көне көзін ашқан, сөйтіп әрі көрегендік, әрі көсемдік көрсеткен кісі әдебиет тарихының білгірлерінің бірі, біразымыздың ұстазымыз профессор Б.Кенжебаев еді. Бейсекеңнің жетекшілігімен алпысыншы жылдардың басында Қазақ мемлекеттік университетінде қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің жаңа мектебі қалыптасты. 1967 жылы «Ежелгі әдебиет нұсқалары» деп аталатын тұңғыш хрестоматия жарияланды. Бұл еңбек қазақ әдебиетінің ең көне, ежелгі әдебиеттердің бірі екендігін дәлелдеді. Сол бір тар кезеңде Бейсенбай Кенжебаевпен пікірлес, тағдырлас болғанымды, туған әдебиетіміздің терең арнасына түсіп, көне көзін ашысқанымды, сөйтіп университет аудиториясында тұңғыш рет «Ежелгі әдебиет» деп аталатын лекциялық курстың негізделіп, қалыптастырылуына өз үлесімді қосқанымды бақыт санаймын.

М.Жолдасбеков
Нысанбек Төреқұлов,

филология ғылымдарының докторы



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет