Бекіре зауыты салынады



Дата05.07.2016
өлшемі39.7 Kb.

Бекіре зауыты салынады


13.12.2012 13:01 oraloniri Общество Орал өңірі



  

Оралда тауарлық қара уылдырық пен бекіре балығы еті өндірілетін болды. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ «Парасат» ғылыми-технологиялық ұлттық холдинг» АҚ-мен біріге отырып, «Бекіре тұқымдас балықтарды өсірудің аквамәдени технологиясын дайындау және құрал-жабдықтарды жасау» жөніндегі инновациялық жобаны іске асыруда.

Алдымен университет базасында өндірістік-тәжірибелік участок ғимараты салынады. Бұған «Парасат» ғылыми-технологиялық ұлттық холдингі» АҚ 900 млн. теңге инвестиция бөлді. Нысанның құрылысы биылғы маусым айында басталды және ол жыл аяғына дейін бітеді деп жоспарланған. Бұл участокта балықтың бағалы түрлері өсіріледі, зерттеледі. Ал зауыттың құрылысы келесі жылдан басталады. Қазір оның жобалық-сметалық жобасы жасалуда.

Жайық жағасындағы елді мекендердің тұрғындары 25-30 жыл бұрын бекіре балығын аулап, дастарқаннан оның уыл­дырығы мен бал та­тыған сорпасын үзбейтін. Табиғатта түпсіз, мәңгілік ештеңе жоқтығын ескермей, есепсіз аулау мен эко­логиялық өзгерістердің салдарынан қымбатқа бағаланатын балық түрі азайып, Қызыл кі­тап­қа енді. Өзен жағалай қонған ел-жұрт бүгінде Жайықтан қы­зыл балықты емге таппай отыр. Өзге де балық түрлерінің жағ­дайы мәз емес.

Оралда салынатын тұйық жүйелі су кешенінің өзге балық өсі­ретін зауыттардан басты айыр­машылығы, мұнда шабақ­­тар уылдырықтан алынбақ. Соны өсіру арқылы тауарлық өнім алу жоспарланған. Ға­лым­дардың айтуынша, бе­кі­ре та­­­би­­­ғи ортамен са­лыс­тыр­ған­­да жа­­­бық кешенде екі есе жыл­­дам өсе­­­­ді. Жоба ғылыми негіз­де жү­­зе­­ге асырылатындықтан, өнімнің са­­па­сы да жоғары болмақ. Ке­шенде өсірілген ша­бақ­тар­дың 10-15%-ын салмағы 150-250 грамм тартқанша өсіріп, жыл сайын Жайыққа жіберетін болады. Сонда олар судағы жырт­қыш балықтарға жем болмай, өсіп-өнеді. «Мұндай шара өз кезегінде өңірдегі экологиялық түйткілді шешуге, Жайықтағы балық қорының ұлғаюына оң ықпал етеді», - дейді универси­­тет ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері. Олар жеті жыл бұрын ыңғайластырылған орын­­да бекіре тұқымды балық өсі­ру жұмыстарын қолға алып, жол­ға қойған. Орталықтың директоры Нұрлан Серғалиев Ре­сей, Голландия, Германия елдерінде болып, балық өсіру ша­руа­шы­лық­тарының жұ­мыс­та­ры­мен жете танысып, тә­жі­ри­бе жинақтаған. Сөй­тіп, үйренгенін, көргенін Оралда іске асы­руға тырыс­ты. Бүгінде олар та­уар­лық бекіре балығын өсіру және одан қара уылдырық алу жобасын іске асыруға қол жеткізді. Өткен жылы зауыт құ­ры­лысын бастау жөнінде Үкі­меттің қаулысы шығып, жо­баның операторы болып «Парасат» холдингі белгіленді.

Жобада балық өсірудің тиімділігін арттыруға қатысты жергілікті ғалымдардың ғы­лы­­­ми жобалары пайдаланы­ла­­ды. Неміс мамандарымен бір­ге жергілікті жағдайға икем­дел­­ген сметалық-жобалық құ­­жат­­та­ма­лары жасалуда. Аква­мә­де­ниет зауытында жылына
8 тонна қара уылдырық, 65 тонна бекіренің еті өндірілетін бо­ла­ды. Университетте ихтиолог-ма­мандар даярланады, сондық­­­­­­­тан өндірістік-тәжірибелік участок пен зауытта кадр тапшылығы болмайды. Содан соң өнім өт­кізуде еш қиналыс болмайтыны тағы аян. Қазір облыс аумағына қара уылдырық пен қызыл балық еті көршілес Атыраудан әкелінеді. Негізінен базарларда ғана сатылады. Бірақ оларды сатып алуға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Өйткені қара уыл­дырықтың келісінің бағасы 140-150 мың теңге шамасында болса, қызыл балық етінің келісі 4-5 мың теңге төңірегінде.

- Елбасымыз айтып жүр­ген­дей, ғылым өндірісті, елі­міз­­ді ин­дус­триаландыруға қызмет етуі тиіс. Бұл университеттің ғы­­лы­­ми-зерттеу орталығының бі­рін­ші жобасы, одан кейінгі кезекте құрылыс материалда­рын өн­діруге, ауыл шаруашы­лы­ғы малының битехнологиясына (эмбрионды трансплантациялау) қатысты өзге де тартымды жобаларымыз бар. Таяуда Гарвард университетінен келген профессор еліміздегі ғылымға жасалып жатқан қамқорлық жайында: «Сіздерде ғылым саласында «тыныш» революция жүріп жатыр екен», - деп сүйсінді. Қазір кез келген ғалым, университет жобаны қаржыландыру үшін мемлекеттік грантқа тапсырыс бере алады. Бұрынғыдай субъективтік фактордың әсері жоқ. Бүгінде университет бо­йынша 36 жобаға 200 млн. тең­ге шамасындағы мемлекеттік грант қаржысы бөлінген, - дейді Нұрлан Серғалиев бізбен әң­­­гі­ме­сінде.

Аквамәдени орталықта са­зан балықтың түрлері кө­бей­­ті­ліп, өсірілуде. Жыл сайын өсі­ріл­ген балықтың миллион жа­ры­мы Жайыққа, су қой­ма­ла­ры­на жіберіледі. Биыл «Каркула» шаруа қожалығының пайдаланымындағы су қой­ма­сына 500 мыңға тарта сазан (карп) жіберілді. Аква орталықта бекіре балығының жойылып бара жатқан түрлерін сақтап қалуға көңіл бөлінген. Онда орыс бекіресі, сібір бекіресі, пілмай бекіресінің жас шабақтары, бестер және өзге де жергілікті балық түрлері өсірілуде. Бұлардың бірқатары Англиядан, Германиядан, көршілес Ресейден әкелінген.

- Неміс мамандарымен құрал-жабдық, технологиялық шешімдер бойынша жұмыстанудамыз. Бірақ негізгі биологиялық міндет тұрғысынан өз еліміздің ғалымдарының әлеуеті күшті. Жұрттың көбі Еуропа дамыған, өркениетті десіп жатады. Негізі бұлай деу дұрыс емес, тек әр елдің техникалық дамуы, ғылыми әлеуеті түрлі деңгейде, - дейді Нұрлан Серғалиев.

Бүгінде республикадағы өз­ге оқу орындарының өкілдері де ат арытып келіп, БҚАТУ-дың жобасымен танысуда. Ғы­лы­ми-зерттеу орталығының зерт­ханаларына аса қымбат тұ­ра­тын құрал-жабдықтар алын­­­ған. Мұнда балықтарды өс­іру жұ­мыс­тарына байланысты зерт­­теу­лер, ДНК негізінде се­лек­ция­лық жұ­­мыстар осы заманауи жаб­дықтар көмегімен жасалады.

Биыл екі жігіт Ресейдің Новосібір мен Самара қалаларында кандидаттық диссертациясын қорғаған. Жастарды ғылымға тартып, жөн сілтеп жүрген Нұрлан Серғалиев өз қарамағын­да­ғы 37 маман жөнінде: «Олардың ішіндегі ең үлкені - менмін, өзге 37-сі жас ағылшын, қазақ, орыс тілдерінде еркін сөйлейді», - дей­ді. Онысы шындық, алайда сон­дай білімпаз, жан-жақты ұжым­­ға басшылық етіп отырған өзі де осал емес. Мәскеудің Ти­ми­ря­­зев академиясын қызыл дип­лом­ға бітіріп, аспирантурада оқып, сонда кандидаттығын қорғады. Мәскеудегі ғылыми-зерттеу инс­титутын Оралдың университетіне айырбастады. Ректорат­тың қолдауымен аква мәдениет орталығының жұмысын жолға қойды. Енді, міне, жаңа жобаны іске асыру жолында тынымсыз еңбектеніп жүр.



Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет