Шешендік сөздер мазмұнына қарай үшке бөлінеді: 1) шешендік арнау; 2) шешендік толғау; 3) шешендік дау.
Шешендік арнауға шешендік бата, тілек сөз, көңіл айту сөзі, ақыл-насихат сөздер жатады. Уәлихан қайтыс болғанда Байдалы бидің оның ханымы Айғанымға:
Қайрат деген қыран бар,
Қайғыға тізгін бермейтін.
Қайғы деген жылан бар
Өзекті шағып өрлейтін.
Мен қайғыңды қозғағалы келгенім жоқ,
Қайратыңды қолдағалы келдім, –
деген көңіл айтуы шешендік арнауға жатады.
Бөлтірік шешеннің:
Үлкен алдында иіліп сөйле,
Кіші алдында сызылып сөйле.
Иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді,
Сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді, –
Күншілдік деген бар, содан сақтан,
Кекшілдік деген бар, содан сақтан.
Астамшылық деген бар, одан алыс жүр.
Сараңдық деген бар, одан қалыс жүр.
Қараулық деген бар, одан таза бол,
Ынсапсыздық деген бар, содан аман бол! –
деген сөздері де шешендік арнау үлгісі болып табылады.
Шешендік толғау мақал-мәтел, сұрақ-жауап, шешендік нақыл, қанатты сөз, шешендік жұмбақ, шешендік мысал түрінде келеді.
Шешендік толғауға Асан қайғының:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ
Құлан қайтіп күн көрер?
Аяғы жоқ, қолы жоқ
Жылан қайтіп күн көрер?
Жалаң аяқ балапан
Қаздар қайтіп күн көрер?
Шыбын шықса, жаз болып,
Таздар қайтіп күн көрер?
Көлде жүрген қоңыр қаз
Қыр қадірін не білсін?
Қырда жүрген дуадақ
Су қадірін не білсін?
Көшіп-қонып жүрмеген
Жер қадірін не білсін?! –
деген толғаулары, Мөңке би айтқан:
Бұл заманда не ғаріп?
Қадірін біліп ұқпаса,
Дүррі гауһар сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қария болар тез ғаріп.
Қаз, үйрегі болмаса,
Айдын, шалқар көл ғаріп – ...
деп келетін сөздері жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |