Бекітілген қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының ішкі қызмет жарғысы



бет11/25
Дата09.06.2016
өлшемі1.48 Mb.
#125322
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   25

Үй-жайларды ұстау

196. Әскери бөлімнің барлық ғимараттары мен үй-жайлары, сондай-ақ аумағы әрдайым тазалықта және тәртіпте ұсталуы тиіс. Әрбір командир (бастық) ғимараттар мен үй-жайларды дұрыс пайдалану, жиһаздың, мүкәммал мен жабдықтың сақталуы үшін жауап береді.

Ғимараттардың барлық үй-жайлары мен қас беті белгіленген түске боялуы тиіс.

197. Барлық бөлмелер нөмірленген болуы тиіс (14-қосымша). Әрбір бөлменің кіретін есігінің сыртқы жағына (есіктің оң жағында немесе сол жағында) оның нөмірі (арналуы) көрсетілген тақтайша ілінеді, ал әрбір бөлменің ішкі жағына онда бар мүліктің (жиһаздың, мүкәммалдың және жабдықтың) тізімдемесі ілінеді (15-қосымша).

Үй-жайдағы жиһаз, мүкәммал мен барлық жабдықтар бүйір (арт) жағынан нөмірленеді және рота кеңсесінде сақталатын есепке алу кітабына енгізіледі.

198. Жиһаз, мүкәммал және барлық жабдықтар үй-жайдың заты болып табылады және әскери бөлім командирінің рұқсатынсыз бір бөлімшеден екіншісіне көшірілмейді.

199. Казармада көрінетін жерде арнайы стенділерде күн тәртібі, сабақ кестесі, нарядтар парақтары, жеке құрамның орналасу схемасы (16-қосымша), ұйықтайтын үй-жайдағы температура режимді бақылау графигі (17-қосымша), мүліктің тізімдемесі мен қажетті нұсқаулықтар ілінеді.

200. Бөлмелерде (үй-жайларда) ілінетін портреттер мен картиналар рамкада болуы тиіс. Барлық үй-жайларда гүлдердің болуына, ал терезелерге ұқыпты бір түсті перделер, шымылдықтар, жалюздер ілуге рұқсат етіледі.

Қала көшелеріне шығатын төменгі қабаттардың терезелеріндегі шынылар қажетті биіктікте күңгірт (күңгірттенуі) болуы немесе ақ бояумен сырлануы тиіс.

Қажет кезінде казармаға кіретін есіктер қарайтын көзшемен, сенімді ішкі тиекпен (ілгекпен) және бөлімше бойынша тәуліктік кезекшіге шығарылған дыбыстық дабылдамамен жабдықталуы мүмкін. Бұл жағдайда төменгі қабаттардың терезелеріне ішкі бекітпелері бар торлар орнатылады.

201. Су құбыры бар барлық үй-жайлар су ішуге арналған шағын субұрқақтармен жабдықталады, ал су құбырлары жоқ үй-жайларға ішетін суы бар құлыпқа жабылған шағын бөшкелер орнатылады, олар да шағын субұрқақтармен жабдықталуы мүмкін. Шағын бөшкелер күн сайын рота бойынша кезекшінің бақылауымен шайылады және ішетін таза сумен толтырылады, аптасына бір рет оларды залалсыздандыру жүргізіледі. Шағын бөшкелердің кілттері рота бойынша кезекшіде сақталады.

202. Барлық үй-жайлар қоқыс салуға арналған урналардың қажетті санымен қамтамасыз етіледі, ал шылым шегуге арналып бөлінген орындарға суы бар (залалсыздандыратын сұйықтықпен) урналар орнатылады.

Үй-жайлардың сыртқы есіктерінің алдында аяқ киімді кірден тазалау үшін құрылғылар және қоқысқа арналған урналар болуы тиіс.

203. Үй-жайларды күн сайын жинауды рота бойынша кезекшінің тікелей басшылық жасауымен кезекті жинаушылар жүргізеді. Кезекті жинаушылар сабақтан босатылмайды.

Кезекті жинаушылар: кереуеттер мен кереует жанындағы тумбочкалардың астындағы қоқысты сыпырып шығаруға, кереуеттер қатарының арасындағы өтпелерді сыпыруға, қажет болған кезде едендерді сулы шүберекпен сүртуге, қоқысты белгіленген орынға шығаруға, терезелердің, есіктердің, шкафтардың, жәшіктер мен басқа да заттардың шаңын сүртуге, кештен бастап қолжуғыштарды сумен толтыруға, урналарды тазалауға, ал шылым шегуге арналған орындарда, одан басқа оларға су (залалсыздандыратын сұйықтық) құюға міндетті.

Сабақ уақытында үй-жайларда тазалық ұстау тәуліктік кезекшілерге жүктеледі.

204. Күнделікті жинаудан басқа, аптасына бір рет рота старшинасының басшылығымен барлық үй-жайларды жалпы жинау жүргізіледі. Жалпы жинау кезінде барлық төсек-орын заттары (матрацтар, жастықтар, көрпелер) үй-жайдан (казармалардан) шығарылады, мұқият қағылады және желдетіледі. Еденді мастикамен сүртер алдында олар кірден тазартылады және сулы шүберекпен сүртіледі. Егер еден мастикамен сүртілмесе, онда ол кемінде аптасына бір рет жуылады. Еденді су төгіп жууға тыйым салынады.

205. Асханалардағы, наубайханалардағы және нан зауыттарындағы барлық жабдық пен мүкәммал таңбаланады, таза күйде және тәртіпте ұсталады; тамақ ішкеннен кейін ыдыс тазалануы, жуылуы, ыстық сумен булануы және кептірілуі тиіс. Ыдыс стеллаждарда немесе арнайы шкафтарда сақталады.

206. Қыста ғимараттар шатырларының терезелері жабылуы, ал жазда ашылуы, бірақ арнайы тормен қорғалуы тиіс.

Шатырлар, жертөлелер жабылады және мөрленеді, олардың кілттері осы үй-жайларды ұстауға жауаптылық жүктелген бөлімшенің кезекшісінде сақталады. Үй-жайлардың шатырлары мен жертөлелерінде қандай да бір мүлікті сақтауға тыйым салынады.

207. Дәретханалар унитазы (бөшкесі) бар кабиналармен және он-он екі адамға бір зәрағармен жабдықталады. Дәретханада әрбір кабинада урналар мен дәретхана қағазы болуы тиіс. Дәретханалар таза күйде ұсталуы, күн сайын залалсыздандырылуы, жақсы желдетілуі және жарық болуы тиіс. Оларды жинауға арналған мүкәммал осыған арнайы бөлінген орында (шкафта) ұсталады. Дәретханаларды ұстауды бақылау бөлімшелердің старшиналарына, санитарлық нұсқаушыларға және роталар бойынша кезекшіге жүктеледі.

Сыртқы дәретханалар су өтпейтін қазылған шұңқырларға, тұрғын үй-жайлардан, асханалар мен наубайханалардан (нан зауыттарынан) сексен метр арақашықтықта орнатылады. Сыртқы дәретханаларға жолдар қараңғы уақытта жарықтандырылады. Қажет болған кезде (түнде) жылдың суық уақытында арнайы бөлінген үй-жайларда зәрағарлар жабдықталады.

Дәретханалардың қазылған шұңқырлары уақтылы тазаланады және залалсыздандырылады.

208. Аудандық пайдалану бөлімдері мен өрт сөндіру органдарының рұқсатынсыз үй-жайларды қайта жобалауға, бар және тұрғызылған жаңа құрылыстарды көшіруге және бөлшектеуге, ішкі электр желілерін салуға, сондай-ақ уақытша және жаңа пештерді, жылытудың автономдық жүйелерін салуға тыйым салынады.

Энергиямен жабдықтау, газбен жабдықтау және орталықтандырылған жылыту жабдықтары мен желілерін жөндеуді аудандық пайдалану бөлімдерінің күштері немесе арнайы даярлығы және оны орындауға рұқсаты бар адамдар жүргізеді.

Казармалық үй-жайда саппен жүруге тыйым салынады.

209. Әскери бөлім орналасқан аудан, әскери қалашық аумағы және оған іргелес көшелер учаскелері көгалдандырылуы және тазалық пен тәртіпте ұсталуы, ал қараңғы уақытта жарық берілуі тиіс. Әскери қалашық аумағы қоршалады.

Әскери бөлім орналасқан аудан жинау үшін бөлімшелер арасында учаскелерге бөлінеді. Қоқыс күн сайын қақпағы жабылатын контейнерлерге жиналады және шығарылады. Контейнерлер табаны қатты алаңда орналастырылады. Кемінде аптасына бір рет контейнерлер тазаланады және залалсыздандырылады.

Әскери қалашық (әскери бөлімді) аумағын жинау тәуліктік наряд күштерімен және түскі тамақтан кейінгі уақытта осы мақсат үшін арнайы бөлінген командалармен жүргізіледі. Парктік-шаруашылық күні әскери бөлім орналасқан ауданды жинау үшін командалар немесе бөлімшелер бөлінеді.

Үй-жайларды жылыту

210. Жылыту кезеңінің басталуы мен аяқталуы гарнизон бастығының немесе әскери бөлім командирінің бұйрығымен жарияланады. Пешпен жылыту кезінде үй-жайларды жылыту, отынды қабылдау және беру тәртібі мен уақытын әскери бөлім командирі немесе гарнизон бастығы белгілейді.

Барлық қазандықтар, орталық және автономды жылыту жүйелері, пештер мен мұржалар, сондай-ақ үш айға қатты және сұйық отын қоры жылыту кезеңі басталғанға дейін бір ай бұрын акт жасаумен гарнизон бастығының (бөлім командирінің) комиссиясымен тексерілуі, ал ақаулы жүйелері жөнделуі тиіс. Жылыту жүйелерін тексеру бақылау от жағуын жүргізумен жүзеге асырылуы тиіс. Мұржаларды тазалау белгіленген мерзімде жүргізіледі.

Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін гарнизон бастығының (бөлім командирінің) комиссиясы аудандық пайдалану бөлімімен бірлесіп акт жасаумен орталық және автономды жылыту жүйелерін түгендеуді жүргізеді. Түгендеу актісі негізінде жаңа жылыту маусымына дайындау жоспары және аудандық пайдалану бөлімдері мен жоғары тұрған штабтарға өтінімдер жасалады.

211. Қыста тұрғын үй-жайларда ауа температурасы +18о С, ал медициналық мекемелерде +20о С төмен емес, ал қалған үй-жайларда белгіленген нормаларға сәйкес ұсталады. Термометрлер үй-жайлардың ішкі қабырғаларға, пештер мен жылыту аспаптарынан алыс, еденнен бір жарым метр биіктікте ілінеді.

212. Пештерді жағу жиырма сағаттан кешіктірілмей аяқталады. Оқу және қызметтік үй-жайларда пештерді жағу таңертең жүргізіледі және сабақ (жұмыс) басталғанға дейін бір сағат бұрын аяқталуы тиіс. Үй-жайларда осы жарғының 211-тармағында белгіленген нормалардан төмен температура кезінде пештерді жағу әскери бөлім командирінің рұқсатымен жалғастырылуы мүмкін.

213. Жылыту кезеңі уақытында пештерді жағу үшін әскери бөлім бойынша бұйрықпен сарбаздар (матростар) қатарынан от жағушылар тағайындалады, олар алдын ала пештерді жағу ережелеріне оқытылуы және өрт қауіпсіздігі талаптарымен таныстырылуы тиіс. От жағушылар сабақтардан босатылмайды. Жылыту кезеңінде олар барлық нарядтардан босатылады.

Бөлімшелерде пештерді жағуды қадағалау рота старшинасына және рота бойынша кезекшіге жүктеледі, ал әскери бөлім штабында әскери бөлім штабы бойынша кезекшіге жүктеледі.

Тәуліктік наряд адамдарына нұсқама беру кезінде олардың тұрғын және қызметтік үй-жайларда пештерді жағу ережелерін сақтауын бақылау қажеттілігіне ерекше назар аударылады.

214. Ақаулы пештерді пайдалануға, оларды жағу үшін жанармай сұйықтарын қолдануға, жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, отынды пеште немесе пештің жанында кептіруге және оларды тұрғын үй-жайларда сақтауға, сондай-ақ үй-жайларда, дәліздер мен баспалдақтарда ағаш жаруға және аралауға тыйым салынады.

215. Жылыту кезеңі аяқталғаннан кейін барлық пештер мен мұржалар тазалануы және рота старшинасы пәтер-пайдалану қызметінің (бөлімнің пәтер-пайдаланумен қамтамасыз етуді, сондай-ақ табиғатты қорғау іс-шараларын жоспарлауды және бақылауды, бөлім мұқтажы үшін бөлінген жер телімдерін бөлуді және пайдалануға беруді, әскери қызметшілерді, жұмысшылар мен қызметкерлерді тұрғын алаңымен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган) бастығымен бірлесіп қарауы тиіс, одан кейін пештердің есіктері пломбыланады немесе мөрленеді.

Үй-жайларды желдету

216. Казармаларда үй-жайларды желдетуді рота бойынша кезекшінің қадағалауымен тәуліктік кезекші: ұйықтайтын үй-жайларды ұйықтар алдында және ұйқыдан тұрғаннан кейін, ал сыныптарды сабақ алдында және олардың арасындағы үзілістерде жүргізеді.

217. Жеке құрам үй-жайлардан тысқары болғанда терезе желдеткіштері (фрамуттері) суық уақытта, ал жазғы уақытта терезелер ашылады. Егер жеке құрам үй-жайдан шықпаса, желдеткіштер (фрамуттер) немесе терезелер тек үй-жайдың бір жағынан, ал суық уақытта үй-жайларды желдетуге қажетті кезеңде ашылады. Ашық желдеткіштер мен терезе рамалары міндетті түрде ілгектерге (бекітпелерге) бекітіледі.

Жазғы уақытта ұйықтайтын үй-жайлардың, оқу сыныптарының, асханалардың, медициналық пункттердің, дәретханалардың терезелері жәндіктерден қорғану үшін торлармен жабдықталады.

Бар желдету қондырғылары ақаусыз жай-күйде ұсталуы тиіс. Ағынды-сору желдеткіші әскери бөлім командирі белгілеген уақытта іске қосылады.

Үй-жайларға жарық беру

218. Жарық беру тәртібін әскери бөлім командирі айқындайды. Жарық беру толық және кезекшілік (ашық емес қара көк түс) болып бөлінеді.

Ұйықтайтын үй-жайларда ұйықтаған уақытта кезекші жарық қалдырылады. Керосинмен жарық беру кезінде кезекші шамдар толық жарықпен жағылады. Казармаларға кіреберістерде, қару сақтауға арналған бөлмелерде, дәліздерде, баспалдақтар мен дәретханаларда қараңғы түсісімен және таң атқанға дейін толық жарық ұсталады. Жарық беру режимін қадағалау кезекшілер мен тәуліктік кезекшілерге жүктеледі.

219. Түнгі уақытта әскери бөлім орналасқан ауданның электр жарығы сөндірілмейді.

Апат немесе басқа себептер бойынша электр жарығын уақытша сөндірген жағдайда рота және басқа да бөлімшелер бойынша кезекшілерде жарық берудің резервтік (автономдық) көздері (қосалқы шамдар, қол шамдар) болуы тиіс, оларды сақтау орындарын әскери бөлім командирі айқындайды.

Елді мекендерде орналастыру

220. Әскери бөлімдер, бөлімшелер жекелеген жағдайларда мемлекеттік басқару органдарымен келісім бойынша елді мекендердің әкімшілік ғимараттарында, ал ғимараттар болмаған кезде тұруға жарамды үй-жайларда уақытша орналасуы мүмкін.

221. Әскери бөлімдерді (бөлімшелерді) уақытша орналастыруға арналатын елді мекендер әскери бөлім командирінің бұйрығы бойынша санитарлық-індеттік және экологиялық жағынан алдын ала тексеріледі. Санитарлық-індеттік және экологиялық жағынан қолайсыз елді мекендерде орналастыруға тыйым салынады.

222. Үй-жайларға, қалқалар мен алаңдарға орналасу алдында бөлімше командирі оларды қарап шығады, одан кейін жеке құрамды, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы орналастырады.

Бөлімшелер мүмкіндігінше шоғырланып орналасады.

Офицерлер, сондай-ақ әскери қызметші әйелдер бір-бірінен бөлек, өз бөлімшелері орналасқан жердің маңындағы жеке үй-жайларда орналасады.

Қару-жарақ, әскери және басқа техника бөлімшелер бойынша, құрылыстардан тыс, жабық (бүркемеленген) алаңдарда орналастырылады.

223. Әрбір рота үшін оның орналасу шекарасы көрсетіледі, оның шегінде сабақ өткізу үшін оған үй-жайлар және жергілікті жер телімдері бөлінеді, сондай-ақ жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде бөлімшелердің жиын пункті (орны) тағайындалады.

224. Қоймаларды орналастыру үшін өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін жеке үй-жайлар бөлінеді.

Ас үйлер, наубайханалар мен моншалар, егер олар үшін жеке үй-жайлар бөлінбесе, өртке қатысты қауіпсіз арақашықтықта орналастырылады.

225. Бөлімдерді (бөлімшелерді) елді мекенде уақытша орналастырған кезде бөлім (бөлімше) орналасқан жер шекарасының шегінде дәретханалар жабдықталады.

226. Ішуге және тамақ дайындауға арналған су тек медицина қызметі тексерген және көрсеткен сумен жабдықтау пункттерінен (көздерінен) алынады; олардың ластануының алдын алу шаралары қабылданады, қажет болған кезде оларды тәулік бойы күзету ұйымдастырылады.

227. Әрбір үй-жайда үлкені тағайындалады, ол ішкі тәртіп пен үй-жайда тұрған мүліктің сақталуы, үй-жайға іргелес аумақтың тазалығы, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы үшін жауап береді.

Әскери қызметшілерге үй-жайлар иесінің мүлкін олардың рұқсатынсыз пайдалануға тыйым салынады.

228. Елді мекенде уақытша орналасқан кезде қару мен оқ-дәрілер құрғақ, есіктерден, пештерден, жылыту аспаптарынан алыс орында сақталады және тәуліктік наряд ұдайы күзетеді, киім-кешек пен жабдық осы үшін арналған орындарда орналастырылады. Жеке заттар мен іш киім зат қапшықтарында сақталады.

229. Ішкі тәртіп пен мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерін әскери бөлім орналасқан жерден сейілдемеге босату мәселелерінде казармалық орналасу үшін белгіленген ережелер сақталуы тиіс.



Өртке қарсы қорғаныс

230. Әскери қызметшілер өрт қауіпсіздігі талаптарын білуге, орындауға (18-қосымша) және өрт сөндіру құралдарымен жұмыс істей білуге міндетті.

Өрт шыққан жағдайда әрбір әскери қызметші өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстарының әскери командасын (штаттық өрт сөндіру есептобын) немесе штаттан тыс өрт сөндіру командасын (өрт сөндіру нарядын) шақыруға және барлық қолда бар құралдармен өрт сөндіруге, сондай-ақ адамдарды, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, мүлік пен басқа да материалдық құралдарды құтқаруға дереу шаралар қолдануға міндетті.

231. Әскери бөлімде өртке қарсы қорғаныс жоспары әзірленеді, оны командир бекітеді және барлық жеке құрамға жеткізеді. Әскери бөлімде өрт қауіпсіздігінің талаптарын қамтитын жоспардан көшірме, өрт сөндіруге тартылатын күштер мен құралдардың есебі, жеке құрамды, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, мүлік пен басқа да материалдық құралдарды эвакуациялау тәртібі әскери бөлім бойынша кезекшіде болуы тиіс.

232. Әскери бөлімде өртке қарсы қорғанысты ұйымдастыруға және жай-күйіне әскери бөлім командирінің тыл жөніндегі орынбасары жауап береді. Ол:

жеке құрамның өрт қауіпсіздігі талаптарын зерделеуін және оны өрт сөндіру кезіндегі іс-қимылға үйретуді ұйымдастыруға;

барлық объектілерде судың нормативтік қорларының, найзағайдан қорғау құрылғылары мен өрт сөндіру құралдарының болуын қамтамасыз етуге;

кемінде үш айда бір рет әскери бөлімнің өртке қарсы қорғанысының ұйымдастырылуы мен жай-күйін тексеруге және оқу-жаттығу өрт сөндіру жаттығуларын жүргізуге;

өрт қауіпсіздігі талаптарының уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге;

жақын маңдағы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндіру бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасауды ұйымдастыруға міндетті.

233. Әскери бөлім командирі немесе оқу полигонының (оқу орталығының) бастығы әскери бөлімге, полигонға бекітіліп берілген аумақтарда, сондай-ақ сабақтар, оқ атулар, оқу-жаттығулар мен жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының басқа да іс-шараларын өткізу кезінде барлық орындарда өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуына жауап береді.

234. Бөлімше командирлері, қызметтер, шеберханалар, цехтар, бос уақытты мәдени өткізу орталықтарының, зертханалардың және басқа да объектілердің бастықтары оларға бағынысты бөлімшелерде, қызметтерде, объектілерде өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуы және өрт сөндіру құралдарының ақаусыз жай-күйде ұсталуы үшін жауап береді.

235. Әскери бөлімде тікелей өртке қарсы қорғанысқа өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары қызметінің бастығы басшылық жасайды, ал ол штатпен көзделмеген жерлерде оның міндеттері офицерлердің біреуіне немесе сержанттарға қоса атқару бойынша жүктеледі.

236. Штаттық өрт сөндіру командасы жоқ әскери бөлімде бес-он бес адам санында штаттан тыс өрт сөндіру командасы құрылады.

Штаттан тыс өрт сөндіру командасының құрамына әскери қызметшілер, әдетте, бір бөлімшеден тағайындалады.

Командадан өрт сөндіру наряды бөлінеді, ол әскери бөлім командирі бекіткен постылар табеліне сәйкес өрт постыларында тәулік бойы немесе белгілі бір уақыт аралығында кезекшілік атқарады.

Өрт сөндіру командасының жеке құрамы басқа нарядтарды атқарудан босатылады.

237. Өрт сөндіру командасының бастығы өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары қызметінің бастығы болып табылады және бөлім командирінің тыл жөніндегі орынбасарына бағынады. Ол өрт сөндіру командасының, өрт сөндіру құралдарының ұдайы әзірлігіне және әскери бөлімнің барлық жеке құрамын өрт қауіпсіздігінің талаптарына оқытуға жауап береді.

238. Өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары қызметінің бастығы:

әскери бөлім объектілерінің өрт қаупі ерекшеліктерін білуге, өртке қарсы қорғаныс жоспарын және өрт қауіпсіздігі талаптарын әзірлеуге қатысуға;

әскери бөлім бөлімшелерінің офицерлерімен, сержанттарымен және старшиналарымен өртке қарсы даярлық, өрт сөндіру құралдарын пайдалану бойынша сабақтарды жеке өзі өткізуге, жеке құраммен өрт қауіпсіздігі талаптарын орындау жөнінде түсіндіру жұмыстарын, сондай-ақ өрт сөндіру командасының арнайы даярлығын жүргізуге, өрт сөндіру нарядына түсетін жеке құрамға нұсқама беруге және білімін тексеруге;

барлық объектілердің өртке қарсы жай-күйіне тексеру жүргізуге және жеке құрамның өрт қауіпсіздігінің белгіленген талаптарын орындауына және өрт сөндіру нарядының қызмет атқаруына күн сайын бақылауды жүзеге асыруға;

барлық өрт сөндіру құралдарының, өрт дабылдамасын, өрт сөндіруді сумен жабдықтау көздерінің болуына, уақтылы талап етуге, ақаусыздығы мен дұрыс пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыруға және оларды іс-қимылға ұдайы әзірлікте ұстау жөнінде шаралар қабылдауға, өрт сөндіру құралдарын тексеруді және куәландыруды ұйымдастыруға;

өрт сөндіру құралдарының болуы мен техникалық жай-күйінің есебін жүргізуге, сондай-ақ олардың формулярлары (паспорттары) мен техникалық құжаттамаларын уақтылы жүргізуге;

өртке қатысты ақаулы және қауіпті қондырғыларды, жылыту, жарық беру аспаптарын пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салуға;

әскери бөлім командирінің тыл жөніндегі орынбасарына олар анықталған кезде объектілердің өртке қарсы жай-күйіндегі кемшіліктер туралы уақтылы, ал тұтанудың, өрттің барлық жағдайлары туралы және қабылданған шаралар туралы дереу баяндауға;

өрт сөндіруге басшылық жасауға;

белгіленген есеп берулерді жоғары тұрған штабқа және жабдықталым органына уақтылы ұсынуға міндетті.



Қоршаған ортаны қорғау

239. Әскери қызметші табиғатты сақтауға және өзінің күнделікті қызметі барысында оның байлықтарын қорғауға міндетті. Бұл үшін ол әскери бөлімде (бөлімшеде) болатын негізгі ластау көздерін білуі және су ресурстарының, ауаның, жердің ластануын болдырмау, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау жөніндегі ережелермен және нұсқаулықтармен көзделген іс-шараларды қатаң орындауы тиіс.

Өзінің іс-қимылы немесе әрекетсіздігі нәтижесінде қоршаған ортаны ластауға жол беретін әскери қызметшілер заңнамаға сәйкес жауаптылықта болады.

240. Әскери бөлімде қоршаған ортаға теріс әсер етуді болдырмау үшін тұрақты әрекеттегі комиссия тағайындалады және барлық жеке құрамға жеткізілетін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленеді.

241. Әскери бөлім командирі қоршаған ортаны қорғауды ұйымдастыруға және жай-күйіне жауап береді. Ол:

әскери бөлім орналасқан ауданда жеке құрамның қоршаған ортаны қорғау ережелерін зерделеуін және орындауын ұйымдастыруға;

қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Әскери бөлімде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралардың тікелей орындалуына бөлім командирінің тыл жөніндегі орынбасары басшылық жасайды.

242. Әскери бөлім командирі және полигон бастығы полигонда оқу-жаттығулар мен жауынгерлік даярлықтың басқа да іс-шараларын дайындау және өткізу кезінде қоршаған ортаға теріс әсер етуді болдырмау жөніндегі қажетті шаралардың жүзеге асырылуына жауап береді.

2. Уақытты бөлу және күнделікті тәртіп

Жалпы ережелер

243. Әскери бөлімде уақытты бөлу оның ұдайы жауынгерлік әзірлігі қамтамасыз етілетіндей және жеке құрамның ұйымдасқан жауынгерлік оқу-жаттығуын жүргізу, жарғылық тәртіпті, әскери қызметшілердің әскери тәртіп пен тәрбиесін ұстау, олардың мәдени деңгейін, жан-жақты тұрмыстық қызмет көрсетуді арттыру, уақтылы демалуы мен тамақ ішуі үшін жағдайлар жасалатындай етіп жүзеге асырылады.

Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің апта сайынғы қызмет уақытының жалпы ұзақтығы заңнамамен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығынан аспауы тиіс, ал мерзімді қызмет әскери қызметшілері қызмет уақытының ұзақтығы әскери бөлімнің күн тәртібімен айқындалады.

Әскери қызметшілерге (мерзімді әскери қызметтің, әскери оқу орындарының курсанттарынан басқа) апта сайын кемінде бір тәулік, бірақ айына кемінде алты тәулік демалыс беріледі.

Жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет, тәуліктік нарядтағы қызмет, кемелердің оқу-жаттығулары, жорықтары, жауынгерлік әзірлік және жауынгерлік даярлық жөніндегі сабақтар апта сайынғы қызмет уақытының жалпы ұзақтығы шектеусіз жүргізіледі.

Әскери бөлімнің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігімен тікелей байланысты жедел іс-шаралар оның командирінің (үлкен бастықтың) жазбаша бұйрығы бойынша тәуліктің кез келген уақытында аға командирге (бастыққа) дереу баяндаумен орындалады.

Апта сайынғы қызмет уақытының белгіленген ұзақтығынан артық, демалыс және мереке күндері әскери қызмет міндеттерін орындауға тартылған офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге бөлім (бөлімше) командирінің шешімімен, әскери қызметшілердің қызметі мүдделері мен тілектерін ескере отырып, аптаның басқа күндері демалыс беріледі. Демалыс ұзақтығы демалыс және мереке күндері қызметте өткізілген уақыттан немесе қызмет уақытының белгіленген ұзақтығынан артық болмауы тиіс.

Әскери қызметшілерді белгіленген уақыттан артық, демалыс және мереке күндері әскери қызмет міндеттерін орындауға тарту, сондай-ақ оларға аптаның басқа күндері демалыс беру бөлім бойынша бұйрықпен ресімделеді.



Күн тәртібі, қызмет уақытының регламенті

244. Әскери бөлімде бір тәулік, ал кейбір жағдайлар бойынша апта ішінде уақыт бөлу күн тәртібімен және қызмет уақытының регламентімен жүзеге асырылады.

Әскери бөлімнің күн тәртібі әскери бөлім бөлімшелері мен штабы жеке құрамының күнделікті қызметінің, оқу-жаттығуы мен тұрмысының негізгі іс-шараларын орындау уақыты бойынша айқындалады.

Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің қызмет уақытының регламенті күн тәртібіне қосымша осы әскери қызметшілердің әскери қызмет міндеттерінен туындайтын негізгі іс-шараларды орындау мерзімі мен ұзақтығын белгілейді.

Күн тәртібі мен қызмет уақытының регламенті әскери бөлім командирінің немесе жоғары тұрған штабтың бұйрығымен әскери бөлімнің алдында тұрған міндеттерді, жыл мезгілі мен жергілікті жердің климаттық жағдайларын ескере отырып белгіленеді.

Олар оқу-жаттығу кезеңіне әзірленеді және әскери бөлім командирімен немесе жоғары тұрған штабпен жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет, тәуліктік нарядта, қарауылда қызмет атқару және оларды орындау ерекшелігін ескере отырып, басқа да іс-шаралар уақытына нақтыланады.

Жауынгерлік оқ атулар, далалық шығулар, кемелердің оқу-жаттығуларын, маневрлерін, жорықтарын өткізу кезеңіне күн тәртібі жауынгерлік жағдайға сәйкес жасалады.

Әскери бөлімнің күн тәртібі тәуліктік нарядтың құжаттамасында, ал офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің қызмет уақытының регламенті - әскери бөлімнің штабында және кеңселерде, бөлімше орналасқан жерлерде, жатақханаларда болады.

245. Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің күн тәртібінде жеке құрамды ұйқыдан тұрғызуды жүзеге асыру, таңертеңгі дене жаттығуын өткізу, таңертеңгі және кешкі жуыну, таңертеңгі тексеру, алты сағаттық оқу сабақтары, оларға өз бетінше даярлану, арнайы (жұмыс) киімін ауыстыру, аяқ киімді тазалау және тамақ ішу алдында қол жуу, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы күту, тәрбие, бос уақытты мәдени өткізу және спорттық-көпшілік жұмыстары, жеке құрамды ақпараттандыру, жаттықтыру, радио тыңдау және телебағдарламаларды көру, медициналық пункттерде сырқаттарды қабылдау, әскери қызметшілердің жеке қажеттіліктері (екі сағаттан кем емес), кешкі серуендеулер, тексерулер және ұйықтау үшін сегіз сағат уақыт көзделуі тиіс.

Тамақтану арасындағы уақыт аралығы жеті сағаттан аспауы тиіс.

Түскі астан кейін кемінде отыз минут уақыт ішінде сабақтар немесе жұмыс жүргізілмеуі тиіс.

246. Офицерлердің, келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің қызмет уақытының регламенті олардың қызметке келу және одан кету уақытын, тамақтануға арналған үзіліс (түскі ас), дербес даярлану (аптасына төрт сағаттан артық емес), күн сайын сабақ өткізуге даярлануға және дене дайындығына (аптасына жалпы үш сағаттан кем емес ұзақтықпен) уақыт көзделуі тиіс.

Қызмет уақытының регламентін айқындау кезінде әскери қызметшілердің күн тәртібіне сәйкес лауазымдық міндеттерін, сондай-ақ әскери бөлімді (бөлімшені) ұдайы жауынгерлік әзірлікте ұстауға бағытталған іс-шараларды орындау қажеттілігі ескеріледі.

Жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет атқару және тәуліктік нарядта қызмет атқару кезінде қызмет уақытының регламенті жалпы әскери жарғылармен және тиісті нұсқаулықтармен айқындалады.

Тәуліктік наряд құрамына кірмейтін офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің әскери бөлімдегі және бөлімшедегі тәулік бойы кезекшілігіне, сондай-ақ қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауын қоспағанда, әр түрлі жауапты адамдардың оларды тағайындауына тыйым салынады.

Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді казармалық жағдайға көшіру тек жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейлерін енгізу жағдайларында немесе әскери бөлімнің жауынгерлік оқу-жаттығу жауынгерлік міндеттерін орындау кезінде жүзеге асырылады.

247. Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қызмет уақыты регламентімен айқындалған кезеңде өзінің әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) орындайды.

248. Жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, зымырандарды, оқ-дәрілерді ұдайы жауынгерлік әзірлікте ұстау мақсатында әскери бөлімде барлық жеке құрамды тартумен кемінде айына екі рет парктік күндері өткізіледі. Оны өткізу үшін толық жұмыс күні бөлінеді. Жеке құрамды парк күнінің іс-шараларын орындаумен байланысты емес жұмыстарды жүргізуге тартуға тыйым салынады.

Әскери бөлім штабы бөлім командирлерінің орынбасарларымен және әскер тектері және қызметтер бастықтарымен бірлесіп алдын ала парк күнінің жоспарын әзірлейді, онда: мақсаты, негізгі міндеттер, сондай-ақ лауазымды адамдардың қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, басқа да материалдық құралдардың барлық түрлерінің, техникалық аумақтың (күзетілетін объектілердің), парк элементтерінің, жауынгерлік даярлықтың оқу-жаттығу (техникалық) құралдарының, қоймалардың жай-күйін қарап тексеру және ұстау жөніндегі іс-шаралар, экипаждардың, есептоптардың, жүргізушілер мен мамандардың оларға қызмет көрсету және анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі жоспарлы жұмыстарын орындауы көрсетіледі. Бекітілген жоспарлардың көшірмелері бөлім, басқарма және бөлім бөлімшесі командирлерінің орынбасарларына жеткізіледі. Парктік күнді өткізу жоспары бөлім және парк бойынша кезекшіде болады.

Парк күнін өткізу күні бөлімнің жеке құрамының таралымы паркте немесе оның маңында жүргізіледі. Жұмыстарға басшылық жасауды бөлім командирінің жеке өзі жүргізеді.

Бөлім командирінің орынбасарлары, басқарма офицерлері бағынысты бөлімшелер мен қоймаларда іс-шараларды ұйымдастырады және жүргізеді.

Одан басқа, әскери бөлімде апта сайын оқу-жаттығу, оқу-жаттығу-жауынгерлік, оқу-жаттығу саптық, көлік пайдалану топтарының қару-жарағына, әскери және басқа техникасына қызмет көрсету, парктерді, қоймаларды, оқу материалдық-техникалық базасының объектілерін жабдықтау және көріктендіру, әскери қалашықтарды тәртіпке келтіру, басқа да жұмыстарды жүргізу мақсатында парктік-шаруашылық күні өткізіледі. Осы күні барлық үй-жайларды жалпы жинау, сондай-ақ жеке құрамның моншада жуынуы жүргізіледі.

Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер парктік-шаруашылық күні іс-шараларына оларға айына кемінде алты демалыс күнін беруді ескерумен тартылады.

Парктік-шаруашылық күндері әскери бөлім штабының бөлім командирінің қару-жарақ және тыл жөніндегі орынбасарларымен бірлесіп әзірленген және бөлім командирі бекіткен жоспарлары бойынша да осылайша жүргізіледі. Жоспарлардың көшірмелері бөлімшелерге жеткізіледі.

Парктік-шаруашылық күндері бірінші кезекте қару-жараққа, әскери және басқа техникаға қызмет көрсету жөніндегі жұмысқа басшылық жасау үшін кезектілік тәртібімен офицерлердің қажетті саны тағайындалады. Оларға апта ішінде демалу үшін уақыт беріледі.

249. Демалыс және мереке күндері тәуліктік наряд пен жауынгерлік кезекшілікте және жауынгерлік қызметте болатын адамдардан басқа, барлық жеке құрам үшін демалыс күндері болып табылады. Бұл күндері, сондай-ақ сабақтан бос уақытта жеке құраммен бос уақытты мәдени өткізу, спорттық және басқа да іс-шаралар өткізіледі.

Кинофильмдер мен демалыс күндері қарсаңында өткізілетін басқа да қоғамдық іс-шараларды әдеттегіден бір сағатқа кеш аяқтауға, демалыс күндері ұйқыдан тұрғызу әдеттегі бөлім командирі белгілеген сағаттан кеш тұрғызуға рұқсат етіледі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   25




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет