Бердібек соқПАҚбаев



бет11/51
Дата09.04.2022
өлшемі280.24 Kb.
#456635
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   51
Balalyk\' shak\'k\'a saiakhat - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

Үйге қашу




Тұлықтастың атына міну мені әбден қажытты. Бір де рет ұйқым қанбай, өлермен болдым. Тоғыз жасар балаға таңқасқадан түнге дейін ат үстінде тепеңдеу оңай боп па?!
Масақ теру бұның қасында пейіш екен.
Бұл азаптан қалай құтылам?
Құтылудың бір ғана жолы бар. Ол – үйге қашу.
Бір күні кешкі тамақтың соңынан мая сабанға кіріп, ұйқтаудың орнына, түн жамылып үйге қаштым.
Жауыртоғандағы қырман мен ауыл арасы төрт-бес шақырымдай. Жер жазық, шилеуіт. Қалың шидің арасындағы соқпақ жолмен безіп келем. Ай қараңғы. Біреу қуып келе жатқан жоқ па дегендей артыма қарап-қарап қоям. Менің бойымнан да биік қалың шидің арасы бір түрлі қорқынышты. Ойымда қасқыр. Шыға келіп, бас салатындай бойым тітіркеніп қояды.
Және бір қорқатыным аруақтар. Жын-шайтан. Жолда мола бар. Қазіргідей қараңғыда сол тұстан өтуім азап болып келеді. Сайтан да, аруақтар да мола маңында болатын тәрізді.
Кейбіреулер жын-шайтанды көрдік деп, неше түрлі қорқынышты әңгімелер айтатын. Құлағыма титтей бір бөтен дыбыс шалынса, елеңдеп қараймын. Қалбиған қор­қынышты бірдеңелер көргендей болам.
Төбе тұсы ойылған үлкен жарық күмбез анадайдан көрінді. Ойылған жері түннен де бетер қап-қара. Қап, әлгінде құр қол шыққанымды қарашы. Қараңғыда жерден сипалап тас іздеймін. Тас табылмайды.
Моланың қасынан өтіп бара жатқанда жаным тырнағымның ұшында. Біреу әйт десе, жүрегім жарылып, сеспей қатар едім. Уһ, өттім-ау, әйтеуір. Енді моладан аруақтар шығып қуатындай безіп келем.
Алдан ауыл қарасы көрінді. Жүрегім орнына жаңа түскендей болды. Елдің көбі жатып қалған. Біздің үйдің терезелері де қараңғы. Тықылдатып есік қақтым.
– Бұ кім?
– Мен, апа.
– Беркенбісің? – деді де, шешем есікті ашып жі­берді. Жеті қараңғы түнде сонша жерден жанұшырып жалғыз келгенімді білгенде, жаным, қалай қорықпадың­ деп, елжіреп бауырына басты. Мен қашып келгенімді айттым. Кер биенің алып қашып өлтіре жаздағанын естігенде, шешемде ес қалмады.
Ана бауыры балаға жау алмас қорған тәрізді. Мен міне сол қорғанға аман-есен жетіп, паналадым. Қауіп-қатерден құтылдым. Енді алаңсыз жетісіп ұйықтауыма,­ тынығуыма болады.
О, жалған дүние! Ана құшағындай ыстық та, мейір­бан не бар сенің жүзіңде?! Осы құшақ тұрғанда мен басқа ештеңені де арман етпеймін. Ешбір бақыт-байлыққа, салтанатқа мен бұл құшақты айырбастамақшы емеспін. Алтын анам, аяулым, тек сен аман болсаң, болды маған. Үлкейіп адам болған кезде мен сенің осы жақсылықтарыңды қалайда ақтауға тырысамын. Ең жаңа киімдер алып берем, ең дәмді, ең тәтті тамақ іш­кізем. Кәмпитті жәшігімен сатып ап, қанша жесең же деп, қасыңа қойып қоям.
Алтын анам, менің сенен аяйтын ештеңем де ­болмайды.
Ып-ыстық шоқпыт көрпенің астында, шешемнің көрпеден де ыстық мейірбан төсіне, салбыраған құр тері арық мамаларына тұмсығымды көміп, рақаттана маужырап, ұйқыға кеттім.
Тәтті ұйқыдан селк етіп, шошып ояндым. Со бір тажалдай жексұрын зәрлі дауыс. Жылқыбайдың да­уысы.­ Қырман шетінде сабанда жатыр екенмін деп, кө­зімді ашып алсам, жоқ, үйде, анамның төсегінде жатыр­мын. Шешем қасымда жоқ, тұрып кеткен. Үйдің іші жап-жарық. Терезеден жарқырап күн нұры құйылады.­ Сыртта есік алдында ат үстінен айқайлап, зірк-зірк еткен Жылқыбай:
– Әй, Әсбет. Әлгі жетпегір балаң қайда, үйде ме? Ауыз үйден оған шешем үн қатады.
– Жетпегір боп ол саған не істеді? Төбеңе құй қазды ма?
– Айтпай, неге қашып кетеді? Бір тұлықты тоқтаттың деп, ана Сарманов бәрімізді қыратын болды.
– Менің баламнан басқа бала құрып қалып па? Балам енді бармайды. Асау биеге мінгізіп, өңкей қаныпе­зер, баламды өлтіріп қоя жаздапсыңдар. Жетеді сол да!
– Маған айтпа ол сөзіңді! Мықты болсаң, ана өкіл­­ге айт!
Жылқыбайдың аттан тақыр жерге секіріп түскен ды­бысы естілді. Әне ол үйге келе жатыр! Менде ес қалмады.­
Жылқыбай төр үйге кіріп келді. Төсекте қорыққаннан көзім бақырайып жатқан мені көрді.
– Жүгермектің жатуын! Тұр, киін!
Балапанын қорыған тауықша шешем Жылқыбайдың алдын тосқауылдай ұмтылып еді. Ол оны қолымен­ тұрпайы сермеп, қағып жіберді. Менің үстімдегі көр­пені сыпырып алды. Мен бар даусыммен бақырып, пана іздеп, шешеме ұмтылдым. Әкем де, ағаларым да жұмыс­қа­ ерте тұрып кетіп қалған. Олар үйде жоқ еді.
Жылқыбай мені шешеме жібермеді. Өңгерген лақша бақыртып, төсектен көтеріп алды. Аурушаң ше­шемді қаға-соға сол күйде сыртқа алып шығып барады.­ Мен одан бетер бақырып, тыпырлап, Жылқыбайды бас­қа-көзге ұрғылап келем.
Үйге кірерде Жылқыбай кер биені есіктің тұтқасы­на байлай сап кірген екен. Менің ойбайымнан шайпау бие қорс етіп, үркіп жөнелді. Онсыз да әрең жан сақтап­ тұрған жаман есікті маңдайша, таяныштарымен қоса қопарып алып кетті. Жан-жағына қалаған кесектері сау ете төгіліп, үйдің бүкіл бір қапталы үңірейіп, қирап қалды.
Шешем зарлап жатыр:
– О, үйің күйсін, Жылқыбай! Шаңырағың қирап, ортаңа түссін! Жұртым-ай, тал түсте мекенімді талқан­дап, бұл не деген сұмдық! Көгерме, көктеме, қанішер неме!
Шешемнің зарлы дауысы ауылдың бас-аяғына түгел естіліп тұрды. Ешкім оған жәрдемге келмеді...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   51




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет