Бидайбеков Е


-ТАРАУ. ӘР ТҮРЛІ БІЛІМ БЕРУ ДЕҢГЕЙЛЕРІНДЕ ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУ МӘСЕЛЕСІ



бет82/87
Дата13.01.2023
өлшемі1.9 Mb.
#468366
түріОқулық
1   ...   79   80   81   82   83   84   85   86   87
treatise13514

9-ТАРАУ. ӘР ТҮРЛІ БІЛІМ БЕРУ ДЕҢГЕЙЛЕРІНДЕ ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУ МӘСЕЛЕСІ


9.1 Бастауыш мектепте информатиканы оқыту мәселелері

Психологтар ойлаудың негізгі логикалық құрылымы 5-11 жаста қалыптасатындығын дәлелдеп отыр. Мұндай құрылымның неғұрлым кешірек қалыптасуы қиындық туғызып және көбінесе аяқталмай қалуы мүмкін, сондықтан, информатиканы оқытудың бір мақсаты логикалық ойлауды дамыту екендігін ескере отырып, информатиканы оқытуды бастауыш сыныптардан бастаған жөн екендігін айтады.


1985 жылдан бастап мектептерге алғаш рет «Информатика» пәнi 9-10 сыныптардан бастап енгiзiле бастағаны белгiлi, содан кейін информатика пәнiн оқыту барысында жинақталған көптеген тәжiрибелерге сүйене отырып, бұл пәндi төменгi сыныптардан бастап оқытуға болатындығы практика жүзiнде дәлелдендi.
Жалпы бастауыш мектептерде информатиканы оқыту әдiстемелерiне тоқталып өтейік.
С.Пейперт пен М. Мински бастауыш сынып оқушыларына «Информатика және есептеуіш техника негiздерi» пәні бойынша әрi жеңiл, әрi қызықты Лого программалау тiлiн оқытуды ұсынды [1]. Мұнда зерттеу ортасы ретiнде - Лого программалау тiлi, зерттеу объектiсi ретiнде - компьютер, ал атқарушы ретiнде - тасбақа алынады. Лого программалау ортасын пайдаланғандағы мынадай жетiстiктерге қол жеткізілген: балалар қоршаған ортаны еркiн меңгередi, сонымен қатар өз бетiмен көрген-бiлгенiн негiздеуге, қорытындылауға үйренеді; Лого ортасында оқушылар жiберген қателерiн өздерi жөндейдi; Лого ортасында мектепте оқытылатын «ғылыми теориялар» мен балалардың құрастырған «ғылыми емес» теориясы арасында айтарлықтай алшақтық болмайды; оқушылардың мұғалiмдермен жүргiзiлетiн сабаққа қарағанда, олардың Лого программалау ортасына деген қызығушылықтарының басым екендiгi байқалған.
Информатиканы бастауыш сыныптан бастап оқыту қажеттiгiн алғаш рет 1979 жылы А.П.Ершов, Г.А.Звенигородский және Ю.А.Первин ұсынған [2]. Олар төменгi сыныптар үшiн информатиканы оқыту мазмұны мен программалаушы түрiндегi ойлауды қалыптастыру үшiн қажеттi көрiнiстер мен түсiнiктердi анықтаудың құрылымын ұсынды. Бұл ой-тұжырымдар келесi А.А.Дуванов, Я.Н.Зайдельман, Ю.А.Первин, М.Гольцмандар бiрлесiп жасаған «Роботландия» программалалық-әдiстемелiк жүйеде көрiнiс тапты [3].
А. Дуванов, Я. Зайдельман, Ю.А.Первин және М.Гольцман ұсынған «Роботландия» курсы алғаш рет 1987 жылы жас программа құрушылардың Переславтағы жазғы мектебiнде тәжiрибеден өтті. Бұл жылдары екi Переславтық мектептiң бiрнеше сыныптарында салыстырмалы педагогикалық эксперимент басталды. Олардың міндеттері информатиканы үйренудi бастаған оқушылардың жасын бағалау болып табылады.
Екi жылдық «Роботландия» курсы 3-4 сыныптарда бiрмезгiлде жүргiзiле басталды. Осы жылдың жазында Переслав мектебiнiң қол астындағы балалардың халықаралық компьютерлiк мектептерiнде Роботландия кафедрасы жұмыс жасады. Бұл топ ұйымдастырған сабақ мектептен тыс – оқу тәрбиелiк жұмыстар ретiнде жүргiзiлдi.
Роботландия курсы бастауыш сыныптарға информатиканы енгiзудi алғаш рет бастаған тәжiрибелiк жұмыстардың бiрi, өйткенi, бұл жылдары орта мектептiң тек 9-10 сыныптарына ғана информатика пәнi оқытылатын едi. Сондықтан, бiрден төменгi сыныптарға информатиканы енгiзудi авторлар былай түсiндiредi: оқушылардың ойлауының қалыптасуына информатика курсының рөлi өте маңызды екендiгiн; ЭЕМ-де оқушылардың ақпараттармен практикалық жұмыстар жүргiзу қажет екендiгiмен; компьютер информатика курсын роботтар елiне деген сияқты қызықты ойындарға айналдыруға мүмкiндiктер туғызады деп тұжырымдайды:

  • оқушыларға әлемнiң ақпараттық бейнесiн қалыптастыру (бұл мiндет информатикада жаратылыстану ғылымында қойылады);

  • оқушыларда компьютерлiк сезiм қалыптастыру. Мұнда оқушылар ЭЕМ-дi тиiмдi пайдалана бiлулерi керек. Қажеттi құрал ретiнде пайдалану мерзiмi мен мүмкiндiктерiн бiлуi керек;

  • ойлаудың операциялық стилiн қалыптастыру.

Роботландия курсының жалпы тұжырымында мәтiндiк, графиктiк және музыкалық редакторлар жөнiнде мәлiметтер берілген.
Төменгi сыныптарға информатика курсын оқытуға негiзделген келесi тұжырымды 1988 жылы Е.П.Смирнов ұсынады [4]. Бұл жасалған жүйенiң басты ерекшелiгi ол өздiк курс ретiнде жасалды.
1991 жылы жарияланған Я.Морголис, А.Иванов, Э. Баранкина «Үздіксіз информатиканы оқыту мазмұны мен әдiстерi» тұжырымдамасын оқушылардың жас шамасына байланысты компьютердi практика жүзiнде қолдану мазмұнын басты бес кезеңі бойынша қарастырады [5].
Авторлар 6-9 жастағы балаларға компьютерлiк бiлiм берудiң келесi мақсаттары мен мiндеттерiн қамтыған:

  • ойлаудың түрлерiн дамыту үшiн компьютердi пайдалану;

  • компьютердi оқытудың, жобалаудың, музыкамен шұғылданудың, бейнелеу өнерiмен айналысудың, есептеудiң өңдеу құралы ретiнде пайдаланудың мүмкiндiктерi жөнiнде түсiнiктер беру;

  • балалардың есептеуiш техникаға деген қызығушылығын және жағымды сезiмдiк қарым-қатынасын тудыру;

  • балалардың компьютермен жұмыс iстеуге бiлiмдерiн, біліктіліктерін, дағдыларын қалыптастыру.

Курстың программалық құрамына «Роботландия», «Logo Writer» ал, бiлiм мазмұны ретiнде дамытушы компьютерлiк «Бiлгiш» программалау пакеттерi ұсынылған. Информатиканы оқып бiлу объектiсi ретiнде компьютерлердi қолдану оқытудың негiзгi құралы болып табылады.
Информатика курсының кезектi кезеңi 1991 жылы басталған «Пилот мектептерi» жобасымен байланысты. Оқу үрдiсiнде ІBM PS/2 типтегi дербес ЭЕМ пайда болды. Бұл түрдегi компьютерлер үшiн жаңа бастаушыға немесе жеткiлiктi маманданбаған пайдаланушыға есептелiнген үлкен көлемдегi әртүрлi программалық құралдар бар. Курс бойынша нақты оқу құралы жоқ, бiрақ жақсы әдiстемемен жабдықталған оқу-әдiстемелiк кешендер бар болды.
Мектептегi информатика курсы бiрiншi кезекте балаларды программалауға үйретуге бағытталған, ал «Пилот мектептерi» жобасында қабылданған тұжырымдамада информатиканың негізгі курсында программалау негiздерiн жалпы оқыту қажет емес деп атап көрсетілген. Қазiргi кезде пайдаланушылардың басым көпшiлiгi программалауға жүгiрмейдi, өйткенi тар және кең көлемдегi есептердi шешуге арналған қолданбалы пакеттердiң едәуiр саны бар, сондықтан өз программаңды құруда осылардың iшiнен бiршама ыңғайлысын таңдауға болады [6].
Осылайша, «Информатика негiздерi мен есептеуiш техника» курсын оқытудың алғашқы кезеңдерiнде алгоритмдеу арқылы математикалық есептер шығарудың кезеңдерi қолданса, көптеген – эксперименттiк байқаулар жүргiзу нәтижесiнде соңғы жылдары информатиканы оқытуды бастауыш мектептерден, тiптi мектепке дейiнгi балалардан бастау қажеттiгi туралы ой тұжырымдар пайда бола бастады.
1992 жылы «Информатика мен есептеуiш техника негiздерi» курсы бойынша 1-4-сыныптарға арналған бағдарлама ашық басылымда жарияланды, сонымен қатар бастауыш сыныптарға арналған бiрнеше [7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15] бағдарламалар ұсынылып, оны оқыту әдiстемелерi тәжiрибе жүзінде жүргізіле бастады. Сонымен, 1995 жылы Ресей Федерациясы бiлiм беру министрлiгi ұжымы «Бастауыш мектептiң оқу үдерісiнде оқушылардың ақпараттық мәдениетiн қалыптастыру және информатика негiзiн игерудiң бiрнеше кезеңдерiн бөлу қажеттiлiгiнен бiрiншi рет 1-4 сыныптарға информатика курсының алғашқы дайындық курсын оқытуға болатындығын толық мақұлдап, шешiм қабылдады [15].
Бүгiнде Ресейде бiрнеше авторлар дайындап, тәжiрибелiк сынақтан өткiзiлiп, қолданылып жатқан бағдарламалар мен әдiстемелiк құралдардың бастауыш сыныптарға арналған нұсқалары жеткiлiктi.
С.Ф.Сопрунов ұсынған: «Лого-Райтер» - программасының басқа программалар дан артықшылығы, бастауыш сыныптарға алғашқы дайындық курсын оқытудың екi нұсқаларының негiзгi нұсқасы Лого-Райтер компьютерлiк ортаны қолдануға бағытталғандығы, яғни ол Macintosh дербес компьютерiнде орындалатын ЛогоМир компьютерлiк ортасында орындалады. Лого программалау тiлi қарастырылып отырған ЛогоМир ортасының оқушылар еркiн меңгеруiне арналған жұмыс жасау мүмкiндiктерi, әсiресе бастауыш сыныптар үшiн өте жақсы [16].
В.В.Горячевтің басшылығымен ұсынылған: «Информатика есепте және ойында» қолдану бағдарламасы – бұл бастауыш сыныптарға информатиканы компьютерсiз оқыту нұсқасы, мұғалiмдер мен оқушыларды информатика элементтерiн оқыту әдiстемесi мен оған қажеттi құралдар жүйесiмен толық қамтамасыз етедi. «Информатиканы есепте және ойында қолдану» курсын бастауыш мектептiң мұғалiмдерi, сабақты информатика пәнi мұғалiмi қатыспай-ақ оқыта алады, бiрiншiден: ондағы қарастырылатын материалдар бастауыш мектепке сабақ беретiн мұғалiмдерге толық түсiнiктi, оның мазмұны «Қызықты математикадағы» сияқты құрылған; екiншiден: мұғалiмдерге арналған әдiстемелiк нұсқаудың әрбiр бөлiгi жан-жақты талданған, теориялық жағынан толық қамтылған және оқушыларға арналған материалы көрнекі жасалған [17].
В.В. Дубининаның ұсынған Информатика бойынша балаларға арналған «Дамытушылық сабақтары» бағдарламасында ақпаратқа байланысты бiраз сұрақтар талданған. Оның бiрiншi сыныпта оқытатын «Ақпараттармен жұмыс жасау әдiстерi» деп аталатын бөлiмi толық ақпараттар жөнiндегi мағлұматтарды түсiндiруге арналады. «Балаларға арналған информатика дамыту сабағы» атты оқу-әдiстемелiк құралында, оқушыларды ақпараттық мәдениеттiң алғашқы қалыптасуына арналған қызықты бiрнеше тапсырмалар жиыны келтiрiлген. Бағдарламаға сәйкес берiлген әрбiр тақырып бойынша жұмыс жасайтын компьютердi қолдануға жеткiлiктi түрде көңiл бөлiнген [12].
И.В.Левченконың «Бастауыш мектепте информатиканы оқып үйренуде алгоритмдiк шеберлiктi дамытудың әдiстемелiк құралдары» еңбегінде автор өзiнiң зерттеу жұмысында бастауыш мектептiң 1-4 сыныптарына информатиканы оқып үйренуде алгоритмдiк шеберлiктi дамытудың әртүрлi әдiстерiн қарастырады. Әрбiр сыныпқа информатика элементiн оқытуды алгоритмдiк жолмен бередi. 1-сыныптан бастап келесi сыныптардың бағдарламалары бiртiндеп күрделене бастайды. Алгоритмдермен жұмыс iстеу үшiн КИД/Малыш, «Роботландия» компьютерлiк сүйемелдеу программалары қолданады [18].
А.А.Витухновская, О.А.Красноперова, Е.Я. Коган және Ю.А. Первин ұсынған компьютердi қолданып оқытуға бағытталған бiрнеше бағдарламалардың iшiнен «Ақпараттық мәдениет» бағдарламасы өзiнiң алға қойған мақсатының анықтығымен және ондағы қарастырылатын материалдардың мазмұны информатика пәнiне сәйкес келетiндiгiмен ерекшеленедi. Ал, оның авторлары мектепте өтiлетiн 1-шi сабақтан оқушыларда «Ақпараттық мәдениет» элементтерiнiң негiзi қалануы қажет деп есептейдi [19].
2003 жылы Ю. А. Первин «Информатиканы ерте жастан оқыту» курсының тұжырымдамасын ұсынған [20]. Автор бұл еңбегiн информатика пәнi мұғалiмдерiне өзiнiң «Информатика негiздерi» оқу құралы кешенiне енгiзiлген 4-сабағын ұсынады.
Бiрiншi сабағында «программалық ойлау мәнерi» ұғымына түсiнiктеме берiп, оған қажеттi келесi дағды мен біліктілктердің қалыптасу қажеттiлiгiн атап өтедi: мақсатқа қажеттi iс-әрекеттiң құрылымын жоспарлаудың; объектiлер мен жүйелердi сипаттауға қажеттi ақпараттық модельдердi құрудың; берiлген тапсырманы шешуге қажеттi ақпараттарды iздеудi ұйымдастырудың; тәртiптiлiк және байланыстың тiлдiк құралдарын құрудың; түрлi пәндiк салалар бойынша тапсырманы шешуде компьютермен дер кезiнде жұмыс жасаудың; пернетақтамен және тышқанмен жұмыс жасау, компьютермен өзара қарым-қатынас жасаудың техникалық дағдылары сараланып көрсетiлген.
«Мектептегі информатика курсының негiздерi» атты екiншi сабағында сол кезеңде бiлiм беру iсiнiң қойылып отырған жаңа мәнерде ойлай бiлетiн ұрпақ тәрбиелеу мiндетi, тек мектепте оқытылатын дәстүрлi пәндер арқылы қалыптастыру мүмкiн еместiгi айтылған. Тiптi гуманитарлық пәндермен қатар, физика, астрономия, биология, математика сияқты күрделi пәндер оқушылардың операциялық ойлау мәнерiнiң қалыптасуын қамтамасыз ете алмайтындығы мысалға келтiрiлген.
Ал, үшiншi сабағында информатиканы оқушыларға ерте бастан оқыту қажеттiгi идеясын ұсынған. Информатика курсының бiлiм беру мазмұны автордың тұжырымы бойынша салыстырмалы түрде келесi бөлiктерден тұрады: операциялық ойлау мәнерiн қалыптастыруға қажеттi iргелi бiлiм, iскерлiк және дағдылар жөнiнде түсiнiктер жиынтығы (1-4 сыныптар); информатиканың ой тұжырымдары мен әдiстерiн адам iс-әрекетiнiң өзге салаларында қолдануға қажеттi қолданбалы біліктіліктері мен дағды, жиынтығы (6-9 сыныптар); информатиканың ғылым ретiнде бүгiнгi ғылыми бiлiмдер жүйесiндегi алатын орнына сәйкес - негiзгi қағидалар жүйесi (10 - сынып); бүгiнгi және дамушы есептеуiш техниканың, есептеуiш программалар, ақпараттық және коммуникациялық жүйелердiң мүмкiндiктерi бойынша жалпы бағдар ала алуды қамтамасыз ететiн қажеттi бiлiмдер жиынтығы (11 - сыныптар).
Сонымен қатар, Ю.А.Первин информатика пәнiн сабақ кестесiнде жеке пән ретiнде емес, өзге пәндермен сабақтастырылған курс ретiнде бастауыш сыныпта оқылатын пәндердi оқыту технологиясына сәйкес екендiгiн және оны арнайы дайындықтан өткен сынып жетекшiсi жүргiзуге болатындығы әбден мүмкiн екендiгiне назар аудартады.
Төртiншi сабағы мектептегi ақпараттық бiлiм берудiң құрылымын ашуға арналған. Мұнда бiлiм берудi ақпараттандыруға қажеттi оқу бағдарламалары, қолданбалы программалар, программалық - әдiстемелiк жүйенiң құрылымы мен атқаратын қызметiнiң мазмұндық сипаттамалары берiлген. Информатиканы ерте жастан оқыту курсын жеке тұлғаның жан-жақты үйлесiмдi дамуының аса маңызды құралы ретiнде, осы курстың тақырыптарын келесi бағыттар бойынша ажыратып көрсетедi: Ақпараттық (теориялық) бағыт; Компьютерлiк (практикалық) бағыт; Алгоритмдеу бағыты.
Бастауыш мектептерге ұсынылған көптеген бағдарламалар мен әдiстемелiк құралдар оқушылардың логикалық және алгоритмдiк ойлау қабiлетiн қалыптастыруға арналған. Аталып өткен тәжiрибелiк бағдарламалар құрылымы жағынан өзгеше болғанмен, жалпы олардың көздеген мақсаттары ортақ, яғни оқушыларда ЭЕМ-мен қарым-қатынас жасау мәдениеттiлiгiн қалыптастыру; оқушыларды дайын бағдарламалармен жұмыс жасай бiлуге үйрету; оқушыларда компьютер, алгоритм, ақпарат және информатика жөнiнде алғашқы түсiнiк қалыптастыру.
1992 жылдан бастап елiмiз егемендiк алып, Қазақстан мектептерi одақ құрамынан шығуына байланысты, ендi бiздiң елiмiзде де ақпараттандыру жұмыстары жандана бастады.
Республикамызда информатика курсын орта мектептердiң нешiншi сыныбынан бастап енгiзу, оны қалай оқыту және ұлттық тiлдегi мемлекеттiк стандарт жасау қажеттiгi жөнiндегi мәселелердi шешу бойынша қазiргi кезде Е.Ы.Бидайбеков, Ж.А.Қараев, Н.Т.Ермеков, Қ.С.Әбдиев, Н.Стифутина, Б.Нақысбеков, Қ.Аганина, сонымен қатар Ы.Алтынсарин атындағы Бiлiм Академиясы мен орта және кәсiптiк бiлiм беру институтының информатика, математика, физика пәндерiн оқыту бөлiмiнiң ғылыми қызметкерлер тобы айналысуда [21, 22, 23, 24, 25, 26].
Бiздiң республикамызда да ұлттық мектептерге информатика мен жаңа ақпараттық технологияны орта мектептердiң барлық сыныптарына жаппай енгiзу қажеттiгiн дәлелденген. Ұлттық мектептерге информатика мен жаңа ақпаратттық технологияны орта мектептердiң барлық сыныптарына жаппай енгiзу көзделуде. Информатика сабағы дәстүрлi түрде тек орта және жоғары сыныптарда оқытылып келсе, қазірде бастауыш сыныптарда информатикадан бiлiм беру мәселелері кейiнгi кездерде ғана қолға алынып жүрген мәселелердің бірі.
Бiздiң елiмiзде бастауыш мектептерге информатика курсын 1-3 сыныптардың оқу үдерісіне алғаш рет дамытушы компьютерлiк ойындар - арқылы енгiзудi Ж.С.Сардарова ұсынған. Оның алға қойған мақсаты: бастауыш мектептердiң оқу барысында пайдаланатын дамытушы компьютерлiк ойындар жүйесiн теориялық тұрғыдан негiздеумен қатар, олардың пайдалану әдiстемесiн жасау болып табылады. Қазақ мектептерiнiң бастауыш сыныптарына алғаш рет мектептiң 1-3 сыныптарына арналған «Компьютерлiк сауаттылық элементтерi» атты пән енгiзілдi. Курсты оқыту үшiн 1-3 сыныптарға арналған төмендегідей мазмұнды бағдарламалар ұсынды: Электрондық - есептеуiш техника туралы түсiнiк. Компьютер, оның мүмкiндiктерi, пайдалану аясы, қызметi жөнiнде алғашқы мағлұмат, қауiпсiздiк, санитарлық-гигиеналық талаптар. Компьютер және оның мүмкiндiктерi, негiзгi тетiктерi. Компьютердi жұмысқа дайындау және жұмысты аяқтау. Пернетақта пернелері, олардың қызметi және қолданылу аясы. Арнаулы белгiлер. Қазақ, орыс және ағылшын алфавитiне жаттығу. Мәтiнмен жұмыс. Сандарға арифметикалық амалдар қолдану. Дайын жаттықтырушы программамен жұмыс жасау. Компьютердiң көмегiмен сурет салу. “Торкөз” тестік редакторы. ”Иллюстратор”, ”Конструктор” графиктiк программаларымен жұмыс. Өз бетiмен арнаулы пернелердің көмегiмен сурет салу. “Музик” жаттықтырушы программасымен жұмыс. Геометриялық фигуралар.
Бұл бағдарламалар Алматының №131, 163 мектептерiнде сынақтан өткiзiліп, келесiдей қорытындылар жасалды: бастауыш сынып оқушыларының жаңа технологияны танып меңгеруге және компьютерлiк ойындарға деген баланың қызығушылығының жоғары деңгейде болғандығы анықталды; берiлген курсты тез де жеңiл меңгергені; компьютерлiк ойын негiзiнде құралған материалдарды ерекше ынтамен меңгергендiгiн байқатқандығын анықтады да, «Компьютерлiк сауаттылық элементтерi» курсын бастауыш мектептерде оқытудың тиiмдi екендiгiне көз жеткiзедi.
«Қазақстан Республикасы бiлiм беру жүйесiн 2015 жылға дейiн дамыту тұжырымдамасының» негiзгi мiндеттерiнiң бiрi оқушылардың ақпараттық дайындығын жетiлдiру болып табылады.
Орта бiлiм беру жүйесiндегi информатиканың рөлi қазiргi қоғамдағы ақпараттық мәдениеттiң негiзiн құрайтын - ақпараттық және коммуникациялық технологияны пайдалану дағдыларын қалыптастырудағы ақпараттық бiлiмнiң мәнiмен қамтамасыз етiледi.
Бiлiм берудегi ақпараттық технологияның ЮНЕСКО институтының “Бастауыш бiлiм берудегi информатика” ұсыныстарын, информатиканы оқыту тәжiрибелерiн талдау және компьютердiң дидактикалық мүмкiндiктерiн негiзге ала отырып, авторлар ұжымы (Мұханбетжанова С.Т., Кабулова Г.С. және т.б.) орта мектептің 1-4 сыныптарына арналған “Ақпараттық мәдениет негiздерi” пәнiн оқытуды ұсынды.
Бұл пәннiң мазмұнын құрастыру бағытында оқушылардың ойлау қабiлетiнiң математикалық негiздерiн құрайтын ақпараттық мәдениет пәнiнiң iргелi ұғымдарын меңгерту басшылыққа алынған.
Психолог ғалымдардың тұжырымдамасы бойынша адамның жинақтаған бiлiмiнен гөрi, оның ойлау қабiлетiнiң дамуы, талдау жасай бiлу қабiлетi, алынған ақпараттарды жалпылау және шешiмдер қабылдай бiлу сияқты қасиеттермен қарулануы қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   79   80   81   82   83   84   85   86   87




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет