Бижанова Айгүл Рабханқызы Қазақстан республикасы заңындағы бағалы қАҒаздарға жанама байланысты қылмыстар алматы, 2012



жүктеу 1.29 Mb.
бет5/7
Дата17.06.2016
өлшемі1.29 Mb.
1   2   3   4   5   6   7

2.2.2 ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРМЕН ЖАНАМА БАЙЛАНЫСТЫ ҚЫЛМЫСТАР
Заңсыз кәсіпкерлік (190-бап). Қазақстанның нарықтық кезеңге аяқ басуы елде халыққа қызмет етудің бірнеше түрлерімен байланысты кәсіпкерліктің кең етек алуына мүмкіндіктер туғызды. Кәсіпкерлікті дамытумен байланысты мемлекеттік бағдарлама құрастырылып, қолданысқа енді, заңнамалар да өзгерістерге ұшырады. Көлденең өзгермелі құбылыстарды заңбұзушылықтан арашалап қалу да қиын шаруа. Сондықтан да кәсіпкерлік саласындағы заңсыздықтар де есепсіз көбеюде.

Заңсыз кәсіпкерлік – заң тиым салған кәсіпкерлік әрекеттер. Заңнамада кәсіпкерлік қызметтер мемлекет тарапынан реттелу барысында арнайы рұқсат алуды, тіркеуді міндеттейді. «Лицензиялау туралы» Заңда лицензиялауды қажет ететін қызмет түрлері тізіліп берілген. Қылмыстық заңнамада көрсетілгендей, кәсіпкерлік қызметті тіркеуден өтпей, не рұқсат алу міндетті болған жағдайларда арнаулы рұқсатсыз немесе лицензиялау шарттарын бұзып жүзеге асыру сынды әрекеттер кәсіпкерліктің тыйым салынған түрлері болып табылады. Ал, қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-тармағында:

«Кәсiпкерлiк қызметтi тiркеуден өтпей не рұқсат (лицензия) алу мiндеттi болған жағдайларда арнаулы рұқсатсыз (лицензиясыз) немесе лицензиялау шарттарын бұзып жүзеге асыру, сол сияқты кәсiпкерлiктiң тыйым салынған түрлерiмен шұғылдану, егер осы әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi зиян келтiрсе, не iрi мөлшерде табыс табумен немесе iрi мөлшерде акцизделетiн тауарларды өндiрумен, сақтаумен, тасымалдаумен не өткiзумен байланысты болса» - деп, алдыңғы айтылған мағынаны береді. Сондықтан да норманың аталған тармағын «кәсіпкерлік қызметтің тиым салған түрлерімен айналысу азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе, не ірі мөлшерде акцизделетін тауарларды өндірумен, сақтаумен және өткізумен байланысты болса» деген орынды болады.

Бағалы қағаздар рыногында уәкiлеттi органның лицензиялауына жататын брокерлiк, дилерлiк, бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiн жүргiзу, инвестициялық портфельдi басқару, зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару, кастодиандық, трансфер-агенттiк, бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауда ұйымдастыру түріндегі қызмет түрлерiн лицензиялау шартын бұза отырып қызметтерді жүзеге асыру кезінде заңсыз кәсіпкерліктің бағалы қағаздар нарығымен жанама байланысын байқаймыз.

Қылмыстық норманың 2-тармағында дәл осы әрекетті: 1) ұйымдасқан топ жасаса; 2) аса ірі мөлшердегі табыс табумен ұштастырып; 3) бірнеше мәрте жасаса;

Ескерту: 500 айлық есептік асатын ірі мөлшердегі табыс; 2000 айлық есептік асатын аса ірі мөлшердегі табыс; елеулі мөлшерде – 100 айлық есептік сомға зиян асатын ірі зиян – ірі мөлшердегі тауар. Бұл өлшемдер бір жағынан қаржы айналымындағы қаражат сомасының ауқымдануы, екінші жағынан елдегі инфляцияның әсерінен тым құнсыз. Сондықтан да олардың мөлшерін екі есеге үлкейту жөнінде ғылыми еңбектерде біршама ұсыныстар бар.

Бұл қылмыстың қоғамға қауіптілігі – мемлекеттік экономикаға зиян болады. Кәсіпкердің лицензия алуды қажет ететін қызметпен айналысу құқығы – сол лицензияны алған кезден бастап немесе онда көрсетілген мерзімде күшіне енеді, егер занда, өзге де құқыктық актілерде басқадай көрсетілмеген болса, мерзімі біткен соң лицензия күшін жояды. Мемлекеттік тіркеуден өтуге тиісті, сонан кейін ғана лицензия береді.

Қылмыс болу үшін заңсыз кәсіпкерлік азаматқа, ұйымға, мемлекеттке ірі зиян, ірі мөлшерде табыс табумен ұштасуға тиісті.



Жалған кәсіпкерлік (192-бап). Қылмыстық кодекстің ескі редакциясында «Жалған кәсіпкерлік, яғни кәсіпкерлік немесе банктік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз несие алу, салық төлеуден босатылу, өзге де мүліктік пайда алу немесе тыйым салынған қызметті жасыру мақсаты бар азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірген коммерциялық ұйым құру» деп белгіленген. Ал соңғы редакциясында былай көрсетілген: «Жалған кәсiпкерлiк, яғни кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру ниетiнсiз жеке кәсiпкерлiк субъектiсiн құру не басқа заңды тұлғалардың өз шешiмдерiн айқындау құқығын беретiн акцияларын (қатысу үлестерiн, пайларын) сатып алу, сол сияқты оларға басшылық ету, егер жасалған барлық мәмiлелер құқыққа қарсы мақсаттарды көздеген және азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi залал келтiру» делінген.

Қылмыстық жауаптылықтың басты шарты – азаматтың, ұйымның немесе мемлекеттің кұқықтары мен мүдделеріне зиян келтіру болып табылады. Объективтік жағынан осы бапта көрсетілген қылмыс кұрамы: кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз, несие алу, салық төлеуден босатылу, өзге де мүліктік пайда алу немесе тыйым салынған қызметті жасыру мақсатымен занда белгіленген зардапты келтіре отырып, коммерциялық ұйым құру әрекеті арқылы сипатталады. Мысалы, акционерлік қоғам түрінде заңды тұлға құрған жағдайда бағалы қағаздар нарығымен жалған кәсіпкерліктің жанама байланысының болғандығын байқаймыз.

Қылмыс тек әрекет арқылы жүзеге асырылады. Жалған кәсіпкер коммерциялық ұйым құру үшін оны тіркету және оған лицензия алу үшін заңда көрсетілген барлық құжаттарды дайындайды. Құрылтайшылар жиналысын өткізеді, жарғы қабылдап, қажет болған ретте құрылтайшы шартын бекітеді. Осыдан кейін кәсіпкерлік немесе банктік қызмет заңды тіркеуден өткізіледі, оған лицензия беріліп, банк операцияларын жүзеге асыру үшін алымдағы және есептесу шоты белгіленгеннен кейін кәсіпкерлік ұйымның барлық заңды қызметі доғарылады да, жалған кәсіпкер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке зиян келтіруге бағытталған басқа әрекеттермен шұғылданады: несие алады, азаматтардан немесе ұйымдардан ақша қаражаттарын жинайды, сөйтіп тыйым салынған қызметпен айналыса бастайды. Осындай әрекеттердің нәтижесінде қоғамға қауіпті зардап азаматқа, ұйымға қауіпті зардап немесе мемлекетке ірі зиян келтіріледі. Осы уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп танылады (ірі зиянның түсінігі Қылмыстық кодекстің 189-бабының ескертуінде берілген). Қылмыс құрамы заңдылық мәні жағынан материалдық құрамға жатады.

Норманың ескертпесінде, заңға қайшы мақсатты көздеген мәмілелерге несие алуға, салықтан жалтаруға, тиым салынған қызметті жасыру, заңсыз кіріс табу және (немесе) басқа да мүліктік пайда табу, сондай-ақ аталған іс-әрекеттерді бірлесіп жасау жатады, делінген.

Соңғы кезде жалған кәсіпкерлік үшін қылмыстылық жауаптылық қарастырылған норманы Қылмыстық кодекстен алып тастап, санкциясын күшейте отырып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 154-бабының «Жалған кәсіпкерлік» 1-тармағында қарастыру және сол норманың 2-тармағында аталған әрекеттердің ірі зардаптар алып келуін (заңға қайшы мақсатты көздеген мәмілелер ұғымын нақтылайтын ескертпемен) енгізу жөніндегі ұсыныстар жиі айтылуда.

Субъекті кәсіпкерлік қызметпен айналысу ниетінсіз жеке кәсіпкерлікті құруы немесе шешімдерін анықтайтын, сондай-ақ оларды басқаруға құқық беретін өзге тұлғалардың акцияларын (қатысу үлесін, пайды) иемденіп, нәтижесінде оның заңға қайшы мақсатта жасаған барлық мәмілелері азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зардаптар алып келсе, ол құқықтық мәні жағынан қылмыстық құқықтық тиым салуға негіз болмайды, дей келе оны төмендегі себептермен түсіндіреді.

Біріншіден, субъектінің кәсіпкерлік қызметпен айналысу ниетінсіз жеке кәсіпкерлікті құруы немесе шешімдерін анықтайтын, сондай-ақ оларды басқаруға құқық беретін өзге тұлғалардың акцияларын (қатысу үлесін, пайды) иемденуінің өзі заңға қайшы емес.

Екіншіден, аталған заңға қайшы мақсаттың болғандығын іс жүзінде дәлелдеу өте қиын.

Үшіншіден, құқыққа қайшы мәмілелердің нәтижесінде азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зардаптар алып келгені үшін қылмыстық құқықтық тәртіппен қудалануға жатпайды.

Біз өзіміздің тарапымыздан осы айтылған негіздердің төртіншісі ретінде мынаны қосар едік. Қылмыстық кодекстің 192-1-бабында жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң iс жүзiнде жұмыстарды орындамай, қызметтердi көрсетпей, тауарларды тиеп жiбермей, құқыққа қарсы мақсаттарды көздеген және азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi залал келтiрген мәмiле (мәмiлелер) жасасуы (оның iшiнде шот-фактураны пайдалану арқылы жасасуы) қарастырылған. Бұл 192 және 192-1 баптардағы екі норма іштей өзара байланысты. Себебі алғашқы нормада субъект кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз несие алу, салық төлеуден босатылу, өзге де мүліктік пайда алу немесе тыйым салынған қызметті жасыру мақсаты бар азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірген коммерциялық ұйым құрады. Негізгі қылмыстық әрекет коммерциялық ұйым құру болып табылады, ал қылмыстың аяқталуы үшін жоғарыда айтылғандай, заңға қайшы мақсатты көздеген мәмілелерден ірі зардаптар келуі тиіс. Демек, субъектінің коммерциялық ұйым құру әрекеті дербес алғанда қоғамға қауіпті емес.



Заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру (193-бап). Қылмыстық кодекстің 193-бабында «Көпе-көрінеу заңсыз жолмен алынған ақша қаражатымен немесе өзге де мүлікпен қаржылық операциялар немесе басқа да мәмілелер жасау, сондай-ақ аталған қаражатты немесе өзге де мүлікті кәсіпкерлік немесе өзге де экономикалық қызметті жүзеге асыру үшін пайдалану» қылмысының анықтамасы көрсетілген. Заңда мұндай әрекеттер заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру деп аталады.

Қылмыстың затына ақша қаражаты немесе заңсыз жолмен алынған өзге мүліктер жатады. Ақша қаражаты теңгелік немесе валюталық керіністе болады. Мүлік қозғалатын немесе қозғалмайтын (ғимараттар, кұрылыстар, кешендер), сондай-ақ меншікке немесе жалға алынған жер учаскелері болуы мүмкін. Қылмыстық кодекстің 193-бабындағы көрсетілген әрекеттер нысаны бойынша заңды мәнге ие болған сияқты бо­лып көрінеді, бірақта мазмұны жөнінен алып қарағанда бұл әрекеттердің бәрі қылмысты әрекетке жатады, өйткені қылмыстың заты – ақша және мүлік заңсыз жолмен талан-тараж, қызмет бабында пайдакүнемдікпен қиянат жасау, наркотикалық нәрселерді немесе қаружарақты заңсыз сату, заңсыз кәсіпкерлік немесе банктік қызмет, жалған кәсіпкерлік, салықты төлеуден жалтару арқылы алынған.

Қылмыс заңда белгіленген мынадай нысандар арқылы: 1) ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен қаржылық операциялар жасау; 2) басқа да мәмілелер жасау; 3) қаражатты немесе өзге де мүлікті кәсіпкерлік немесе өзге де экономикалық қызметті жүзеге асыру үшін пайдалану. Ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен қаржылық операциялар жасау деп заңсыз жолмен алынған ақша қаражаттарын пайдаланып банктік есеп ашу немесе жүргізуді, оны төлем қаражаты ретінде пайдалануды, осы қаражатқа акция, вексель, об­лигация, басқадай бағалы қағаздарды алуды немесе оларды басқадай айырбас құралы ретінде пайдалануды айтамыз.

Заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге де мүліктерді пайдалану арқылы азаматтық құқық және міндеттерді белгілейтін, өзгертетін немесе жоятын әрекеттерді (сатып алу, сату, айырбастау, сыйға беру, т.б.) істеуді басқа да мәмілелер жасау деп айтамыз.

Заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе мүлікті кәсіпкерлік немесе өзге де экономикалық қызметті одан әрі дамытуға жұмылдыру, жарғылық қорға айналдыру кәсіпкерлік немесе өзге де экономикалық қызметті заңсыз жүзеге асыру үшін пайдалану деп танылады.

Егер заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге де мүлікті заңдастыруды бірлесіп жасау туралы күні бұрын қылмыс істелгенге дейін уағдаласқан адамдар қатысса, ол адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаған қылмыс деп танылады. Талданып отырған қылмыстың объективтік жағынан белгілерін екі немесе одан да көп жасау, егер адам бұрын жасалған қылмысы үшін заңмен белгіленген тәртіппен қылмыстық жауаптылықтан босатылмаса, не соттылығы жойылмаса немесе қылмыстық жауапқа тарту мерзімі өтпесе оқ қылмыс әлденеше рет істелген деп танылады. Осы бап бойынша қызмет бабын пайдаланып жасаған әрекетке мемлекеттік органның, коммерциялык немесе өзге ұйымның заң бойынша лауазымды адамы деп танылғандардың қылмыстары жатады. Қылмыстық кодекстің 193-бабының 3-тармағында осы кылмыстың өте ауырлататын белгілері көрсетілген. Олар ұйымдасқан топ, қылмыстық қоғамдастық (қылмысты ұйым) жасаған не­месе ірі мөлшерде жасалған әрекеттер. Ұйымдасқан топ пен қылмыстық қоғамдастықтың түсінігі ҚК-тің 31-бабының тиісінше 3,4-баптарында берілген. Осы бап бойынша он мың айлық есептік көрсеткіштен асатын сомаға жасалған мәмілелер немесе ақша қаражатын немесе басқа мүлікті пайдалану ірі мөлшер деп танылады (ҚК-тің 193-бабының 1-ескертуі). Осы 193-баптың 2-тармағында көрсетілген ескертуге сәйкес заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе мүлікті заңдастыру дайындалып жатқаны не жасалғаны туралы өз еркімен мәлімдеген адам, егер оның іс-әрекетіне осы баптың екінші және үшінші тармағында көзделген қылмыстар немесе өзге де қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.



Несиені заңсыз алу және мақсатсыз пайдалану (194-бап). Қылмыстық кодекстің 194-бабында «Жеке кәсiпкердiң немесе ұйымның шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйi немесе кепiлдiк мүлкi туралы, немесе несиенiң, демеу қаржының несиелеудiң жеңiлдiктi шарттарын алуға арналған елеулi мәнi бар өзге де мән-жайлар туралы көпе-көрiнеу жалған мәлiметтердi банкке немесе өзге де несие берушiге беру арқылы жеке кәсiпкердiң немесе ұйым жетекшiсiнiң несие, демеуқаржы не несиелеудiң жеңiлдiктi шарттарын алуы, сол сияқты несиелеудi, демеуқаржы берудi тоқтатуға, жеңiлдiктердi жоюға не бөлiнген несие мен демеу қаржы мөлшерлерiн шектеуге әкеп соғатын мән-жайлардың пайда болуы туралы ақпаратты банкке немесе өзге несие берушiге хабарламау, егер осы әрекеттер ірі зиян келтірсе – несиені заңсыз алу» деп табылады делінген.

Заң іс-әрекеттің мынадай нысандарын белгілеген: 1) несие алу, 2) несиені жеңілдік шарттармен алу. Бұл ретте жеке кәсіпкер немесе ұйым жетекшісі несие алуды немесе несиені жеңілдікпен алуды осы қылмыс құрамында көрсетілген тәсілдерді – жеке кәсіпкердің немесе ұйымның шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйі немесе кепілдік мүлкі туралы немесе несиенің, демеу-қаржының, несиелеудің жеңілдікті шарттарына арналған елеулі мәні бар өзге де мән-жайлар тура­лы көпе-көрінеу жалған мәліметтерді банкке немесе өзге де несие берушіге беру туралы, сол сияқты несиелеуді, демеу-қаржы беруді тоқтатуға, жеңілдіктерді жоюға, не бөлінген несие мен демеу-қаржы мөлшерін шектеуге әкеп соғатын мән-жайлардың пайда болуы туралы ақпаратты банкке, өзге несие берушіге хабарламау арқылы заңсыз түрде жүзеге асырылады. Яғни бұл қылмыстың істелу тәсілі көрінеу жалған мәліметтер енгізілген ресми құжаттарды пайдалану болып табылады. Мұндай құжаттарда жеке кәсіпкердің немесе ұйым жетекшісінің қолы қойылып, белгіленген тәртіппен расталуы қажет.

Қылмыс заңда көрсетілген зардап – ірі зиян келтірілсе аяқталған деп табылады. Зиян несие берушіге (банкке немесе өзге де несие берушіге) келтіріледі. Ірі зиянның түсінігі Қылмыстық кодекстің 189-бабының ескертуінде берілген.

Мемлекеттік мақсатты несиені, не мемлекет кепілдігімен берілген несиені тікелей мақсатқа пайдаланбау, егер осы іс-әрекет азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе, ол қылмыс құрамының ауырлататын белгісі болып табылады (194-баптың 2-тармағы). Мемлекеттік мақсатты несие деп Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі арқылы белгілі бір мақсатқа пайдалануға (тұрғын үй құрылысы, фермерлік шаруашылықты дамыту, өнеркәсіп объектілерін салу) берілетін ақша қаражаттары болып табылады. Мемлекет кепілдігімен берілген несиеге ешбір пайызсыз несие алушыға банк жүйелері арқылы белгілі бір мақсатқа пайдалану үшін ақша қаражатын белгілі бір мерзімге беру жатады. Осы несиелерді тікелей мақсатқа пайдаланбау деп мақ­сатты несиені не мемлекет кепілдігімен берілген несиені мүлдем міндеттемеде көрсетілмеген басқа мақсатқа пайдалануды айтамыз. Мысалы, акционерлік қоғам басшылары бағалы қағаздар шығару үшін мемлекеттен мақсатты несие ала отырып, бұл қаржыны басқа коммерциялық мақсатқа құрылыс материалдарымен сауда-сатық жасауға жұмсайды. Несиені тікелей мақсатқа пайдаланбаудың салдарынан азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе – осы қылмыс құрамының ауырлататын түріне жатады. Ірі зиянның түсінігі Қылмыстық кодекстің 189-бабында берілген.



Монополистік қызмет (196-бап). Қылмыстық кодекстің 196-бабында «Нарық субъектiлерiнiң монополиялық жоғары (төмен) немесе келiсiлген бағаларды белгiлеуi және (немесе) ұстап тұруы, үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiсiнен сатып алынған тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) қайта сатуға аумақтық белгiсi, сатып алушылар тобы, сатып алу шарттары, саны не бағасы бойынша шектеулер белгiлеуi, тауар нарықтарын аумақтық белгiсi, тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) ассортиментi, олардың өткiзiлу немесе сатып алыну көлемi, сатушылар немесе сатып алушылар тобы бойынша бөлуi, сондай-ақ бәсекелестiктi шектеуге бағытталған өзге де әрекеттер, егер олар азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке iрi залал келтiрсе не нарық субъектiсiнiң iрi мөлшерде табыс табуымен ұштасқаны үшін» қылмыстық жауаптылық белгілеген.

Нарықтық экономиканың басты белгілерінің бірі нарықтық заңдардың өзін-өзі, яғни сұраныстың ұсынысты ретке келтіруі болып табылады. Осы жағдайға байланысты нарықтың бірқалыпты қызмет етуінің және дамуының басты шарттарының бірі болып бәсекеге негізделген заңдардың жүзеге асырылуы болып табылады. Бірақта нарықтың өзін-өзі ретке келтіру процесінде сан қилы бәсекені әдейі шектейтін нысандарды туындатады. Мұндай ретте мемлекет құқық нормаларын ретке келтіру және қорғау мақсатымен экономикалық қызмет субъектілерінің қызметіне араласуға міндетті. Экономика саласында шаруашылық жүргізуші субъектілердің нарықтағы заңсыз үстемдікке жол бермеу, әр түрлі қиянаттарын тойтару мақсатымен мемлекет антимонополиялык реттеу арқылы экономикаға мемлекеттік ықпал етеді. Осы тұрғыдағы қоғамға қауіпті іс-әрекет қылмыс ретінде қарастырылып, оның жауаптылығы ҚК-тің 195-бабында көрсетілген.

Қылмыс мынадай әрекеттерді істеу арқылы көрініс табады:

1) монополиялық жоғары немесе төмен бағаны белгілеу мен ұстап тұру;

2) бәсекені шектеу монополиялық іс-әрекеттер және бәсекені анықтау заңдарына сәйкес монополистік іс-әрекеттер бәсекені шектеуге, тежеуге немесе жоюға жол бермеуі қажет. Осыған байланысты монополиялық жоғары немесе төмен бағаны белгілеу мен ұстап тұру заңға қайшы әрекет болып табылады. Монополиялық жоғары баға белгілеу деп тауар нарығында үстемдік жағдайға ие болған шаруашылық субъектісінің, сапасы төмен тауарына кетеріңкі, жоғары баға қойып оған жұмсалған шығынын өндіріп алумен бірге одан пайда табуын айтамыз.

Монополиялық төмен бағаны белгілеуге нарықта үстемдік жағдайға ие болған шаруашылық субъектілерінің өзара келісіп бәсекені шектеу мақсатымен, бәсекелесін нарықтан ығыстыру үшін сатылатын тауарға керінеу төмен баға белгілеп сатып алу, сөйтіп тауар өндірушіге зиян келтіру, тауар сатушылардың есебінен қосымша пайда табу сияқты әрекеттер жатады.

Бәсекені шектеу – нарықты бөліп алу, нарыққа кіруді шек­теу, одан экономикалық қызметтің басқа субъектілерін ығыстыру, бірыңғай баға белгілеу немесе ұстап тұру әрекеттері ар­қылы көрініс табады.

Рынокты бөліп алу дегеніміз тауар өндірушілердің өзара келісіп сауда алаңын өзара бөліске салып, басқа тауар өндірушілерді сол жерге кіргізбеу амалын жасауы болып табылады. Немесе қаржысы көп кәсіпкер сауда орнындағы барлық қоймаларды, тауар сататын, сақтайтын орындарды жалға алып, оны мақсатты пайдаланбай, басқа субъектілердің нарық­қа кіруіне қолдан шектеу жасайды. Кәсіпкерлер өзара келісіп, басқа субъектілерді ығыстыру мақсатымен тауарларға бірыңғай жоғары немесе төмен баға белгілеп белгілі бір уақытқа ұстап тұруы мүмкін, сөйтіп олар нарықта өздерінің үстемдігін орнату арқылы басқа кәсіпкерлерді сол орыннан ығыстырып шығарады.

Бағалы қағаздарды эмиссиялау іс-тәжірбиесінде эмитенттер ұйымындағы бақылауды өз қолынан шығарып алмау үшін сырттан инвесторлар тартпауға тырысып, сол мақсатта эмиссиялау туралы мәліметтерге сыртқы инвесторлардың қол жеткізуін шектейтін, инвесторлардың жекеленген категорияларына артықшылықтар жасайтын жағдайлар мынадай шаралар арқылы қамтамасыз етіледі:

- шеттегі инвесторлардың эмиссия жайлы мәліметтерге қол жеткізуіне шек қою;

- жекеленген категориядағы инвесторларға бағалы қағаздарға ие болу талаптарында жеңілдіктер жасау.

Бұл терісқылықтар потенциалды инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін және бәсекені шектейді. Эмитеттердің басқа инвесторларды бағалы қағаздарға жақындатпаудағы мақсаты әртүрлі болуы да мүмкін: сырттан инвесторлар тартпай өз қалаулыларымен байланысты сақтау немесе ірі магнаттардың ұсақ кәсіпкерлерді-бәсекелесін нарықтан ығыстыру, кейде тіптен өз қолына бақылау пакетін алуларына мүмкіндік беруі.



Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 205-бабымен қарастырылған «бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзу» ұғымы тым кең мағына береді, ол «монополистік қызмет» ұғымын да қамтып өтеді. Екі қылмыс бір-бірінен зардап келген тұлғаларыменен ажыратылады. Бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзудың нәтижесінде ірі зардап негізінен инвестор-бағалы қағаздың иесіне, мемлекетке келсе, ал монополистік қызметтен бағалы қағаздарды иеленбек болған басқа тұлғалар, мемлекет ірі мөлшерде зардап шегеді.

Бәсекені шектеу, монополиялық қызмет түріндегі әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе қылмыс құрамы аяқталған деп танылады. Аталған қылмыс құрамы материалдық құрамға жататындықтан қоғамға қауіпті іс-әрекет пен оның зардабының арасындағы себепті байланысты анықтау қажет. Ірі зиянның түсінігі Қылмыстық кодекстің 189-бабында берілген.



Көрінеу жалған жарнама беру (198-бап). Жарнама берушiнiң жарнамада тауарларға, жұмыстарға немесе қызмет көрсетуге, сондай-ақ оларды өндiрушiлерге, орындаушыларға немесе сатушыларға қатысты көрiнеу жалған ақпаратты пайдалануы пайдакүнемдiк ниетпен жасалса және iрi зиян келтiрсе, мұны бiр жыл iшiнде дәл осындай әрекет жасағаны үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған адам жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 198-бабында жауаптылық белгіленген.

Қылмыс құрамы іс-әрекет пен заңда көрсетілген зардаптың болуымен және іс-әрекет пен зардап арасындағы себепті байланыстың болуы арқылы сипатталады.

Жарнама дегеніміз тауардың құны немесе басқа да қызмет көрсетудің, оларға деген сұранысты туғызудың шарттары туралы ақпарат болып табылады. Бұл қылмыстың объективтік жағы – жарнамада жарнама берушінің пайдакүнемдік ниет­пен тауарлар, жұмыстар немесе қызмет көрсетулерге, сондай-ақ оларды өндірушілерге, орындаушыларға немесе сатушыларға қатысты жалған ақпаратты пайдалануы арқылы жасалады. Мысалы, акционерлік қоғамның қызметі, оның акциясының дивидентінің кіріс пайызы, қаржылық қоры туралы жалған мәліметтерді жарнама ету түріндегі әрекетінде көрінеу жалған жарнама берудің бағалы қағаздармен жанама байланыстың бар екендігін байқаймыз. Алайда, жалған ақпараттардың берілу жағдайы бағалы қағаздармен тікелей байланысты қылмыстармен, атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202, 202-1, 203, 204-баптарына ұқсас, ол әрекеттер қылмыс субъектілерімен, объектісімен, жалған мәліметтер беретін тұлғалармен және берілу жағдайыменен ерекшеленеді.

Жоғарыда айтылған ақпараттарда көрінеу жалған мәліметтердің беріліп, оның таратылуы осы қылмыстың объективтік жағының белгісін құрайды.

Мұндай іс-әрекеттермен күрес жүргізу тұтынушылар құқығын қорғау ассоциациясы арқылы жүзеге асырылады. Көрінеу жалған жарнама беру үшін қылмыстық жауапты­лық тек қана ірі зиян келтірілген жағдайда орын алады.

Көрінеу жалған жарнама беретін кінәлі адам өзінің жарнамада тауарларға, жұмыстарға немесе қызмет көрсетуге байланысты, сондай-ақ оларды өндірушілерге, орындаушыларға немесе сатушыларға қатысты көрінеу жалған ақпарат пайдаланғанын сезеді және тұтынушыларға және басқаларға ірі зиян келуі мүмкін екенін немесе мұндай зиян сөзсіз болатынын алдын ала болжайды, бірақ пайдакүнемдік мақсатпен соның болуын тілейді. Мұндай жарнама беру арқылы кәсіпкер өз тауарын, жұмыс немесе қызмет көрсету артықшылығын дәріптеп бәсекелесін рыноктан ығыстыруды ниеттейді. Осыған орай жарнама бергенде көрінеу жалған мәлімет беруді анықтау қажет. Егер мұндай жарнама абайсыздықпен таратылса, онда іс-әрекет қылмыс емес болып табылып, жауаптылық азаматтық құқық нормасы арқылы реттеледі.

Алайда, тұлғаларға ақпарат құралдарын пайдаланып жарнамада пайдакүнемдік ниетпен және тауарларға, жұмыстарға немесе қызмет көрсетуге, сондай-ақ оларды өндірушілерге, орындаушыларға немесе сатушыларға қатысты жалған мәліметтерді таратудың экономикалық бағыттағы келтірген ірі зияннын ескере отырып, қылмыстық құқықтық тиым салудың қажеттігі жоқ деп есептейміз. Бұл әрекет үшін әкімшілік заңнаманың 192-бабында «Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң жосықсыз жарнамасы» жауаптылық көзделген, тек аталған норманың екінші тармағына «сол әрекеттер ірі залал алып келсе» дегенді қосып, әкімшілік жазаны күшейткен дұрыс болар еді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 192-бабын «Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң жосықсыз жарнамасы» төмендегідей редакцияда ұсынамыз:


1   2   3   4   5   6   7


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет