1. Бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiне жарнаманы жариялау кезiнде дұрыс емес мәлiметтер табыс ету және тарату жолымен жасалған бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң жосықсыз жарнамасы,-
жарнама берушi-азаматқа айлық есептiк көрсеткiштiң қырықтан жүзге дейiнгi, ал жарнама берушi-заңды тұлға үшін бес жүзден бір мыңға дейінгі мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Дәл осы әрекеттер ірі зиян келтірсе, -
жарнама берушi-азаматқа айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзден бес жүзге дейiнгi, ал жарнама берушi-заңды тұлға үшін бір мыңнан екі мыңға дейінгі мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
Банкроттық жағдайдағы заңсыз іс-әрекеттер (215-бап)
Кәсіпкерлік немесе басқа да экономикалық қызмет кәсіпкердің өзіне немесе несие берушілерге залал келтіру тәуекелімен тікелей байланысты өзі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты несие берушілердің талаптарын қанағаттандыра алмайтын жеке кәсіпкер сот шешімі бойынша банкрот деп танылуы мүмкін (ҚР АК-нің 27-бабы). Заңды ұйымдарда осындай негіздермен банкрот деп танылады (ҚР АК-нің 52-57-баптары).
Жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғалардың соттың банкрот деп тануының негізі және тәртібі немесе олардың өзін ерікті түрде банкрот деп жария етуі, сондай-ақ банкрот болған заңды тұлғалардың қызметін тоқтату мәселелері Қазақстан Республикасының «Банкроттық туралы» арнаулы Заңы арқылы реттеледі.
Жеке кәсіпкерді немесе заңды ұйымды сот шешімімен банкрот деп жариялау және оларды жабу, тарату процесінде кейбір адамдар әр түрлі қиянаттар мен заңсыз іс-әрекеттер жасап, азаматқа, ұйымға, мемлекетке ірі зиян келтіруі мүмкін. Мұндай ретте олардың іс-әрекеті кылмыс деп танылуы мүмкін. Осыған орай Қылмыстық кодекстің 215-бабында «Мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік, оның мөлшері, тұрған жері туралы мәліметтерді не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру, мүлікті өзгенің иелігіне беру, мүлікті иеліктен шығару немесе жою, сондай-ақ экономикалық қызмет көрініс табатын бухгалтерлік және өзге де есеп құжаттарын жасау, жою, бұрмалау, егер бұл әрекетті банкроттық жағдайында немесе банкроттықты күн ілгері біле отырып, борышкер ұйымның басшысы немесе меншік иесі, не жеке кәсіпкер жасап ірі зиян келтірсе» банкроттық жағдайындағы заңсыз іс-әрекеттер деп танылады деп белгіленген.
Қылмыс мынадай іс-әрекеттер нысанын істеу арқылы жүзеге асырылады; 1) мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік, оның мөлшері, тұрған жері туралы мәліметтерді, не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру; 2) мүлікті өзгенің иелігіне беру; 3) мүлікті иеліктен шығару; 4) мүлікті жою; 5) экономикалық қызмет көрініс табатын бухгалтерлік және өзге де есеп құжаттарын жасыру, жою, бұрмалау.
Осы қылмыс құрамының объективтік жағының міндетті белгісі – қылмыстың істелу жағдайы болып табылады. Бұл несие берушілердің талабын қанағаттандыра алмайтын банкроттық немесе банкроттықты күн ілгері білу жағдайында істелген әрекет. Қылмыс ірі зиян келтірілген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Бұл зиян азаматтарға, ұйымдарға, мемлекетке келтірілуі мүмкін. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 21 және 51-баптарында несие берушілердің талаптарын қанағаттандыру тәртібі белгіленген, оларға: 1) кәсіпкер немесе заңды ұйымның азаматтардын өміріне және денсаулығына келтірілген зиян үшін, сондай-ақ алимент өндіріп алу жөніндегі талаптарын қанағаттандыру жөніндегі жауапкершілігі, 2) еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдардың еңбегіне ақы төлеу және авторлық шарттар бойынша сыйақы төлеу, 3) бюджетке немесе бюджеттен тыс қорларға міндетті төлемдер жөніндегі мемлекетке берешек, 4) несие берушілер жатады.
Зиян осы жоғарыда көрсетілген кез келген адамға, сондай-ақ міндетті төлемдерді алмаған жағдайда немесе несие беруші болып табылған ретте мемлекетке де келтірілуі мүмкін.
Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықтың екі түрімен (тікелей немесе жанама) жүзеге асырылады. Кінәлі адам мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік, оның мөлшері, тұрған жері туралы мәліметтерді не мүлік туралы өзге де акпаратты жасырғанын, мүлікті өзгенің иелігіне беретінін, оны иеліктен шығаратынын немесе жоятыны, сондай-ақ экономикалық қызмет көрініс табатын бухгалтерлік және өзге де есеп құжаттарын жасырғанын, жойғанын, бұрмалағанын сезеді, одан ірі зиян келетінін күні бұрын біледі және оның болуын тілейді (тікелей қасақаналық) немесе оған саналы түрде жол береді не оған немқұрайды қарайды (жанама қасақаналық).
Әдейі банкроттық (216-бап). Қылмыстық кодекстің 216-бабында: «Әдейі банкроттық, яғни коммерциялық ұйым басшысының немесе меншік иесінің, сондай-ақ жеке кәсіпкердің жеке мүддесі немесе өзге адамдардың мүддесі үшін төлем қабілетсіздігін қасақана жасауы немесе ұлғайтуы ірі зиянға немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғуы»- деп түсінік берілген.
Қылмыс құрамы. 1) қылмысты әрекет күйінде; 2) ірі зиян немесе өзге де ауыр зардаптар келтіру арқылы және 3) іс-әрекет пен зардаптың арасындағы себепті байланыс арқылы сипатталады. Қылмысты әрекет әдейі банкроттық жағдайында жасалады. Әдейі банкроттық дегеніміз қасақана төлем қабілетсіздігін жасау немесе ұлғайту(зиянды мәмілелер жасау, бухгалтерлік есепті шатыстыру, ақша қаражатың ұйым мүддесінен тысқары жағдайларға жұмсау) болып табылады.
Әдейі банкроттықтан келген ірі зиянға – несие берушілердін, акциз иелерінің, басқа да контрагенттің экономикалық, қаржы жағдайын елеулі түрде күйзелту әрекеттері, ал өзге де ауыр зардаптарға әдейі банкроттықтың, әсерінен көптеген қызметкерлердің жұмыссыз қалуы, маңызды мемлекеттік немесе қоғамдық шаралардың іске аспай қалуы, несие берушінің ауыр күйзеліске, ауруға шалдығуы т.б. жатады.
Кінәлі адам әдейі төлем қабілетсіздігін жасағаның немесе ұлғайтқаның біледі және одан ірі зиян немесе өзге де ауыр зардаптар болатының біледі және соның болуын тілейді (тікелей қасақаналық) немесе соған саналы түрде жол береді не бұған немқұрайды қарайды (жанама қасақаналық).
Осы құрамның диспозициясында әдейі банкроттық-коммерциялық ұйым басшысының, меншік иесінің, жеке кәсіпкердің жеке мүддесі немесе өзге адамдардың мүдцесі үшін жүзеге асырылатындығы көрсетілген. Мұндай мүдделілік – мүліктік немесе мүліктік емес болуы мүмкін. Кінәлі адам жеке баю, басқадан кек алу немесе қоғамға жат мазмұндағы ниеттерді басшылыққа алуы ықтимал.
Жалған банкроттық (217-бап). Қылмыстық кодекстің 217-бабында жалған банкроттық үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Осы бапта коммерциялық ұйым басшысының немесе меншік иесінің, сондай-ақ жеке кәсіпкердің несие берушіге тиесілі төлемдерін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеу немесе борышын азайту, сол сияқты борышын төлемеу үшін несие берушілерді жаңылыстыру мақсатында өзінің дәрменсіздігі туралы көпе-көрінеу жалған хабарлауы, егер бұл әрекет ірі зиян келтірсе – жалған банкроттық болып табылады деп белгіленген.
Қылмыс мынадай үш түрлі белгілермен сипатталады: 1) қылмысты іс-әрекет нысанында істеу; 2) қылмыстық зардаптың орын алуы; 3) іс-әрекет пен зардаптың арасындағы себепті байланыс.
Бұл жерде әрекет – жалған банкрот деп жариялау, яғни өзінің дәрменсіздігі туралы көпе-көрінеу жалған хабарлау арқылы көрініс табады.
Кінәлі адам бұл әрекетті несие берушінің тиесілі төлемдерді төлеу жөніндегі талаптарды қойған уақытында немесе одан бұрын жүзеге асыруы мүмкін. Сырттай қарағанда жалған банкроттықты жариялау заңды сияқты болып көрінеді. Бірақ шын мазмұны жағынан мұндай хабарлау жалған болуы қажет. Шындығында коммерциялық ұйым басшысы, меншік иесі, жеке кәсіпкер экономикалық қызметтің толыққанды субъектісі бола отырып несие берушілердің алдында өз міндеттемелерін орындауға, төлемдерді қайтаруға толық мүмкіндігі болады. Бірақта өзін жалған банкротпын деп хабарлап осыны қуаттайтын өтірік ресми құжаттар жасау арқылы несие берушілердің алатын заңды төлемдерін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеу, сондай-ақ борышын азайту, төлемеу арқылы олардың мүддесіне қиянат жасап, ірі зиян келтіреді. Бұл ретте жалған ресми құжат жасау жалған банкроттық құрамын жүзеге асырудың тәсілі ретінде көрініс табатындықтан барлық іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 217-бабымен қамтылады.
Заңсыз сыйақы алу (224-бап). Мемлекеттiк органның немесе мемлекеттiк ұйымның мемлекеттiк қызметтердi атқаруға уәкiлеттi адамы болып табылмайтын қызметкерiнiң немесе оған теңестiрiлген адамының, сол сияқты мемлекеттiк емес ұйымның басқару қызметтерiн атқармайтын қызметкерiнiң өз мiндеттерi шеңберiндегi жұмысты орындағаны немесе қызмет көрсеткенi үшiн материалдық сыйақыны, жеңiлдiктердi немесе мүлiктiк сипаттағы қызмет көрсетулердi заңсыз алуы, егер бұл әрекеттер қорқытып алумен байланысты болмаса, заңсыз сыйақы деп танылып, кінәлі адам Қылмыстық кодекстің 224-бабымен жауапқа тартылады.
Қылмыс әрекет арқылы – меншік нысанына қарамастан лауазым адамы болып табылмайтын қызметкердің өз міндеттері шеңберіндегі жұмысты орындағаны немесе қызмет көрсеткені үшін материалдық сыйақыны, жеңілдіктерді немесе мүліктік сипаттағы қызмет көрсетуді заңсыз алу арқылы жүзеге асырылады. Заңсыз алу дегеніміз жұмыс немесе қьізмет көрсетудің белгіленген бағасынан тыс ақы алуы немесе материалдық зат алуы я болмаса клиенттің есебінен басқа жеңілдіктерді көруі т.б. жатады. Мысалы, шаштараздың қызмет көрсету ақысын асыра алуы, тоңазытқыш жөндегіштің жөндеу ақысына қоса материалдық зат талап етуі, оқу орнында сырттай оқитын сағат жөндегіштің қызмет көрсеткені үшін ұстазынан жөндеу ақысын ала отырып, емтихан бағасын сұрамайақ қойдырып алуы т.б. әрекеттер.
Мәміле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүр ету (226-бап). Күш қолданамын деп, бөтеннiң мүлкiн жоямын немесе бүлдiремiн деп, сол сияқты жәбiрленушi мен оның жақындарының құқықтары мен заңды мүдделерiне едәуiр зиян тигiзуi мүмкiн мәлiметтердi таратамын деп қорқыту арқылы мәмiле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүрлеу, қорқытып алу белгiлерi болмаса, мәміле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүр ету деп танылып, кінәлі Қылмыстық кодекстің 226-бабы бойынша жауапқа тартылады.
Қылмыс мынадай әрекеттерді жасау арқылы жүзеге асырылады. 1) күш қолданамын деп, бөтеннің мүлкін жоямын немесе бүлдіремін деп; 2) жәбірленуші мен оның жақындарының құқықтары мен заңды мүдделеріне едәуір зиян тигізуі мүмкін мәліметтерді таратамын деп қорқыту арқылы мәміле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүрлеу. Күш қолданамын немесе жәбірленуші мен оның жақындарының құқықтары мен заңды мүдделеріне едәуір зиян тигізуі мүмкін мәліметтерді таратамын деп қорқытудың түсінігі Қылмыстық кодекстің 181-бабында көрсетілген осындай түсініктерге ұқсас бас тартудың заңды негіздері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 4-тарауында (147-162-баптары) арнайы көрсетілген. Азаматтық кодекстің осы нормаларын әдейі бұзып жасаған әрекеттер мәмілелердің жарамсыздығына әкеліп соғады.
Кінәлі адам жәбірленушінің мүдделеріне елеулі зиян тигізуі мүмкін жағдайда мәміле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүр еткен ретте ғана қылмыстық жауапқа тартылады. Елеулі зиян тигізу мүмкіндігі болмаса іс-әрекет қылмыс болып табылмайды.
Осы жоғарыда көрсетілген әрекеттерді жүзеге асыруда қорқытып алу белгілері (ҚК-тің 181-бабы) болмаса кінәлі адам Қылмыстық кодекстің 226-бабы бойынша жауапқа тартылады, ал Қылмыстық кодекстің 181-бабында көзделген қорқыту белгілері орын алса, онда оның іс-әрекеттері сол бап (181-бап) бойынша қамтылады, қосымша 226-бап бойынша саралауды қажет етпейді.
Тақырыпша бойынша сұрақтар:
-
Экономикалық қызмет саласындағы бағалы қағаздармен жанама байланысты қылмыстарға құқықтық сипаттама беріңіз.
-
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 205-бабымен қарастырылған «бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзу» ұғымына тоқталсаңыз.
-
«Бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзу» мен «монополистік қызмет» ұғымдарын салыстырыңыз.
-
Қылмыстық кодексте, «Көрiнеу жалған жарнама беру» деген нормаға қатысты да, бiр жыл iшiнде нормадағы әрекетті жасағаны үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған адам жасағандығы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселесіне қалай қарайсыз?
2.2.3 Бағалы қағаздар нарығындағы мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстар
Лауазымды адамның өкілеттігін иемдену (ҚР ҚК 309-бабы)
Лауазымды тұлғаның атағын өз бетінше иемденуге тырысатын өзге қызметкерлердің әрекеттері мемлекеттік апараттың қалыпты дұрыс жұмысын бұзады және сонымен азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің мүддесіне елеулі түрде зиян келтіреді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 309-бабы лауазымды тұлға болып табылмайтын мемлекеттік қызметшіге лауазымды тұлғаның өкілетін иемденгені үшін жауапкершілік белгілейді.
Аталған құрамның объективтік жағы лауазымды тұлға болып табылмайтын мемлекеттік қызметші өздігінен, алдау жолымен лауазымды тұлғаның өкілетін иемденеді және оны азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін елеулі түрде бұзатын қоғамға қауіпті әрекеттер жасау үшін пайдаланады.
Қылмыс белсенді әрекеттер жолымен жасалады. Қылмыс жасаушы кінәлі адам мемлекеттік қызметші - өзін белгілі бір лауазымды тұлға ретінде көрсетеді және іс жүзінде әлгі тұлғаның өкілетін заңсыз орындайды. Лауазымды тұлғаны иемдену нысандары заңда көрсетілмеген, бірақ олар барынша әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы: қатардағы қызметкер аудандық әкімнің референті келушілерді қабылдайды да солардың арыздары бойынша шешім қабылдайды; қандай да болмасын құжаттарға өз бастығының атынан қол қояды немесе қатардағы полиция өзін аудандық ішкі істер басқармасының жедел қызметінің кызметкері ретінде таныстырады және азаматтарды тұтқынға алу қаупін төндіріп, өзіне керекті заттарды алады және т.б.
Кінәлі адам лауазымды тұлғаның өкілетін заңсыз әрекеттер жасау мақсатымен иемденеді, соның нәтижесінде азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі түрде нұқсан келтіріледі, яғни осы қылмыс құрамының кінәлінің қоғамға қауіпті әрекеттерінен басқа объективті жағының міндетті белгілері - азаматтардың немесе ұйымдардың заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзу түріндегі қоғамға қауіпті зардаптарының орын алуы болып табылады.
Талданып отырған қылмыс құрамы материалдық құрамға жатқызылатындықтан, осы құрамның объективтік жағының тағы бір міндетті белгісі болып кінәлінің заңсыз әрекеттері мен орын алған зардаптар арасындағы себептік байланыстың болуы болып табылады. Азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделері елеулі түрде бұзылған сәттен бастап қылмыс аяқталған деп есептеледі.
Лауазымды тұлғаның өкілетін иемденудің субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады.
Қылмыс субъектісі лауазымды тұлға болып табылмайтын мемлекеттік қызметші болады. Егер осындай әрекеттерді мемлекеттік қызметші болып табылмайтын басқа жат тұлғалар жасаған болса, онда олар бұл бап бойынша жауапкершілік атқармайды, бірақ олардың әрекеті істің нақты жағдайына байланысты ҚК-тің басқа баптары бойынша саралануы мүмкін, мысалы: тұрғын-жайдың қол сұғылмаушылығын бұзу, денеге жарақат салу, пара беруге мәжбүр ету, қорқытып талап етушілік немесе алаяқтық және т.б.
Қылмыстық кодекстің 307-бабында көзделген қылмысты жасау кезінде кінәлы адам іс жүзіндегі заңды өкілетті қызмет мүддесіне нұқсан келтіре отырып, оны теріс пайдаланады. ҚК-тің 309-бабында айтылып отырған қылмыстың мәні кінәлінің өзінде жоқ бола тұра лауазымды адамның өкілетін иемденуінде болып отыр.
Қылмыстық кодектін, 307-бабындағы қылмыстың субъектісі тек қана лауазымды тұлға, ал иемдену субъектісі (ҚК-тің 309-бабы) - заңда белгіленген тәртіппен лауазымды тұлға болып табылмайтын мемлекеттік қызметші.
Аталған әрекетті жасағаны үшін ҚР ҚК сәйкес, тұлға елуден жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз жиырма сағаттан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге жазаланады.
Қызметтік жалғандық жасау (ҚР ҚК 314-бабы)
Қызметтiк жалғандық жасау, яғни мемлекеттiк қызметтер атқаруға уәкiлеттi адамның не оған теңестiрiлген адамның ресми құжаттарға көрiнеу жалған мәлiметтердi eнгiзуi, сол сияқты аталған құжаттарға олардың шын мазмұнын бұрмалайтын түзетулер енгiзуi, не көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған құжаттар беруi, егер бұл әрекеттер өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылық алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында жасау болып табылады.
Қылмыстық кодекс бойынша қылмыстың негізіне - ресми құжаттар жатады. Ресми құжаттар деп мемлекеттік өкімет органдары берген және белгілі бір құқықтар беретін немесе міндеттерден босататын, заңдық мәні бар белгілі бір фактілерді, оқиғаларды, өзге де жағдайларды куәландыратын жазбаша актілер түсініледі. Оларға мыналар жатқызылады: еңбек кітапшасы, оқу орнының дипломы, паспорт, әскери билет, зейнетақы, қызметтік куәлік, көліктің техникалық төл құжаты, орындау қағаздары, үкімнің көшірмесі, сақтандыру полисі, азаматтық хал актілерін тіркеу кітабы, сондай-ақ эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды және эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiн мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктер. «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында, мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу процесі табыс етiлген құжаттардың және олардың сараптамасының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестiгiн қарау және эмиссиялық бағалы қағаздарға ұлттық бiрдейлендiру нөмiрлерiн берудi және эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiне олар және эмитент туралы мәлiметтер енгiзу, эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды және эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiн (айналыс мерзiмi он екі айдан аспайтын мерзiмге облигациялар шығаруды қоспағанда) мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктер беруді қамтитындығы айтылған.
Мемлекеттік өкімет органдарынан шықпаған құжаттар аталған құрамға негіз болып табылмайды.
Бағалы қағаздар нарығына қатысты алсақ, қызметтiк жалғандық жасау мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу барысында да кездеседі. Куәлікке мемлекеттік қызметшінің материалдық не интеллектуалдық жалған деректерді енгізу әрекеті ҚР ҚК 314-бабына сәйкес қызметтік жалғандық жасау деп сараланады.
Бұл әрекетті Қылмыстық кодекстің 203-бабында бағалы қағазды ұстаушылар тізіліміне осы бағалы қағаздарға деген құқықтың басқа адамға ауысуына әкеп соғатын көрінеу жалған мәліметтер енгізуден ажырата алу қажет. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмі – бағалы қағаздарды ұстаушылардың ресми тiзiмі, ол белгілі бір күнге жасалынады және ол ұстаушыларды, сондай-ақ оларға тиесілі бағалы қағаздардың түрін, номиналды құнын және санын теңдестіруге мүмкіндік береді. Бұл қылмыстың субъектісі – тіркеуші. Мұндағы тіркеуші – бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдері жүйесін түзуді, сақтауды және жүргізуді жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы болып тұр. Ал ҚР ҚК 314-бабына сәйкес қызметтік жалғандық жасау мемлекеттік қызметшіге жүктелген.
«Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу» мен «бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiміне мәліметтер енгізу» ұғымдары бір емес. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу бағалы қағаздарды эмиссиялау процесінде, ал бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiміне мәліметтер енгізу бағалы қағаздардың екінші нарығында іске асады.
Қызметтік жалған құжат жасау - белсенді іс-әрекет жасау жолымен ғана істелуі мүмкін. Әрекет тәсілдеріне қарай жалған құжат жасау 2 түрге бөлінеді: материалдық және интеллектуалдық. Материалдық жалған құжат жасаудың мәні - ресми құжаттың шын қалпы құжаттың сол нысанына қол сұғушылық жолымен, бұзумен жасалады (қол қою, көшірмелеу, мер, штамп және т.б.) немесе оның мәтінін қайта жазу, бұлар қолдан жасаудың материалдық ізін құрайды. Түгелдей жалған құжат жасау кезінде де материалдық жалғандық орын алады, өйткені мұнда құжат мазмұны және нысаны бойынша жалған болып табылады.
Интеллектуалдық жалғандық кезінде құжаттың түпнұсқасы оның мазмұнына қол сұғушылық нәтижесінде бұзылады. Бұл жағдайда кінәлі адам ресми құжатқа формальдық тұрғыдан алғанда жалған екендігінің белгілері болмайтын (құжаттың нысаны емес, мазмұны ғана бұрмаланған) жалған мәліметтер енгізеді.
Материалдық түрге құжаттың ресми түпнұсқасын қолдан жасау немесе өшіріп жазу жолымен өзгеріске ұшыраған жағдайлар ғана жатады. Ресми құжаттарды қолдан жасау мыналардан тұрады: толықтай жалған құжат жасау (мысалы төлем чегін жасау) не құжаттың түпнұсқасына бұрмалау енгізу (мысалы, ресми құжаттың мазмұнына қосып жазу, сан және әріпті өзгерту, фотосурет, маркіні ауыстырып жапсыру жолымен, жаңа мәліметтер енгізумен өзгертіледі). Жалғандықтың бұл түрінің әдістерінің көптігі соншалық олардың толық тізбесін келтіру мүмкін емес. Барлық жағдайларда жалған құжат түпнұсқаны қолдан өзгерту немесе жалған ресми құжат дайындау немесе беру түрінде болады.
Қазақстан Республикасы жаңа Қылмыстық кодексі бойынша қызметтік жалған құжат жасау, егер оны өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып лауазымды адам немесе мемлекеттік қызметші жасаған жағдайда ғана болады. Егер ол қызметтік жағдайды пайдаланбай жасалса не жалған құжат жасау мемлекеттік өкімет органдарынан емес, өзге ұйымдардан, мекемелерден, жеке тұлғалардан (қолхат, шарттар, міндеттемелер және т.б.) шыққан болса, басқа қылмыстар құрамын құрайды.
Қызметтік жалғандық - формальдық құрамы бар қылмыс. Ол кандай да болмасын қоғамға қауіпті зардаптардың болуына байланыссыз, Қылмыстық Кодекстің осы бабында көрсетілген әрекеттердің біреуі жасалған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі. Лауазымды тұлғаның жалған құжатты пайдаланғандығы немесе пайдаланбағандығының мәні жоқ, бұл жағдайда жазалау шараларын айқындау кезінде сот ескереді.
Жалған құжат жасау субъективтік жағынан алғанда тікелей қасақаналықпен істеледі. Жалған мәліметтерді енгізуші субъектінің өзі өзінің заңсыз әрекет жасағандығын, жалғандық жасағысы келгендігін сезеді, біледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы жаңа Қылмыстық кодексі бойынша қызметтік жалғандық құрамы пайдакүнемдік мақсаттың немесе өзге де жеке мүдделіліктің болуын талап етеді. Пайдакүнемдік маөсат кінәлі адамның қызметтік жалған құжат жасау арқылы материалдық пайда табуға тырысатындығының алғышарты. Дегенмен, оны алу бөтен адамның мүлкін кінәлі адамның өз меншігіне айналдыруымен байланысты болмауы тиіс. Өзге бір жеке бас мүддесі деп кінәлі адамның қызмет жағдайын пайдалану жолымен мүліктік емес сипаттағы пайда табуға тырысуы түсініледі. Өзге жеке бас мүддесінің мазмұнын кек алу, жағымпаздық, мансапқорлы, ықпалды қамқорлық, отбасылық, қызмет көрсету, ықпалды адамның қолдауы, қызметіне сай еместітін бүркемелеу және т.б. сияқты ниеттер құрайды. Пайдакүнемдіктің немесе өзге жеке мүдделіліктің болмауы осы қылмыс құрамының жоқ екендігін білдіреді.
Аталған баптың 1-тармағында тұлғаға жетi жүзден екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның төрт айдан алты айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз сексен сағаттан екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза қолданылады.
Ал, 2-тармағында лауазымды адам жасаған нақ сол әрекетті жасағаны үшін екi мыңнан төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның алты айдан сегiз айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып, үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген.
Қылмыстық норманың алғашқы тармағында көзделген әрекеттердi жауапты мемлекеттiк лауазым атқаратын адам жасасайтын болса тұлға төрт мыңнан алты мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның сегiз айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не жетi жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып, алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Тақырыпша бойынша сұрақтар:
-
Бағалы қағаздар нарығындағы қызметтік жалғандық жасаудың, лауазымды адамның өкілеттігін иемдену жөніндегі қылмыстардың құрамдарына тоқталсаңыз.
-
Бағалы қағаздар нарығындағы «лауазымды адам» ұғымын ашыңыз.
3. Қызметтегі материалдық және интеллектуалдық жалған құжат жасау дегеніміз не?
4. «Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу» мен «бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiміне мәліметтер енгізу» ұғымдарын ажыратыңыз.
5. Қызметтік жалғандық жасауды (ҚР ҚК 314-бабы) бағалы қағазды ұстаушылар тізіліміне осы бағалы қағаздарға деген құқықтың басқа адамға ауысуына әкеп соғатын көрінеу жалған мәліметтер енгізуден (ҚР ҚК 203-бабы) ажыратыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |